Жануарлардың санын реттеу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2004 жылғы 1 желтоқсандағы N 714 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2004 жылғы 29 жетоқсанда тіркелді. Тіркеу N 3316. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы № 10-1/18 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012.01.17 № 10-1/18 (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы Заңының 46 бабына сәйкес және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2004 жылғы 29 қыркүйектегі "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы N 286-ө өкімін іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН :
      1. Қоса беріліп отырған "Жануарлардың санын реттеу ережесі" бекітілсін.
      2. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің Төрағасы Н.А.Хадыркеевке және Балық шаруашылығы комитетінің Төрағасы Қ.Б. Сүлейменовке жүктелсін.
       Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2008.12.10 N 754 Бұйрығымен.
      3. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап күшіне енеді.

      Министрдің
      міндетін атқарушы

      Келісілді:
      Қазақстан Республикасының
      Қоршаған ортаны
      қорғау министрлігі

      2004 ж. __ ______________

      Келісілді:
      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау министрлігі
 
            2004 ж. __ _________________

Қазақстан Республикасы   
Ауыл шаруашылығы министрінің
2004 жылғы 1 желтоқсандағы 
N 714 бұйрығымен бекітілген

Жануарлардың санын реттеу ережесі

      Жануарлардың санын реттеудің осы ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және жануарлардың санын реттеудің тәртібін айқындайды.

Жалпы ережелер

      1. Жануарлардың санын реттеу:
      1) халық денсаулығын сақтау мақсатында жануарлардың санын реттеу адам өміріне елеулі қатер төнген жағдайда немесе халық денсаулығына қатер төнген жағдайда, егер осындай қатер бір немесе бірнеше әкімшілік ауданның (облыстың) аумағында пайда болса (немесе оның пайда болуының айқын қаупі орын алса), жүзеге асырылады;
      2) ауыл шаруашылық және үй жануарларының ауруларын болдырмау мақсатында жануарлардың санын реттеу жабайы және ауыл шаруашылық немесе үй жануарлары үшін ортақ қауіпті инфекциялармен ауыру фактісі анықталған кезде, сондай-ақ ауыл шаруашылық немесе үй жануарлары жабайы жануарлардан жұқпалы аурулар жұқтырған жағдайларда жүзеге асырылады;
      3) ауыл шаруашылығына және экономиканың басқа да салаларына нұқсан келтірілген (немесе нұқсан келтірудің айқын қатері анықталған) кезде, сондай-ақ азаматтардың мүлкіне елеулі түрде нұқсан келтірілген (немесе нұқсан келтірудің айқын қатері анықталған) жағдайларда экономикаға нұқсан келтірмеу мақсатында жануарлардың санын реттеу жүзеге асырылады;
      4) биологиялық тепе-теңдікті сақтау мақсатында жануарлардың санын реттеу табиғат балансы бұзылған (немесе бұзылуға айқын қатер төнген) жағдайда жүзеге асырылады.

      2. Жануарлардың санын реттеу туралы шешімді жануарлар мен құстардың жер беті түрлеріне қатысты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті және балық пен басқа да су жануарларының түрлеріне қатысты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті (бұдан әрі – тиісті Комитеттер) және (немесе) олардың аумақтық органдары (бұдан әрі – тиісті Инспекциялар) қабылдайды.
      Жануарлардың санын реттеу қажеттігі туралы мәселені қарау үшін тиісті Комитеттер немесе тиісті инспекциялар жануарлардың санын реттеу туралы мәселені шешу жөнінде комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
      Комиссия құрамына тиісті Инспекциялардың, жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері, қоршаған ортаны қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қадағалау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың өкілдері кіреді.
       Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2008.12.10 N 754 Бұйрығымен.

      3. Комиссия шақыру туралы шешім қабылдау үшін:
      1) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік қоршаған ортаны қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық қадағалау органдарының, жергілікті өкілді, атқарушы және өзге мемлекеттік органдардың өтініштері;
      2) ғылыми ұйымдардың мониторингтік зерттеулері;
      3) Комитеттің тиісті дербес мониторингтік зерттеулері;
      4) Қазақстан Республикасының халықаралық келісімдер бойынша міндеттемелері негіз болып табылады.
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2008.12.10 N 754 Бұйрығымен.

      4. Осы Ереженің 1-тармағының көрсетілген мақсаттарда жануарлардың санын реттеу туралы шешім қабылдау үшін:
      1) Комиссияның оң қорытындысы;
      2) биологиялық негіздеме мен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы және Комиссияның жұмысына қатысатын органдардың қосымша қорытындылары негіз болып табылады.

      5. Аң мен балық аулау нысандары болып табылмайтын, сондай-ақ сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлер тізбесіне енбейтін жұқпалы аурулар таратушылар мен әкелушілерге қарсы бағытталған тұрмыстық және медициналық дератизация мен дезинсекция жұмыстарына бұл ереже нұсқа болып табылмайды.

      6. Жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін алуға ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша оларды арнайы жасалған жағдайларда өсіру және кейіннен мекендеу ортасына шығару үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ғылыми және өзге де мақсаттарда жол беріледі .

Жануарлардың санын реттеу тәртібі

      7. Жануарлардың санын реттеу жөніндегі қызметті құзыретті мемлекеттік органдар, олардың аумақтық бөлімшелері, жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыра алады.

      8. Жабайы жануарлар санын осы Ереженің 1-тармағының 1-3-тармақшаларында көрсетілген мақсаттарда реттеу кезінде мынадай әдістер мен тәсілдер пайдаланылуы мүмкін:
      1) қауіпті инфекцияларды тасымалдаушылар болып табылатын жануарлар дүниесі объектілерінің санын реттеу үшін, не індет пен эпизоотияның пайда болу немесе экономикаға едәуір нұқсан келу қатері төнген кезде улы химикаттарды және басқа арнаулы тәсілдерді пайдалана отырып қыру (белгілі бір аумақта);
      2) аңшылық және балық аулау немесе шаруашылық мақсаттарда пайдалану объектілері болып табылатын жануарларды олжалау (ату, ұстау) мерзімдерін, тәсілдерін, орындарын және көлемдерін өзгерту;
      3) санын реттеудің басқа тәсілдерін пайдалану мүмкіндігі болмайтын жағдайларда аңшылық немесе шаруашылық мақсаттарда пайдалану объектілері болып табылмайтын жануарларды ату, ұстау;
      4) жануарларды қайта қоныстандыру немесе еркіндіктен тыс немесе жартылай еркіндік жағдайларында бағып-күту және өсіру үшін ұстау (тірідей ұстау);
      5) реттеудің басқа тәсілдері тиімді немесе пайдаланылуы мүмкін болмайтын жағдайларда жануарлардың санын реттеу үшін жануарлардың баспаналарын және ұяларын бұзу, жұмыртқаларын жинау.
       Ескерту. 8-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2008.12.10 N 754 Бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады