Маңғыстау облысында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестің 2003-2004 жылдарға арналған Бағдарламасы туралы

Жаңа

Маңғыстау облысы мәслихатының 2003 жылғы 27 наурыздағы N 25/264 шешімі. Маңғыстау облыстық Әділет басқармасында 2003 жылғы 4 сәуірде N 1437 тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Қазақстан Республикасы заңының  6-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, облыстық мәслихат ШЕШІМ ЕТЕДІ:
      1. Маңғыстау облысында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестің 2003-2004 жылдарға арналған Бағдарламасы бекітілсін (қоса беріліп отыр).
      2. Осы шешім жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Сессия төрағасы                 Облыстық
                                      мәслихаттың хатшысы

"Маңғыстау облысында құқық     
бұзушылықтың алдын алу мен     
қылмысқа қарсы күрестің 2003-2004  
жылдарға арналған Бағдарламасының  
туралы" облыстық мәслихаттың 2003 жылғы
27 наурыздағы 25/264 шешіміне қосымша

1. БАҒДАРЛАМАНЫҢ ПАСПОРТЫ

Бағдарламаның атауы

Маңғыстау облысында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестің 2003-2004 жылдарға арналған Бағдарламасы

Әзірлеу үшін негіздеме

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 29 желтоқсандағы №N 1430 қаулысымен  бекітілген, құқық  бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестің 2003-2004 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы

Негізгі әзірлеушілер

1.      Облыс әкімияты
2.      Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасы
3.      Облыстық прокуратура
4.      Ұлттық қауіпсіздік Комитетінің Департаменті
5.      Маңғыстау облысы бойынша әділет басқармасы
6.      Маңғыстау облысы бойынша қаржы полициясы Департаменті
7.      Облыстық әскери комиссариат
8.      Облыстық еңбек, халықты жұмыспен қамту және
        әлеуметтік қорғау басқармасы
9.      Облыстық білім басқармасы
10.     Облыстық ақпарат және қоғамдық келісім
        басқармасы
11.     Облыстық қаржы басқармасы
12.     Облыстық денсаулық сақтау басқармасы
13.     Облыстық экономика, өнеркәсіп және сауда
        басқармасы
14.     Облыстық кеден басқармасы
15.     Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі
        басқарма
16.     Облыстық көлік бақылау басқармасы
17.     Облыстық көші-қон және демография басқармасы
18.     Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес
        жөніндегі облыстық комиссия
19.     Облыстық дене мәдениеті және спорт басқармасы
20.     Облыстық Тәртіптік Кеңесі

Негізгі мақсаты

Құқық бұзушылықтың алдын алу жүйесін қалыптастыру, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, бұл іске барлық мемлекеттік органдарды, қоғамдық құрылымдар мен тұрғындарды тарту, құқық бұзушылықтың алдын алуды және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру

Міндеттері

Тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтеру; ұйымдасқан қылмысқа, есірткі бизнесіне, терроризмге және экстремизмнің өзге де көріністеріне, заңсыз көшіп келуге, экономикалық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасаудың сенімді жүйесін құру;
құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қоғамның тұрақты өмір сүруінің және дамуының, қазақстандық азаматтардың өмір сүруіне лайықты жағдайлар жасаудың конституциялық шарты болып табылады

Қаржыландыру көздері

Жергілікті бюджеттердің қаражаты мен Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да көздер 

Күтілетін нәтижелер

Құқық бұзушылықтардың әлеуметтік алдын алудың тиісті жүйесін құру үшін негіз қаланады;
Қылмысқа қарсы күрес күшейе түседі;
халықтың құқықтық сана  - сезімінің деңгейі, олардың мемлекет пен құқық қорғау органдарына сенімі жоғарлайды

Іске асыру мерзімі

2003-2004 жылдар

2. КІРІСПЕ

      Бағдарлама Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жоспарын, Қазақстан Республикасының 1999-2005 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік Стратегиясының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 29 желтоқсандағы N 1430 қаулысымен  бекітілген, құқық бұзушылықтық алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестің 2003-2004 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын және қылмысқа қарсы күрес саласында бұрын қолданыста болған бағдарламалармен сабақтастық қағидасын сақтай отырып, іске асыру шеңберінде дайындалды.
      Бағдарлама негізінен ведомствоаралық деңгейінде шешуді талап ететін қағидатты сипаттағы ережелерден тұрады. Бағдарламаға аймақтық сипаттағы іс-шаралар енгізілді.

3. ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП ПЕН ЗАҢДЫЛЫҚ
АХУАЛЫН ТАЛДАУ

      Құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар қабылдаған шараларға қарамастан, соңғы жылдары қылмысқа қарсы күресте түбегейлі өзгеріс болмай отыр, жасалған қылмыс санының өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азайғанына қарамастан облыстағы шұғыл жағдай күрделі күйінде қалуда, ауыр және аса ауыр қылмыс түрлерінің алдын алу, жолын кесу және ашу жөніндегі жұмыс тиісті дәрежесінде жүргізілмейді. Тонау - 30,5-ға, жасалған қылмыстар қоғамдық орындарда  14,1-ға, көшелерде - 34,3-ға едәуір өсіп кетті.
      Құқық қорғау органдары жазалауды тиісті деңгейде қамтамасыз етпейді.
      Сондай-ақ, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар да өз
деңгейінде емес, қылмыстық топтар билік және басқару органдарындағы сыбайлас жемқорлық байланыстарын жиі пайдаланады. Құқық қорғау органдарының қызметі әлі күнге дейін бытыраңқы және жүйесіз сипатта болып отыр.
      Көбіне сыбайлас жемқорлықпен жалғасқан экономикалық қылмыстар кеңінен таралған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік және Аймақтық бағдарламаларының шеңберінде жүзеге асырылатын іс-шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті біршама жандандыруға мүмкіндік берді. Алайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бұл күрес, негізінен, ұсақ пара алушылар мен жымқырушыларды анықтаумен шектелді.
      Есірткілердің заңсыз айналымы мен нашақорлықтың таралу проблемасы облыста шиеленісе түсуде. Есірткілерге сұраныс едәуір артып, "ауыр" есірткілердің үлесі ұлғайып отыр. Есірткілерді пайдалануға көбіне кәмелетке толмағандар мен жастар тартылуда. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің аймақтық бағдарламасы тиісті деңгейде іске асырылмай отыр.
      Қазақстанның шекарасына таяу жерлерде діни экстремизм қаупінің өсуі құқық қорғау органдары, ішкі әскер жеке құрамының жауынгерлік дайындығын арттыру және тыныс  тіршілік жүйелерінің, басқа да маңызды инфрақұрылым объектілерінің жұмыс  істеу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қабылданып жатқан шаралар одан әрі күшейтуді талап етеді.
      Облысқа заңсыз ауып келу де еліміз қауіпсіздік мүдделеріне қатысты үлкен проблеманың бірі болып отыр. Ауғанстан, Шри-Ланка және әскери  саяси ахуалы тұрақсыз басқа да алыс-жағын шет елдердің азаматтарын Қазақстан арқылы заңсыз өткізу әрекеттері орын алуда. Заңсыз көшіп келу жолдарын жабу және олардың жолын кесу жөніндегі ішкі істер  органдары мен басқа да  мемлекеттік органдардың күш-жігері әлі мардымсыз болып отыр. Бұған, ең алдымен, ведомстволардың осы саладағы іс-қимылдарының бытыраңқылығы себеп болуда.
      Құқық бұзушылықты әлеуметтік сауықтыру қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы биліктің, қоғамдық ұйымдардың рөлі әлі күнге дейін төмен.
     Жастарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мәселелері шешілмеген, қадағалаусыз қалған балалар көбеюде. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған кәмелетке толмағандардың жартысынан астамы қандай да бір іспен қамтылмаған. Қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерді жасайтын балалар мен жасөспірімдер саны кемімей отыр.
      Ішкі істер органдарының есептерінде маскүнемдіктен емдеуді қажет  ететін 6832 адам, 2453 нашақор тұр. Әрбір төртінші кісі өлтіру, әрбір үшінші қарақшылық шабуыл мас немесе есірткіге елту күйінде жасалады.
      Тіркелген әкімшілік құқық бұзушылықтардың саны жалпылай төмендеп отырғанымен (2000 жылғы 108127-ден 2002 жылы 109169-ға дейін) соңғы жылдары отбасы  тұрмыстық қарым - қатынастар саласында жасалған құқық бұзушылықтардың өсу үрдісі байқалуда. Егер ол 2000 жылы 1815 құраса, 2002 жылы 3259-ға жетіп отыр.
      Сонымен қатар,  сауықтыру жұмыстарының деңгейі өте төмен, маскүнемдікпен және нашақорлықпен ауыратындарды емдеуге арналған емдеу-алдын алу мекемелерінде төсек - орын саны аз, салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі мақсатты жұмыстар жеткіліксіз жүргізілуде.
      Облыста ауыр қылмыс деңгейінің аз да болса кемігеніне қарамастан, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері әлі күнге дейін тиісті деңгейде шешілмей отыр.

4. БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

      Бағдарламаның мақсаты :
      құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін қалыптастыру, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, бұл қызметке барлық мемлекеттік органдарды, қоғамдық құрылымдар мен халықты тарту, құқық бұзушылықтың алдын алуды және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру;
      қылмысқа қарсы қабылданатын іс-қимыл шараларының тиімділігін арттыру, оның ұйымдасқан нысандарына, есірткі бизнесіне, терроризмге, экстремизмге, заңсыз ауып келуге, экономикалық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту;
      заңдылық пен құқықтық тәртіпті  одан әрі нығайту, азаматтардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету.

      Бағдарламаның міндеттері :
      құқық бұзушылықтардың, оның ішінде кәмелетке толмағандар  мен жастар арасында мақсатты әлеуметтік  құқықтық алдын алуды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және тұрғылықты жері жоқ адамдарды әлеуметтік оңалтуды, өзгенің мүлкіне қылмыстық қол сұғудың алдын алуды жүзеге асыру;
      қоғамдық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, құқық бұзушылықтардың алдын алуда және қылмысқа қарсы күресте жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру;
      қылмысқа қарсы күресте азаматтардың мүдделілігін арттыру, қоғамдық сана - сезімнің криминалды сипат алуын болдырмау, халықтық құқықтық мәдениетін қалыптастыру;
      ұйымдасқан қылмысқа, есірткі бизнесіне, терроризмге және экстремизмнің өзге де көріністеріне, заңсыз ауып келуге, экономикалық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасаудың сенімді жүйесін құру;
      құқық қорғау және арнайы органдардың қызметін техникалық қайта жарақтандыру мен ақпараттық қамтамасыз  етуді жүзеге асыру;
      құқық қорғау және арнайы органдардың кадр саясатын жетілдіру, олардың қызметкерлерінің біліктілігі мен шеберлігін арттыру;
      қылмысқа қарсы күрестің құқықтық базасын одан әрі дамыту; 
      ұйымдасқан қылмысқа, есірткілердің заңсыз айналымына, сыбайлас жемқорлық пен терроризмге қарсы күрес саласындағы қызметті жүзеге асыратын шетел мемлекеттерінің құқық қорғау органдарымен және арнайы қызметтерімен, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдерімен ынтымақтастықты кеңейту.

5. БАҒДАРЛАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ МЕН ТЕТІГІ

Құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық тәртіпті нығайту

1. Құқық бұзушылықтың алдын алу және
қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету

      Қазіргі жағдайда Қазақстандағы қылмысқа қарсы күрестің мемлекеттік саясатының маңызды құрамдас бөлігі қылмыстық алдын алу болып табылады. Қылмысқа қарсы күрестің соңғы онжылдықта қалыптасқан тек күш қолдау шараларын бағдарға алу оң нәтиже бермей отыр.
      Облыстағы криминалдық ахуалды тұрақтандырып, оны бірте-бірте азайту жергілікті деңгейде құқық бұзушылықтың алдын алудың  тиімді жүйесін құрмай, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың халықпен байланыстарын белсенді дамыпай - мүмкін болмайды. Алдын алу жұмыстары өзін ақтап шыққан бұрынғы, дәстүрлі нысандарын қалпына келтіруді, сондай-ақ еліміздің, оның ішінде облыстың өзгеріп отырған әлеуметтік-экономикалық ахуалына сәйкес жұмысына әрекет жасаудың жаңа нысандарын іздестіру мен практикаға енгізуді талап етеді.
      Көшелер мен қоғамдық орындардағы құқық бұзу деңгейін қысқарту міндеті қызмет атқарудың нысандарын және әдістерін жетілдіруді, техникалық қадағалау мен байланыс жүйелерін дамытуды, патрульдеу  кезінде едәуір икемді көлік құралдарын және қызметтік жануарларды белсенді пайдалануды, елді мекендердегі қоғамдық тәртіпті қорғауды, оның ішінде қоғамдық құрылымдар мен халықты белсенді түрде тарту есебінен күнделікті жүзеге асыратын күштер санын көбейтуді, моральдық және материалдық ынталандырудың пәрменді жүйесін әзірлеуді, құқықтық тәртіпті қалыптастыруға қатысушы адамдарды құқықтық және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуді көздейді.

2. Кәмелетке толмағандардың арасындағы қадағалаусыздық
пен құқық бұзушылықтардың алдын алу

      Болашақта облыстағы криминогендік ахуалдың барлық
параметрлеріне ықпалы болатынын ескере отырып, кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстардың алдын алу ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Соңғы жылдары жасөспірімдер ортасының криминализациялануының тұрақты өсу үрдісі қалыптасқан, олар жасаған қылмыстардың 2,8 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыстар (оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, қарақшылық шабуыл) болып табылады.
      Кәмелетке толмағандар топтасып жасайтын қылмыстардың алдын алу өзекті проблема болып отыр. Қылмысқа баратын кәмелетке толмағандардың жартысына жуығы оқушылар мен студенттер. Көптеген жасөспірімдер қылмыстық әрекетті мас күйінде  жасайды немесе бұған дейін қылмысты болған.
      Түрлі себептер салдарынан әлеуметтік жетімдік және балалардың кезбелікке салыну проблемасы шиеленісе түсуде. Мұндайда облыста ауыр жағдайға душар болған және әлеуметтік оңалтуды қажет ететін кәмелетке толмағандарға арналған мамандандырылған мекемелер желісін кеңейту өзекті міндет  болып табылады.
      Мұндай мекемелердің жеткіліксіздігінен дер кезінде мемлекет тарапынан көмек алмаған,  қадағалаусыз қалған балалардың құқық бұзушылар қатарын толықтыруда.
      Облыста қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жасаған жасөспірімдерге, соның ішінде қыздарға,  қылмыстық жауапкершілік жасына жеткенге дейін ұстайтын жабық үлгідегі мамандандырылған оқу-тәрбие мекемелері жоқ. Жыл сайын жасы 20 тарта бала қылмыс жасайды, олар жазалау және қайта тәрбиелеу шараларына тартылмастан жасөспірімдер ортасына теріс ықпал етумен жүреді.
      Кәмелетке толмағандарға қатысты сот заңын жүзеге асыруға бағытталған және бірінші кезекте жасөспірімдердің қылмыс жасауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға, сондай-ақ оларды бас бостандығынан айырмайтын жазалау шараларын қолдануға бағдарланған әділет жүйесін енгізу жөніндегі Алматы қаласы мен Алматы облысында өткізілген тәжірибе нәтижелерін талдау, үйрену қажет.

3. Маскүнемдіктің, алкоголизм мен
нашақорлықтың алдын алу

      Маскүнемдіктің, алкоголизм мен нашақорлықтың қоғамдық қаупі азаймай отыр. Тұрмыстағы маскүнемдік отбасына, тұрғындар денсаулығына және мемлекеттің экономикасына орны толмас зиян келтіруде. Маскүнемдік, әсіресе, жасөспірім кездегі құмарлық, көбінесе есірткі пайдалануға ұласады. Жеке адамның ішімдіктен азғындауы оның әлеуметтік байланыстарын, мүлкі мен тұрғын үйін жоғалтуына әкеліп соғатын негізгі себептердің бірі болып табылады.
     Бұл құбылыстың өріс алуы алкогольдік өнімдер мен маскүнемдіктің таралуына қарсы мемлекеттік саясатының болмауынан одан әрі ушыға түсуде. Бұқаралық ақпарат құралдарында маскүнемдіктің зиянды зардаптарын түсіндіру жөніндегі жұмыстар мүлдем қалыс қалған, оқу орындарында ішімдікке қарсы тәрбие жұмыстары жеткілікті емес. Спирт ішімдіктерін алудың оңайлығы, оларды насихаттайтын жарнамалар, кәмелетке толмағандарға спирт ішімдіктері мен темекі бұйымдарын сатуды шектеудің тиімсіздігі өскелең буынның есірткіге бой алдыруына қолайлы жағдай туғызады.
      Құқық қорғау органдарының қызметі есірткінің таралуына тосқауыл болатын факторлардың бірі, алайда қылмыстық қудалау жолымен нашақорлық мәселесін шешу мүмкін емес.
      Балалар мен жасөспірімдер арасындағы маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын алуда мектеп пен басқа да білім беру мекемелеріндегі оқу және тәрбие мәселесін дұрыс ұйымдастыру маңызды.
      Оқу орындарында медициналық алдын алу кабинеттерінің болмауынан ішімдік мен есірткі заттарын пайдаланатын балалар мен жасөспірімдерді анықтау үшін оқушыларға ұдайы тексеру жүргізу жүзеге асырылмайды. Нашақорлыққа душар болған балалар ересек нашақорлармен және маскүнемдермен бірге кәдімгі медициналық наркологиялық мекемелерде емделеді, оларға мұндай қарым-қатынас кері ықпал етеді.
      Салауатты өмір салтын насихаттау, ішімдікке және нашақорлыққа қарсы насихат, ең алдымен өскелең ұрпақтың жаман әдеттерден бой тартуына әкелетін бағыт болып табылады.
      Маскүнемдікке, нашақорлыққа, уытқорлыққа душар болған адамдарды мәжбүрлі түрде емдеуге арналған наркологиялық диспансердің жұмысын жақсарту, есірткіге мойынұсынған адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды медициналық - әлеуметтік оңалтудың орталығын құру, жалпы білім  беретін мектептер мен басқа да оқу орындарында психобелсенді заттарды пайдалануын анықтау тұрғысында оқушыларды ұдайы тексеріп отыратын медициналық кабинеттерді ашу керек.
      Жалпы білім беретін және кәсіби мектептерде оқу үдерісін жетілдіру, мұғалімдердің рөлі мен мәртебесін арттыру, білім берудің мектептен тыс ұйымдары желісін кеңейту жөніндегі шараларды қабылдау, балалардың музыкалық, көркемсурет мектептерінің, спорт мектептерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек.
      Мұндай мектептерге аз қамтылған отбасынан шыққан балалардың бару мүмкіндігін атаулы қаржыландыру мәселесін шешу қажет.

4. Рецидивті қылмыстардың алдын алу

      Қылмыстық атқару жүйесін ізгілік жолына бұру мен кейінгі уақытта жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бейімдеу жөніндегі шаралар қатаң бақылау мен қайта қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікті күшейтуге ұласып, бұрын сотталғандар арасындағы криминогендік ахуалдың біршама тұрақтануына әкелді.
      2002 жылы бұрын қылмыс жасаған адамдар тарапынан жасалған 207 жуық қылмыс тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,7 пайызға азайған және соңғы жеті жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш болып табылады.
      Сонымен қатар, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырып жатқан қайта жасалатын қылмыстардың алдын алу жөніндегі шаралар жеткіліксіз. Мұндай санаттағы азаматтарды еңбекке орналастыру және тұрмыстық жағдай жасау мәселелері тиісті дәрежеде шешілмей отыр.
      Қалаларда тұрғылықты жері жоқ адамдарға арналған әлеуметтік оңалту орталықтарын құру және жұмыс істеп тұрған Орталықтарда орындар санын көбейту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
      Қайта жасалатын қылмыстар ахуалын бақылауды қамтамасыз ету мәселелерінде бұрын сотталғандармен жеке  алдын алу жұмысын ұйымдастыруға мән берілуге тиіс.

5. Қоғамның құқықтық мәдениеті
деңгейін арттыру

      Құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның дамуы жеке адамның мінез-құлқын қалыптастыратын мақсаты тұрақты жұмыстар жүргізбейінше мүмкін емес.
      Өзінің құқықтары мен міндеттері туралы қажетті заң білімі болуы әрбір жеке тұлғаның дамуы үшін міндетті шарт болуы тиіс, ал игеруге ұмтылу оның ішкі сеніміне сәйкес келуі керек, заң нормаларын орындау жазадан қорқу емес, белсенді азаматтық-құқықтық ұстаныммен айқындалуы тиіс. Қоғамның әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасау проблемаларын сезіну деңгейін арттыру қажет.
      Бұл міндеттерді іске асыру бірінші кезекте қалыптасып қалған құқықтық ойлау жүйесін өзгертуге бағытталған ақпараттық-құқықтық қамтудың тұтас жүйесін құруды көздейді, сонда құқық нормаларын білу, оны қолдана алу әр адам үшін міндеті болмақ, ал сот әділдігіне құрмет даулы жағдайларды шешуде көш қолданудан бас тартуға әкеледі.
      Жұртшылықпен байланыс жасауды кеңейту және тереңдету, бұл жұмысқа барлық құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдарды тарту, сондай-ақ тұрғылықты жердегі тұрғындармен, ауыл тұрғындарымен, пәтер иелері кооперативтерімен, педагогикалық ұжымдармен және оқу орындарының оқушыларымен  мақсатты жұмыстар жүргізуді жалғастыру керек.

6. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес.
Қылмыстарды ашу және тергеу

      Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестің табысты болуы құқық қорғау, фискалдық және арнайы органдардың бірлескен өзара іс-қимыл жасау деңгейін, олардың қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттырмайынша мүмкін емес.
      Ұйымдасқан қылмыстық топтардың экономикалық негізін, оларды қаржыландырудың көздерін және қылмыстық жолмен табылған ақша қаражаттарын заңдастыру арналарын анықтау мен жою жөніндегі кешенді шараларды іске асыру, сондай-ақ кәсіпкерлерді криминалдық құрылымдар тарапынан қорғау - құқық қорғау және арнайы органдардың орайласқан, келісілген және кәсіби іс-қимылдарын кешенді жүзеге асыру нәтижесінде ғана мүмкін болады.
      Соңғы жылдары қылмыстың үдей түсуі және оның түрленіп отыруы жедел тергеу бөлімшелерінің қызметін жетілдіруді, олардың өзара іс-әрекет жасауын жақсартуды, құқыққа қайшы көріністерге тиісінше қимыл көрсетуді талап етеді.

7. Есірткілердің заңсыз айналымына
қарсы күрес

      Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту мақсатында болып жатқан үдерістердің тереңдігі мен ауқымын алынып жатқан шаралардың кемшіліктері мен осал тұстарын тиісінше бағалау маңызды. Мемлекет пен қоғамның мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, барынша тиімді және неғұрлым шығынсыз шаралар кешенін нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрестің Маңғыстау облысының 2003 жылғы Бағдарламасын  іске асыру шеңберінде жүзеге асыру қажет.
      Құқық қорғау және арнайы органдар "Мак", "Допинг", "Канал", "Арна" кешенді жедел-алдын алу операцияларын және есірткілердің заңды айналымы жүйесіндегі құқық бұзушылықтарды анықтауға, оларды өткізу арналарын жабуға, жасырын есірткі зертханаларын анықтау мен жоюға, сондай-ақ шекара арқылы есірткілерді заңсыз өткізудің жолын кесуге бағытталған өзге де іс-шараларды жүргізу практикасын жалғастырады.
      Шекаралас аймақтарда есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың заңсыз  айналымына қарсы күрес саласында өзара іс-қимыл жасайтын ведомствоаралық орталықтар құру туралы мәселе қаралатын болады.

8. Терроризмге, экстремизмнің өзге де көріністеріне
және заңсыз ауып келуге қарсы күрес

      Терроризм мен экстремизм көріністеріне қарсы күрестің негізін алдын алу сипатындағы шаралар, елімізде терроризмге қарсы іс-қимыл жасаудың бірыңғай жүйесін жетілдіру, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қылмыстардың алдын алу мен жолын кесу жөніндегі дайындығын тиісті дәрежеде қамтамасыз ету және үйлестіру құрайды.
      Қазақстан Республикасының ТМД-ға кіретін мемлекеттермен жалғасатын мемлекеттік шекарасының ашықтығы Қазақстанға жақын және алыс шетелдерден бейберекет ауып келуге, заңсыз көшіп келуге, сондай-ақ шетелдерден криминогенді элементтердің, қарудың, есірткілердің енуіне қолайлы жағдай туғызады.

9. Экономикалық қылмысқа және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

      Облыс экономикасының криминалдық қарым-қатынастардан және шаруашылық жүргізудің әртүрлі салаларында криминалдық өрістердің пайда болуынан қорғалуы әлсіз. Экономикалық және сыбайлас жемқорлық  қылмыстарының едәуір бөлігінің, әсіресе сыртқы экономикалық қызмет саласында латентті, ізі жасырын болып отыр.
      Жекелеген қылмыстық топтардың іс-қимылы  көбіне ұйымдасқан сипатқа ие бола бастады, бұл еліміздегі әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастардың барлық жүйесі үшін едәуір қауіп төндіреді.
      Осыған байланысты, қиянат жасауды болдырмау мақсатында қаржы-шаруашылық қызмет саласында мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру, құқық қорғау органдары жұмысының нәтижелілігін, экономикалық қылмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау нысандары мен әдістерін арттыру, оның ішінде құқық қорғау, фискалдық, қаржы және басқа да мемлекеттік құрылымдардың күш-жігерін біріктіру жолымен арттыру негізгі міндеттер болып табылады.
      Қазақстан Республикасының 2010 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жоспарында, Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында  жазылған ережелерді іске асыру олардың қызметтерінің басым бағыттары болып табылады.

10. Қылмысқа қарсы күресті ақпараттық-
техникалық қамтамасыз ету

      Ішкі істер органдарында шоғырландырылған деректер банкін бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу, ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу жөніндегі міндеттерді іске асыру қылмысқа қарсы күресте барлық құқық қорғау органдарының жедел-іздестіру және анықтамалық сипаттағы (адамдарды, қару мен автокөлікті іздестіру; "криминалдық емес" қару мен автокөлік; полицияның көз қырына іліккен адамдар, т.б.) орталықтандырылған шоғырландырылған деректер банкін құруына және пайдалануына мүмкіндік береді.
      Қазақстан Республикасы құқық қорғау  органдарының бірыңғай  ақпараттық кеңістігін құрудың алғышарттары құралады. Бұл үшін Қазақстан Республикасы қаржы полициясы органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық - телекоммуникациялық жүйесіне қосылу, облыс аумағына шетелдіктердің кіруін және шығуын бақылаудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру жөніндегі жұмысты аяқтау, ішкі істер органдарының Бас прокуратураның жанындағы құқықтық статистика және ақпарат орталығындағы (Алматы қаласы) тегі бойынша картотеканың орталық банкінен мәліметтерді жедел талап етуі жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру, ішкі істер органдарында прокуратура органдарының біріздендірілген статистикалық жүйесі деректерінің базаларына қашықтықтан ену жүйесін (түзету құқығынсыз) енгізу керек.
      Астана және Алматы қалаларында жедел  басқару орталықтарын пайдалануға беру ақпараттық технологиялар, байланыс және телекоммуникациялар саласындағы қазіргі заманғы жетістіктері пайдалану арқылы ішкі істер органдарының әртүрлі басқару буындарында ақпараттық жүйелерді құрудың тиімділігін растап отыр, мұны біздің облысқа да енгізу қажет.

11. Құқық қорғау органдарының
қызметіндегі заңдылықты нығайту

      Құқық қорғау органдарының қызметінде заң нормаларын сақтаудан ауытқу құқық қорғаудың оң үрдістерін ғана емес, сонымен қатар қоғамды демократияландыру, жаңа қазақстандық мемлекеттің қалыптасуы, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау кепілдіктерін күшейтуді тұрақсыздандыру факторы болып табылады. Бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарынан туындайды.
      Құқық қорғау, арнайы органдардың, соттардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінде азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі конституциялық кепілдіктерді қамтамасыз ету білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз етуге, адвокаттардың өз міндеттерін тиісінше атқармағаны үшін жауапкершілігін күшейтуге, азаматтарды баламалы негізде сараптамалардың барлық түрлерін жүргізу мүмкіндіктерімен толық қамтамасыз етуге бағытталған кейбір заңнамалық кесімдерді өзгертуді талап етеді.
      "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңын  іске асырудың айқын тетігін әзірлеу қажет.
      Құқық қорғау органдары мен соттарда есірткі құралдарын сақтау және жою тәртібін ретке келтіру есірткілердің қосарланған айналымға түсуін, оларды дәлелдемелерді бұрмалауға пайдалану мүмкіндіктерін және басқа да заңсыз әрекеттерді қысқартады.
      Қаза болғандар, зардап шеккендер, медициналық мекемелерге және "Қайғылы оқиғалар бюросы" арқылы жеткізілгендер туралы дер кезінде хабардар етілуі, азаматтардың құқық қорғау органдары мен медициналық мекемелерге мақсатсыз жүгінуін болдырмайды.
      Заңдылықты нығайту,  азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау туралы талаптар құқық қорғау органдары ұжымдарындағы жоғары ұйымдастырушылық және адамгершілік-тәрбие жұмыстарымен нығайтылуы тиіс.

12. Құқық қорғау органдарының кадр
саясатын жетілдіру

      Облыстық құқық қорғау органдары қызметін кадрлармен қамтамасыз ету өзекті проблема болып  отыр. Құқық қорғау органдары, әсіресе кадрлардың тұрақтамауы жоғары болып отырған ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейі уақыт талабына сай емес.
      Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің тарапынан болатын заң бұзушылықтар, азаматтардың конституциялық құқықтарын шектеу жоғары деңгейде қалып отыр.
      Азаматтың, қоғамның, мемлекеттің мүдделеріне жауап беретін кадр саясатын жүзеге асыру қызметтің негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
      Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін азаматтардың конституциялық құқықтарын, олардың ар-намысын құрметтеуге тәрбиелеу, азаматтарға тілектестік қарым-қатынасты қалыптастыру кадр саясатының басым бағыты болуы тиіс.
      Құқық қорғау органдарының кадрларын іріктеуге, даярлауға және қайта даярлауға айырықша көңіл бөлу, қызметкерлер үшін әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерді қамтамасыз ету және тұрақты кәсіби кадр тобын қалыптастыру мен нығайту жөнінде шаралар қабылдау қажет.
      Қызметтің нақты бағыттары бойынша практикадағы
қажеттіліктермен барынша байланыстыра отырып, оқу орындарында мамандар даярлау деңгейін арттыру қажет.
      Арнайы, жауынгерлік, дене шынықтыру даярлығын, жеке құрамның біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру, оның материалдық - техникалық базасын нығайту қажет.
      Заңдылықты және қызметкерлердің тәртібін нығайту, өз қатарларында сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы әрекет жасау бойынша күш-жігерді үдете түсу жөніндегі жұмыстар құқық қорғау және фискалдық органдарды реформалау жөніндегі шаралар кешенінің құрамдас бөлігі болуы тиіс.

13. Қылмысқа қарсы күрестің құқықтық
базасын одан әрі дамыту

      Қазіргі кезде құқық жүйесін құқық қорғау органдары қызметіндегі жазалау - қудалауға ұшырату бағытынан және сот өндірісінде айыптауға бейімделуден тазарту жүргізілуде. Қабылданған заң актілерінің барлық маңыздылығына қарамастан, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту мақсатында қылмысқа қарсы күрес бағытындағы қолда бар құқықтық базаны одан әрі дамыту және жетілдіру қажеттігін мойындамауға болмайды.
      Қылмыстық заңнамада адамның бостандығы мен құқықтары заңмен қорғалатын  бірінші және біртұтас жоғары әлеуметтік құндылықтар екендігін мойындау керек.
      Осыған орай қылмыстық саясат ізгілік пен декриминализация, сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту бағытында дамуы тиіс.
      Қылмыстардың  алдын алу, жедел-іздестіру қызметін жетілдіру, азаматтардың заңды орындаудағы құқықтық сана-сезімін қалыптастыру басым бағыттар болуы тиіс.
      Қылмысқа қарсы күрес саласында құқықтық реттеудегі олқылықтардың орнын толтыру қажет.
      Адамдардың әртүрлі санаттарын іздестіруге байланысты заңнама нормаларын нақтылай түсу қажеттілігі пісіп-жетілді. Бұл барлық мемлекеттік органдардың қылмыскерлерді іздестірудегі рөлін және оған қатысуын; тергеуден, анықтау мен  соттан жасырынған; алимент төлеуден жалтарушы; хабарсыз жоғалған адамдарды; азаматтық істер бойынша жауап берушілер мен борышкерлерді;  мемлекеттік органдар іздестіретін өзге де адамдарды айқындау мүмкіндігін береді.
      Азаматтарды қылмыстық қудалау, істерді сотта қарау барысында оларға қызметтер көрсететін аудармашыларға еңбекақы төлеу жөніндегі есептің (тарифтің) бірыңғай ережелерін әзірлеу қажет.
      Халықаралық  қауымдастыққа төнген қауіпті ескере отырып, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық және оның аса қауіпті көріністерінің  терроризмнің, діни экстремизмнің, есірткі бизнесінің, адамдарды саудалаудың, қару мен оқ-дәрілерін заңсыз әзірлеудің және олардың айналымының, сыбайлас жемқорлық сипатындағы, оның ішінде ақшаның жылыстауы саласына жататын қылмыстардың алдын алу мен жолын кесу саласындағы заңнаманы жетілдіруге ерекше назар аудару керек.

14. Қылмысқа қарсы күрестегі
халықаралық ынтымақтастық

      Қылмысқа қарсы күрес саласындағы Қазақстан Республикасының 2003-2004 жылдарға арналған халықаралық ынтымақтастығын дамыту шетел мемлекеттерінің құқық қорғау органдарымен өзара практикалық іс-әрекет жасауын нығайтуға бағытталатын болады, ол ұлттық заңнамаға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
      Шетел мемлекеттерінің құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-әрекет жасаудың аса прогрессивті нысандарын реттейтін қылмысқа қарсы күрес саласындағы екі жақты  ынтымақтастықтың шартты-құқықтық базасын құру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен, әсіресе Еуразиялық экономикалық қоғамдастық және Орталық Азия қоғамдастығы мемлекеттерінің тиісті құрылымдарымен екі жақты пішімді диалогты жандандыра түсу қажет.
      Еуропа Одағы мемлекеттерінің құқық қорғау органдарымен  кәсіби байланыстар орнату айырықша көңіл бөлуді талап етеді.
      Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының БҰҰ-ның құқық қорғау саласындағы жобалары мен бағдарламаларына қатысуын жандандыру қажет.
      Нақты қадамдар аймақтық ұйымдарды құрайтын мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен өзара қарым-қатынасты нығайтуға бағытталуы тиіс. Осыған орай, басты назар ішкі істер министрлерінің Кеңесі, қауіпсіздік органдары мен арнайы қызметтер  басшыларының кеңесі, бас прокурорлар Кеңесі, кеден органдарының Кеңесі және басқа да кеңестер шеңберінде құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің көпжақты өзара іс-әрекетін қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Қылмысқа қарсы күрестің бірлескен шараларының мемлекетаралық бағдарламасын және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің халықаралық терроризм мен экстремизмнің өзге де көріністеріне қарсы күрес жөніндегі 2003 жылға дейінгі кезеңге арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі шараларды қабылдау қажет.
      Шекаралас мемлекеттердің ішкі істер органдарымен шекаралық ынтымақтастық басым болуы тиіс.
      Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ШЫҰ-ның Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы қызметінің шеңберінде өзара іс-әрекет жасауды нығайтуға бағытталған шаралардың ерекше мәні бар.
      Маңғыстау облысының құқық қорғау және арнайы органдары өз құзыреттері шегінде шетел  мемлекеттерінің тиісті құрылымдарымен қолда бар әріптестік қарым-қатынастарды нығайту және кеңейту жөніндегі, ең алдымен қылмыс жасаған адамдарды ұстап беру, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету, бірлескен жедел-іздестіру және алдын алу шараларын, сондай-ақ арнайы операцияларды жүзеге асыру мәселелері жөніндегі шараларды қабылдайтын болады.
      Ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорлардың заңсыз айналымына, терроризм мен  өзге де қылмыс түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық  туралы үлгілік халықаралық шарттарды, ведомствоаралық деңгейде көпжақты және екіжақты нысандағы шарттарды жасау практикасы жалғастырылатын болады.
      Мемлекеттің қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық Конвенцияларға қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қадамдарға ықпал ету қажет.

Бағдарламаны іске асырудың мониторингі

      Жауапты орындаушылар бірлесе орындаушылармен бірге іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуына, Бағдарламаны іске асыру үшін бөлінетін қаражаттың ұтымды пайдаланылуына жауап береді.
      Қажет болғанда Бағдарламаны іске асыруға қатысатын жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ тиісті бюджет комиссиялары заңнамада белгіленген тәртіппен Бағдарламаны және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын түзету жөнінде ұсыныстар енгізе алады.
      Бағдарламаның іс-шараларын орындау барысы мен нәтижелері "Құқық тәртібі" облыстық штабы Төрағасының шешімі бойынша Бағдарламаның орындаушылары-жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының есептерін тыңдау арқылы штабтың отырысында қаралуы мүмкін.

6. БАҒДАРЛАМАНЫ РЕСУРСТЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

      Қаржы шығындарын талап ететін Бағдарлама іс-шараларын іске асыру жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен көзделген.
      Жергілікті бюджеттен Бағдарламаның іс-шараларын іске асыруға бағытталған ықтимал шығыстар 102868160 теңге, (2003 жылы - 500000  теңге, 2004 жылы - 102368160 теңге) құрайды.

7. БАҒДАРЛАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУДАН КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕЛЕР

      Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде:
      құқық бұзушылықтың әлеуметтік алдын алудың тиісті жүйесін құрудың негізі қаланады, құқыққа қарсы әрекет жасауға бейім азаматтарды бақылау күшейеді;
      тұтастай  алғанда, облыстағы криминалдық ахуал жақсарады, қылмысқа қарсы күрес күшейе түседі, ауыр қылмыстардың азаю үрдісі байқалады (олардың тіркелген саны жыл сайынғы бастамалық деңгейден 10 мың тұрғынға 10 қылмыстан аспайды), қылмыстарды ашу жоғарылайды;
      қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірулерге жіті қимыл көрсету қамтамасыз етілетін болады;
      көшелердегі және басқа да қоғамдық орындардағы ахуал жақсарады;
      экономиканың криминализациялану деңгейі төмендейді, салық және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдер артады;
      халықтың құқықтық сана-сезімінің, олардың мемлекет пен құқық қорғау органдарына сенімінің деңгейі жоғарылайды, азаматтардың құқық қорғау органдарымен өзара қарым  қатынасы жақсарады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады