Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге жіберілетін делегациялардың құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 10 шілдедегі № 596 Жарлығы.

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге жіберілетін делегациялардың құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның жобасы мақұлдансын.

      2. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге жіберілетін делегациялардың құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2024 жылғы 10 шілдедегі
№ 596 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге
жіберілетін делегациялардың құқықтық мәртебесі туралы
КОНВЕНЦИЯ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер,

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы барлық мемлекеттердің егемендік теңдігіне, достық, тату көршілік, ұлтаралық келісім, сенім мен өзара түсіністік қатынастарын нығайтуға қатысты Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын назарға ала отырып,

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге жіберілетін делегациялардың құқықтық мәртебесі туралы конвенция Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің халықаралық өзара достық іс-қимылын және өзара тиімді ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді деп есептей отырып,

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (бұдан әрі - Достастық) қатысушы мемлекеттердің делегацияларына қатысты артықшылықтар мен иммунитеттер жекелеген адамдардың пайдасы үшін емес, делегациялардың алдында тұрған міндеттердің тиімді орындалуын қамтамасыз ету үшін берілетінін ұғына отырып, әдеттегі халықаралық құқық нормалары осы Конвенцияның ережелерінде көзделмеген мәселелерді реттеуді жалғастыратынын растай отырып, төмендегілер туралы келісті:

Жалпы ережелер

1-бап

Қолданылатын терминдер

      Осы Конвенцияның мақсаты үшін төмендегі терминдер мыналарды білдіреді:

      а) делегация - мемлекет атынан өкілдік ететін, бір мемлекет басқа мемлекетке осы немесе үшінші мемлекетпен келіссөздер жүргізу, кездесулер, консультациялар өткізу үшін немесе белгілі бір міндеттерді орындау үшін, сондай-ақ Достастықтың іс-шараларына қатысу мақсатында жіберетін уақытша делегация;

      б) дипломатиялық өкілдік - 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясының мағынасы бойынша дипломатиялық өкілдік;

      в) консулдық мекеме - 1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының мағынасы бойынша кез келген бас консулдық, консулдық, вице-консулдық немесе консулдық агенттік;

      г) делегация басшысы - жіберуші мемлекет осы қызметте іс-әрекет ету міндетін жүктеген тұлға;

      д) делегация мүшесі - жіберуші мемлекет осы қызметті тапсырған кез келген тұлға;

      е) Достастықтың органы - Достастықтың жарғылық немесе өзге де органы;

      ж) Достастықтың іс-шарасы - кез келген іс-шара, атап айтқанда: жоғары және ең жоғары деңгейдегі кездесу, халықаралық конференция, Достастықтың шеңберінде немесе Достастықтың аясында өткізілетін мәдени немесе өзге де іс-шара, сондай-ақ Достастық органының сессиясы немесе отырысы;

      з) ресми хат-хабар - делегацияға және оның функцияларына қатысты барлық хат-хабарлар.

2-бап

Делегацияны басқа мемлекетке жіберу

      1. Мемлекет делегацияны басқа мемлекетпен дипломатиялық немесе басқа да келісілген арналар арқылы алдын ала алынған осы басқа мемлекеттің келісімімен жібереді.

      2. Осы Конвенцияның 7-бабына сәйкес жіберуші мемлекет делегацияны Достастықтың іс-шарасына қатысу үшін жіберген кезде бұл туралы Достастықтың тиісті органын хабардар етеді. Бұл ретте қабылдаушы мемлекеттің келісімі талап етілмейді.

3-бап

Дипломатиялық немесе консулдық қатынастардың болмауы

      Дипломатиялық немесе консулдық қатынастардың болуы делегацияны жіберу немесе қабылдау үшін қажет болып табылмайды. Жіберуші мемлекет пен қабылдаушы мемлекет арасындағы дипломатиялық немесе консулдық қатынастардың үзілуі өз алдына қарым-қатынастар үзілген кезде болған делегациялардың қызметі мен мәртебесінің тоқтатылуына алып келмейді.

4-бап

Делегация мүшелерін тағайындау

      1. Осы Конвенцияның 6-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жіберуші мемлекет қабылдаушы мемлекетке алдын ала хабарлай отырып, делегация мүшелерін өз үйғарымы бойынша тағайындай алады, ал Достастық органының жұмысына қатысу үшін делегация жіберілген жағдайда осы органға, сондай-ақ қабылдаушы мемлекетке делегацияның саны мен құрамы, атап айтқанда, ол тағайындауға ниет еткен адамдардың аты-жөні мен лауазымы туралы барлық қажетті ақпаратты жібереді.

      2. Қабылдаушы мемлекет себептерін хабарламай, кез келген адамның делегация мүшесі ретінде қатысуына келіспеуі мүмкін.

      3. Осы баптың 2-тармағының ережелері Достастықтың іс-шараларына қатысатын делегацияға қолданылмайды.

5-бап

Делегация құрамы

      1. Делегация делегацияның бір немесе бірнеше мүшесінен тұруы мүмкін, жіберуші мемлекет олардың біреуін делегацияның басшысы ретінде тағайындай алады.

      2. Қабылдаушы мемлекеттегі дипломатиялық өкілдіктің қызметкері немесе консулдық мекеменің жұмыскері делегация құрамына кірген кезде, ол осы Конвенцияда берілген артықшылықтар мен иммунитеттерден басқа, дипломатиялық өкілдіктің қызметкері немесе консулдық мекеменің жұмыскері ретінде өзінің артықшылықтары мен иммунитеттерін сақтайды.

6-бап Азаматтық

      1. Осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, делегация мүшелері жіберуші мемлекеттің азаматтары болуға тиіс.

      2. Қабылдаушы мемлекеттің қарсылықтары болмаған кезде оның азаматтары, үшінші мемлекеттердің азаматтары не азаматтығы жоқ адамдар жіберуші мемлекет делегациясының құрамына тағайындалуы мүмкін. Қабылдаушы мемлекет кез келген уақытта жіберуші мемлекетке тиісті қарсылық жібере алады.

7-бап

Хабарламалар

      1. Қабылдаушы мемлекеттің Сыртқы істер министрлігі немесе оған қатысты тиісті уағдаластығы бар басқа да органы мүмкіндігінше дипломатиялық хат алмасу арқылы:

      а) делегацияның кұрамы және оның кез келген кейінгі өзгерістері;

      б) делегация мүшелерінің келуі мен түпкілікті кетуі және олардың делегациядағы функцияларын тоқтатуы;

      в) қабылдаушы мемлекеттің азаматтары болып табылатын немесе онда тұрақты түрде тұратын адамдарды делегация мүшелері ретінде тағайындау және алып тастау;

      г) делегация басшысы мен оның орынбасарларын тағайындау;

      д) осы Конвенцияның 13 және 14-баптарына сәйкес қол сұғылмаушылық пайдаланылатын орынжайлардың орналасқан жері туралы, сондай-ақ осындай орынжайларды сәйкестендіру үшін қажетті барлық деректер туралы алдын ала хабардар етіледі.

      2. Делегация Достастық органының жұмысына қатысу үшін жіберілген жағдайда, осындай хабарлама осы органның төрағасына немесе оның хатшылығына, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігіне немесе қабылдаушы мемлекеттің оған қатысты тиісті уағдаластығы бар басқа да органына жіберілуге тиіс.

8-бап

Persona non grata немесе қолайсыз деп жарияланған адамдар

      1. Қабылдаушы мемлекет кез келген уақытта өз шешімін дәлелдеуге міндетті болмай, жіберуші мемлекетке делегация мүшелерінің кез келгені persona non grata немесе қолайсыз адам болып табылатынын хабарлай алады. Мұндай жағдайда жіберуші мемлекет тиісінше осы адамды кері шақырып алуға немесе оның делегациядағы функцияларын тоқтатуға тиіс.

      2. Егер жіберуші мемлекет қабылдаушы мемлекет белгілеген мерзім ішінде осы баптың 1-тармағында көзделген өз міндеттемелерін орындаудан бас тартса немесе орындамаса, қабылдаушы мемлекет осы адамды делегация мүшесі деп танудан бас тартуы мүмкін.

9-бап

Ресми істер жүргізілетін қабылдаушы мемлекеттің органы

      1. Жіберуші мемлекет делегацияға тапсырған қабылдаушы мемлекетпен барлық ресми істер Сыртқы істер министрлігімен немесе осы министрлік арқылы не қабылдаушы мемлекеттің оған қатысты уағдаластығы бар басқа органымен жүргізіледі.

      2. Делегация Достастық органының жұмысына қатысқан жағдайда, барлық ресми істер осы органмен оның басшысы (төрағасы) немесе Достастықтың уәкілетті лауазымды адамы арқылы жүргізіледі.

10-бап

Делегацияның жіберуші мемлекеттің туы мен эмблемасын пайдалану құқығы

      1. Егер делегацияны 11-бапта аталған адамдардың бірі басқарса, ол делегация орналасқан орынжайларда, сондай-ақ ресми мақсаттарда пайдаланылған кезде оның көлік құралдарында жіберуші мемлекеттің туы мен эмблемасын пайдалана алады.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген құқықтарды жүзеге асыру кезінде қабылдаушы мемлекеттің заңдары, қағидалары мен әдет-ғұрыптары назарға алынуға тиіс.

Делегация мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері

11-бап

Мемлекет басшысының және жоғары дәрежелі адамдардың мәртебесі

      1. Делегацияны басқаратын жіберуші мемлекеттің басшысы қабылдаушы мемлекетте немесе осы Конвенцияға қатысушы үшінші мемлекетте басқа мемлекетке ресми сапармен баратын мемлекет басшылары үшін халықаралық құқықпен танылатын жеңілдіктерді, артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.

      2. Үкімет басшысы, Сыртқы істер министрі және жіберуші мемлекеттің делегациясына қатысатын басқа да жоғары дәрежелі адамдар қабылдаушы мемлекетте немесе осы Конвенцияға қатысушы үшінші мемлекетте осы Конвенцияның күшімен оларға берілгеннен басқа, халықаралық құқықпен танылған жеңілдіктерді, артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.

12-бап

Жалпы артықшылықтар

      Қабылдаушы мемлекет делегацияның сипаты мен міндеттерін ескере отырып, делегацияға оның функцияларын орындау үшін қажетті мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.

13-бап

Орынжайлар

      1. Қабылдаушы мемлекет делегация тарапынан өтініш білдірілген жағдайда оған қажетті орынжайларды, сондай-ақ делегация мүшелері үшін қолайлы тұрғын орынжайларды іздеуде және іріктеуде жәрдем көрсетуге тиіс.

      2. Делегацияның орынжайлары осы Конвенцияда, жалпы халықаралық құқықтың басқа да нормаларында немесе жіберуші мемлекет пен қабылдаушы мемлекет арасында қолданылатын қандай да бір арнаулы келісімдерде түсінілетін, делегацияның функцияларына сәйкес келмейтін мақсаттарда пайдаланылмауға тиіс.

14-бап

Орынжайларға қол сұғылмаушылық

      1. Делегация орналасатын орынжайлар, оның ішінде тұрғын үйлер, керек-жарақтар мен басқа да мүліктер, сондай-ақ олар қызметтік қажеттілік үшін пайдаланатын көлік құралдары тінту, реквизициялау, тыйым салу және атқарушылық іс-әрекеттерден иммунитетті пайдаланады.

      2. Қабылдаушы мемлекет делегация орналасқан орынжайларға басып кіруді, залал келтіруді, делегацияның тыныштығын бұзуды немесе оның мүшелерінің қадір-қасиетін қорлауды болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдайды.

15-бап

Жүріп-тұру еркіндігі

      Егер бұл мемлекеттік қауіпсіздік пайымдары бойынша кіруге тыйым салынатын немесе реттелетін аймақтар туралы заңдар мен ережелерге қайшы келмесе, қабылдаушы мемлекет делегацияның барлық мүшелеріне делегация функцияларын орындау үшін қажет шамада оның аумағында жүріп-түру және қозғалу еркіндігін қамтамасыз етуге тиіс.

16-бап

Қарым-қатынастар еркіндігі

      1. Қабылдаушы мемлекет делегацияның барлық ресми мақсаттары үшін қарым-қатынастар еркіндігіне рұқсат береді және қорғайды. Жіберуші мемлекеттің үкіметімен, оның дипломатиялық өкілдіктерімен, консулдық мекемелерімен және басқа делегациялармен немесе сол делегацияның жекелеген топтарымен қарым-қатынастарды жүзеге асырған кезде қай жерде орналасса да делегация, дипломатиялық поштаны, курьерлік қызметтерді және кодталған немесе шифрланған шұғыл хабарларды қоса алғанда, барлық қолайлы құралдарды пайдалана алады.

      2. Делегацияның құжаттарына (оның ішінде олардың электронды түрдегі тасымалдағыштарына) кез келген уақытта және олардың орналасқан жеріне қарамастан қол сұғылмайды. Олардың көрінетін сыртқы айырым белгілері болуға тиіс.

      3. Делегацияның ресми хат-хабарларына қол сұғылмайды.

      4. Делегацияның поштасы ашылуға да, ұсталуға да жатпайды.

      5. Делегация поштасын құрайтын барлық орындарда олардың сипатын білдіретін көрінетін сыртқы белгілері болуға тиіс және олар делегацияның ресми пайдалануына арналған құжаттар мен заттарды ғана қамтуы мүмкін.

      6. Мәртебесі мен поштаны құрайтын орындар саны көрсетілген ресми құжатпен жабдықталуға тиіс делегацияның курьері өз міндеттерін атқару кезінде қабылдаушы мемлекеттің қорғауын пайдаланады. Ол жеке басына қол сұғылмаушылықты пайдаланады және қандай да бір нысанда болмасын қамауға алынбайды немесе ұсталмайды.

      7. Жіберуші мемлекет немесе делегация ad hoc курьерлерін тағайындай алады. Мұндай жағдайларда, осы баптың 6-тармағының ережелері де, онда айтылған иммунитеттер ad hoc курьердің өзіне сеніп тапсырылған делегация поштасын тиісті жеріне жеткізген сәтінде тоқтатылатындығын қоспағанда, қолданылады.

      8. Делегацияның поштасы келуіне рұқсат берілген портқа немесе әуежайға бет алған кеме немесе азаматтық ұшақ командиріне сеніп тапсырылуы мүмкін. Командир поштаны құрайтын орындардың саны көрсетілген ресми құжатпен жабдықталуы тиіс, алайда ол делегацияның курьері болып саналмайды. Құзыретті органдармен уағдаластық бойынша делегация өз мүшелерінің бірін поштаны кеме немесе ұшақ командирінен тікелей және кедергісіз қабылдауға жібере алады.

17-бап

Делегация мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері

      1. Осы Конвенцияның 21-бабының ережелерін ескере отырып, делегация мүшелері ресми функцияларды орындау кезінде және қабылдаушы мемлекеттің аумағында ұйымдастырылатын іс-шараларға, оның ішінде Достастық іс-шараларын өткізу орнына бет алған кезде, сондай-ақ қабылдаушы мемлекеттен барған кезде:

      а) олардың осы қызметті атқару барысында жасайтын барлық әрекеттеріне қатысты жеке қамауға алудан немесе ұстаудан, сондай-ақ сот және әкімшілік органдардың юрисдикциясынан иммунитетті пайдаланады;

      б) болу мемлекетіне кіру және одан шығу жөніндегі шектеулерден, шетелдіктер ретінде тіркелуден және уақытша тұруға рұқсат алудан босатылады.

      2. Делегация мүшелері пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттер оларға жеке пайдасы үшін емес, өз мемлекетінің мүддесі үшін өздерінің ресми функцияларын тиімді, тәуелсіз орындауы үшін беріледі.

18-бап

Кедендік рәсімдер

      1. Қабылдаушы мемлекет өзінің заңнамасында белгіленген халықаралық міндеттемелер мен рәсімдерге сәйкес кеден органдары алатын кедендік, салық және өзге де төлемдерді төлеуден босата отырып, делегацияның ресми пайдалануына арналған заттарды әкелуге рұқсат береді.

      2. Делегация мүшесінің жеке жүгі, егер оның құрамында осы баптың 1-тармағында аталған алып қою қолданылмайтын заттар немесе әкелуге немесе әкетуге заңмен тыйым салынған немесе қабылдаушы мемлекеттің карантиндік қағидаларымен реттелетін заттар бар деп болжауға елеулі негіздер болмаса, жете тексеруден босатылады. Мұндай жете тексеру осы адамның немесе оның уәкілетті өкілінің қатысуымен ғана жүргізілуге тиіс.

      Тараптардың әрқайсысы делегация мүшелеріне қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес кедендік, салықтық және өзге де төлемдерді төлеуден босата отырып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес, өздерінің жеке қажеттіліктеріне арналған заттарды әкелуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

19-бап

Қабылдаушы мемлекеттің азаматтары және қабылдаушы мемлекеттің
аумағында тұрақты тұратын адамдар

      Қабылдаушы мемлекеттің азаматы болып табылатын немесе онда тұрақты тұратын делегация мүшесі өз функцияларын орындау кезінде өзі жасаған немесе жасайтын ресми әрекеттерге қатысты юрисдикциядан иммунитетті және қол сұғылмаушылықты ғана пайдаланады.

20-бап

Иммунитеттен бас тарту

      1. Жіберуші мемлекет өз делегациясының мүшесі үшін юрисдикциядан иммунитеттен бас тарта алады.

      2. Бас тарту әрқашан анық көрсетілуге тиіс.

      3. Делегация мүшесінің өтініші бойынша сот ісін қозғау оның негізгі талап қоюға тікелей байланысты қарсы талап қоюларға қатысты юрисдикциядан иммунитетке сілтеме жасау құқығынан айырады.

      4. Азаматтық немесе әкімшілік іске қатысты юрисдикция иммунитетінен бас тарту шешімді орындауға қатысты иммунитеттен бас тартуды білдірмейді, ол үшін ерекше бас тарту талап етіледі.

21-бап

Артықшылықтар мен иммунитеттердің қолданылуының ұзақтығы

      1. Делегацияның әрбір мүшесі делегацияда өз функцияларын жүзеге асыру мақсатында қабылдаушы мемлекеттің аумағына кірген сәттен бастап немесе егер делегациялар құрамына оны тағайындау туралы Сыртқы істер министрлігіне немесе оған қатысты уағдаластық бар қабылдаушы мемлекеттің басқа органына хабарланған сәттен бастап ол осы аумақта болса өзінің құқығы бар артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.

      2. Егер делегация мүшесінің функциялары аяқталса, онда оның артықшылықтары мен иммунитеттері қабылдаушы мемлекеттің аумағынан кеткен сәтте немесе осы мақсат үшін берілген ақылға қонымды мерзім өткеннен кейін ресми түрде тоқтатылады, бірақ осы уақытқа дейін олар қолданылуын жалғастырады. Делегацияның осындай мүшесінің өз функцияларын орындау кезінде жасаған әрекеттеріне қатысты иммунитет мерзімдерін шектеусіз қолданылуын жалғастырады.

22-бап

Делегация мүшесі қайтыс болған жағдайда оның мүлкі

      Делегация мүшесі қайтыс болған жағдайда, егер қайтыс болған адам қабылдаушы мемлекеттің азаматы болмаса немесе онда тұрақты түрде тұрмаса, қабылдаушы мемлекет осы елде сатып алынған және ол қайтыс болғанға дейін әкетуге тыйым салынған барлық мүлікті қоспағанда, қайтыс болған адамның жылжымалы мүлкін әкетуге рұқсат беруге тиіс.

23-бап

Қабылдаушы мемлекеттің заңнамасын құрметтеу

      Адамдардың артықшылықтары мен иммунитеттеріне нұқсан келтірместен, осы Конвенцияға сәйкес осындай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын барлық адамдар қабылдаушы мемлекеттің заңнамасын құрметтеуге міндетті. Сондай-ақ олар осы мемлекеттің ішкі істеріне араласпауға міндетті.

24-бап

Кемсітушілікке жол бермеу

      1. Осы Конвенцияның ережелерін қолдану кезінде мемлекеттер арасында кемсітушілікке жол берілмейді.

      2. Алайда, егер:

      а) қабылдаушы мемлекет осы ереженің жіберуші мемлекетте оның делегациясына шектеліп қолданылуына байланысты осы Конвенцияның қандай да бір ережелерін шектеп қолданса;

      б) мемлекеттер өзара рәсімдер немесе келісім бойынша өз делегациялары үшін артықшылықтар мен иммунитеттердің көлемін өзгертсе, бірақ мұндай өзгеріс басқа мемлекеттерге қатысты қолданылмайды, мұндай өзгеріс осы Конвенцияның объектісіне және мақсатына сәйкес келмесе және үшінші мемлекеттердің өз құқықтарын жүзеге асыруына немесе олардың өз міндеттемелерін орындауына әсер етпесе, кемсітушілік орын алды деп саналмайды.

Қорытынды ережелер

25-бап. Басқа халықаралық шарттармен арақатынас

      Осы Конвенцияның ережелері Тараптар қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттарға, халықаралық құқыққа, мемлекеттердің заңнамасына және практикасына сәйкес Тараптардың делегацияларына үлкен көлемде берілетін жеңілдіктерді, артықшылықтар мен иммунитеттерді қозғамайды.

26-бап

Өзгерістер енгізу

      Тараптардың келісімі бойынша осы Конвенцияға оның ажырамас бөлігі болып табылатын, осы Конвенцияның 28-бабына сәйкес күшіне енетін тиісті хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

27-бап

Дауларды шешу

      Осы Конвенцияның ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер Тараптар арасындағы консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.

28-бап

Күшіне енуі

      1. Осы Конвенция оған қол қойған Тараптардың оның күшіне енуіне қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы үшінші хабарламаны депозитарий алған күнінен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Мемлекетішілік рәсімдерді кейінірек орындаған Тараптар үшін осы Конвенция депозитарий тиісті құжаттарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң күшіне енеді.

29-бап

Қосылу

      Осы Конвенция депозитарийге қосылу туралы құжатты беру арқылы оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының кез келген мемлекетінің қосылуы үшін ашық.

      Қосылатын мемлекет үшін Конвенция:

      а) егер депозитарийге қосылу туралы құжаттарды тапсыру сәтінде Конвенция күшіне енсе, депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап 30 күн өткен соң;

      б) егер депозитарийге қосылу туралы құжаттарды тапсыру сәтінде Конвенция күшіне енбесе, Конвенция күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.

30-бап

Конвенциядан шығу

      Әрбір Тарап бұл туралы депозитарийді жазбаша хабардар ете отырып, осы Конвенциядан шығуға құқылы.

      Мұндай Тарапқа қатысты Конвенция тиісті хабарламаны депозитарий алған күннен бастап 6 айдан кейін қолданысын тоқтатады.

      202 жылғы қаласында

      орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды. Төлнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Келісімге қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

      Әзербайжан Республикасы үшін Ресей Федерациясы үшін
      Армения Республикасы үшін Беларусь Республикасы үшін
      Қазақстан Республикасы үшін Қырғыз Республикасы үшін
      Молдова Республикасы үшін Тәжікстан Республикасы үшін
      Түрікменстан үшін Өзбекстан Республикасы үшін
      Украина үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады