Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Өзара қаржылық мәселелерді реттеу туралы келісімді бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 1998 жылғы 24 желтоқсан N 4184

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. 1998 жылғы 8 қазанда Алматыда, Мәскеуде жасалған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Өзара қаржылық мәселелерді реттеу туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы
арасындағы өзара қаржы талаптарын реттеу туралы
Келісім

(ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2000 ж., N 4, 34-құжат)
(1999 жылғы 14 шілдеде күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж.,
Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 85 бет)

      Бұдан былай Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы,
      XXI ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларацияның рухын басшылыққа ала отырып,
      өзара қаржы міндеттемелерін екі жақты шарттарға, келісімдерге және хаттамаларға сәйкес реттеудің қажеттілігін тани отырып,
     төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар өзара мынадай қаржы міндеттемелерін:
      Қазақстан Тарапынан:
      жалпы сомасы 1441,1 млн. АҚШ доллары болатын Ресей Федерациясы берген мемлекеттік несиелер мен несиелерді пайдаланғандығы үшін есептелген проценттер бойынша қарызды, соның ішінде:
      1992 жылғы және 1993 жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындылары бойынша техникалық несиелер жөніндегі - 1250,0 млн. АҚШ доллары болатын негізгі қарызды және 123,1 млн. АҚШ доллары болатын несиені пайдаланғаны үшін есептелген проценттер бойынша қарызды Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік несиесіне қайтадан ресімдеу туралы 1993 жылғы 29 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы Келісімге сәйкес;
      негізгі қарыз бойынша 68,0 млн. АҚШ доллары болатын 1993 жылғы 29 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 1993 жылға арналған Мемлекеттік несие туралы Келісімге сәйкес;
      Ресей Тарапынан:
      1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға алу Шартына сәйкес 1994-1998 жылдары "Байқоңыр" кешенін пайдаланғаны үшін - 575 млн. АҚШ доллары болатын жалға алу ақысы бойынша қарызды;
      1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Сары-Шаған сынақ полигонын жалға алу туралы Шартқа, 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ембі сынақ полигонын жалға алу туралы Шартқа, 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан Ресей Федерациясының 929 Мемлекеттік ұшу-сынау орталығының объектілері мен ұрыс алаңдарын жалға алу туралы Шартқа, 1996 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей Федерациясының 4 Мемлекеттік орталық полигонының объектілері мен ұрыс алаңдарын жалға беру туралы Шартқа сәйкес 1997-98 жылдары әскери-сынақ полигондарын пайдаланғаны үшін 55 млн. АҚШ доллары жалпы сомасы болатын жалға алу ақысы бойынша қарызды;
      1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі принциптері мен шарттары туралы келісімге сәйкес 1992-1993 жылдары "Байқоңыр" кешенін ұстауға және пайдалануға байланысты Қазақстан Республикасының мүліктік шығындары және шығыстарын 1318 млн. АҚШ доллары көлеміндегі өтемақыны;
      осы бапта аталған полигондарды жалға алу туралы шарттарға сәйкес 1992-1996 жылдары әскери-сынақ полигондарын пайдалануға байланысты Қазақстан Республикасының жалпы сомасы 137,5 млн. АҚШ доллары болатын мүліктік шығындары мен шығыстарының өтемақысын мойындайды.

2-бап

      Осы Келісімнің 1-бабында белгіленген, Қазақстан Республикасының 1992-1993 жылдары "Байқоңыр" кешенін ұстауға және пайдалануға жұмсаған мүліктік шығындары мен шығыстарын өтеу Ресей Федерациясының 1992-1993 жылдары "Байқоңыр" кешенінің негізгі қорын қалпына келтіруге жұмсаған 393,8 млн. АҚШ доллары сомасына азаяды.

3-бап

      Тараптар осы Келісімнің шеңберінде өзара қаржылық міндеттемелерге шаруашылық субъектілерінің қарыздарын кіргізуге уағдаласты:
      "Қазконтракт" АҚ-ның "Росконтракт" ФКК-ге 1993 жыл үшін - 136,6 млн. АҚШ доллары; "Қазақстанэнерго" ҰЭЖ-ның "Ресей БЭЖ" РАҚ-қа 1994-1996 жылдар үшін 99,6 млн. АҚШ доллары және "Қазақстан темір жолы" РМК-ның Ресейдің Қатынас жолдары министрлігі мен кәсіпорындарына 1997-1998 жылдар үшін 14,4 млн. АҚШ доллары болатын мемлекеттік компаниялардың міндеттемелері бойынша қарыз.

4-бап

      Тараптар 1691,7 млн. АҚШ доллары сомасында осы Келісімнің 1, 2 және 3-баптарында келтірілген өзара қаржылық міндеттемелердің бір жолғы күшін жоюды жүргізеді.

5-бап

      Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі, оның атқарушы өкімет органдарын қалыптастырудың тәртібі және мәртебесі туралы келісімді Қазақстан бекіткен сәтке дейін 1995 жылдан бастап Байқоңыр қаласында тұрып жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарын ұстауға арналып Ресей Тарапы жұмсаған шығындарға өтемақы төлемінен бас тартады.

6-бап

      "Байқоңыр" кешенін және әскери сынақ полигондарын пайдаланғаны үшін жалға алу төлемін аудару 1999 жылдан бастап жалға алу шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      1999 жылы "Байқоңыр" кешенін пайдаланғаны үшін жалға алу төлемінің бір бөлігін төлеу 65 млн. АҚШ доллары мөлшерінде тауарлармен, 50 млн. АҚШ доллары мөлшерінде ақшалай нысанда жүзеге асырылады.
      Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап "Байқоңыр" кешені мен әскери сынақ полигондары үшін жалға алу төлемін төлеуді шаруашылық жүргізуші субъектілердің қарыздарымен байланыстырмайтын болады деп уағдаласты.

7-бап

      Тараптар Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне және Ресей Федерациясының Қаржы министрлігіне Қазақстан Республикасының Ұлттық банкімен және Ресей Федерациясының Орталық банкімен, Сыртэкономбанкпен бірлесе отырып, осы Келісімнің шарттарынан туындайтын өзгерістерді есеп айырысу мен есеп жүргізудің техникалық тәртібіне енгізуді тапсырады.

8-бап

      Осы Келісім Тараптардың ол үшін қажетті мемлекетішілік процедураларды орындағандығы туралы соңғы жазбаша хабардағы күннен бастап күшіне енеді және осы Келісім бойынша міндеттемелер толық орындалған күні өзінің қолданысын тоқтатады.

      Алматы, Москва қалаларында 1998 жылғы 8 қазанда әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі дана болып жасалды және де екі мәтіннің күші бірдей.

 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады