Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi туралы Ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1995 жылғы 24 қараша N 2656. Күшi жойылды - Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996.10.18. N 3144 жарлығымен.


     ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:
     1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi туралы
қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.
     2. "Қазақстан Республикасы Президентiнiң Аппараты туралы
Ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995
жылғы 15 наурыздағы N 2121 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.

     Қазақстан Республикасының
             Президентi 
                                      Қазақстан Республикасы
                                      Президентiнiң 1995 жылғы
                                      24 қарашадағы N 2656
                                            қаулысымен
                                            БЕКIТIЛГЕН 
     
         Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi туралы
                                ЕРЕЖЕ 



      Осы Ереже Қазақстан Республикасының Конституциясына, республиканың нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң және Президент Әкiмшiлiгi қызметкерлерiнiң мәртебесiн, өкiлеттiгiн және Қазақстан Республикасында президенттiк басқару нысаны қызмет етуiн қамтамасыз ету жөнiндегi жұмысын ұйымдастыруды анықтайды.

                     I ТАРАУ
                 Жалпы ережелер
      1-бап. Қазақстан Республикасы Президентi
             Әкiмшiлiгiнiң мәртебесi
      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгi (бұдан былай - Президент Әкiмшiлiгi):
      1) республика Президентi құратын, қайта құратын және тарататын, әрi оған тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк орган;
      2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген, әрi қазақ және орыс тiлдерiнде атауы жазылған мөрi бар заңды тұлға болып табылады.
      2. Президент Әкiмшiлiгiндегi қызмет - құрметтi қызмет.

      2-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң негiзгi мiндеттерi
      Президент Әкiмшiлiгiнiң негiзгi мiндеттерi мыналар:
      1) Президенттiң, Республика Мемлекеттiк хатшысының, Республика Президентi жанындағы консультативтiк кеңесшi органдардың қызметiн қамтамасыз ету;
      2) республика Президентiн елдегi және шетелдердегi iстiң жайы туралы уақытылы әрi толық хабардар ету;
      3) республика Президентiнiң шешiмдерiн сөзсiз, тыңғылықты және уақтылы орындау;
      4) республика Президентi актiлерiнiң орындалуы мен сақталуына, оның тапсырмаларының орындалуына бақылау жасау.

      3-бап. Республика Мемлекеттiк хатшысының Президент
             Әкiмшiлiгiмен қарым-қатынасы
      Республика Мемлекеттiк хатшысының Президент Әкiмшiлiгiне қатысты өкiлеттiгi және олардың арасындағы өзара қатынастар Мемлекеттiк хатшының мәртебесi мен өкiлеттiктерiн Мемлекет Басшысы анықтаған кезде белгiленедi.
     4-бап. Президент Әкiмшiлiгi қызметiнiң
            үзiлiссiздiгi
     Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметi үзiлiссiз жүзеге асырылады.



     5-бап. Президент Әкiмшiлiгi қызметiнiң
            құқықтық негiзi
     Президенттiң Әкiмшiлiгi мен оның қызметкерлерi қызметiнiң
құқықтық негiзiн Республика Конституциясы, заңдары және
Президенттiң актiлерi, сондай-ақ Ереже құрайды.

                    II ТАРАУ
           Президент Әкiмшiлiгiнiң өкiлеттiктерi
     6-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Мемлекет басшысының
            iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары
            бойынша өкiлеттiктерi
     1. Президенттiң Әкiмшiлiгi:


      1) Мемлекет басшысының халық пен мемлекеттiк билiктiң бiрлiгiн, Конституцияның мызғымастығын, адам мен азаматтың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету мен бұларға кепiлдiк беру, мемлекеттiк егемендiктi, конституциялық құрылысты қорғау мен нығайту, Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгi мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету жөнiндегi саясатын iске асыруға;
      2) қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықтың, бүкiл Қазақстан халқының игiлiгi жолындағы экономикалық дамудың, Қазақстан патриотизмiнiң, мемлекет тұрмысының неғұрлым маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен шешудiң конституциялық принциптерiн жүзеге асыруға;
      3) елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының стратегиясын, оны iске асыру жөнiндегi шаралардың кешенiн жасауға, әлеуметтiк-экономикалық реформаларды жүзеге асырудың тетiктерi мен тактикасын жетiлдiруге қатысады.
      2. Президент Әкiмшiлiгi Республика Президентiнiң қарауына:
      1) мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары бойынша;
      2) прогресс пен рухани түлеу негiзiнде қоғамды топтастыру, Қазақстан қоғамының демократиялық менталитетiн орнықтыру, Қазақстанда жалпыға бiрдей халықаралық стандарттарға сәйкес келетiн және мемлекеттiң мүдделерiне жауап беретiн саяси жүйе құру;
      3) мемлекеттiк билiктiң барлық тармақтарының үйлесiмдi қызметiн қамтамасыз ету;
      4) өкiмет органдарының Қазақстан халқының алдындағы Конституцияда және заңдарда белгiленген жауапкершiлiгiн қамтамасыз ету жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.

      7-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Мемлекет басшысының
             сыртқы саяси қызметiн қамтамасыз ету жөнiндегi
             өкiлеттiктерi
      Мемлекет басшысының сыртқы саяси қызметiн қамтамасыз ете келiп, Президенттiң Әкiмшiлiгi:
      1) Мемлекет басшысы белгiлейтiн Қазақстан Республикасының сыртқы саяси стратегиясын әзiрлеуге, елдiң ұлттық мүддесiн ескере келiп, оның әлемдiк қоғамдастықтағы орнын анықтауға және Республика Президентiнiң халықаралық бастамаларын iске асыруға қатысады;
      2) сыртқы экономикалық мәселелер бойынша, оның iшiнде халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық, Қазақстан Республикасының әлемдiк экономикалық кеңістiкке кiрiгуi мәселелерi жөнiнен ұсыныстар әзiрлейдi;
      3) Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiн орындау мониторингiне қатысады;
      4) Республика Президентiнiң айрықша сыртқы саяси құқықтарын хаттамалық қамтамасыз етудi жүзеге асырады.

      8-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң ұйымдастыру - бақылау
             өкiлеттiктерi және оның аймақтық саясат пен
             Мемлекет Басшысының әкiмдерiмен және мәслихаттармен
             қарым-қатынасын қамтамасыз ету саласындағы
             өкiлеттiктерi
      1. Президенттiң Әкiмшiлiгi:
      1) заңдарды, актiлердi және Республика Президентiнiң тапсырмаларын, барлық мемлекеттiк органдар мен мемлекет лауазымды адамдарының сөзсiз әрi тыңғылықты орындауына;
      2) Үкiметтiң, орталық атқарушы және өзге мемлекеттiк органдардың, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасы әкiмдерiнiң, мемлекеттiң өзге де лауазымды адамдарының актiлерiнiң Конституцияға, заңдарға, Республика Президентiнiң актiлерiне сәйкестiгiне бақылауды жүзеге асырады;
      2. Осы аталған бақылауды жүзеге асыру үшiн Президент Әкiмшiлiгi:
      1) тұрақты негiзде тиiстi тексерiстер жүргiзедi;
      2) қажет болған жағдайда тиiстi лауазымды адамдардың ауызша түсiнiктерiн тыңдап, жазбаша түсiнiк берулерiн талап етедi;
      3) анықталған жөнсiздiктердiң, заңдарды, Республика Президентiнiң актiлерiн орындамаудың, сақтамаудың және оның тапсырмаларын орындамаудың себептерi мен жағдайларын жою жөнiнде шаралар қолданады.
      3. Президенттiң Әкiмшiлiгi жүргiзген тексерiстердiң нәтижелерi және солар бойынша жасалған қорытындылар Республика Президентiне үнемi баяндалып тұрады.
      4. Президенттiң Әкiмшiлiгi:
      1) Республика Президентiнiң қызметiн, соның iшiнде Мемлекет басшысы қатысатын iс-шараларды өткiзудi ұйымдық жағынан қамтамасыз етудi жүзеге асырады;
      2) Президенттiң күзет қызметiмен бiрлесiп, Мемлекет басшысының Ақмола ме Алматы қалаларындағы резиденцияларында өткiзу режимiн ұйымдастырады және оның сақталуына бақылауды қамтамасыз етедi.
      5. Президенттiң Әкiмшiлiгi аймақтық саясат және Мемлекет басшысының әкiмдермен және мәслихаттармен қарым-қатынасын қолдау саласында:
      1) Республика Президентi үшiн мемлекеттiң аймақтық саясатының стратегиясы, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың сындарлы өзара iс-қимылы, олардың орталық мемлекеттiк органдармен, көршi мемлекеттердiң шекаралас аймақтарымен өзара iс-қимылы жөнiнде болжамдар жасау мен ұсыныстар әзiрлеудi жүзеге асырады;
      2) Мемлекет басшысының әкiмдермен және мәслихаттармен өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi;
      3) Мемлекет басшысына облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасы әкiмдерi актiлерiнiң күшiн жою не олардың күшiн толық немесе iшiнара тоқтату жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.

      9-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Мемлекет басшысының
             кадр саясатын қамтамасыз ету және мемлекеттiк
             қызмет саласындағы өкiлеттiктерi
      Республика Президентiнiң кадр саясаты мен мемлекеттiк қызмет саласындағы бағытын жүргiзудi қамтамасыз ете келiп, Президенттiң Әкiмшiлiгi:
      1) кадр саясаты мен мемлекеттiк қызметтiң жай-күйiне, Президент Әкiмшiлiгi қызметкерлерiнiң кәсiптiк даярлық деңгейiне талдау жасайды;
      2) Мемлекет басшысының қарауына Республикадағы мемлекеттiк қызмет жайындағы заңдар мен оның жүйесiн жетiлдiру, кадрларды iрiктеу мен орналастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      3) Мемлекет басшысының қарауына жататын мемлекеттiк органдардың басшыларын қызметке тағайындау үшiн, сондай-ақ Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметтерге тағайындау кадрлар резервiн жасақтайды;
      4) қызметке тағайындаған және қызметтен босатқан реттерде, Мемлекет басшысы тағайындайтын және онымен келiсiлетiн лауазымды адамдардың мемлекеттiк қызметтi өткеруiне қатысты өзге де мәселелердi шешкен кезде материалдарды ресiмдейдi, олардың жеке iстерiн жүргiзедi, қызмет тiзiмдерiне қажеттi жазулар енгiзедi;
      5) мемлекеттiк қызмет кадрларын қайта даярлауды (мамандығын өзгертудi) және бiлiктiлiгiн көтерудi ұйымдастырады;
      6) Президент Әкiмшiлiгi қызметкерлерiн аттестациялауды ұйымдастырып, өткiзедi.

      10-бап. Президент Әкiмшiлiгiн құқықтық саясат және
              Мемлекет басшысының пәрмендiк шығармашылық
              қызметiн қамтамасыз ету саласында өкiлеттiктерi

      Президенттiң Әкiмшiлiгi құқықтық саясат және мемлекет басшысының пәрмендiк шығармашылық қызметiн қамтамасыз ету саласында:
      1) Республика Президентiне мемлекеттiң құқықтық саясатының негiзгi бағыттары, жеке және заңды тұлғаларды құқықтық қорғаудың тиiмдi мемлекеттiк тетiгiн қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
      2) елде құқықтық реформаның, заңдылық пен құқық тәртiбiнiң кешендi әрi серпiндi жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, республика Президентiнiң пәрмендiк шығармашылық қызметiнiң тетiгiн жетiлдiру жөнiнде шаралар қолданады;
      3) Мемлекет басшысының қарауына енгiзiлетiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына құқықтық сараптаманы, заңгерлiк техника талаптарының сақталуын қамтамасыз ете отырып, заңдардың, Республика Президентi актiлерiнiң жобаларын әзiрлеудi жүзеге асырады;
      4) Республика Президентiнiң қарауына Парламенттiң заң шығарушылық құзыретiне кiрмейтiн, сондай-ақ Үкiмет пен басқа мемлекеттiк органдардың заңдарда белгiленген құзыретiне жатпайтын мәселелердi оның жарлықтарымен құқықтық реттеу туралы ұсыныстар енгiзедi.

      11-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Мемлекет басшысының
              қызметiн ақпараттық-талдамалық қамтамасыз
              ету жөнiндегi өкiлеттiктерi
      Мемлекет басшысының ақпараттық-талдамалық қызметiн қамтамасыз ете келiп, Президенттiң Әкiмшiлiгi:
      1) iшкi және сыртқы саяси ахуалға, мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiң лауазымды адамдарының жұмысына талдау жасайды, қоғамдық пiкiрдi зерделейдi, соның негiзiнде әлеуметтiк саяси ахуалдың дамуына болжам жасайды, Республика Президентiнiң шешуiне жататын немесе оның тiкелей басшылығымен шешiлуге тиiс мемлекеттiк мәндi проблемаларды анықтайды;
      2) Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiндегi атқарушылық тәртiптiң жәй-күйiне талдау жасайды;
      3) ақпарат iздестiрiп, өңдеудi жүзеге асырады және республика Президентiнiң iшкi және сыртқы саясат мәселелерi бойынша ақпараттық талдау материалдарымен қамтамасыз етедi;
      4) Республика Президентi жүргiзiп отырған iшкi және сыртқы

саясатқа түсiнiк жұмысын жүргiзедi;
     5) Республика Президентi қызметiнiң бұқаралық ақпарат
құралдарында жария етiлуiн, Мемлекет басшысының олармен өзара
iс-қимылын қамтамасыз етедi;
     6) баспа қызметiн жүзеге асырады.

     12-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Мемлекет
             басшысының қызметiн құжаттамалық
             қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiгi
     Мемлекет басшысының қызметiн құжаттамалық қамтамасыз етудi
жүзеге асыра отырып, Президенттiң Әкiмшiлiгi:
     1) Президент Әкiмшiлiгiнде iс жүргiзудi ұйымдастырады;
     2) қызметтiк құжаттар мен азаматтардың өтiнiштерiн қарайды;
     3) азаматтарды қабылдауды ұйымдастырады;
     4) құжаттар ағымына, соның iшiнде Мемлекет басшысының атына
келiп түскен хат-хабарға талдау жасайды;


      5) қазақ және орыс тiлдерiн тиiсiнше қолдануға, iс жүргiзу ережелерiн сақтауға және оларды жетiлдiруге, Президент Әкiмшiлiгiндегi жұмыс стилi мен әдiстерiн жақсартуға бағытталған шараларды қолданады;
      6) Мемлекет басшысының актiлерiн заңға сәйкес жариялауды, Республика Президентiнiң актiлерiн, Мемлекет басшысы жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдардың құжаттарын редакциялауды, тиiсiнше ресiмдеудi және тиiстi мемлекеттiк органдарға, лауазымды адамдар мен ұйымдарға таратуды қамтамасыз етедi;
      7) Республика Президентi шығарған актiлердi тiркеудi, соның iшiнде нөмiрлеудi жүргiзедi, құжаттардың архивтiк құндылығына сараптама жасайды, осы актiлер мен оларға қосымша материалдардың түпнұсқаларын тиiсiнше сақтауды қамтамасыз етедi;
      8) Президент әкiмшiлiгi қызметкерлерiнiң iс жүргiзу мәселелерi жөнiнде оқуын ұйымдастырады, орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға құжаттану iсiнде әдiстемелiк көмек көрсетедi;
      9) Мемлекет басшысының елтаңбалы мөрлерiнiң және Президент Әкiмшiлiгi мөрлерiнiң тиiсiнше қолданылуы мен сақталуын қамтамасыз етедi.

      13-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Мемлекет басшысының
              қызметiн материалдық-техникалық қамтамасыз
              ету жөнiндегi өкiлеттiгi
      Президент Әкiмшiлiгi Президенттiң Iс Басқармасының қарауына жатқызылмаған мәселелер жөнiнде Мемлекет басшысының қызметiн материалдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асырады.

      14-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Мемлекет басшысының
              Республика Парламентiмен қарым-қатынасын
              қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiгi
      Мемлекет басшысының Парламентпен өзара қарым-қатынасын қамтамасыз ете отырып, Президенттiң Әкiмшiлiгi:
      1) Республика Президентiнiң Парламент Сенатымен және Мәжiлiсiмен байланыс жасауын, Мемлекет басшысын Парламенттегi заң шығару процесiнiң жай-күйi мен ол қараған мәселелер туралы ұдайы хабардар етiп отыруды, Республика Президентiнiң заң жобалары жөнiндегi айқындамасын түсiндiрудi жүзеге асырады;
      2) Республика Президентi үшiн Парламент сессиясын ашу үстiнде ол жария ететiн ақпаратты әзiрлейдi;
      3) Республика Президентiне заң жобаларының Парламентте қаралуының басымдығын белгiлеу жөнiнде және Парламентке заң жобасын қарауды шұғыл деп жариялау туралы ұсыныстар енгiзу жөнiнде; Парламент сессияларының аралығындағы кезеңде Палаталардың кезектен тыс отырысын шақыру туралы; Мемлекет басшысының Парламент Палаталарының бiрлескен отырыстарына немесе Парламенттiң тиiстi Палатасының отырыстарына қатысуының қажеттiгi туралы ұсыныстар енгiзедi;
      4) Республика Президентiне Мемлекет басшысына Парламент Сенаты қол қоюға ұсынған заңдар туралы қорытындылар бередi;
      5) Республика Президентi қол қойған заңдардың жария етiлуiн немесе Мемлекет басшысының шешiмi бойынша заңдардың немесе олардың кейбiр баптарының Парламентке қайталап талқылау және дауысқа салу үшiн қайтарылуын қамтамасыз етедi;
      6) Республика Президентiнен Парламенттiң қаралуына Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы жобаның берiлуiн қамтамасыз етедi.

      15-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Мемлекет басшысының
              Республика Үкiметiмен қарым-қатынасын қамтамасыз
              ету жөнiндегi өкiлеттiгi
      1. Президенттiң Әкiмшiлiгi Мемлекет басшысының Үкiметпен қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ете отырып, Республика Президентiне:
      1) соларға сәйкес Үкiметке Конституциямен және Республика

заңдарымен белгiленгеннен басқа атқарушылық функцияларын жүзеге
асыру жүктелетiн актiлер шығару;
     2) Үкiметке заң тапсырмаларын беру қажеттiгi;
     3) Үкiмет актiлерiнiң күшiн толық немесе iшiнара жою не
тоқтата тұру;
     4) ерекше маңызды мәселелер жөнiндегi Үкiмет отырыстарында
оның төрағалық етуi;
     5) Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдарды
құру, тарату және қайта құру туралы ұсыныстарды енгiзедi.
     2. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен ерекше маңызды
мәселелер жөнiндегi Үкiмет отырыстарында талданып жасалған Үкiмет
шешiмдерiнiң жобалары Президент Әкiмшiлiгiмен келiсiлуге тиiс.

     16-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Мемлекет басшысының
             Республика Конституциялық Кеңесiмен қарым-қатынасын
             қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiгi
     1. Президенттiң Әкiмшiлiгi Мемлекет басшысының
Конституциялық Кеңеспен байланыс жасауын қамтамасыз етедi.
     2. Президенттiң Әкiмшiлiгi:
     1) Мемлекет басшысының Конституцияның 72-бабында көзделген
жағдайларда Конституциялық Кеңеске жүгiнуiнiң;
     2) Мемлекет басшысының Конституциялық Кеңестiң шешiмiне
толық немесе оның бiр бөлiгiне қарсылығының мәтiнiн даярлауды
жүзеге асырады.

     17-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Мемлекет басшысының
             өзiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн
             мемлекеттiк органдармен, Республика Президентi
             жанындағы мекемелермен және ұйымдармен
             қарым-қатынасын қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiгi
     Президенттiң Әкiмшiлiгi:


      1) Мемлекет басшысына оған тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдарды, Республика Президентi жанындағы мекемелер мен ұйымдарды құру, тарату және қайта құру туралы ұсыныстарды енгiзедi;
      2) Мемлекет басшысына тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың өзара iс-қимылы мен қызметiн үйлестiрудi қамтамасыз етедi;
      3) Мемлекет басшысы жанындағы мекемелер мен ұйымдардың қызметiне тiкелей басшылықты жүзеге асырады.

      18-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Мемлекет басшысының
              басқа да өкiлеттiктерiн iске асыруын қамтамасыз
              ету жөнiндегi өкiлеттiгi
      1. Президенттiң Әкiмшiлiгi:
      1) Мемлекет басшысының елдегi жағдай мен Республика iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын әзiрлеудi;
      2) Республика Президентiнiң азаматтық, саяси баспана беру мәселелерiн шешуiн;
      3) Республика Президентiнiң Республиканың Мемлекеттiк наградаларымен наградтау және құрметтi, жоғары әскери және басқа атақтарды, сыныптық шендердi, дипломатиялық дәрежелердi, бiлiктiлiк сыныптарын беру жөнiндегi өкiлеттiктерiн iске асыруын;
      4) Республика Президентiнiң азаматтарға кешiрiм жасау функциясын жүзеге асыруын қамтамасыз етедi.
      2. Президенттiң Әкiмшiлiгi:
      1) Республика Президентi бекiтетiн мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеуге қатысады;
      2) Республика Президентiне мемлекеттiк органдардың құрылымын жетiлдiру және қызметiн ұйымдастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.

      19-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң барлық қажеттi ақпаратты,
              құжаттар мен материалдарды сұратып алу құқығы
      1. Президент Әкiмшiлiгiнiң осы Ережеде көзделген өкiлеттiктерiн iске асыру үшiн мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардан барлық қажеттi ақпаратқа, құжаттар мен өзге де материалдарға сұрау салуға және алуға құқығы бар.
      2. Барлық қажеттi ақпаратты, құжаттар мен өзге материалдарға сұрау салу және алу құқығы Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысында, оның орынбасарларында, Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларында, Мемлекет басшысының көмекшiлерiнде, кеңесшiлерiнде болады.
      3. Президент Әкiмшiлiгiнiң қажеттi ақпаратты, құжаттар мен өзге материалдарды табыс ету жөнiндегi ұйғарымдары мемлекеттiк органдар, лауазымды адамдар үшiн мiндеттi және ұйғарымдарды алған күннен бастап жетi күн мерзiмде, егер Президент Әкiмшiлiгi басқа мерзiм белгiлемесе, орындалуға тиiс.

      20-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң мемлекеттiк органдар
              мен лауазымды адамдарға тапсырмалар беру құқығы
      1. Республика Президентiнiң қызметiн қамтамасыз ету, елдегi iстiң жағдайы туралы оны уақытылы және толық хабардар ету, Республика Президентiнiң шешiмдерiнiң сөзсiз және тыңғылықты орындалуы және олардың орындалуын бақылау мақсатында Президенттiң Әкiмшiлiгi:
      1) Үкiмет аппаратына;
      2) министрлiктерге, мемлекеттiк комитеттерге және басқа да орталық атқарушы органдарға;
      3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және республика астанасының әкiмдерiне;
      4) Жоғары Сотқа, Бас Прокуратураға, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен Мемлекеттiк тергеу комитетiне-тиiсiнше сот төрелiгiне жүргiзуге, қылмыстық қудалау, анықтау, алдын ала тергеу функциялары мен жедел iздестiру қызметiн жүзеге асыруға байланысты емес мәселелер жөнiнде;
      5) Ұлттық Банкке;
      6) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп

комитетiне;
     7) Баспасөз және бұқаралық ақпарат iсi жөнiндегi ұлттық
агенттiкке;
     8) Республика Президентi жанындағы мекемелер мен ұйымдарға
тапсырмалар беруге хақылы.
     2. Осы баптың 1-тармағында аталған құқық Президент
Әкiмшiлiгiнiң басшысында, оның орынбасарларында, Президент
Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларында, Мемлекет
басшысының көмекшiлерiнде, кеңесшiлерiнде болады.
     3. Егер Президент Әкiмшiлiгi басқа мерзiм белгiлемесе,
тапсырмаларға жауап олар берiлген күннен бастап жетi күн мерзiмде
берiледi.

                        III ТАРАУ
              Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымы
     21-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымы


      1. Әкiмшiлiктiң құрылымын Әкiмшiлiк Басшысы, оның орынбасарлары, Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары, Президент Әкiмшiлiгiнiң өзге лауазымды адамдары, оның құрылымдық бөлiмшелерi мен Республика Президентi жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдардың хатшылықтары құрайды.
      2. Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымы мен штат санын Республика Президентi белгiлейдi.

      22-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы
      1. Президенттiң Әкiмшiлiгiн Республика Президентi қызметке тағайындап, қызметтен босататын және оны тiкелей басшылығымен жұмыс iстейтiн Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы басқарады.
      2. Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы:
      1) Мемлекет басшысының бекiтуiне Президенттiң Әкiмшiлiгi туралы Ереженi енгiзедi, онымен келiсе отырып Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымы мен штатына өзгерiстер енгiзедi, Президент Әкiмшiлiгi қызметкерлерiнiң лауазымдық жалақыларына үстемеақылар тағайындайды;
      2) Мемлекет басшысының қарауына Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы ұсыныстар енгiзедi, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiн қызметке тағайындап, қызметтен босатады, Президент Әкiмшiлiгi кадрларының резервiн жасақтайды;
      3) Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы, орталық, жергiлiктi атқарушы және өзге мемлекеттiк органдардың басшыларына қызметтiк куәлiктердi ресiмдеу және беру тәртiбi туралы ережелердi, сондай-ақ Президент Әкiмшiлiгi қызметкерлерiнiң лауазымдық нұсқаулықтарын бекiтедi;
      4) Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң жұмысын ұйымдастырады және бағыттап отырады;
      5) заңдардың, Мемлекет басшысы актiлерiнiң орындалуы мен сақталуын, оның тапсырмаларының орындалуын, Президент Әкiмшiлiгiнде құжаттардың өтуiн бақылау жөнiндегi жұмысты үйлестiредi;
      6) Республика Президентiнiң қол қою мен қарауына Парламент қабылдаған заңдарды, жарлықтардың, өкiмдердiң жобаларын және Мемлекет басшысына жолданған басқа құжаттар мен материалдарды ұсынады;
      7) Президент Әкiмшiлiгi бойынша бұйрықтар шығарады және нұсқаулықтарды бекiтедi;
      8) Президент Әкiмшiлiгiнде iшкi еңбек тәртiбiн белгiлейдi;
      9) Президент Әкiмшiлiгiнiң шығыстар сметасын бекiтедi және соның шегiнде ақша қаражатын жұмсайды;
      10) қызметтiк құжаттамаға қол қояды;
      11) Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiн көтермелейдi және оларға тәртiптiк ықпал ету шараларын қолданады;
      12) Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiн iссапарларға жiбередi;
      13) нормативтiк құқықтық актiлердiң, бағдарламалар мен тұжырымдамалардың жобаларын әзiрлеу үшiн жұмыс топтары мен уақытша шығармашылық ұжымдарын құрады;
      14) азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асырады;
      15) Президент Әкiмшiлiгiнде мемлекеттiк қызмет туралы заңның орындалуын бақылайды;
      16) тұрақты негiзде Президент Әкiмшiлiгiнiң Парламентпен, оның Палаталарымен, жұмыс органдарымен және аппаратымен; Үкiметпен және оның аппаратымен, министрлiктермен, мемлекеттiк комитеттермен және өзге орталық атқарушы органдармен; Конституциялық Кеңеспен; Жоғарғы Сотпен; Бас Прокуратурамен, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен, Мемлекеттiк тергеу комитетiмен, Баспасөз және бұқаралық ақпарат iсi жөнiндегi ұлттық агенттiкпен, Республика Президентiне бағынысты және есеп беретiн өзге де мемлекеттiк органдармен; Ұлттық Банкпен; Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiмен; облыстардың, Республика астанасының және республикалық маңызы бар қалалардың әкiмдерiмен және мәслихаттарымен; саяси партияларымен және өзге қоғамдық бiрлестiктермен; бұқаралық ақпарат құралдарымен; халықпен байланысын қамтамасыз етедi;
      17) Парламенттiң және оның Палаталарының ашық және жабық отырыстарына қатысады;
      18) Үкiметтiң, орталық атқарушы органдардың, Мемлекет басшысына тiкелей бағынысты және есеп беретiн әрi оның өзi құратын мемлекеттiк органдардың, Республика Президентi жанындағы консультативтiк кеңесшi органдардың отырыстарына қатысады.
      3. Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы:
      1) Мемлекет басшысының кадр саясатын iске асыруды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
      2) Үкiмет министрлiктердегi, мемлекеттiк комитеттер мен өзге орталық атқарушы органдардағы басшы лауазымдарға тағайындауға ұсынған кандидатуралардың Мемлекет басшысымен келiсуiн қамтамасыз етедi.
      4. Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы осы Ережеде көзделген сондай-ақ оған Республика Президентi жүктеген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      23-бап. Президент Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасарлары
      1. Президент Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасарлары болады, оларды Президент Әкiмшiлiгi Басшысының ұсынуы бойынша Мемлекет басшысы қызметке тағайындап, қызметтен босатады.
      2. Орынбасарлардың арасында мiндеттер бөлудi Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы жүзеге асырады.
      3. Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы орнында жоқ болған немесе лауазымдық мiндеттерiн орындауы мүмкiн болмаған жағдайда Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы белгiлеген орынбасарларының бiрi оның орнын басады.

      23-1-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң көмекшiлерi мен
                 кеңесшiлерi
      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң көмекшiлерi мен кеңесшiлерiн (бұдан былай - көмекшiлер мен кеңесшiлер):
      1) Мемлекет басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      2) олар Президент Әкiмшiлiгiнiң құрамына кiредi және оның қызметшiлерi болып табылады;
      3) осы Ережемен, Мемлекет басшысының өзге актiлерiмен және жекелеген тапсырмаларымен белгiленген құзыреттерiне сәйкес жұмыс iстейдi.
      Көмекшiлер мен кеңесшiлердiң Мемлекет басшысының ұйғаруына қарай штаттан тыс негiзде жұмыс iстеуi мүмкiн.
      2. Көмекшiлер мен кеңесшiлердiң негiзгi мiндеттерi:
      1) Республика Президентiнiң қызметiн қамтамасыз ету;
      2) Мемлекет басшысын елдегi және шетелдегi iстiң жайы туралы уақтылы және толық хабардар ету болып табылады.
      Мемлекет басшысының алдында тұрған мiндеттердiң кезектiлiгi мен маңыздылығына қарай Республика Президентi көмекшiлер мен кеңесшiлерге осы Ережеде көзделгендегiден ерекшелiгi болатын өзге де мiндеттер мен өкiлеттiктер жүктеуi мүмкiн. Бұл ретте Мемлекет басшысы өзiнiң ұйғаруына қарай көмекшiлер мен кеңесшiлерiнiң саны мен қызметiнiң бағытын өзгертiп тұрады, сондай-ақ олардың жанында консультанттар болуының қажеттiгiн айқындайды.
      3. Көмекшiлер мен кеңесшiлер алдарына қойылған мiндеттердiң шешiлуi, Мемлекет басшысы тапсырмаларының уақтылы, сапалы және тыңғылықты орындалуы үшiн толығымен жауап бередi.
      Өз жұмыстарының қорытындылары туралы көмекшiлер мен кеңесшiлер Мемлекет басшысына немесе оның тапсырмасы бойынша Республиканың Мемлекеттiк хатшысына, Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысына үнемi баяндап отырады.
      4. Өз құзыреттерiнiң шегiнде көмекшiлер мен кеңесшiлер:
      1) мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк лауазымды адамдарының заңдарды, Республика Президентiнiң актiлерi мен тапсырмаларын сөзсiз әрi тыңғылықты сақтауы мен атқаруын бақылауға; Мемлекет басшысы жүргiзiп отырған iшкi және сыртқы саясатты түсiндiруге; Республика Президентiнiң беделiн қалыптастыруға және оның қызметiн бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әйгiлеп отыруға қатысады;
      2) ақпарат iздестiрiп, өңдеудi жүзеге асырады және Мемлекет басшысын қажеттi ақпараттық-талдау және анықтамалық материалдармен қамтамасыз етедi;
      3) республика Президентiнiң тиiстi актiлерiнiң жобаларына визалар қояды;
      4) өздерiнiң атына жiберiлген хат-хабарларды, қызмет құжаттары мен азаматтардың арыздарын қарайды, азаматтар қабылдауды жүзеге асырады;
      5) ел бойынша iс-сапарға шыққанда Мемлекет басшысына ере жүредi, бұл орайда республика Президентi қатысатын iс-шаралардың ұйымдастырылуын бақылайды, iс-сапар барысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды тiркеп отырады, қажеттiгiне қарай азаматтарды қабылдауға, олардың арыздарын зерделеуге қатысады.
      5. Көмекшiлер мен кеңесшiлердiң қызметiн Республика Президентi Әкiмшiлiгiнiң Басшысы үйлестiрiп отырады.
      Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшiн көмекшiлер мен

кеңесшiлерге Республиканың Мемлекеттiк хатшысы, Президент
Әкiмшiлiгiнiң Басшысы Нұсқаулар беруге хақылы.
     6. Көмекшiлер мен кеңесшiлер арасындағы мiндеттер бөлiсiн
Мемлекет басшысы бекiтедi.
     7. Алдарына қойылған мiндеттердi шешу үшiн көмекшiлер мен
кеңесшiлер сонымен қатар осы Ереженiң 8-бабының 2-тармағында және
24-бабының 2-тармағында көзделген өкiлеттiктерге ие болады
<*>
.

     Ескерту. Ереже жаңа 23-1-баппен толықтырылды - ҚР Президентiнiң
              1996.06.03. Жарлығымен.

     24-бап. Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық
             бөлiмшелерiнiң басшылары
     1. Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн олардың
басшылары басқарады:


      1) оларды Президент Әкiмшiлiгi Басшысының ұсынуы бойынша Мемлекет басшысы қызметке тағайындап, қызметтен босатады;
      2) олар өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелерiне жүктелген мiндеттердiң орындалуы, Мемлекет басшысының актiлерi мен тапсырмаларының, Мемлекеттiк хатшы мен Президент Әкiмшiлiгi Басшысы тапсырмаларының уақтылы және тыңғылықты орындалуы үшiн жауап бередi, қызметкерлер арасында мiндеттердi бөледi, еңбектi ғылыми ұйымдастыру мен тиiстi еңбек тәртiбiн қамтамасыз етедi, сондай-ақ Президент Әкiмшiлiгiнде белгiленген ережелерге сәйкес iс жүргiзудiң дұрыс жолға қойылуы үшiн жауап бередi;
      3) Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысына өздерi басқаратын құрылымдық бөлiмшелердiң қызметкерлерiн қызметке тағайындау және қызметтен босату жөнiнде ұсыныстар енгiзедi.
      2. Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары:
      1) мемлекеттiк органдардың қарамағындағы кез-келген мәлiметтердiң ақпараттық банкiн пайдалануға;
      2) тиiстi мемлекеттiк көлiк құралдарын, байланыс пен коммуникациялар жүйесiн пайдалануға;
      3) министрлiктер, мемлекеттiк комитеттер мен өзге де орталық атқарушы органдар, Республика Президентiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттiк органдар алқаларының отырыстарына қатысуға;
      4) мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен Президент Әкiмшiлiгiнiң қарауына жатқызылған мәселелер жөнiнде қызметтiк хат-хабар алысуға;
      5) Президент Әкiмшiлiгiнiң қарауына жатқызылған мәселелердi шешуге Парламент, Үкiмет аппараттарының, министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен өзге орталық атқарушы органдардың, жергiлiктi атқарушы органдардың, басқа да мемлекеттiк органдардың қызметкерлерiн, сондай-ақ ұйымдардың, ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң өкiлдерiн, ғалымдар мен мамандарды, соның iшiнде шарттық негiзде, тартуға;
      6) осы Ереженiң 19-бабының 1-тармағында көзделген өкiлеттiктi жүзеге асыруға хақылы.
      3. Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары осы Ережеде көзделген және оларға Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы жүктеген басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      25-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерi
      1. Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметшiлерi, техникалық жұмыскерлерi мен қызмет көрсетушi персонал Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерi болып табылады.
      2. Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметшiлерi:
      1) Президент Әкiмшiлiгiнiң алдында тұрған мiндеттердi шешу жөнiнде өкiлеттiктер берiлген мемлекеттiк қызметшiлер болып табылады;
      2) Мемлекет басшысы тағайындайтын Президент Әкiмшiлiгiнiң лауазымды адамдарын қоспағанда, оларды Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы қызметке тағайындап, қызметтен босатады.
      3. Республика Президентi жанындағы консультативтiк кеңесшi органдар хатшылықтарының қызметшiлерi:
      1) Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметшiлерi болып табылады;
      2) оларды Республика Президентi жанындағы консультативтiк кеңесшi органдар басшыларының ұсынуы бойынша Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы қызметке тағайындап, қызметтен босатады.
      4. Президент Әкiмшiлiгi қызметшiлерiнiң өздерiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде:
      1) Үкiметтiң, орталық атқарушы органдардың, Мемлекет басшысына тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, Республика Президентi жанындағы консультативтiк кеңесшi органдардың отырыстарына, орталық атқарушы органдар мен әкiмдер өткiзетiн iс-шараларға қатысуға;
      2) Парламент аппаратының, Үкiмет аппаратының, орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметкерлерiн, ұйымдардың өкiлдерiн Республика Президентi қараған мәселелердi шешуге қатысу үшiн тартуға;
      3) белгiленген тәртiппен Президент Әкiмшiлiгiнiң басшы лауазымды адамдарына Үкiмет, орталық атқарушы және өзге мемлекеттiк органдар, әкiмдер мен мемлекеттiң өзге де лауазымды адамдарды әзiрлеген, тиiстi талаптарға жауап бермейтiн актiлердiң жобаларын пысықтау үшiн қайтарып беру туралы ұсыныстар енгiзуге, сондай-ақ оларды қарау басқа мемлекеттiк органдардың, лауазымды адамдар мен ұйымдардың құзыретiне кiретiн құжаттар мен материалдар қайтаруға;
      4) Әкiмшiлiк Басшысының және оның орынбасарларының, құрылымдық бөлiмшелер басшыларының тапсыруы бойынша Президент Әкiмшiлiгiнiң құзыретi шегiнде өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқығы бар.
      5. Президент Әкiмшiлiгi қызметшiлерiнiң мемлекеттiк қызмет өткеру тәртiбiн мемлекеттiк қызмет туралы заңға сәйкес Президент Әкiмшiлiгi Басшысының ұсынуы бойынша Мемлекет басшысы белгiлейдi.
      6. Президент Әкiмшiлiгінiң техникалық жұмыскерлерi мен қызмет көрсетушi персоналдың қызметiн ұйымдастыру және оның шарттары Президент Әкiмшiлiгi бойынша тиiстi лауазымдық нұсқаулықтармен белгiленедi.

      26-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi
      1. Президент Әкiмшiлiгiне оның қызметiнiң негiзгi бағыттары бойынша жүктелген мiндеттердi орындау үшiн Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi жасақталады.
      2. Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң мәртебесi Республика Президентi жанындағы консультативтiк-кеңесшi органдардың хатшылықтарына да берiледi.
      3. Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi осы Ереженiң, сондай-ақ құрылымдық бөлiмшелер туралы Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы бекiткен ережелердiң негiзiнде жұмыс iстейдi.

                     IV ТАРАУ
          Президент Әкiмшiлiгi мен оның қызметшiлерiнiң
              қызметiн қамтамасыз ету
      27-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметiн қамтамасыз ету
      1. Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметiн материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етудi оның тиiстi құрылымдық бөлiмшесi, ал Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiн тұрғын үймен қамтамасыз етудi, оларға медициналық, көлiк қызметiн көрсетудi, оларды санаторий-курорттық емдеудi осы тармақта аталған құрылымдық бөлiмшенiң қатысуымен Президенттiң Iс Басқармасы жүзеге асырады.
      2. Президент Әкiмшiлiгiн арнайы байланыс құралдарымен қамтамасыз етудi Ұлттық қауiпсiздiк комитетi жүзеге асырады.

      28-бап. Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметшiлерiнiң жалақысы
              және оларды зейнетақымен қамсыздандыру
      1. Президент Әкiмшiлiгi қызметшiлерiнiң жалақысын Мемлекет басшысы Премьер-Министрдiң ұсынуы бойынша өзi бекiткен қаржыландырудың және қызметкерлердiң еңбегiне ақы төлеудiң Республика мемлекеттiк бюджетiнiң есебiнен ұсталатын барлық органдар үшiн бiрыңғай жүйесiне сәйкес белгiлейдi.
      2. Президент Әкiмшiлiгiнiң зейнет жасына жеткен қызметшiлерiн зейнетақымен қамсыздандыру мемлекеттiк қызмет және зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады