Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ережені бекіту жөнінде" 2013 жылғы 24 маусымдағы № 588 және "Терроризмге қарсы комиссиялар туралы үлгілік ережені бекіту туралы" 2013 жылғы 24 маусымдағы № 589 жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 28 ақпандағы № 491 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағанда
жариялануға тиіс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің мына жарлықтарына өзгерістер енгізілсін:

      1) "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ережені бекіту жөнінде" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 маусымдағы № 588 Жарлығында:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:";

      Жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ереже осы Жарлықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      2) "Терроризмге қарсы комиссиялар туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 маусымдағы № 589 Жарлығында:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:";

      Жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Терроризмге қарсы комиссиялар туралы үлгілік ережеде:

      1-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. _______________________________________________________________________

      (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың)

      әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия (бұдан әрі - терроризмге қарсы комиссия) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын консультативтік-кеңесші орган болып табылады.";

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Терроризмге қарсы комиссияның негізгі міндеттері, функциялары мен өкілеттіктері";

      4. 5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Терроризмге қарсы комиссияның негізгі міндеттері:

      1)________________________________________________________________________

      (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың)

      аумағында экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты, сондай-ақ осы саладағы Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығына ұсыныстар дайындауды іске асыруға қатысу;

      2) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметін үйлестіру;

      3) экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, экстремизм және терроризм көріністеріне ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалуын қамтамасыз ету, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөнінде шаралар әзірлеу, осы шаралардың іске асырылуын бақылауды жүзеге асыру;

      4) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді шешу болып табылады.

      5. Негізгі міндеттеріне сәйкес терроризмге қарсы комиссияға мынадай функциялар жүктеледі:

      1)_______________________________________________________________________

      (облыста, республикалық маңызы бар қалада, астанада, ауданда (облыстық маңызы бар қалада)

      қалыптасқан ахуалды ескере отырып, экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, терроризм көріністерінің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауды, ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету;

      2)________________________________________________________________________

      (облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы, аудандағы (облыстық маңызы бар қаладағы)

      экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы ахуалға, олардың көріністеріне ықпал ететін жағдайлар мен факторлардың туындауына, дамуына әсер ететін саяси, әлеуметтік-экономикалық, діни процестерге мониторинг жасау, бағалау және болжау;

      3) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою саласындағы өзара іс-қимылын үйлестіру;

      4) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою саласындағы қызметінің үйлесімділігіне кері ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою;

      5) экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою саласындағы мемлекеттік органдардың қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлық, ақпараттық және өзге де қамтамасыз ету мәселелерін шешу;

      6) терроризмге қарсы комиссия аппаратының терроризмге қарсы комиссия шешімдерінің орындалу мәселелері бойынша есебін тыңдау;

      7) төмен тұрған комиссиялардың қызметін үйлестіру, экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсету (аталған тармақша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың терроризмге қарсы комиссиялары туралы ережелерде қолданылады);

      8) террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын жақсарту бойынша жай-күйді зерделеу, проблемаларды талдау, іс-шаралар тұжырымдау;

      9) терроризмге қарсы комиссияның құрамына кіретін орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар арасында экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара ақпарат алмасуды ұйымдастыру;

      10) экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы саласында кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру шараларын әзірлеу мен үйлесімді жүзеге асыруда ынтымақтасты жүзеге асыру;

      11) _______________________________________________________________________

      (облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы, аудандағы (облыстық маңызы бар қаладағы)

      террористік тұрғыдан осал объектілердің тізбесін әзірлеу, бекіту, өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар дайындау;

      12) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      6. Терроризмге қарсы комиссияның өз міндеттерін жүзеге асыру үшін:

      1) өз құзыреті шегінде орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі қызметін ұйымдастыруға, үйлестіру мен жетілдіруге қатысты ұсынымдар беруге;

      2) экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы мәселелері жөніндегі жоспарлар мен бағдарламалардың жобаларын әзірлеуге;

      3) орталық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың лауазымды адамдарынан экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою мәселелері бойынша қажетті материалдар мен ақпаратты белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      4) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдарын, сондай-ақ ұйымдардың өкілдерін (келісім бойынша) терроризмге қарсы комиссияның жұмысына қатыстыру үшін тартуға;

      5) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды адамдарын экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою мәселелері бойынша белгіленген тәртіппен тыңдауға құқығы бар.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Терроризмге қарсы комиссияның құрамы";

      8) және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Терроризмге қарсы комиссияның төрағасы:

      1) оның отырыстарына төрағалық етеді;

      2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетін Терроризмге қарсы орталығының штабымен (бұдан әрі - Терроризмге қарсы орталықтың штабы) терроризмге қарсы комиссияның алдағы жылға арналған жоспарын ағымдағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірмей келіседі;

      3) Терроризмге қарсы орталықтың штабымен келісілген терроризмге қарсы комиссияның ағымдағы жылға арналған жоспарын ағымдағы жылдың 15 қаңтарынан кешіктірмей бекітеді;

      4) Терроризмге қарсы орталықтың штабын тоқсанның соңғы айының 25 күніне қарай терроризмге қарсы комиссияның есепті кезеңдегі жұмысы туралы хабардар етеді (отырыс хаттамаларының, анықтамалық құжаттардың, ақпараттық-талдау құжаттарының және басқа материалдардың көшірмелерін береді).

      9. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық органының бастығы терроризмге қарсы комиссия төрағасының орынбасары болып табылады.";

      11-тармаққа орыс тілінде өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      4-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4-тарау. Терроризмге қарсы комиссияның жұмысын ұйымдастыру";

      15-тармақ алып тасталсын;

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Терроризмге қарсы комиссияның отырысын терроризмге қарсы комиссияның төрағасы тоқсанына кемінде бір рет өткізеді. Қажет болған жағдайда терроризмге қарсы комиссия төрағасының шешімі бойынша оның кезектен тыс отырыстары өткізілуі мүмкін.";

      21 және 22-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Терроризмге қарсы комиссияның қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді

      ________________________________________________________________________

      (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның

      __________________________________________________________________________

      (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі жүзеге асырады.

      Осы мақсаттар үшін әкім өз құзыреті шегінде:

      құрамы екі адамнан кем емес әкімдіктің құрылымдық бөлімшесін (терроризмге қарсы комиссия аппаратын) айқындайды;

      терроризмге қарсы комиссия аппаратының басшысы ретінде құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдармен қауіпсіздік мәселелері, оның ішінде экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша өзара іс-қимыл жасау саласында өкілеттігі жеткілікті, осы жұмысты ұйымдастыруға жауапты уәкілетті лауазымды адамды тағайындайды.

      Терроризмге қарсы комиссия аппаратының жұмысына келісім бойынша терроризмге қарсы комиссия құрамына кіретін орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары тартылуы мүмкін.

      22. Терроризмге қарсы комиссия аппараты:

      1) терроризмге қарсы комиссияның тиісті жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын әзірлейді;

      2) терроризмге қарсы комиссияның отырыстарын дайындау мен өткізуді қамтамасыз етеді;

      3) терроризмге қарсы комиссияның Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы мен терроризмге қарсы комиссия отырыстарының хаттамалық шешімдерінің орындалуын бақылау жөніндегі қызметін қамтамасыз етеді;

      4)________________________________________________________________________

      (облыста, республикалық маңызы бар қалада, астанада, ауданда (облыстық маңызы бар қалада)

      экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы саласындағы ахуалдың дамуына ықпал ететін қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және діни процестер туралы ақпаратты талдайды, олардың көріністеріне ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша терроризмге қарсы комиссияның ұсыныстарын тұжырымдайды;

      5) терроризмге қарсы комиссияның Терроризмге қарсы орталықтың штабымен өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді;

      6) төмен тұрған терроризмге қарсы комиссиялардың қызметін ұйымдастырады және үйлестіреді;

      7) терроризмге қарсы комиссиялар аппараттары жанындағы тұрақты жұмыс істейтін жұмыс топтарының қызметін ұйымдастырады.

      Жұмыс тобының негізгі міндеті терроризмге қарсы комиссияның отырысын дайындау, экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы саласындағы проблемаларды жою бойынша келісілген шараларды зерделеу және тұжырымдау болып табылады.

      Жұмыс тобының басшысы терроризмге қарсы комиссия жұмыс тобының қызметін үйлестіру бойынша қажетті өкілеттікке ие лауазымды адам болып табылады.

      Жұмыс тобының құрамы және оның қызметін ұйымдастыру тәртібі әкімінің

      _______________________________________________________________________

      (облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала)

      шешімімен бекітіледі.".

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 28 ақпандағы
№ 491 Жарлығына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 24 маусымдағы
№ 588 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы ЕРЕЖЕ

1-таpay. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы (бұдан әрі - Терроризмге қарсы орталық) Қазақстан Республикасында экстремизмге және терроризмге қарсы тиімді іс-қимыл жасау үшін қажетті және жеткілікті жағдай жасау, қолдау және дамыту мақсатында, соның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының осы саладағы келісілген іс-қимылдарын қамтамасыз ету үшін экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жанынан құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      Терроризмге қарсы орталық қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен өзге де нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

2-тарау. Терроризмге қарсы орталықтың негізгі міндеттері, функциялары мен өкілеттігі

      2. Терроризмге қарсы орталықтың негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының Президентіне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау;

      2) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары үшін экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеу, негізгі басымдықтарды айқындау, практикалық шараларды тұжырымдау;

      3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының экстремизмнің және терроризмнің профилактикасы, экстремистік әрекеттер мен террористік іс-әрекеттерді анықтау, жолын кесу, экстремистік және террористік қылмыстарды ашу және тергеп-тексеру, терроризмнің зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою бойынша қызметін үйлестіру, сондай-ақ олардың қоғамдық бірлестіктермен және ұйымдармен экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы өзара іс-қимылдарын ұйымдастыру;

      4) террористік қатерлер мен көріністердің мониторингі, оларды бағалау және болжау;

      5) терроризмге қарсы күрес жөніндегі республикалық жедел штабтың қызметін ұйымдастыру;

      6) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында халықаралық озық тәжірибені өндіру;

      7) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді шешу болып табылады.

      3. Негізгі міндеттеріне сәйкес Терроризмге қарсы орталыққа мынадай функциялар жүктеледі:

      1) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік саясатты тұжырымдауға қатысу;

      2) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы құқық қолдану практикасын талдау және шетелдік тәжірибені зерделеу;

      3) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылдың жалпымемлекеттік жүйесінің жай-күйіне кері әсер ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою;

      4) Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Үкіметінің шешімін талап ететін Терроризмге қарсы орталықтың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстар тұжырымдау және енгізу;

      5) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін бағалау және оны жетілдіру жөнінде шаралар тұжырымдау;

      6) Терроризмге қарсы орталықтың құрамына кіретін мемлекеттік органдар арасында экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша, соның ішінде бірлескен нормативтік құқықтық актімен айқындалатын тәртіппен "Антитеррор" ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, ақпаратпен өзара алмасу бойынша шараларды тұжырымдау;

      7) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметкерлерінің терроризмге қарсы іс-шараларды іске асыру үдерісінде олардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ынтымақтастығын жүзеге асыру;

      8) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтардың қызметіне қатысты мәселелерді қарау;

      9) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметін ұйымдастыруда терроризмге қарсы комиссияларға, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына практикалық және әдістемелік көмек көрсету;

      10) терроризм актілерінің жолын кесу, олардың зардаптарын барынша азайту мен жою бойынша бірлескен және халықаралық терроризмге қарсы оқу-жаттығулар мен жаттықтырулар дайындауды, өткізуді және үйлестіруді қамтамасыз ету;

      11) уәкілетті мемлекеттік органдардың жеке құрамын кәсіби даярлауды үйлестіру мен әдістемелік қамтамасыз етуді қоса алғанда, экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру шараларын әзірлеуде және келісіп жүзеге асыруда мемлекеттік органдармен ынтымақтастық жасау;

      12) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылға қатысатын мемлекеттік органдардың функционалдық мүмкіндіктерін және материалдық-техникалық базасын келісім бойынша пайдалану;

      13) Терроризмге қарсы орталықтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен бекітілетін Қағидаларға сәйкес Терроризмге қарсы орталықтың интернет-ресурсын қалыптастыру және дамыту жөнінде шаралар тұжырымдау;

      14) Терроризмге қарсы орталықтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерімен бекітілетін Дайындау және басып шығару қағидаларына сәйкес Терроризмге қарсы орталықтың ведомствоаралық Ақпараттық бюллетенін шығару;

      15) мемлекеттік органдардың қарауына экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық шарттарды, нормативтік құқықтық актілерді, бірлескен жоспарлар мен бағдарламаларды әзірлеу жөніндегі ұсыныстарды енгізу;

      16) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру, экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық орталықтармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      17) Терроризмге қарсы орталықтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың қызметкерлерін экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ұйымдарға квоталық лауазымға не Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың негізінде уәкілетті өкілдердің міндеттерін орындау үшін Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктеріне штаттық лауазымдарға белгіленген тәртіппен жіберу.

      4. Терроризмге қарсы орталық өзіне жүктелген міндеттерді орындау мақсатында:

      1) Терроризмге қарсы орталықтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының, терроризмге қарсы комиссиялар басшыларының есептерін Терроризмге қарсы орталықтың отырыстарында тыңдауға, терроризмге қарсы комиссиялардың тиісті жылға арналған жоспарларын келісуге, экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс қорытындыларын талқылауға;

      2) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өзара іс-қимылдарын үйлестіру мен жетілдіру үшін өз құзыреті шегінде қажетті шешімдер қабылдауға;

      3) Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында жүктелген міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарын жауапкершілікке тарту туралы ұсыныстар енгізуге;

      4) мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан, қоғамдық бірлестіктерден, меншік нысандарына қарамастан ұйымдардан экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қажетті материалдар мен ақпаратты белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      5) Терроризмге қарсы орталықтың құзыретіне кіретін мәселелерді шешу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға және олардың жұмыс тәртібін айқындауға;

      6) шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және орталықтармен экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша меморандумдар мен шарттарды әзірлеуге және жасасуға қатысуға;

      7) Терроризмге қарсы орталықтың қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті қызметтік құжаттар мен материалдарды сақтауды және пайдалануды жүзеге асыруға, қажет болған жағдайда және мемлекеттік органдармен келісім бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың ақпараттық жүйелерін пайдалануға құқылы.

3-таpay. Терроризмге қарсы орталықтың құрамы

      5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы лауазым бойынша Терроризмге қарсы орталықтың басшысы болып табылады.

      Терроризмге қарсы орталықтың басшысы:

      1) оның отырыстарына төрағалық етеді;

      2) Терроризмге қарсы орталықтың тиісті жылға арналған келісілген жұмыс жоспарын бекітеді;

      3) жылдың қорытындысы бойынша Терроризмге қарсы орталықтың шешімдерін орындау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Терроризмге қарсы орталығы штабының (бұдан әрі - Терроризмге қарсы орталықтың штабы) баяндамасын тыңдайды;

      4) Қазақстан Республикасының Президенты Терроризмге қарсы орталықтың жұмысы туралы хабардар етіп отырады.

      6. Лауазымдары бойынша Терроризмге қарсы орталықтың мүшелері мыналар болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы;

      2) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі;

      3) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі;

      4) Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы;

      5) Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі;

      6) Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі;

      7) Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі;

      8) Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі;

      9) Қазақстан Республикасының Әділет министрі;

      10) Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;

      11) Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі;

      12) Қазақстан Республикасы Көлік министрі;

      13) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі;

      14) Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі;

      15) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі;

      16) Қазақстан Республикасының Қаржы министрі;

      17) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі;

      18) Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;

      19) Қазақстан Республикасының Энергетика министрі;

      20) Терроризмге қарсы орталық штабының бастығы (Терроризмге қарсы орталық басшысының орынбасары).

      7. Терроризмге қарсы орталық басшысының шешімімен Терроризмге қарсы орталықтың отырысына Терроризмге қарсы орталықтың құрамына кірмейтін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары немесе олардың міндетін атқарушы адамдар шақырылады.

      Терроризмге қарсы орталықтың жұмысына мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының лауазымды адамдары мен мамандары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өкілдері (келісім бойынша) тартылуы мүмкін.

4-тарау. Терроризмге қарсы орталықтың жұмысын ұйымдастыру

      8. Терроризмге қарсы орталықтың қызметін ұйымдастырушылық, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жұмыс органы - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Терроризмге қарсы орталықтың штабы жүзеге асырады.

      Терроризмге қарсы орталықтың штабы республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтарының қызметін, оның ішінде терроризмге қарсы операция өткізу жоспары бойынша іс-шараларды қолданысқа енгізу кезінде ұйымдастырушылық және ақпараттық-талдамалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

      Терроризмге қарсы орталық штабының бастығы республикалық жедел штаб терроризмге қарсы операция өткізген кезде жұмыс тобын басқарады және Терроризмге қарсы орталықтың штабы қызметінің бағыттары бойынша құжаттарға қол қояды.

      9. Терроризмге қарсы орталық өз қызметін бірлесіп қабылданатын жыл сайынғы жұмыс жоспарының негізінде жүзеге асырады. Терроризмге қарсы орталықтың мүшелері алдағы жылдың жұмыс жоспарына ұсыныстарды Терроризмге қарсы орталық басшысының атына ағымдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей ұсынады.

      10. Терроризмге қарсы орталықтың штабы террористік қатерлер мен көріністерге жүргізілген мониторингтің, бағалаудың және болжаудың, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының және терроризмге қарсы комиссиялардың келіп түскен ұсыныстары негізінде Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс жоспарының жобасын дайындайды, оны Терроризмге қарсы орталықтың мүшелерімен келіседі және Терроризмге қарсы орталықтың басшысына қол қоюға ұсынады.

      11. Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс жоспарына Терроризмге қарсы орталықтың мүшелерін хабарландыра отырып, түзетулер енгізілуі мүмкін.

      12. Терроризмге қарсы орталықтың отырыстарын оның басшысы шақырады және тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.

      13. Терроризмге қарсы орталық басшысының және мүшелерінің бастамасы бойынша жоспардан тыс мәселелер қарауға енгізілетін кезектен тыс отырыстар шақырылуы мүмкін.

      14. Терроризмге қарсы орталықтың штабы ұсынылған материалдар негізінде отырыстың күн тәртібін дайындайды және отырысты өткізу күнін, уақыты мен орнын айқындайды, оларды Терроризмге қарсы орталықтың басшысы бекітеді.

      Отырыстың күн тәртібі отырыс басталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмей қажетті материалдарды және құжаттарды қоса бере отырып, Терроризмге қарсы орталықтың мүшелеріне және отырысқа шақырылған өзге де қатысушыларға жолданады.

      15. Терроризмге қарсы орталықтың қарауына енгізілетін мәселелер бойынша материалдарды дайындауды Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс жоспарына енгізілген орындаушылар жүзеге асырады. Бұл ретте бірінші көрсетілген мемлекеттік орган жауапты орындаушы болып табылады.

      Іс-шараларды бірге орындаушылар отырысқа анықтамалық материал әзірлеу үшін жауапты орындаушыға қажетті материалдарды ұсынады.

      Мемлекеттік органдардың қатарынан болған жауапты орындаушылар қаралатын мәселелер бойынша анықтамалық және өзге де материалдарды, шақырылатын адамдардың тізімін қалыптастырады, олар Терроризмге қарсы орталықтың отырысы өтетін күнге дейін отыз күннен кешіктірілмей Терроризмге қарсы орталықтың штабына жолданады.

      16. Терроризмге қарсы орталықтың мүшелері Терроризмге қарсы орталықтың материалдарын дайындау және шешімдерін орындау кезінде Терроризмге қарсы орталықтың басқа да мүшелеріне, Терроризмге қарсы орталықтың жұмысына тартылған өзге де мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өкілдеріне (келісім бойынша) осы органдардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ақпарат, материалдар мен өзге де құжаттар ұсыну туралы сұраулар жолдай алады.

      17. Терроризмге қарсы орталықтың штабы отырыста қаралуға тиіс материалдардың толықтығы мен сапасын тексереді, олар туралы Терроризмге қарсы орталықтың басшысына баяндалады. Тиісінше дайындалмаған материалдар қайта пысықтауға қайтарылады.

      Пысықталған материалдар Терроризмге қарсы орталықтың штабына үш жұмыс күні ішінде ұсынылады.

      18. Отырысқа шақырылған адамдардың келуін қамтамасыз етуді, оларды тиісті материалдармен және құжаттармен таныстыруды Терроризмге қарсы орталықтың штабы жүзеге асырады.

      19. Терроризмге қарсы орталықтың отырысы оның мүшелерінің жартысынан көбі қатысса, құқықтық күші бар деп есептеледі.

      Терроризмге қарсы орталықтың мүшесі отырысқа қатыса алмайтын жағдайда, ол бұл туралы Терроризмге қарсы орталықтың басшысын алдын ала жазбаша хабардар етеді және оны алмастыру үшін тиісті мемлекеттік орган өкілінің кандидатурасын ұсынады. Оның міндеттерін атқаратын адам Терроризмге қарсы орталықтың басшысымен келісілген соң дауыс беру құқығымен оның отырысына қатыса алады.

      20. Терроризмге қарсы орталықтың мүшелері отырыста қаралатын мәселелерді талқылау кезінде тең құқыққа ие болады.

      Терроризмге қарсы орталықтың отырысына шақырылған Терроризмге қарсы орталықтың құрамына кірмейтін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары немесе олардың міндетін атқарушы адамдар оларға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде дауыс беру құқығына ие.

      Шешімдер қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.

      21. Терроризмге қарсы орталықтың талқылау нәтижелері мен қабылдаған шешімдері отырыс өткен соң бес жұмыс күні ішінде ресімделетін отырыс хаттамасына (бұдан әрі - хаттама) енгізіледі және қол қою үшін Терроризмге қарсы орталықтың басшысына ұсынылады.

      22. Терроризмге қарсы орталық басшысының қолы қойылған хаттаманы Терроризмге қарсы орталықтың штабы Терроризмге қарсы орталықтың мүшелеріне, отырысқа шақырылған өзге де қатысушыларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне оған қол қойылған соң екі жұмыс күні ішінде жолдайды.

      Терроризмге қарсы орталық хаттамасының орындалуы туралы Терроризмге қарсы орталықтың штабы Терроризмге қарсы орталықтың басшысын хабардар етеді.

      Терроризмге қарсы орталықтың шешімдерін осы шешімдерді тұжырымдауға қатысқан мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзінің құзыреті шеңберінде іске асырады.

      23. Терроризмге қарсы орталықтың шешімдерін іске асыруды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мемлекеттік органның экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы міндеттерін іске асыру үшін жауапты бөлімшелер мен қызметкерлердің құзыретін айқындау мен бекіту жөніндегі шараларды қабылдайды, бүл туралы Терроризмге қарсы орталықтың штабын хабардар етеді.

      24. Терроризмге қарсы орталықтың шешімдерін орындау мақсатында Терроризмге қарсы орталықтың штабы, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында хаттаманың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      Егер Терроризмге қарсы орталықтың хаттамада жазылған шешімін орындауға бірнеше мемлекеттік орган қатысса, ұйымдастырушылық қамтамасыз ету бірінші көрсетілген органға жүктеледі. Іс-шараларды бірге орындаушылар іс-шараны орындаудың белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін кемінде жеті жұмыс күні бұрын жауапты орындаушыға қажетті материалдарды ұсынуы тиіс.

      Терроризмге қарсы орталықтың экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы шешімдерін іске асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қарауға ұсынылатын Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің, Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулыларының және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің жобалары әзірленуі мүмкін.

      25. Терроризмге қарсы орталықтың отырыстарына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілдері мен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелері қатыса алады.

5-тарау. Мемлекеттік органдардың уәкілетті өкілдерін Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органына іссапарға жіберу немесе жіберу тәртібі

      26. Экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылын және Терроризмге қарсы орталықтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың құзыреті бойынша Терроризмге қарсы орталықтың міндеттерін шешуді қамтамасыз ету үшін олардың уәкілетті өкілдері Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органына жіберілуі немесе іссапарға жіберілуі мүмкін.

      Мемлекеттік органнан жіберілген уәкілетті өкіл деп экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органына жіберілген арнаулы мемлекеттік органның, құқық қорғау органының қызметкері және әскери қызметші, мемлекеттік әкімшілік қызметші түсініледі.

      Мемлекеттік органнан іссапарға жіберілген уәкілетті өкіл деп экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органына іссапарға жіберілген арнаулы мемлекеттік органның, құқық қорғау органының қызметкері және әскери қызметші түсініледі.

      27. Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органына мемлекеттік органның уәкілетті өкілін іссапарға жіберу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      28. Мемлекеттік органның уәкілетті өкілін Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органына жіберуді мемлекеттік орган Терроризмге қарсы орталықтың басшысымен келісім бойынша жүзеге асырады.

      29. Мемлекеттік органның уәкілетті өкілін Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органына жібермес бұрын мемлекеттік органның уәкілетті өкілінің жеке ісі қарау үшін ұсынылады және қажеттілігіне қарай онымен Терроризмге қарсы орталық штабының бастығы әңгімелесу жүргізеді.

      30. Терроризмге қарсы орталық басшысының жазбаша келісімі алынған жағдайда мемлекеттік орган он жұмыс күні ішінде өзінің уәкілетті өкілін мемлекеттік органның штатында қалдыра отырып, Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органына жіберу туралы бұйрық шығарады.

      Мемлекеттік органнан жіберілген уәкілетті өкілдің лауазымдық нұсқаулығын Терроризмге қарсы орталық штабының бастығы және жіберген мемлекеттік органның уәкілетті лауазымды адамы бекітеді.

      Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органына қызметке жіберілген мемлекеттік органның уәкілетті өкілінің қызмет өткеру мерзімін мемлекеттік орган Терроризмге қарсы орталық басшысының келісімі бойынша айқындайды, бірақ ол бір жылдан кем болмауға тиіс.

      31. Терроризмге қарсы орталық штабының бастығы жіберілген уәкілетті өкілді Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органына уақытша есепке алуға қабылдау туралы бұйрық шығарады.

      32. Мемлекеттік органның жіберілген уәкілетті өкілін алмастыру қажет болған жағдайда жіберуші мемлекеттік орган осы Ереженің 28, 29 және 30-тармақтарында белгіленген тәртіппен басқа кандидатураны ұсына отырып, Терроризмге қарсы орталықтың басшысын жазбаша түрде хабардар етеді.

      33. Терроризмге қарсы орталықтың басшысы Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органына өз уәкілетті өкілдерін жіберген немесе іссапарға жіберген мемлекеттік органдарға оларды көтермелеу немесе оларға тәртіптік жаза қолдану туралы өтінішхаттар енгізеді.

6-тарау. Терроризмге қарсы орталықтың қызметін қаржыландыру

      34. Терроризмге қарсы орталықтың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, сондай-ақ Терроризмге қарсы орталықтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаты есебінен және осы қаражат шегінде жүргізіледі.

      35. Мемлекеттік органдардың іссапарға жіберілген уәкілетті өкілдерін Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органында қызмет өткеру кезеңінде қаржылай, материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік органдардың жіберілген уәкілетті өкілдерін Терроризмге қарсы орталықтың жұмыс органында қызмет өткеру кезеңінде қаржылай, материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету қызметкерлерді жіберген мемлекеттік органдарды қамтуға көзделген нормалар бойынша және қаражат есебінен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады