Қаулы етемiн: 1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызмет этикасы ережелерi бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр). 2. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 16 маусымдағы N 3542 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызмет этикасы Ережелерi
Мемлекеттiк қызметте болу - қоғам мен мемлекет тарапынан бiлдiрiлген ерекше сенiмнiң көрiнiсi, ол мемлекеттiк қызметшiнiң жалпыға бiрдей, соның iшiнде осы Ережелерде белгiленген нормалар мен принциптердi сақтауға тиiс екенiн көздейдi.
1. Мемлекеттiк қызметшi қызметтiк мiндеттерiн атқарған кезде:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн қатаң ұстануға;
2) мемлекет мүдделерiн қорғауға және Қазақстан Республикасы Президентiнiң саясатын жақтауға;
3) Қазақстан халқының бiрлiгi мен елдегi ұлтаралық татулықты нығайтуға;
4) ұлттық, тектiк-топтық және рулық артықшылық пен алауыздыққа, сондай-ақ азаматтарды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне қарай немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша кемсiту көрiнiстерiне жол бермеуге;
5) жалпыға бiрдей моральдық-этикалық нормаларды сақтауға, Қазақстан халқының әр алуан салт-дәстүрлерiне құрметпен қарауға;
6) әдiл, объективтi және турашыл болуға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұруға;
7) қойылған мiндеттердi шешудiң неғұрлым тиiмдi әрi үнемдi тәсiлдерiн қолдануға;
8) қарамағындағы мемлекеттiк меншiкке ұқыпты қарауға, оны ұтымды және тиiмдi пайдалануға;
9) қарапайымдық танытуға, қызметтен тыс қарым-қатынастарда өзiнiң лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге;
10) басқа адамдардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге тиiс.
2. Мемлекеттiк қызметшi:
1) өзiне Республикаға дақ түсiруi, оның беделiне нұқсан келтiруi мүмкiн қандай болмасын мiндеттемелер алуға және iс-әрекет жасауға;
2) қызметтiк ақпаратты пайдакүнемдiк және өзге де жеке мүдделерiне пайдалануға;
3) мемлекеттiк қызмет мүдделерiне нұқсан келтiретiн мәселелердi шешуге қатысуға;
4) қызметтiк мiндеттерiн атқаруына байланысты жеке және заңды тұлғалардан сый қабылдауға;
5) қарауындағы қызметкерлерге көрiнеу орындалмайтын нұсқаулар беруге және олардан лауазымдық мiндеттерiнiң шеңберiнен шығатын тапсырмаларды атқаруын талап етуге;
6) қарауындағы қызметкерлердi құқыққа қайшы iс-қылық немесе жалпыға бiрдей моральдық-этикалық нормалармен үйлеспейтiн iс-қылық жасауға мәжбүрлеуге;
7) азаматтар мен ұйымдардың өтiнiштерiн қарау кезiнде төрешiлдiк пен сөзбұйдаға салу көрiнiстерiне жол беруге тиiс емес.