Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қарашадағы № 690 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі арасындағы
сотталған адамдарды беру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі "Уағдаласушы Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Марокко Корольдігі
Уағдаласушы Тараптар арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты назарға ала отырып, сотталған адамдарды оңалтуға және әлеуметтік қайта бейімдеуге жәрдемдесу мақсатында оларды беру саласындағы өзара сенім мен ынтымақтасу сот төрелігін жүзеге асыру мүдделеріне, сондай-ақ адамгершілік және адам құқықтарын құрметтеу қағидаттарына қызмет ететіндіктен, осындай өзара сенімге және ынтымақтасуға ниет білдіре отырып,
сотталған адамдарға өз қоғамында жазасын өтеуге мүмкіндік беру арқылы бұл мақсатқа ең жақсы тәсілмен қол жеткізуге болады деп есептей отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Жалпы қағидаттар
1. Уағдаласушы Тараптар сотталған адамдарды беру аясында барынша мүмкін болатын ынтымақтастықты осы Келісімде баяндалған шарттарда жүзеге асырады.
2. Бір Уағдаласушы Тараптың аумағында сотталған адам осы Келісімнің ережелеріне сәйкес екінші Уағдаласушы Тараптың аумағына өзіне тағайындалған жазаны өзінің азаматтығы бар мемлекетте одан әрі өтеу мақсатында берілуі мүмкін.
2-бап
Анықтамалар
Осы Келісімнің мақсатында:
1) "Үкім шығарушы мемлекет" адамға қатысты үкімді шығарған және тағайындалған жазаны өтеуді жалғастыру үшін оны берген немесе беруі мүмкін Уағдаласушы Тарапты білдіреді;
2) "Үкімді орындаушы мемлекет" сотталған адам тағайындалған жазаны өтеуді жалғастыру үшін аумағына берілген немесе берілуі мүмкін Уағдаласушы Тарапты білдіреді;
3) "үкім" қылмыс жасағаны үшін белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруды немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейтін түпкілікті сот шешімін білдіреді;
4) "сотталған адам" қылмысы үшін сотталған кез келген адамды білдіреді.
3-бап
Қарым-қатынас тәртібі
1. Беру туралы сұрау салуды және оған жауапты бір Уағдаласушы Тараптың орталық органы екінші Уағдаласушы Тараптың орталық органына дипломатиялық арналар арқылы жібереді.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы үшін - Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы;
2) Марокко Корольдігі үшін - Марокко Корольдігінің Әділет министрлігі орталық органдар болып табылады.
3. Әрбір Уағдаласушы Тарап орталық органдарға қатысты кез келген өзгерістер мен толықтырулар туралы екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы хабарлауға тиіс.
4. Осы Келісімнің ережелеріне сәйкес жіберілетін сұрау салулар мен жауаптар бір мезгілде пошта арқылы жіберілген жағдайда, олар техникалық байланыс құралдарының (электрондық поштаның, факстың немесе жазба қалдыратын кез келген басқа да электрондық құрылғының) көмегімен жіберілуі мүмкін.
4-бап
Тіл
Сотталған адамды беру туралы сұрау салу және қажетті құжаттар Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың тілінде жасалып, Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аударылуға тиіс. Сұрау салуларға жауаптар Сұрау салынатын Уағдаласушы Тараптың тілінде жасалуға және Сұрау салушы Уағдаласушы Тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аударылуға тиіс.
5-бап
Құжаттардың түпнұсқалығын заңдастыру, растау немесе куәландыру
Орталық немесе құзыретті органдар расталған құжаттарға сотталған адамды беру рәсімінде одан әрі заңдастырусыз, төлнұсқалығын растаусыз немесе куәландырусыз рұқсат етілуге тиіс.
6-бап
Сотталған адамдарды беруге арналған шарттар
Сотталған адам осы Келісімге сәйкес мынадай шарттар сақталған кезде:
1) бұл адам Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болғанда;
2) үкім түпкілікті және орындалуға тиіс болғанда;
3) сотталған адамға бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығынан айыруға байланысты өзге де шара тағайындалғанда;
4) сотталуына себеп болған іс-әрекеті екі Уағдаласушы Тараптың да ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылғанда;
5) беру туралы сұрау салуды алған кезде жазаны өтеудің қалған мерзімі кемінде бір (1) жылды құрағанда берілуі мүмкін. Ерекше жағдайларда, егер сотталған адамның өтеуіне жататын жаза мерзімі осы тармақта көрсетілгеннен аз болса да, беру жүзеге асырылуы мүмкін;
6) сотталған адамның немесе сотталған адамның жасына, дене немесе психикалық жай-күйіне байланысты оның заңды өкілінің беруге жазбаша келісімі болғанда;
7) екі Уағдаласушы Таран та беруге келіскенде берілуі мүмкін.
7-бап
Беруден бас тарту шарттары
1. Егер:
1) сотталған адам Үкім шығарушы мемлекеттің азаматы болса;
2) Уағдаласушы Тараптардың бірінің заңнамасына сәйкес үкімнің күші жойылса, сотталған адамды беруден бас тартылады.
2. Егер:
1) Уағдаласушы Тараптардың қайсыбірі беруді өзінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін немесе оның ұлттық заңнамасына қайшы келеді деп санаса;
2) Үкім шығарушы мемлекетте кез келген басқа да қылмысы үшін бұл адамға қатысты сот талқылауы жүргізіліп жатса;
3) сотталған адам Үкім шығарушы мемлекетте салынған айыппұлдарды, сот шығыстарын, өтемақыларды немесе басқа да мүліктік жазаларды өтемеген болса, сотталған адамды беруден бас тартылуы мүмкін.
8-бап
Беру рәсімдері
1. Үкім шығарушы мемлекеттің құзыретті органы сотталған адамға осы Келісімге сәйкес беру мүмкіндіктері туралы және оның құқықтық салдары туралы мүмкіндігінше тезірек хабарлауға тиіс.
2. Беру туралы сұрау салуды:
1) сотталған адам тікелей немесе өзінің заңды өкілі арқылы;
2) Үкім шығарушы мемлекет;
3) Үкімді орындаушы мемлекет беруі мүмкін.
3. Егер Үкім шығарушы мемлекет сотталған адамды беруге сұрау салса, онда ол Үкімді орындаушы мемлекетке мынадай құжаттар мен ақпаратты ұсынуға тиіс:
1) сотталған адам, оның азаматтығы және тұрғылықты жері туралы дербес деректер;
2) күзетпен ұстау және тағайындалған жазаның есепке алынуға тиіс өтелген уақыты туралы деректерді қоса алғанда, жазаның түрі, тағайындалған жаза мерзімінің басталу және аяқталу күні, сондай-ақ жазаны орындау үшін қажетті барлық басқа да ақпарат;
3) түпкілікті және орындалуға тиіс үкімнің түпнұсқасы немесе расталған көшірмесі;
4) үкім негізделген қылмыстық заңнама ережелерінен үзінді көшірме;
5) осы Келісімнің 6-бабының 6) тармақшасында көзделген беруге жазбаша келісім;
6) сұрау салу бойынша шешім қабылдауға қатысы болуы мүмкін барлық басқа да құжаттар мен ақпарат;
7) қажет болған жағдайда сотталған адамға қатысты медициналық және әлеуметтік есеп, оның Үкім шығарушы мемлекетте емделгені туралы ақпарат және кейіннен емдеу үшін ұсынымдар.
4. Егер Үкімді орындаушы мемлекет беру туралы сұрау салса, онда мыналар қамтылуға тиіс:
1) сотталған адам, оның азаматтығы және тұрғылықты жері туралы дербес деректер;
2) Үкім шығарушы мемлекетте оларға байланысты үкім шығарылған әрекеттердің немесе әрекетсіздіктің Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатынын көздейтін Үкімді орындаушы мемлекеттің тиісті заңнамасынан үзінді көшірме;
3) сұрау салу бойынша шешім қабылдау үшін маңызды болуы мүмкін басқа да құжаттар мен ақпарат.
5. Егер Үкімді орындаушы мемлекет ұсынылған ақпарат пен құжаттар жеткіліксіз деп пайымдаса, онда ол қосымша мәліметтер сұратады және оларды ұсыну үшін тиісті мерзім белгілейді.
6. Қосымша құжаттарды белгіленген мерзімде ұсыну бойынша сұрау салу орындалмаған жағдайда, беру туралы сұрау салу бойынша қолда бар ақпарат пен құжаттар негізінде шешім қабылдануға тиіс.
9-бап
Беру туралы сұрау салу бойынша шешім
1. Уағдаласушы Тараптар осы Келісімге және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес беру туралы шешім қабылдайды.
2. Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа беру туралы сұрау салуды қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы дереу хабарлауға міндеттенеді.
3. Беруден бас тартылған жағдайда мұндай шешім дәлелді болуға тиіс.
4. Беру туралы шешім қабылдау кезінде қылмыстың сипаты мен ауырлығы, қылмыс жасалған кездегі оқиғалар мен мән-жайлар, оңалту және әлеуметтік қайта бейімдеу мүмкіндігі, сотталған адамның жасы мен денсаулық жағдайы, оның отбасылық жағдайы, жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу бойынша міндеттемелердің орындалуы ескеріледі.
5. Басқа Уағдаласушы Тарапта жазаның орындалуы ешбір жағдайда сотталған адамның Үкім шығарушы мемлекеттегі болған жағдайымен салыстырғанда, оның жағдайын нашарлатпауға тиіс.
6. Егер үкім өзінің сипаты немесе ұзақтығы бойынша Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасында көзделген жазаға сәйкес келмесе, бұл мемлекет өзінің ұлттық заңнамасы негізінде оны сол қылмыс үшін өзінің ұлттық заңнамасында көзделген жазаға мүмкіндігінше сәйкес келетін жазамен ауыстыруға тиіс. Жаза өзінің сипаты немесе ұзақтығы бойынша жаза Үкім шығарушы мемлекетте тағайындалған жазаны ауырлатпауға және сол қылмыс үшін Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасында көзделген ең жоғары мерзімнен аспауға тиіс. Жаза Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша осыған ұқсас қылмысқа қолданылатын жазаның кез келген ең төменгі мерзімімен шектелмеуге тиіс.
10-бап
Сотталған адамның келісімі
Үкім шығарушы мемлекет сотталған адамның беруге келісімді осы Келісімнің 6-бабының 6) тармақшасына сәйкес өз еркімен және осындай берудің құқықтық салдарын толығымен түсіне отырып беруін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс.
11-бап
Сотталған адамды беру
Сотталған адамды беру және қабылдау орны, уақыты мен тәсілі Уағдаласушы Тараптардың құзыретті органдарының келісімі бойынша айқындалады.
12-бап
Берудің Үкім шығарушы мемлекет үшін салдары
1. Сотталған адамды Үкімді орындаушы мемлекетке беру Үкім шығарушы мемлекеттің үкімді орындауын тоқтата тұруын көздейді.
2. Үкімді орындаушы мемлекет үкімнің орындалуы аяқталды деп есептеген кезде Үкім шығарушы мемлекеттің өз үкімін орындауға құқығы жоқ.
13-бап
Үкімді орындаушы мемлекетте үкімдердің орындалуы
Үкімді орындаушы мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес үкімді орындауды жалғастырады.
14-бап
Рақымшылық жасау, кешірім жасау немесе жазаны жеңілдетудің басқа да
шаралары
1. Әрбір Уағдаласушы Тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес берілген адамға қатысты рақымшылық жасау немесе кешірім жасау актісін не жазаны жеңілдетудің басқа да шараларын қолдана алады.
2. Үкім шығарушы мемлекет қана үкімді қайта қарау туралы кез келген өтінішхат бойынша дербес шешім қабылдайды.
3. Уағдаласушы Тараптар осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген шешімдер туралы бір-біріне хабарлауға тиіс.
15-бап
Үкімнің күшін жою және оны өзгерту
1. Егер беру негізделген үкім кейіннен Үкім шығарушы мемлекетте күшін жойса немесе өзгертілсе, осы мемлекет бұл туралы Үкімді орындаушы мемлекетті дереу хабардар етуге тиіс.
2. Жоғарыда көрсетілген шешімнің негізінде Үкімді орындаушы мемлекеттің құзыретті органы бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны одан әрі өтеу туралы өз шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту туралы шешім қабылдауға тиіс.
16-бап
Үкімнің орындалуы туралы ақпарат
Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекетке мынадай жағдайларда, егер:
1) үкімнің орындалуы аяқталды деп есептесе;
2) сотталған адам жаза мерзімі аяқталғанға дейін қашып кетсе немесе қайтыс болса;
3) Үкім шығарушы мемлекет осындай ақпаратты сұратса, үкімді орындау туралы ақпаратты беруге тиіс.
17-бап
Транзит
1. Уағдаласушы Тараптар өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірместен, екінші Уағдаласушы Тарапқа үшінші тарап берген сотталған адамның өз аумағы арқылы транзитіне рұқсат бере алады.
2. Осы мақсатпен Сұрау салушы Уағдаласушы Тарап Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарапқа орталық орган арқылы немесе аса шұғыл жағдайларда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (ИНТЕРПОЛ) арқылы тасымалданатын адамның жеке басы туралы ақпаратты, оның азаматтығы туралы ақпаратты және істің қысқаша мән-жайларының баяндалуын қамтитын транзитке сұрау салуды жібереді. Транзит туралы сұрау салуға адамның берілгенін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
3. Транзит кезінде Сұрау салынатын Уағдаласушы Тарап тасымалданатын адамды өз аумағында күзетпен ұстауға тиіс.
4. Егер транзит әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзит мемлекетінде қону жоспарланбаса, транзитке рұқсат талап етілмейді. Транзит мемлекетінің аумағында жоспарланбаған қону жағдайында транзитті жүзеге асыратын мемлекет бұл туралы транзит мемлекетін дереу хабардар етуге тиіс және транзит мемлекеті транзитке сұрау салуды күту кезінде тасымалданатын адамды он бес (15) тәулікке дейін күзетпен ұстауға тиіс.
5. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімдерде транзитке сұрау салу алынбаса, егер Уағдаласушы Тараптар өзгеше туралы уағдаластыққа қол жеткізбеген болса, адам босатылуы мүмкін.
18-бап
Шығыстар
1. Осы Келісімді орындауға байланысты шығыстарды Уағдаласушы Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасына және осы Келісімге сәйкес көтереді.
2. Үкімді орындаушы мемлекет:
a) Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында ғана жұмсалған шығыстардан басқа, сотталған адамды беру;
b) берілгеннен кейін үкімді одан әрі орындау бойынша шығыстарды көтереді.
3. Транзитке байланысты шығыстарды транзит сұрататын Уағдаласушы Таран көтереді.
19-бап
Уақытқа қарай қолданылуы
Осы Келісім адамның қашан сотталғанына қарамастан, ол күшіне енгеннен кейін алынған барлық беру туралы сұрау салуларға қолданылады.
20-бап
Осы Келісімнің басқа да халықаралық шарттармен арақатынасы
Осы Келісім Уағдаласушы Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын кез келген басқа да халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
21-бап
Келіспеушіліктерді реттеу
Осы Келісімді түсіндіруге немесе іске асыруға байланысты туындайтын кез келген даулар Уағдаласушы Тараптардың орталық органдары арасындағы келіссөздер арқылы шешіледі.
22-бап
Қорытынды ережелер
1. Осы Келісім ратификациялануға жатады.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Уағдаласушы Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.
3. Осы Келісімге Уағдаласушы Тараптардың өзара келісуі бойынша жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін, олар осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылады және осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен күшіне енеді.
4. Осы Келісім Уағдаласушы Тараптардың бірі екінші Уағдаласушы Тараптың осы Келісімнің қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап бір жүз сексен (180) күн өткен соң өз қолданысын тоқтатады.
5. Осы Келісімнің қолданылуы тоқтатылған жағдайда, оның қолданылу кезеңінде басталған беру жөніндегі рәсімдер оларды толық орындағанға дейін күшінде қалады.
Осыны КУӘЛАНДЫРУ YШІH тиісті түрде уәкілеттік берілген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.
20 жылғы____________ _______________әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндер теңтүпнұсқалы болып табылады.
Мәтіндер арасында алшақтықтар болған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
Қазақстан Республикасы үшін | Марокко Корольдігі үшін |