Жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының/жинақтаушы зейнетақы қорлары төлемдерiн алушыларының құқықтары мен мүдделерiнiң қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында, " Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензия алу кезiнде заңды тұлғаларға қойылатын талаптар туралы" Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясының (бұдан әрi "Ұлттық комиссия" деп аталады) 1997 жылғы 03 қазандағы N 156а қаулысының 2-тармағы 4) тармақшасын орындау үшiн, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1997 жылғы 13 қарашадағы N 3755 жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы туралы ереженiң 5-тармағы 13) және 22) тармақшаларының негiзiнде Ұлттық комиссияның (бұдан әрi "Ұлттық комиссия" деп аталады) Директораты Қаулы етеді:
1. "Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың бизнес-жоспарларына қойылатын талаптар" нұсқаулығы бекiтiлсiн (қоса берiлдi).
2. Осы Қаулының Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгінде тiркелген күнiнен бастап не Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгінiң осы Қаулының тiркеуге жатпайтындығы туралы хаты алынған күнiнен бастап күшiне енетiндiгi белгiленсiн.
3. Ұлттық комиссия орталық аппаратының Лицензиялау және қадағалау басқармасының Зейнетақыны реформалау бөлiмi:
1) осы Қаулыны (ол күшiне енгiзiлгеннен кейiн) "Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қоры" ЖАҚ-ның және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлігінiң Жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметiн реттеу жөнiндегi комитетiнiң назарына жеткiзсiн;
2) осы Қаулыны және жоғарыда аталған Нұсқаулықты зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензия алуға ниет бiлдiрген ұйымдардың назарына жеткiзсiн;
3) осы Қаулының және жоғарыда аталған Нұсқаулықтың орындалысына бақылау жасасын.
Ұлттық комиссияның Төрағасы
Қазақстан Республикасы Бағалы
қағаздар жөнiндегі ұлттық комиссиясы
Директоратының 2000 жылғы 30
қазандағы N 702 қаулысымен
бекiтiлдi
Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегі қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың бизнес-жоспарларына қойылатын
ТАЛАПТАР
(Нұсқаулық)
Осы Нұсқаулық "Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензия алу кезiнде заңды тұлғаларға қойылатын талаптар туралы" Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясының 1997 жылғы 03 қазандағы N 156а
қаулысының
2-тармағы 4) тармақшасын орындау үшiн әзiрлендi және зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегі қызметтi жүзеге асыратын немесе аталған қызметтi жүзеге асыруға лицензия алуға ниет білдiрген ұйым үшiн:
1) оның бизнес-жоспарын (оның зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметiн экономикалық негiздеу) жасаудың және өзгертудiң тәртiбiн;
2) оның бизнес-жоспарына қойылатын талаптарды белгiлейдi.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
БИЗНЕС-ЖОСПАРДЫ ЖАСАУ ЖӘНЕ ӨЗГЕРТУ
1. Осы Нұсқаулықта қолданылған ұғымдар мыналарды бiлдiредi:
1) "Компания" - зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компания; немесе
"Мемлекеттiк жинақтаушы зейнетақы қоры" ЖАҚ-ы, егер ол өзiнiң зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегі қызметтi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген тәртiпте дербес жүзеге асырған жағдайда; немесе
зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензия алуға ниет бiлдiрген ұйым;
2) "Ұлттық комиссия" - Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы;
3) "Қор" - жинақтаушы зейнетақы қоры.
2. Компанияның бизнес-жоспарын:
1) оның атқарушы органы экономиканың, рыноктардың және Компанияның ағымдағы және перспективалық жай-күйiне талдау жасаудың негізiнде жасайды;
2) Компания акционерлерiнiң жалпы жиналысында бекiтiледi;
3) Ұлттық комиссиямен келiсуге жатады.
3. Компания акционерлерiнiң жалпы жиналысында бекiтiлген оның бизнес - жоспары келiсу үшiн әрқайсысы мынадай екi дәптерден тұратын (тiгiлген, Компанияның алқалы атқарушы органы мүшелерi (Компанияның атқарушы органының функциясын жеке дара жүзеге асыратын тұлға) қол қойған және оның мөрiмен расталған) екi данада Ұлттық комиссияға ұсынылады:
1) осы Нұсқаулықтың 8 және 9 тармақтарына сәйкес бизнес-жоспардың 1 және 2 бөлiмдерiнiң мәлiметтерi енгiзiлген дәптер;
2) Компания қызмет көрсететiн немесе онымен зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруға шарт жасасуға ниет бiлдiрген әрбiр жеке Қор бойынша осы Нұсқаулықтың 11-тармағына сәйкес бизнес-жоспардың 3-бөлiмiнiң мәлiметтерi енгiзiлген дәптер (егер 3-бөлiмнiң мәлiметтерiнде жекелеген Қорлар туралы ақпарат бар болған жағдайда);
3) осы Нұсқаулықтың 13-тармағына сәйкес бизнес-жоспардың 4-бөлiмiнiң мәлiметтерi енгiзiлген дәптер.
4. Бизнес-жоспардың Ұлттық комиссиямен келiсiлген бiр данасы оған берiледi, екiншi данасы Ұлттық комиссияда қалады. Компанияның бизнес-жоспарының Ұлттық комиссиямен келiсiлгендігінiң растамасы мыналардың бар болуы болып табылады:
1) бизнес-жоспардың әрбiр жеке дәптерiнiң сыртқы парағында: "Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясымен келiсiлдi" жазбалар, Ұлттық комиссия Төрағасының немесе оның мiндетiн атқаратын Ұлттық комиссияның атқарушы директорының қолдары және бизнес-жоспар келiсiлген күндер;
2) бизнес-жоспардың әрбiр жеке дәптерiнiң соңғы парағының сыртында:
Ұлттық комиссия мөрiнiң таңбасы (жартылай тiгістiң түйiнiне жапсырылған жапсырма қағазға жартылай параққа қойылған).
5. Компания өзiнiң қызметiн тек қана оның акционерлерiнiң жалпы жиналысында бекiтiлген және Ұлттық комиссиямен келiсiлген өзiнiң бизнес-жоспарына (бұдан әрi "бекiтiлген және келiсiлген бизнес-жоспар" деп аталады) сәйкес жүзеге асыруға құқылы.
6. Компания Компанияның қызметiне өзiне берiлген өкiлеттiктiң шеңберiнде бақылау жасауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органның бiрiншi талап етуi бойынша бекiтiлген және келiсiлген бизнес-жоспарды ұсынуға мiндеттi.
Компания ол қызмет көрсететiн немесе онымен зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруға шарт жасасуға ниет бiлдiрген Қордың бiрiншi талап етуi бойынша мазмұнына бизнес-жоспардың 1 және 2 бөлiмдерiнiң, сондай-ақ бизнес-жоспардың 3-бөлiмiнiң осы Қорға қатысты бөлігінiң мәлiметтерi енгiзiлген бекiтiлген және келiсiлген бизнес-жоспардың түпнұсқасын немесе нотариалды куәландырылған көшiрмесiн ұсынуға мiндеттi.
Компания онымен кастодиандық шарт жасасқан немесе жасасуға ниет бiлдiрген кастодиан-банктiң бiрiншi талап етуi бойынша мазмұнына бизнес-жоспардың 1 және 2 бөлiмдерiнiң мәлiметтерi енгiзiлген бекiтiлген және келiсiлген бизнес-жоспардың дәптерлерiнiң түпнұсқасын немесе нотариалды куәландырылған көшiрмесiн ұсынуға мiндеттi.
7. Компанияның бизнес-жоспарын өзгерту осы Нұсқаулықтың 2-4 тармақтарында белгiленген рәсiмдерге сәйкес жүргiзiледi.
Компания бизнес-жоспарының 1-бөлiмiнiң мәлiметтерi өзгерген жағдайда шұғыл түрде өзiнiң бизнес-жоспарына өзгерiс енгізуге мiндеттi.
2-тарау. БИЗНЕС-ЖОСПАРДЫҢ МАЗМҰНЫ
8. Компанияның бизнес-жоспарының "Компания туралы жалпы мәлiметтер" бөлiмiнде мынадай мәлiметтер болу керек:
1) Компанияның толық атауы (оны заңды тұлға ретiнде Мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiкке сәйкес);
2) Компанияның қысқаша атауы (оны заңды тұлға ретiнде Мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiкке сәйкес немесе аталған Куәлiкте Компанияның қысқаша атауы болмаған кезде Компанияның мемлекеттiк тiркеу органы растаған құрылтай құжаттарына сәйкес);
3) Компанияның оған Ұлттық комиссия берген кодтары (осындайлар бар болған кезде);
4) Компанияны заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы мәлiметтер (оны заңды тұлға ретiнде Мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiкке сәйкес):
соңғы мемлекеттiк тiркеу( қайта тiркеу) күнi және нөмiрi;
мемлекеттiк тiркеу органының атауы;
ОКПО коды;
бастапқы мемлекеттiк тiркеу күнi;
5) Компанияның тiркелiп орналасқан жерi (оны заңды тұлға ретiнде Мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiкке сәйкес);
Компанияның нақты орналасқан жерi (егер ол тiркелгеннен басқаша болса);
Компанияның пошталық мекен-жайы (егер ол Компанияның нақты орналасқан жерiнен басқаша болса);
6) Компанияның коммуникациялық реквизиттерi (телефондарының, факстерiнiң, телекстерiнiң, телетайптарының нөмiрлерi, электрондық поштаның мекен-жайы және басқа да ықтимал коммуникациялық реквизиттерi);
7) Компанияның банктiк реквизиттерi (қызмет көрсететiн банктiң (банктiң филиалының) атауы, мекен-жайы және төлем реквизиттерi, банктiк шоттың нөмiрi);
8) Компанияның жарияланған жарғылық капиталы (мемлекеттiк тiркеу органы растаған құрылтай құжаттарына сәйкес) және оның акцияларын шығарудың нысаны;
9) Компанияның жарияланған жарғылық капиталының құрылымы (Компания акцияларының эмиссиясын Мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiкке сәйкес немесе ол болмаған кезде мемлекеттiк тiркеу органы растаған құрылтай құжаттарына және өзге де ықтимал құжаттарға сәйкес):
Компанияның шығаруға жарияланған акцияларының түрлерi, санаттары және атаулы құны;
Компанияның шығаруға жарияланған акцияларының түрлерi және санаттары бойынша саны;
Компанияның шығаруға жарияланған акцияларының әрбiр жекелеген түрлерiнiң және санаттарының жиынтық атаулы құны;
10) Компания акцияларының эмиссиясын мемлекеттiк тiркеу туралы мәлiметтер (осындай бар болған кезде):
Компания Акцияларының эмиссиясын мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктiң күнi және нөмiрi немесе Ұлттық комиссияның Компания акцияларының эмиссиясын мемлекеттiк тiркеуден бас тарту туралы хатының күнi және нөмiрi;
Компания акцияларының эмиссиясына (эмиссияларына) Ұлттық комиссия берген ұлттық бiрiздендiру нөмiрi (ұлттық бiрiздендiру нөмiрлерi);
Компанияның акциялары эмиссиясының проспектiсiн Ұлттық комиссия тiркеген нөмiр (эмиссияларының проспектiлерiн тiркеу нөмiрлерi);
Компания акциялары эмиссиясының Бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлімдегi нөмiрi (эмиссияларының нөмiрлерi);
11) Компанияның шығарылған (төленген) жарғылық капиталы (бухгалтерлiк есеп жүргiзу мәлiметтерiне сәйкес) және оның құрылымы:
Компанияның шығарылған акцияларының түрлерi және санаттары бойынша саны;
Компанияның шығарылған акцияларының әрбiр жекелеген түрлерiнiң және санаттарының жиынтық атаулы құны;
Компанияның шығарылған акцияларын орналастырудың басталған және аяқталған күнi;
12) Компанияның акцияларды шығарудың және орналастырудың қорытындылары туралы есебiн бекiту туралы мәлiметтер (осындай бар болған кезде):
Ұлттық комиссияның Компания акцияларын шығарудың және орналастырудың қорытындылары туралы есебiн бекiту туралы не оны бекiтуден бас тарту туралы хатының күнi және нөмiрi;
Компанияның шығарылған акцияларының жиынтық атаулы құны (Компания акцияларын шығарудың және орналастырудың қорытындылары туралы есебiне сәйкес);
13) Компанияның акционерлерi туралы мәлiметтер:
заңды тұлғалар - Компанияның акционерлерiне қатысты:
толық атаулары (оларды заңды тұлға ретiнде Мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiкке сәйкес; Қазақстан Республикасының резидент еместерi үшiн - олардың заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелгендігін растайтын құжаттарға сәйкес);
тiркелiп орналасқан жерi (оларды заңды тұлға ретiнде Мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiкке сәйкес; Қазақстан Республикасының резидент еместерi үшiн - олардың заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелгендiгiн растайтын құжаттарға сәйкес);
нақты орналасқан жерлерi (егер олар тiркелгеннен басқаша болса);
заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы мәлiметтер:
соңғы мемлекеттiк тiркелген (қайта тiркелген) күндерi және нөмiрлерi, мемлекеттiк тiркеу органдарының атаулары, Қазақстан Республикасының ұйымдары үшiн - ОКПО кодтары;
жеке тұлға - акционерлерге қатысты:
аты-жөндерi (жеке басын куәландыратын құжаттарға сәйкес; ТМД мүшелерi - елдерден басқа мемлекеттердiң азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар үшiн - ағылшын тiлiнде);
тұрғылықты жерлерi;
жеке басын куәландыратын құжаттарының мәлiметтерi;
барлық акционерлерге қатысты (заңды да жеке де тұлғалар):
коммуникациялық реквизиттерi (телефондарының, факстерiнiң, телефакстерiнiң, телекстерiнiң, телетайптарының нөмiрлерi, электрондық поштаның мекен-жайы және басқа да ықтимал коммуникациялық реквизиттерi);
14) акциялардың түрлерiн және санаттарын көрсете отырып шығарылған акцияларды акционерлердiң арасында бөлу туралы мәлiметтер;
15) атқарып отырған қызметтерiн көрсете отырып Компания органдарының: директорлар кеңесiнiң, басқарманың (ол бар болған кезде), тексеру комиссиясының (тексерушiнiң) сандық және жеке құрамдары;
16) Компания аудиторының толық атауы (оны заңды тұлға ретiнде Мемлекеттік тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiкке сәйкес), аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға мемлекеттiк лицензияның берiлген күнi және нөмiрi, Компанияның аудиторымен жасасқан шарттың күнi және нөмiрi;
17) Компанияның ұйымдық құрылымы және штаттық кестесi: құрылымдық бөлiмшелер басшыларының және олардың орынбасарларының лауазымдарын және аты-жөндерiн, лауазымдардың атауларын және құрылымдық бөлiмшелер қызметкерлерiнiң санын көрсете отырып Компанияның (оның филиалдарын қоса отырып) құрылымдық бөлiмшелерiнiң атауы және негізгi функциялары;
18) Компанияның басқа тұлғаларға немесе тұлғалар тобына (қарапайым серiктестiктерге, консорциумдарға және басқаларға) қатыстылығы туралы және еншiлес серiктестiк немесе тәуелдi акционерлiк қоғам мәртебесiнiң бар екендiгi туралы ақпарат. Осындай ақпаратты ашудың дәрежесiн Ұлттық комиссия айқындайды;
19) Компанияның қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалар бiрлестiктерiне және мүшелiк принципiн пайдаланатын ұйымдарға (қор биржаларына және басқаларға) мүшелiгі туралы мәлiметтер;
20) Компанияның басқа заңды тұлғаларға қатысуы туралы ақпарат (акционерлік қоғамдардың акцияларын иелену және шаруашылық серiктестiктерiнің жарғылық капиталдарындағы үлестерiнiң бар екендігі туралы): осындай заңды тұлғалардың атауы және орналасқан жерi; Компанияға тиесiлі акциялардың түрлерi және санаттары немесе Компанияның шаруашылық серiктестiктерiндегi үлестерiнiң мөлшерi; Компанияға тиесiлi акциялар немесе шаруашылық серiктестiктерiнiң жарғылық капиталдарындағы үлестерi бойынша дауыс беру құқықтарын шектеулердiң бар екендігі. Осындай ақпаратты ашудың жеткiлiктiлiк дәрежесiн Ұлттық комиссия Компанияның келiсуге ұсынған бизнес-жоспарын қарау барысында айқындайды;
21) Компания алып отырған үй-жайлар туралы мәлiметтер: қабаттылығы, ауданы, жай-күйiне қысқаша сипаттама ("жөндеуші қажет етпейдi", "iшiнара жөндеудi (өңдеудi) талап етедi", "күрделi жөндеудi талап етедi"), үй-жайды алудың шарттары (меншiктеу немесе жалға алу құқығында);
22) байланыс жолдарының, компьютерлiк желiлердiң сипаттамаларын және бағдарламалық өнiмдердiң көздерiн қоса отырып Компанияның технологиялық қамтамасыз етiлуi туралы негiзгi мәлiметтер; Компанияның бағдарламалық-техникалық және коммуникациялық құралдарының қаржы рыногының инфрақұрылымы институттарының (қор биржасының, орталық депозитарийдiң және басқармаларының) бағдарламалық-техникалық және коммуникациялық құралдарымен өзара әрекет жасау (қоса атқарушылық) дәрежесi туралы мәлiметтер; бағдарламалық-техникалық және коммуникациялық құралдарды пайдалану (меншiктеу немесе жалға алу құқығында) шарттары туралы мәлiметтер. Осындай мәлiметтердiң жеткiлiктiлiк дәрежесiн Ұлттық комиссия Компанияның келiсуге ұсынған бизнес-жоспарын қарау барысында айқындайды;
23) Компанияның бағдарламалық-техникалық құралдарына (оның iшiнде мәлiметтердiң электрондық жиынтығына), құжаттарына және мұрағаттық құжаттарына қол жеткiзудi реттейтiн жүйелер туралы негiзгi мәлiметтер;
24) резервтiк көшiру, резервтiк технологиялық күштер және резервтiк көшiрмелердi сақтау тәсiлдерi туралы мәлiметтердi қоса отырып, Компанияның бағдарламалық-техникалық құралдарының (оның iшiнде мәлiметтердiң электрондық жиынтығының), құжаттарының және мұрағаттық құжаттарының сақталысын қамтамасыз ететiн Компанияның қауiпсiздiк жүйесi туралы негiзi мәлiметтер. Осындай мәлiметтердiң жеткiлiктiлiк дәрежесiн Ұлттық комиссия Компанияның келiсуге ұсынған бизнес-жоспарын қарау барысында айқындайды;
25) Компания инвестициялық басқаруға қабылдаған зейнетақы активтерiн сақтандыру туралы мәлiметтер (осындай бар болған кезде): сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру ұйымдарының атаулары; сақтандырудың түрлерi, шарттары, мерзiмдерi және құны; зейнетақы активтерiн сақтандыруды сипаттайтын өзге де мүлiктiк мәлiметтер.
9. Компания бизнес-жоспарының "Экономикаға және рыноктарға талдау жасау" 2-бөлiмiне мынадай мәлiметтер енгiзiлу керек:
1) экономикаға және қаржы рыноктарына және олардың даму үрдiсiне жалпы талдау жасау;
2) мемлекеттiк бағалы қағаздар рыногына және оның даму үрдiсiне талдау жасау;
3) мемлекеттiк емес бағалы қағаздар рыногына және оның даму үрдiсiне талдау жасау;
4) банктiк депозиттер (депозиттiк сертификаттар) рыногына және оның даму үрдiсiне талдау жасау;
5) зейнетақы активтерi есебiнен сатып алуға рұқсат етiлген өзге де қаржы құралдарының рыноктарына және олардың даму үрдiсiне талдау жасау;
6) еңбек рыногына және оның даму үрдісіне талдау жасау;
7) зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компаниялар арасындағы бәсекелестiктiң жай-күйiне талдау жасау және Компанияның нақты және жобаланған күштi және әлсiз жақтарын көрсете отырып Компанияның зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтер рыногындағы ағымдағы үлесiнiң сипаттамасы.
10. Компания бизнес-жоспарының 2-бөлiмiнде келтiрiлген экономикаға және рыноктарға талдау жасау қажет болған кезде құжаттармен немесе ақпарат көздерiне жасалған сiлтемелермен растауы керек.
11. Компания бизнес-жоспарының "Компанияның инвестициялық, маркетингтiк және технологиялық саясаты" 3-бөлiмiне мынадай мәлiметтер енгiзiлу керек:
1) Компанияның экономикаға және қаржы рыноктарына және олардың даму үрдiсiне талдау жасаудың негiзiнде әзiрленген инвестициялық саясатының нақты сипаттамасы;
2) Компанияның зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi компаниялар арасындағы бәсекелестiктiң жай-күйiне талдау жасаудың негiзiнде әзiрленген маркетингтiк саясатының нақты сипаттамасы (маркетингтiң тәсiлдерiн және жарнаманы қоса отырып);
3) Компанияның маркетингтiк саясатының негiзiнде жасалған, Компанияның маркетингке және жарнамаға арналған қысқа мерзiмдi бюджетi, сондай-ақ Компанияның маркетингке және жарнамаға арналған орта мерзiмдi бюджетiнiң жобасы;
4) компанияның технологиялық саясатының сипаттамасы;
5) Компанияның маркетингтiк саясатының негiзiнде жасалған, Компанияның бағдарламалық-техникалық және коммуникациялық құралдарды сатып алуға және жетiлдiруге ("апгрейд") арналған қысқа мерзiмдi бюджетi, сондай-ақ Компанияның бағдарламалық-техникалық және коммуникациялық құралдарды сатып алуға және жетiлдiруге ("апгрейд") арналған орта мерзiмдi бюджетiнiң жобасы.
12. Келiсуге ұсынылған бизнес-жоспардың 2 және 3 бөлiмдерiнде Компания келтiрген мәлiметтердi ашудың жеткiлiктiлiк дәрежесiн Ұлттық комиссия оны қарау барысында айқындайды.
13. Компания бизнес-жоспарының "Ағымдағы күнтiзбелiк жылға (айларға және тоқсандарға бөле отырып) және келесi үш жылға (жылдарға бөле отырып) қаржылық жоспар (болжам)" 4-бөлiмiне мынадай мәлiметтер енгiзiлу керек:
1) Компанияның ағымдағы қаржылық жай-күйiн және ол инвестициялық басқаруға қабылдаған зейнетақы активтерiнiң жай-күйiн сипаттайтын құжаттар;
2) Компания инвестициялық басқаруға қабылдайтын зейнетақы активтерi көлемiнiң жоспары (болжам);
3) Компанияның жоспарланған (болжалған) ақша ағымдары (оптимистiк, пессимистiк және салықтарды және резервтiк капиталға аударымдарды ескерумен өзге де ықтимал варианттар);
4) Компания табыстарының жоспары (болжамы) (табыс көздерiн көрсетумен);
5) Компания шығыстарының жоспары (болжамы) (шығыс мақсаттарын көрсетумен);
6) залалсыздық нүктелеріне талдау жасау;
7) тәуекелдерді бағалау, оның ішінде қаржы құралдары бойынша табыстылықтың төмендеу тәуекелдерін, қаржы құралдарын сату кезіндегі баға тәуекелдерін, үшінші тұлғалардың қызметін төлеу кезіндегі баға тәуекелдерін, инфляциялық тәуекелдерді, валюталық тәуекелдерді, бәсекелестік тәуекелдерін, Компанияның техникалық және операциялық қателерінің тәуекелдерін және басқа да ықтимал тәуекелдерді;
8) негізінде осы тармақтың 2)-7) тармақшаларында көрсетілген құжаттар жасалған жорамалдарға сипаттама.
14. Компанияның келісуге ұсынылған бизнес-жоспарын қарау кезінде Ұлттық комиссия осы Нұсқаулықтың 13-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген құжаттарды аудиторлық қорытындылармен растауды талап етуге құқылы.
15. Компанияның бизнес-жоспарының 4-бөлімінде келтірілген қаржылық жоспар (болжам) қажет болған кезде түсіндірмелермен, құжаттармен және ақпарат көздеріне сілтемелермен растау керек.
Ұлттық комиссияның Төрағасы