Мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарының құрылымын жетiлдiру және оларды ұстауға жұмсалатын шығынды қысқарту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1994 жылғы 15 шiлде N 1795. Күші жойылды - ҚР Президентінің 2006.01.09. N 1696 жарлығымен.

      Соңғы уақытта барлық деңгейдегi мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарында, оның iшiнде құқық қорғау, сот органдары мен прокуратура органдарына өз функцияларын аппарат қызметкерлерiнiң санын ұлғайту есебiнен орындаудың тұрақты үрдiсi қалыптасқан. Мұндай жағдай басқарымдылықтың және далиып кеткен аппаратқа қойылатын талаптың, сондай-ақ iстiң жай-күйiне атқарушылардың жауапкершiлiгiнiң төмендеуiне әкеп соқтырады. 
      Мемлекеттiк аппарат жұмысын ретке келтiру және оны ұстауға жұмсалатын бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында қаулы етемiн: 
      1. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң жанындағы таратылатын Мемлекеттiк қаржы бақылау комитетi негiзiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк қаржы бақылау комитетi; 
      Қазақстан Республикасының таратылатын Монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мен Қазақстан Республикасының Экономика министрлiгi жанындағы Баға комитетi негiзiнде Қазақстан Республикасының Баға және монополияға қарсы саясат жөнiндегi мемлекеттiк комитетi құрылсын. 
      2. Қазақстан Республикасының Су ресурстары жөнiндегi мемлекеттiк комитетi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Су ресурстары жөнiндегi комитет болып; 
      Қазақстан Республикасының Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi жанындағы Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау комитетi болып қайта құрылсын. 
      3. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi: 
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты, Жоғарғы Төрелiк Соты, Бас прокуратурасы және Ұлттық Банкi қызметкерлерiнiң лауазымдық жалақысының схемасы мен еңбегiне ақы төлеудiң басқа да шарттарын 2 ай мерзiмде әзiрлеп, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң қарауына ұсынсын; 
      1994 жылғы 1 қыркүйектен бастап республикалық басқару органдары қызметкерлерiнiң саны кемiнде 25 процент, ал жергiлiктi басқару органдары қызметкерлерiнiң саны - 15 процент қысқартылуын қамтамасыз етсiн; 
      1994 жылғы 1 қазанға дейiнгi мерзiмде республикалық органдардың аппаратын кемiнде 25 процент, ал жергiлiктi органдардың аппаратын - 15 процент қысқартып прокуратура органдары, құқық қорғау және сот органдары орталық аппаратының құрылымын әзiрлесiн және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң бекiтуiне табыс етсiн; 
      1994 жылғы 1 қазанға дейiн республиканың мемлекеттiк басқару органдарының жаңа құрылымын әзiрлеп, Қазақстан Республикасы Президентiнiң бекiтуiне ұсынсын; 
      облыс, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiмен бiрлесiп тиiстi әкiмдердiң дербес басқармалары мен бөлiмдерiнiң тiзбесiн әзiрлеп, бекiтсiн; 
      2 ай мерзiмде мәслихат - жиналыстар, әкiмдер және олардың дербес бөлiмдерi мен басқармалары аппаратының басшы қызметкерлерiнiң, мамандары мен қызметшiлерiнiң нормативтi санын әзiрлеп, бекiтсiн.
      4. Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарын ұстауға бөлiнетiн мемлекет қаржысының жұмсалуына бақылау жасауды қамтамасыз етсiн. 

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады