Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкiметі актiлерiнiң жинағында жариялануға тиiс |
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа тергеп-тексерулер жүргізу және арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау туралы шешімдер қабылдау кезіндегі ерекше тетікке қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа тергеп-тексерулер жүргізу және арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау туралы шешімдер қабылдау кезіндегі ерекше тетікке қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы хаттамаға Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 4 қыркүйектегі № 639 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа тергеп-тексерулер жүргізу және арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау туралы шешімдер қабылдау кезіндегі ерекше тетікке қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 115-бабын басшылыққа ала отырып, төмендегілер туралы келісті:
1-бап
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) 102-бап мынадай мазмұндағы 6-тармақпен толықтырылсын:
"6. Қабылдануы Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы хаттаманың (осы Шартқа № 8 қосымша) 291-тармағының үшінші және жетінші абзацтарында көзделген Комиссия актілері күшіне енгенге дейін кеден органына әкелінген тауардың оқшауланған бәсекелес нарыққа кірмейтін мүше мемлекеттің аумағында тұтынылуын растауды ұсынуға болатын мерзімдер мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалады.";
2) Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің II бөлімі (көрсетілген Шартқа № 1 қосымша) мынадай мазмұндағы 301тармақпен толықтырылсын:
"301. Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы хаттаманың (Шартқа № 8 қосымша) VIII бөлімінде көзделген ерекше тетік ескеріле отырып, осы Ереженің 30-тармағының ережелері осындай тетікті қолдану кезеңінде Комиссия Алқасының арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау мәселелері жөніндегі шешімдеріне қолданылады.";
3) Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы хаттамада (көрсетілген Шартқа № 8 қосымша):
VIII бөлім мынадай редакцияда жазылсын:
"VIII. Тергеп-тексерулер жүргізу және арнайы қорғау, демпингке
қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау туралы
шешімдер қабылдау кезіндегі ерекше тетік
1. Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану
немесе қолданбау туралы шешімдерге Еуразиялық экономикалық комиссия
туралы ереженің 30-тармағын қолдану ерекшеліктері
275. Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (Шартқа № 1 қосымша) 30-тармағына сәйкес енгізілген Комиссия Алқасының арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын қолдану (қолданбау) туралы шешімінің күшін жою немесе оған өзгерістер енгізу туралы ұсыныста Комиссия Алқасының шешімінің осындай күшін жоюдың немесе оған өзгерістер енгізудің (өзгерістер енгізу туралы ұсыныс енгізілген жағдайда - осындай өзгерістер көрсетіле отырып) экономикалық негіздемесі қамтылуға тиіс.
276. Комиссия Алқасының арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын қолдану (қолданбау) туралы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (Шартқа № 1 қосымша) 30-тармағының төртінші немесе бесінші абзацтарына сәйкес ұыныс енгізілген шешімі күшіне енбейді және мәселені Үкіметаралық кеңестің қарауы және осындай қарау қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылдау үшін қажетті мерзімге не Комиссия Алқасының осы шешіміне осы Хаттаманың 282-тармағына сәйкес Одақ Сотының қорытындысында қамтылған тұжырымдар негізге алына отырып қабылданған өзгерістер күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
277. Тергеп-тексеру жүргізетін орган Комиссия Алқасының осы Хаттаманың 276-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрған шешімін оның теңгерімділік қағидатына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында өзгерту жөніндегі ұсыныстармен қорытынды дайындайды.
278. Теңгерімділік қағидаты осы Хаттамаға сәйкес мүше мемлекеттердің экономика саласының мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету кезінде мүше мемлекеттің экономикалық негіздемесінде баяндалған оның мүдделеріне нұқсан келтірудің негізделген тәуекелдерін жоққа шығаруды білдіреді.
279. Мүше мемлекеттің мүдделеріне нұқсан келтірудің негізделген тәуекелдерін жоққа шығару бөлігінде теңгерімділік қағидатын сақтау өлшемшарттары осындай негізделген тәуекелдердің сипатына қарай мынадай шараларды қолдану болып табылады:
1) өтініш беруші болып табылатын өндірушілер мен өтінішті қолдаған өндірушілер үшін, сондай-ақ нарықта үстем жағдайға ие өндірушілер үшін мүше мемлекеттердің тұтынушыларын кемсітуге, тауардың мүше мемлекеттердің тұтынушыларына физикалық жағынан және (немесе) бағасы бойынша қолжетімсіздігіне жол бермеу жөніндегі мінез-құлық ұсынымдары, бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеуді қоса алғанда, өзге де қажетті шарттар;
2) өндірушілердің мінез-құлық ұсынымдарын сақтауы және нарықтағы ахуалды талдау тұрғысынан Комиссия Алқасының шешімін іске асыру мониторингі;
3) мінез-құлық ұсынымдарының елеулі бұзушылықтары және (немесе) нарықтағы ахуалдың келеңсіз өзгеру тәуекелдері іске асырылған кезде арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын өзгерту немесе оның күшін жою мақсатында қайта тергеп-тексеру жүргізу.
280. Тергеп-тексеру жүргізетін органның қорытындысы мүше мемлекеттің экономикалық негіздемесінде баяндалған тәуекелдерді (оның ішінде мүше мемлекеттердің тұтынушыларын кемсіту, нарық құрылымын және басқа да тәуекелдерді ескергенде тауардың қолжетімсіздігінің туындау тәуекелдерін) және мүше мемлекеттердің экономика саласының мүдделерін жиынтық талдау нәтижелеріне негізделуге тиіс.
281. Үкіметаралық кеңес шешім қабылдаған кезде консенсус болмаған жағдайда өзара қолайлы шешімді іздестіру және тұжырымдау үшін мәселе Үкіметаралық кеңестің қайта қарауына шығарылады.
Үкіметаралық кеңес өзара қолайлы шешімге қол жеткізген жағдайда осы Хаттаманың 276-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрған Комиссия Алқасының шешімі Үкіметаралық кеңестің шешіміне сәйкес оған өзгерістер енгізілгеннен кейін күшіне енеді.
282. Қайта қараған кезде Үкіметаралық кеңестің өзара қолайлы шешімі болмаған кезде Комиссия Одақ Соты Статутының (Шартқа № 2 қосымша) 46-тармағына сәйкес Комиссия Алқасының шешімінде (тергеп-тексеру жүргізетін органның қорытындысына негізделген оған ұсынылатын толықтырулармен және өзгерістермен) осы Хаттаманың 277 - 280-тармақтарына сәйкес теңгерімділік қағидатының сақталуы тұрғысынан түсіндіру туралы өтінішпен Одақ Сотына жүгінеді.
Комиссия Алқасы белгіленген тәртіппен мәселені қайта қарайды және осы Хаттаманың 276-тармағына сәйкес тоқтатыла тұрған Комиссия Алқасының шешімін Одақ Сотының қорытындысында қамтылған тұжырымдармен сәйкес келтіреді. Мұндай шешім белгіленген тәртіппен күшіне енеді.
283. Осы Хаттаманың 277 - 282-тармақтарында көзделген рәсімдерді іске асыру осы Хаттаманың 281 және 282-тармақтарында көзделген Комиссия Алқасының өзгертілген шешімін қабылдау үшін қажет болатын мерзімде, бірақ осы Хаттаманың 276-тармағына сәйкес Комиссия Алқасы шешімінің күшіне енуі тоқтатыла тұрған күннен бастап 12 айдан кешіктірілмей жүзеге асырылады.
284. Егер осы Хаттаманың 282-тармағына сәйкес қабылданған Комиссия Алқасының шешіміне қатысты Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (Шартқа № 1 қосымша) 30-тармағының төртінші немесе бесінші абзацтарына сәйкес ұсыныс енгізілсе, өзара қолайлы шешімді іздестіру және тұжырымдау үшін мәселе осы Хаттаманың 276 - 282-тармақтарында көзделген рәсімдер өткізілмей Жоғары кеңестің таяудағы отырысында қарау үшін шығарылады.
2. Осы Хаттаманың 282 немесе 284-тармақтарына сәйкес күшіне енген
Комиссия Алқасының шешімінің іске асырылуының мониторингі
285. Комиссия осы Хаттаманың 282 немесе 284-тармағына сәйкес күшіне енген Комиссия Алқасының шешімі негізінде қолданылатын арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасының қолданыс мерзімінің әрбір 12 айы өткен соң аталған шараның тауарды тұтынушыларға әсері және өндіруші-өтініш берушілердің арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасының қабылдануына байланысты экономика саласының құбылмалы экономикалық жағдайларға бейімделуіне ықпал ететін шараларды іске асыруы тұрғысынан мониторинг жүргізеді.
Әрбір осындай мониторингтің нәтижелері туралы баяндаманы Комиссия Үкіметаралық кеңестің қарауы үшін ұсынады.
3. Комиссия Алқасының арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы
шараларын қолдану немесе қолданбау туралы шешімдерді қабылдау
ерекшеліктері
286. Егер Комиссия Алқасы мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша тергеп-тексеру жүргізетін орган ұсынатын арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын қолдану туралы шешім қабылданбаса, Комиссия Алқасының қарауына Комиссия Алқасы мүшелерінің дәлелді қарсылықтары негізінде белгіленген тәртіппен қабылданатын шараны қолданбау туралы шешімнің жобасы енгізіледі.
Құпия сипаттағы мәліметтерді қоспағанда, тергеп-тексеру жүргізетін орган ұсынған арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын қолдануға қарсы дауыс берген Комиссия Алқасының әрбір мүшесінің жазбаша дәлелді қарсылықтары Комиссия Алқасының шараны қолданбау туралы шешімімен бірге Одақтың Интернет желісіндегі ресми сайтында жарияланады.
4. Өндірушілерге арналған мінез-құлық ұсынымдары
287. Тергеп-тексеру жүргізетін орган өтініш беруші болып табылатын өндірушілер мен арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын қолдану туралы шешімнің ажырамас бөлігіне айналатын өтінішті қолдаған өндірушілер үшін мынадай жағдайлардың бірінде:
егер осы Хаттаманың 221-тармағына сәйкес жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша Комиссияның трансшекаралық нарықтардағы бәсекенің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау саласындағы уәкілетті құрылымдық бөлімшесі Одақтың тиісті тауар нарығындағы бәсекеге арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасының болжамды теріс әсері туралы тұжырым жасаса;
егер мүше мемлекеттің ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану саласындағы ұстанымды қалыптастыруға және Комиссияға жолдауға уәкілетті атқарушы билік органынан (бұдан әрі - құзыретті орган) тергеп-тексеру объектісі болып табылатын тауарды тұтынушыларды кемсіту және (немесе) нарық құрылымын ескере отырып тауарға қолжетімсіздіктің туындау тәуекелдерінің негіздемесімен өтініш түссе, мінез-құлық ұсынымдарын әзірлейді.
Комиссияның трансшекаралық нарықтағы бәсекенің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау саласындағы уәкілетті құрылымдық бөлімшесі тергеп-тексеру жүргізетін органға Одақтың тиісті тауар нарығындағы бәсекеге арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасының болжамды теріс әсері туралы тұжырыммен бірге мінез-құлық ұсынымдарының мазмұны бойынша ұсыныстар беруге құқылы.
288. Мінез-құлық ұсынымдары мүше мемлекеттердің тұтынушыларын кемсітуге және (немесе) мүше мемлекетте тауардың қолжетімсіздігінің туындауына жол бермеу жөніндегі шараларды, сондай-ақ өзге де қажетті шарттарды қамтуы мүмкін.
289. Тергеп-тексеру жүргізетін орган мінез-құлық ұсынымдарының елеулі бұзушылығын анықтаған жағдайда тергеп-тексеру басталған күннен бастап, әдетте, 6 айдан аспайтын барынша қысқа мерзімде қайта тергеп-тексеру жүргізеді, оның нәтижесі бойынша арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасы тауар нарығы үшін бұзушылықтар салдарының ауырлығына қарай өзгертіледі немесе оның күші жойылады.
5. Ақпарат жинау
290. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының тергеп-тексеру жүргізетін органның сұрау салуы бойынша ақпарат беруіне қатысты осы Хаттаманың VI бөлімінің ережелері осы бөлімде көзделген мониторингке қатысты қолданылады.
6. Демпингтік немесе субсидияланатын импорт жағдайында мүше мемлекеттердің экономика саласын айқындау ерекшеліктері
291. Егер мүше мемлекеттердің экономика саласы осы Хаттаманың 233-тармағында белгіленген мағынада түсінілсе, оқшауланған бәсекелес нарықтың аумағы бір немесе бірнеше мүше мемлекеттің аумағымен сәйкес келсе және тергеп-тексеру нәтижелері бойынша демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын қолдану туралы шешім қабылданса, мұндай шара қаралып отырған оқшауланған бәсекелес нарықтың аумағында тұтыну үшін жеткізілетін тауарлардың импортына ғана қатысты қолданылады.
Осы тармақтың бірінші абзацында көзделген шешімге сәйкес демпингке қарсы немесе өтемақы шарасы демпингке қарсы немесе өтемақы бажын енгізу арқылы қолданылған жағдайда мұндай бажды төлеу оқшауланған бәсекелес нарыққа кіретін мүше мемлекеттің аумағына әкелінетін және орналастыру шарты демпингке қарсы немесе өтемақы бажын төлеу болып табылатын кедендік рәсімдермен орналастырылатын тауарларға қатысты жүзеге асырылады.
Әкелінген тауардың оқшауланған бәсекелес нарыққа кірмейтін мүше мемлекеттің аумағында тұтынылғанын растауды беруге мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген атқарушы билік органы оны ұсынған кезде демпингке қарсы немесе өтемақы бажының сомасы осы Хаттамаға қосымшада көзделген тәртіппен қайтарылуға тиіс. Кеден органына осындай растауды ұсынуға болатын мерзім аралығын Комиссия айқындайды.
Демпингтік немесе субсидияланатын импорттың нысанасы болып табылатын тауардың оқшауланған бәсекелес нарыққа кірмейтін мүше мемлекеттің аумағында тұтынылуын растау тәртібін Комиссия айқындайды және мүше мемлекеттер заңнамасының қолданылуын көздеуі мүмкін.
Оқшауланған бәсекелес нарыққа кірмейтін мүше мемлекеттің аумағына әкелінетін және орналастыру шарты демпингке қарсы немесе өтемақы бажын төлеу болып табылатын кедендік рәсімдермен орналастыратын тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінде көзделген тәртіппен демпингке қарсы немесе өтемақы бажын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ұсынылады.
Демпингке қарсы немесе өтемақы бажын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету осындай тауарлар оқшауланған бәсекелес нарыққа кіретін мүше мемлекеттің аумағына әкелінген және мұндай тауар ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсіміне орналастырылған жағдайда төленуге тиіс болатын демпингке қарсы немесе өтемақы бажының сомасы мөлшерінде ақшалай қаражатпен (ақшамен) ұсынылады.
Әкелінген тауардың оқшауланған бәсекелес нарыққа кірмейтін мүше мемлекеттің аумағында тұтынылғанын растауды беруге мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген атқарушы билік органы оны ұсынған кезде демпингке қарсы немесе өтемақы бажын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақшалай қаражат (ақша) сомасы Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінде көзделген тәртіппен қайтарылуға тиіс. Кеден органына осындай растауды ұсынуға болатын мерзім аралығын Комиссия айқындайды.
Көрсетілген растау осы тармақтың жетінші абзацына сәйкес айқындалған мерзімде ұсынылмаған кезде демпингке қарсы немесе өтемақы бажын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақшалай қаражат (ақша) сомасы демпингке қарсы немесе өтемақы бажын төлеу есебіне есепке жатқызылуға және осы Хаттамаға қосымшада көзделген тәртіппен есепке жатқызылуға және бөлінуге тиіс.
292. Осы Хаттаманың 291-тармағының ережелері алдын ала демпингке қарсы немесе алдын ала өтемақы бажын енгізу арқылы демпингке қарсы немесе өтемақы шарасын қолдану жағдайларына да қолданылады.
Осы Хаттаманың 83, 84, 86, 146, 147 және 149-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде алдын ала демпингке қарсы немесе алдын ала өтемақы бажын төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ретінде енгізілген ақшалай қаражат (ақша) сомасы осы тармақтарда көзделген тәртіппен қайтарылуға тиіс. Тергеп-тексеру жүргізетін орган мүше мемлекеттердің кеден органдарына осындай мән-жайлардың басталғаны туралы уақтылы хабарлайды.
7. Тергеп-тексеру жүргізетін органның және қүзыретті органдардың
өзара іс-қимылы
293. Тергеп-тексеру жүргізетін органның құзыретті органдармен тергеп-тексеру жүргізу мәселелері бойынша өзара іс-қимылын ұйымдастыру мақсатында құзыретті органдарға мынадай ережелер ескеріле отырып, тергеп-тексеру материалдарына қолжетімділік қамтамасыз етіледі:
1) тергеп-тексеру барысында тергеп-тексеру жүргізетін орган осы Хаттаманың 258-тармағының талаптарын ескере отырып, құзыретті органдарға олардың сұрау салуы бойынша осы Хаттаманың 213-тармағының төртінші және бесінші абзацтарында көрсетілген мәліметтермен Одақтың Интернет желісіндегі ресми сайтында не тергеп-тексеру жүргізетін орган айқындаған өзге де тәсілмен осындай мәліметтерге қол жеткізу арқылы, сондай-ақ тергеп-тексеру жүргізетін органдағы Одақтың және мүше мемлекеттердің тауар нарықтарының құрылымы мен конъюнктурасы туралы ақпаратпен танысуға мүмкіндік береді;
2) құзыретті органдар тергеп-тексеру жүргізуге байланысты ақпаратты үшінші тұлғаларға бермейді және өзге тәсілмен жария етпейді.
8. Қорғау шараларының бәсекеге әсер етуінің салдарын бағалау
294. Комиссияның трансшекаралық нарықтардағы бәсекенің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау саласындағы уәкілетті құрылымдық бөлімшесі осы Хаттаманың 31, 109 және 174-тармақтарының негізінде жүргізілетін шараның қолданыс мерзімінің өтуіне байланысты қайта тергеп-тексеру аясында осы Хаттаманың 221-тармағына сәйкес арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасының бәсекеге әсер етуін бағалауды жүргізу шеңберінде қолданылатын арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шарасының бәсекеге әсерінің салдарын бағалауды жүргізеді.
9. Осы бөлімде көзделген ерекше тетікті қолдану
295. Мүше мемлекеттер, Үкіметаралық кеңес және Комиссия 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа тергеп-тексеру жүргізу және арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану немесе қолданбау туралы шешімдер қабылдау кезіндегі ерекше тетікке қатысты бөлікте өзгерістер енгізу туралы 202 жылғы қол қойылған хаттама күшіне енген күннен бастап 2 жылды құрайтын бастапқы кезең ішінде және егер бастапқы немесе одан кейінгі 2 жылдық кезең аяқталғанға дейін 6 айдан кешіктірілмей Комиссияға мүше мемлекеттің үкімет басшысының осы бөлімде көзделген ерекше тетікті қолдануды тоқтата тұру туралы хабарламасы келіп түспесе, кейінгі 2 жылдық кезең ішінде осы бөлімде көзделген ерекше тетікті басшылыққа алады. Комиссия көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде оны алғаны туралы басқа мүше мемлекеттерге хабарлайды.
Көрсетілген хабарлама келіп түскен жағдайда мүше мемлекеттер, Үкіметаралық кеңес және Комиссия бастапқы немесе кезекті 2 жылдық кезең өткен соң Үкіметаралық кеңестің тиісті шешімі қабылданғанға дейін осы бөлімде көзделген ерекше тетікті басшылыққа алуды тоқтатады.
Тергеп-тексеру жүргізетін орган осы бөлімде көзделген ерекше тетікті қолдануды тоқтата тұру туралы ақпаратты Одақтың Интернет желісіндегі ресми сайтында алдын ала, бірақ бастапқы немесе кейінгі 2 жылдық кезең аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн бұрын жариялайды.
Көрсетілген хабарлама жолданғанға дейін мүше мемлекет өзінің ниеті туралы Комиссияға хабарлайды және орын алған аландаушылықтарды реттеу мақсатында консультациялар өткізуді сұратады.
Осы бөлімде көзделген ерекше тетікті қолдану қайта басталған күннен бастап мүше мемлекеттер, Үкіметаралық кеңес және Комиссия осы тармақтың бірінші абзацында көзделген тәртіпті басшылыққа алуды жалғастырады. Бұл ретте 2 жылдық кезеңнің өтуі осы тетікті қолдану қайта басталған күннен бастап есептеледі.
296. Ерекше тетікті қолдану басталған немесе қайта басталған күнге жүргізілетін тергеп-тексеруге осы бөлімнің ережелері тергеп-тексеру барысын бұзбайтын бөлігінде ғана қолданылады.";
мынадай мазмұндағы IX бөліммен толықтырылсын:
"IX. Қорытынды ережелер
1. Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану туралы шешімдерге сот тәртібімен шағымдану ерекшеліктері
297. Комиссияның шешіміне және (немесе) Комиссияның арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдануға байланысты әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы істерді қарау тәртібі мен ерекшеліктері Одақ Сотының Статутында (Шартқа № 2 қосымша) және Одақ Сотының регламентінде айқындалады.
2. Одақ Сотының шешімдерін орындау
298. Комиссия Одақ Сотының арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдануға қатысты шешімдерін орындау үшін қажет шараларды қабылдайды. Одақ Соты Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес емес деп таныған Комиссияның шешімін Комиссия тергеп-тексеру жүргізетін органның бастамасы бойынша Одақ Сотының шешімін орындау үшін қажет бөлігінде қайтадан тергеп-тексеру жүргізу арқылы Шартқа және (немесе) Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес келтіреді.
Тиісті айырмашылықтар ескеріле отырып, қайтадан тергеп-тексеру жүргізу кезінде тергеп-тексеруді жүргізуге қатысты ережелер қолданылады.
Осы тармақта көзделген қайтадан тергеп-тексеру жүргізу мерзімі, әдетте, 9 айдан аспайды.
3. Тергеп-тексеру рәсімдерін әкімшілендіру
299. Осы Хаттаманы іске асыру мақсатында Комиссия тергеп-тексеруді бастау, жүргізу, аяқтау және (немесе) тоқтата тұру рәсімдеріне қатысты шешімдер қабылдайды. Комиссияның қабылдаған шешімдері Шарттың ережелерін өзгертпеуге немесе оларға қайшы келмеуге тиіс.".
2-бап
Осы Хаттама оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
202______жылғы_________________қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Хаттаманың төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Хаттаманың депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жолдайды.
Армения Республикасы үшін | Беларусь Республикасы үшін | Қазақстан Республикасы үшін | Қырғыз Республикасы үшін | Ресей Федерациясы үшін |
---|