1. Қазақстан Республикасы соттарының судьяларын аттестациялау туралы ереже (қоса берiлiп отыр) бекiтiлсiн.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының Президентi
Қазақстан Республикасы
Президентiнiң 1996 жылғы 24 мамырдағы N 3004 Жарлығымен бекiтiлген
Қазақстан Республикасы соттарының судьяларын
аттестациялау туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
1. "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Конституциялық заң күшi бар Жарлығының 84-бабына сәйкес судьяларды аттестациялау соттарды тұрақты судьялармен жасақтау, олардың сапалық құрамын жақсарту, кәсiби бiлiктiлiгiнiң өсуiне баға беру және ынталандыру, iстердi қараған кезде заңдылықтың нығайтылуы үшiн жауапкершiлiгiн арттыру, азаматтардың құқықтары мен қоғам мүдделерiн қорғау мақсатында жүзеге асырылады.
2. "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы күшiне енгенге дейiн сайланған және тағайындалған Қазақстан Республикасының барлық соттарының судьялары аттестациялаудан өтедi. Бос сот лауазымдарына Жарлықта белгiленген тәртiппен тұрақты судьялар алынады.
3. Аттестациялауды жүргiзу үшiн Орталық және аймақтық аттестациялық комиссиялар құрылады.
Орталық аттестациялық комиссия Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын, сондай-ақ облыстық және соларға теңестiрiлген соттардың төрағаларын аттестациялауды жүргiзедi.
Аймақтық аттестациялық комиссиялар Қазақстан Республикасы соттарының қалған барлық судьяларын аттестациялаудан өткiзедi.
4. Орталық және аймақтық аттестациялық комиссиялардың құрамдарын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi мен Жоғарғы Сотының Төрағасы бекiтедi.
5. Аттестациялауды жүргiзу мерзiмiн Әдiлет министрi белгiлейдi.
II. Аттестациялауды жүргiзу тәртiбi
6. Орталық аттестациялық комиссияға материалдарды:
1) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқа төрағалары мен судьяларына - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы;
2) облыстық және соларға теңестiрiлген соттардың төрағаларына - Әдiлет министрi ұсынады.
7. Аймақтық аттестациялық комиссияларға материалдарды:
1) облыстық және соларға теңестiрiлген соттардың алқа төрағалары мен судьяларына - облыстық және соларға теңестiрiлген соттардың төрағаларын;
2) барлық басқа соттардың судьяларына - облыстық және соларға теңестiрілген әдiлет басқармаларының бастықтары ұсынады.
8. Аттестациялануға тиiс судья жөнiнде аттестациялық комиссияға:
1) оның кәсiби қызметiне берiлетiн бағаны, iскерлiк және адамгершiлiк қасиеттерi көрсетiлуге тиiс мiнездеме;
2) қаралған iстердiң саны мен сапасы, мерзiмi және сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықтың сақталуы туралы соңғы үш жылдағы деректер;
3) судьялардың үстiнен келiп түскен шағымдар мен олардың негiздiлiгi жайында мәлiметтер ұсынылады.
Ұсынылатын материалдарға судьялар бiлiктiлiк алқасының тәртiптiк iстер жөнiндегi шешiмдердi; судьяның атына жолданған жоғары тұрған соттардың жеке ұйымдары мен хаттары; шағымдарды тексерудiң нәтижелерi мен судьяның кәсiби қызметiне және адамгершiлiк қасиеттерiне қатысты басқа да деректер қоса берiлуге тиiс. Бұл ретте судьялардың нақты iстер жөнiнде есеп бермейтiндiгi туралы Конституция талабы бұлжымай сақталуға тиiс.
Судья өзiне берiлген мiнездемемен және басқа да материалдармен таныстырылуға тиiс.
9. Аттестациялау басталғанға дейiн қажет болған жағдайда қосымша тексеру жүргiзiлуi мүмкiн, оны комиссия төрағасы комиссия мүшелерiнiң бiрiне тапсырады, қосымша құжаттар мен материалдар соның iшiнде сот iстерi талап етiлiп алынуы мүмкiн.
10. Аттестациялау комиссияның отырысы оның мүшелерiнiң жалпы санының көпшiлiгi қатысқан жағдайда құқылы.
11. Комиссияның отырысында хаттама жүргiзiледi. Хаттамада отырыстың уақыты мен орны, комиссияның құрамы, аттестацияланатын судьяның тегi, аты-жөнi және лауазымдық жағдайы, комиссия қабылдаған шешiм көрсетiледi.
12. Аттестациялау аттестацияланатын судьяның қатысуымен жүргiзiледi. Судья екiншi рет дәлелсiз себеппен қатыспаған жағдайда аттестациялау оның қатысуынсыз жүргiзiлуi мүмкiн.
13. Орталық аттестация комиссиясында аттестациялау Жоғарғы Соттың тиiстi алқасы төрағасының баяндауымен басталады. Алқа төрағаларына қатысты материалдары Жоғарғы Соттың Төрағасы баяндайды.
Аймақтық аттестациялау комиссиясында аттестациялау төрағалық етушiнiң немесе оның тапсыруы бойынша ұсынылған материалды алдын ала зерделеудi жүргiзген комиссия мүшелерiнiң бiрiнiң баяндауымен басталады. Бұдан кейiн аттестацияланатын адам тыңдалады.
14. Комиссия аттестацияланатын адамның судья ретiндегi кәсiби бiлiмiн, тәжiрибесi мен жұмысының сапасын осы Ереженiң 8-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттардың негiзiнде айқындайды.
Комиссия аттестацияланатын адамның адамгершiлiк қасиеттерiн ол жөнiнде ұсынылған материалдар мен комиссияның отырысына алдын-ала материалдар дайындау нәтижесiнде алынған деректер бойынша айқындайды.
15. Аттестациялау әңгiмелесу түрiнде жүргiзiледi.
Аттестациялау барысында судьяға материалдық және iс-жүргiзу заңдары, тiзбесiн Жоғарғы Соттың Төрағасы мен Әдiлет министрi бекiтетiн соттардың жұмысын ұйымдастыру мәселелерi жөнiнде сұрақтар қойылуы мүмкiн. Сұрақтарға аттестацияланатын адам жазбаша жауап қайтарады, жауабы аттестация материалдарына қосылады.
III. Комиссияның шешiмдерi және оларға шағымдану тәртiбi
16. Аттестациялау нәтижелерi бойынша аттестацияланатын адамның кәсiби бiлiмiне, жұмыс тәжiрибесi мен сапасына, адамгершiлiк қасиеттерiне қарай комиссия мына шешiмдердiң бiрiн қабылдайды;
1) атқарып отырған лауазымына сай келедi;
2) атқарып отырған лауазымына сай келмейдi.
17. Республика Жоғарғы Сотының аттестациядан өткен судьяларына Парламенттiң Сенаты Республика Президентiнiң Республика Жоғарғы Сот Кеңесiнiң кепiлдемесiне негiзделген ұсынысы бойынша тұрақты судьялардың өкiлеттiктерiн бередi.
Облыстық және соларға теңестiрiлген соттардың аттестациядан өткiзiлген судьяларына Республика Президентi Жоғары Сот Кеңесiнiң кепiлдемесi бойынша тұрақты судьялардың өкiлеттiктерiн бередi.
Бұл ретте Жоғары Сот Кеңесiне Жоғарғы сот судьяларына материалдарды Жоғарғы Сот Төрағасы, ал облыстық және соларға теңестiрiлген соттардың судьяларына - Әдiлет министрi бередi.
18. Қазақстан Республикасы басқа соттарының судьяларына Әдiлет министрiнiң ұсыныс бойынша Республика Президентi тұрақты судьялардың өкiлеттiктерiн бередi.
19. Судьяның атқаратын қызметiне сай келмейтiндiгi туралы комиссия қорытындысы жеке дәлелдi шешiммен ресiмделедi. Өзге шешiмдердiң хаттамалық сипаты болады.
Шешiмдер мен хаттамаларға төрағалық етушi мен комиссия мүшелерi қол қояды. Шешiммен келiспейтiн комиссия мүшесi өз пiкiрiн жазбаша түрде баяндауға хақылы.
20. Аттестациялық комиссияның шешiмi комиссия мүшелерiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағалық етушiнiң даусы шешушi болып табылады.
Аттестациялау нәтижелерi судьяға дауыс беруден кейiн дереу хабарланады. Комиссияның шешiмi судьяға оның өтiнiшi бойынша берiлуi мүмкiн.
21. Аттестациялық комиссияның судьяның атқаратын қызметiне сай келмейтiндiгi туралы шешiмiне "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Конституциялық заң күшi бар Жарлығының 84-бабының 1-тармағында көзделген тәртiппен шағымдануға болады.
IV. Қорытынды ережелер
22. Аттестациялық комиссияның судьяның атқаратын қызметiне сай келмейтiндiгi туралы шешiмi "Қазақстан Республикасы Президентi Жарлығының 47-бабы 1-тармағының 3)-тармақшасына сәйкес белгiленген тәртiппен оны қызметiнен босату үшiн негiз болып табылады.