Аспирантура мен докторантураға қабылдаудың Типтiк ережесiн бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 23 шілдедегі N 645 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2004 жылғы 13 тамызда тіркелді. Тіркеу N 3005. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 1 сәуірдегі N 161 Бұйрығымен

       Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008.04.01  N 161  (қолданысқа енгізілу тәртібін  5-тармақтан  қараңыз) Бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының "Бiлiм туралы"  Заңын  iске асыру мақсатында бұйырамын:
      1. Қоса берiлген аспирантура мен докторантураға қабылдаудың Типтiк ережесi бекiтiлсiн.
      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм департаментi (Әбдiрәсiлов Б.С.) осы бұйрықты белгiленген тәртiпте Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiне мемлекеттiк тiркеуден өткізуге ұсынсын.
      3. Осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткен күнiнен бастан күшiне енедi.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр Г.H. Гамарникке жүктелсiн.

       Министр

Қазақстан Республикасы     
Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң
N 645 23 шілде 2004 ж.  
"Аспирантураға, докторантураға
қабылдаудың типтiк ережесi" 
бұйрығымен бекiтiлген     

  Аспирантураға, докторантураға
қабылдаудың типтiк ережесi

1. Жалпы ережелер

      1. Аспирантураға, докторантураға қабылдаудың ережесi (бұдан әрi - Ереже) " Бiлiм туралы ", " Ғылым туралы " Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзiрленген.

      2. Ереже Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдарының аспирантурасы мен докторантурасына тұлғаларды қабылдаудың тәртiбiн анықтайды.

      3. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарының аспиранттары мен докторанттары контингентiн қалыптастыру ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға арналған мемлекеттiк тапсырысты орналастыру, заңды және жеке тұлғалардың қаражаты есебiнен оқуға ақы төлеу арқылы жүзеге асырылады.

      4. Шетел азаматы болып табылатын қазақ ұлты тұлғаларының жоғары оқу орнынан кейінгi бiлiм aлуғa Қазақстан Республикасының азаматтарымен құқықтары бiрдей.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетел азаматтары және азаматтығы жоқ тұлғалар аспирантурада, докторантурада Қазақстан Республикасының заңнамасымен, халықаралық шарттармен бекiтiлген тәртiп бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарымен бiрдей бiлiм алуға құқылы.
      Басқа шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғалар жоғары оқу орындарының, ғылыми мекемелердiң аспирантурасы мен докторантурасына ақылы негiзде Қазақстан Республикасында бекiтiлген халықаралық шарттар негiзiнде қабылданады.

      5. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгiне, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiне, Қазақстан Республикасының экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi агенттiгiне (Қаржы полициясы), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігіне, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясына ведомстволық қарасты жоғары оқу орындарының, ғылыми мекемелердiң аспирантурасы мен докторантурасына азаматтарды қабылдау бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органның келiсiмiмен жекелеген нормативтiк құқықтық құжаттармен реттеледi.
       Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Білім және Ғылым министрінің 2007.05.17. N  252  бұйрығымен.

      6. Жоғары оқу орны, ғылыми мекеме тек тиiстi лицензиялары болғанда ғана аспирантураға, докторантураға мамандықтар бойынша оқыту үшiн қабылдауды жариялайды.

      7. Бюджет қаражаты есебiнен мемлекеттiк жоғары оқу орындарының, ғылыми мекемелердiң аспирантурасы мен докторантурасына оқу үшiн қабылданатын азаматтар саны бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органымен конкурстық негiзде жыл сайын орналастырылатын мемлекеттік тапсырыстың шегiнде анықталады.

      8. Жоғары оқу орындары, ғылыми мекемелер бiлiм беру саласындағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңды немесе жеке тұлғалардың есебiнен шарт негiзiнде бiлiм саласындағы өкiлеттi орган бекiткен қабылдау жоспарының сыртында ақылы оқуға қабылдауды жүзеге асыруға құқылы.

      9. Аспирантура, докторантураға түсу емтихандарын өткiзу және қабылдау кезеңiнде жоғары оқу орындарында, ғылыми мекемелерде қабылдау, пәндiк емтихандық және аппеляциялық комиссия құрылады.
      Ұйым басшысы қабылдау комиссиясының төрағасы болып табылады.
      Құрамына төраға және үш мүше кiрген пәндiк комиссия тиiстi мамандық бойынша осы жоғары оқу орнының және ғылыми мекеменiң жоғары бiлiктi ғалымдарының қатарынан құрылады, олардың екеуi мамандық саласы бойынша ғылым докторы, ал қалғандары ғылым кандидаттары болуы керек.
      Апелляциялық комиссияның төрағасы және Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң өкiлдерi бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы органның бұйрығымен бекiтiледi.

      10. Конкурстық iрiктеудi қамтамасыз ету үшiн жоғары оқу орнына және ғылыми мекемеге құжаттар тапсыру мерзiмiнен 1 ай бұрын орталық баспада мамандықтары, құжат тапсыру мерзiмi анықталып аспирантура және докторантураға қабылдау жөнiнде хабарлама жарияланады.

      11. Аспирантураға түсушiлер: бiр шет тiлi бойынша, философиядан және арнайы пәннен түсу емтихандарын тапсырады.

      12. Докторантураға түсушiлер: бiр шет тiлi бойынша және арнайы пәннен емтихан тапсырады.

      13. Шетел тiлi, философия бойынша түсу емтихандарын бiлiм беру саласындағы орталық атқарушы орган құрған орталықтарда стандартталған тестiлеу технология бойынша тапсырылады.

      14. Арнайы пән бойынша емтихан жоғары бiлiмнiң және жоғары оқудан кейiнгi қолданыстағы бiлiм беру бағдарламалары көлемiнде жоғары оқу орындарының, ғылыми мекемелердiң басшылары бекiткен қабылдау комиссияларымен өткiзiледi.

      15. Емтихандарды қайта тапсыруға рұқсат берiлмейдi.

      16. Жоғары оқу орындары және ғылыми ұйымдардың аспирантурасы мен докторантурасына түсушілерден өтініштерді қабылдау 1-20 шілде аралығында жүргізіледі.
       Ескерту: 16-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2006 жылғы 15 мамырдағы N 260  бұйрығымен   (қолданысқа енгізілу мерзімін  3-тармақтан  қараңыз).

      17. Аспирантура мен докторантураға түсу емтихандары 5-20 тамыз аралығында өткізіледі, оқуға қабылдау - 31 тамызға дейін.
       Ескерту: 17-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2006 жылғы 15 мамырдағы N 260  бұйрығымен   (қолданысқа енгізілу мерзімін  3-тармақтан  қараңыз).

  2. Аспирантураға қабылдау тәртiбi

      18. Аспирантураға жоғары кәсiптiк, жоғары ғылыми-педагогикалық бiлiмi және ғылыми жұмыста жетiстiктерi бар азаматтар қабылданады.

      19. Мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша аспирантураға оқуға қабылдау конкурстық негiзде түсу емтихандарының нәтижесi бойынша өткiзiледi.

      20. Аспирантураға түсушi тұлғалар жоғары оқу орнына, ғылыми мекемеге мынадай құжаттар ұсынады:
      басшының атына жазылған өтiнiш;
      жоғары білiмi туралы құжаттың қосымшасымен көшiрмесi;
      кадрларды есепке алу жөнiндегi жеке парақ және еңбек кiтапшасының көшiрмесi (жұмысқа орналасқан тұлғалар үшiн);
      ғылыми және ғылыми-әдiстемелiк еңбектерiнiң тiзiмi;
      086-У нысанды дәрiгерлiк анықтама;
      басқа жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерге түсушi тұлғалар үшiн ұсыным хат;
      келiсiм-шарт негiзiнде түсушi тұлғалар үшiн келiсiм-шарттың жасалуын және оқу үшiн шығындардың өтелуiн кепiлдейтiн хат.

      21. Аспирантураға түсушi тұлғалар болжамдалған ғылыми жетекшiмен сұқбаттасудан өтiп, соңғысы қабылдау комиссиясына ғылыми жетекшiлiктi жүзеге асыруға келiскенi жөнiнде хабарлайды.

      22. Аспирантураға түсушiлер тестiлеу нысанында шет тiлдерiнiң бірiнен, философиядан жоғары оқу орындарының түлектерiне бекiтiлген бағдарлама көлемiнде емтихан тапсырады.
      Жоғары кәсiптiк бiлiм бағдарламалары көлемiндегi арнайы пән бойынша емтиханды жоғары оқу орындарының және ғылыми мекемелердiң қабылдау комиссиялары ауызша немесе жазбаша түрде өткiзедi.

      23. Қабылдау комиссиясы түсу емтихандарының нәтижесi және болжамдалған ғылыми жетекшiмен сұқбаттасу негiзiнде әрбiр кандидат бойынша шешiм қабылдайды.
      Қабылдау кезiнде баллдары бiрдей болған жағдайда үздiк дипломы бар тұлғаларға, содан кейiн бейiндi пән бойынша жоғары баға алғандарға басымдылық құқығы берiледi.

      24. Оқуға аспиранттар қатарына қабылдау ұйым басшысының бұйрығымен мемлекеттiк тапсырыс немесе жасалған шарттарға сәйкес өткiзiледi.

  3. Докторантураға қабылдау тәртiбi

      25. Докторантураға конкурстық негiзде ғылым кандидатының дипломы бар, бейiндi ғылыми мамандық саласы бойынша ғылыми жетiстiктерге жеткен, өздерiн жоғары дәрежеде iргелi және қолданбалы зерттеулердi өткiзiп, iрi ғылыми мәселелердi шеше алатын перспективтi ғылыми және ғылыми-педагогикалық жұмыскер ретiнде танытқан тұлғалар қабылданады.

      26. Докторантураға түсушiлер жоғары оқу орнына, ғылыми мекемелерге мынадай құжаттар тапсырады:
      басшының атына жазылған өтiнiш;
      ұсынған ұйымның ғылыми кеңесiнiң шешiмi;
      жоғары кәсiптiк бiлiм және ғылым кандидаты туралы дипломдарының көшiрмелерi;
      ғылыми және ғылыми-әдiстемелiк еңбектердiң тiзiмi;
      докторлық диссертацияның толық ашылған жоспары;
      086-У нысанды дәрiгерлiк анықтамасы;
      кадрларды есепке алу жөнiндегi жеке парақ және еңбек кiтапшасының көшiрмесi (жұмысқа орналасқан тұлғалар үшiн);
      басқа жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерге түсушi тұлғалар үшiн ұсыным хат;
      келiсiм-шарт негiзiнде түсушi тұлғалар үшiн шарттың жасалуын және оқу үшiн шығындардың өтелуiн кепiлдейтiн хат.

      27. Докторантураға қабылдау конкурстық негiзде түсу емтихандардың нәтижелерi және тапсырылған конкурстық құжаттарды қарастыру арқылы жүзеге асырылады.
      Докторантураға түсушiлер тестiлеу нысанында аспирантура түлектерiне бекiтiлген бағдарлама көлемiнде шет тiлдерiнiң бiрi арқылы емтихан тапсырады.
      Тиiстi мамандыққа сәйкес кандидаттық минимум көлемiндегi арнайы пән бойынша емтихан жоғары оқу орындарының, ғылыми мекемелердiң қабылдау комиссияларымен ауызша түрде өткiзiледi.

      28. Оқуға докторанттар қатарына қабылдау ұйым басшысының бұйрығымен жоғары оқу орнының және ғылыми мекеменiң Ғылыми кеңестiң шешiмi негiзiнде мемлекеттiк тапсырыс немесе жасалған шарттарға сәйкес өткiзiледi.

      29. Осы ережеде реттелмеген мәселелердi жоғары оқу орындарының және ғылыми мекемелердiң қабылдау комиссиялары шешедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады