Қазақстан Республикасының N 148-II 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы", N 357-1 1999 жылғы 1 сәуірдегі "Бюджет жүйесі туралы" және N 213-1 1998 жылғы 24 наурыздағы "Нормативтік құқықтық актілер туралы" заңдарына сәйкес қала әкімияты ҚАУЛЫ ЕТТI:
1. Қоса беріліп отырған "Жергілікті атқарушы орган резерві қаржысын жұмсаудың қағидасы" бекітілсін (N 1 қосымшада).
2. Қаулының орындалуын бақылау әкімнің орынбасары А.А. Тұрлұбекке жүктелсін.
Әкім Қ.С. Балмағамбетов
N 1 қосымша
Сәтбаев қаласы әкімиятының
"Жергілікті атқарушы орган резерві
қаржысын жұмсаудың қағидасын бекіту
туралы" N 15-143/5
2004 жылдың 21 мамырдағы
қаулысымен бекітілген
Жергілікті атқарушы орган резерві қаржысын жұмсаудың
ҚАҒИДАСЫ
1. Осы "Жергілікті атқарушы орган резерві қаржысын жұмсаудың қағидасы" жергілікті атқарушы орган - Сәтбаев қаласы әкімиятының резервінен қаржы бөлу және жұмсаудың тәртібін анықтап, белгілейді.
2. Қағидада мына ұғымдар пайдаланылады:
"жергілікті атқарушы орган резерві" - тиісті қаржы жылына арналған қалалық бюджетте көзделген шығыстарды қаржыландыру үшін қала әкімиятының қаулысымен бөлінетін қаржы;
"көзделмеген шығындар" - ағымдағы қаржы жылына арналған қалалық бюджетте күні бұрын жоспарлауға мүмкін болмайтын, бірақ ағымдағы қаржы жылында кейінге қалдырылмай қаржыландыруды талап ететін шығындар;
"сот шешімдері бойынша жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелерін атқару жөніндегі жергілікті орган резерві" - бұл қалалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бөлінетін қаржы;
"жергілікті атқарушы орган резерві қаржысын алушы" - қала әкімі немесе қалалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері.
3. Жергілікті атқарушы орган қаржысынан қаржыландырылатын бір жолғы сипаттағы көзделмеген шығындарға мыналар жатады:
1) табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларға байланысты төмендегідей жағдайларға байланысты көзделмеген шығындарға:
төтенше жағдайлар салдарынан болған апаттан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетуге;
апаттан зардап шеккендерді тамақтандыратын және уақытша паналайтын пункттер ашуға;
апаттан құтқару және жедел көмек көрсету арнайы топтарына, құтқару және апат салдарынан бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге;
төтенше жағдай орын алған аймақта құтқару күштері мен техникалық құралдарды тасымалдауды қамтамасыз етуге бөлінетін қаржылар;
2) сот шешімдерімен қала бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың міндеттемелерін;
3) қала әкімияты қаулысымен анықталатын басқа да көзделмеген шығындарды өтеу.
2. Жергілікті атқарушы орган резерві қаржысын бөлу мен жұмсаудың тәртібі
4. Жергілікті атқарушы орган резервін әр жылғы қаржы жылына бюджет туралы заңда белгіленген тәртіп бойынша қаржы бөлінгеннен кейін, қалалық бюджеттің шығыс бөлімінде тиісті қаржы жылына осы мақсатқа белгіленген мөлшер шегінде қалалық қаржы бөлімі жасайды.
5. Жергілікті атқарушы орган резерві - осы қағидада көрсетілген мақсаттағы шараларға жұмсалады. Жергілікті атқарушы орган резервінен қаржы басқа көзделмеген мұқтаждарға жұмсалмайды.
6. Жергілікті атқарушы орган резервінен қаржы бөлу туралы қала әкімияты қаулысы жобасында мынандай шарттар еске алыну тиіс.
1) қалалық бюджеттің, ағымдағы қаржы жылына бөлінген қаржының қаралуы;
2) жергілікті атқарушы орган резервіне қаржы бөлу қажеттілігі ағымдағы қаржы жылында туындаған жағдайда және оның қажеттілігі алушының бұрынғы міндеттемелерімен байланысты болмаған жағдайда, сот шешімдері бойынша атқарушы органдардың міндеттемелері есепке алынбайды.
7. Жергілікті атқарушы орган резервіне қаржы бөлу туралы қала әкімиятының шығарған қаулысы сол жылдың аяғына дейін әкімият қаулысымен күшін жоюға тиіс.
3. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қаржы бөлу
8. Жергілікті жердегі табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған қаржы, жергілікті атқарушы орган резерві қаржысы есебінен қаржыландырылады.
9. Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар орын алған жағдайда төтенше жағдайлар жөніндегі Жезқазған қалалық басқармасы апаттың орын алғандығын нақты құжаттармен дәлелдеп, жергілікті атқарушы орган резервінен қаржы бөлу туралы өтініш жасағаннан кейін, қалалық қаржы бөлімі заңда белгіленген тәртіп бойынша, жергілікті атқарушы орган резервінен қаржы бөлу туралы қала әкімияты қаулысының жобасын қала әкіміне ұсынады.
4. Басқа да көзделмеген шығыстарға қаржы бөлу
10. Жергілікті атқарушы орган резервінен басқа да көзделмеген шығындарға қаржы бөлу үшін бюджеттік бағдарлама әкімшілері өздерінің нақты есептері мен қаржы бөлу туралы өтінішін қалалық қаржы бөліміне тапсырады.
11. Қалалық қаржы бөлімі өтініштерді қарап, жергілікті атқарушы орган резервінен қаржы бөлу немесе бөлмеудің мүмкін еместігі туралы қала әкімиятына жазбаша қорытынды береді.
12. Қаржы жылы ішінде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және басқа да көзделмеген шығындарға қаржы бөлуге байланысты, түскен өтініштерді қарауда, жергілікті атқарушы орган резервінен бөлінетін қаржының мөлшері, әр тоқсан сайын қала бюджетінде осы мақсатқа бөлінген жылдық қаржының 25 пайызынан аспауы керек. Жергілікті атқарушы орган резервінен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға және өзге де көзделмеген шығындарға қаржы бөлуде, қала әкімиятының осы мақсатта бұрын қабылдаған қаулылары есепке алынуы керек.
13. Бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің өтініштері қанағаттандырылған жағдайда жергілікті атқарушы орган резервінен басқа да көзделмеген шығыстарға қаржы бөлу туралы қала әкімиятының қаулысының жобасын қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, қалалық бюджеттік бағдарламаның әкімшілері, қалалық қаржы бөлімімен келісіп дайындайды.
14. Қалалық қаржы бөлімі жергілікті атқарушы орган резервіндегі қаржының жұмсалуы және жұмсалғаннан қалған қаржы мөлшері туралы қала әкімиятына жылына екі рет (бірінші жарты жыл және жыл қорытындысымен) ақпарат беріп отырады.
15. Қаржы алушы жергілікті атқарушы орган резервінен бөлінген қаржыны белгілеген мақсатқа жұмсамаса, Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгіленген жауаптылыққа тартылады.
16. Жергілікті атқарушы орган резервіндегі қаржыны жұмсауға қалалық қаржы бөлімі бақылау жасайды.