Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы келісімінің жобасы мақұлдансын.
2. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы келісімге Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2023 жылғы 12 қазандағы
№ 374 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Келісімге қатысушы мемлекеттер Тараптардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың халықаралық сипаты мен қазіргі ауқымын ескере отырып,
ынтымақтастықты дамытуға маңызды мән беріп, өзара іс-қимылды үйлестіруге және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың анықталған тәуекелдерін барынша азайту жөнінде шаралар қолдануға ұмтыла отырып,
2012 жылғы 5 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қаржы барлау бөлімшелері басшыларының кеңесін құру туралы келісімді және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық шарттарын негізге ала отырып,
мұндай ынтымақтастықты дамыту олардың мүдделеріне сай келетінін ұғына отырып,
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мақсаттары мен міндеттеріне сүйене отырып,
Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (бұдан әрі - ФАТФ) халықаралық стандарттарын мойындай отырып, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын негізге ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап. Келісімнің нысанасы
Тиімді мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұлттықтан жоғары бағалау жүргізу мақсатында Тараптар Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын (бұдан әрі - ТБХО) құрады.
2-бап. Негізгі терминдер мен түсініктер
1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін мынадай негізгі терминдер пайдаланылады:
ТБХО ақпараттық жүйесі - ортақ ақпараттық ресурстарды құруға және Тараптардың тиімді мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұлттықтан жоғары бағалау жүргізуге арналған қорғалған ақпараттық жүйе;
қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін ұлттықтан жоғары бағалау - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қаржы барлау бөлімшелері басшыларының кеңесі (бұдан әрі - ҚБББК) үйлестіретін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) трансшекаралық көріністеріне байланысты, Тараптардың аумақтарында терроризмді қаржыландыру қауіптерін, осалдықтар мен салдарын бағалау, тәуекелдерді айқындау, сондай-ақ оларды барынша азайтуға бағытталған бірлескен шараларды тұжырымдау жөніндегі Тараптардың бірлескен қызметі.
2. Тәуекелдерді бағалау ұлттық орталығы деп Тараптың қаржылық барлау бөлімшесінің функцияларын жүзеге асыратын құзыретті органы түсініледі.
3-бап. ТБХО қызметін ұйымдастыру мәселелері
1. ТБХО ақпараттық жүйесінің операторы (бұдан әрі - ТБХО операторы) ТБХО қызметін ұйымдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.
2. ТБХО операторының функцияларын Қаржы мониторингі жөніндегі федералдық қызмет (Ресей Федерациясы) жүзеге асырады.
3. ТБХО ақпараттық жүйесінің деректерді өңдеу бағдарламалық-аппараттық кешендері Ресей Федерациясының аумағында орналасады.
4. ТБХО операторы өз қызметінде қолданылатын халықаралық шарттарды және ҚБББК қабылдаған шешімдерді, сондай-ақ осы Келісімді басшылыққа алады.
5. ТБХО операторы:
а) ТБХО ақпараттық жүйесіне қосылуды ұйымдастырады және Тараптардың тәуекелдерді бағалау ұлттық орталықтарының ТБХО ақпараттық жүйесіне қолжетімділігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ ТБХО ақпараттық жүйесіне қосылу, ҚБББК бекіткен ақпаратты жүктеу және пайдалану регламенттеріне сәйкес өзге де техникалық іс-шараларды іске асырады;
б) ТБХО ақпараттық жүйесін ақпараттық толықтыруға (жаңартуға) және ТБХО қызметіне қатысты техникалық материалдарды дайындайды және Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелеріне жібереді;
в) құпиялылық режимін сақтай отырып, ТБХО ақпараттық жүйесінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін бағалауды, техникалық құжаттамасын есепке алуды және сақтауды жүзеге асырады;
г) ТБХО деректерінің ақпараттық ауқымының қолжетімділігін, тұтастығын және құпиялылығын, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды және ТБХО ақпараттық жүйесінің өңделген деректерін кез келген рұқсатсыз (заңсыз) пайдаланудан қорғауды қамтамасыз етеді, ТБХО ақпараттық жүйесінің жұмысы процесінде туындайтын ақаулар мен іркілістерді жоюда техникалық көмекті ұйымдастырады және/немесе көрсетеді;
д) осы Келісімде белгіленген міндеттерді негізге ала отырып, өзге де функцияларды жүзеге асырады.
6. ТБХО операторы осы Келісімде өзіне жүктелген функцияларды іске асыру мәселелері бойынша ҚБББК-ге есеп береді.
4-бап. Ақпараттың құпиялылығы
1. Егер ақпаратты ұсынған Тарап тікелей керісінше мәлімдеме жасамаса, осы Келісім шеңберінде алынған және ТБХО ақпараттық жүйесінде орналастырылған ақпарат құпия болып табылады және оған Тараптардың заңнамасында көзделген ақпаратты қорғау режимі қолданылады.
2. Әрбір Тарап өзінің заңнамасына, осы Келісімге және қолданылатын өзге де халықаралық шарттарға сәйкес құпиялылық режимінің сақталуын қамтамасыз етеді, жауаптылық шараларын қолдануды қоса алғанда, осы Келісім шеңберінде алынған ақпаратты кездейсоқ немесе заңсыз жоюдан, өзгертуден, жария етуден, сондай-ақ кез келген өзге де заңсыз пайдаланудан қорғауға бағытталған қажетті ұйымдық-техникалық және құқықтық шараларды жүзеге асырады.
3. ТБХО ақпараттық жүйесінде қамтылған ақпаратты пайдалану мақсаты мен мүмкіндігін осы ақпаратты ұсынатын Тарап айқындайды.
Ақпаратты сақтау мерзімін оны ұсынған Тарап оның орналастырылу, сұратылу және (немесе) ұсынылу мақсатын негізге ала отырып айқындайды.
4. Осы Келісім шеңберінде алынған ақпарат оны орналастырған және (немесе) ұсынған Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз ТБХО ақпараттық жүйесінде орналастырылу, сұратылу және (немесе) ұсынылу мақсатынан өзге мақсаттарда пайдаланылмайды.
5-бап. Келісімнің міндеттері
1. Осы Келісім мынадай негізгі міндеттерді орындау мақсатында жасалады:
а) Тараптар арасында деректер мен электрондық құжаттардың қорғалып алмасуын қамтамасыз ететін ақпараттық жүйені құру;
б) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін тиімді анықтауды жүзеге асыру үшін Тараптарды қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету;
в) біркелкі форматтарды белгілеу арқылы Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелерінің электрондық өзара іс-қимылының бірыңғай стандарттарын енгізу;
г) осы Келісімнің 7-бабында көзделген деректер санаттарымен толтырылатын ортақ ақпараттық ресурстарды құру және оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету;
д) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұлттықтан жоғары бағалау жүргізу және оның нәтижесін ТБХО ақпараттық жүйесінде орналастыру үшін ақпарат жинақтау;
е) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұлттықтан жоғары бағалау жүргізу мақсатында, сондай-ақ мемлекетаралық ақпараттық өзара іс-қимыл кезінде пайдаланылатын ақпаратты қорғауды және мәліметтердің құпиялылық режимін қамтамасыз ету.
2. Осы Келісімді іске асыру ФАТФ ұсынымдарында белгіленгендей Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелерінің операциялық тәуелсіздігін қозғамайды.
6-бап. ТБХО-ның негізгі функциялары
ТБХО-ның негізгі функцияларына:
а) тиісті деректер базаларын қалыптастыру арқылы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұлттықтан жоғары бағалау жүргізуді қамтамасыз ету;
б) Тараптар үшін басым бағыттар бойынша қорғалған ақпарат алмасуды қамтамасыз ету;
в) қажетті мәліметтерді біркелкі форматтар арқылы жинақтау, өңдеу және талдау үшін Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету жатады.
7-бап. ТБХО ақпараттық жүйесінің ақпараттық толықтырылуы
1. ТБХО ақпараттық жүйесінде (қажет болған кезде Тараптардың мүдделі органдарымен келісілгеннен кейін) орналастырылуы мүмкін деректер санаттарының тізбесі және оларды қалыптастыру әдістемесі ҚБББК шешімімен бекітіледі. Деректер санаттарының тізбесінде мыналар қамтылады:
а) ашық көздерден алынған деректер;
б) макроталдамалық есептер;
в) тәуекел-сигналдар;
г) ҚБББК шешімдеріне сәйкес мәліметтер.
2. Осы Келісімнің мақсаттары үшін:
Тараптың қаржылық барлау бөлімшесі күдікті операциялар (мәмілелер) туралы хабарламаларды және өзге де ақпаратты талдау нәтижесі бойынша белгілі бір уақыт кезеңінде қалыптастырған және субъектілердің сәйкестендіру деректері мен қаржы және басқа да мекемелердің (ұйымдардың, тұлғалардың) атаулары көрсетілмей, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және (немесе) терроризмді қаржыландыруға байланысты қаржы операцияларының (мәмілелерінің) көлемі мен сипаттамалары туралы біріктірілген деректер қамтылған ақпарат макроталдамалық есеп деп түсініледі;
Тараптардың қаржылық барлау бөлімшесі күдікті операциялар (мәмілелер) туралы хабарламаларды және өзге де ақпаратты талдау нәтижесі бойынша дайындаған, оған ден қою үшін Тараптардың бірлескен іс-шаралары талап етілетін, терроризмді қаржыландыруды және (немесе) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) және Тараптардың аумақтарында байланысты предикаттық қылмыстарды жүзеге асырды деп күдік келтірілгені туралы ақпарат тәуекел сигналы деп түсініледі.
3. Қажет болған жағдайда Тараптар осы Келісімнің міндеттерін шешу мақсатында ТБХО ақпараттық жүйесінде орналастыру үшін осы баптың 1-тармағында көзделген деректер санаттарынан тыс өзге де ақпаратты беруге құқылы.
4. ТБХО жүйесіне орналастыру үшін ұсынылатын деректердің көлемін, деректердің құпиялылық және олардың пайдаланылуы режимін ұсынушы Тарап айқындайды.
5. Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелері ТБХО ақпараттық жүйесіне аппараттық-бағдарламалық құралдар арқылы ақпаратты беруді жүзеге асырады.
6. Қаржылық барлау бөлімшелерінің осы бапқа сәйкес ТБХО ақпараттық жүйесінде орналастырылған ақпаратты одан әрі беру мүмкіндігі ұсынушы Тарап белгілеген құпиялылық режимінің сақталуын ескере отырып айқындалады.
8-бап. Қаржылық барлау бөлімшелері арасында ақпарат алмасу үшін ТБХО ақпараттық жүйесін пайдалану
1. Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырумен (жылыстатумен), терроризмді қаржыландырумен және осыған байланысты өзге де қылмыстармен байланысты деп күдік келтірілген ақшалай қаражатпен немесе өзге де мүлікпен, виртуалды активтермен операциялар (мәмілелер) туралы өз иелігіндегі ақпаратпен алмасу үшін, сондай-ақ осы операцияларды жасауға қатысатын тұлғалар мен ұйымдар туралы ақпарат алмасу үшін ТБХО ақпараттық жүйесін пайдаланады.
2. ТБХО ақпараттық жүйесі арқылы ақпарат алмасу Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелерінің бастамасы бойынша немесе сұрау салулары негізінде, оның ішінде Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелерімен келісу бойынша ақпарат берудің техникалық құралдарын пайдалану арқылы жазбаша нысанда жүзеге асырылады.
9-бап. Сұрау салулар
1. Сұрау салуға сұрау салушы Тараптың қаржылық барлау бөлімшесінің басшысы немесе оның орынбасары қол қояды. Сұрау салуда:
а) сұрау салушы және сұрау салынатын Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелерінің атаулары;
б) істің мән-жайының қысқаша мазмұны (фабуласы);
в) сұрау салудың мақсатын және негіздемесін көрсету;
г) сұрау салынатын жәрдемнің (немесе сұрау салынатын ақпараттың) мазмұны;
д) сұрау салуды орындау мерзімі (егер сұрау салу шұғыл болса, сұрау салушы Тараптың қаржылық барлау бөлімшесі шұғыл сұрау салудың қажеттілігін негіздейді);
е) сұрау салынған ақпаратты пайдалану мақсаты;
ж) сұрау салуды орындау үшін қажетті басқа да мәліметтер қамтылуға тиіс.
2. Қажет болған жағдайда сұрау салынатын Тараптың қаржылық барлау бөлімшесі сұрау салушы Тараптың қаржылық барлау бөлімшесінен сұрау салуды тиісінше орындау үшін қажетті қосымша ақпаратты сұрата алады.
3. Сұрау салынатын Тараптың қаржылық барлау бөлімшесі, егер бұл сұрау салынатын Тараптың ұлттық мүдделеріне не заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне қайшы келсе, сондай-ақ сұрау салу осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмесе, сұрау салуды орындаудан бас тартуы мүмкін.
Егер сұрау салуды орындау мүмкін болмаса, сұрау салынатын Тараптың қаржылық барлау бөлімшесі бұл туралы бас тарту себебін көрсете отырып, сұрау салушы Тараптың қаржылық барлау бөлімшесіне жазбаша хабарлайды.
4. Сұрау салынатын Тараптың қаржылық барлау бөлімшесі сұрау салуды орындауды кейінге қалдыруы не сұрау салушы Тараптың қаржылық барлау бөлімшесімен уағдаластық бойынша сұрау салуды ішінара орындауы немесе егер сұрау салуды орындау сұрау салынатын Тарап жүзеге асыратын жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге, сотқа дейінгі іс жүргізуге немесе сот талқылауына нұқсан келтіруі мүмкін болса, өзі сақталуы қажет деп таныған шарттармен орындауы мүмкін.
5. Егер Тараптар өзгеше ескертпесе, сұрау салулар мен олардың жауаптары орыс тілінде ұсынылады.
6. Егер Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелері өзгеше ескертпесе, сұрау салу мүмкіндігінше қысқа мерзімде, бірақ оны алған күннен бастап 60 күннен кешіктірілмей орындалады.
7. Сұрау салушы Тараптың қаржылық барлау бөлімшесі бастама ретінде немесе сұрау салынатын Тараптың қаржылық барлау бөлімшесінің сұрау салуы бойынша осы Келісім шеңберінде сұрау салынатын Тараптың қаржылық барлау бөлімшесінен алынған мәліметтерді пайдалану нәтижесі туралы ақпаратты жібереді.
10-бап. Қаржылық барлау бөлімшелерінің өзара іс-қимылының өзге де тәсілдері
1. Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелері Тараптардың әрқайсысының заңнамасына сәйкес бір-біріне ақпарат беру тәртібін бірлесіп айқындайды және қажет болған кезде осы Келісімді іске асыру мәселелері жөнінде консультациялар өткізеді.
2. Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелері сұрау салу бойынша немесе бастама ретінде Тараптардың әрқайсысының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасы туралы ақпаратпен және осы саладағы үздік практикамен алмасуы мүмкін. Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелері тәжірибе алмасу және өзара мүдделі мәселелерді талқылау үшін бірлескен конференциялар мен семинарлар өткізе алады.
11-бап. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін ұлттықтан жоғары бағалау
1. Тараптар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін ұлттықтан жоғары бағалауды ҚБББК-нің үйлестіруімен бірлесіп жүзеге асырады.
2. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұлттықтан жоғары бағалауды жүргізу тәртібі мен шарттары ҚБББК шешімімен бекітілетін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұлттықтан жоғары бағалауды жүргізу әдіснамасында айқындалады.
3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұлттықтан жоғары бағалау Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелері ТБХО ақпараттық жүйесінде орналастырған деректер пайдаланыла отырып жүргізіледі.
4. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне ұлттықтан жоғары бағалауды жүргізу мақсаттары үшін пайдаланылатын ақпарат, егер оны ұсынған Тарап жазбаша нысанда керісінше мәлімдеме жасамаса, осы Келісімге сәйкес құпия болып табылады.
5. ҚБББК қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін ұлттықтан жоғары бағалау нәтижелерін бекітеді, Тараптармен келісу бойынша олардың құпиялылық дәрежесін айқындайды. ҚБББК шешімдерін ескере отырып, Тараптардың қаржылық барлау бөлімшелері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін ұлттықтан жоғары бағалау нәтижелерін алушылар тобын және ұсыну тәртібін дербес айқындайды.
12-бап. ТБХО қызметін қаржыландыру
ТБХО операторы ТБХО ақпараттық жүйесін құру, оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету және дамыту жұмыстарын қаржыландыруды Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес Қаржы мониторингі жөніндегі федералдық қызметке көзделген бюджеттік қаржы бөлу шеңберінде жүзеге асырады.
13-бап. Өзгерістер енгізу
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша оның ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің күшіне енуі үшін айқындалған тәртіппен күшіне енетін тиісті хаттамамен ресімделеді.
14-бап. Дауларды шешу
Осы Келісімді қолдану және түсіндіру кезінде Тараптар арасында туындайтын даулы мәселелер мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері арқылы шешіледі.
15-бап. Күшіне енуі
1. Осы Келісім оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
2. Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Келісім депозитарий тиісті хабарламаларды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
16-бап. Қосылу
Осы Келісім оған қол қойған және ол күшіне енгеннен кейін қосылған мемлекеттердің келісуімен қосылу туралы құжатты депозитарийге беру жолымен кез келген мемлекеттің қосылуы үшін ашық болады.
Депозитарийге қосылу туралы құжатты жолдаған мемлекет үшін осы Келісім оған қол қойған және қосылған мемлекеттердің мұндай қосылуға келісетіні туралы соңғы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.
17-бап. Қолданылуын тоқтату
1. Тараптардың әрқайсысы шыққанға дейін алты айдан кешіктірмей өзінің шығу ниеті туралы жазбаша хабарламаны депозитарийге жібере отырып және осы Келісімнің қолданылу уақытында туындаған міндеттемелерді реттеп, осы Келісімнен шығуға құқылы.
2. Осы Келісімнің ақпараттың құпиялылығы туралы ережелері осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған соң немесе одан шыққаннан кейін қолданылуын жалғастырады.
________жылғы________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның расталған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы үшін
Армения Республикасы үшін
Беларусь Республикасы үшін
Қазақстан Республикасы үшін
Қырғыз Республикасы үшін
Молдова Республикасы үшін
Ресей Федерациясы үшін
Тәжікстан Республикасы үшін
Түрікменстан үшін
Өзбекстан Республикасы үшін
Украина үшін