Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссиялары туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 наурыздағы № 520 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасы
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Жарлық 26.03.2013 бастап қолданысқа енгізіледі.
      Ескерту. Жарлықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

      "Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығын іске асыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Ұлттық комиссия туралы ереже;

      2) Ұлттық комиссияның лауазымдық құрамы;

      3) Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы туралы үлгілік ереже (бұдан әрі - Үлгілік ереже);

      4) Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясының үлгілік лауазымдық құрамы (бұдан әрі - Үлгілік құрам) бекітілсін.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

      3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссияларын құрсын, олардың ережесі мен құрамын осы Жарлықпен бекітілген Үлгілік ережеге және Үлгілік құрамға сәйкес бекітсін.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Президенті Әкімшілігі және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық 2013 жылғы 26 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Президенті
Н. Назарбаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 7 наурыздағы
№ 520 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы
Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия туралы
ЕРЕЖЕ
1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия (бұдан әрі - Ұлттық комиссия) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру және Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру, оны өткеру және тоқтату, сондай-ақ мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелерін қарау мақсатында құрылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 157 Жарлығымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Ұлттық комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Ұлттық комиссияның міндеттері

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      3. Ұлттық комиссияның міндеттері:

      1) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне қатысты кадр саясатын қалыптастыру және оны іске асыру бойынша ұсыныстар тұжырымдап, Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу;

      2) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне қойылатын арнайы біліктілік талаптарын қарау;

      2-1) мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелерін қарау;

      2-2) мыналардың:

      өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындап жүрген қызметтегі судьялардың, Парламент депутаттарының, тұрақты негізде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттік саяси қызметшілердің, халықаралық қызметшілердің;

      өз өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған және оларды тоқтатқан халықаралық қызметшілердің, судьялардың;

      Ұлттық комиссия шешім қабылдаған кезде қолданыста болатын Мемлекеттік саяси және әкiмшілiк қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес лауазымдары мемлекеттік саяси лауазымдарға жатқызылған жағдайда, өз өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған және оларды тоқтатқан мемлекеттік саяси қызметшілердің;

      халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі бар адамдардың;

      мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар және Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура (PhD, бейіні бойынша доктор) бағдарламалары бойынша оқуын аяқтаған адамдардың;

      Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстық іріктеу өткізілместен орналасуы мәселелерін қарау;

      2-3) алып тасталды - ҚР Президентінің 12.06.2017 № 498 Жарлығымен;
      3) алып тасталды - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен;

      4) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің мемлекеттік қызметті өткеру және тоқтату мәселелері бойынша, оқыту, ротация жүргізу, тәртіптік жауаптылыққа тарту, атқаратын лауазымынан босату бойынша ұсынымдарды тұжырымдау және шығару;

      5) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссияларының қызметін үйлестіру;

      6) Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де міндеттер болып табылады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 157 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.07.2016 № 298 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.06.2017 № 498; 04.08.2018 № 723; 14.01.2020 № 239; 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 15.06.2023 № 255 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

3-тарау. Ұлттық комиссияның функциялары

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      4. Ұлттық комиссияға оның міндеттеріне сәйкес мынадай функциялар жүктеледі:

      1) "А" корпусының лауазымдарына кандидаттардың жеке ісін қарау және қажет болған жағдайда олармен әңгімелесу өткізу;

      2) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жеке істерін және қызметіне қатысты өзге де материалдарды қарау және олармен әңгімелесу өткізу;

      2-1) мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелері бойынша шешімдерді қабылдау және мемлекеттік органдардағы олардың лауазымдарын келісу;

      2-2) мыналардың:

      өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындап жүрген қызметтегі судьялардың, Парламент депутаттарының, тұрақты негізде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттік саяси қызметшілердің, халықаралық қызметшілердің;

      өз өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған және оларды тоқтатқан халықаралық қызметшілердің, судьялардың;

      Ұлттық комиссия шешім қабылдаған кезде қолданыста болатын Мемлекеттік саяси және әкiмшілiк қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес лауазымдары мемлекеттік саяси лауазымдарға жатқызылған жағдайда, өз өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған және оларды тоқтатқан мемлекеттік саяси қызметшілердің;

      халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі бар адамдардың;

      мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар және Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура (PhD, бейіні бойынша доктор) бағдарламалары бойынша оқуын аяқтаған адамдардың;

      Президенттік жастар кадр резервіне алынған адамдардың "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстық іріктеу өткізілместен орналасуы мәселелері бойынша шешімдер қабылдау;

      2-3) алып тасталды - ҚР Президентінің 12.06.2017 № 498 Жарлығымен;

      3) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан, оның ішінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссияларынан ақпарат сұрату және алу;

      4) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша отырыстарда мемлекеттік органдардың, ұйымдардың басшыларын және өкілдерін, оның ішінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссияларының төрағаларын тыңдау;

      5) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;

      6) мемлекеттік органдардың басшыларына және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кадр комиссияларының төрағаларына шешімдерді жіберу;

      7) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелерді қарауға мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдары мен мамандарын қажеттігіне қарай тарту;

      8) Ұлттық комиссияның отырысына Ұлттық комиссияның мүшесі болып табылмайтын лауазымды және өзге де адамдарды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақыру;

      9) Ұлттық комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тапсырмалар мен нормативтік құқықтық актілер әзірлеу жөнінде Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстар енгізу;

      9-1) алып тасталды - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен;

      10) Ұлттық комиссияға жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға қажетті, Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 29.12.2015 № 157 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.07.2016 № 298 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.06.2017 № 498; 04.08.2018 № 723; 14.01.2020 № 239; 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 15.06.2023 № 255 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

4-тарау. Ұлттық комиссияның құрамы және оның қызметін ұйымдастыру

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      5. Ұлттық комиссия төрағадан, оның орынбасарынан және комиссия

      мүшелерінен тұрады. Қазақстан Республикасының Президенті оның

      лауазымдық құрамын айқындайды.

      6. Ұлттық комиссияның төрағасы:

      1) Ұлттық комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Ұлттық комиссияның отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;

      3) Ұлттық комиссияның отырыстарында төрағалық етеді;

      4) Ұлттық комиссияның дербес құрамын бекітеді;

      5) Ұлттық комиссияның жұмыс жоспарын бекітеді;

      6) Ұлттық комиссияның мүшелеріне орындауға міндетті нұсқаулар береді;

      7) Қазақстан Республикасының Президенті алдында Ұлттық комиссияның жұмысы туралы есеп береді.

      7. Ұлттық комиссияның төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары орындайды.

      8. Ұлттық комиссияның отырыстары оның жұмыс кестесіне сәйкес, сондай-ақ қажеттігіне қарай, бірақ жартыжылдықта кемінде бір рет өткізіледі.

      9. Ұлттық комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша Ұлттық комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беруі өткізілуі мүмкін.

      Ұлттық комиссияның отырысы немесе сырттай дауыс беру оның құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі отырысқа қатысқан немесе сырттай дауыс беруге қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Ұлттық комиссияның мүшелері отырыстарға және сырттай дауыс беруге ауысу құқығынсыз қатысады.

      Ұлттық комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беру мерзімі Ұлттық комиссия мүшелеріне материалдар жіберілген күннен бастап үш жұмыс күнінен аспауы тиіс.

      Сырттай дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Ұлттық комиссия мүшелері өз пікірлерін Ұлттық комиссияның жұмыс органына жазбаша түрде жолдайды.

      Көрсетілген мерзімде жауап ұсынылмаған жағдайда Ұлттық комиссия мүшесі шешім жобасын қабылдауға дауыс берді деп саналады.

      Ұлттық комиссияның шешімдері ашық дауыс беру немесе сырттай дауыс беру арқылы Ұлттық комиссия отырысына қатысушы немесе дауыс беруге қатысушы мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 21.11.2013 № 697 Жарлығымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      10. Ұлттық комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған Ұлттық комиссия төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      Ұлттық комиссияның шешімдері тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға жіберіледі және Ұлттық комиссия белгілеген мерзімде міндетті қаралуға жатады.

      11. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімінің меңгерушісі Ұлттық комиссияның хатшысы болып табылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 13.09.2023 № 350 Жарлығымен.

      12. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет бөлімі Ұлттық комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Ұлттық комиссияның қызметін ұйымдық қамтамасыз етуді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 13.09.2023 № 350 Жарлығымен.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 7 наурыздағы
№ 520 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы
Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның
ЛАУАЗЫМДЫҚ ҚҰРАМЫ

      Ескерту. Құрамы жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, төраға

      Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Президентінің өңірлік саясат мәселелеріне жетекшілік ететін кеңесшісі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің әкімшілік реформа және мемлекеттік қызмет мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы

      Қазақстан Республикасының Әділет министрі

      Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі

      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы


  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 7 наурыздағы
№ 520 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы туралы үлгілік ереже

      Ескерту. Ереженің тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы (бұдан әрі – комиссия) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңын және кадр саясатын іске асыру мақсатында құрылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 15.06.2023 № 255 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Комиссияның міндеттері

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      3. Комиссияның міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның (бұдан әрі – Ұлттық комиссия) шешімдерін іске асыру;

      2) кадр саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау және Ұлттық комиссияға енгізу;

      3) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өңірлік кадр резервін (бұдан әрі – өңірлік резерв) қалыптастыру бойынша жұмысты жалпы үйлестіру;

      4) өңірлік резервке алу және одан шығару туралы мәселелерді шешу болып табылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 15.06.2023 № 255 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

3-тарау. Комиссияның функциялары

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      4. Комиссияға оның міндеттеріне сәйкес мынадай функциялар жүктеледі:

      1) комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпаратты мемлекеттік органдардан және өзге де ұйымдардан сұрату және алу;

      2) отырыстарда комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың, ұйымдардың басшылары мен өкілдерін тыңдау;

      3) комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер қабылдау;

      4) шешімдерді мемлекеттік органдардың, ұйымдардың басшыларына жіберу;

      5) комиссияның құзыретіне жататын мәселелерді қарауға мемлекеттік органдардың, ведомстволар мен ұйымдардың лауазымды адамдары мен мамандарын қажеттілігіне қарай тарту;

      6) комиссияның отырысына комиссияның мүшесі болып табылмайтын лауазымды және өзге де адамдарды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақыру;

      7) Ұлттық комиссияға комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша тапсырмалар мен нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізу;

      8) өңірлік резервке алуға ұсынылған кандидатураларды қарау;

      9) адамды өңірлік резервтен шығару туралы мәселені қарау;

      10) мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша әрбір нақты іріктеу үшін облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамыту басымдықтарын ескере отырып, іріктеу кезеңдерін өткізу мерзімдерін, өңірлік резервке алынатын кандидаттардың санын, салалық бағыттарды бекіту;

      11) комиссияға жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға қажетті, Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген және Ұлттық комиссияның шешімдерінде белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 15.06.2023 № 255 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

4-тарау. Комиссияның құрамы және оның қызметін ұйымдастыру

      Ескерту. 4-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 18.01.2021 № 495 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      5. Комиссия төрағадан, оның орынбасарынан және комиссия

      мүшелерінен тұрады.

      6. Комиссияның төрағасы:

      1) комиссияның қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) комиссияның отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды;

      3) комиссияның отырыстарында төрағалық етеді;

      4) комиссияның дербес құрамын бекітеді және комиссияның жұмыс органының ұсынуымен оның хатшысын айқындайды;

      5) комиссияның жұмыс жоспарын бекітеді;

      6) комиссияның мүшелеріне орындауға міндетті нұсқаулар береді;

      7) комиссияның жұмысы туралы Ұлттық комиссияның алдында есеп береді.

      7. Комиссияның төрағасы болмаған уақытта оның функцияларын

      комиссия төрағасының орынбасары орындайды.

      8. Комиссияның отырыстары оның жұмыс кестесіне сәйкес, сондай-ақ қажеттігіне қарай, бірақ жартыжылдықта кемінде бір рет өткізіледі.

      9. Комиссияның отырысы оның құрамының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Комиссияның мүшелері отырыстарға ауыстыру құқығынсыз қатысады.

      Комиссияның шешімдері ашық дауыс беру арқылы комиссия отырысына қатысушы мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      10. Комиссияның шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған комиссияның төрағасы және хатшысы қол қояды.

      Комиссияның шешімдері тиісті мемлекеттік органдарға, ұйымдарға жіберіледі және комиссия белгілеген мерзімде міндетті қаралуға жатады.

      11. Комиссияның жұмыс органы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі болып табылады.

      12. Жұмыс органы комиссияның қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде комиссияның жұмыс жоспарларының жобаларын, отырыстарының күн тәртібін және оның жұмысын ұйымдастыруға қажетті өзге де материалдарды дайындауды қамтамасыз етеді, оларды комиссияның қарауына ұсынады, өңірлік резервке алынған адамдардың мемлекеттік қызметті өткеруіне мониторинг жүргізеді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 15.06.2023 № 255 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2013 жылғы 7 наурыздағы
№ 520 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясының үлгілік лауазымдық құрамы

      Ескерту. Лауазымдық құрам жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723; өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 22.07.2019 № 74; 10.04.2023 № 190 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 15.06.2023 № 255 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі, комиссия төрағасы

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық бөлімшесінің басшысы, комиссия төрағасының орынбасары

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі аппаратының басшысы

      Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының төрағасы

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясының төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады