Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы N 126 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII ҚРЗ Кодексімен

      Ескерту. Осы Заңның күші жойылды – ҚР 20.04.2023 № 224-VII Кодексімен (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда көзделген - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтiнде "тарау" деген сөздiң алдындағы "I - V" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 5" деген цифрлармен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен, бүкiл мәтін бойынша "16 жасқа", "18 жасқа", "18 жастан", "23 жастан" деген сөздер тиiсiнше "он алты жасқа", "он сегіз жасқа", "он сегіз жастан", "жиырма үш жастан" деген сөздермен, "І", "IІ", "III" деген цифрлар тиiсiнше "бiрiншi", "екiншi", "үшiншi" деген сөздермен ауыстырылды - 2004.12.31. № 28 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді).
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
      "мүгедектерге", "мүгедек адамдарды", "мүгедек адам", "мүгедек", "мүгедектердің", "мүгедек болғандар", "мүгедектер", "мүгедек болған адамдар", "мүгедек болған жағдайда", "мүгедек болған" деген сөздер тиісінше "мүгедектігі бар адамдарға", "мүгедектігі бар адамдарды", "мүгедектігі бар адам", "мүгедектігі бар адам", "мүгедектігі бар адамдардың", "мүгедектігі бар адамдар", "мүгедектігі бар адамдар", "мүгедектігі бар адамдар", "мүгедектігі туындаған кезде", "мүгедектігі туындаған" деген сөздермен ауыстырылды;
      "мүгедек балалар", "мүгедек балаларға" деген сөздер тиісінше "мүгедектігі бар балалар", "мүгедектігі бар балаларға" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1 тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Азаматтардың мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алуға құқығы

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының осы Заңда және Қазақстан Республикасының оған сәйкес қабылданған өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген негiздерде және тәртiппен мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алуға құқығы бар.

      2. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алу құқығын пайдаланады.

      3. Бiр мезгiлде әртүрлi мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алуға құқығы бар адамдарға олардың таңдауы бойынша бiр жәрдемақы тағайындалады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережесі мүгедектігі бар балалар мен бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға қолданылмайды.

      4. Алып тасталды - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.11.16 № 482, 2005.12.15 № 101 (01.01.2006 бастап күшіне енеді); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.08.2015 № 342-V (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

1-1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі (бұдан әрі – МӘС бөлімшесі) – уәкілетті мемлекеттік органның медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізетін құрылымдық бөлімшесі;

      2) мемлекеттік базалық әлеуметтік жәрдемақылар (бұдан әрі – жәрдемақылар) – бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын, азаматтарға мүгедектік туындаған кезде және асыраушысынан айырылған кезде берілетін ай сайынғы ақшалай төлемдер;

      3) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      4) уәкілетті мемлекеттік орган – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі;

      5) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға.

      Ескерту. 1-тарау 1-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.12.20. № 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді), жаңа редакцияда - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 02.08.2015 № 342-V (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Жәрдемақылар төлеуге арналған қаражат

      Осы Заңға сәйкес жәрдемақылар төлеу бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

3-бап. Жәрдемақылар тағайындау тәртiбi

      1. Жәрдемақылар тағайындау үшін өтініш жасау жәрдемақыға құқығы туындағаннан кейін, қандай да бір мерзіммен шектелмей кез келген уақытта жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Егер өтініш жасаған кезде адамға мүгедектік белгіленген болса, мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындау туралы өтініш тізбесін орталық атқарушы орган айқындайтын құжаттар қоса беріле отырып, Мемлекеттік корпорацияға беріледі.

      Мүгедектік алғаш рет белгіленген кезде, адам мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындау үшін МӘС бөлімшесіне өтініш жасауға құқылы.

      Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындауға өтінішті жәрдемақыға құқығы бар өтініш беруші тізбесін орталық атқарушы орган айқындайтын құжаттарды қоса бере отырып, Мемлекеттік корпорацияға береді.

      Мүгедектік алғаш рет белгіленген жағдайда мүгедектігі бойынша жәрдемақы және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті беру "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақы тағайындалған кезде талап етілмейді.

      3. Азаматтарға жәрдемақы тағайындауды орталық атқарушы орган айқындаған тәртіппен уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді.

      4. Өтініштің барлық қажетті құжаттарымен қоса осы баптың 2-тармағында көрсетілген органда немесе ұйымда тіркелген күні жәрдемақы тағайындауға өтініш жасалған күн болып есептеледі.

      Өтініш берушіге жәрдемақы тағайындаудан бас тартылған жағдайда, уәкілетті мемлекеттік орган бас тарту себептерін жазбаша уәждеуге және өтініш берушіге құжаттарын Мемлекеттік корпорация арқылы қайтаруға міндетті.

      5. Уәкілетті мемлекеттік органның шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.03.2015 № 293-V Заңымен (қолданысқа енгiзiлу тәртібін 2-б. қараңыз); өзгерістер енгізілді – ҚР 02.08.2015 № 342-V (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.06.2020 № 351-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Жәрдемақының бір түрінен екіншісіне ауыстыру

      Жәрдемақы алатын адамның өтініші негізінде орталық атқарушы орган айқындайтын тәртіппен, өтініш барлық қажетті құжаттармен қоса Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күннен бастап жәрдемақының бір түрінен екіншісіне ауыстыру жүргізіледі.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

5-бап. Жәрдемақылар тағайындау мерзiмi

      1. Алып тасталды - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1-1. Жәрдемақылар тағайындау мерзімі өтініш барлық қажетті құжаттармен қоса Мемлекеттік корпорацияда тіркелген күннен бастап немесе "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақы тағайындауға келісім алынған күннен бастап сегіз жұмыс күнінен аспайды.

      2. Мүгедектiгi бойынша жәрдемақылар мүгедектiк белгiленген күннен бастап, бiрақ оны тағайындауға өтiнiш жасалған күнге дейiн немесе "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемқы тағайындауға келісім алынған күнге дейін үш айдан аспайтын мерзiм үшін тағайындалады.

      3. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылар жәрдемақыға құқығы туындаған күннен бастап, бiрақ барлық қажеттi құжаттармен бірге жәрдемақы тағайындауға өтiнiш жасалған күнге дейiн немесе "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемқы тағайындауға келісім алынған күнге дейін он екі айдан аспайтын мерзiм үшiн тағайындалады.

      4. Алып тасталды - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.20. № 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.08.2015 № 342-V (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Жәрдемақыларды төлеу тәртiбi

      1. Жәрдемақы төлеу ағымдағы ай үшiн жүргiзіледi. Жәрдемақы алушы қайтыс болған жағдайда жәрдемақы қайтыс болған айына қоса төленедi.

      1-1. Жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) стационар жағдайында тұратын және мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы адамдарға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар:

      егер жәрдемақының тағайындалған мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен болған жағдайда, осы Заңның 12 және 16-баптарында көзделген мөлшерлерде;

      осы Заңның 12 және 16-баптарына сәйкес тағайындалған жәрдемақы мөлшерінің 30 пайызы көлемінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен емес көлемде төленеді.

      Психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) стационар жағдайында тұратын және мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы адамдарға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар осы Заңның 12 және 16-баптарына сәйкес тағайындалған жәрдемақы мөлшерінің 30 пайызы көлемінде төленеді.

      Жәрдемақылардың тағайындалған мөлшерінің 70 пайызын аудару жеке банктік шотқа немесе медициналық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына жүргізіледі.

      Медициналық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) көрсетілген қаражатты пайдалану тәртібін орталық атқарушы орган айқындайды.

      1-2. Медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) стационар жағдайында тұратын және мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар толық көлемде төленеді.

      1-3. Алушы медициналық-әлеуметтік мекемелерден (ұйымдардан) шыққан жағдайда, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны төлеу шыққан айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап толық көлемде қайта басталады.

      2. Алушы уақытында талап етпеген жәрдемақылардың есептелген сомасы өткен уақыт үшiн, бiрақ оларды алу үшiн өтiнiш беру алдындағы 3 жылдан аспайтын уақытқа төленедi.

      3. Уәкілетті мемлекеттік органның, Мемлекеттік корпорациясының кінәсінан уақтылы алынбаған жәрдемақылар сомасы мерзімдері шектелмей, өткен уақыт үшін біржолғы төленеді.

      3-1. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелеріне не жерлеуді жүзеге асырған адамға 15,7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.

      4. Жәрдемақы төлеу орталық атқарушы орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.04.05 № 366; 2004.12.20 № 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді), 2006.07.04. № 148 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 31.03.2014 № 180-V (01.04.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 № 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2016 № 483-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-бап. Жәрдемақылардан ұстап қалу

      1. Жәрдемақылардан ұстап қалу атқару iсi тәртiбiмен жүргiзiлуi мүмкiн.

      2. Жәрдемақыдан ұстап қалу төленуге тиiстi сомадан жүргiзiледi.

      3. Жәрдемақыдан төленуге тиiстi соманың 25 процентiнен артық ұстап қалуға болмайды.

      4. Жәрдемақыны тағайындайтын және төлейтiн органның кiнәсi бойынша жәрдемақы түрiнде артық төленген сомалар ұстап қалуға жатпайды.

2 тарау. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы

8-бап. Жәрдемақы тағайындау шарттары

      1. Мүгедектiгi бойынша жәрдемақылар мүгедектiкке душар болған жағдайда жәрдемақыға өтiнiш жасалған уақытта жұмыстың тоқтатылғанына немесе жалғасуына қарамастан тағайындалады.

      2. Мүгедектiгi бойынша жәрдемақылар қашан болғанына - жұмыс немесе қызмет кезiнде, жұмысқа кiрiскенге дейiн немесе жұмысты тоқтатқаннан кейiн болғанына қарамастан тағайындалады.

      3. Алып тасталды - ҚР 02.08.2015 № 342-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4. Зейнетақы төлемдерiн алуға құқық беретiн жасқа жеткен мүгедектігі бар адамдарды қайта куәландыру олардың өтiнiшi бойынша ғана жүргiзiледi.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.20. № 13 (01.01.2005 бастап күшіне енеді), 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.08.2015 № 342-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Мүгедектік топтары

      Тіршілік ету әрекетінің, оның ішінде еңбек ету қабілетінің шектелу дәрежесіне қарай мүгедектік үш топқа бөлінеді.

      Мүгедектіктің себептерін, топтарын, еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін, сондай-ақ мүгедектік туындаған уақытты МӘС бөлімшесі белгілейді.

      Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын орталық атқарушы орган әзірлейді және бекітеді.

      Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.03.2015 № 293-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

10-бап. Мүгедектігі бойынша жәрдемақы тағайындау мерзімі

      1. Мүгедектігі бойынша жәрдемақылар МӘС бөлімшесі бeлгілeгeн мүгедектіктің бүкіл кезеңіне тағайындалады.

      1-1. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-3-тармақтарында және 64-бабында белгіленген жағдайлар болған кезде, осы Заңның 12-бабының 5-тармағына сәйкес мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеу тоқтатылады немесе жасына байланысты алатын зейнетақы төлемдерінің немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері ескеріле отырып қайта қаралады.

      2. Мүгедектік тобы өзгерген жағдайда, жаңа мөлшерде жәрдемақы төлеу мүгедектік тобы өзгертілген күннен бастап жүзеге асырылады.

      Қайта куәландырылушы еңбекке қабілетті деп танылған жағдайда, жәрдемақы ол еңбекке қабілетті деп танылған айды қоса алғанда төленеді.

      3. Егер мүгедектігі бар адам қайта куәландыруға осы үшін тағайындалған мерзімде МӘС бөлімшесіне келмесе, онда оған жәрдемақы төлеу тоқтатыла тұрады, ал ол мүгедектігі бар адам деп қайта танылған жағдайда, егер МӘС бөлімшесі оны осы кезеңде мүгедектігі бар адам деп таныса, бұл тоқтатылған күннен бастап, бірақ бір айдан аспайтын уақыт үшін қайта басталады.

      Қайта куәландыру мерзімін дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, жәрдемақы төлеу, егер МӘС бөлімшесі оны осы кезеңде мүгедектігі бар адам деп таныса, төлем тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта куәландыру күніне дейін, бірақ үш жылдан аспайтын уақыт үшін жүргізіледі. Бұл ретте, егер қайта куәландыру кезінде мүгедектігі бар адам мүгедектіктің басқа (неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен) тобына ауыстырылса, онда көрсетілген уақыт үшін жәрдемақы бұрынғы топ бойынша төленеді.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.03.2015 № 293-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгеріс енгізілді - ҚР 02.08.2015 № 342-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.06.2017 № 76-VI (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Мүгедектiгi бойынша жәрдемақыға құқығы бар мүгедектігі бар адамдардың санаттары

      Мүгедектiгi бойынша жәрдемақыға құқығы бар мүгедектігі бар адамдарға:

      1) жалпы аурулардан, еңбекте мертiгуден, кәсiби аурулардан мүгедектігі бар адамдар, жеті жасқа дейiнгi мүгедектігі бар балалар, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедектігі бар балалар;

      1-1) бала кезiнен мүгедектігі бар адамдар;

      2) мүгедектiкке әскери қызметтен өту кезiнде алған жарақаттың, контузияның, мертiгудiң, аурудың салдарынан душар болған мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлер қатарынан шыққан мүгедектігі бар адамдар, азаматтық немесе әскери мақсаттағы ядролық объектiлердегi авариялардың зардаптарын жою кезiнде не ядролық объектiлердегi авариялық жағдайлар салдарынан мүгедектігі бар адамдар;

      3) әскери қызмет міндеттерін, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметін (қызмет мiндеттерiн) атқаруға байланысты емес жазатайым жағдайдың салдарынан болған мертiгу не әскери және қызметтік борышын орындауға байланысты емес ауру салдарынан мүгедектігі туындаған кезде әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері, Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары мен бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары арасынан шыққан мүгедектігі бар адамдар;

      4) әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметті өткеру кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертiгуі, ауыруы салдарынан мүгедектігі туындаған әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері, қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары мен бұрынғы Мемлекеттiк тергеу комитетiнiң қызметкерлерi арасынан шыққан мүгедектігі бар адамдар;

      5) себеп-салдарлық байланысы анықталған жағдайда төтенше экологиялық жағдайлар, соның iшiнде ядролық жарылыстар мен сынақтар кезiндегi радиациялық әсер етудiң салдарынан және/немесе олардың зардаптарынан болған мүгедектігі бар адамдар жатады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.11.16 № 482, 2002.03.21 № 308, 2004.12.31 № 28 (2005.01.01 бастап күшіне енеді), 2012.02.13 № 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Мүгедектігі бойынша жәрдемақылардың мөлшері

      1. Осы Заңның 11-бабының 1), 1-1) және 3) тармақшаларында аталған мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақылар мынадай:

      жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға – 1,40 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі бірінші топтағы мүгедектігі бар балаларға – 1,92 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі екінші топтағы мүгедектігі бар балаларға – 1,59 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға – 1,40 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,92 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      бала кезінен екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,59 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      бала кезінен үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,20 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,92 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,53 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,04 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде тағайындалады.

      2. Осы Заңның 11-бабының 2) және 5) тармақшаларында көрсетілген мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақылар:

      1) 2014 жылғы 1 сәуірден бастап:

      бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,69 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,36 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,05 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      2) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап:

      бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2,81 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2,40 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2,01 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде тағайындалады.

      3. Осы Заңның 11-бабының 4) тармақшасында көрсетілген мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақылар:

      1) 2014 жылғы 1 сәуірден бастап:

      бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2,19 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,56 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 1,05 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      2) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап:

      бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 3,44 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2,65 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 2,01 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде тағайындалады.

      4. Жұмыс істейтін жәрдемақы алушыларға мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы толық мөлшерде төленеді.

      5. Егер жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері мүгедектігі бар адамдардың тиісті санаттары үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақының мөлшерінен аз болса, мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы төлеу жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне мүгедектігі бар адамдардың осы санаты үшін белгіленген мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейінгі тиісті қосымша ақылар түрінде жүргізіледі.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 31.03.2014 № 180-V Заңымен (01.04.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); ҚР 20.06.2017 № 76-VI Заңымен (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.10.2015 № 369-V (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.10.2021 № 67-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3 тарау. Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы

13-бап. Жәрдемақыны тағайындау шарттары

      1. Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға, асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз, оның асырауында болған мүшелерiнiң құқығы бар. Бұл орайда осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасында аталған балалар мен адамдарға жәрдемақылар олар асыраушының асырауында болғандығына қарамастан тағайындалады.

      2. Отбасының еңбекке жарамсыз мүшелерi болып:

      1) Егер он сегіз жасқа толғанға дейiн мүгедектігі бар адам болып қалса, он сегіз жасқа толмаған және осы жастан асқан балалары (оның iшiнде асырап алған балалары, өгей ұлдары мен өгей қыздары), аға-iнiлерi, апа-сiңлілерi және немерелерi есептеледi, бұл орайда аға-iнiлерi, апа-сiңлiлерi және немерелерi - егер олардың еңбекке жарамды ата-аналары болмаса, өгей ұлдары мен қыздары - егер олар ата-аналарынан алимент алмаса есептеледi.

      Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар кәмелетке толмағандар бұл құқықты өздерiн асырап алған кезде де сақтайды;

      2) егер зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарға сәйкес зейнеткерлiк жасына жетсе, әкесi, шешесi (оның iшiнде асырап алушылар), зайыбы, жұбайы;

      3) егер қайтыс болған асыраушысының 8 жасқа толмаған балаларын, iнiлерiн, қарындастарын немесе немерелерiн күтумен айналысса және жұмыс iстемейтiн болса, жасы мен еңбекке жарамдылығына қарамастан ата-аналардың немесе жұбайлардың бiреуi не атасы, әжесi, аға-iнiсi немесе апа-сiңлiсi;

      4) егер зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарға сәйкес зейнеткерлiк жасына жетсе және заң бойынша асырауға мiндеттi адамдары болмаса және өмiр сүру үшiн басқа қаражат көздерi жоқ болса, атасы мен әжесi есептеледi.

      3. Он сегіз жастан асқан білім алушы азаматтардың асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша күндізгі оқу нысанындағы жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жүйеде, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесінде оқу орнын бітіргенге дейін, бірақ жиырма үш жастан аспайтын шекте жәрдемақы алуға құқығы бар.

      4. Қайтыс болған адамның асырауындағы отбасы мүшелерi, егер олар оның толық асырауында болса немесе одан өздерi үшiн өмiр сүрудiң тұрақты және негiзгi қаражат көзi болған көмек алып тұрса, оның асырауында болған деп есептеледi.

      5. Ата-анасының екеуiнен де айырылған балаларға (тұлдыр жетiмдерге) тағайындалған жәрдемақылар олардың заңды өкiлiне төленедi.

      6. Осы Заңның қайтыс болғандардың отбасына қатысты барлық нормалары, егер бұл фактiлер сот тәртiбiмен белгiленген болса, тиiсiнше хабар-ошарсыз кеткендердiң немесе қайтыс болды деп жарияланғандардың отбасына да қолданылады.

      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.11.16 № 482, 2007.07.27. № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 20.06.2017 № 76-VI (01.07.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 26.12.2018 № 203-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Жәрдемақы тағайындалатын кезең

      Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақы қайтыс болған адамның отбасы мүшесi осы Заңның 13-бабына сәйкес еңбекке жарамсыз деп саналатын бүкiл кезеңге, ал "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес зейнетақы төлемдерiн алуға құқық беретiн жасқа жеткен отбасы мүшелерiне өмiр бойына белгiленедi.

15-бап. Отбасының барлық мүшелерiне бір жәрдемақы тағайындау

      1. Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақыға құқығы бар отбасының барлық мүшелерiне ортақ бiр жәрдемақы тағайындалады.

      2. Отбасы мүшесiнiң талап етуi бойынша оның жәрдемақы үлесi бөлiнедi және оған жеке төленедi.

      3. Жәрдемақының үлесiн бөлу оны бөлуге өтiнiш жасаған күннен бастап жүзеге асырылады.

      4. Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақымен қамсыздандырылған отбасы мүшелерiнiң саны өзгерген кезде жәрдемақының мөлшерi жәрдемақыға құқығы бар отбасы мүшелерiнiң санына қарай тиiсiнше көбейтiледi немесе азайтылады.

      5. Отбасының мүшелерiнiң бiреуiне жәрдемақы төлеу тоқтатыла тұрған немесе жәрдемақы төлеудi тоқтата тұруға себеп болған жағдаяттар өткеннен кейiн оны төлеу қайта басталған жағдайларда да жәрдемақы мөлшерiн нақ солайша қайта қарау белгiленедi.

16-бап. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылардың мөлшері

      1. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақының ең жоғары мөлшері:

      1) 2014 жылғы 1 сәуірден бастап отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 1,69 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      2) 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 2,11 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде тағайындалады.

      2. Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақы:

      1) 2014 жылғы 1 сәуірден бастап:

      отбасының еңбекке жарамсыз бір мүшесі болған кезде – 0,69 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      екеу болған кезде – отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 1,19 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      үшеу болған кезде – отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 1,48 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      төртеу болған кезде – отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 1,57 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      бесеу болған кезде – отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 1,62 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде тағайындалады.

      Отбасының еңбекке жарамсыз алты және одан да көп мүшесі болған кезде әрқайсысына жәрдемақының мөлшері 1,69 ең төмен күнкөріс деңгейінің бірдей үлесі ретінде есептеледі.

      2) 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап:

      отбасының еңбекке жарамсыз бір мүшесі болған кезде – 0,86 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      екеу болған кезде – отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 1,49 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      үшеу болған кезде – отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 1,85 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      төртеу болған кезде – отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 1,96 ең төмен күнкөріс деңгейі;

      бесеу болған кезде – отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 2,03 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде тағайындалады.

      Отбасының еңбекке жарамсыз алты және одан да көп мүшесі болған кезде әрқайсысына жәрдемақының мөлшері 2,11 ең төмен күнкөріс деңгейінің бірдей үлесі ретінде есептеледі.

      3. Ата-анасының екеуінен де айырылған жағдайда – жетім балаларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақы:

      1) 2014 жылғы 1 сәуірден бастап әрбір балаға – 0,94 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, отбасының еңбекке жарамсыз қалған мүшелеріне 0,43 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, бірақ отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 2,05 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын мөлшерде;

      2) 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап әрбір балаға – 1,18 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, отбасының еңбекке жарамсыз қалған мүшелеріне 0,54 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, бірақ отбасының еңбекке жарамсыз барлық мүшелеріне 2,56 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын мөлшерде тағайындалады.

      4. Қызметтік міндеттерін атқару немесе әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауыруы салдарынан қайтыс болған әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар, ішкі істер органдары және Қазақстан Республикасының бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитеті қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақының мөлшері отбасының еңбекке жарамсыз әрбір мүшесіне 0,25 ең төмен күнкөріс деңгейіне, бірақ:

      1) 2014 жылғы 1 сәуірден бастап – отбасының барлық мүшелеріне 2,5 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын мөлшерде;

      2) 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап – отбасының барлық мүшелеріне 2,56 ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын мөлшерге ұлғайтылады.

      5. Егер отбасының еңбекке қабілетсіз мүшесі алатын жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша алатын айлық жәрдемақының мөлшерінен аз болса, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақы төлеу жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне отбасының еңбекке қабілетсіз осы мүшелері үшін белгіленген, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейінгі тиісті қосымша төлемдер түрінде жүргізіледі.

      Ескерту. 16-бап жаңа редакцияда - ҚР 31.03.2014 № 180-V Заңымен (01.04.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.11.2015 № 408-V (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4 тарау. Жасына байланысты жәрдемақылар

      Ескерту. 4-тарау алып тасталды - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

5 тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер

19-бап. Халықаралық шарттар

      Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

20-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктер

      1. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн қолданылып келген заңдар бойынша әлеуметтiк зейнетақылар, мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша зейнетақылар тағайындалған адамдарға 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджет қаражаты есебiнен 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн iс жүзiнде алып келген зейнетақыларының мөлшерiнен кем емес мөлшерде мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар төленедi.

      2. Аталған жәрдемақыларды төлеу осы Заңда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. № 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді) Заңымен.

21-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық

      Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.

      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 02.08.2015 № 342-V Заңымен (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Осы Заңның күшiне енгiзiлу тәртiбi

      Осы Заң 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады