Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы туралы ереженi бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1997 жылғы 13 қараша N 3755. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2001.07.11. N 654 жарлығымен. ~U010654

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес қаулы етемiн:
      1. Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы туралы ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
      2. Қазақстан Республикасының Үкiметi Үкiметтiң бұрынғы шығарылған актiлерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi

                                         Қазақстан Республикасы
                                             Президентiнiң
                                        1997 жылғы 13 қарашадағы
                                           N 3755 Жарлығымен
                                               бекiтiлген

         Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi
                      ұлттық комиссиясы туралы
                              ЕРЕЖЕ

                        I. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1. Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы (бұдан әрi - Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия) Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн, бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан қатынастарды мемлекеттiк реттеудi және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган болып табылады.
      2. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiн, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Үкiметiнiң актiлерiн, мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шығарылған нормативтiк құқықтық актiлерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

       II. БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ЖӨНIНДЕГI ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ
                     НЕГIЗГI МIНДЕТТЕРI

      3. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның негiзгi мiндеттерi:
      1) бағалы қағаздар шығарылымы мен айналысы процесiнде туындайтын қатынастарды реттеу;
      2) инвесторлардың бағалы қағаздар рыногындағы құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау;
      3) бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiне қойылатын мiндеттi талаптарды белгiлеу;
      4) бағалы қағаздар рыногы кәсiпқой қатысушыларының қызметiн бақылау функцияларын жүзеге асыру;
      5) бағалы қағаздар рыногы қатысушыларының кәсiби және бiлiм деңгейлерiн көтеру жөнiндегi жүйенi ұйымдастыру болып табылады.

        III. БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ЖӨНIНДЕГI ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ
                             ФУНКЦИЯЛАРЫ

      4. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия қойылған мiндеттердi орындау үшiн мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Қазақстан Республикасы Үкiметiмен келiсе отырып, бағалы қағаздар рыногын қалыптастыру мен дамыту саласындағы басымдықтарды айқындайды;
      2) ұлттық бағалы қағаздар рыногының жай-күйiн және даму перспективасын талдайды;
      3) өзiнiң алдына қойылған мiндеттерге сәйкес бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң атқаруы мiндеттi нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi және белгiленген тәртiппен бекiтедi;
      4) Қазақстан Республикасы Президентiнiң алдында Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның қызметi туралы есеп бередi, жылдық есептердi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметiне бағалы қағаздар рыногының жай-күйi туралы баяндайды;
      5) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар туралы заңдарының қолданылу практикасы жөнiнде ұсынымдар әзiрлейдi;
      6) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында шетел эмитенттерiнiң бағалы қағаздарын айналысқа қосу тәртiбiн айқындайды;
      7) бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтiң түрлерiн айқындайды;
      8) бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асырудың бiрыңғай талаптарын (стандарттарын) бекiтедi;
      9) бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары үшiн мiндеттi өз капиталының ең төмен деңгейi жөнiндегi талаптарды және бағалы қағаздармен жасалатын операциялар бойынша тәуекел дәрежесiн төмендететiн өзге де талаптарды белгiлейдi;
      10) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсе отырып, бағалы қағаздар рыногындағы кастодиандық қызметтi жүзеге асырудың шарттары мен тәртiбiн, сондай-ақ нақты құны ұлттық валютамен (теңге) көрсетiлген бағалы қағаздарды әкелудiң және әкетудiң тәртiбiн белгiлейдi;
      11) инвестициялық қорлардың мемлекеттiк емес зейнетақы қорларының, сақтандыру ұйымдарының және бағалы қағаздар рыногындағы басқа да институциялық инвесторлардың инвестициялық қызметiнiң стандарттары мен шарттарын айқындайды;
      12) бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды заңдарға сәйкес айқындайды;
      13) бухгалтерлiк есепке алу мен есептiлiк, активтердiң құны мен бағасын есептеудiң стандарттарын, бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiне аудиторлық тексерiстер жүргiзу стандарттарын әзiрлеуге қатысады;
      14) бағалы қағаздар рыногын реттеу мәселелерi жөнiнде келiссөздер жүргiзiп, халықаралық шарттарға қол қояды;
      15) бағалы қағаздар рыногын реттеуге қатысты нормативтiк құқықтық актiлердiң орындалуын қамтамасыз етедi;
      16) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi реттейтiн заңдарын бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң сақтауын бақылайды;
      17) бағалы қағаздардың кез келген түрiн сатып алған инвесторлардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
      18) бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң олардың қызметi туралы ақпаратты оның толықтығы, дұрыстығы, ашық болуы және оны жеткiзудiң жүйелiлiгi талаптарын ескере отырып, жариялау тәртiбiн сақтауын бақылайды;
      19) бағалы қағаздар рыногының жұмыс iстеуiне байланысты ресми материалдарды жариялайды;
      20) бағалы қағаздар рыногының жұмысы жөнiндегi мәселелер бойынша кеңес алу үшiн кеңесшiлердi, консультанттар мен сарапшыларды белгiленген тәртiпте тартады;
      21) тиiстi құжаттарды бағалы қағаздар деп тану туралы шешiм қабылдайды;
      22) эмитенттердiң бағалы қағаздарының эмиссияларын тiркеудiң тәртiбiн белгiлейдi;
      23) бағалы қағаздар ұстаушыларының тiзiлiмiн құрудың және сақтаудың шарттарын, тәртiбiн, тiзiлiм көшiрмелерiнiң нысандарын, бағалы қағаздарды беру туралы өкiмдердiң нысандарын және оларда көрсетiлетiн мәлiметтердiң тiзбесiн белгiлейдi;
      24) эмитенттерге олардың бағалы қағаздар шығарылымдарының және айналасының шарттарын орындауы жөнiнде бақылау жасауды жүзеге асырады;
      25) мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздардың эмиссияларын мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырады;
      26) жергiлiктi атқарушы органдардың бағалы қағаздар эмиссияларын мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырады;
      27) мемлекеттiк тiркеуден өткен бағалы қағаздар эмиссияларына бiрiздендiрiлген нөмiрлер бередi;
      28) мемлекеттiк бағалы қағаздар эмиссияларына бiрiздендiру нөмiрлерiн бередi;
      29) бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзедi;
      30) эмитенттердiң есептерiн бекiту үшiн ұсынылған құжаттардың тiзбесiн және оларды ресiмдеу тәртiбiн белгiлейдi;
      31) эмитенттердiң бағалы қағаздар шығарылымы мен орналастыру қорытындылары туралы есептерiн бекiтедi;
      32) эмитенттердiң бағалы қағаздармен жасаған операцияларының есебiн жүргiзу және осы операциялар бойынша есептiлiктi жасау ережелерiн айқындайды;
      33) бағалы қағаздарды, оның iшiнде шетел эмитенттерiнiң бағалы қағаздарын жариялы түрде орналастыруға жiберудiң нормаларын белгiлейдi;
      34) бағалы қағаздар рыногындағы өзiн-өзi реттейтiн ұйымдардың қызметiн лицензиялайды;
      35) бағалы қағаздармен сауда жасау ережесiн бекiтедi;
      36) бағалы қағаздармен жасалатын операцияларды жүзеге асырудың тәртiбi мен шарттарына қойылатын мiндеттi талаптарды белгiлейдi;
      37) бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының, бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастырушылардың және өзiн-өзi реттейтiн ұйымдардың есеп беру тәртiбiн айқындайды;
      38) бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының бағалы қағаздармен жасалған операциялар есебiн жүргiзуiнiң және осы операциялар бойынша есептiлiктi жасау ережелерiн айқындайды;
      39) бағалы қағаздар рыногындағы түрлi кәсiби қызметтердi және бағалы қағаздармен жасалатын сауда-саттықты ұйымдастырушылардың қызметiн, бағалы қағаздардың бланкiлерiн шығаруды және әкелудi заңдарға сәйкес лицензиялауды жүзеге асырады;
      40) бағалы қағаздар рыногы субъектiлердi қызметiнiң олардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алған лицензияларына сәйкестiгiне тексерiстер жүргiзедi;
      41) бағалы қағаздар рыногы мамандарын-кәсiпқой қатысушыларын оқытуды және қайта даярлауды ұйымдастырады;
      42) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

       IV. БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ЖӨНIНДЕГI ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ
                         ҚҰҚЫҚТАРЫ

      5. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия:
      1) бағалы қағаздар рыногындағы қатынастарды реттейтiн заң жобалары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлер жобаларын әзiрлеуге және оларға сараптама жүргiзуге қатысуға;
      2) Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның аумақтық бөлiмшелерiн құруға, қайта құруға және таратуға;
      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiмен, министрлiктерден, мемлекеттiк комитеттерден, өзге де органдардан, ұйымдар мен жеке тұлғалардан олардың бағалы қағаздар рыногындағы қызметiне қатысты қажеттi ақпаратты сұратуға және алуға және осындай ақпаратқа талдау жүргiзуге;
      4) басқа мемлекеттердiң эмитенттерi шығарған бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жiберу;
      5) бағалы қағаздардың жаңа түрлерiн және туынды бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы айналысқа жiберу туралы шешiмдер қабылдауға және осы бағалы қағаздардың айналысын тiркеу ережелерiн және тәртiбiн белгiлеуге;
      6) заңның талаптары бұзылған жағдайда эмитенттердiң бағалы қағаздарының эмиссияларын тiркеуден бас тартуға, тоқтата тұруға немесе бағалы қағаздар эмиссиясын болмаған деп тануға, бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру туралы есептердi бекiту туралы шешiмдердi жоюға;
      7) мемлекеттiк емес бағалы қағаздарды шығаруды және орналастыруды жүзеге асыратын эмитенттерден оларды орналастырудың Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы белгiлеген талаптарға сәйкес келетiн нәтижелерi туралы есептердi сұратуға және алуға;
      8) мемлекеттiк емес бағалы қағаздарды шығаруды және орналастыруды жүзеге асыратын эмитенттерден өзiнiң қызметi туралы есептi Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясы белгiлеген нысанда және мерзiмде сұратуға және алуға;
      9) мемлекеттiк емес бағалы қағаздарды шығаруды және орналастыруды жүзеге асыратын эмитенттерден инвесторлардың мүдделерiне қатысты мәлiметтердi, сондай-ақ эмитенттердiң қаржы-шаруашылық қызметiне қатысты өзгерiстер туралы ақпаратты сұратуға және алуға;
      10) акционерлiк капиталды қалыптастыру, бағалы қағаздар бойынша табыстар төлеу мәселелерi жөнiнде және бағалы қағаздар тiзiлiмiн олар өздерi дербес жүргiзген жағдайда бағалы қағаздармен жүргiзiлген операциялардың есебi мен есептiлiктiң дұрыстығын, сондай-ақ Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясының өкiлеттiктерiне сәйкес басқа да мәселелер жөнiнде эмитенттердiң қызметiн тексеруге;
      11) бағалы қағаздар ұстаушылардың жеке шоттарымен операциялар жүргiзудi тоқтата тұру туралы шешiмдер қабылдауға, сондай-ақ бағалы қағаздар ұстаушылар тiзiлiмiнен мәлiметтер сұратуға және алуға;
      12) бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтiң жаңа түрлерiн белгiленген тәртiппен айқындауға;
      13) бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының қызметiне қойылатын талаптарды әзiрлеуге, бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыру құқығына заңдарға сәйкес лицензия беруге немесе оны беруден бас тартуға;
      14) қор биржаларының және өзiн-өзi реттейтiн ұйымдардың бағалы қағаздармен сауда жасау ережелерiн бекiтуге, оларға бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру құқығына лицензия беруге немесе оны беруден бас тартуға;
      15) бағалы қағаздар портфелiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың негiзгi талаптарын белгiлеуге;
      16) бағалы қағаздар бланкiлерiн шығару және әкелу жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың негiзгi талаптарын белгiлеуге, қызметтiң осы түрiне лицензия беруге және беруден бас тартуға;
      17) берiлген лицензияларды бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес қайтарып алуға немесе олардың қолданылуын тоқтата тұруға;
      18) бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларынан, бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастырушылардан Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия белгiлеген тәртiппен қызметiнiң нәтижелерi туралы есептердi, бағалы қағаздармен жүргiзiлген операциялар туралы ақпараттарды сұратуға және алуға;
      19) бағалы қағаздар бланкiлерiн шығару және әкелу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын субъектiлерден Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия белгiлеген тәртiппен есептер сұратуға және алуға;
      20) бағалы қағаздармен жүргiзiлген операциялар бойынша есепке алу мен есептiлiктiң дұрыстығының мәселелерi жөнiнде бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының қызметiне тексерiстер жүргiзуге;
      21) бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң қызметiне Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның жұмыс жоспарына сәйкес, сондай-ақ мемлекеттiк органдарының және олардың лауазымды тұлғаларының тапсырмалары мен ұсыныстары бойынша, бағалы қағаздар рыногының қатысушылары мен азаматтардың өтiнiштерi бойынша тексерiстер жүргiзуге;
      22) эмитенттердiң, сауда-саттықты ұйымдастырушылардың, бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларының, өзiн-өзi реттейтiн ұйымдардың Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның құзыретiне кiретiн мәселелердi шешу үшiн қажеттi құжаттарды беру туралы шешiмдер қабылдауға;
      23) тексерiстерге қатысу үшiн қаржы, салық және құқық қорғау органдарының мамандарын, сондай-ақ консультанттар ретiнде отандық және шетелдiк мамандарды тартуға;
      24) қор рыноктарындағы қатынастарға, бағалы қағаздар рыногын реттейтiн заңдардың нормалары бұзылған кезде келiсiлген әрекеттер жасауға қатысты мәселелер бойынша өзге де мемлекеттердiң бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу органдарымен өзара iс-қимыл жасауға;
      25) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар туралы заңдарының бұзылуы анықталған кезде тиiстi шаралар қолдану үшiн материалдарды құқық қорғау органдарына, соттарға және басқа да мемлекеттiк органдарға жiберуге;
      26) бағалы қағаздар субъектiлерiнiң бағалы қағаздардың шығарылымы мен айналысы процесiнде бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау туралы соттарға қуынуға;
      27) бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi арасындағы дауларды шешу кезiнде аралық судья болуға;
      28) бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушыларын даярлау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға оқу орталықтарына белгiленген тәртiппен рұқсат беруге, олардың қызметiн Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия белгiлеген тәртiппен үйлестiруге және бақылауға, оқу орталықтарының тыңдаушыларын олардың бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеуге кәсiби жарамдылығын тексеру үшiн аттестация жүргiзуге; оқу орталықтарының аттестациядан өткен тыңдаушыларына бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыру құқығына бiлiктiлiк куәлiктерiн беруге, Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның нормативтiк актiлерiне көзделген жағдайларда бiлiктiлiк куәлiктерiнiң күшiн тоқтата тұруға және керi қайтарып алуға;
      29) Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның баспасөз органын құруға;
      30) бұқаралық ақпарат құралдарына эмитенттер, сауда-саттықты ұйымдастырушылар, бағалы қағаздар рыногының кәсiпқой қатысушылары және олардың өзiн-өзi реттейтiн ұйымдары туралы қажеттi мәлiметтер жариялауға;
      31) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен келiсiм бойынша бағалы қағаздар эмиссиясын тiркеу туралы куәлiктер, оқу орталықтарына бағалы қағаздар рыногының мамандарын даярлау құқығына және мамандардың кәсiби жарамдылығына аттестация жүргiзуге берiлген рұқсаттар үшiн, сондай-ақ мүдделi адамдарға Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссиясының ақпараттық базасына кiретiн құжаттардың көшiрмелерiн (оларды дайындауға кеткен шығыннан аспайтын құн бойынша) бергенi үшiн ақы төлеу тәртiбi мен мөлшерiн белгiлеуге құқығы бар. Аталған қаражат республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі;
      32)
      33) заңдарға сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асыруға құқығы бар.
      Ескерту. 5-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.12.20. N 517
               жарлығымен. U000517_
 
            V. БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ЖӨНIНДЕГI ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ
                ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН ОНЫҢ ҚЫЗМЕТIН ҰЙЫМДАСТЫРУ

      6. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия бiрыңғай орталықтандырылған құрылымы мен тiке бағыныстылық схемасы бар орган болып табылады.
      7. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның құрылымына орталық аппарат мен аймақтық бөлiмшелерi кiредi.
      8. Комиссия мен Директорат Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның басқару органдары болып табылады.
      9. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның жоғары басқару органы Комиссия болып табылады.
      10. Комиссия жетi адамнан тұрады. Комиссияның құрамына Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның Төрағасы, үш атқарушы директор, Қазақстан Республикасының Президентiнен, Қазақстан Республикасының Үкiметiнен және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiнен бiр-бiрден өкiл енедi.
      11. Комиссияның Қазақстан Республикасының Президентiнен, Қазақстан Республикасының Үкiметiнен және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнен енгiзiлген мүшелерiн тиiсiнше Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Үкiметi және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi тағайындайды және босатады.
      12. Комиссия өзiнiң отырыстарын кемiнде 5 мүшесi болғанда кез келген уақытта жүргiзуге құқылы. Комиссияның бағалы қағаздар рыногын реттеу мәселелерi жөнiндегi шешiмдерi оның мүшелерiнiң көпшiлiк дауысымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Төрағаның даусы Комиссия отырысында шешушi болып табылады.
      13. Комиссияның отырысы Төраға қол қойған хаттамамен ресiмделедi. Шешiм Төраға мен Комиссияның отырысқа қатысқан барлық мүшелерi қол қойған Комиссияның қаулысымен ресiмделедi.
      14. Комиссия осы Ереженiң 4-тармағының 1) - 13) тармақшаларында аталған барлық мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.
      15. Директорат Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның жедел басқару органы болып табылады.
      16. Директораттың құрамына Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның Төрағасы, 3 атқарушы директор, Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия орталық аппаратының құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшылары кiредi. Директораттың дербес құрамын Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия Төрағасының ұсынуы бойынша Комиссия бекiтедi. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның Төрағасы Директораттың отырыстарында төрағалық етедi. Директораттың отырысын оның мiндетiн атқарушы оның тапсырмасы бойынша жүргiзе алады. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның Директораты Комиссияның және Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия Төрағасының құзыретiне кiретiн мәселелердi қоспағанда, Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның құзыретiне жатқызылған барлық мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.
      17. Директорат өзiнiң отырыстарын Директорат мүшелерiнiң кемiнде үштен екi бөлiгi болғанда кез келген уақытта өткiзуге құқылы. Директораттың шешiмдерi көпшiлiк дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болғанда отырыстағы Төрағаның дауысы шешушi болып табылады.
      18. Директораттың отырысы отырысқа қатысқан барлық тұлғалар қол қойған хаттамамен ресiмделедi. Шешiм Директораттың қаулысымен ресiмделедi.
      19. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның Төрағасын Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Комиссияның мүшелерiн Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның атқарушы директорларын Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның Төрағасы:
      1) Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның қызметiне жалпы басшылық жасауды жүзеге асырады;
      2) Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның қызметiн ұйымдастырады;
      3) Комиссия мен Директораттың шешiмдерiн жүзеге асыруды қамтамасыз етедi;
      4) Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия орталық аппаратының құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының арасында мiндеттердi бөледi және оның аумақтық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерiн айқындайды;
      5) Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның қызметкерлерiн жұмысқа қабылдауды, ауыстыруды және қызметтен босатуды жүзеге асырады, оларға ынталандыру шаралар мен тәртiптiк жазалар қолданады;
      6)
      7) өз құзыретi шегiнде Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның барлық қызметкерлерi атқаруға мiндеттi бұйрықтар мен өкiмдер шығарады, олардың атқарылуына бақылауды ұйымдастырады;
      8) Комиссия мен Директораттың қаулыларына қол қояды;
      9) Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия орталық аппаратының және аймақтық бөлiмшелерiнiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi, сондай-ақ штаттық кестесiн бекiтедi;
      10) басқа мемлекеттiк органдармен және ұйымдармен қатынастарда Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия атынан өкiлдiк етедi;
      11) шетелдiк үкiметтiк және өзге де ұйымдармен қатынастарда Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның атынан iс-әрекет жасайды және сенiмхатсыз өкiлдiк етедi;
      12) өзi болмаған кезде мiндеттердi атқарушы директорлардың бiрiне жүктейдi, ол Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның қызметiн үйлестiредi және оған Төраға жүктеген өзге де мiндеттердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 20-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.12.20. N 517 жарлығымен. U000517_
      21. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияны қамту республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      Ескерту. 21-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2000.12.20. N 517 жарлығымен. U000517_
      22. Алып тасталды - ҚР Президентінің 2000.12.20. N 517 жарлығымен. U000517_
      23. Алып тасталды - ҚР Президентінің 2000.12.20. N 517 жарлығымен. U000517_
      24. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия Төрағасының еңбегiне ақы төлеу, материалдық-тұрмыстық қамтамасыз ету, көлiктiк, медициналық және өзге де қызметтер көрсету министр деңгейiнде, ал Комиссия мүшелерi - Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның атқарушы директорларына - вице-министр деңгейiнде белгiленедi.
      25. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияның қызметкерлерi және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi медициналық қызмет көрсетудi белгiленген тәртiппен тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде пайдаланады.
      26. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия заңды тұлға болып табылады, банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген және қазақ және орыс тiлдерiнде өзiнiң атауы жазылған мөрi болады.
      27. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссияға берiлген және бекiтiлген мемлекеттiк мүлiктi иелену, пайдалану және билiк ету құқығы қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.

         VI. БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ЖӨНIНДЕГI ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫ
                  ТАРАТУ ЖӘНЕ ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ

      28. Бағалы қағаздар жөнiндегi ұлттық комиссия заңдарда белгiленген тәртiппен құрылады, қайта ұйымдастырылады және таратылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады