Отбасылық үлгідегі балалар ауылы мен жасөспiрiмдер үйлерiнiң қызметiн реттейтiн нормативтiк-құқықтық кесiмердi бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2001 жылғы 18 шілдедегі N 583 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі 2001 жылғы 14 тамызда тіркелді. Тіркеу N 1629

       «Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 13 желтоқсандағы Заңын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2012.03.27 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      1. Отбасылық үлгiдегi балалар ауылы мен жасөспiрiмдер үйлерiнiң қызметiн реттейтiн нормативтiк-құқықтық кесiмдер:
      1) Балалар ауылының әкімшілігі туралы ереже осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес;
      2) Тәрбиеші аналардың біліктілік санаттары осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес;
      3) Балалар ауылындағы отбасында балаларды күтіп-бағуды және тәрбиелеуді жүзеге асыатын тәрбиеші аналарды конкурстық іріктеуді жүргізу тәртібі осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес;
      4) Балаларды балалар ауылының отбасына беру туралы үлгі шарт осы бұйрыққа 4-қосымшаға сәйкес;
      5) Балалар ауылы, балалар үйі және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат пен тәрбиеленуші (бітіруші) арасында жасалған Жасөспірімдер үйінде күтіп-бағу туралы үлгі шарт осы бұйрыққа 5-қосымшаға сәйкес бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2012.03.27 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      2. Жалпы орта және бастауыш кәсiптiк білiм департаментiнiң директоры Р.М. Жұмабекова) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiне белгіленген тәртiппен мемлекеттiк тiркеуге ұсынсын.
      3. Облыстық, Астана және Алматы қалалық бiлiм басқармаларының (департаменттерiнiң) бастықтары осы бұйрықты барлық қорғаншылық және қамқоршылық бөлiмдерiне, аудандық және қалалық бiлiм бөлiмдерiне, жетiм балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бiлiм ұйымдарына жеткiзiлсiн.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Жалпы орта және бастауыш кәсiптiк білім департаментiнiң директоры Р.М. Жұмабековаға жүктелсiн.

      Министрдің
      міндетін атқарушы

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2001 жылғы 18 шілдедегі 
№ 583 бұйрығына 1-қосымша

Отбасылық үлгiдегi балалар ауылының әкiмшiлiгi туралы
ереже

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2012.03.27 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже «Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және Балалар ауылы әкiмшiлiгiнiң (бұдан әрi – Әкiмшiлiк) мәртебесін және функцияларын айқындайды.
      2. Әкiмшiлiк балалар ауылының қызметін басқаруды жүзеге асыратын орган болып табылады және өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін, «Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, Балалар ауылының жарғысын (бұдан әрi – Жарғы) және осы Ереженi басшылыққа алады.
      3. Әкiмшiлiктi балалар ауылының құрылтайшысы тағайындайды.
      4. Әкiмшiлiк балалар ауылының қызметін балалардың мүддесiне орай ұйымдастырады және оны әлеуметтік қорғауға, әлеуметтік бейімдеуге бағыттайды.

2. Әкiмшiлiктiң функциялары

      5. Әкiмшiлiктiң функциялары:
      1) балалар ауылының қызмет етуі үшiн қалыпты жағдайлар жасау және материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету;
      2) тәрбие процесiне басшылық ету, білім алуына бақылау жасау;
      3) балалар ауылының инфрақұрылымын жетiлдіру;
      4) балалар ауылына түсетін қаражатты материалдық қамтамасыз ету нормаларына сәйкес тәрбиеші аналар арасында бөлу;
      5) тәрбиеші аналардың ай сайынғы қаржы есептерін қабылдау және талдау.
      6. Әкiмшiлiк тәрбиеленушi балалардың заңды өкiлi, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғаушы болып табылады.
      7. Әкiмшiлiк қорғаншылық және қамқоршылық органға тәрбиеленушi денсаулығының жағдайы туралы, оны тәрбиелеу жөнiндегi жұмысы туралы, сондай-ақ тәрбиеленушiнiң мүлкiн басқару бойынша жыл сайын есеп бередi.
      8. Әкімшілік мүлікті басқаруды «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне және «Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.
      Әкiмшiлiк мүлікті жалға (жалдауға беру) бойынша мәмiлелерден түскен табыстарды тәрбиеленушiнiң банктегi есепшотына аударады.
      Тәрбиеленушіні ата-анасына қайтарған кезде немесе балалар ауылынан шыққаннан кейін тәрбиеленушінің мүлкі мен құжаттары нотариалды расталған қолхатпен ата-анасына немесе тәрбиеленушінің өзіне беріледі.
      9. Ата-аналар мен басқа жақын туысқандарының тәрбиеленушілермен байланысқа түсуі әкiмшiлiктiң келiсiмiмен жүзеге асырылады.
      Әкiмшiлiк тәрбиеленушiлердiң ата-аналарымен байланысына және олармен қосылуына олардың ата-аналық құқықтары қалпына келтірілген, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған жағдайда және мұндай байланыстар бала мүдделеріне қайшы келмейтін өзге де жағдайларда кедергi жасамайды.
      Әкiмшiлiк тәрбиеленушiнің басқа жақын туыстарымен байланысқа түсуіне (тегi бiр және жартылай тектi аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, қарындастарымен, аталарымен, әжелерiмен), егер мұндай байланыс бала мүдделеріне жауап бермеген жағдайларды қоспағанда кедергi жасамайды.
      10. Әкiмшiлiктiң басшысы құрылтайшы лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын директор болып табылады және ол мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) барлық ұйымдарда отбасы үлгісіндегі балалар ауылының мүддесiн білдіреді;
      2) еңбекті қорғау, қауіпсіздік техникасы, санитарлық және өртке қарсы ережелері, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау талаптарының орындалуын қамтамасыз етедi;
      3) тәрбиеленушiлердің шығуын және орналасуын ұйымдастырады, олардың адамгершілік-рухани, дене тәрбиесіне және материалдық қамтамасыз етілуіне қамқорлық көрсетедi;
      4) балалар ауылы тәрбиеші аналарының және қызметкерлерінің кәсіптік шеберлігін арттыру мен шығармашылық өсуi үшiн жағдайлар жасайды;
      5) шарттар жасасады;
      6) сенiмхаттар бередi;
      7) банк есеп шоттарын ашады;
      8) барлық қызметкерлер үшiн мiндеттi бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;
      9) жеке еңбек шарты бойынша қызметкерлердi жұмысқа қабылдайды және оларды босатады;
      10) мекемелердiң қызметкерлерiне марапаттау шараларын қабылдайды және тәртiптік жазаларға тартады;
      11) осы Ережемен және Жарғымен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2001 жылғы 18 шілдедегі 
№ 583 бұйрығына 2-қосымша

Тәрбиеші аналардың бiлiктiлiк санаттары

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2012.03.27 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      1. Осы Тәрбиеші аналардың бiлiктiлiк санаттары «Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 14-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және Тәрбиеші аналардың бiлiктiлiк санаттарын белгілейді.
      2. Тәрбиеші аналарға талаптар Заңның 14-бабына сәйкес айқындалады.
      3. Тәрбиешi ана өз қызметiнде Бала құқықтары туралы БҰҰ Конвенциясын (1994 жыл), Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңын және білім беру және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы нормативтiк құқықтық кесiмдерді, оқыту мен тәрбиелеу жөніндегі әдiстемелiк ұсынымдарды басшылыққа алады.
      3. Тәрбиешi ана педагогика, психология, жас ерекшелік физиологиясы мен гигиенасы, дәрiгерге дейiнгi медициналық көмек көрсету, тәрбие жұмысының теориясы мен әдiстемесі, мемлекеттiк жастар саясатының негiздері, азаматтық және еңбек заңнамалары бойынша білімдерді меңгеруі қажет.
      4. Мынадай санаттар белгiленедi:
      1) екiншi санаттағы тәрбиешi-ана (орта (техникалық және кәсіптік) білімі және тәрбиеші ана лауазымында 3 жылға дейін жұмыс өтілі болуы қажет);
      2) бірінші санаттағы тәрбиешi-ана (орта білімнен кейінгі білімі және тәрбиеші ана лауазымында 3 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы қажет);
      3) жоғарғы санаттағы тәрбиешi-ана (жоғары білімі және тәрбиеші ана лауазымында 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі болуы қажет).

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2001 жылғы 18 шілдедегі 
№ 583 бұйрығына 3-қосымша

Балалар ауылындағы отбасында балаларды күтіп-бағуды және
тәрбиелеуді жүзеге асыратын тәрбиеші аналарды конкурстық
іріктеуді жүргізу тәртібі

      Ескерту. 3-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2012.03.27 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      1. Осы Ереже «Отбасылық үлгiдегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген және балалар ауылының отбасында балаларды күтіп-бағуды және тәрбиелеуді жүзеге асыратын тәрбиеші ананы конкурстық іріктеу жүргізу тәртiбiн айқындайды.
      2. Тәрбиешi ананы конкурстық іріктеуді конкурстық комиссия мына құрамда өткiзедi:
      1) балалар ауылы орналасқан жер бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органының өкiлi;
      2) облыстық бiлiм беру басқармасының (департаментiнiң) өкiлi;
      3) облыстық денсаулық сақтау басқармасының (департаментiнiң) өкiлi;
      4) Балалар ауылы әкiмшiлiгiнiң өкiлi.
      Конкурстық комиссияның жұмыс органы Балалар ауылының әкiмшiлiгi болып табылады.
      3. Конкурстық комиссия конкурс өткізуге бiр ай қалғанда бұқаралық ақпарат құралдарында конкурс өткiзу туралы хабарландыру жариялайды.
      4. Конкурсқа жасы жиырма жетіге толған, жоғары, орта білімнен кейінгі немесе орта (техникалық және кәсіптік) білімі бар, некеде тұрмайтын және өзінің туған немесе асырап алған кәмелетке толмаған балалары жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары жiберiледi.
      5. Конкурсқа қатысуға мыналар:
      1) сотпен әрекетке қабiлетсiз немесе шектеулі қабілетті деп танылған адамдар;
      2) сот бойынша ата-ана құқықтарынан айырылған немесе ата-ана құқықтары сотпен шектелген адамдар;
      3) заңмен жүктелген мiндеттердi тиісінше орындамағаны үшін қорғаншы және қамқоршы міндеттерінен босатылған адамдар;
      4) егер бала асырап алу олардың кiнәсi жойылса, бұрынғы бала асырап алушылар;
      5) соттылығы бар адамдар;
      6) денсаулығына байланысты бала тәрбиесi жөнiндегi мiндеттердi жүзеге асыра алмайтын адамдар жіберілмейді.
      6. Конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрген адамдар конкурстық комиссияға мына құжаттарды тапсырады:
      1) өтiнiш (еркін нысанда);
      2) кадрларды есепке алу бойынша жеке парақ;
      3) нотариалды расталған бiлiмі туралы құжаттың көшiрмесi;
      4) нотариалды расталған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
      5) сотталмағандығы туралы анықтама;
      6) денсаулық жағдайы, оның ішінде психикалық саулығы туралы, есірткіге (уытқұмарлыққа), алкогольге тәуелді еместігі туралы анықтама;
      7) 3х4 көлемiндегi бір фотосурет.
      7. Конкурс конкурсқа қатысуға өтiнiш берген адамдармен сұхбат түрiнде өткiзiледi.
      8. Конкурс жеңiмпазы конкурстық комиссияның шешiмiмен тәрбиеші ана лауазымына тағайындауға ұсынылады.
      Конкурстық комиссиясының ұсынымдарына сәйкес тәрбиеші ана лауазымға Балалар ауылының әкiмшiлiгi басшысының бұйрығымен тағайындалады.
      Тәрбиеші ана лауазымына тағайындалғаннан кейін онымен жеке еңбек шарты жасалады.
      9. Конкурсқа қатысқан және iрiктеуден өтпеген тәрбиеші анаға үмiткерлерді конкурстық комиссия олардың келiсiмi бойынша резервке тiркеуге ұсынады.
      10. Резервке тiркеудi қорғаншылық және қамқоршылық органы жүзеге асырады. Резервтегі тәрбиешi-аналардың тiзiмi Балалар ауылының әкiмшiлiгiне берiледi.
      Тәрбиеші ананың бастамасы бойынша балаларды балалар ауылының отбасына беру туралы шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда резервтегi тәрбиеші ананы отбасының тәрбиешi анасы лауазымын атқаруға тартуды Балалар ауылының әкімшілігі қорғаншылық және қамқоршылық органының келiсiмi бойынша және онымен жеке еңбек шартын жасай отырып жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2001 жылғы 18 шілдедегі 
№ 583 бұйрығына 4-қосымша

Балаларды балалар ауылының отбасына беру туралы үлгі шарт

      Ескерту. 4-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2012.03.27 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

_________________________                  20__ ж. «___»_____________
     (қала, ауыл)

      Осы шарт бұдан әрі «Орган» деп аталатын және Қазақстан
Республикасы Үкiметiнiң 2012 жылғы 30 наурыздағы № 382 қаулысымен
бекiтiлген Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі
функцияларын жүзеге асыру қағидаларының негізінде әрекет ететін
_____________________________________________________________________
      (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың)
әкімі жанындағы қорғаншылық және қамқоршылық органы атынан
_____________________________________________________________________
                              (Т.А.Ә.)
бір жағынан және бұдан әрі «Әкімшілік» деп аталатын және Жарғы
негізінде әрекет ететін « ________________________ » балалар ауылы
                                   (атауы)
(балалар үйі, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған
балаларға арналған мектеп-интернат) әкімшілігінің директоры
_____________________________________________________________________
                              (Т.А.Ә.)
екінші жағынан және бұдан әрі «тәрбиеші ана» деп аталатын Қазақстан
Республикасының азаматы _____________________________________________
_____________________________________________________________________
(тегі, аты, әкесiнiң аты, жеке куәлігінің №, кім және қашан берді)
төмендегі туралы осы шартты жасасты:

1. Тәрбиелеу, білім алу және күтіп-бағу жағдайлары

      1.1. Орган тәрбиеші ананың отбасына баланы ____________________
____________________________________________________________________,
                  (Т.А.Ә.) (туған күні, айы, жылы)
тәрбиеге бередi, ал тәрбиешi ана тәрбиеленушінің тұруы, тәрбиеленуі және білім алуы, сондай-ақ дене, психикалық, адамгершілік-рухани дамуы, оның әлеуметтік бейімделуі үшін қажетті тұрғын үй-тұрмыстық жағдайлар жасауға міндеттенеді.
      1.2. Бала тәрбиешi ананың тәрбиесiне кәмелет жасқа толған мерзiмге дейiн беріледi.
      1.3. Он жасқа толған бала отбасына тәрбиелеуге осы Шарттың ажырамас бөлiгi болып табылатын оның жазбаша келiсiмімен берiледi.
      1.4. Баланы отбасына тәрбиелеуге беру Әкімшілік директорының бұйрығымен рәсiмделедi.

2. Әкімшіліктің және тәрбиеші ананың құқықтары

      2.1. Әкімшілік:
      2.1.1. оқыту мен тәрбиелеу нысандарын және әдістерін ұсынуға;
      2.1.2. баланың Балалар ауылында тұру қағидаларын орындауды талап етуге және бақылау жасауға;
      2.1.3. баланың келісімімен оны балалар ауылын абаттандыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға тартуға құқылы.
      2.2. Тәрбиеші ана:
      2.2.1. балаларды тәрбиелеу тәсілдерін оның пікірін, балалар ауылы әкімшілігінің пікірін және орган ұсынымдарын ескере отырып анықтауға;
      2.2.2. білім беру ұйымдарын және оқыту нысандарын таңдауға құқылы.

3. Органның, әкімшіліктің және тәрбиеші ананың міндеттері

      3.1. Орган:
      3.1.1. баланың күтіп-бағылуына және тәрбиеленуіне, денсаулық жағдайына, мүлкін басқаруға бақылауды жүзеге асыруға;
      3.1.2. психологиялық-медициналық-педагогикалық мәселелер бойынша тәрбиеші аналарға консультациялар беруге;
      3.1.3. Әкімшілікке мынадай құжаттарды:
      3.1.4. туу туралы куәлiкті;
      3.1.5. денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтаманы және баланың сырқаттануы тарихынан үзінді-көшірмені;
      3.1.6. баланың денсаулық жағдайы және жүктілігінің өтуі туралы анықтаманы (баланы сәбилер үйінен берген жағдайда);
      3.1.7. бiлiмi туралы құжатты (мектеп жасындағы балалар үшін);
      3.1.8. ата-аналары туралы құжатты (ата-анасының болмауын немесе олардың өз балаларын тәрбиелеудің мүмкін еместігін растайтын қайтыс болуы туралы куәліктің, сот үкімінің немесе шешімінің, ата-анасының сырқаттануы, iздестiрiлуi туралы анықтаманың және басқа да құжаттардың көшірмесін);
      3.1.9. аға-iнiлерiнің және апа-сiңлiлерiнің болуы және тұратын жерлерi туралы ақпаратты;
      3.1.10. балаға тиесілі мүліктің тізімдемесін және оның сақталуына жауапты адамдар туралы мәліметтерді;
      3.1.11. иелікте бұрын болған тұрғын үй-жайдың кәмелетке толмағандарға бекітілгені туралы құжаттарды және балаға және оның ата-аналарына жылжымайтын мүлікке және онымен жасалған мәмілелерге құқықтарының мемлекеттік тіркелгені туралы әділет органдарының мәліметтерін;
      3.1.12. алименттердi өндiрiп алу туралы сот шешiмiнiң көшiрмесiн, сондай-ақ жәрдемақыға, зейнетақыға және басқа да әлеуметтiк төлемдерге құқығын растайтын құжаттарды;
      3.1.13. банк мекемесiнде баланың атына ашылған есепшоттың болуы туралы құжаттардың көшірмелерін;
      3.1.14. өзге де құжаттарды тапсыруға;
      3.1.15. тәрбиеленуші балалардың білім алуына және тәрбиеленуіне, емдеу-профилактикалық және психологиялық-диагностикалық жұмыста әдістемелік көмек көрсетуге міндетті.
      3.2. Әкімшілік:
      3.2.1. тәрбиеленушінің денсаулық жағдайы туралы, оны тәрбиелеу бойынша жұмысы, сондай-ақ тәрбиеленушінің мүлкін басқару туралы есептерді органға жылына кемінде бір рет ұсынуға;
      3.2.2. Қазақстан Республикасының Үкіметімен көзделген жағдайларда белгіленген нормалар бойынша тамақтандырумен, киім-кешекпен, аяқ киіммен, жұмсақ мүкәммалмен қамтамасыз етуге;
      3.2.3. санитарлық-гигиеналық нормаларға сай келетін және тұруға жарамды тұрғын үй-жай (бөлме) бөлуге;
      3.2.4. егер тәрбиеленуші білім беру мекемесінде білім алған жағдайда, білім алу үшін тиісті жағдайлар жасауға;
      3.2.5. қажетті тұрмыстық жағдайлармен (тамақ даярлау мен оны қабылдауға арналған бөлме, жеке заттарды сақтауға арналған орын, кір жуатын, санитариялық торап, жуыну бөлмесі және т.б.) қамтамасыз етуге;
      3.2.6. заңды мүдделері мен құқықтарын қамтамасыз етуге;
      3.2.7. тәрбиеленушінің (бітірушінің) әлеуметтік бейімделуіне ықпал ететін іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге, жеке қабілеттерінің дамуына, дене, зияткерлік, рухани және адамгершілік жағынан дамуына, отансүйгіштік пен азаматшылдық сезімдерінің даруына ықпал етуге;
      3.2.8. еңбекке орналастыру бойынша шаралар қабылдауға;
      3.2.9. бос уақытын ұйымдастыруға шаралар қабылдауға міндетті.
      3.3. Тәрбиеші ана:
      3.3.1. балалардың бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуы үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз етуге;
      3.3.2. өзіне берілген құжаттар көшірмелерінің сақталуын қамтамасыз етуге;
      3.3.3. баланы тәрбиелеуге, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес оның денсаулығына, дене, психикалық, адамгершілік және рухани дамуына қамқорлық жасауға;
      3.3.4. өзіне жүктелген, оның ішінде отбасында үй ахуалын құру бойынша міндеттерін адал орындауға міндетті.

4. Шартты мерзiмiнен бұрын бұзу

      4.1. Балаларды балалар ауылының отбасына беру туралы шарт мынадай:
      4.1.1. дәлелдi себептері болған (сырқаттану, отбасылық жағдайы өзгергенде және өз міндеттерін орындау мүмкін болмайтын өзге жағдайларда) тәрбиеші ананың бастамасы бойынша;
      4.1.2. тәрбиешi ананың өзіне жүктелген мiндеттерді орындаудан бас тартқан, өз құқықтарын теріс пайдаланған, балаларға қатыгездiкпен қараған, оның iшiнде оларға дене немесе психикалық зорлық-зомбылық жасаған және балалардың күтіп-бағылуы, тәрбиеленуі және білім алуы үшін келеңсіз жағдайлар туындаған өзге ге жағдайларда қорғаншылық және қамқоршылық органының және (немесе) балалар ауылы әкімшілігінің бастамасы бойынша;
      4.1.3. баланы (балаларды) ата-аналарына немесе олардың асырап алушыларына қайтарған, сондай-ақ баланы (балалардың) қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), патронаттық тәрбиеге берген;
      4.1.4. шарт талаптарын бұзған жағдайларда мерзімінен бұрын жүзеге асырылуы мүмкін.

5. Шартты жоюдың негіздері және салдары

      5.1. Балаларды балалар ауылының отбасына беру туралы шарт мынадай:
      5.1.1. тәрбиеленушілер кәмелет жасқа толған жағдайда;
      5.1.2. он жасқа толған баланың (балалардың) келісімі болмаған жағдайда;
      5.1.3. балалар ауылының тәртібін бірнеше рет бұзған, алкогольді, есірткіні, есеңгірететін өзге заттарды қолдану фактілері анықталған, балалар ауылындағы балаға (балаларға) қатысты жыныстық сипаттағы әдепсіз әрекеттерді жасаған жағдайларда жойылады.

6. Тараптардың жауапкершілігі

      6.1. Тараптар осы шарттың шараларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
      6.2. Осы шарт мемлекеттік және орыс тілдерінде үш данада жасалды: тараптардың әрқайсысына бір-біреуден.

Қорғаншылық және қамқоршылық          Әкімшілік директоры
органы
______________________________        ______________________________
      (Т.А.Ә. қолы)                           (Т.А.Ә. қолы)

Тараптардың заңды мекенжайы:
______________________________        ______________________________

      М.О.                              М.О.

Тәрбиеші ана
__________________________
(Т.А.Ә. қолы)

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2001 жылғы 18 шілдедегі 
№ 583 бұйрығына 5-қосымша

Балалар ауылы, балалар үйі және жетім балалар мен ата-анасының
қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат пен
тәрбиеленуші (бітіруші) арасында жасалған
Жасөспірімдер үйінде күтіп-бағу туралы үлгі шарт

      Ескерту. 5-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2012.03.27 № 121 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 31.01.2013 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

_____________________                   20__ ж. «__» ________________
   (қала, ауыл)

      Бұдан әрi «Әкiмшiлiк» деп аталатын, Жарғы негiзiнде
«_____________________» балалар ауылы (балалар үйi, жетім балалар мен
       (атауы)
ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған
мектеп-интернат) атынан әрекет ететiн әкiмшілiгiнің директоры
__________________________________________________ бір жағынан және
                   (Т.А.Ә.)
бұдан әрі «Жасөспірімдер үйінің директоры» деп аталатын, Жарғы
негізінде «________________________» Жасөспірімдер үйі әкiмшілiгiнің
атынан әрекет ететін директор _______________________________________
                                            (Т.А.Ә.)
бір жағынан және бұдан әрі «тәрбиеленуші (бітіруші)» деп аталатын
тәрбиеленуші (бітіруші) __________________________________ екінші
                                   (Т.А.Ә.)
жағынан төмендегі туралы осы Шартты жасасты:

1. Шарттың мәні

      1.1. Әкiмшiлiк тәрбиеленушіге (бітірушіге) жасы жиырма үшке толғанға дейiн Жасөспiрiмдер үйінде жабдықталған тұрғын үй-жай (бөлме) бередi және оның әлеуметтік бейімделуі бойынша шараларды қамтамасыз етедi.

2. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      2.1. Жасөспірімдер үйінің әкiмшiлiгі:
      2.1.1. санитарлық-гигиеналық нормаларға сай келетін және тұруға жарамды тұрғын үй-жай (бөлме) бөлуге;
      2.1.2. егер тәрбиеленуші білім беру мекемесінде білім алған жағдайда, білім алу үшін тиісті жағдайлар жасауға;
      2.1.3. қажетті тұрмыстық жағдайлармен (тамақ даярлау мен оны қабылдауға арналған бөлме, жеке заттарды сақтауға арналған орын, кір жуатын, санитариялық торап, жуыну бөлмесі және т.б.) қамтамасыз етуге;
      2.1.4. заңды мүдделері мен құқықтарын қамтамасыз етуге;
      2.1.5. тәрбиеленушінің (бітірушінің) әлеуметтік бейімделуіне ықпал ететін іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге, жеке қабілеттерінің дамуына, дене, зияткерлік, рухани және адамгершілік жағынан дамуына, отансүйгіштік пен азаматшылдық сезімдерін сіңітпеуге ықпал етуге;
      2.1.6. еңбекке орналастыру бойынша шаралар қабылдауға;
      2.1.7. бос уақытын ұйымдастыруға шаралар қабылдауға міндетті;
      2.1.8. қосалқы шаруашылық, өндiрiс шеберханалары, кiшi ағаш өңдеу, темiр өңдеу және басқа да өндiрiстер болған кезде жұмысшы кәсiбiне оқытуды қамтамасыз етуге;
      2.1.9. Қазақстан Республикасының Үкіметімен көзделген жағдайларда белгіленген нормалар бойынша тамақтандырумен, киім-кешекпен, аяқ киіммен, жұмсақ мүкәммалмен қамтамасыз етуге мiндеттi.
      2.2. Жасөспірімдер үйінің әкiмшiлiгі:
      2.2.1. тәрбиеленушінің (бітірушінің) Жасөспірімдер үйінде тұру ережелерiнiң орындауды бақылауға және оны талап етуге;
      2.2.2. тәрбиеленушінің (бітірушінің) келiсiмімен оны Жасөспiрiмдер үйiн абаттандыру жөнiндегi жұмыстарды орындауға тартуға;
      2.2.3. алынып тасталды - ҚР Білім және ғылым министрінің 31.01.2013 № 20 Бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      2.2.4. егер тәрбиеленуші (бітіруші) оқу орнында оқитын болса, оған тұрғын үй-жай (бөлме) тегiн беріледі;
      2.2.5. Жасөспiрiмдер үйiнде тұру ережелерiн өрескел бұзғаны үшін тәрбиеленушіні (бітірушіні) Жасөспірімдер үйінен шығаруға;
      2.2.6. егер тұрғын үй-жай нормалары санитариялық-гигиеналық нормаларға жауап берген жағдайда басқа тұрғынды орналастыруға құқылы.
      2.3. Тәрбиеленуші (бітіруші):
      2.3.1. берiлген тұрғын үй-жайды (бөлменi) мақсатты пайдалануға, оны таза және тәртiпте ұстауға;
      2.3.2. тұрғын үй-жайдың (бөлменiң), сондай-ақ өзіне пайдалануға берiлген Жасөспiрiмдер үйiнiң жабдықтары мен құралдарының сақталуын қамтамасыз етуге;
      2.3.3. Жасөспірімдер үйі әкімшілігінің нұсқауларын және Жасөспірімдер үйінде тұру ережелерiн қатаң орындауға;
      2.3.4. Жасөспiрiмдер үйiнде тұратын қызмет көрсетушi персоналы мен басқа да адамдардың абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
      2.3.5. Жасөспiрiмдер үйiнiң қосалқы шаруашылықтарында, өндiрiстiк және басқа да шеберханаларында жұмыс кезiнде техника қауiпсiздiгi ережелерiн орындауға мiндеттi.
      2.4. Тәрбиеленуші (бітіруші):
      2.4.1. өзінің заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын талап етуге;
      2.4.2. әкiмшiлiк анықтаған жағдайларда Жасөспiрiмдер үйiнiң мүлкi мен жабдықтарын пайдалануға;
      2.4.3. кәсiптiк бiлiм алуға;
      2.4.4. өзiнiң еңбек еркiндiгіне конституциялық құқығын пайдалануға;
      2.4.5. «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жеңiлдiктерді пайдалануға құқылы.
      2.5. Жасөспірімдер үйінің директоры:
      2.5.1. еңбек рыногын:
      2.5.2. мүдделі ұйымдармен байланыстар орнату және ұйымдардағы бос орындарды зерделеу;
      2.5.3. қосалқы шаруашылықтар, кіші ағаш өңдеу, темір өңдеу шеберханалары мен кіші кәсіпкерліктің басқа да объектілерін құру арқылы жүйелі түрде зерттеуге;
      2.5.4. өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша балалар ауылы, балалар үйi, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мектеп-интернат әкімшілігімен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға міндетті.

3. Шарттың қолданылу мерзiмi

      3.1. Осы шарт тараптардың қол қойған сәтiнен бастап және азамат жиырма үш жасқа толғанға дейiн қолданылады.

4. Шартты жою

      4.1. Жасөспірімдер үйінде күтіп-бағу туралы шарт онда көзделген негіздерден басқа мынадай:
      4.1.1. жиырма үш жасқа толған;
      4.1.2. әлеуметтік бейімделуден өтетін адамның шартты тоқтату ниетін білдірген;
      4.1.3. Жасөспірімдер үйінің тәртібін бірнеше рет бұзған, алкогольді, есірткіні, есеңгірететін өзге заттарды қолдану фактілері анықталған, Жасөспірімдер үйіндегі балаға (балаларға) қатысты жыныстық сипаттағы әдепсіз әрекеттерді жасаған жағдайларда қорғаншылық және қамқоршылық органының, балалар ауылы, балалар үйі және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат әкімшілігінің шешімімен;
      4.1.4. Жасөспірімдер үйінің тәртібін бірнеше рет бұзған, алкогольді, есірткіні, есеңгірететін өзге заттарды қолдану фактілері анықталған, Жасөспірімдер үйіндегі балаға (балаларға) қатысты жыныстық сипаттағы әдепсіз әрекеттерді жасаған жағдайларда дербес заңды тұлға ретінде жұмыс істейтін Жасөспірімдер үйі әкімшілігінің шешімімен;
      4.1.5. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге жағдайларда жойылады.

5. Өзге де шарттар

      5.1. Осы Шартқа тараптардың келiсiмi бойынша Шарттың ажырамас бөлігi болып табылатын өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуі мүмкiн.
      5.2. Шартты орындау процесінде пайда болған келiспеушілiктер келiссөздер, ал келiсiмге келе алмаған жағдайда сот арқылы арқылы шешiледi.
      5.3. Осы шарт мемлекеттік және орыс тілдерінде үш данада жасалды: тараптардың әрқайсысына бір-біреуден.
      Ескерту: Жасөспірімдер үйінде (дербес заңды тұлға ретінде жұмыс істейтін) күтіп-бағу туралы үлгі шарт жасөспірімдер үйінің директоры мен тәрбиеленуші (бітіруші) арасында жасалады.

(Балалар ауылы, балалар үйі,
жетім балалар мен ата-анасының
қамқорлығынсыз қалған балаларға
арналған мектеп-интернат)                     Тәрбиеленуші
      директоры
______________________________         ______________________________
      (Т.А.Ә. қолы)                           (Т.А.Ә. қолы)

      М.О.

Жасөспiрiмдер үйiнiң директоры
____________________________
(қолы)
____________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады