Шетелдік және халықаралық ұйымдардың қаражатын (гранттарын) пайдаланып іске асырылатын ғылыми-техникалық жобаларды патенттік-құқықтық сараптау ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Әділет министрінің 2004 жылғы 6 қыркүйектегі N 255, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің 2004 жылғы 1 қыркүйектегі N 708, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің 2004 жылғы 1 қыркүйектегі N 08-1/206, Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрінің 2004 жылғы 2 қыркүйектегі N 236 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 20 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 3079

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі N 712-1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру жөніндегі 2003-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 5.3.2.11-тармағын іске асыру мақсатында бұйырамыз:
      1. Қоса беріліп отырған Шетелдік және халықаралық ұйымдардың қаражатын (гранттарын) пайдаланып іске асырылатын ғылыми-техникалық жобаларды патенттік-құқықтық сараптау ережесі бекітілсін.
      2. Осы Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Ж.Қ.Асановқа, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер вице-министрі Н.Б.Оңжановқа, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Н.С.Бектұрғановқа, Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда вице-министрі Ә.Ө.Исекешевке жүктелсін.

      Қазақстан Республикасының
      Әділет министрі

      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым министрі

      Қазақстан Республикасының
      Сыртқы істер министрі
      Қазақстан Республикасының
      Индустрия және сауда министрі

"Шетелдік және халықаралық     
ұйымдардың қаражатын (гранттарын)  
пайдаланып іске асырылатын ғылыми- 
техникалық жобаларды патенттік-   
құқықтық сараптау ережесін бекіту  
туралы" Қазақстан Республикасы  
Әділет министрінің         
2004 жылғы 6 қыркүйектегі N 255  
Қазақстан Республикасы Сыртқы   
істер министрінің 2004 жылғы    
1 қыркүйектегі N 08-1/206      
Қазақстан Республикасы Білім    
және ғылым министрінің        
2004 жылғы 1 қыркүйектегі N 708   
Қазақстан Республикасы Индустрия  
және сауда министрінің        
2004 жылғы 2 қыркүйектегі N 236   
бірлескен бұйрығымен бекітілген   

  Шетелдік және халықаралық ұйымдардың қаражатын
(гранттарын) пайдаланып іске асырылатын ғылыми-техникалық жобаларды патенттік-құқықтық сараптау ережесі 1-тарау. Жеке ережелер

      1. Осы Шетелдік және халықаралық ұйымдардың қаражатын (гранттарын) пайдаланып іске асырылатын ғылыми-техникалық жобаларды патенттік-құқықтық сараптау ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі N 712-1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру жөніндегі 2003-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленген.

      2. Ереже шетелдік және халықаралық ұйымдардың қаражатын (гранттарын) пайдаланып іске асырылатын ғылыми-техникалық жобаларға патенттік-құқықтық сараптама жүргізу тәртібін және негізгі қағидаттарын белгілейді.

      3. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      1) патенттік-құқықтық сараптама - зияткерлік қызмет нәтижелерінің құқықтық қорғалуын Қазақстан Республикасы заңдарының нормаларына сәйкес кешенді талдау;
      2) грант - грант берушілер мен грант алуға үміткерлер арасындағы шартпен көзделген талаптар қойылып, нақты ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін тегін және қайтарусыз берілетін ақша және өзге мүлік;
      3) грант туралы шарт - грант берушілер мен грант алушылар арасында нақты ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін тегін және қайтарусыз ақша және өзге мүлік беру туралы жасалған шарт (келісім);
      4) грант беруші - грант туралы жасалған шартқа сәйкес грант беретін халықаралық және шетелдік ұйымдар;
      5) грант алушы - грант туралы жасалған шартқа сәйкес грант алушы және оны иеленетін Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары;
      6) ғылыми-техникалық жоба - жоспарланатын жұмыстардың мақсаты мен міндеттерін, өзектілігін, жаңалығын, ғылыми-практикалық маңыздылығы мен тиімділігін негіздей отырып, ғылыми, ғылыми-техникалық, ғылыми-білім беру, тәжірибелік-конструкторлық, маркетингтік зерттеулер болып табылатын болжамды ғылыми-техникалық еңбектің мазмұнын қамтитын құжат;
      7) ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелері (бұдан әрі- ҒТҚН) - ғылыми-техникалық жобаны орындау процесінде алынған зияткерлік меншікті қамтитын нәтижелер, инженерлік және жобалау-конструкторлық қызметтің нәтижелері;
      8) сарапшы - бұл зияткерлік меншік саласында арнайы білімі бар тұлға.

  2-тарау. Шетелдік және халықаралық ұйымдардың қаражатын (гранттарын) пайдаланып іске асырылатын ғылыми-техникалық жобалардың патенттік-құқықтық сараптамасын жүргізу

      4. Сараптаманы грант алуға үміткер жүргізеді.
      Грант алуға үміткер сараптама жүргізу үшін зияткерлік меншік құқығын қорғау саласында уәкілетті органның сарапшылық ұйымына жолдануы мүмкін.

      5. Грант берушінің қаражатын (гранттарын) пайдаланып іске асырылатын ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру барысында немесе/және нәтижесінде жасалған зияткерлік меншіктің құқықтық қорғалуы туралы қорытынды алу үшін объективті және кешенді талдау жүргізу сараптаманың негізгі міндеттері болып табылады.

      6. Сараптама жасау патенттік-құқықтық сараптаманы жүйелі ұйымдастыру, нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету және патенттік-құқықтық сараптама процесіне қатысушылардың тәуелсіздігі принциптеріне негізделеді.

      7. Сараптама екі кезеңнен тұрады:
      бірінші кезең - ғылыми-техникалық жобаны сараптау;
      екінші кезең - грант бойынша орындалған жұмыс туралы есепті сараптау және ғылыми-техникалық жоба сараптамасының қорытындысын құжаттамалық ресімдеу.

  3-тарау. Сараптаманың бірінші кезеңі

      8. Сараптаманың бірінші кезеңі грант алар алдында жүргізіледі және мынадай үш негізгі кезеңді қамтиды:
      1) ғылыми-техникалық жобаны талдау;
      2) патенттік зерттеулерді жүргізу;
      3) грант алуға үміткердің грант туралы шарт жасасқанға дейінгі кезеңде грант тақырыбы бойынша ұсынған алдыңғы ҒТҚН-ға құқықтары туралы қорытынды.

      9. Ғылыми-техникалық жобаны талдау кезінде мыналар анықталады:
      1) жобаның мақсаттары мен міндеттері;
      2) жобаның негізгі бағыттары;
      3) техникалық деңгейі және басқалар.

      10. Егер грант алуға үміткер мемлекеттік ұйым болып табылса не ҒТҚН әзірлеуге мемлекеттік ұйым қатысса, патенттік зерттеулерді грант алушы органның уәкілетті органы бекітуі тиіс.

      11. Алдыңғы ҒТҚН-ға құқықтар туралы қорытынды:
      1) өнертабыстарға, өнеркәсіптік үлгілерге, пайдалы модельдерге және қорғау құжаттарымен қорғалмаған ҒТҚН-ға құқықтарды қоса алғанда, өнеркәсіптік меншік объектілеріне;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғау құжаттары алынуы мүмкін болатын ҒТҚН-ға;
      3) өндіріс құпиясын құрайтын техникалық, ұйымдық немесе коммерциялық ақпарат болып табылатын ҒТҚН-ға ғылыми-техникалық жобаны орындау бойынша жұмыстардың басталуы алдындағы ҒТҚН-ға құқықтардың болуы туралы мәліметтерді қамтуы тиіс.

      12. Сараптаманың бірінші кезеңі аяқталысымен сарапшы мына ақпаратты:
      1) ғылыми-техникалық жобаның атауын;
      2) грант алуға үміткердің атауын және деректемелерін;
      3) грант берушінің атауын және деректемелерін;
      4) ғылыми-техникалық жобаның талдамасын;
      5) патенттік зерттеулердің нәтижелерін;
      6) грант алуға үміткердің грант тақырыбы бойынша грант туралы шарт жасасқанға дейінгі кезеңде алған алдыңғы ҒТҚН-ға құқықтары туралы қорытындыны;
      7) ғылыми-техникалық жобаны іске асыру мерзімі мен уақытын көрсете отырып, ұсынылған құжаттардың заңдар мен осы Ереженің талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды шығарады.

      13. Грант алуға үміткер, қажет болса өзінің уәкілетті органына сараптама қорытындысын бере алады.

  4-тарау. Патенттік-құқықтық сараптаманың
екінші кезеңі

      14. Грант бойынша жоба бағдарламасын орындау аяқталғаннан кейін грант алушы ғылыми-техникалық жоба бойынша орындалған жұмыстар туралы есепке сараптама жасайды.

      15. Сараптаманың екінші кезеңі мынадай төрт кезеңді қамтиды:
      1) патенттік зерттеулерді талдау;
      2) грант алушы грант туралы шарт жасалғанға дейінгі кезеңде алдыңғы ҒТҚН-ға грант тақырыбы бойынша алған құқықтары туралы қорытындыларды талдау;
      3) Грант бойынша жұмыстарды орындау кезінде алынған ҒТҚН-ға құқықтар туралы қорытындылар;
      4) ғылыми-техникалық сараптама қорытындыларын талдау.

      16. Грант алушы грант туралы жасалған шартқа сәйкес ғылыми-техникалық жоба бойынша жұмыстарды орындау кезінде ҒТҚН-ға алынған құқықтары туралы қорытындыны ұсынады.
      Қорытынды:
      1) өнертабыстарға, өнеркәсіптік үлгілерге, пайдалы модельдерге және қорғау құжаттарымен қорғалмаған ҒТҚН-ға құқықтарды қоса алғанда өнеркәсіптік меншік объектілеріне;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қорғау құжаттары алынуы мүмкін болатын ҒТҚН-ға ғылыми-техникалық жобаны орындау кезінде алынған зияткерлік меншік объектілері туралы мәліметтерді қамтуы тиіс.

      17. Қорытынды ҒТҚН-да мемлекеттік құпияны немесе өндіріс құпиясын құрайтын техникалық, ұйымдық немесе коммерциялық ақпарат болып табылатын мәліметтердің бар-жоғы туралы мәліметті қамтуы тиіс.

      18. Сараптаманың нәтижелері эксперттік қорытынды түрінде құжаттамамен ресімделеді.

      19. Ұсынылған материалдардың Қазақстан Республикасының заңдары мен осы Ереженің талаптарына сәйкестігі туралы сараптаманың қорытындысы мынадай ақпаратты:
      1) ғылыми-техникалық жобаның атауын;
      2) грант алушының атауын және деректемелерін;
      3) грант берушінің атауын және деректемелерін;
      4) грант алушы жүргізген патенттік зерттеулердің талдамасын;
      5) грант алушының грант тақырыбы бойынша грант туралы шарт жасасқанға дейінгі кезеңде алған алдыңғы ҒТҚН-ға құқықтары туралы қорытындының талдамасын;
      6) грант бойынша жұмыстарды орындау кезінде ҒТҚН-ға алынған құқықтар туралы қорытындыны;
      7) ғылыми-техникалық жобаны іске асыру мерзімі мен уақытын;
      8) ғылыми-техникалық жобаны орындау процесінде алынған ҒТҚН-ны құқықтық қорғау туралы мәліметтерді;
      9) ҒТҚН-да мемлекеттік құпияны немесе грант алушының уәкілетті органының өндіріс құпиясын құрайтын техникалық, ұйымдық немесе коммерциялық ақпарат болып табылатын мәліметтердің бар-жоғы туралы мәліметтерді қамтиды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады