"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттамаға Қазақстан Республикасының атынан қол қойылсын.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 22 қазандағы № 680 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы ХАТТАМА
Бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатын 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға қатысушы мемлекеттер
Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын тануға өзара мүдделілікті негізге ала отырып,
төмендегілер туралы уағдаласты:
1-бап
1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға (бұдан әрі - Конвенция) мынадай өзгерістер енгізілсін:
1. Конвенцияның 6-бабы "азаматтық істер бойынша сот шешімдерді," деген сөздерден кейін "кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын (сот бұйрығы туралы ұйғарымдарды) (бұдан әрі - сот бұйрықтары)," деген сөздермен толықтырылсын.
2. Конвенцияның 51-бабының "а" тармақшасы "(бұдан әрі - шешімдер)" деген сөздерден кейін ", сот бұйрықтары" деген сөздермен толықтырылсын.
3. Конвенцияның 53-бабы мынадай редакцияда жазылсын:
"53-бап. Шешімді, сот бұйрығын мәжбүрлеп орындауға рұқсат беру туралы өтінішхат
1. Шешімді, сот бұйрығын мәжбүрлеп орындауға рұқсат беру туралы өтінішхат шешім, сот бұйрығы орындалуға жататын Уағдаласушы Тараптың құзыретті сотына беріледі. Оны іс бойынша шешім, сот бұйрығын шығарған бірінші сатыдағы сотқа да беруге болады. Бұл сот өтінішхатты өтінішхат бойынша шешім шығаруға құзыретті сотқа жібереді.
2. Өтінішхатқа:
а) шешім, сот бұйрығы немесе олардың куәландырылған көшірмелері, сондай-ақ шешімнің, сот бұйрығының заңды күшіне енгені және орындалуға жататыны туралы немесе, егер бұл шешімнің, сот бұйрығының өзінен туындамаса, олар заңды күшіне енгенге дейін орындалуға жататыны туралы ресми құжат;
б) процеске қатыспаған, оған қарсы шешім шығарылған тараптың тиісті тәртіппен және уақтылы сотқа шақырылғаны, ал ол процестік әрекетке қабілетсіз болған жағдайда тиісті түрде өкілінің болғаны жөніндегі құжат; сот бұйрығы шығарылған жағдайда - аумағында сот бұйрығы шығарылған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сот бұйрығы (оның көшірмесі) борышкерге тапсырылғанын немесе жіберілгенін растайтын құжат (оның көшірмесі);
в) шешім, сот бұйрығы жөнелтілген кезде олардың ішінара орындалғанын растайтын құжат;
г) шарттық соттылық істері бойынша тараптардың келісімін растайтын құжат қоса беріледі.
3. Шешімнің, сот бұйрығының мәжбүрлеп орындалуына рұқсат беру туралы өтінішхатқа және оған қоса берілген құжаттарға сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың тіліне немесе орыс тіліне куәландырылған аудармасы қоса беріледі".
4. Конвенцияның 55-бабының "б" тармақшасы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
"сот бұйрығы шығарылған жағдайда - аумағында сот бұйрығы шығарылған Уағдаласушы Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес сот бұйрығы (оның көшірмесі) борышкерге тапсырылмаса немесе жіберілмесе;".
2-бап
Осы Хаттама ратификациялауға жатады және Конвенцияның 83-бабында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
Осы Хаттама күшіне енгеннен кейін оған басқа мемлекеттер барлық Уағдаласушы Тараптың келісімімен депозитарийге қосылу туралы құжаттарды беру арқылы қосыла алады. Депозитарий осындай қосылуға келісім туралы соңғы хабарды алған күннен бастап 30 күн өткен соң қосылу күшіне енді деп саналады.
____________жылғы______________қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа данасы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы комитетінде сақталады, ол осы Хаттамаға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.