"Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ұйымдастырылған сауда-саттықта бағалы қағаздарды орналастыруға және айналысқа жіберуге трансшекаралық рұқсат туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектенов Келісімге Қазақстан Республикасының атынан қол қойсын, оған қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат берілсін.
3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ.Тоқаев |
Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 29 қарашадағы № 718 Жарлығымен МАҚҰЛДАНҒАН Жоба |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ұйымдастырылған сауда-саттықта бағалы қағаздарды орналастыруға және айналысқа жіберуге трансшекаралық рұқсат туралы КЕЛІСІМ
Бұдан әрі мүше мемлекеттер деп аталатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты негізге ала отырып,
ортақ қаржы нарығының Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі - Одақ) шеңберінде жұмыс істеуі, мүше мемлекеттердің биржа кеңістігінде бағалы қағаздармен эмиссиялық және сауда операцияларын жүзеге асыру еркіндігін қамтамасыз ету үшін тиісті жағдайлар жасау мақсатында
қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар мен инвесторлардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге ұмтылысты қуаттай отырып,
мүше мемлекеттердің биржалық нарықтары өтімділігінің өсуі үшін жағдайларды қамтамасыз ету қажеттігін мойындай отырып,
мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарын дамытуды ынталандыру мақсатында мүше мемлекеттердің сауда және инвестициялық ынтымақтастығын нығайтуға мүдделілік білдіре отырып,
мүше мемлекеттердің әрқайсысының экономикалық мүдделерін ескеру арқылы тең құқықтық және өзара пайда қағидаттарына сүйене отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
"қатар орналастыру" - бағалы қағаздарды әртүрлі мүше мемлекеттердің 2 және одан да көп биржасында (сауданы ұйымдастырушыларда) бір мезгілде орналастыру;
"ақпаратты жария ету" - ақпарат жария етілетін мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген рәсімге, сондай-ақ аумағында эмитент тіркелген мүше мемлекеттің жоғары санатты тізімге эмитенттің бағалы қағаздарын енгізуді жүзеге асырған биржасының (сауданы ұйымдастырушының) талаптарына және трансшекаралық рұқсат берген биржаның (сауданы ұйымдастырушының) талаптарына сәйкес мүше мемлекеттердің резиденттері болып табылатын барлық мүдделі тұлғалар үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету;
"жоғары санатты тізім" - ұйымдастырылған сауда-саттықта орналастыруға және (немесе) айналысқа жіберуге рұқсат беру бойынша биржа (сауданы ұйымдастырушы) белгілеген неғұрлым қатаң талаптарға (бағалы қағаздардың әрбір түрі бойынша) сәйкес келетін бағалы қағаздар жиынтығы;
"трансшекаралық рұқсат" - биржаның (сауданы ұйымдастырушының) тиісті шешім қабылдауы арқылы бір мүше мемлекетте өткізілетін ұйымдастырылған сауда-саттықта басқа мүше мемлекет эмитентінің бағалы қағаздарын орналастыруға (оның ішінде қатар орналастыруға) және (немесе) айналысқа жіберуге рұқсат беру;
"уәкілетті орган" - қаржы нарығы саласында ерекше құқықтық режимі бар мүше мемлекеттердің юрисдикцияларында (аумақтарында) ғана өкілеттіктері бар органдарды қоспағанда, мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес бағалы қағаздарды эмиссиялау, орналастыру және айналысқа жіберу рәсімдерін, биржалардың (сауданы ұйымдастырушылардың) және бағалы қағаздар нарығына өзге де қатысушылардың қызметін (лицензиялауды және (немесе) қадағалауды (бақылауды) қоса алғанда) реттеуді жүзеге асыру бойынша өкілеттіктері бар осы мүше мемлекеттің органы;
"бағалы қағаздар" - аумағында эмитент тіркелген мүше мемлекетте биржа (сауданы ұйымдастырушы) орналастыру және (немесе) айналысқа жіберу үшін қабылдаған эмитенттің акциялары мен облигациялары.
Осы Келісімде пайдаланылатын өзге ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда айқындалған мәндерде қолданылады.
2-бап
1. Осы Келісімнің нысанасы бағалы қағаздарға трансшекаралық рұқсатты қамтамасыз ету болып табылады.
2. Әрбір мүше мемлекет өз аумағында тіркелген биржаларға (сауданы ұйымдастырушыларға) (бұдан әрі - биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекет) басқа мүше мемлекеттерде тіркелген (сәйкестендіру нөмірі берілген) бағалы қағаздарды орналастыруға (қатар орналастыруға) және (немесе) айналысқа жіберуге қолайлылығы осы мүше мемлекетте тіркелген (сәйкестендіру нөмірі берілген) бағалы қағаздарға рұқсат беру үшін қойылатын шарттардан кем болмайтын шарттарда жіберуді жүзеге асыру мүмкіндігін осы Келісім талаптарының сақталуын ескере отырып қамтамасыз етеді.
3. Әрбір мүше мемлекет өз аумағында тіркелген эмитенттерге трансшекаралық рұқсат беруге бастама жасау мүмкіндігін осы Келісім талаптарының сақталуын ескере отырып қамтамасыз етеді.
Эмитент аумағында өзі тіркелген мүше мемлекеттің (бұдан әрі - эмитент тіркелген мемлекет) заңнамасында белгіленген бағалы қағаздарды осы мемлекеттен тыс орналастыруды (айналысқа жіберуді) ұйымдастыруға қойылатын талаптарды сақтауға тиіс.
4. Осы Келісімнің ережелері:
а) қаржы нарығы саласында ерекше құқықтық режимі бар мүше мемлекеттердің юрисдикциялары (аумақтары) шеңберінде ғана қолданылатын нормативтік құқықтық актілерге (ережелерге) сәйкес тіркелген (сәйкестендіру нөмірі берілген) бағалы қағаздарға;
б) қызметін қаржы нарығы саласында ерекше құқықтық режимі бар мүше мемлекеттердің юрисдикциялары (аумақтары) шеңберінде ғана қолданылатын нормативтік құқықтық актілерге (ережелерге) сәйкес жүзеге асыратын биржаларға (сауданы ұйымдастырушыларға) қолданылмайды.
5. Осы Келісім трансшекаралық рұқсатқа эмитент болып табылмайтын тұлға бастама жасаған жағдайларға қолданылмайды.
3-бап
1. Биржа (сауданы ұйымдастырушы) мынадай шарттар қатар орындалған кезде трансшекаралық рұқсат береді:
а) эмитент тіркелген мемлекетте бағалы қағаздар шығарылымын тіркеу (мемлекеттік тіркеу) осы мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылған не сәйкестендіру нөмірін беру жүзеге асырылған;
б) трансшекаралық рұқсат беруге мүше мемлекеттердің бір немесе бірнеше биржаларында (сауданы ұйымдастырушыларында) бастама жасалатын бағалы қағаздар шығарылымы эмитент тіркелген мемлекеттің биржасындағы (сауданы ұйымдастырушысындағы) жоғары санатты тізімге енгізілген.
2. Трансшекаралық рұқсат берген биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекеттің уәкілетті органында бағалы қағаздар проспектісін, бағалы қағаздарды шығару және (немесе) орналастыру қорытындылары туралы есепті, бағалы қағаздар эмиссиясы процесін сүйемелдейтін өзге құжаттарды тіркеу талап етілмейді.
4-бап
Сауда жүйесінде осы мәміле жасалған биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекет трансшекаралық рұқсат берілген бағалы қағаздармен мәміле жасау орны ретінде танылады.
5-бап
1. Уәкілетті орган дар қажет болған кезде және тиісті мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген өз құзыреті шеңберінде мүше мемлекеттердің биржаларына (сауданы ұйымдастырушыларына) биржалар (сауданы ұйымдастырушылар) арасында өзара іс-қимыл орнатуға (оның ішінде биржалардың (сауданы ұйымдастырушылардың) тиісті шарттар жасасуы арқылы) жәрдем көрсетеді.
2. Осы Келісімді іске асыру шеңберінде бір мүше мемлекеттің уәкілетті органы басқа мүше мемлекеттің биржасына (сауданы ұйымдастырушысына) (оның сұрау салуы бойынша) осы уәкілетті орган оларға қатысты реттеу және (немесе) қадағалау (бақылау) жөніндегі өкілеттіктерді иеленетін эмитенттерге қойылатын өзінің мүше мемлекеті заңнамасының талаптарымен байланысты ақпарат ұсыну нысанында жәрдем көрсетеді.
6-бап
1. Трансшекаралық рұқсат алу мақсатында эмитент мүше мемлекеттің биржасына (сауданы ұйымдастырушысына) осы мемлекеттің уәкілетті органы және (немесе) биржа (сауданы ұйымдастырушы) белгілеген тәртіпке сәйкес құжаттарды жібереді.
2. Биржа (сауданы ұйымдастырушы) өзінің қағидаларында белгіленген рәсімдер мен мерзімдерге сәйкес эмитенттен алынған құжаттарды бағалы қағаздарды ұйымдастырылған сауда-саттықта орналастыруға және (немесе) айналысқа жіберуге қойылатын талаптардың сақталуы тұрғысынан тексеруді жүзеге асырады және трансшекаралық рұқсат беру туралы немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
3. Биржа (сауданы ұйымдастырушы) трансшекаралық рұқсатқа қатысты (оның ішінде трансшекаралық рұқсат беруден бас тарту туралы) шешім қабылданған күннен кейінгі 1 жұмыс күнінен кешіктірмей эмитентті және эмитент тіркелген мемлекеттің эмитенттің бағалы қағаздарын жоғары санатты тізімге енгізуді жүзеге асырған биржасын (сауданы ұйымдастырушыларын) қабылданған шешім туралы хабардар етуді қамтамасыз етеді.
4. Эмитент трансшекаралық рұқсат туралы ақпаратты эмитент тіркелген мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен биржаның (сауданы ұйымдастырушының) трансшекаралық рұқсат беруі туралы ақпаратты алған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде ашады.
7-бап
1. Трансшекаралық рұқсат берілген бағалы қағаздар эмитенттері мыналарда:
а) трансшекаралық рұқсат берген биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекетте:
осы мемлекет биржасының (сауданы ұйымдастырушысының) қағидаларында;
осы мемлекеттің заңнамасында;
б) эмитент тіркелген мемлекетте:
эмитенттің бағалы қағаздарын жоғары санатты тізімге енгізуді жүзеге асырған осы мемлекет биржасының (сауданы ұйымдастырушысының) қағидаларында;
осы мемлекеттің заңнамасында белгіленген, ақпаратты ашуға қойылатын талаптарды сақтауға тиіс.
2. Трансшекаралық рұқсат берілген бағалы қағаздардың эмитенттері трансшекаралық рұқсат берген биржалар (сауданы ұйымдастырушылар) тіркелген мемлекеттер және эмитент тіркелген мемлекет белгілеген инсайдерлік ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалануға және нарықпен айла-шарғы жасауға қарсы іс-қимыл туралы талаптарды сақтауға тиіс.
3. Трансшекаралық рұқсат берген биржа (сауданы ұйымдастырушы) "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі өзінің ресми сайтында жариялау арқылы мынадай:
а) трансшекаралық рұқсат берілген басқа мүше мемлекет эмитентінің бағалы қағаздарын ұйымдастырылған сауда-саттықта орналастыруға (айналысқа жіберуге) рұқсат берілген бағалы қағаздар тізіміне енгізу туралы;
б) трансшекаралық рұқсат берілген бағалы қағаздарды ұйымдастырылған сауда-саттықта орналастыруға (айналысқа жіберуге) рұқсат берілген бағалы қағаздар тізімінен алып тастау туралы, осы бағалы қағаздармен сауда-саттықты тоқтату туралы, осы бағалы қағаздармен сауда-саттықты тоқтата тұру (қайта бастау) туралы;
в) биржаның (сауданы ұйымдастырушының) қағидаларына сәйкес трансшекаралық рұқсат берілген бағалы қағаздар үшін рұқсат етілген сауда-саттық режимдерінің тізбесін қысқарту туралы, осы бағалы қағаздардың листингі санаттарының (деңгейлерінің) өзгерістері туралы;
г) тыйым салудың (шектеудің) қолданыс мерзімін көрсете отырып, трансшекаралық рұқсат берілген бағалы қағаздармен жеке операциялар жүргізуге тыйым салу немесе шектеу белгіленуі туралы, биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекеттің уәкілетті органының шешімі бойынша бағалы қағаздармен сауда-саттықты тоқтата тұру туралы ақпаратты ашуға міндетті.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген ақпаратты ашу биржа (сауданы ұйымдастырушы) тиісті оқиғаның басталуы туралы мәліметтер алған күннен кейін немесе тиісті шешім қабылданған күнінен кейін 1 жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырылады.
5. Трансшекаралық рұқсат берген биржа (сауданы ұйымдастырушы) эмитент және оның бағалы қағаздары туралы жария ақпаратқа, оның ішінде эмитенттің және (немесе) көрсетілген ақпарат ашылған "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі эмитент тіркелген мемлекет биржасының (сауданы ұйымдастырушысының) парағына (парақтарына) сілтеме орналастыру арқылы қол жеткізу тетігі жөнінде хабардар етеді.
6. Трансшекаралық рұқсат берген биржа (сауданы ұйымдастырушы) өзінің қағидаларына сәйкес эмитент және биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекеттің заңнамасына сәйкес трансшекаралық рұқсат берілген бағалы қағаздар туралы, сондай-ақ осындай бағалы қағаздарға қатысты биржа (сауданы ұйымдастырушы) қабылдайтын шаралары туралы құпия болып табылмайтын өзге де ақпаратты ашуға құқылы.
7. Эмитенттің бағалы қағаздары (сауданы ұйымдастырушысы) жоғары санатты тізімнен алып тасталған жағдайда эмитент тіркелген мемлекеттің биржасы тиісті шешім қабылданған күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде бұл туралы трансшекаралық рұқсат берген басқа мүше мемлекеттердің биржаларын (сауданы ұйымдастырушыларын) хабардар етеді.
8. Трансшекаралық рұқсат берген биржалар (сауданы ұйымдастырушылар) осы баптың 7-тармағында көрсетілген ақпарат негізінде биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекеттің заңнамасына және өздерінің қағидаларына сәйкес бағалы қағаздар листингінің санаттарын (деңгейлерін) өзгерту туралы, сондай-ақ оларды ұйымдастырылған сауда-саттықта орналастыруға (айналысқа жіберуге) рұқсат етілген бағалы қағаздар тізімінен алып тастау туралы шешім қабылдауға құқылы және шешім қабылданған күннен кейінгі 1 жұмыс күнінен кешіктірмей эмитентті қабылданған шешім туралы хабардар етеді.
Бұл ретте осы бағалы қағаздарды ұйымдастырылған сауда-саттықта орналастыруға (айналысқа) жіберілген бағалы қағаздар тізімінен алып тастау туралы шешім қабылданғанға дейін олармен жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысулар биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекеттің заңнамасында және (немесе) трансшекаралық рұқсат берген биржаның (сауданы ұйымдастырушының) қағидаларында белгіленген тәртіппен аяқталуға тиіс.
8-бап
1. Трансшекаралық рұқсат берген биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекеттің уәкілетті органы трансшекаралық рұқсат берілген бағалы қағаздардың тиісті биржада (сауданы ұйымдастырушыда) орналастырылуын (қатар орналастырылуын) және (немесе) айналысқа жіберілуін өз құзыреті шегінде тексеруді жүзеге асыруға және қажет болған жағдайда эмитент тіркелген мемлекеттің уәкілетті органына эмитентке қатысты тексеру жүргізу туралы өтінішхатпен жүгінуге құқылы.
2. Егер мұндай тексерулер жүргізу мүше мемлекеттердің заңнамасына қайшы келмесе, уәкілетті органдар осы Келісімді іске асыру шеңберінде трансшекаралық рұқсат берілген бағалы қағаздарды тиісті биржада (сауданы ұйымдастырушыда) орналастыруға (қатар орналастыруға) және (немесе) оларды айналысқа жіберуге бірлескен тексерулер жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
3. Егер бұзушылықтар трансшекаралық рұқсат берілген бағалы қағаздар эмитентінің кемсітушілік әрекеттерімен байланысты болса, осы бағалы қағаздардың иелеріне - басқа мүше мемлекеттердің резиденттеріне қатысты құқықтары бұзылған бағалы қағаздардың иелері резиденттері болып табылатын мүше мемлекеттің уәкілетті органы (уәкілетті органдары) өзінің мүше мемлекетінің заңнамасына сәйкес көрсетілген эмитентті, оның лауазымды адамдарын жауапкершілікке тартуға бағытталған шаралар қабылдайды.
4. Егер бұзушылықтар басқа мүше мемлекет эмитентінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекеттің бағалы қағаздар нарығындағы теріс пайдалану (атап айтқанда, нарықпен айла-шарғы жасау, инсайдерлік ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану және т.б.) бөлігіндегі әрекеттерімен байланысты болса, биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекеттің уәкілетті органы өзінің мүше мемлекетінің заңнамасына сәйкес эмитентті, оның лауазымды адамдарын жауапкершілікке тартуға бағытталған шаралар қабылдайды.
5. Осы бапқа сәйкес тексеру жүргізген уәкілетті орган тексеру жүргізу нәтижелері бойынша эмитентке және (немесе) оның лауазымды адамдарына қатысты ықпал ету шараларын қолдану туралы шешім қабылданған күннен бастап 14 жұмыс күнінен кешіктірмей Бұл туралы эмитент тіркелген мемлекеттің уәкілетті органын, оның ішінде, егер тиісті құқық бұзушылық үшін жауапкершілік эмитент тіркелген мемлекеттің заңнамасында көзделген болса, осындай эмитентті жауапкершілікке тарту мақсатында хабардар етеді.
6. Биржа (сауданы ұйымдастырушы) тіркелген мемлекеттің уәкілетті органы белгіленген тәртіппен биржаны (сауданы ұйымдастырушыны) инсайдерлік ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдаланудың және (немесе) нарықпен айла-шарғы жасаудың белгіленген фактісі туралы биржаның (сауданы ұйымдастырушының) өз қағидаларында көзделген шараларды қабылдауы үшін хабардар етеді.
7. Трансшекаралық рұқсат берілген бағалы қағаздар эмитенттеріне қатысты жауапкершілік шараларын қолдану бөлігінде мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары және уәкілетті органдар қабылдаған шешімдерді орындауға байланысты мәселелер эмитент тіркелген мемлекеттің заңнамасында айқындалады.
8. Осы Келісімді іске асыру мақсатында уәкілетті органдар арасында ақпарат алмасу 2014 жылғы 23 желтоқсандағы Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау мақсатында қаржы саласында ақпарат, оның ішінде құпия ақпарат алмасу туралы келісімге сәйкес жүзеге асырылады.
9-бап
1. Уәкілетті органдар осы Келісімді іске асыруға байланысты мәселелерді қажет болған жағдайда Еуразиялық экономикалық комиссиясының өкілдерін тарта отырып, бірлескен консультациялар өткізу шеңберінде қарайды.
2. Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған тәртіппен шешіледі.
3. Мүше мемлекеттердің өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
4. Осы Келісім Одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Одақ құқығына кіреді.
5. Осы Келісім мүше мемлекеттердің өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
10-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
20__________жылғы ________________қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Армения Республикасы үшін |
Беларусь Республикасы үшін |
Қазақстан Республикасы үшін |
Қырғыз Республикасы үшін |
Ресей Федерациясы үшін |