Шетелдік эмитенттердің басқа мемлекеттердің заңдарына сәйкес шығарылған бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2002 жылғы 3 маусымдағы N 205 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 1 шілдеде тіркелді. Тіркеу N 1901. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттiгі Басқармасының 2004 жылғы 25 қазандағы N 305 қаулысымен.

  ---------------Қаулыдан үзінді------------------- 

      Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келтiру мақсатында, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттiгінiң (бұдан әрi - Агенттiк) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiнiң күшi жойылды деп танылсын...

      Төраға

Күшi жойылды деп танылған
нормативтiк құқықтык актiлердiң тiзбесi

      19. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Басқармасының "Шетелдiк эмитенттердiң басқа мемлекеттердiң заңдарына сәйкес шығарылған бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберу ережесi" 2002 жылғы 3 маусымдағы N 205 қаулысы (Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде N 1901 тiркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкiнiң "Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Хабаршысы" және "Вестник Наңионального Банка Казахстана" N 14 басылымдарында 2002 жылғы 14 шiлдеде жарияланған)...

___________________________________       

      Қазақстан Республикасының облигациялар рыногын мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді: 
      1. Шетелдік эмитенттердің басқа мемлекеттердің заңдарына сәйкес шығарылған бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберу ережесі бекітілсін. 
      2. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он төрт күн өткеннен кейін күшіне енеді. 
      3. Осы қаулы күшіне енгізілген күннен бастап Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі Ұлттық комиссиясының "Басқа мемлекеттер эмитенттерінің шығарған құнды қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберу ережесін бекіту туралы" 1996 жылғы 17 мамырдағы N 53  қаулысының  күші жойылды деп танылсын. 
      4. Бағалы қағаздар нарығын реттеу департаменті (Шалғымбаева Г.Н.): 
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын; 
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеуден өткізілген күннен бастап он күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, филиалдарына және өкілдігіне жіберсін; 
      3) Халықаралық қатынас және жұртшылықпен байланыс басқармасымен (Мартюшев Ю.А.) бірлесіп осы қаулыны "Қазақстан Ұлттық Банкінің Хабаршысы" және "Вестник Национального Банка Республики Казахстан" ресми басылымдарында мемлекеттік және орыс тілдерінде жарияласын. 
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы Г.А.Марченкоға жүктелсін. 

       Ұлттық Банк
      Төрағасы

     

"Шетелдік эмитенттердің басқа 
мемлекеттердің заңдарына сәйкес
шығарылған бағалы қағаздарын  
Қазақстан Республикасының   
аумағына айналысқа жіберу   
ережесін бекіту туралы"    
Қазақстан Республикасының   
Ұлттық Банкі Басқармасының   
2002 жылғы 3 маусымдағы    
N 205 қаулысымен бекітілген  

  Шетелдік эмитенттердің басқа мемлекеттердің заңдарына сәйкес шығарылған бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберу
ережесі

      Шетелдік эмитенттердің басқа мемлекеттердің заңдарына сәйкес шығарылған бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жіберу ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес әзірленді және шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберу тәртібін белгілейді. 
      Осы Ереженің күші шетелдік эмитенттердің Қазақстан Республикасының резиденттері кейіннен Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберуге ниет білдірмей сатып алатын немесе сатып алған бағалы қағаздарына қолданылмайды. 

  1-тарау. Жалпы ережелер  

      1. Осы Ережеде пайдаланылған ұғымдар мыналарды білдіреді: 
      1) шетелдік эмитент - шетелдік мемлекеттердің заңдарына сәйкес бағалы қағаздар шығарған ұйым; 
      2) айналысқа жіберу бастамашысы - Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногының эмитенті - клиенттің немесе бағалы қағаздар ұстаушылардың тапсырмасы негізінде іс-қимыл жасайтын, оның бастамасы бойынша бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жіберу жүзеге асырылатын кәсіби қатысушысы (бұдан әрі - Бастамашы); 
      3) уәкілетті органның рұқсаты - айналысқа жіберу бастамашысына уәкілетті орган берген және шетелдік эмитенттің бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберілгендігі расталатын құжат; 
      4) уәкілетті орган - бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан қатынастарды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган. 

      2. Уәкілетті орган осы Ереженің 4-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, шетелдік эмитенттің бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағындағы ұйымдасқан немесе ұйымдаспаған бағалы қағаздар рыногында айналысқа жіберуді жүзеге асырады.

      3. Шетелдік эмитенттердің Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберілген бағалы қағаздарын сақтауды және есепке алуды және олар бойынша құқықтарды растауды "Бағалы қағаздар орталық депозитарийі" жабық акционерлік қоғамы және/немесе кастодиан жүзеге асырады.

      4. Айналысқа жіберу рәсімін өткізбестен: 
      1) халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары; 
      2) "А"-дан ("Standard&Poor's" және "Fitch IBCA" жіктеулері бойынша) немесе "А2"-ден ("Moody's Investors Service" жіктеуі бойынша) төмен емес кредиттік рейтинг бағасы бар шетелдік эмитенттердің акциялары; 
      3) "А"-дан ("Standard&Poor's" және "Fitch IBCA" рейтинг агенттіктерінің жіктеулері бойынша) немесе "А2"-ден ("Moody's Investors Service" рейтинг агенттігінің жіктеуі бойынша) төмен емес кредиттік рейтинг бағасы бар шетелдік эмитенттің борыштық бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберіледі. 

      5. Қазақстан Республикасының резиденттері арасында шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздарымен жасалған, осы Ережелердің 4-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін және Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа осы Ережеде белгіленген тәртіппен жіберілмеген мәмілелерді тіркеуге тыйым салынады. 

      6. Егер Қазақстан Республикасы резидентінің облигациялары Қазақстан Республикасының аумағында айналыста болса осы резиденттің басқа мемлекеттің заңдарына сәйкес шығарылған облигациялары: 
      1) бұрын шығарылған облигациялар ипотекалық болып табылған; 
      2) уәкілетті органға құжаттар ұсыну күніне эмитентте бұрын шығарылған облигацияларды өтеу жөніндегі және/немесе олар бойынша сыйақы (мүдде) төлеу жөніндегі міндеттемелер орындалмаған, толық немесе уақтылы орындалмаған жағдайлар болмаған; және 
      уәкілетті органға құжаттар ұсыну күніне эмитентте "ВВ-"-дан ("Standard & Poor's" немесе "Fitch" рейтинг агенттіктерінің жіктеуі бойынша) немесе "Ва3"-ден төмен емес ("Moody's Investors Service" рейтинг агенттігінің жіктеуі бойынша) шетел валютасында көрсетілген ұзақ мерзімді қамтамасыз етілмеген кредиттік рейтинг бағасы бар болған; және 
      облигацияларды Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберу мақсатында құжаттар берген тоқсанның алдындағы соңғы тоқсанның аяғындағы жағдай бойынша левередж (бухгалтерлік есеп жүргізу туралы заңдарға сәйкес есептелген, олардың эмитенттері міндеттемелерінің және өз капиталы мөлшерінің арасындағы арақатынас) 1.0-ден аспаған және облигацияларды толық орналастыру нәтижесінде аталған өлшем аспайтын жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жіберілмейді.
       Ескерту: 6-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2002 жылғы 23 қыркүйектегі N 393   қаулысымен

  2-тарау. Бағалы қағаздарды айналысқа жіберу тәртібі  

      7. Бастамашы рұқсат алу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттар ұсынады: 
      1) эмитенттің толық атауын, бағалы қағаздардың сипаттамасын, айналыс рыногын көрсете отырып, шетелдік эмитенттің бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберуді сұраған өтініш; 
      2) Ереженің 1-қосымшасына сәйкес ұсынылатын шетелдік эмитенттің бағалы қағаздары туралы мәліметтер; 
      3) эмитентті заңды тұлға ретінде тіркеу (қайта тіркеу) туралы құжаттың көшірмесі; 
      4) эмитент жарғысының және оған енгізілген өзгерістердің (толықтырулардың) көшірмесі; 
      5) бағалы қағаздардың тіркелгендігін растайтын құжаттың көшірмесі; 
      6) шетелдік эмитент бағалы қағаздарының эмиссиясы проспектісінің көшірмесін немесе оны ауыстыратын өзге де құжаттар; 
      7) Бастамашының клиенті бағалы қағаздарды сауда-саттық ұйымдастырушылардың тізіміне енгізуге ниетті болған кезде эмитенттің халықаралық бухгалтерлік есеп жүргізу стандарттарына сәйкес жасалған, аудиторлық есеппен расталған, соңғы есепті кезеңдегі қаржылық есебінің көшірмесі; 
      8) Бастамашының клиенті бағалы қағаздарды сауда-саттық ұйымдастырушылардың тізіміне енгізуге ниетті болған кезде "Қазақстан қор биржасы" жабық акционерлік қоғамының листинг санатын көрсете отырып шетелдік эмитенттің бағалы қағаздарын осы тізімге енгізу мүмкіндігі туралы қорытындысы. 

      8. Осы Ереженің 7-тармағында көрсетілген құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілдерінде ұсынылуы тиіс. 

      9. Уәкілетті орган рұқсат алу үшін ұсынылған құжаттарды ұсынылған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қарайды. Қосымша құжаттар ұсынылған жағдайда оларды қарау мерзімі жаңадан есептеледі.

      10. Құжаттар осы Ереженің талаптарына сәйкес келген кезде
уәкілетті орган шетелдік эмитенттің бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жіберу туралы рұқсатты (2-қосымша) Бастамашыға жібереді. 

      11. Уәкілетті орган: 
      1) осы Ереженің 7-тармағында көрсетілген құжаттардың толық пакеті ұсынылмаған; 
      2) шетелдік эмитенттің бағалы қағаздарының жарамсыздығы расталатын, эмитент, оның заңсыз қызметі не тарату сатысында тұрғандығы туралы мәліметтер бар болған жағдайда Бастамашыға рұқсат беруден бас тартуға құқылы.

      

"Шетелдік эмитенттердің басқа 
мемлекеттердің заңдарына сәйкес
шығарылған бағалы қағаздарын  
Қазақстан Республикасының   
аумағына айналысқа жіберу   
ережесін бекіту туралы"    
Қазақстан Республикасының   
Ұлттық Банкі Басқармасының   
2002 жылғы 3 маусымдағы    
N 205 қаулысымен бекітілген  
Шетелдік эмитенттердің басқа
мемлекеттердің заңдарына  
сәйкес шығарылған бағалы  
қағаздарын Қазақстан    
Республикасының аумағына   
айналысқа жіберу ережесіне  
1-қосымша           

  Бағалы қағаздар туралы мәліметтер

  1. Эмитент туралы мәліметтер

      1. Эмитенттің атауы.
      2. Эмитенттің орналасқан жері.
      3. Эмитент қызметінің негізгі түрі.
      4. Тіркеу нөмірін және күнін көрсете отырып, шетелдік
эмитенттің бағалы қағаздарын тіркеген орган. 
      5. Бағалы қағаздардың Қазақстан Республикасындағы айналысы туралы шешім қабылдаған эмитент басқару органының атауы (осындай ақпарат бар болған кезде). 
      6. Бағалы қағаздардың олар тіркелген елдегі және басқа елдердегі (егер осы бағалы қағаздар басқа елдердің қор биржаларының сауда алаңдарында айналыста болса) қор биржаларының алаңдарындағы айналысы туралы мәліметтер.
       Ескерту: 6-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2002 жылғы 23 қыркүйектегі N 393   қаулысымен .

  2. Бағалы қағаздар туралы мәліметтер

      1. Бағалы қағаздардың түрі, бірегейлендіру коды.
      2. Бағалы қағаздар шығарылымының валютасы және нысаны.
      3. Рейтингтік бағалау туралы мәліметтер.
      4. Бағалы қағаздар бойынша құқықтар:
      1) дауыс беру құқығы;
      2) дивиденд төлеу мерзімі, сондай-ақ акциялардың ұстаушылары оларға тиесілі дивидендтерді алатын мекен-жайлар; 
      3) облигациялар бойынша сыйақы төлеу, төлеу мөлшері және кезеңділігі, сондай-ақ облигациялардың ұстаушылары оларға тиесілі сыйақыларды алатын мекен-жайлар, облигацияларды өтеу тәртібі, оларды өтеу мерзімі.
       Ескерту: 4-тармақ өзгертілді - ҚР Ұлттық Банкі басқармасының 2002 жылғы 23 қыркүйектегі N 393   қаулысымен
      5. Бағалы қағаздар ұстаушыларға эмитенттің қаржылық есеп беру тәртібі. 
      6. Инвесторлар үшін маңызды болып табылатын өзге мәліметтер (кірістің қандай валютамен төленетіндігі, бағалы қағаздар ұстаушыларды акционерлердің (облигационерлердің) жалпы жиналысын өткізу, бағалы қағаздар бойынша төлемдер, осы бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға қойылған шектеулер, бағалы қағаздар шығару және орналастыру туралы есептердің бекітілгендігі не бекітілмегендігі туралы хабардар ету тәсілі). 

  3. Айналысқа жіберу бастамашысы және шетелдік эмитенттің бағалы қағаздарының айналысына қатысатын өзге тұлғалар
туралы мәліметтер

       1. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсіби қызметін жүзеге асыруға берілген лицензиялардың нөмірлерін және күндерін көрсете отырып айналысқа жіберу бастамашысының және бағалы қағаздар айналысына қатысатын бағалы қағаздар рыногы кәсіби қатысушысының атауы және орналасқан жері. 
      2. Клиенттің бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жіберу үшін құжаттар дайындау жөнінде айналысқа жіберу бастамашысымен жасасқан шарттың күні және нөмірі. 
      3. Шығарылымның кепілдігі туралы ақпарат (егер бар болса).   

      Айналысқа жіберу бастамашысының 
        бірінші басшысының қолы

      Айналысқа жіберу бастамашысының мөрі

"Шетелдік эмитенттердің басқа 
мемлекеттердің заңдарына сәйкес
шығарылған бағалы қағаздарын  
Қазақстан Республикасының   
аумағына айналысқа жіберу   
ережесін бекіту туралы"    
Қазақстан Республикасының   
Ұлттық Банкі Басқармасының   
2002 жылғы 3 маусымдағы    
N 205 қаулысымен бекітілген  
Шетелдік эмитенттердің басқа
мемлекеттердің заңдарына  
сәйкес шығарылған бағалы  
қағаздарын Қазақстан    
Республикасының аумағына   
айналысқа жіберу ережесіне 
                          2-қосымша         

Шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздарын
Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жіберуге
рұқсат

       Уәкілетті орган (бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан
қатынастарды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын) тіркелген (тіркеуші органның атауы, оның орналасқан жері) (эмитенттің толық
атауы және орналасқан жері) бағалы қағаздарының мынадай түрлерін:
(бағалы қағаздардың түрі, олардың саны, номиналы, бірегейлендіру коды) Қазақстан Республикасының аумағына айналысқа жібереді.

       Басшы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады