"Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1005 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 29 маусымдағы № 590 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 10 қыркүйектегі № 1005 Жарлығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында:

      "5. Мемлекеттік қаржыны басқару саясатын қалыптастыруға қатысты негізгі қағидаттар мен тәсілдер" деген бөлімде:

      "5.3. ҚРҰҚ қаражатын қалыптастыру және пайдалану саясаты" деген кіші бөлімде:

      үшінші бөліктің екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "транспаренттілік - ҚРҰҚ қаражатын ел экономикасына республикалық бюджет арқылы ғана бағыттау, сондай-ақ Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебінің құрамында Парламентті хабардар ете отырып, осы Тұжырымдамада көзделген мақсаттарға ҚРҰҚ-дан қаражат бөлу;";

      "ҚРҰҚ қаражатын пайдалану" деген тарау мынадай редакцияда жазылсын:

      "Орта және ұзақ мерзімді перспективада ҚРҰҚ-ны пайдалану саясаты мен көлемі ҚРҰҚ-ның валюталық активтерінің қысқаруына жол бермеу және оларды болашақ ұрпақ үшін жинақтау қажеттігіне негізделетін болады.

      ҚРҰҚ:

      1) ҚРҰҚ-дан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген трансферт түрінде;

      2) ҚРҰҚ-дан республикалық бюджетке нысаналы трансферт түрінде;

      3) ҚРҰҚ-ны басқаруға және жыл сайынғы аудитті жүргізуге байланысты шығыстарды жабуға;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нысаналы талаптардың төлемдері түрінде және нысаналы жинақтардың аударымдары мен төлемдеріне байланысты банктің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу бойынша шығыстарды жабуға пайдаланылады.

      Нысаналы талаптар деп Үкіметтің он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары алдындағы міндеттемелері түсініледі, ол есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл үшін орташа алынған ҚРҰҚ-ның инвестициялық кірісінің және есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл үшін орташа алынған, жыл сайын осы сомаға есепке жазылатын инвестициялық кірістің елу пайызы есебінен жыл сайын қалыптастырылады.

      Тұрақтандыру функциясын іске асыру мақсатында ҰБ қаржы нарығындағы қалыптасқан жағдайға байланысты ҰБ Басқармасы белгілеген тәртіппен ҚРҰҚ-ның активтерін айырбастауды және қайта айырбастауды жүргізеді. Бұл операциялар кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді бөлу үшін жүргізіледі және ҰБ-ның интервенцияларына жатпайды. ҚРҰҚ-дан кепілдендірілген және нысаналы трансферттер бюджеттік рәсімдерге сәйкес республикалық бюджет арқылы өтуге тиіс.

      Мыналарды:

      әрбір жағдайда тиісті сараптамадан (жобаны бағалауды қоса алғанда) өткеннен кейін және қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде Мемлекет басшысының тікелей келісімін ала отырып, аталған жобалар үшін эмиссияланатын Қордың борыштық бағалы қағаздарын сатып алу жолымен жалпыелдік маңызы бар жобаларды іске асыруды;

      республикалық бюджетті қаржыландыру үшін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының және "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" акционерлік қоғамының акцияларын Үкіметтің шешімі бойынша оның нарықтық құнына дисконтпен, халықаралық SPO (Secondary public offering) жүргізу кезінде ҚРҰҚ үлесін басым түрде өткізу құқығымен сатып алуды қоспағанда, ҚРҰҚ-дан мемлекеттік, квазимемлекеттік және жекеше секторлар субъектілерінің қазақстандық бағалы қағаздарын сатып алуға, қазақстандық компаниялардың акциялар пакеттерін, қатысу үлестерін сатып алуға, екінші деңгейдегі банктерді қорландыруға, заңды және жеке тұлғаларға тікелей кредит беруге, активтерді міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалануға, сондай-ақ ҚРҰҚ-дан квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін нарықтық емес (жеңілдікті) шарттарда мемлекет қаржыландыруды тартуға тыйым салынады.

      ҚРҰҚ қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын жалпыелдік маңызы бар жобаларға сараптама (оларды бағалауды қоса алғанда), сондай-ақ осындай жобаларды қаржыландырудың баламалы көздерін қарау Үкімет айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.

      ҚРҰҚ-дан алынған облигациялық қарыздар түріндегі қаражат мынадай шарттарда бөлінеді:

      ұлттық валютадағы облигациялық қарыздар - соңғы есепті жылдың соңындағы жағдай бойынша қолда бар соңғы деректерге сәйкес Қазақстан Республикасындағы соңғы он жылдағы орташа жылдық инфляциядан төмен емес мөлшерлеме бойынша;

      АҚШ долларындағы облигациялық қарыздар - ҰБ Басқармасы бекіткен ҚРҰҚ бойынша соңғы тоқсандық есептің деректеріне сәйкес соңғы он жылдағы ҚРҰҚ активтерінің орташа жылдық инвестициялық кірістілігінен төмен емес, бірақ алдыңғы тоқсанның соңындағы жағдай бойынша тиісті айналыс мерзімі бар АҚШ МБҚ кірістілігінен төмен емес мөлшерлеме бойынша;

      ҚРҰҚ-дан қаржыландыру үлесі талап етілетін қаржыландырудың жиынтық көлемінің 50%-ынан аспайды;

      облигациялық қарыздардың шекті мерзімі жиырма жылдан аспайды;

      облигациялардың айналысы кезеңінде негізгі борышты ішінара өтеу бойынша міндеттеменің болуы;

      қарызды нысаналы мақсаты бойынша пайдаланғаннан кейін оны ішінара және (немесе) толық мерзімінен бұрын өтеу міндеттемесі.

      2024 жылға дейін бөлінген қаражатты қоса алғанда, ҚРҰҚ-дан алынған облигациялық қарыздардан түскен қаражат облигация эмиссиясы проспектісінде белгіленген нысаналы мақсатқа қатаң сәйкестікте пайдаланылуға тиіс.

      Облигациялық қарыздың нысаналы мақсатын және (немесе) өтеу мерзімін өзгерту осы Тұжырымдамада көзделген ережелерге сәйкес жаңа қарыз бөлу жолымен жүзеге асырылады.

      ҚРҰҚ-ның есебі мен есептілігінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борыштық бағалы қағаздарын көрсету халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес бастапқы тану кезіндегі әділ (нарықтық) құны бойынша жүзеге асырылады.

      Бюджет пен ҚРҰҚ теңгерімділігін қамтамасыз етуге осы Тұжырымдамада көзделген бюджеттік қағидаларда белгіленген шектеулер есебінен қол жеткізілетін болады.";

      "ҚРҰҚ пайдалану бойынша шектеулер" деген тараудың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мыналарды:

      әрбір жағдайда тиісті сараптамадан (жобаны бағалауды қоса алғанда) өткеннен кейін және қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде Мемлекет басшысының тікелей келісімін ала отырып, аталған жобалар үшін эмиссияланатын Қордың борыштық бағалы қағаздарын сатып алу жолымен жалпыелдік маңызы бар жобаларды іске асыруды;

      республикалық бюджетті қаржыландыру үшін "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының және "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" акционерлік қоғамының акцияларын Үкіметтің шешімі бойынша оның нарықтық құнына дисконтпен, халықаралық SPO (Secondary public offering) жүргізу кезінде ҚРҰҚ үлесін басым түрде өткізу құқығымен сатып алуды қоспағанда, ҚРҰҚ қаражатын қазақстандық эмитенттердің ішкі қаржы құралдарына инвестициялауды қоса алғанда, ҚРҰҚ қаражатын кез келген өзгеше пайдалануға, сондай-ақ ҚРҰҚ-дан берілетін нысаналы трансферттер есебінен мемлекеттің ағымдағы шығыстарын қаржыландыруға/қоса қаржыландыруға тыйым салынады.".

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады