Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 наурыздағы № 817 Жарлығы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 17 наурыздағы
№ 817 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР

      1. "Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссиялары туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 520 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның лауазымдық құрамында:

      "Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі";

      "Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі" деген жол алып тасталсын.

      2. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 151 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарында:

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Екінші санаттағы "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін білімі бойынша талаптарды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік лауазымға тағайындауға және лауазымнан босатуға құқығы бар адам бекітеді.

      Екінші санаттағы "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдары үшін нақты салада кемінде он үш жыл практикалық жұмыс тәжірибесі болған кезде тиісті мамандық бойынша жоғары білімнің болуы талап етілмейді.";

      мынадай мазмұндағы 13-1-тармақпен толықтырылсын:

      "13-1. Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған адамдардың функционалдық бағыттарға сәйкес салаларда білімі болса, онда болу мерзімі аяқталғаннан кейін олар соңғы атқарған "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, сондай-ақ төмен тұрған лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарға сәйкес келеді.";

      14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Бірінші санаттың лауазымдарына орналасу үшін:

      1) кемінде жеті жыл жұмыс өтілі, оның ішінде Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарда не "А" корпусының лауазымдарында, не Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының мәртебесінде, не А-2, В-2, С-2, С-О-1 санаттарынан төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың департамент басшыларының орынбасарларынан төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы аумақтық органдары мен бөлімшелерінің басшыларынан төмен емес лауазымдарда кемінде бір жыл мемлекеттік қызмет өтілі;

      2) не кемінде алты жыл жұмыс өтілі, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың және қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша немесе шетелдің жоғары оқу орындарында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша оқуды аяқтаған жағдайда, осы Арнайы біліктілік талаптарының 14-тармағының 1) тармақшасында санамаланған лауазымдарда кемінде алты ай жұмыс өтілі;

      3) не кемінде жеті жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының департамент директорларынан төмен емес лауазымдарында кемінде үш жыл жұмыс өтілі;

      4) не Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар үшін кемінде бес жыл жұмыс өтілі талап етіледі.

      15. Екінші санаттың лауазымдарына орналасу үшін:

      1) кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімінде айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарда не "А" корпусының лауазымдарында, не Қазақстан Республикасы Парламенті депутатының мәртебесінде, не А-2, В-2, С-2, С-О-2, D-2, D-О-1 санаттарынан төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың департамент басшыларының орынбасарларынан төмен емес лауазымдарда, не орталық мемлекеттік органдардың және олардың ведомстволарының облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы аумақтық органдары мен бөлімшелері басшыларының орынбасарларынан төмен емес лауазымдарда кемінде бір жыл мемлекеттік қызмет өтілі;

      2) не кемінде төрт жыл жұмыс өтілі, оның ішінде мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың және қайта даярлаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша немесе шетелдің жоғары оқу орындарында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия бекітетін басым мамандықтар бойынша оқуды аяқтаған жағдайда, осы Арнайы біліктілік талаптарының 15-тармағының 1) тармақшасында санамаланған лауазымдарда кемінде алты ай жұмыс өтілі;

      3) не кемінде бес жыл жұмыс өтілі, оның ішінде ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, ұлттық даму институттарының орталық аппаратының департамент басшыларынан және еншілес ұйымдары басшыларының орынбасарларынан төмен емес лауазымдарда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде департамент басшыларының орынбасарларынан төмен емес лауазымдарда, не жылдық орташа штат саны кемінде елу адам болатын республикалық ұйымдардың немесе ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғалардың** басшыларынан төмен емес лауазымдарда кемінде екі жыл жұмыс өтілі;

      4) не Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдар үшін кемінде бес жыл жұмыс өтілі талап етіледі.".

      3. "Мемлекеттік қызмет өткерудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларында:

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол берген немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған орталық атқарушы органдар комитеттері төрағаларын қоспағанда, "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің тәртіптік жауаптылығын Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) не оның тапсырмасы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы (бұдан әрі – Өңірлік кадрлық комиссия) қарайды.";

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін бағалауды өткізу қағидалары мен мерзімінде:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің (бұдан әрі – "А" корпусының қызметшілері) қызметін бағалау олардың нақты лауазымдағы қызметінің нәтижелері бойынша жылдың қорытындысы бойынша (жылдық бағалау) бағаланатын жылдан кейінгі жылдың 20 қаңтарынан кешіктірілмей өткізіледі.

      Егер "А" корпусы қызметшісінің нақты лауазымда болу мерзімі үш айдан аз болса, оны бағалау өткізілмейді.";

      13-тармақ алып тасталсын;

      17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. "А" корпусының бағаланатын қызметшісі өз бағалауының нәтижелерін ақпараттық жүйеден, сондай-ақ "Е-қызмет" мобильдік қосымшасынан алады.

      Жұмыстан шығарылған адамдарды бағалау нәтижелерімен таныстыру есепті кезеңнен кейінгі бір ай ішінде, тапсырыс хаттың табыс етілгендігі туралы хабарламасы бар тапсырыс хатты немесе телефонограмманы немесе жеделхатты немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша немесе электрондық мекенжай бойынша мәтіндік хабарды жолдау не хабархаттың немесе шақырудың тіркеліп-бекітілуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы жүргізіледі.

      18. Мемлекеттік орган бағалау аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға:

      1) бағаланған "А" корпусы қызметшілерінің мынадай құжаттарының көшірмелерін:

      "А" корпусы қызметшілерінің жыл сайынғы келісімдерін;

      бағалау парақтарын;

      "А" корпусы қызметшілерінің қызметі туралы пікірлерді;

      2) себептерін көрсете отырып, бағалау жүргізілмеген "А" корпусының қызметшілері туралы ақпаратты жолдайды.";

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган "А" корпусының қызметшілерін жылдық бағалауға талдау жасауды жүзеге асырады және 1 наурыздан кешіктірмей оларды Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) жұмыс органына енгізеді.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. "Б" корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің (бұдан әрі – "Б" корпусының қызметшілері) қызметін бағалау олардың нақты лауазымдағы қызметінің нәтижелері бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен үлгілік әдістемеде айқындалған тәртіппен жүргізіледі.";

      27 және 34-тармақтар алып тасталсын;

      36 және 37-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. "Б" корпусы қызметшісінің қатарынан екі тоқсан бойы қанағаттанарлықсыз баға алуы, ол біліктілік талаптарына сай келген және төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған жағдайда, оның мемлекеттік лауазымын төмендетуге әкеп соғады.

      Төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған кезде мемлекеттік қызметшіге басқа бос мемлекеттік лауазым ұсынылады.

      Бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттік қызметші атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатылады.

      37. Мемлекеттік қызметші өзінің қызметін бағалау нәтижелеріне мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен үлгілік әдістемеде айқындалған тәртіппен шағым жасауға құқылы.".

      4. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 22 шілдедегі № 74 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі туралы ережеде:

      15-тармақтың 44-15) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "44-15) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің орынбасарлары мен аппарат басшылары үшін міндеттер (функционалдық қызмет бағыттары) бөлінісін әзірлеу және бекіту;".

      5. "Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 27 тамыздағы № 141 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның құрамында:

      "Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі" деген жолдан кейін мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі";

      "Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі" деген жол алып тасталсын.

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру қағидаларында:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Резервке алынған адамдар Ұлттық комиссияның Резервке кандидаттарды қабылдау туралы шешімі шығарылған күннен бастап Президенттік жастар кадр резервінің резервшісі (бұдан әрі – резервші) мәртебесіне ие болады және осы Қағидаларда көзделген жағдайларда Резервтен шығарылған күннен бастап резервші мәртебесін жоғалтады.

      "Резервшілерді мемлекеттік саяси лауазымдарға, сондай-ақ "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы уәкілетті комиссияның шешімі бойынша Резервке алынған күннен бастап үш жыл ішінде жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) резервшілердің одан әрі мемлекеттік қызметті өткеруіне мониторингті жүзеге асырады.";

      7-тармақтағы "мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган)" деген сөздер "уәкілетті органның" деген сөздермен ауыстырылсын;

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Резервке іріктеуді өткізу барысында уәкілетті орган:

      1) кандидаттардың осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкестігін;

      2) кандидаттар ұсынған ақпарат пен құжаттарды толықтығы мен анықтығы тұрғысынан;

      3) кандидаттар туралы мәліметтерді, оның ішінде тиісті мемлекеттік органдардан сұратылатын мәліметтерді, сондай-ақ кандидаттардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3 және 3-1-тармақтарының талаптарына сәйкестігін қарайды.";

      11-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ситуациялық тапсырмаларды шешу және құзыреттерді бағалау кезеңдерін өткізу қорытындылары бойынша кандидаттарға бағалары көрсетіле отырып, әрбір кезең бойынша нәтижелер беріледі.";

      12-тармақтың екінші бөлігі алып тасталсын;

      13-тармақтың 1) тармақшасындағы "үш жыл мерзімге" деген сөздер алып тасталсын;

      14-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) кандидаттардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3 және 3-1-тармақтарының талаптарына сәйкес болмауы.";

      15-тармақтағы "Резервке алынған адам" деген сөздер "Резервші" деген сөзбен ауыстырылсын;

      4-тарау алып тасталсын.

      6. "Жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 485 Жарлығында:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарында:

      3-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші және бесінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Саяси мемлекеттік лауазымдар үшін нақты салада кемінде он бес жыл практикалық жұмыс тәжірибесі болған кезде мамандығы бойынша жоғары білімнің болуы талап етілмейді.

      Осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде белгіленген талаптар мемлекеттік саяси лауазымға кандидаттарды тағайындау Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен жүзеге асырылатын жағдайларда қолданылмайды.";

      мынадай мазмұндағы 5-2-тармақпен толықтырылсын:

      "5-2. Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған адамдардың функционалдық бағыттарға сәйкес салаларда білімі болса, онда болу мерзімі аяқталғаннан кейін соңғы атқаратын мемлекеттік саяси лауазымдарға, сондай-ақ төмен тұрған лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарға сәйкес келеді.".

      7. "Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 31 шілдедегі № 290 Жарлығында:

      қызмет бабында пайдалану үшін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады