Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қарашадағы № 688 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы
қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы және Марокко Корольдігі
екі Тарап арасындағы достық қарым-қатынас пен ынтымақтастықты мойындай отырып;
қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету үшін құқықтық негізді нығайтуға ниет білдіре отырып;
Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес әрекет ете отырып, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарын, ең алдымен егемендік теңдігі мен ішкі істерге араласпау қағидаттарын құрметтей отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Құқықтық көмек көрсету міндеттемесі
1. Тараптар осы Келісімге және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес бір-біріне мүмкіндігінше қылмыстық істер бойынша барынша өзара құқықтық көмек (бұдан әрі - құқықтық көмек) ұсынады.
2. Осы Келісімге сәйкес, егер сұрау салынған қылмыс екі Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық жазаланатын болса, құқықтық көмек ұсынылады. Сұрау салынатын Тарап өз қалауы бойынша сұрау салу алынған қылмыс оның ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық деп танылмаған жағдайда да құқықтық көмек көрсетуге құқылы.
3. Осы Келісімнің мақсаты әрбір Тараптың құзыретті органдары ғана сұрататын тек қана құқықтық көмек көрсету болып табылады.
4. Осы Келісім бір Тараптың құзыретті органдарына екінші Тараптың аумағында өз юрисдикциясын жүзеге асыру құқығын бермейді.
2-бап
Қолданылу аясы
Құқықтық көмек:
1) құжаттарды тапсыруды;
2) дәлелдемелер алуды;
3) адамдар мен заттардың орналасқан жерін анықтауды және оларды сәйкестендіруді;
4) куәлардың, жәбірленушілердің және сарапшылардың Сұрау салушы Тараптың аумағына келуін;
5) куәлардың айғақтарын және жәбірленушілердің айғақтарын алу үшін күзетпен ұсталып отырған адамдарды уақытша беруді;
6) тәркілеу рәсімдеріне көмекті;
7) заттарды, дәлелдемелер мен құжаттарды тінтуді, алып қоюды және беруді;
8) осы Келісімнің мақсаттарына және Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес құқықтық көмектің кез келген басқа түрлерін көрсетуді қамтиды.
3-бап
Орталық органдар
1. Осы Келісім шеңберінде Тараптардың тиісті ынтымақтастығын қамтамасыз ету үшін әрбір Тарап үшін тікелей немесе дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимылды жүзеге асыратын орталық орган тағайындалады.
2. Қазақстан Республикасы үшін:
Жоғарғы Сот - сот ісін жүргізу кезінде құқықтық көмек туралы сұрау салу үшін;
Бас прокуратура - құқықтық көмек туралы барлық басқа да сұрау салу бойынша орталық органдар болып табылады.
Марокко Корольдігі үшін Әділет министрлігі орталық орган болып табылады.
3. Тараптар өздерінің орталық органдарының және олардың құзыреттері аясының өзгергендігі туралы бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
4-бап
Сұрау салудың нысаны мен мазмұны
1. Құқықтық көмек туралы сұрау салу дипломатиялық арналар арқылы жазбаша нысанда жіберіледі, ал шұғыл жағдайларда ол коммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып Сұрау салынатын Тараптың орталық органына жіберілуі мүмкін, бірақ кейін жазбаша нысанда расталуға тиіс. Барлық жағдайларда Сұрау салынатын Tapaп құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды дереу орындайды және сұрау салудың түпнұсқасын алғаннан кейін оның орындалу нәтижелері туралы Сұрау салушы Тарап хабардар етіледі.
2. Сұрау салу:
a) құқықтық көмек сұрайтын құзыретті органның атауын;
b) сұратылған құқықтық көмектің мақсаты мен сипаттамасын;
c) қылмыстық іс-әрекеттің сипаттамасын және оның құқықтық саралануын, осы қылмыс үшін қылмыстық жауаптылық көзделген тиісті заңның мәтінін қамтиды.
3. Сұрау салу, қажет болған жағдайда, мыналарды да қамтиды:
a) Сұрау салушы Тарап сұрау салуды орындау кезінде сақталуын сұрайтын кез келген нақты рәсімдердің сипаттамасы;
b) тергеп-тексеру немесе талқылау субъектілері болып табылатын адамдардың жеке басы туралы ақпарат;
c) Сұрау салушы Тарап сұрау салудың орындалуын сұрайтын мерзім;
d) толық сауалнамалық деректер және олардың тұрғылықты мекенжайлары, сондай-ақ мүмкіндігінше хабарлануға тиіс адамдардың телефон номерлері, сондай-ақ осы адамдар туралы кез келген басқа да пайдалы ақпарат;
e) алып қоюға жататын заттарды қарап-тексеру талап етілетін орынды көрсету және оның сипаттамасы;
f) Сұрау салынатын Тараптағы адамға қойылуға тиісті сұрақтар;
g) құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындау кезінде Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының өкілдері қатысқан жағдайда олардың толық сауалнамалық деректері, лауазымдары, сондай-ақ олардың қатысуы үшін негіздер көрсетіледі;
h) егер мұндай қажеттілік болса, құқықтық көмек туралы сұрау салуды алу фактісі, оның мазмұны және (немесе) сұрау салуға байланысты қабылданған кез келген әрекеттің сипаттамасы бойынша құпиялылықтың сақталуы;
i) Сұрау салынатын Тарапқа сұрау салуды орындау үшін пайдалы болуы мүмкін кез келген басқа ақпарат.
4. Егер Сұрау салынатын Тарап сұрау салудағы ақпарат сұрау салуды орындау үшін жеткіліксіз деп есептесе, бұл Тарап қосымша ақпарат сұратуы мүмкін.
5-бап
Тіл
1. Осы Келісім шеңберінде сұрау салулар мен растайтын құжаттар Сұрау салынатын Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен бірге жүреді.
2. Сұрау салуларға жауаптар, сондай-ақ растайтын құжаттар Сұрау салушы Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен бірге жүреді.
6-бап
Сұрау салу бойынша құқықтық көмек көрсетуден бас тарту немесе кейінге қалдыру
1. Егер:
a) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне және басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін болса;
b) сұрау салуды орындау Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келсе немесе осы Келісімнің ережелеріне сәйкес келмейтін болса;
c) сұрау салу сотталған, ақталған немесе Сұрау салынатын Тарапта қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін ескіру мерзімі өткен қылмыс үшін адамды жауапқа тартумен байланысты болса;
d) сұрау салу жалпы қылмыстық құқық бойынша қылмыс болып табылмайтын әскери қылмысқа жататын болса;
e) Сұрау салынатын Тараптың сұрау салу адамды нәсілі, жынысы, діни сенімі, азаматтығы, этностық тегі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси сенімдері бойынша қудалауға бағытталған деп пайымдауға немесе сол адамның жай-күйіне осы себептердің кез келгені бойынша зиян келтірілуі мүмкін деп болжанатын елеулі негіздері бар болса, құқықтық көмектен бас тартылуы мүмкін.
2. Сұрау салынатын Tapaп, егер сұрау салуды орындау өз аумағында жүргізілетін қылмыстық іс бойынша тергеп-тексеруге немесе талқылауға кедергі келтіреді немесе зиян келтіреді деп есептесе, ол мұндай орындауды кейінге қалдыруы немесе одан бас тартуы мүмкін.
3. Мерзімді кейінге қалдыру немесе сұрау салуды орындаудан бас тарту туралы шешім қабылдағанға дейін Сұрау салынатын Tapaп құқықтық көмек көрсету мүмкіндігі туралы мәселені өзі қажет деп санайтын шарттарда қарайды. Егер Сұрау салушы Тарап осы шарттарға сәйкес құқықтық көмекті қабылдайтын болса, соңғысы оларды сақтауға міндетті.
4. Егер Сұрау салынатын Tapaп құқықтық көмек көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдаса, ол Сұрау салушы Тарапқа бұл туралы өзінің орталық органы арқылы хабар береді және осындай шешімнің себептерін уәждейді.
7-бап
Құжаттарды сертификаттаудан және заңдастырудан босату
Осы Келісімнің мақсаттары үшін Тараптардың орталық органдары жіберген, қол қойып және елтаңбалы мөрімен бекітілген кез келген құжаттар бұдан кейінгі кез келген басқа да сертификаттаудан және заңдастырудан босатылады.
8-бап
Ақпаратты пайдаланудың құпиялылығы мен шектеулері
1. Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша Сұрау салынатын Тарап құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салудың, ілеспе құжаттардың және сұрау салуға сәйкес қабылданған кез келген әрекеттің, сондай-ақ осындай көмек көрсету фактісінің құпиялылығын сақтайды. Егер сұрау салуды құпиялылықты бұзбай орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Tapaп бұл туралы Сұрау салушы Тарапқа хабарлауы тиіс, ол кейін сұрау салудың орындалуға-орындалмауға тиістігін айқындайды.
2. Сұрау салушы Тарап осы Келісімге сәйкес алынған ақпаратты немесе дәлелдемелерді Сұрау салынатын Тараптың рұқсатынсыз құқықтық көмек туралы сұрау салуда көрсетілгендерден басқа мақсаттар үшін пайдаланбайды.
3. Сұрау салушы Тарап ақпаратты немесе дәлелдемелерді сұрау салуда көрсетілгендерден өзге мақсаттарда толық немесе ішінара ашуға және пайдалануға тиіс болатын жекелеген жағдайларда Сұрау салынатын Тараптың тиісті келісуін алуы қажет, ол осындай рұқсаттан толық немесе ішінара бас тарта алады.
9-бап
Құқықтық көмек туралы сұрау салуларды орындау
1. Сұрау салулар Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына және осы Келісімнің ережелеріне сәйкес орындалады.
Сұрау салушы Тараптың сұрау салуы бойынша Сұрау салынатын Tapaп, егер бұл Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, сұрау салуда көрсетілген нысанда және арнаулы рәсімге сәйкес құқықтық көмек көрсете алады.
2. Сұрау салушы Тараптың өтініші бойынша оның өкілдері Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасы мен рәсімдері сақталған жағдайда Сұрау салынатын Тарапта сұрау салуды орындау кезінде қатыса алады.
3. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы сұрау салуды орындау нәтижесінде алынған ақпарат пен дәлелдемелерді Сұрау салушы Тараптың орталық органына ақылға қонымды мерзімде дипломатиялық арналар арқылы береді.
4. Егер сұрау салуды толық немесе ішінара орындау мүмкін болмаса, Сұрау салынатын Тараптың орталық органы дипломатиялық арналар арқылы Сұрау салушы Тараптың орталық органына сұрау салуды орындауға кедергі келтіретін себептер туралы дереу хабар береді.
10-бап
Құжаттарды тапсыру
1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуға сәйкес Сұрау салынатын Tapaп құжаттарды жедел түрде тапсырады.
2. Сұрау салудың орындалғаны оның күні көрсетіле отырып тапсырылғаны туралы құжатпен расталады. Сұрау салушы Тарап құжаттардың тапсырылғаны туралы дереу хабардар етіледі.
11-бап
Дәлелдемелер алу
1. Сұрау салынатын Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес өз аумағында куәлар мен жәбірленушілердің айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, сұрау салуда көрсетілген құжаттарды, заттарды және басқа да дәлелдемелерді алады және оларды Сұрау салушы Тарапқа береді.
2. Сұрау салуды орындау кезінде қатысып отырған Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарының өкілдеріне Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының өкілі арқылы тиісті адамға қойылуы мүмкін сұрақтарды тұжырымдауға рұқсат етіледі.
3. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тараптан осы баптың 1-тармағына сәйкес берілген құжаттардың түпнұсқаларын және заттарды дереу қайтаруды талап етуге құқылы.
12-бап
Адамдар мен заттардың орналасқан жерін анықтау және сәйкестендіру
Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес адамның жеке басын анықтау, оның орналасқан жерін және сұрау салуда көрсетілген заттарды айқындау үшін барлық күш-жігерін салады.
13-бап
Заттар мен құжаттарды тінту, алып қою және беру
1. Сұрау салынатын Тарап ұлттық заңнамаға сәйкес құқықтық көмек туралы сұрау салу осындай әрекеттерді жүргізудің қажеттігін негіздеген жағдайда қандай да бір заттарды немесе құжаттарды тінтуді, алып қоюды және беруді жүргізеді.
2. Заттар немесе құжаттар алып қойылған жағдайда Сұрау салынатын Тарап олардың түпнұсқалығына көз жеткізуге тиіс. Егер Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасы бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттерді жүргізу Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының арнаулы шешімін талап етсе, онда мұндай шешімді соңғысы ұсынуға тиіс.
3. Сұрау салынатын Тарап берілетін заттар мен құжаттарға қатысты үшінші тараптардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін қажет деп санайтын шарттарға Сұрау салушы Тараптың өз келісімін беруді талап етуге құқылы. Егер мұндай келісім алынбаса, Сұрау салынатын Тарап оларды беруден бас тартуға құқылы.
14-бап
Тәркілеу рәсімдеріне көмек
1. Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыстық жолмен алынған заттарды, құжаттарды, ақша қаражатын және өзге де кірістерді анықтау, табу, тыйым салу және тәркілеу бойынша бір-біріне құқықтық көмек көрсетеді.
2. Егер қылмыстық жолмен алынған кірістер, қылмыс құралдары, заттар мен құжаттар, сондай-ақ тыйым салынуға немесе тәркіленуге жататын ақша қаражаты Тараптардың бірінің аумағында екені белгілі болса, екінші Тарапқа бұл туралы хабарлануы мүмкін.
3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді, қылмыс құралдарын, заттар мен құжаттарды, сондай-ақ тыйым салынуға немесе тәркіленуге жататын ақша қаражатын беру келісілген тәртіппен және Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
15-бап
Куәлардың, жәбірленушілердің және сарапшылардың Сұрау салушы Тараптың аумағына келуі
1. Егер Сұрау салушы Тарап дәлелдемелер алу, өз аумағында сараптама немесе басқа да процестік әрекеттерді жүргізу үшін Сұрау салынатын Тараптың аумағындағы куәнің, жәбірленушінің немесе сарапшының келуі туралы сұрау салуды жіберсе, Сұрау салынатын Тарап осы адамға Сұрау салушы Тараптың құзыретті органының алдына келуі үшін оның шақырылғаны туралы хабар береді.
2. Сұрау салушы Tapaп келуге тиіс адамға оның келуіне байланысты шығыстар мен шығындарға қатысты шарттар мен талаптарды, сондай-ақ осы Келісімнің 16-бабының негізінде осы адамның құқығы бар кепілдіктер тізбесін түсіндіреді.
3. Шақыру қағазында адам Сұрау салушы Тараптың аумағына келмеген жағдайда қандай да бір мәжбүрлеу шаралары не жаза болмауға тиіс. Алайда, егер шақыру қағазында мәжбүрлеу шаралары болса, олар қолданылмайды.
4. Шақырылған адам келу туралы шешімді өз еркімен қабылдайды. Сұрау салынатын Тараптың орталық органы Сұрау салушы Тараптың орталық органына адамның жауабы туралы дереу хабарлайды.
16-бап
Шақырылған адамның жеке басына қол сұғылмаушылық
1. Сұрау салушы Тараптың құзыретті органына шақыру қағазы бойынша келген адам, оның азаматтығына қарамастан, ұсталмауға, кез келген әрекеті үшін немесе осы адамның Сұрау салушы Тараптың аумағына кіруінің алдындағы соттылығы негізінде Сұрау салушы Тараптың аумағында қылмыстық қудалауға немесе кез келген басқа да жеке бас бостандығын шектеуге ұшырамауға тиіс.
2. Егер шақырылатын адам Сұрау салушы Тараптың аумағынан еркін кету мүмкіндігі бола отырып, тиісті құзыретті органнан оның болуы бұдан былай талап етілмейтіні туралы хабарлама алғаннан кейін он бес (15) күн ішінде кетпесе не Сұрау салушы Тараптың аумағынан кетіп қалып, өз еркімен қайтып оралса, ол осы баптың 1-тармағында көзделген өзінің қол сұғылмаушылық құқығын жоғалтады. Алайда бұл мерзім осы адамның Сұрау салушы Тараптың аумағынан өзіне тәуелсіз себептермен кетпеген кезеңді қамтымайды.
17-бап
Күзетпен ұсталған адамды уақытша беру
1. Күзетпен ұсталған адам Сұрау салынатын Тарапқа ол белгілеген мерзім ішінде қайтарылатын жағдайда, ол өзінің азаматтығына қарамастан, Сұрау салынатын Тараптың келісімімен куә немесе жәбірленуші ретінде айғақтар беру немесе сұрау салуда көрсетілген басқа да талқылауларда көмек көрсету үшін Сұрау салушы Тарапқа уақытша берілуі мүмкін.
2. Адам берілуі мүмкін бастапқы мерзім алты (6) айдан аспауы керек. Сұрау салушы Тараптың дәлелді сұрау салуы бойынша берілетін адамның болу мерзімін Сұрау салынатын Tapaп ұзартуы мүмкін. Мұндай ұзарту тек бір рет беріледі. Адамды беру және қайтару тәртібі мен шарттарын Тараптардың орталық органдары үйлестіреді.
3. Егер:
a) күзетпен ұсталып отырған адам бұған жазбаша келісім бермесе;
b) күзетпен ұсталған адамның Сұрау салынатын Тараптың аумағындағы қылмыстық талқылауларға қатысуы талап етілсе;
c) уақытша беру оны күзетпен ұстау мерзімінің негізсіз ұлғаюына алып келуі мүмкін болса;
d) адамды Сұрау салушы Тарапқа уақытша беруге қарсы басқа да елеулі негіздер болса, адамды беруге жол берілмейді.
4. Сұрау салушы Tapaп Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органының оны күзетпен ұстаудан босату туралы шешімі күшіне енгенге дейін берілген адамды күзетпен ұстайды. Күзетпен ұсталған адам босатылған жағдайда Сұрау салынатын Тараптың шешімі бойынша Сұрау салушы Tapaп ол адамға қатысты осы Келісімнің 15, 16 және 18-баптарының ережелерін пайдаланады.
18-бап
Шығыстар
1. Тараптар осы Келісімді жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өздерінің ұлттық заңнамасына және осы Келісімге сәйкес көтереді.
2. Сұрау салушы Tapaп көтеретін мынадай:
a) осы Келісімнің 9, 15 және 17-баптарында көрсетілген адамдардың жол жүруіне және болуына байланысты;
b) сарапшыларға сыйақы беруге байланысты;
c) Сұрау салынатын Тараптан Сұрау салушы Тарапқа заттарды тасымалдауға және оларды кері тасымалдауға байланысты шығыстарды қоспағанда, Сұрау салынатын Tapaп өз аумағында құқықтық көмек туралы сұрау салуды орындау жөніндегі шығыстарды көтереді.
3. Егер сұрау салуды орындау елеулі төтенше шығыстарды талап етсе, Тараптардың орталық органдары сұрау салуды орындау шарттарын, сондай-ақ осы шығыстарды төлеу тәсілін айқындау үшін консультациялар жүргізеді.
19-бап
Дауларды реттеу
Осы Келісімді түсіндіруге немесе іске асыруға байланысты туындайтын кез келген даулар Тараптардың орталық органдары арасындағы келіссөздер жолымен шешіледі.
20-бап
Осы Келісімнің басқа халықаралық шарттармен арақатынасы
Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын кез келген басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
21-бап
Келісімді қолдану
Осы Келісім, егер тиісті қылмыстар ол күшіне енген күнге дейін жасалған болса да, ол күшіне енгеннен кейін жіберілген сұрау салуларға қолданылады.
22-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім ратификациялануға тиіс.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
3. Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен күшіне енеді.
4. Осы Келісім Тараптардың бірі екінші Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
5. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде басталған кез келген рәсім ол толық орындалғанға дейін күшінде қалады.
Осыны КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
20 жылғы__________ ____________________әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасы үшін | Марокко Корольдігі үшін |