Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы достық қатынастарды нығайту және одан әрі дамыту мақсатында қаулы етемін:
1. 1998 жылғы 24 қыркүйекте Ватиканда жасалған Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісім бекітілсін.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы
Өзара қатынастар туралы
КЕЛІСІМ
(ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2000 ж., N 4, 41-құжат)
(1999 жылғы 30 шілдеде күшіне енді - "Дипломатия жаршысы" ж.,
Арнайы шығарылым N 2, 2000 жылғы қыркүйек, 81 бет)
Бұдан былай Тараптар деп, ал біржақты міндеттемелерде Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ,
өздерінің халықаралық құқық нормаларына адалдығын растай отырып,
Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы тең қарым-қатынастарды құрметтеу және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау принциптеріне сәйкес дамытуға тілек білдіре отырып,
төмендегілер жөнінде келісті:
Тараптар өздерінің құқықтары мен өкілеттіктерін жүзеге асыруда өзара еркіндікті таниды және өзара қарым-қатынастар мен халықтар игілігі үшін ынтымақтастығында бұл принципті құрметтеуге міндеттенеді.
Қазақстан Республикасының құзыретті органдары қолданыстағы заңдарға сәйкес Католиктік Шіркеудің жекелеген шіркеулері немесе өзге де мекемелеріне қызметке тағайындалған Католиктік Шіркеудің шетелден келген мүшелеріне тағайындалудың бүкіл кезеңіне олардың Қазақстан аумағында болуына рұқсат беретін болады.
Қазақстан Республикасы Католиктік Шіркеудің олар юстиция органдарына тіркелгеннен кейін канондық құқық кодексімен көзделінген құқықтық қабілеті болуы мүмкін архиоцездер, диоцездер (епархийлер) немесе апостолдық әкімшіліктер, приходтар, діни қауымдастықтар, миссиялар, ассоциациялар, семинариялар, колледждер, мектептер немесе тәрбие мекемелері субъектілерінің заңды тұлғаларға тән құқықтық қабілетін таниды.
Құзырлы шіркеу өкіметтері Қазақстан Республикасының құзырлы органдарына Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оларды мемлекеттік заңды тұлғалар реестріне енгізу үшін Католиктік Шіркеудің жаңа субъектілерін құру немесе іс жүзіндегі субъектілерін тану актілерінің дәлме-дәл көшірмелерін беретін болады.
Католиктік Шіркеудің Қазақстан Республикасындағы құзырлы органдары құзырлы мемлекеттің органдарға шіркеу қызметшілерін тағайындау туралы хабардар ететін болады.
Қазақстан Республикасы Католиктік Шіркеуге өз ұлттық заңдарына сәйкес Шіркеудің мұқтажына орай қажетті үйлер мен Шіркеудің пасторлық қызметіне қажетті осындай болуы мүмкін шіркеулер, приходтық үйлер, үй-жайлар немесе діни әлеуметтік-мәдени, катехизиторлық, білім беру және қайырымдылық қызметтерді жүзеге асыруға қажетті ғимараттар салу үшін жер учаскелерін меншікке немесе пайдалануға алу мүмкіндігін беретін болады.
Католиктік Шіркеудің меншік құқығын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Католиктік мектептер ретінде канондық құқықтық субъектілер жасаған және солар басқаратын немесе канондық құқық нормаларына бағынатын және осы Келісімнің 3-бабына сәйкес құзырлы шіркеу өкіметтері осындай деп таныған мектептерді мойындайды.
Қазақстан Республикасы Католиктік Шіркеудің әр түрлі деңгейдегі және мақсаттағы өз мектептерін құру және оларды Қазақстан Республикасының заңдары мен Канондық Құқық нормаларына сәйкес басқару құқығын мойындайды. Католиктік Шіркеудің діни оқу мекемелерінде оқитын Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасы заңдарында қарастырылған жеңілдіктерді пайдаланады.
Қазақстан Республикасы Католиктік Шіркеудің өзінің қайырымдылық және рухани миссияларын орындау үшін қажетті жеке медициналық және әлеуметтік мекемелерінің іс-әрекетін ұйымдастыру және қолдау құқығын таниды; бұндай қызмет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Католиктік Шіркеудің тарапынан мемлекеттік денсаулық сақтау, қамқорлық мекемелеріндегі және тұтқында ұстау орындарындағы дін ұстанушыларға діні бойынша көмек көрсетуіне жәрдемдеседі.
Қазақстан Республикасы Католиктік Шіркеудің өз көзқарастары мен принциптерін еркін білдіру, соның ішінде оның Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану құқығын мойындайды.
Тараптар мәдениет саласындағы қатынастарды дамытуда өзара мүдделілікті растай отырып, Қазақстан Республикасындағы мекемелер мен бүкіл дүние жүзіндегі католиктік мекемелердің байланыстарын кеңейтуге жәрдемдесетін болады және Тараптардың ішкі заңдарына сәйкес діни оқу орындары мен зерттеу орталықтарының студенттер алмасуына жәрдемдеседі.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану бойынша пікір таластар пайда болған жағдайда, Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар жолымен шешеді.
Тараптардың өзара келісуі бойынша осы Келісімге өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүкін.
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді орындағаны туралы өзара мәлімдеген сәттен бастап күшіне енеді.
Осы Келісім он жыл бойы қолданыста болады және, егер Тараптардың ешқайсысы оның қолданысын өзінің тоқтатқысы келетіні туралы тілегін екінші Тарапқа алты ай бұрын жазбаша мәлімдемесе, оның күші әрбір ретте келесі бесжылдық мерзімге өздігінен ұзартылатын болады.
1998 жылғы 24 қыркүйекте Ватикан қаласында екі данада, әрқайсысы қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жасалды, сондай-ақ барлық мәтіндердің күші бірдей.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде пікір алшақтығы туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінді басшылыққа алатын болады.
(Қолдары)