Республикалық референдум туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 25 наурыздағы № 2151 Конституциялық заң күшi бар жарлығы. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995.11.02. N 2593 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-шi бабына және

      "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге

      уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10

      желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес

      республикалық референдум ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн белгiлеу

      мақсатында осы Жарлықты шығарамын.

      I тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Республикалық референдум ұғымы

      Республикалық референдум - Қазақстан Республикасы мемлекеттiк

      өмiрiнiң неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған Заңдар мен

      шешiмдердiң жобасы бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру.

      Референдум Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында

      өткiзiледi.

      2-бап. Республикалық референдум өткiзудiң

      принциптерi

      Референдум өткiзу:

      жариялылық;

      азаматтардың референдумға өз еркiмен қатысуы және

      тiлек-ниетiн ашық бiлдiруi;

      жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бiрдей, тең және тура

      сайлау құқығы;

      Референдумға әр қатысушының бiр дауыс иеленуi принциптерiне

      негiзделедi.

      3-бап. Республикалық референдумға қатысу құқығы

      Референдумға Қазақстан Республикасының 18 жасқа толған

      азаматтары қатысады.

      Қазақстан Республикасы азаматтарының республикалық

      референдумға қатысу құқығын қандай болсын тiкелей немесе жанама

      шектеуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жазаланады.

      Референдумға сот кембағал деп танылған азаматтар және бас

      бостандығынан айыру орындарына жазасын өтеп жатқан адамдар

      қатыспайды.

      4-бап. Республикалық референдумға қойылатын

      мәселелер

      Референдумның талқысына:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, конституциялық

      заңдарын, заңдарын өзгерту;

      2) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де

      неғұрлым маңызды мәселелерiн шешу қойылуы мүмкiн.

      5-бап. Республикалық референдумның талқысы бола

      алмайтын мәселелер

      Мына мәселелер:

      адамның және азаматтың негiзгi құқығы мен бостандығының

      бұзылуына әкелiп соғатын;

      Қазақстан Республикасының демократиялық, зайырлы және

      унитарлы мемлекет ретiндегi мәртебесiн өзгерту;

      республикалық басқару нысанын қайта қарау:

      Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылымы мен

      шекарасының және Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығының

      бұзылуына әкелiп соғатын өзге де мәселелер;

      әдiл сот, қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және қоғамдық

      тәртiптi қорғау;

      республикалық бюджет пен салық саясаты;

      рақымшылық пен кешiрiм жасау;

      Қазақстан Республикасы Президентi, Парламентi мен Үкiметi

      қарауға тиiс адамдарды лауазымға тағайындау және лауазымынан

      босату;

      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттардан туындайтын

      мiндеттемелерiн орындау мәселелерi референдумның талқысына

      қойылатын мәселелер бола алмайды.

      6-бап. Республикалық референдумды әзiрлеу мен

      өткiзу кезiндегi жариялылық

      Референдумды ұйымдастыру мен өткiзу ашық әрi жариялы жүзеге

      асырылады.

      Референдумға қойылатын мәселе, сондай-ақ оны өткiзу туралы шешiм азаматтардың назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткiзiледi.

      Референдум комиссиялары референдум өткiзудi ұйымдастыру жөнiндегi өзiнiң жұмысы туралы, дауыс беретiн учаскелер құру, комиссиялардың құрамы, орналасқан жерi және жұмыс уақыты туралы, референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмi туралы азаматтарды хабарландырады.

      дауыс беру, дауыс санау, сондай-ақ дауыс беру нәтижесiн анықтау кезiнде референдум комиссияларының мәжiлiстерiне қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң, халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысу құқығы бар. Өкiлдердiң өкiлеттiгi Орталық референдум комиссиясы белгiленген тәртiппен куәлендiрiледi. Өкiлдердiң референдум комиссияларының жұмысына араласуына жол берiлмейдi.

      Бұқаралық ақпарат құралдары референдумға әзiрлiк пен оны өткiзу барысын жария етiп отырады, олардың өкiлдерiне республикалық референдум өткiзуге байланысты шараларға баруына кепiлдiк берiледi.

      7-бап. Республикалық референдумдағы үгiт

      Қазақстан Республикасы азаматтарының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң референдумға қойылған мәселелердi қолдап немесе қарсы жиналыстарда, митингiлерде, азаматтар жиынында, бұқаралық ақпарат құралдарында үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк берiледi.

      Барлық баспа үгiт материалдарында оларды шығаруға жауапты ұйымдар мен адамдар туралы ақпарат болуға тиiс. Бұқпантай үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.

      Басқа адамдардың құқығы мен бостандығын, қоғамдық қауiпсiздiктi бұзуға, конституциялық құрылысқа қол сұғуға байланысты үгiт жүргiзуге жол берiлмейдi.

      Референдум өткiзiлетiн күннiң қарсаңындағы күнi және референдум өткiзiлетiн күнi үгiт жүргiзуге тыйым салынады.

      Дауыс беретiн жайлардан басқа жерлерде бұрын iлiнген баспа үгiт материалдарының, плакаттардың бұрынғы орындарында сақталуы мүмкiн.

      8-бап. Республикалық референдумды қамтамасыз ету

      Референдум әзiрлеу мен өткiзуге байланысты шығыстар республикалық бюджеттiң есебiнен ғана жұмсалады.

      Мемлекеттiк органдар және меншiк нысанына қарамастан

      кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар референдум комиссияларының

      қарамағына референдум әзiрлеу мен өткiзу үшiн қажет үй-жайларды,

      жабдықтар мен көлiк құралдарын бередi.

      Шетелдiк ұйымдардың, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ

      адамдардың референдумға қатысты шараларды қаржыландыруға және

      өзгеше қамтамасыз етуге тiкелей немесе жанама түрде қандай да

      болсын қатысуына тыйым салынады.

      9-бап. Республикалық референдум туралы заңдар

      Референдум туралы заңдар мыналар:

      Қазақстан Республикасының Конституциясы;

      Осы Жарлыққа қайшы келмейтiн бөлiгiнде Қазақстан

      Республикасындағы Сайлау туралы кодекс;

      осы Жарлық;

      Орталық референдум комиссиясының нормативтiк сипаты бар

      актiлерi.

      II тарау. Республикалық референдум тағайындау

      және әзiрлеу

      10-бап. Республикалық референдум тағайындау құқығы

      Референдум тағайындау құқығы;

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiне берiледi, ол

      Қазақстан Республикасының заңын қабылдау жолымен референдум

      өткiзу туралы шешiм шығарады;

      Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесiмен консультациядан

      кейiн Қазақстан Республикасының Президентiне берiледi, ол Жарлық

      шығару жолымен референдум өткiзу туралы шешiм қабылдайды.

      11-бап. Республикалық референдум өткiзу бастамашылығы

      Референдум өткiзу бастамашылығы:

      Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесiнде;

      Қазақстан Республикасының Президентiнде;

      Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiнде болады, ол референдум өткiзу туралы бастамашылықпен Қазақстан Республикасының Президентiне тiлек бiлдiредi. Бастамашылық көтерудi Үкiмет өзiнiң мәжiлiсiнде Министрлер Кабинетi мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiк дауысымен жүзеге асырады және тиiстi қаулымен ресiмдейдi;

      сан жағынан Қазақстан Республикасының барлық облыстары мен астанасын тең мөлшерде бiлдiретiн, сайлау құқығы бар 200 мыңнан кем емес Қазақстан Республикасының азаматтарында болады, олар республикалық референдум өткiзу туралы бастамашылықпен Қазақстан Республикасының Президентiне тiлек бiлдiредi.

      Бiр ғана мәселе бойынша референдум өткiзу туралы ұсыныстар қайтара енгiзiлуi мүмкiн және оларды референдум тағайындаушы субъектiлер бұрынғы шешiм қабылданғаннан кейiн кемiнде екi жыл өткеннен кейiн ғана қайтадан қарайды.

      12-бап. Республикалық референдум комиссиялары

      Референдум әзiрлеу мен өткiзудi:

      Орталық референдум комиссиясының функциясын орындайтын Қазақстан Республикасының Орталық Сайлау комиссиясы;

      аумақтық референдум комиссияларының функциясын орындайтын аумақтық сайлау комиссиялары;

      учаскелiк референдум комиссияларының функциясын орындайтын учаскелiк сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

      Аумақтық және учаскелiк референдум комиссияларын құруды және олардың құрамын жасақтауды тиiстi жергiлiктi атқарушы органдардың басшылары жүзеге асырады. Облыстардың және Алматы қаласының атқарушы органдарының басшылары қабылданған шешiмдер жөнiнде дереу Орталық референдум комиссиясына хабарлайды.

      Аумақтық және учаскелiк референдум комиссияларын құру және олардың құрамын жасақтау мерзiмдерi Қазақстан Республикасының референдум өткiзу туралы заңымен немесе Қазақстан Республикасы Президентiнiң осындай Жарлығымен белгiленедi.

      13-бап. Орталық референдум комиссиясының өкiлеттiктерi

      Орталық референдум комиссиясы:

      дауыс беру уақытын белгiлейдi;

      Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында референдум туралы заңдардың атқарылуына бақылауды жүзеге асырады, сондай-ақ оның түсiндiрiлуi мен бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етедi;

      референдум әзiрлеу мен өткiзудi ұйымдастырады;

      референдумды ұйымдастыру мен өткiзуге арналған шығыстар сметасының жобасын әзiрлеп, бекiтуге ұсынады;

      референдум комиссияларының қызметiн бағыттап отырады, олардың арасында референдум ұйымдастыру мен өткiзуге арналған қаражатты бөледi;

      референдум комиссияларының материалдық-техникалық қамтамасыз етiлу жағдайын бақылайды;

      референдум туралы заңдардың бұзылуы жөнiндегi арыздар мен шағымдарды қарайды;

      мыналарды:

      дауыс беруге арналған бюллетеньдердiң, сайлаушылар тiзiмдерiнiң,

      қол қою парақтарының, референдум өткiзу үшiн қажеттi өзге де

      құжаттардың нысандарын;

      референдум құжаттарын сақтау тәртiбiн белгiлейдi;

      референдумды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты мәселелер

      бойынша мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының

      есептерiн тыңдайды;

      референдум әзiрлеу барысы жайында азаматтарды хабарландырады;

      Қазақстан Республикасы бойынша толығымен референдумның

      нәтижелерiн қорытады, бұл жөнiнде бұқаралық ақпарат құралдарында

      хабар берiлуiн қамтамасыз етедi;

      Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы кодексте және осы

      Жарлықта белгiленген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      14-бап. Аумақтық референдум комиссияларының

      өкiлеттiктерi

      Аумақтық референдум комиссиялары:

      тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктердiң аумағында референдум туралы заңдардың орындалуына бақылауды жүзеге асырады және олардың бiрыңғай қолданылуын қамтамасыз етедi;

      учаскелiк комиссиялардың қызметiн ұйымдастырады, олардың арасында референдум өткiзу үшiн бөлiнген қаражатты бөледi;

      учаскелiк референдум комиссияларының материалдық-техникалық қамтамасыз етiлу жағдайын бақылайды;

      референдум туралы заңдардың бұзылуы жөнiндегi арыздар мен шағымдарды қарайды;

      референдумды әзiрлеу мен өткiзуге байланысты мәселелер

      бойынша учаскелiк референдум комиссияларының, мемлекеттiк органдар

      мен олардың лауазымды адамдарының есептерiн тыңдайды;

      референдумда дауыс беруге арналған бюллетеньдер әзiрленуiн

      қамтамасыз етедi;

      учаскелiк референдум комиссияларынан хаттамалар алады, тиiстi

      әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағындағы референдум қорытындысын

      шығарады;

      Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы кодексте және осы

      Жарлықта белгiленген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      15-бап. Учаскелiк референдум комиссияларының

      өкiлеттiктерi

      Учаскелiк референдум комиссиялары:

      республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмiн

      жасайды, осыған байланысты мәселелердi шешедi;

      азаматтарды сайлаушылардың тiзiмiмен таныстырады, тiзбедегi қателiктер мен жаңсақтықтар жөнiндегi арыздарды қарайды және оларға тиiстi өзгерiстер енгiзу туралы мәселелердi шешедi;

      азаматтарды дауыс беру күнi, уақыты, орны мен тәртiбi туралы хабарландырады;

      дауыс беру үшiн үй жайларды дайындайды және дауыс беру кабиналары мен урналарының жасалуын қамтамасыз етедi;

      референдум өткiзiлетiн күнi учаскеде дауыс берудi ұйымдастырады;

      учаскедегi берiлген дауыс санағын жүргiзедi және дауыс беру нәтижелерiн анықтайды;

      учаскедегi дауыс беруге әзiрлiк пен оны ұйымдастыру мәселелерi бойынша арыздар мен шағымдарды қарайды және солар жөнiнде шешiмдер қабылдайды;

      Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы кодексте және осы Жарлықта берiлген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      16-бап. Референдум комиссияларының қызмет жағдайын

      қамтамасыз ету

      Референдум комиссияларының өз өкiлеттiктерiнiң шеңберiнде қабылданған шешiмдерi барлық мемлекеттiк органдардың, қоғамдық, бiрлестiктердiң, меншiк нысанына қарамастан кәсiпорындардың, мекемелердiң және ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың орындауы үшiн мiндеттi.

      Референдум комиссиясының төрағасы, төрағасының орынбасары, хатшысы немесе мүшесi комиссияның шешiмi бойынша референдум әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде референдум өткiзуге бөлiнген қаржының есебiнен орташа жалақысы сақталып, өндiрiстiк немесе қызмет бабындағы мiндеттерiн орындаудан босатылуы мүмкiн.

      Мемлекеттiк органдар, кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар және лауазымды адамдар референдум комиссияларына олардың өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына жәрдемдесуге, олардың жұмысына қажет мәлiметтер мен материалдарды берiп тұруға мiндеттi.

      17-бап. Республикалық референдум өткiзу жөнiндегi

      бастамашыл топтың құрылуы

      Егер референдум өткiзу туралы бастамашылықты азаматтар көтерген жағдайда, Қазақстан Республикасының әр облысынан және астанасынан үш-үштен құрамында кемiнде алпыс адам болатын референдумның бастамашыл тобы құрылады.

      Референдумның бастамашыл тобы референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасының әр облысынан және астанасынан отыз-отыздан алты жүз азамат қатысқан жиналыста құрылады.

      Референдум туралы мәселе бойынша жиналыс өткiзуден кемiнде он күн бұрын оның бастамашылары аумағында жиналыс өткiзiлетiн жергiлiктi атқару органына жиналыстың уақыты, орны және мақсаты туралы жазбаша хабарлауға тиiс.

      Жиналыстың алдында жиналысқа қатысушыларға тiркеу

      жүргiзiледi, олардың мiндеттi түрде тегi, аты, әкесiнiң аты және

      тұрғын жерi көрсетiлген тiзiм жасалады.

      Референдумның бастамашылар тобының мүшелерi жиналысқа

      қатысушылардың көпшiлiк дауысымен сайланады. Бастамашыл топтың

      тiзiмiнде топтың әр мүшесiнiң тегi, аты әкесiнiң аты және тұрғын

      жерi көрсетiледi. Референдумға қойылатын сауалды оған тоқтамды

      жауап қайтарылуы үшiн бастамашыл топ айқын тұжырымдауға тиiс.

      18-бап. Референдумның мәселесiн және бастамашыл

      тобын тiркеу

      Референдумның бастамашыл тобы өзi референдумға ұсынатын

      мәселенi тiркеудi сұрап Орталық референдум комиссиясына өтiнiш

      бередi.

      Референдумның бастамашыл тобы тiркеу кезiнде мынадай құжаттарды

      табыс етуге тиiс:

      1) референдумға ұсынылатын мәселенi тiркеу туралы өтiнiш;

      2) жиналыстың хаттамасы;

      3) бастамашыл топ мүшелерiнiң тiзiмi.

      Референдумға ұсынылатын мәселенi, сондай-ақ бастамашыл топтың құрамын Орталық референдум комиссиясы тiркейдi. Бұл жайындағы хабарды және қол қою парақтары жiберiлуге тиiс мекен-жайды бұқаралық ақпарат құралдары хабарлайды.

      Референдумға ұсынылатын мәселенiң тұжырымдамасы қол қою парағына енгiзiледi.

      Референдумның бастамашыл тобына тiркеудi сұрап өтiнiш жасаған күнiнен бастап бiр ай мерзiм iшiнде тiркеу туралы куәлiк берiледi. Референдумның мәселесiн және бастамашыл тобын тiркеу туралы куәлiктiң нысанын Орталық референдум комиссиясы бекiтедi.

      Осы Жарлықтың талаптары бұзылған жағдайда тiркеуден бас тартылуы мүмкiн.

      19-бап. Қол жинаудың тәртiбi мен мерзiмдерi

      Референдумның бастамашыл тобы тiркеу туралы куәлiктi алған күннен бастап азаматтардың қолын жинауды ұйымдастырады. Қол жинауды Қазақстан Республикасының сайлау құқығы бар азаматтары жүзеге асырады.

      Референдумның бастамашыл тобына қол қою парақтарын Орталық референдум комиссиясы бередi.

      Қол жинайтын адам бастамашыл топтың тiркелгенi туралы куәлiктiң көшiрмесiн және қол қою парағын көрсетедi. Әрбiр азамат қол қою парағына тек бiр рет қана қолын қоюға құқылы. Бұл ретте азамат паспортын немесе жеке басының куәлiгiн көрсетедi. Азаматтың қолы оның тегiн, атын, әкесiнiң атын, тұратын жерiн, құжаттың деректемелерiн және параққа қол қойылған мезгiлiн көрсетумен толықтырылады.

      Толтырылған әрбiр қол қою парағына қол жинаған адам қол қоюға және оны қол жинаған жердегi жергiлiктi атқарушы органның басшысы растауға тиiс.

      Жергiлiктi атқарушы органның басшысы растамаған қол қою парақтары немесе белгiленбеген үлгiдегi қол қою парақтары, сондай-ақ осы жарлықтың өзге де талаптары бұзылып толтырылған қол қою парақтары жарамсыз болып танылады.

      Аумақтық референдум комиссиясы қол қою парақтарындағы азаматтардың қолының дұрыстығын тексеруге құқылы. Тексерiс материалдарының негiзiнде аумақтық референдум комиссиясы қорлардың дұрыстығы туралы қорытынды шығарады және оны Орталық референдум комиссиясына жiбередi.

      20-бап. Қол жинау тәртiбiн бұзғаны үшiн

      жауапкершiлiк

      Қол жинау және қол қою парақтарын ресiмдеу тәртiбiнiң бұзылғаны анықталған жағдайда аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Орталық референдум комиссиясына тиiстi ұсыныс енгiзедi.

      Орталық референдум комиссиясы ұсыныс енгiзiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде жөнсiздiкке жол берген бастамашыл топ мүшелерiнiң қызметiн тоқтату туралы, осы Жарлық талаптарының бұзылғаны анықталған қол қою парақтарын жарамсыз деп тану туралы шешiм қабылдай алады.

      Қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылданған бастамашыл топ мүшелерiн қайта сайлауға жол берiлмейдi.

      Бастамашыл топ жинау және қол қою парақтарын ресiмдеу тәртiбiн қайталап бұзған жағдайда Орталық референдум комиссиясы референдумның бастамашыл тобының қызметiн тоқтату және оны тiркеу туралы куәлiктi жарамсыз деп тану туралы шешiм қабылдай алады.

      21-бап. Қол жинау нәтижелерi бойынша қол қою

      парақтары мен қорытынды хаттаманы жiберу

      Қол жинауды жүзеге асырған адамдар толтырылған қол қою парақтарын референдумның бастамашыл тобына жiбередi. Бастамашыл топ қол жинаудың нәтижелерi туралы жиынтық деректердi жинақтайды және қол жинау аяқталған күннен бастап он күннен кешiктірiлмей толтырылған қол қою парақтары мен жиынтық деректердi Орталық референдум комиссиясына жiбередi.

      Орталық референдум комиссиясы табыс етiлген қол қою парақтары осы Жарлықтың талаптарына сәйкес келген ретте қол жинаудың нәтижелерiн қорытынды хаттамаға енгiзедi. Референдум өткiзу туралы ұсыныс қол жинаудың нәтижелерi жайындағы қорытынды хаттамамен бiрге референдумның бастамашыл тобынан құжаттарды алған

      күннен бастап бiр айдың iшiнде Қазақстан Республикасының

      Президентiне жiберiледi.

      Қол қою парақтары мен қол жинаудың нәтижелерi жөнiндегi

      қорытынды хаттамалар референдум жолымен қабылданған шешiм

      жарияланған күннен бастап алты ай бойы Орталық референдум комиссиясында

      сақталады.

      22-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң

      республикалық референдум өткiзу бастамашылығы

      жөнiнде шешiм қабылдауы

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң Үкiметтiң немесе

      азаматтардың бастамашылығы бойынша референдум өткiзу туралы

      мынадай:

      референдум өткiзу туралы;

      референдум өткiзбей-ақ, талқылау ретiнде ұсынылатын мәселе бойынша заң немесе өзге шешiм қабылдау қажеттiгi туралы;

      референдум өткiзу туралы ұсынысты қабылдамау туралы шешiмдердiң бiрiн қабылдайды.

      23-бап. Республикалық референдум өткiзу

      туралы шешiм

      Референдум өткiзу туралы Қазақстан Республикасының заңы немесе Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы, Қазақстан Республикасы конституциялық заңының, заңының жобасы немесе референдумға қойылған өзге де шешiмнiң жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      Референдум өткiзу туралы Қазақстан Республикасының заңында немесе Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығында:

      оны өткiзу мезгiлi;

      референдумға қойылатын мәселенiң тұжырымы белгiленедi;

      референдумды өткiзуге байланысты өзге де мәселелер шешiледi.

      Референдум бастамашыларының келiсуiмен Қазақстан Республикасының

      Президентi референдум өткiзу туралы шешiм қабылдау кезiнде оның

      бастамашыларының еркiн неғұрлым дәл бiлдiру үшiн референдумға

      қойылатын мәселенiң тұжырымын нақтылай түсуге құқылы.

      24-бап. Республикалық референдум өткiзудiң мерзiмi

      Референдум оны өткiзу туралы шешiм қабылданған күннен

      бастап, бiр айдан ерте емес және үш айдан кеш емес мерзiмде

      өткiзiледi. Ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасының Жоғарғы

      Кеңесi немесе Президентi референдум өткiзудiң басқа мерзiмдерiн

      белгiлеуi мүмкiн.

      III тарау. Республикалық референдум өткiзу тәртiбi

      25-бап. Республикалық референдумға қатысу құқығы

      бар азаматтардың тiзiмi

      Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тiзiмiн жасау,

      оған азаматтарды енгiзу, олардың тiзiмге енбей қалу, тiзiмге

      дұрыс енгiзiлмеу, немесе тiзiмнен шығарылу жәйттерiне, онда

      жiберiлген жаңсақтықтарға шағымдану, сондай-ақ өзiнiң жүрген

      орнын ауыстырған жағдайда азаматтардың референдумға қатысу құқығын

      қамтамасыз ету тәртiбiн Қазақстан Республикасындағы Сайлау

      туралы кодексi және осы Жарлық белгiлейдi.

      26-бап. Республикалық референдум өткiзу кезiнде

      дауыс беру уақыты мен оның орны туралы

      хабарлау

      Дауыс беру уақыты мен орны туралы учаскелiк референдум

      комиссиясы азаматтарға дауыс беретiн күннен кемiнде он күн бұрын

      хабарлайды.

      Дауыс беретiн үй-жайда көрнектi жерге референдумға қойылған заң жобасының немесе басқа да шешiм жобасының мәтiнi iлiнуге тиiс.

      27-бап. Республикалық референдум өткiзу кезiнде

      дауыс беруге арналған бюллетень

      Референдумда дауыс беруге арналған бюллетеньнiң нысанын Орталық референдум комиссиясы дауыс беретiн күннен кемiнде он бес күн бұрын бекiтедi. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер мемлекеттiк тiлде және ұлтаралық қатынас тiлiнде немесе тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк аумағында жинақы тұратын халықтың көпшiлiгiнiң тiлiнде шығарылады.

      Дауыс беруге арналған бюллетеньге референдумға қойылған әрбiр мәселенiң тұжырымы және дауыс берушiнiң "иә" немесе "жоқ" деген жауабының нұсқалары көрсетiледi.

      Егер референдумға бiрден бiрнеше мәселе қойылған болса, олардың әрқайсысы үшiн пайдаланылатын дауыс беруге арналған бюллетеньдер түсi жағынан ажыратылуға тиiс.

      Дауыс беруге арналған бюллетеньдердi жасау тәртiбiн Орталық референдум комиссиясы белгiлейдi.

      Учаскелiк референдум комиссиялары дауыс беру өткiзiлерден кемiнде үш күн бұрын дауыс беруге арналған бюллетеньдермен қамтамасыз етiледi.

      28-бап. Республикалық референдумның қорытындыларын

      шығару кезiндегi жарамсыз бюллетеньдер

      Референдумның қорытындыларын шығару кезiнде белгiленбеген үлгiдегi бюллетеньдер мен учаскелiк референдум комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған бюллетеньдер жарамсыз бюллетеньдер деп танылады.

      Сонымен қатар:

      қойылған сауалға ұсынылған жауаптардың бiрде бiреуi сызылмаған;

      қойылған сауалға ұсынылған жауаптың екi нұсқасы да сызылған;

      сайлаушылардың еркiн бiлдiруiн анықтау нендей бiр себептермен мүмкiн болмаған бюллетеньдер жарамсыз бюллетеньдер деп танылады.

      Референдумның қорытындыларын шығару кезiнде бюллетеньдердi жарамсыз деп тану туралы шешiмдi учаскелiк референдум комиссиясы қабылдайды. Келiспеушiлiк пайда болған жағдайда мәселенi учаскелiк референдум комиссиясы дауыс беру жолымен шешедi.

      29-бап. Республикалық референдум өткiзу

      кезiнде дауыс беру

      Қазақстан Республикасының аумағында дауыс беру мерзiмi, орны, ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы кодекске және осы Жарлыққа сәйкес белгiленедi.

      Дауыс беру кезiнде азамат бюллетеньде көрсетiлген "иә" немесе "жоқ" деген жауаптардың бiрiн сызып тастайды. Дауыс берушiнiң бұл талапты бұзуы осы Жарлықтың 28-бабына сәйкес бюллетеньдi жарамсыз деп тануға әкелiп соғады.

      30-бап. Республикалық референдум өткiзу кезiнде

      дауыс берудiң нәтижелерiн жарамсыз деп

      танудың салдары

      Референдумды өткiзу кезiнде жөнсiздiктерге жол берiлгенi туралы Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша Конституциялық Сот жөнсiздiктер анықталған учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде) не болмаса Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында референдум Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейдi деп тануға құқылы.

      Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлгендей жағдай орын

      алғанда Орталық референдум комиссиясы:

      алты айдың iшiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында

      қайтара дауыс берудi өткiзу туралы;

      жөнсiздiктер анықталған учаскелерде (әкiмшiлiк-аумақтық

      бiрлiктерде) бiр айдың iшiнде қайтара дауыс берудi өткiзу туралы

      шешiм қабылдайды.

      31-бап. Дауыстарды санау және республикалық

      референдум нәтижелерiн анықтау

      Учаскеде, әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiкте дауыстарды санау және

      референдумның нәтижелерiн анықтау Қазақстан Республикасындағы

      Сайлау туралы кодекске және осы Жарлыққа сәйкес жүргiзiледi.

      32-бап. Республикалық референдумның қорытындыларын

      шығару

      Орталық референдум комиссиясы дауыс берудiң нәтижелерi туралы

      табыс етiлген хаттамалардың негiзiнде:

      Қазақстан Республикасының дауыс беруге арналған тiзiмдерге

      енгiзiлген азаматтарының жалпы санын;

      дауыс беруге қатысқан азаматтардың санын;

      "иә" деп дауыс берген азаматтардың, "жоқ" деп дауыс берген азаматтардың санын және дауыс беруге қойылған жекелеген әрбiр сауал бойынша жарамсыз деп танылған бюллетеньдердiң санын анықтайды.

      Егер дауыс беруге арналған тiзiмдерге енгiзiлген азаматтардың кемiнде жартысы дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады.

      Егер дауыс берудiң нәтижесiнде референдумға қойылған мәселе бойынша дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан көбi оны қолдаған болса, ол жөнiнде шешiм қабылданады деп саналады.

      Дауыс берудiң нәтижелерi Орталық референдум комиссиясының

      мәжiлiсiнде шығарылып, хаттамамен ресiмделедi, оған Орталық

      референдум комиссиясының Төрағасы, Төрағаның орынбасары, хатшысы

      мен мүшелерi қолдарын қояды.

      33-бап. Республикалық референдумның қорытындыларын

      жариялау

      Референдумның қорытындылары туралы Орталық референдум

      комиссиясының ресми хабары дауыс берген күннен бастап бiр апта

      мерзiмнен кешiктiрiлмей жарияланады.

      IV тарау. Қорытынды ережелер

      34-бап. Республикалық референдум қабылдаған

      шешiмдердiң күшiне енуi

      Референдум қабылдаған Қазақстан Республикасының заңдары, өзге де шешiмдер, егер заңның немесе шешiмнiң өзiнде басқа мерзiм белгiленбесе, референдумның қорытындылары жарияланған күннен бастап күшiне енедi.

      35-бап. Республикалық референдум қабылдаған

      шешiмдердiң заң күшi және мiндеттiлiгi

      Референдум қабылдаған шешiмнiң Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар және Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттiк өкiмет органдарының нендей бiр актiлермен қуатталуын қажет етпейдi.

      Референдум қабылдаған шешiм мен Қазақстан Республикасы Конституциясының, сондай-ақ заңдарының арасындағы сәйкессiздiк Конституция мен заңдарды референдум қабылдаған шешiмге сәйкес келтiру арқылы жойылады.

      36-бап. Республикалық референдум туралы заңдарды

      бұзғаны үшiн жауапкершiлiк

      Қазақстан Республикасы азаматының референдумға қатысу жөнiндегi құқығын еркiн жүзеге асыруына қандай да болсын нысанда кедергi келтiру және оған қойылған мәселе бойынша үгiт жүргiзу, сайлау құжаттарын қолдан жасау, дауыстарды қасақана дұрыс санамау, дауыс беру құпиясын бұзу немесе Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы кодекстi және осы Жарлықты басқадай бұзу заңда

      белгiленген тәртiппен жауапты болуға әкелiп соғады.

      Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың референдумды

      ұйымдастыру мен өткiзу мәселелерi жөнiндегi iс-әрекетiне сотқа

      шағым жасалуы мүмкiн.

      37-бап. Осы Жарлықты күшiне енгiзу тәртiбi

      Осы Жарлық жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының

      Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады