Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерiнде азаматтардың өтiнiштерiн қарау және шешу жөнiндегi Нұсқаулықты бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 2003 жылғы 31 шілдедегі N 47 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2003 жылғы 12 тамызда тіркелді. Тіркеу N 2437. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2007 жылғы 7 қыркүйектегі N 37 бұйрығымен

       Бұйрықтың күші жойылды - Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2007.09.07.  N 37  Бұйрығымен. 

      Қазақстан Республикасы "Прокуратура туралы"  Заңының  11-бабының 4-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерiнде азаматтардың өтiнiштерiн қарау жұмысын жетiлдiру мақсатында бұйырамын:
      1. Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерiнде азаматтардың өтiнiштерiн қарау және шешу жөнiндегi Нұсқаулық бекiтiлсiн.
      2. Бас прокуратура департаменттерiнiң, дербес басқармалар мен бөлiмдерiнiң бастықтары, Бас әскери прокурор, облыстық прокурорлар, Астана, Алматы қалаларының прокурорлары, оларға теңестiрiлген прокурорлар, қалалық, аудандық, арнайы прокуратуралардың прокурорлары, Бас прокуратура жанындағы ғылыми және өзге мекемелердiң басшылары:
      1) барлық прокуратура қызметкерлерi арасында осы Нұсқаулықты зерделеу ұйымдастырсын, өтiнiштердiң қатаң тәртiпте, оның талаптарына сәйкес қаралуын қамтамасыз етсiн;
      2) заңмен берiлген өкiлеттiктердi толық көлемде қолданып, өтiнiштердi дер кезiнде, әдiлеттi және толық қарауды қамтамасыз ету үшiн түпкiлiктi шаралар қабылдасын, өтiнiштердi негiзсiз қанағаттандырусыз қалдырған, қайталанған өтiнiштердi қанағаттандырған әрбiр жағдайларды талқылап, қате шешiмдердi қабылдауға жол бермесiн;
      3) жарты жылда кемiнде бiр рет өтiнiштердi, депутаттардың сұрау салуларын қарау жұмыстарына кешендi талдау жүргiзiп, өтiнiштердiң түсу себептерiн зерделеудi қамтамасыз етсiн, талдау қорытындысы туралы анықтамаларды Бас прокурор Секретариатының Құжаттамалық қамсыздандыру және азаматтардың өтiнiштерi басқармасына 20 қаңтарға және 20 шiлдеге дейiн ұсынсын. Талдау нәтижесiн қадағалау қызметiн болжамдау және жоспарлау үшiн пайдалансын.
      3. Бас Прокурор Секретариатының Құжаттамалық қамсыздандыру және азаматтар өтiнiштерi басқармасы осы бұйрықтың орындалуын қадағалап, Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерiнде, жарты жылда кемiнде бiр рет Бас прокуратураның құрылымдық бөлiмшелерiнде тексерулер жүргiзсiн.
      4. Бұйрықтың орындалуын бақылау Бас Прокурор Секретариатының Құжаттамалық қамсыздандыру және азаматтар өтiнiштерi басқармасына, Бас прокуратураның тиiстi құрылымдық бөлiмшелерiне, облыстық, Астана, Алматы қалаларының прокурорларына, оларға теңестiрiлген прокурорларға, қалалық, аудандық, арнайы прокуратуралардың, Бас прокуратураның жанындағы ғылыми және басқа мекемелердiң басшыларына жүктелсiн.
      5. Бұйрық Бас әскери прокурорына, облыстық, Астана, Алматы қалаларының прокурорларына, оларға теңестiрiлген прокурорларға, қалалық, аудандық, арнайы прокуратуралардың, Бас прокуратураның жанындағы ғылыми және басқа мекемелердiң басшыларына жолдансын.
      6. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күнiнен бастап күшiне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Бас Прокуроры

      Қазақстан Республикасы   
Бас Прокурорының      
2003 жылғы 31 шілдедегі  
N 47 бұйрығымен      
бекітілген         

  Қазақстан Республикасының прокуратура органдары
мен мекемелерінде азаматтардың өтініштерін қарау
және шешу жөніндегі
Нұсқаулық

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық " Прокуратура туралы ", " Әкімшілік рәсімдер туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарына, Қазақстан Президентінің "Азаматтардың өтініштерін қарау тәртібі туралы"  заң күші бар Жарлығына , өзге заң актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының прокуратура органдары мен мекемелерінде азаматтардың, лауазымды және басқа адамдардың өтініштерін, депутаттардың сұрау салуларын қарау және шешу мәселелерін нақтылайды.

      2. Осы Нұсқаулықта пайдаланылған негізгі ұғымдар:
      1) өтініш - азаматтың немесе оның тиесілі өкілетті адамының, соның ішінде мемлекеттік органдардан, бұқаралық ақпарат құралдарынан және басқа ұйымдардан, лауазымды және басқа адамдар арқылы келіп түскен жазбаша немесе ауызша мазмұндалған ұсынысы, арызы, шағымы, пікірі, сұрау салуы;
      2) депутаттың сұрау салуы - азаматтардың мүддесін қолдап Бас Прокурорға жолданған және "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының  Конституциялық заңының  27-бабына сәйкес Парламент сессиясында жарияланып, сұрау салу ретінде ресімделген Қазақстан Республикасының Парламент депутатының талабы;
      3) депутаттың өтініші - Парламент депутатының, комитеттер мен комиссиялар мүшелерінің өтінішті қарауды және ол бойынша ақпарат беруді сұрап, прокуратура органдарына жолдаған сұрау салу ретінде ресімделмеген өтініші;
      4) ұжымды өтініш - екі және одан көп азаматтардың өтініші, сондай-ақ митингте немесе жиналыста қабылданған және митинг, жиналыс ұйымдастырушылар мен оған қатысушылардың қолы қойылған өтініштер;
      5) өтініштің көшірмесі - азаматтың бұрынғы өтінішінің көшірмесі немесе бір мәселе бойынша және бір адамның мүддесінде берілген өтініштің тағы бір данасы;
      6) қайталанған өтініш - бір адамнан бір мәселе бойынша қайтадан келіп түскен өтініш, егер онда:
      прокуратураға түскен алғашқы өтініші бойынша қабылданған шешімдерге шағым айтылса;
      алдыңғы өтінішінің келіп түскен уақытынан бері заңда белгіленген қарау мерзімі өтіп кетіп, сол өтінішінің дер кезінде қаралмағаны хабарланса;
      алдыңғы өтінішті қарау және шешу кезінде жіберілген басқа кемшіліктер көрсетілсе.

  2. Нұсқаулықтың қолданылу шегі

      3. Осы Нұсқаулықтың ережелері прокуратура органдары мен мекемелеріне келіп түскен азаматтардың, лауазымды және өзге адамдардың, соның ішінде мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа ұйымдардың өтініштеріне, сондай-ақ қолданылып жүрген заңдарға сәйкес ресімделіп жіберілген депутаттардың сұрау салуларына тарайды.

      4. Жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарлар, қылмыстық іс бойынша өндіріс жүргізетін мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың әрекеттері мен шешімдеріне жасалған шағымдар қылмыстық іс жүргізу заңдарында көзделген тәртіпте қаралады.

      5. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша қабылданған сот актілеріне келтірілген шағымдар, қолдаухаттар қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу, әкімшілік заңдарында көзделген тәртіпте және өкілеттік шектерінде қаралады. Жоғарыда аталған заңдармен реттелмеген жағдайларға осы Нұсқаулықтың ережелері қолданылады.

      6. Азаматтардың ақтау туралы өтініштері "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында   көзделген тәртіпте қаралады. Азаматтарды ақтауға байланысты өтініштер бойынша депутаттардың сұрау салулары осы Нұсқаулыққа сәйкес қаралады.

      7. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өтініштері, Қазақстан Республикасымен бекітілген халықаралық келісімдерде өтініштердің қаралу тәртібі өзге ережелермен көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қаралады.

  3. Өтініш берудің рәсімі және нысаны

      8. Азаматтың жазбаша өтінішінде тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері туралы мәліметтер, оны жолдаған органның атауы немесе лауазымды адамның аты-жөні, өтініштің себептері мен талаптары, заңның бұзылғаны, оның берілген күні көрсетіліп, өтініш иесінің жеке қолы қойылуы тиіс.

      9. Өтініштер ұжымды немесе жеке болуы мүмкін, олар ауызша немесе жазбаша түрде беріледі. Азаматтар мемлекеттік тілде, ұлтаралық тілде, ана тілінде немесе өзі білетін кез келген басқа тілде өтініш беруге құқылы. Өтінішті қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

      10. Лауазымды адамдардың, соның ішінде прокурор қызметкерлерінің әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне), сондай-ақ мемлекеттік органдардың шешімдеріне шағым тиісті лауазымды адамның немесе органның жасаған әрекеті немесе қабылдаған шешімі туралы азаматқа белгілі болған кезден бастап, бір жылдан кешіктірілмей беріледі.
      Азаматтың өтінішін қараудың қорытындысы бойынша шешімге (соның ішінде өтінішті қарауға байланысты лауазымды адамның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне)) жасалған шағым, шешімнің қабылданғаны (дауланған әрекеттің жасалғаны) туралы азаматқа белгілі болған кезден бастап үш айдан кешіктірілмей беріледі.
      Шағымдануға болатын мерзімнің өтіп кетуі мемлекеттік орган мен лауазымды адам үшін шағымды қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылмайды. Шағымды мән-жайы бойынша қарау кезінде мерзімнің өту себептері анықталады және ол шағымды қанағаттандырудан бас тартудың бір негізі болып табылады. Өтінішті қарайтын орган дәлелді себеппен өткізіліп алынған мерзімді қалпына келтіреді. 

      11. Өтініш иесі (тегі, аты, әкесінің аты, қойған қолы, тұрғылықты жері, жұмыс немесе оқу орны) туралы мәліметтер жоқ өтініштер жасырын өтініштер болып танылып, қараусыз қалдырылады. Мұндай өтініштерде дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар туралы хабарлар болған жағдайда, олар тиісті құқық қорғау органдарына жолданады.

      12. Түсініксіз немесе жеткілікті мәліметтер жоқ өтініштер (шағымданған шешімді қабылдаған орган туралы, оның қабылданған уақыты, т.б.) арыз иесіне жетпейтін мәліметтерді толықтырудың қажет екендігі, қайда арыздану керектігі түсіндіріліп, 5 күн мерзім ішінде қайтарылады. Мұндай өтініштердің көшірмелері қадағалау өндірісіне тіркеледі.

  4. Өтініштерді тіркеу, есепке алу және қарау

      13. Прокуратура органдарына келіп түскен өтініштер, депутаттардың сұрау салулары, қосымша құжаттарымен бірге, түскен күні алфавит картотекасында тіркеліп, оларға статистикалық карточкалар жүргізіледі.
      Азаматтардың ауызша өтініштері келушілерді қабылдауды есепке алу карточкасына тіркеледі, онда жауаптың мазмұны да көрсетіледі. Азаматтың талабы бойынша ауызша өтінішке жауап жазбаша түрде жолданады.

      14. Өтініштерді қабылдау, тіркеу және есепке алу, оларды қадағалау өндірісінде қалыптастыру, ресімдеу, қозғалысы, көбейту, жүйелеу және сақтау тәртібі Қазақстан Республикасының прокуратура органдарында іс жүргізу жөніндегі Нұсқаулықпен белгіленеді.

      15. Бас прокуратураға келіп түсетін өтініштер алдымен Бас Прокурор Секретариатының Құжаттамалық қамсыздандыру және азаматтар өтініштері басқармасында, ал төмен тұрған прокуратураларда - тиесілі бөлімшелерде тіркеліп, барлық материалдары мен қадағалау өндірістері зерделеніп, алдын ала қаралады.

      16. Бас прокуратурада алдын ала қараудан кейін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына не оның міндетін атқарушы адамға:
      1) Қазақстан Республикасының Президентінен, Премьер-Министрінен, Сенат пен Парламент Мәжілісінің басшыларынан, Мемлекеттік Хатшыдан, Президент Әкімшілігінің басшысы мен оның орынбасарларынан, Қауіпсіздік Кеңес Хатшысынан, Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Сот төрағаларынан келіп түскен өтініштер, оның ішінде бастапқы өтініштер, заңдарға сәйкес ресімделген депутаттардың сұрау салулары, сондай-ақ Бас Прокурордың орынбасарларының, Бас прокуратура жанындағы ғылыми және өзге мекемелердің басшыларының шешімдері мен әрекеттеріне шағымданған өтініштер;
      2) мемлекеттік қызмет туралы заң бойынша саяси мемлекеттік қызметкерлерге жататын лауазымды тұлғалардың тарапынан сыбайлас жемқорлық және қызмет бабын пайдаланып қиянат жасау фактілері көрсетілген, сондай-ақ мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, басқадай елеулі заң бұзушылықтар жөніндегі өтініштер баяндау үшін тапсырылады.

      17. Бас Прокурордың орынбасарларына:
      1) өтінішті қараудың қорытындысы туралы ақпарат беруді сұраумен қатар Парламент депутаттарының (депутаттың сұрау салуы ретінде тиісті ресімделмеген), Президент Әкімшілігі, Парламент, үкіметтің құрылымдық бөлімшелері басшыларының, Қауіпсіздік Кеңес Хатшысы орынбасарының, Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Сот төрағалары орынбасарларының, министрліктер мен ведомстволар басшыларының жолданған өтініштер бойынша ақпарат беруді сұрап жазған өтініштері (соның ішінде алғашқы түскен өтініштер);
      2) Бас прокуратураның департаменттер, дербес басқармалар мен бөлімдер бастықтарының, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлардың шешімдеріне шағымданған өтініштер;
      3) Бас прокуратураның бірнеше бөлімшелерінің құзыретіне кіретін мәселелер көтерілген өтініштер;
      4) прокуратура органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне шағымданған өтініштер;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарының, саяси партиялардың қызметіне байланысты өтініштер;
      6) Бас Прокурордың орынбасарларының құзыретіне кіретін мәселелер көтерілген басқа өтініштер баяндау үшін тапсырылады.

      18. Бас прокуратураның департаменттер, дербес басқармалар мен бөлімдер бастықтарына:
      1) Бас прокуратура басшысы мен оның орынбасарларының нұсқауымен, Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесінің бастығына тікелей жолданған өтініштер, соның ішінде депутаттардың өтініштері мен сұрау салулары;
      2) орталық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының шешімдері мен әрекеттеріне шағымданған өтініштер;
      3) аудандық, облыстық және оларға теңестірілген соттардың заң күшіне енген сот актілеріне келтірілген шағымдар, егер оларға облыстық прокурордың, оған теңестірілген прокурордың жауабының немесе облыстық, оған теңестірілген соттың қадағалау сатысында қабылданған қаулысының көшірмелері қосымша тіркелсе;
      4) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының істерді бірінші сатыдағы, апелляциялық және қадағалау тәртібімен қарау кезінде қабылдаған сот актілеріне келтірілген шағымдар;
      5) заң күшіне енген сот актілерін орындауды тоқтату, судьяларды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініштер;
      6) Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесінде бұрын қаралған алғашқы өтінішке қатысты өтініштер, облыстық прокурорлардың (соның ішінде олардың міндетін атқарушы және оларға теңестірілген прокурорлардың) жауаптары тіркелген өтініштер;
      7) облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар орынбасарларының шешімдеріне келтірілген қайталама өтініштер, егер бұл шешімдер Бас прокуратура тарапынан бірнеше рет жолданған өтініштер бойынша қабылданған болса;
      8) олардың құзыретіне кіретін басқа мәселелер жөніндегі және Бас Прокурор мен оның орынбасарларының араласуын қажет етпейтін өтініштер қарау үшін жолданады.

      19. Бас Прокурор Секретариатының Құжаттамалық қамсыздандыру және азаматтар өтініштері басқармасында:
      1) алғашқы, соның ішінде Парламент депутаттарынан (депутаттың сұрау салуы ретінде тиісті ресімделмеген), Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Үкіметтің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларынан, Қауіпсіздік Кеңес Хатшысының және Конституциялық Кеңес төрағасының орынбасарларынан, басқа орталық мемлекеттік органдардан келіп түскен, бақылауға алынбаған және төмен тұрған прокуратураларға, басқа ведомстволарға жолдауға жататын өтініштер;
      2) облыстық және оларға теңестірілген прокурорлардың жауабы тіркелмеген, бір мәселе бойынша бір адамнан қайтадан келіп түскен қайталама өтініштер;
      3) азаматтардың өтініштерін қарау және қабылдау тәртібін реттейтін заңдарды түсіндіруді қажет ететін өтініштер қаралады.
      Алғашқы түскен өтініштер төмен тұрған прокуратураларға жолданып, арыз иесіне Бас прокуратураға шағымданғанда облыстық немесе оған теңестірілген прокурордың жауабы тіркелуі қажет екендігі түсіндіріледі.
      Облыстық және оларға теңестірілген прокурорлардың жауабы тіркелмей, қайталанып түскен өтініштерді, жоғарыда аталған Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшесі тиісті прокурорларға, олардың қаралу нәтижесі туралы ақпаратты талап етіп, бақылаумен жолдайды.

      20. Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар:
      1) Бас әскери прокурор және облыстық прокурордың орынбасарының, Бас әскери прокуратура мен облыстық прокуратураның құрылымдық бөлімшелер басшыларының, қалалық, аудандық, әскери, арнайы прокурорлардың шешімдеріне шағымданған өтініштерді;
      2) Президент Әкімшілігінен, Парламенттен, Үкіметтен, Бас прокуратурадан бақылаумен жолданған өтініштерді, басқа орталық мемлекеттік органдар, облыстық өкілдік және атқарушы органдардың жолдаған өтініштері бойынша ақпарат беруді өтініп жазған өтініштерді;
      3) облыс деңгейіндегі мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың шешімдеріне және әрекеттеріне шағымданған өтініштерді;
      4) аудан, қала, әскери, арнайы прокурорлар шағымды қанағаттандырусыз қалдырған жағдайда аудандық және оған теңестірілген соттардың сот актілеріне келтірген шағымдарды;
      5) облыстық және оған теңестірілген соттардың істерді бірінші сатыдағы және апелляциялық тәртіппен қарау кезінде шығарылған сот актілеріне келтірген шағымды;
      6) олардың құзыретіне кіретін басқа мәселелер жөніндегі өтініштерді қарайды.

      21. Бас прокуратура жанындағы ғылыми және басқа мекемелердің басшылары, қалалық, аудандық, әскери, арнайы прокурорлар өздерінің құзыретіне кіретін және жоғары тұрған прокурорлардың араласуын талап етпейтін мәселелер жөніндегі өтініштерді қарайды.

      22. Осы Нұсқаулықта көрсетілген өтініштердің тізімі мен олардың міндетті түрде баяндалу тәртібі түпкілікті болып табылмайды және тиісті прокурордың өз өкілеттігінің шегінде шығарған бұйрығымен кеңейтілуі мүмкін.

      23. Әрбір өтініш бойынша прокуратура органдарында төмендегі шешімдердің бірі қабылдануы тиіс:
      өзінің қарауына қалдыру туралы;
      шешу үшін төмен тұрған прокуратураларға жіберу туралы;
      қатыстылығы бойынша басқа органдарға жолдау туралы;
      бұрын түскен өтініштерге қосып тіркеу туралы.

      24. Басқа органдар мен ұйымдарда қаралатын өтініштер түскен күннен бастап 5 күн мерзім ішінде тиесілі орынға жолданады және ол жайында арыз иелеріне хабарланып, қайда шағымдану керек екендігі түсіндіріледі.

      25. Аймақтық және басқа сипаттар бойынша өтінішті шешуге құзыреті жоқ прокуратуралар оны түскен күннен бастап 5 күн мерзім ішінде тиісті прокурорға жолдайды және ол туралы арыз иесіне хабарлайды.
      Өтінішті тиісті прокурорға жолдаған кезде оны шешу үшін қажетті материалдар қосымша жіберіледі.

      26. Құрылымдық бөлімшелер басшыларының келісімі, не прокуратура басшысының нұсқауы бойынша өтініш міндетті түрде алфавиттік картотекада тіркеліп, бір бөлімшеден екінші бөлімшеге тапсырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда өтініштің тапсырылу себептері көрсетіліп, негізделген тиісті рапортпен ресімделеді.
      Тиісті құрылымдық бөлімшеге өтініш дер кезінде тапсырылмаған жағдайда (шешу мерзімінің өтуі) өтінішті дер кезінде шешуді қамтамасыз етпеген құрылымдық бөлімше басшысының хаты бойынша прокуратура басшысы оның шешу мерзімін ұзарту туралы мәселені шешеді.

      27. Бір мәселе бойынша және бір адамның мүддесі жайында бірнеше өтініштер түскен кезде бірінші өтініш негізгі өтініш ретінде, ал кейінгілері екінші нұсқа ретінде тіркеледі. Мұндай екінші нұсқалар негізгі өтінішке қосымша тіркеліп, барлығы бір тұтас өтініш ретінде қаралып, негізгі өтініш түскен күннен бастап есептелетін заңда белгіленген мерзім ішінде арыз иесіне шешілу нәтижесі хабарланады.
      Егер негізгі өтініш шешілгеннен кейін ұқсас өтініш келіп түссе (арыз иесі негізгі өтінішке жауап алмай тұрып жолдаса), онда арыз иесіне, соңғы өтініштің түскен күнінен бастап 10 күн мерзім ішінде қабылданған шешімнің қысқаша мән-жайы мазмұндалып, бұрын жолданған жауаптың күні мен шығыс нөмірі көрсетіліп жауап беріледі.

      28. Өтініштердің, депутаттардың сұрау салуларының  шешімі прокуратураның бірнеше бөлімшелеріне тапсырылған жағдай болмаса, әдетте олардың көшірмесін жасауға жол берілмейді.

      29. Прокуратура органдарында прокуратура басшысы бақылауға алған өтініштер мен депутаттардың сұрау салулары бөлек есепке алынып, бақылау карточкаларымен ресімделеді.
      Карточканың бірінші данасы өтінішті шешу тапсырылған бөлімшеге, ал екінші данасы прокуратура басшысы бақылауға алған өтініштердің қаралуын бақылауды жүзеге асыратын тиісті бөлімшеге өтінішпен (депутаттың сұрау салуымен) бірге тапсырылады.

      30. Өтінішті қарау кезінде:
      1) шағым немесе арыз берген адамның өзіне немесе оның мүддесіне зиян келтіруге;
      2) лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне шағымданған өтініштерді сол адамдарға немесе өтінішті шешуге өкілеттігі жоқ лауазымды тұлғаларға жолдауға;
      3) мәселені объективті шешуге мүдделі емес екені жайында дәлелдер бар деп саналған адамдарға тексеруді жүктеуге;
      4) азаматтардың келісімісіз олардың жеке өмірі туралы немесе мемлекеттік не заңмен қорғалатын өзге құпияларға жататын мәліметтерді және басқа ақпараттарды жариялауға;
      5) өтінішке қатысы жоқ азаматтардың жеке басы туралы мәліметтерді анықтауға жол берілмейді.

  5. Өтініштерді шешу

      31. Өтініштерді, депутаттардың сұрау салуларын шешу кезінде прокурор онда келтірілген дәлелдерді жан-жақты және объективті тексеруге, өтінішке қатысты нақты жағдайларды анықтауға және зерттеуге, қажет болған жағдайда әрекеттері мен шешімдеріне шағым жасалған лауазымды және өзге адамдардан түсініктеме алуға, қажетті материалдарды талап етуге және зерделеуге, өтініш бойынша шешім қабылдау үшін қолдануға жататын заңдардың нормаларын дұрыс айқындауға және қолдануға міндетті.
      Істер мен тексеру материалдарын жедел талап ету үшін ақпараттық және байланыстық техника құралдары пайдаланылады. Істерді, қажетті материалдарды талап ету жайындағы тапсырма өтініш түскен күннен 5 күн мерзім ішінде кешіктірілмей жолдануы тиіс.
      Өтінішті тексеру барысында азаматтар өтінішін қарайтын прокурорға өздерінің жеке дәлелдерін келтіруге және өзінің өтінішінің негізділігін растайтын қосымша материалдар беруге құқықты.
      Заң бұзушылық анықталған жағдайда прокурор өз өкілеттігінің шегінде құқық бұзушылықты жою, оған жол бермеу, алдын алу жөнінде және азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру жөнінде кідіріссіз, толық шаралар қабылдауға міндетті.
      Егер өтініште көтерілген мәселелер қаралып, қажетті шаралар қолданылып, арыз иелеріне жазбаша түрде дәлелді және толық жауап берілсе, өтініштер, депутаттардың сұрау салулары шешілген болып саналады және бақылаудан алынады.

      32. Облыстық және оларға теңестірілген прокурорлардың тиісті бағасын алмаған, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына жүйелі түрде қиянат жасалғаны туралы, сандаған немесе дөрекі заң бұзушылықтар жөніндегі өтініштер, депутаттардың сұрау салулары, әдетте жергілікті орындарға барып тексеріледі.
      Оларды толық және объективті тексеруді қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда тексеріске басқа құқық қорғау органдарының қызметкерлері, сондай-ақ мамандар тартылуы мүмкін.

      33. Депутаттардың сұрау салулары тікелей Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінде түпкілікті шешіледі. Оларды шешуге облыстық және оларға теңестірілген прокурорларға жолдауға болмайды.

      34. Прокуратураның бірнеше бөлімшелерінің құзыретіне жататын мәселелер бар өтініштерді тексеруді ұйымдастыру бөлімшелердің ішінде бірінші аталған бөлімшенің басшысына толық көлемде жүктеледі. Ол өтініш бойынша түпкілікті жауаптың жобасын да дайындайды.
      Түпкілікті жауапты дайындаған құрылымдық бөлімше өтінішті шешкен болып саналады.

      35. Азаматтардың ақтау туралы өтініштері "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына   сәйкес сот тәртібінде қуғын-сүргінді қолдану туралы шешім қабылдаған органның немесе лауазымды адамның орналасқан жері бойынша прокуратура органымен шешіледі. Егер қуғын-сүргінді қолдану туралы шешім әкімшілік не өзге тәртіпте қабылданса, онда мұндай өтініштер ішкі істер немесе ұлттық қауіпсіздік органдарына шешу үшін жолданады.

      36. Төмен тұрған прокурорлардың әрекеттеріне шағымданған өтініштерді олардың өздері берген қорытындылар бойынша шешуге болмайды.

      37. Төмен тұрған прокурорларға өтініштердегі, депутаттардың сұрау салуларындағы дәлелдерді тексеру туралы тапсырманы Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары немесе олардың орынбасарлары, ал облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда құрылымдық бөлімшенің басшысы не оның міндетін атқаратын адам тексерілуге тиісті нақты мән-жайларды көрсетіп, тапсырманың орындалу мерзімін міндетті түрде белгілеп береді.
      Қажет болған жағдайда сұратылған ақпараттарға қосымша тексеріс материалдары, прокурорлық қадағалау актілерінің көшірмелері мен басқа құжаттар талап етілуі мүмкін. Мұндай жағдайда өтініш бойынша түпкілікті шешімді тапсырма берген прокуратура қабылдайды.
      Тапсырманы дайындау кезінде оның орындалу мерзімі, аймақтың қашықтығы мен тапсырылған жұмыстың көлемі ескеріліп, белгіленеді.

      38. Прокурор объективті себептермен тапсырманы дер кезінде орындай алмаған жағдайда, осы тапсырманы берген лауазымды адамға мерзімді ұзарту туралы өтінім жолдайды.

      39. Жолданған тапсырманы сапасыз орындаған жағдайда немесе бар материалдарды зерделеу кезінде қосымша мәселелерді тексеру қажет болса, төмен тұрған прокурорларға ескертулер мен тексерілуге тиісті нақты мәселелер және тапсырманың орындалу мерзімі көрсетіліп, қосымша тексеріс жүргізу туралы тапсырма жолданады.

      40. Лауазымды адамдардың әрекеттеріне және мемлекеттік органдардың шешімдеріне шағымдар бағынышты тәртіпте жоғары тұрған лауазымды адамдарда немесе органдарда тиісті шешімдерін таппаған жағдайда ғана қаралады.

      41. Прокурор қызметкерінің әрекеттеріне шағымдарды олардан жоғары тұрған лауазымды адамдар қарайды. Өз әрекеттері мен шешімдеріне шағым түскен лауазымды адам жоғары тұрған прокурорға өзінің түсініктемесімен бірге шағымды кідіріссіз жолдауға міндетті.

      42. Егер шағымдалған заңсыз әрекеттермен немесе шешімдермен азаматқа моральдық, дене немесе мүліктік зиян келтірілсе, оған заңда көрсетілген зиянды өтеуге не жоюға оның құқығы мен осы құқықты жүзеге асырудың тәртібі түсіндірілуі тиіс.

      43. Қылмыстық, азаматтық және басқа істерді зерделеумен шешілген өтініш бойынша, егер іс жөнінде шығарылған шешіммен келіскен жағдайда арыз иелерінің келтірген барлық мән-жайлары ескеріліп, дәлелді қорытынды жасалады. Бас прокуратурада әзірленген қорытындыны Бас Прокурордың жетекшілік ететін орынбасары, ал төмен тұрған прокуратурада прокуратура басшысы не оның орынбасары бекітеді.
      Тексеріс материалдарын зерделеу арқылы шешілген өтініштер бойынша қабылданған шешімнің негізділігі туралы қорытындыны прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары бекітеді.

      44. Өтініштер шешусіз және қараусыз қалдырылуы мүмкін, егер:
      өтініште иесі көрсетілмесе және онда дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар туралы хабарланбаса;
      мазмұны бойынша мән-мағынасыз өтініштер, бұрынғы өтініштерді тексеру материалдарында арыз иесінің болып жатқан оқиғаларға дұрыс баға бере алмайтын психикалық ауруы туралы куәландыратын құжат болса;
      хат-хабар алмасуды тоқтату туралы шешім болса.

      45. Арыз иесімен хат-хабар алмасудың тоқтатылуы мүмкін, егер:
      қайталама өтініште жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар болмаса, ал бұрынғы өтініш бойынша толық және объективті тексеріс жүргізіліп, ол туралы материалдар жеткілікті болса және прокуратураның құқылы лауазымды адамы осы Нұсқаулықта белгіленген тәртіп бойынша арыз иесіне жауап берілсе;
      өтініште балағат сөздер, басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын сөздер болса және бұрын арыз иесіне осыған ұқсас өтініш түскен жағдайда онымен хат-хабар алмасудың тоқтатылатыны ескертілген болса.
      Өтініш бойынша хат-хабар алмасу прокуратура басшысы немесе оның орынбасары бекіткен орындаушының дәлелденген қорытындысының негізінде бір рет тоқтатылады. Ұқсас өтініштер түскен жағдайда арыз иесіне хат алмасудың тоқтатылғаны хабарлананып, мұндай өтініштер қараусыз қалдырылып, қадағалау өндірісіне тіркелетіні түсіндіріледі.
      Егер өтініште заң бұзушылық туралы жаңа мәліметтер келтірілсе немесе жаңадан ашылған мән-жайлар көрсетілсе, хат-хабар алмасу қайтадан жаңғыртылады. Мұндай жағдайда өтініш осы Нұсқаулықта белгіленген тәртіп бойынша тексеріледі.

      46. Өтініштерді, депутаттардың сұрау салуларын шешу кезінде заңды күшіне енген соттың шешімімен немесе үкімімен анықталған фактілер, жаңадан ашылған мән-жайлардан басқа, қайтадан тексеруге жатпайды.

      47. Өтініштерді, депутаттардың сұрау салуларын шешудің қорытындысы бойынша төмендегі шешімдердің бірі қабылдануы мүмкін:
      толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы, егер арыз иесінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін шаралар қабылданса;
      қанағаттандырусыз қалдыру туралы, егер өтініште келтірілген дәлелдер расталмаса және негізсіз болып табылса;
      түсіндірме беру туралы, егер көтерілген мәселелер бойынша заңдардың нормаларын түсіндіру талап етілсе.

      48. Тексеріс аяқталғаннан кейін арыз иесінің өтініші бойынша мемлекеттік немесе өзге заңмен қорғалатын құпияны сақтаудың талаптарына, басқа адамдардың заңды мүддесіне қарама-қайшы келмейтін шекте оның құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты материалдар мен құжаттармен танысуға мүмкіндік беріледі.

      49. Арыз иесіне құжаттармен танысуға мүмкіндік беру туралы жазбаша шешімді Бас прокуратурада Бас Прокурордың не оның орынбасарларының келісімі бойынша құрылымдық бөлімшелердің бастықтары, төмен тұрған прокуратураларда прокуратура басшысы не оның орынбасарлары қабылдайды.
      Арыз иесін құжаттармен таныстырған прокуратура қызметкері оны қандай материалдармен таныстырғаны жөнінде анықтама жасап, қадағалау өндірісінің материалдарына қосып тіркейді. Өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда арыз иесіне құрылымдық бөлімше бастығының қолы қойылып тиісті түсіндірме беріледі.

  6. Өтініштерді, депутаттардың сұрау
салуларын шешудің мерзімі

      50. Егер заң актілерінде өзге мерзім белгіленбесе, азаматтардың өтініштері прокуратураға түскен күннен бастап кешіктірілмей 30 күн мерзім ішінде, ал қосымша зерттеу мен тексерісті талап етпейтін өтініштер 15 күн ішінде шешіледі. Қосымша тексерісті қажет ететін өтініштердің шешілу мерзімін тиісті орган басшысы не оның орынбасарлары бір айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін, ол жайында арыз иесі мен өтінішті бақылауға алған органға хабарланады.

      51. Бақылауға алынып, Қазақстан Республикасы Президентінен, Сенат пен Парламент Мәжілісінің төрағаларынан, Премьер-Министрден, Мемлекеттік Хатшыдан, Президент Әкімшілігінің Басшысынан және оның орынбасарларынан, Қауіпсіздік Кеңес Хатшысынан, Конституциялық Кеңес төрағасынан келіп түскен өтініштер, сондай-ақ Бас Прокурор, оның орынбасарлары бақылауға алған өтініштер кідіріссіз, осы Нұсқаулықтың 50 тармағында көзделген мерзімнен кешіктірілмей қаралады.
      Аталған өтініштерді (Қазақстан Республикасы Президенті, Президент Әкімшілігінің Басшысы және оның орынбасарлары бақылауға алған өтініштерден басқа, өтініштерді бақылауға алған лауазымды адам ғана олардың шешу мерзімін ұзартады) шешу мерзімін 30 күнге ұзартуды Бас Прокурордың орынбасарлары жүзеге асырады, ол жайында арыз иесі мен өтінішті бақылауға алған органға хабарланады.

      52. Заңға сәйкес ресімделген депутаттардың сұрау салулары (соның ішінде азаматтарды ақтауға байланысты мәселелер бойынша) сұрау салу түскен күннен 30 күн мерзім ішінде шешіледі.

      53. Азаматтардың ақтау туралы өтініштері "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес прокуратураға келіп түскен күннен бастап үш айдан кешіктірілмей шешіледі. Өтініш бойынша қосымша ақпарат, құжаттар, анықтамалар алу қажеттілігіне байланысты ерекше жағдайларда, оның шешілу мерзімі алты айға дейін ұзартылуы мүмкін, бұндай жағдайда арыз иесіне өтініштің шешілу мерзімі, оның ұзартылу себептері міндетті түрде хабарланады.

      54. Анықтаушының, анықтау органының және тергеушінің әрекеттері мен шешімдеріне жасалған шағымдар қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес түскен күннен бастап үш тәулік ішінде қаралуы тиіс. Егер шағымды тексеру үшін қосымша материалдарды талап ету немесе басқа шаралар қабылдау қажет болған ерекше жағдайларда шағымды қарау мерзімі жеті тәулікке созылады, ол жайында арыз иесіне хабарланады.

      55. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша заң күшіне енген сот актілеріне жасалған шағымдар, қолдаухаттар келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде шешіледі. Мұндай өтініштер бойынша істерді жолдау туралы тапсырма шағым келіп түскен күннен бастап 5 күн мерзім ішінде жолданады. Іс кешіктіріліп, түспеген жағдайда прокуратура басшысы не оның орынбасары өтінішті шешу мерзімін бір айдан артық емес мерзімге ұзартады.

      56. Өтініштердің шешу мерзімін ұзарту туралы өтінім, олардың шешілу мерзімінің аяқталуына дейін бір күн бұрын дайындалады.

      57. Өтініштер, депутаттардың сұрау салулары прокуратураға келіп, тіркелген күннен бастап олардың шешілу мерзімі есептеледі.
      Арыз иесіне өтініші бойынша қабылданған шешім туралы жазбаша немесе ауызша жауап жолданған күні, оның қаралу мен шешілу мерзімі аяқталған болып саналады.
      Жауаптың жобасы қайта қарауға қайтарылып, өтініштің шешілу мерзімі аяқталып жатса, тиісті құрылымдық бөлімше басшысының өтінімі бойынша прокуратура басшысы не оның орынбасары мерзімді ұзарта алады.

  7. Өтініштерге, депутаттардың сұрау салуларына
жауаптарды жолдау

      58. Өтініштерге жауаптар мазмұны бойынша дәлелді, негізді, қысқа және стилистикалық сауатты болулары керек.
      Өтініш толық немесе ішінара қанағаттандырылған кезде, оны қарау қорытындысы бойынша наразылық енгізілген, талап арыз берілген не прокурорлық шара қолданудың басқа шаралары қабылданған жағдайда, өтініш иесіне ол жайында прокурорлық қадағалау актілерінің қаралу қорытындысы туралы ақпарат алудың келесі тәртібін түсіндірумен қоса хабарлануы тиіс.
      Өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан кезде арыз иесінің дәлелдерін теріске шығаратын құқықтық нормаларға, нақты дәлелдерге сілтеме жасап, жауап жолдау қажет.
      Өтініште қандай да болмасын талап немесе өтініш болмаса, заңнама нормаларына сілтеме жасалып, түсінікті нысанда түсініктеме беріледі. Сондай-ақ өтінішті қабылдамай тастаған, лауазымды адамдардың әрекеттеріне шағымданудың мерзімін өткізіп алған және мемлекеттік органдардың шешімдеріне, соның ішінде сот актілеріне наразылық келтірген жағдайларда арыз иесіне қабылданған шешімге шағым жасауға олардың құқықтары мен оның тәртібі, сондай-ақ өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінім беруге құқылы екендігі, оның жүзеге асыру тәртібі түсіндірілуі тиіс.

      59. Өтініштердің, депутаттардың сұрау салуларының қорытындысы бойынша жауап мынадай тәртіпте жолданады:
      1) Бас прокуратурада:
      Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары (заң күшіне енген сот актілеріне қадағалау шағымдардан басқа) бірінші рет түскен өтініштерді қанағаттандырусыз қалдыру, заңдардың нормаларына түсініктеме беру туралы жауаптар береді;
      Бас прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшелері басшыларының шешімдеріне, прокуратура органдары қызметкерлерінің әрекеттеріне шағым жасалған өтініштерге жауаптар, сондай-ақ заң күшіне енген сот актілеріне келтірілген қадағалау шағымдаран қанағаттандырусыз қалдыру жөніндегі жауаптар Бас Прокурордың қолы қойылып жолданады;
      Парламент депутаттарынан (депутаттың сұрау салуы ретінде тиісті ресімделмеген), Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, үкіметтің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларынан, Қауіпсіздік Кеңес Хатшысының орынбасарынан, Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы Сот төрағаларының орынбасарларынан, министрліктер мен ведомстволардың басшыларынан келіп түскен өтініштерге ақпарат беруді сұрап жазған өтініштер бойынша ақпараттар Бас Прокурордың орынбасарларының қолы қойылып жолданады;
      Бақылауға алынып, Қазақстан Республикасының Президентінен, Премьер-Министрінен, Сенат пен Парламент Мәжілісінің басшыларынан, Мемлекеттік Хатшыдан, Президент Әкімшілігінің басшысы мен оның орынбасарларынан, Қауіпсіздік Кеңес Хатшысынан, Конституциялық Кеңес төрағасынан келіп түскен өтініштер бойынша ақпараттар Бас Прокурордың немесе оның міндетін атқарушы орынбасардың қолы қойылып жолданады;
      Бас Прокурордың орынбасарларының шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасалған өтініштерге, Бас Прокурор бақылауға алған өтініштерге, сондай-ақ заңға сәйкес ресімделген депутаттардың сұрау салуларына жауаптар Бас Прокурордың немесе оның міндетін атқарушы орынбасардың қолы қойылып жолданады.
      Депутаттардың сұрау салулары бойынша жауаптың жобасы немесе Парламент сессиясында сөз сөйлеу үшін жасалған баяндама, Бас Прокурордың нұсқауымен алдын ала барлық қажетті материалдармен бірге, сұрау салудың шешу мерзімі өткенге дейін үш күн бұрын Бас Прокурорға ұсынылады.
      2) Бас әскери прокуратурада, облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда:
      Президент Әкімшілігінен, Парламенттен, Үкіметтен, Бас прокуратурадан, басқа орталық мемлекеттік органдардан бақылаумен келіп түскен өтініштерге, Бас әскери прокурордың, облыс прокурорының орынбасарларының шешімдеріне шағым жасалған өтініштерге жауаптар, сондай-ақ заң күшіне енген сот актілеріне келтірілген шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жауаптар Бас әскери прокурордың, облыстық және олардың міндетін атқаратын адамның қолы қойылып жолданады;
      Бас әскери прокуратураның, облыстық прокуратураның құрылымдық бөлімшелер басшыларының, қалалық, аудандық, әскери, арнайы прокурорлардың шешімдеріне шағым жасалған (заң күшіне енген сот актілеріне жасалған шағымға байланысты өтініштерден басқа) бастапқы өтініштерге жауаптар Бас әскери прокурордың, облыстық және оған теңестірілген прокурордың қолы қойылып жолданады;
      түсініктеме сипатындағы жауаптарды прокуратураның дербес құрылымдық бөлімшелерінің басшылары береді;
      3) қалалық, аудандық, әскери және арнайы прокуратураларда өтінішті қанағаттандырусыз қалдыру туралы жауапты, заңдардың нормаларына түсініктемелерді прокуратура басшылары береді;
      4) өтінішті қанағаттандыру туралы жауаптар, өтініштерді қараған прокурордың, не басшының нұсқауы бойынша басқа лауазымды адамның қолы қойылып, арыз иесіне жолданады.

  8. Өзге ережелер

      60. Өтініш депутаттардың сұрау салуларын қараудың қорытындылары өтініш бойынша жүргізілетін статистикалық карточкаға жазылады, олар әр құрылымдық бөлімшенің статистикалық есеп беруі болып табылады. Осы карточкаларда көрсетілген мәліметтердің объективтілігі мен толықтылығы үшін толық жауап беретін орындаушылар карточкаларды толтырады және оларға қол қояды.
      Өтініштер бойынша бекітілген нысанға сәйкес есеп беруді құрастыру өтініштердің, депутаттардың сұрау салуларының шешімімен тікелей айналысатын құрылымдық бөлімшелерге жүктеледі.

      61. Бас прокуратураның, Бас әскери прокуратураның, Бас прокуратура жанындағы ғылыми және өзге мекемелердің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары облыстық, қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар өтініштермен жұмыстың ұйымдастырылуы үшін, олардың дер кезінде және дұрыс шешілуі үшін, сондай-ақ өтініштер бойынша статистикалық есептің шүбасыздығы үшін жауапты.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады