Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 16 сәуірдегі № 842 Жарлығы.

  Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ.Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2025 жылғы 16 сәуірдегі
№ 842 Жарлығымен
МАҚҰЛДАНҒАН
Жоба

Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті арасындағы сотталған адамдарды беру туралы КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі жеке алғанда "Тарап", бірлесіп "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қатар Мемлекеті

      екі Тарап арасындағы берік қалыптасқан достықты негізге ала отырып,

      Тараптардың заңнамасына сәйкес және халықаралық құқық нормаларын, атап айтқанда, егемендікті өзара құрметтеу және Тараптардың ішкі істеріне араласпау қағидаттарын сақтай отырып, Тараптардың бірінің азаматтары болып табылатын бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың өздерінің мемлекеттерінде жазасын өтеуге мүмкіндік беру арқылы қоғамға интеграциялануына жәрдемдесуге ниет білдіре отырып,

      төмендегілер туралы уағдаласты:

1-бап

Анықтамалар

      Осы Келісімнің мақсатында:

      a) "сотталған адам" оған қатысты Үкім шығарушы мемлекеттің аумағында бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін түпкілікті және орындалуға жататын сот шешімі шығарылған кез келген адамды білдіреді;

      b) "үкім" қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыруды көздейтін кез келген түпкілікті және орындалуға жататын сот шешімін білдіреді;

      c) "Үкім шығарушы мемлекет" Тараптардың ұлттық заңнамасына сәйкес үкім шығарылған және одан бас бостандығынан айыру немесе түрмеге қамау түріндегі жазасын өтеу үшін адам берілген немесе берілуі мүмкін Тарапты білдіреді;

      d) "Үкімді орындаушы мемлекет" аумағына сотталған адам оған тағайындалған жазаны немесе оның қалған мерзімін өтеу үшін берілуі мүмкін немесе берілген Тарапты білдіреді.

2-бап

Сотталған адамдарды беру жөніндегі міндеттеме

      1. Тараптар осы Келісімнің ережелеріне және өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес сотталған адамдарды беру саласындағы барынша ынтымақтастықты жүзеге асыруға міндеттенеді.

      2. Бір Тараптың аумағында сотталған адам шығарылған үкімді орындау үшін екінші Тараптың аумағына берілуі мүмкін. Осы мақсатта сотталған адам немесе оның заңды өкілі осы Келісімге сәйкес сотталған адамның берілуі туралы қалауын білдіре алады.

3-бап

Орталық органдар

      1. Осы Келісімнің мақсаты үшін:

      a) Қазақстан Республикасы үшін орталық орган Бас прокуратура болып табылады;

      b) Қатар Мемлекеті үшін орталық орган Мемлекеттік прокуратура болып табылады.

      2. Осы Келісімнің мақсаты үшін орталық органдар бір-бірімен дипломатиялық арналар арқылы өзара іс-қимыл жасайды. Шұғыл жағдайларда орталық органдар сұрау салуды электрондық поштамен жібере алады. Сұрау салудың түпнұсқасы бір мезгілде пошта арқылы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде жіберілу керек.

      3. Әрбір Тарап өзінің орталық органына қатысты кез келген өзгерістер туралы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы отыз (30) тәулік ішінде хабардар етуі керек.

4-бап

Беру шарттары

      Сотталған адам осы Келісімге сәйкес мынадай шарттар сақталған жағдайда:

      a) сотталған адам Үкімді орындаушы мемлекеттің азаматы болса;

      b) үкім түпкілікті және орындалуға жататын болса;

      c) беру туралы сұрау салу келіп түскен кезде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеудің қалған мерзімі кемінде алты (6) айды құраса берілуі мүмкін. Айрықша жағдайларда, егер сотталған адамның өтеуге тиіс жазасының, мерзімі осы тармақта көрсетілгеннен аз болса да, беру жүзеге асырылуы мүмкін;

      d) сотталған адам жасаған іс-әрекеттер екі Тараптың да ұлттық заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылса;

      e) сотталған адамның немесе өзінің жасына, физикалық немесе психикалық жай-күйіне байланысты адам келісімін өз бетінше білдіре алмайтын жағдайда сотталған адамның заңды өкілінің жазбаша келісімі болса;

      f) екі Tapaп та сұратылған беруге келіскен болса, берілуі мүмкін.

5-бап

Беруден бас тарту шарттары

      1. Егер:

      a) Кез келген Тарап беру оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, басқа да елеулі мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін немесе халықаралық міндеттемелеріне және оның ұлттық заңнамасына қайшы келеді деп санаса;

      b) Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша жаза Үкім шығарушы мемлекетте тағайындалған жазадан елеулі түрде өзгеше болса;

      c) сотталған адам қылмыспен келтірілген залалды өтемеген болса немесе ол сот үкіміне сәйкес өтеуге міндетті шығыстарды төлемеген болса;

      d) Үкімді орындаушы мемлекетте адамға қатысты дәл сол қылмыс үшін қылмыстық талқылау жүргізіліп жатса немесе заңды күшіне енген сот үкімі шығарылған болса, беруден бас тартылуы мүмкін.

      2. Беруден бас тартылған жағдайда мұндай шешім уәжді болуға тиіс.

6-бап

Сотталған адамды хабардар ету

      1. Әрбір Тарап өз аумағында екінші Тараптың азаматтары болып табылатын сотталған адамдарға осы Келісімнің ережелеріне сәйкес берілуі мүмкін екендігі туралы хабарлайды

      2. Егер сотталған адам немесе оның заңды өкілі осы Келісімге сәйкес кез келген Тарапқа беруге қатысты сұрау салуды жіберсе, онда сотталған адамнан мұндай сұрау салуды алған Тарап бұл туралы екінші Тарапты мүмкіндігінше дереу жазбаша хабардар етуі керек.

      3. Әрбір Тарап беру туралы сұрау салулар бойынша қабылданған шешімдер туралы әз аумағындағы сотталған адамдарды жазбаша түрде хабардар етуі тиіс.

7-бап

Талап етілетін құжаттар

      1. Егер бір Тараптың беру туралы сұрау салуы келіп түскен жағдайда және егер екінші Тарап одан бас тартпаса, Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекетке мынадай құжаттарды немесе мәліметтерді:

      a) заңды күшіне енген үкімнің куәландырылған көшірмесін, оның ішінде негізделген заңнаманың тиісті ережелерін;

      b) жазаның түрі мен мерзімі, сондай-ақ оның есептеле бастаған күні көрсетілген мәліметтерді;

      c) сотқа дейінгі ұстаудың мерзімдерін қоса алғанда, жазаның өтелген және өтелуге жататын бөліктерінің мерзімдері туралы мәліметтерді, үкімнің өзгеруі туралы мәліметтерді және үкімді орындау үшін маңызды өзге де мәліметтерді;

      d) осы Келісімнің 4-бабының е) тармақшасында көзделген беруге жазбаша келісімді;

      e) сотталған адамның денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты, оның Үкім шығарушы мемлекетте емделуі туралы ақпаратты және Үкімді орындаушы мемлекетте оның одан әрі емделуі туралы кез келген ұсынымдарды;

      f) адамның жазасын өтеу кезіндегі мінез-құлқын сипаттайтын мәліметтерді береді.

      2. Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекетке мынадай құжаттарды:

      a) сотталған адам оның азаматы болып табылатынын растайтын құжаттар;

      b) Үкім шығарушы мемлекетте оған байланысты үкім шығарылған әрекет немесе әрекетсіздік Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қылмыс болып табылатынын көздейтін заңнаманың тиісті ережелерінен үзіндіні;

      c) Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша Үкім шығарушы мемлекет шығарған үкімді орындау тәртібі туралы мәліметті береді.

      3. Қажет болған жағдайда Тараптардың орталық органдары беру туралы сұрау салуды бергенге немесе осындай беруге келісетіні туралы шешім қабылдағанға дейін қосымша құжаттарды немесе мәліметтерді сұрата алады.

8-бап

Келісім беру және оны растау

      1. Сотталған адам не оның заңды өкілі берудің құқықтық салдарын толық сезіне отырып, оған өз еркімен келісім беретініне және беруге келісімі туралы өтініште мұны растайтынына Үкім шығарушы мемлекет кепілдік беруге тиіс.

      2. Үкім шығарушы мемлекет Үкімді орындаушы мемлекеттің сұрау салуы бойынша Үкімді орындаушы мемлекетке уәкілетті тұлға арқылы сотталған адамның осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес беруге өз келісімін білдіргеніне көз жеткізуіне мүмкіндік беруге тиіс.

9-бап

Сотталған адамды беру

      Беруге келісуге қол жеткізілген жағдайда Тараптар консультациялар арқылы беру уақытын, орнын және тәртібін айқындауға тиіс.

10-бап

Үкімді орындау

      1. Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекет белгілеген жазаның сипаты мен ұзақтығын сақтауға міндетті.

      2. Егер Үкім шығарушы мемлекет шығарған үкім өзінің сипаты мен ұзақтығы бойынша Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес келмесе немесе оның заңнамасында талап етілсе, онда Үкімді орындаушы мемлекет сот шешімі арқылы үкімді барынша ұқсас қылмыс үшін өз заңнамасында көзделген жазамен немесе шарамен бейімдейді.

      3. Үкімді орындаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес келтірілген жаза өзінің сипаты және ұзақтығы бойынша Үкім шығарушы мемлекет тағайындаған жазаны нашарлатпауға тиіс, және Үкімді орындаушы мемлекеттің ұлттық заңнамасы бойынша осыған ұқсас қылмысқа қолданылатын ең төмен жазаның мерзімімен шектелмеуге тиіс. Бұл жағдайда Үкімді орындаушы мемлекет Үкім шығарушы мемлекетке өзінің сот шешімін жібереді.

11-бап

Арнаулы қағида

      Үкім шығарушы мемлекетте сотталған адам Үкімді дәл осындай қылмыс үшін орындаушы мемлекетте қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды немесе сотталмайды.

12-бап

Рақымшылық жасау, кешірім жасау және жазаны жеңілдету

      1. Сотталған адамға Үкім шығарушы мемлекетте де, Үкімді орындаушы мемлекетте де рақымшылық жасауды қолдана алады.

      2. Сотталған адамға Үкім шығарушы мемлекет кешірім жасауды қолдана алады.

      3. Сотталған адамға Үкімді орындаушы мемлекет өз ұлттық заңнамасына сәйкес кешірім жасауды немесе жазаны жеңілдетуді Үкім шығарушы мемлекеттің келісімімен қолдана алады.

      4. Үкім шығарушы мемлекет қана өзінің сот шешімін қайта қарауға құқылы.

13-бап

Үкімді тоқтату және өзгерту

      Үкім шығарушы мемлекет үкімнің тоқтатылуына немесе өзгертілуіне әкелетін кез келген шешім туралы Үкімді орындаушы мемлекетті хабардар еткен бойда, ол үкімнің орындалуын тоқтатуға немесе өзгертуге міндетті.

14-бап

Үкімнің орындалуы туралы хабар беру

      Үкімді орындаушы мемлекет:

      a) егер үкімді орындау аяқталса;

      b) егер сотталған адам күзетпен ұстаудан жасырынып қалса немесе жазаны өтеу мерзімі аяқталғанға дейін қайтыс болса;

      c) егер Үкім шығарушы мемлекет арнаулы есепті сұратса, Үкім шығарушы мемлекетке үкімнің орындалуы туралы хабар беруге тиіс.

15-бап

Транзит

      1. Тараптар өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес және өз мүдделеріне нұқсан келтірместен екінші Тарапқа үшінші мемлекет берген сотталған адамдардың өз аумағы арқылы транзитіне рұқсат беруге құқылы.

      2. Ол үшін Сұрау салушы тарап Сұрау салынатын тарапқа орталық орган арқылы не аса шұғыл жағдайларда Халықаралық қылмыстық полиция ұйымы (Интерпол) арқылы тасымалданатын адамның сәйкестендіру деректерін, оның азаматтығы туралы мәліметтерді және істің мән-жайларының қысқаша мазмұнын қамтитын транзит туралы сұрау салу жібереді. Транзит туралы сұрау салу сотталған адамның берілгенін растайтын құжаттың көшірмесімен қоса беріледі.

      3. Сұрау салынатын тарап өз аумағы арқылы тасымалданатын адамды күзетпен ұстауға тиіс.

      4. Егер транзит әуе көлігімен жүзеге асырылса және транзитпен мемлекет аумағында қону жоспарланбаса, транзитке рұқсат талап етілмейді. Транзит мемлекетінің аумағында жоспарланбаған қону жағдайында транзитті жүзеге асыратын мемлекет бұл туралы транзит өтетін мемлекетті дереу хабардар етеді және транзит мемлекеті транзит туралы сұрау салуды күту кезінде он бес (15) тәулікке дейінгі мерзімде тасымалданатын адамды күзетпен ұстайды.

      5. Егер осы баптың 4-тармағында көрсетілген мерзімдерде транзит туралы сұрау салу алынбаса, егер Тараптар басқаша келіспеген болса, адам босатылуға жатады.

16-бап

Шығыстар

      1. Осы Келісімді орындауға байланысты шығыстарды Тараптар өздерінің заңнамасына және осы Келісімге сәйкес көтереді.

      2. Үкімді орындаушы мемлекет, Үкім шығаратын мемлекеттің аумағындағы шығыстарды қоспағанда, сотталған адамды беруге байланысты барлық шығыстарды көтереді.

      3. Транзиттік тасымалдауға байланысты шығыстарды транзиттік тасымалдауға рұқсат беру туралы өтініш жасаған Тарап көтереді.

      4. Егер сұрау салуларды орындау күтпеген шығындарды талап етсе, Тараптардың Орталық органдары оларды жабу тәртібі туралы консультациялар жүргізеді.

17-бап

Тіл

      1. Беру туралы сұрау салулар және оларға қоса берілетін құжаттар Сұрау салушы тараптың тілінде жасалады және Сұрау салынатын тараптың тіліндегі немесе ағылшын тіліндегі аудармасымен қоса беріледі.

      2. Сұрау салуларға жауаптар және оларға қоса берілетін құжаттар Сұрау салынатын тараптың тілінде жасалады және Сұрау салушы тараптың тіліне немесе ағылшын тіліне аудармасымен қоса беріледі.

18-бап

Құжаттардың жарамдылығы

      Осы Келісімнің мақсаттары үшін бір Тараптың орталық органы жіберген, қол қойылған және елтаңбалы мөрмен бекемделген кез келген құжаттар екінші Тараптың аумағында заңдастырусыз пайдаланылуға тиіс.

19-бап

Қолданылу аясы

      Осы Келісімнің ережелері ол күшіне енгенге дейін немесе одан кейін шығарылған үкімдерге қатысты сұрау салуларға қолданылады.

20-бап

Басқа халықаралық келісімдермен арақатынасы

      Осы Келісім Тараптардың өздері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық келісімдерде көзделген құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

21-бап

Дауларды реттеу

      Тараптар арасында осы Келісімді қолдануға немесе түсіндіруге қатысты туындауы мүмкін кез келген даулар Тараптардың орталық органдары арасында консультациялар мен келіссөздер жүргізу немесе дипломатиялық арналар арқылы шешіледі.

22-бап

Түзетулер

      Тараптардың арасындағы жазбаша келісім арқылы осы Келісімнің ережелеріне осы Келісімнің 23-бабында көзделген рәсімдерге сәйкес күшіне енетін өзгерістер енгізілуі мүмкін және олар күшіне енгеннен кейін оның ажырамас бөлігі болып саналады.

23-бап

Келісімнің күшіне енуі, қолданылу мерзімі және тоқтатылуы

      1. Осы Келісім Тараптардың кез келгені екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті өзінің мемлекетішілік рәсімдерді аяқтағаны туралы хабардар ететін соңғы жазбаша хабарлама алынған күннен бастап отыз (30) күн өткен соң күшіне енеді.

      2. Осы Келісімнің қолданылу мерзімі бес (5) жылды құрайды және егер Тараптардың ешқайсысы екінші Тарапты дипломатиялық арналар арқылы өзінің оны бұзу ниеті туралы ол тоқтатылатын күнге дейін кемінде алты (6) ай бұрын жазбаша нысанда хабардар етпесе, басқа осындай кезеңге немесе кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      3. Осы Келісімнің қолданылу мерзімінің тоқтатылуы, егер Тараптар жазбаша нысанда өзгеше уағдаласпаса, оның тоқтатылған күніне дейін жіберілген немесе алынған сұрау салулардың орындалуына әсер етпейді.

      ОСЫНЫ КУӘЛАНДЫРУ ҮШІН тиісті түрде өзінің мемлекеттері уәкілеттік берген төменде қол қоюшылар осы Келісімге қол қойды.

      ________________ ______________________әрқайсысы қазақ, араб және ағылшын тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндер тең түпнұсқалы болып табылады.

      Келісім мәтіндері арасында алшақтықтар болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтін басымдыққа ие болады.

      Қазақстан Республикасы үшін Қатар Мемлекеті үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады