"Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2003 жылғы 6 желтоқсандағы N 437 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2003 жылғы 30 желтоқсанда тіркелді. Тіркеу N 2657

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 2 қазандағы N 20-42/5106 ұсынысын қарап, Қазақстан Республикасы Президентінің "Теңізшевройл" бірлескен кәсіпорнының қызметі туралы" 1993 жылғы 6 сәуірдегі N 1168 Жарлығына , Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2001 жылғы 20 сәуірдегі 115 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында валюта операцияларын жүргізу ережесіне  сәйкес, сондай-ақ Теңіз жобасының республика экономикасы үшін стратегиялық мәнін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:

      1. "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Қазақстан Республикасының резиденттерімен шетел валютасымен операциялар жүргізуге рұқсат етілсін. Көрсетілген операциялар бойынша төлемдер және/немесе ақша аударымдары олардың банктік шоттары арқылы ғана жүргізілуі тиіс.

      2. "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің пайдасына Қазақстан Республикасының резиденттерінен шетел валютасындағы төлемдер және/немесе ақша аударымдары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы резиденттерінің пайдасына "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен шетел валютасындағы төлемдер және/немесе ақша аударымдары Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері және "Қазпошта" ашық акционерлік қоғамы арқылы шектелместен жүзеге асырылсын.

      3. "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өздері тіркелген мемлекеттердің заңдары бойынша тиісті құқығы бар шетелдік банктер мен өзге қаржы институттарында ашылған шоттарын (Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы шоттарын қоса алғанда) пайдалану үшін осы қаулы қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осындай шоттардың бар екендігі туралы хабарласын.
      "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кейіннен өздері тіркелген мемлекеттердің заңдары бойынша тиісті құқығы бар шетелдік банктер мен өзге қаржы институттарында шот ашуы (Қазақстан Республикасының ұлттық валютасындағы шоттарын қоса алғанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осындай шоттар бойынша операцияларды жүргізу басталғанға дейін хабарлау шартымен жүзеге асырылады.
      Хабарламада "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шотының деректемелері, шотты пайдалану режимі туралы ақпарат, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ай сайын шот бойынша қаражат қозғалысы және қаражаттың ай соңындағы қалдығы туралы есеп беру жөніндегі міндеттемесі болуы тиіс.

      4. Осы қаулының 3-тармағында көрсетілген хабарламаны алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі он күндік мерзімінде "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне хабарламаны алғаны туралы хат береді.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің хабарламаны алғаны туралы хаты "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өздері тіркелген мемлекеттердің заңдары бойынша тиісті құқығы бар шетелдік банктер мен өзге қаржы институттарында ашылған әрбір шот үшін беріледі.

      5. Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері және "Қазпошта" ашық акционерлік қоғамы төлемдерді және/немесе ақша аударымдарын осы қаулының 2-тармағында көрсетілгендерді қоса отырып, "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өздері тіркелген мемлекеттердің заңдары бойынша тиісті құқығы бар шетелдік банктер мен өзге қаржы институттарында ашқан шоттарды пайдалана отырып "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің хабарламаны алғаны туралы хатын ұсынғаннан кейін ғана жүргізуге құқылы. Валюталық бақылауды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде және "Қазпошта" ашық акционерлік қоғамында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің хабарламаны алғаны туралы хатының ксерокөшірмесі қалады.

      6. Төлем балансы және валюталық реттеу департаменті (Дюгай Н.Н.):
      1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап жеті күндік мерзімде оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне және аумақтық филиалдарына, "Теңізшевройл" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріне және "Қазпошта" ашық акционерлік қоғамына жіберсін.

      7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Г.З. Айманбетоваға жүктелсін.

      8. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілген күннен бастап жеті күн өткеннен кейін күшіне енеді.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады