Азаматтық пиротехникалық заттарды және олардың қолданылуымен жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Ішкі істер министрлігінің 2005 жылғы 23 сәуірдегі N 242 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2005 жылғы 17 маусымда тіркелді. Тіркеу N 3680. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 22 қазандағы № 559 бұйрығымен

      Күші жойылды - ҚР Ішкі істер министрінің 2011.10.22 № 559 (қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы", "Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау  туралы" заңдарына және "Азаматтық пиротехникалық заттарды және олардың қолданылуымен жасалған бұйымдарды әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге, сатуға, сатып алуға, коллекциялауға, экспонаттауға байланысты қызметті лицензиялау жөніндегі біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 16 шілдедегі N 787 қаулысына сәйкес азаматтық пиротехникалық заттар мен олардың қолданылуымен жасалатын бұйымдарды пайдаланатын заңды тұлғалардың және жеке адамдардың қызметін реттеу мақсатында  БҰЙЫРАМЫН: Қараныз P070000692
      1. Қоса беріліп отырған Азаматтық пиротехникалық заттарды және олардың қолданылуымен жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету ережесі бекітілсін.
      2. Астана және Алматы қалаларының, облыстардың және көліктегі ішкі істер департаменттерінің, Қазақстан Республикасының Ішкіісмині Арнайы полиция басқармасының бастықтары:
      1) әскери-қызметтік дайындық жүйесінде осы Бұйрықты зерделеуді және лицензиялық-рұқсат жұмысын жүзеге асыратын ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында ол бойынша сынақ қабылдауды ұйымдастырсын;
      2) азаматтық пиротехникалық заттарды және олардың қолданылуымен жасалған бұйымдарды әзірлеу және (немесе) өндіру, және (немесе) сату, және (немесе) экспонаттау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің лицензиясын алуға үміткер заңды тұлғаларға және жеке адамдарға лицензия алдында материал дайындауды жүзеге асырсын.
      3. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Тыл департаментінің (Б.Ә.Ыбраев), Астана, Алматы қалалары ішкі істер бас басқармаларының, облыстардағы және көліктегі ішкі істер бас басқармаларының және басқармаларының, Қазақстан Республикасының Ішкіісмині Арнайы полиция басқармасының бастықтары Ережеде көзделген бланкілердің қажетті санын дайындасын және олармен ішкі істер органдарын қамтамасыз етсін.
      Бұл бланкілер қатаң есептегі құжаттар болып табылады деп белгіленсін.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ішкі істер бірінші вице-министрі И.И.Оттоға және Қазақстан Республикасы Ішкіісминінің Қоғамдық қауіпсіздік департаментіне (Ғ.А.Алпысбаев) жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш жарияланған күнінен бастап он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің
      міндетін атқарушы

      "КЕЛІСІЛДІ" 

      Қазақстан Республикасының
      Қоршаған ортаны қорғау
      министрі
      2005 жылғы 12 мамыр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының
      Денсаулық сақтау министрі
      2005 жылғы 17 мамыр

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының
      Төтенше жағдайлар министрі
      2005 жылғы 28 сәуір

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының
      Көлік және коммуникация
      министрі
      2005 жылғы 4 мамыр

Қазақстан Республикасы   
Ішкі істер министрі    
міндетін атқарушының    
2005 жылғы 23 сәуірдегі  
N 242 бұйрығымен     
бекітілген        

  Азаматтық пиротехникалық заттарды және олардың
қолданылуымен жасалған бұйымдарды сақтау, есепке алу,
пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету
ЕРЕЖЕСІ

МАЗМҰНЫ       

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже азаматтық пиротехникалық заттарды және олардың қолданылуымен жасалған бұйымдарды (бұдан әрі - азаматтық пиротехникалық бұйымдар) сақтау, есепке алу, пайдалану, тасымалдау, жою, әкелу, әкету тәртібін белгілейді.

      2. Осы Ереже азаматтық пиротехникалық заттарды және олардың қолданылуымен жасалған бұйымдарды әзірлеуге және (немесе) өндіруге, және (немесе) сатуға, және (немесе) сатып алуға және (немесе) экспонаттауға заңда белгіленген тәртіппен лицензия алған заңды тұлғалар мен жеке адамдардың орындауы үшін міндетті.

      3. Осы Ережені бұзу заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тартуға әкеп соғады.

      4. Осы Ереже өндірістік пиротехникалық бұйымдарға таратылмайды.

  2. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды
сақтаудың және есепке алудың шарттары мен тәртібі

      5. Заңды тұлғалар мен жеке адамдар дайын өнімнің және оларды құрайтын жиынтықтардың есебін (1-қосымша), сондай-ақ көтерме тұтынушыларға дайын өнімді жіберудің есебін (2-қосымша) жүргізеді.

      6. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды және олардың жинақ бөлшектерін өнеркәсіптік және зертханалық үй-жайларда сақтау қауіптілік дәрежесіне байланысты өртке қарсы қауіпсіздік ережелеріне және осы Ережеге сәйкес ұйымдастырылуы тиіс.

      7. Сататын ұйымдарда халыққа еркін сатылатын тұрмыстық мақсаттағы қауіптілігі 1-3 дәрежелі азаматтық пиротехникалық бұйымдар арнайы жабдықталған қоймаларда сақталады, олар мынадай талаптарға жауап беруі керек:
      1) басқа қосалқы, қызметтік үй-жайлардан оқшау болуы керек, қабырғалары қалың, төбе жабулары мен еденi берiк болуы тиiс. Iшкi қабырғалары (ара қабырғалары) беріктігі жағынан қалыңдығы 80 миллиметр (бұдан әрі - мм) қосарланған гипсобетон панельдермен бірдей болуы керек;
      2) екi iшкi құлыппен жабылатын және мөр немесе пломба қойылатын темір есiк болуы тиiс;
      3) үй-жайдың iшкi жағындағы терезе ойықтарында немесе жақтауларының арасында болат тор жүргiзiледi. Тор шыбықтарының ұшын қабырғаға кемінде 80 мм тереңдікке дейін қағып, үстінен бетон құйып бекiтедi.
      Есiк, терезе ойықтарына және қабырғаларды (ара қабырғаларды) нығайту үшiн қойылатын торлар диаметрi кем дегенде 15 мм болат шыбықтан жасалады. Шыбықтардың тор көздерi кемінде 150х150 мм айқастырылып дәнекерленедi;
      4) желдеткiш терезе, люктер болған жағдайда оларға бұл жүйелер арқылы өту мүмкiндiгiн болдырмайтын көлемi кемінде 100х100 мм аспайтын болат тор орнатылады. Инженерлiк желiлердi тартуға арналған қабырғалардағы тесiктердiң диаметрi 200 мм-ден аспауы керек;
      5) бұйымдарды сақтауға арналған бөлмеде өртке қарсы құралдар болуы тиiс;
      6) бұйымдарды сақтауға арналған бөлменің екі жиынтық кілттері болуы керек. Кiлттердiң бiр жиынтығы бұйымдарды сақтауға жауапты адамда, екiншiсi сақтауға рұқсат берілген ұйым басшысының мөрленген сауытында болады.
      Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сақтауға арналған бөлменiң кiлтiн үстелдерде және бөгде адамдардың қолы жететiн өзге де жерлерде қалдыруға жол берілмейді.

      8. Халыққа ашық түрде сатуға арналған қауіптілігі 1-3 дәрежелі азаматтық пиротехникалық бұйымдар мамандандырылған дүкендер арқылы ғана сатылады.
      Азаматтық пиротехникалық бұйымдардың уыттылық дәрежесі "Зақым келтіретін заттар. Жіктелуі және жалпы қауіпсіздік талаптары" 12.1.007-76 мемлекеттік стандартқа сәйкес жіктеледі.

      9. Техникалық және арнайы мақсаттағы 4 дәрежелі азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сақтау қоймалары олардың мақсатына қарай ұдайы сақтау (базистік), шығыстық және жылжымалы қоймалар болып бөлінеді:
      1) базистік қоймалар - бұйымдарды ұзақ уақыт сақтауға арналған;
      2) шығыстық - бұйымдарға деген ағымдық қажеттілікті қанағаттандыруға арналған;
      3) жылжымалы қоймалар - бұйымдарды қысқа уақыт сақтауға арналған.
      Жұмыс істеп тұрған жарылғыш материалдар қоймаларын пайдалануға рұқсат етіледі.

      10. Қауіптілігі 4 дәрежелі азаматтық пиротехникалық бұйымдар аумақтылығы бойынша Астана, Алматы қалаларының, облыстардың және көліктегі Ішкі істер департаменттері (бұдан әрі - ІІД, КІІД) берген қауіптілігі 4 дәрежелі азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сатып алуға лицензиясы бар басқа заңды тұлғалар мен жеке адамдарға оларды сақтау орындары бойынша қоймалардан сатылады.

      11. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды әр түрлі мақсаттағы қоймаларда (ұдайы және уақытша сақтау, шығыстық қоймалар), дүкендердің, көтерме базалардың қоймалық үй-жайларында сақтау өртке қарсы қауіпсіздік ережелеріне және осы Ережеге сәйкес қауіптілік дәрежесіне байланысты ұйымдастырылуы тиіс және есепке алынатын өнімнің сақталуын, қатаң есебін және бар-жоғын тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етуі керек.

      12. Толтыру нормалары:
      - тұрақты сақтау қоймалары үшін - 200 000 килограммнан;
      - аралық қоймалар үшін - 5000 килограммнан;
      - сауда ұйымдарының (дүкендердің) қойма үй-жайлары үшін - 5000 килограммнан аспауы тиіс.
      Барлық жағдайларда толтыру нормаларын мемлекеттік өртке қарсы қызмет және тау-кен-техникалық қадағалау органдарымен келісу керек.

      13. Қоймаларды желдету үшін құлыпқа жабылатын торлы металл есіктер орнатылады, ал терезелер мен желдеткіш люктерге металл торлар мен торшалар орнатылады. Торланған есіктер мен тор көздерінің көлемі кем дегенде 150х150 мм, шыбықтың жуандығы 10 мм кем болуы керек.

      14. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды тұрақты және уақытша сақтауға арналған барлық қоймаларды сол қоймалардың иесі болып табылатын ұйымның, ішкі істер органдарының, мемлекеттік өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, кен-техникалық қадағалау органдарының өкілдерінен тұратын комиссия қабылдап алуы тиіс және оларға заңсыз кіруден сенімді қорғалуы керек.
      Комиссияның қоймаларды қабылдап алуы актімен ресімделеді, онда жалпы қойманың және әрбір жекелеген сақтау орнының тұрған жері, түрі мен сыйымдылығы, сондай-ақ салынған қойманың жобаға сәйкестігі көрсетіледі. Азаматтық пиротехникалық бұйымдар қоймаларының әрбір сақтау орнында найзағай қорғанысы болуы тиіс.

      15. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды ұдайы және уақытша сақтауға арналған жұмыс істеп тұрған және жаңадан пайдалануға берілетін барлық қоймалар оларды қабылдап алу актісінің негізінде аумақтық ішкі істер, мемлекеттік өртке қарсы қызмет пен тау-кен-техникалық қадағалау органдарында тіркелуі керек.

      16. Әрбір сақтау орнында азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сақтауға аумақтық ішкі істер органдары рұқсат берген саннан аспайтын азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сақтауға рұқсат етіледі.
      Ұдайы және уақытша сақтау қоймасының паспорты болуы тиіс, оның бір данасы қоймада сақталады.

      17. Барлық қоймалар бұйымдардың түрлеріне және толтыру нормасына қарай қауіпсіз ара қашықтықта орналастырылуы керек.
      Аралық қоймалардың жекелеген ғимараттары арасындағы қашықтық топырақ үйіп бекітусіз - кем дегенде 100 метр (бұдан әрі - м) және топырақ үйіп бекіту арқылы - 50 м болады.
      Үймемен бекітілмеген базистік қойманың жекелеген сақтау орындары арасындағы қашықтық кем дегенде 200 м болуы керек.
      Шығыстық қоймалар тұрғын үйлерден, фейерверк көрсетілетін алаңшадан және адамдар көп жиналатын жерден қауіпсіз ара қашықтықта, бірақ 100 м жақын емес жерде орналастырылуы керек.
      Барлық қоймаларды кем дегенде мынадай қашықтықта орналастыру керек:
      кемінде аудандық мақсаттағы тас жолдардан, кеме жүретін өзендер мен арналардан, темір жолдың қоймаға жеткізетін жолдарын қоспағанда, бұру жолақтарының шекарасынан, жеке тұрған тұрғын үйлерден - 400 м;
      станциялық ғимараттардың, қоймалардың және басқа да станциялық құрылыстардың бұру жолақтарының шекарасынан - 1000 м;
      тұрғындарының саны тиісінше 10000 адамға дейін және 10000 адамнан астам кенттер мен басқа да елді мекендер аумағының шекарасынан - 800 және 1000 м;
      қоймаларға жатпайтын басқа да өндірістік ғимараттар мен құрылыстардан - 1500 м.
      қоймаларды жарылыс кезінде өрттің және соққы беру толқынының таралуынан қорғайтын жапырақты орман алқаптарында орналастырған жөн.

      18. Тұрақты және шығыстық қоймалардың аумағы биіктігі кем дегенде 2,5 м тікенді сыммен қоршалуы тиіс.

      19. Барлық сақтау орындары жанбайтын материалдардан салынған бір қабатты, жылытылмайтын болуы тиіс. Сақтау орындарының қабырғалары мен төбелері әктелуі керек.
      Қоймалардың едендері техникалық жағдайлары жағынан өндірістік ғимараттардың едендеріне сәйкес, ұшқынның пайда болуын болдырмайтын жанбайтын материалдардан жасалуы керек.

      20. Сақтау орындарының, олардың көлеміне қарай, екі шығатын есігі болу керек. Ұзындығы кемінде 10 метр болатын сақтау орындарында бір ғана шығатын есік болуы мүмкін.
      Сақтау орнына апаратын есіктер сыртқа қарай ашылуы тиіс. Күн жаққа шығатын терезелердің әйнектері күңгірт болуы немесе ақ сырмен боялуы тиіс.
      Жасанды жарық сырттан түсуі керек. Қойманың үй-жайларындағы кезекші жарық, сондай-ақ газ плиталарын, электрлік жылыту приборларын пайдалануға және штепсельдік розеткаларды орнатуға жол берілмейді.

      21. Қоймалардың электр жабдықтары оны қолдану аяқталғаннан кейін тәуліктің түнгі уақытында тоқтан ажыратылуы тиіс. Электр көзін ажыратуға арналған аппараттар қойма үй-жайларынан тысқары жерлерде, жанбайтын материалдардан салынған қабырғаға немесе жеке тұрған тіреуге, шкафтың ішіне немесе оның төменгі жағына пломба салынатын және құлыпқа жабылатын қондырғыларымен қоса орнатылуы керек.

      22. Бір қоймада пиротехникалық бұйымдардың бірнеше түрін сақтаған жағдайда өрт қауіпсіздігі және бұйымдардың жарылыс қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес бірге сақтаудың тәртібі қатаң сақталуы тиіс.
      Бұйымдар салынған орамдарды қатарлап немесе сөрелерде сақтау керек. Фейерверлік бұйымдар салынған жәшіктерді қатарлап және сөрелерде сақтау кезінде оларды партиямен орналастыру керек.
      Қатарлап сақтауға арналған бұйымдар салынған ағаш жәшіктерді қақпақтарын жоғары қаратып, бірінің үстіне бірін орналастыру керек, ауа алмасуын қамтамасыз ету үшін төменгі қатарлардың астына тақтайлар салу керек.
      Әр қатарда және стеллаждың сөресінде бұйымның атауы немесе индексі, партияның нөмірі, орын саны және келіп түскен күні көрсетілетін тақтайша болуы тиіс.

      23. Бұйымдарды қатарлап және стеллаждарда орналастыру оларды желдету, қарау және әр қатардан (сөреден) алуды қамтамасыз етуі керек. Қатарлап салған кезде олардың арасында өтетін жер болуы тиіс: қарау үшін: кем дегенде 0,7 м, тиеу және түсіру үшін - кем дегенде 1,5 м, кіретін жақтан қатардың шетінен қабырғаға дейінгі ара қашықтық - кем дегенде 1,25 м және қатардан артқы және бүйірдегі қабырғаларға дейінгі ара қашықтық - кем дегенде 0,7 м. Қатарлап салудың биіктігі кемінде 2,5 м, ені кемінде 5 м болуы керек.
      Стеллаждардың жоғарғы сөрелерінің биіктігі еденнен кемінде 1,65 м, төменгі сөрелерінен еденге дейін кемінде 0,15 м және жоғарғы сөрелерден төбеге дейін кем дегенде 1 м.
      Стеллаждардың оларды нығыздап толтыру кезінде майысып және қисайып кетуін болдырмайтын құрылғысы болуы керек. Сақтау орындарындағы стеллаждардың барлық бөліктері бір-бірімен металды қолданбай жасалған тиектер және ағаш шегелер арқылы қосылып бекітілуі тиіс. Стеллаждардың тақтайларына олардың бастарын 0,5 см батырып және ойықтарын сылап бітеу арқылы темір шегелер қағуға болады.

      24. Қойма үй-жайлары өрт сөндірудің қол құралдарымен немесе өрт сөндірудің автоматтық қондырғыларымен жабдықталуы керек, сондай-ақ өрт сөндіретін сумен және өрт сөндіру қызметімен тікелей телефон байланысымен қамтамасыз етілуі тиіс. Өрт сөндіру құралдарының номенклатурасы және оларды орналастыру мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарымен келісілуі тиіс.

      25. Сақтау орындарынан жүктерді қабылдап алу және беру тәуліктің күндізгі уақытында жүргізіледі. Қажет болғанда бұл жұмыстар сыртқы жасанды жарық беру арқылы жүргізілуі мүмкін.
      Пиротехникалық бұйымдарды сақтау орындарында жүк түсіруге-тиеуге арналған тетіктер жарылудан қорғалған етіп жасалған болуы, ал іштен жанатын қозғалтқыштарда пайдаланылған газдарды бейтараптандырғыштар және ұшқын өшіргіштер болуы тиіс.

      26. Қоймада өнімдерді есепке алудың белгіленген нысандағы журналы жүргізілуі тиіс, ол нөмірленеді, бау тағылады және ішкі істер органының "Лицензиялау-рұқсат ету жүйесі" деген бедері бар мөрімен бекітіледі.
      Өнімнің әр түрін жеке есепке алу керек. Журналдағы жазбалар кіріс-шығыс құжаттарының негізінде жүктерді алу немесе беру кезінде дереу жүргізілуі тиіс.

      27. Сақтау орнын және қойманың аумағын тазалықта ұстау керек, сынған тараны, бөгде және жанатын материалдарды сақтауға жол берілмейді. Қойма ғимараттарына, өрт сөндіретін су көздеріне өтетін, жүріп өтетін жолдар, сондай-ақ өртке қарсы құралдар мен жабдықтарға жақындау орындары әрқашан бос болуы тиіс.
      Қандайда бір материалдарды, жабдықтарды және басқаларды сақтау үшін қоймалардың арасында қауіпсіз аралықтарды пайдалануға жол берілмейді.
      Қойма аумағына бұйымдарды тасымалдау үшін бұйымдарды тасымалдауға рұқсат беретін куәлігі бар көлік қана жіберіледі.

  3. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды пайдалану
(фейерверктерді көрсету) тәртібі

      28. Қазақстан Республикасының аумағында фейерверктер қолдануды (көрсетуді) оларды экспонаттауға Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі берген лицензиясы бар заңды тұлғалар мен жеке адамдар жүзеге асырады.

      29. Фейерверктерді көрсетуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар мен жеке адамдарға оларды қоғамдық-мәдени бұқаралық іс-шараларда тек жергілікті әкімдіктің рұқсатымен аумақтық ішкі істер, өртке қарсы қызмет органдарымен, тау-кен-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен келісіліп, жұмыс өндірісіне құқық беретін құжаттар бекітілгеннен кейін ғана қолдануға рұқсат етіледі.
      Бұл ретте азаматтық пиротехникалық бұйымдардың техникалық құжаттары, орналастыру жоспары, бұйымдарды тасымалдауға арналған арнайы жабдықталған көлік келісуге ұсынылады.

      30. Жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы өртке қарсы және техникалық қауіпсіздік стандарттарын, нормалары мен ережелерін басшылыққа алу керек. P090002013

      31. Ұйымдастырушылар мәдени-көріністік және бұқаралық іс-шараларды жүргізген кезде фейерверк көрсетуге рұқсат алу үшін іс-шараға кем дегенде 10 күн қалғанда жергілікті атқару органына өтініш жасайды.
      Өтініште мынадай мәліметтер:
      іс-шараны өткізуші ұйымның атауы мен мекенжайы, лауазымдары, мекенжайы мен байланыс телефондары көрсетіле отырып, ұйымдастырушылар мен олардың уәкілетті адамдарының тегі, аты, әкесінің аты;
      іс-шараның атауы мен мақсаты;
      іс-шараның, оның ішінде фейерверк көрсетудің күні, орны, басталатын және аяқталатын уақыты;
      іс-шараға қатысушылардың болжамды саны;
      азаматтық пиротехникалық бұйымдарды экспонаттауға, сатып алуға, оларды сақтауға және тасымалдауға құқық беретін лицензияларды қоса бере отырып, фейерверк көрсетуді өткізетін заңды тұлға немесе жеке адам туралы мәліметтер;
      фейерверктің көлемі, пайдаланылатын фейерверктік бұйымдардың сипаты және өткізудің тәртібі;
      фейерверктің басшысы мен фейерверкті көрсетуге тартылатын персонал туралы мәліметтер және олардың басшылық жасау, фейервекті өткізу құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері;
      қоғамдық тәртіптің және өртке қарсы қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ету үшін қатыстырылатын күштер мен құралдар көрсетіледі.

      32. Фейерверк өткізу кезінде жауапты адамның өкіміне қызмет көрсететін персоналы бар санитарлық машина бөлу керек.

      33. Бұйымдарды аз уақыт сақтаған кезде фейерверкті дайындау және экспонаттау кезінде оларды сақтау тұрғын үйлерден, қоғамдық құрылыстардан, адамдар көп жиналатын орындардан қауіпсіз қашықтықта орналасқан жылжымалы қоймаларда (аумақтық ішкі істер органдарының жол полициясымен, мемлекеттік өртке қарсы қызмет, тау-кен-техникалық және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарымен келісім бойынша арнайы жабдықталған автомобильдер) жүзеге асырылады. Қойма күзетілуі тиіс.

      34. Фейерверк өткізушілер фейерверк көрсету қауіпсіздігін, персоналды қорғау шараларын және фейерверктік бұйымдардың сақталуын қамтамасыз етеді және ішкі істер органдарымен күзет іс-шараларын келіседі. Фейерверктер өтетін жерлерді күзету ішкі істер органдарына және осы іс-шараны өткізетін ұйымға жүктеледі.

      35. Фейерверк өткізетін орынды таңдау және келісу фейерверктік бұйымдарды қолдана көзделетін қауіпті аймақтардың радиусын, жердің рельефін, метеожағдайларды, жақын объектілердің сипатын, қауіпті аймақты күзетудің сенімділігін және фейерверк көрсету қауіпсіздігіне ықпал ететін басқа да факторларды ескере отырып жүргізіледі.
      Қауіптілігі 4 дәрежелі азаматтық пиротехникалық бұйымдармен фейерверк көрсетуге арналған орын тез тұтанатын қосалқы құрылыстан, отын қоймаларынан, пісіп тұрған дәнді дақылдар немесе шөп, сабан алқабынан, қылқан жапырақты орманынан, электр беру желілерінен кем дегенде 500 м және жанбайтын құрылыстардан кемінде 100 м қашықтықта болуы тиіс.
      Үлкен су бөгенінің жағасы фейерверк үшін ең қолайлы орын болып табылады. Ұшыру құрылғыларын орнату орнын көрермендер жел жақтан ұшыру алаңшасынан кем дегенде 100 м қашықтықта болатындай етіп таңдау керек.

      36. Фейерверк көрсету үшін тыйым салынған орындарға мыналар жатады:
      1) азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейтін аумақтар, ғимараттар, қора-жайлар, құрылыстар;
      2) қауіпті және зиянды өндірістер мен объектілерге, сондай-ақ көлік тораптарына жақын орналасқан аумақтар (көпірлер, жол желілері, автомобиль жолдарының, теміржолдардың, мұнайгаз құбырлары мен жоғары вольтті электр желілерінің, өрт және жарылыс қаупі бар объектілердің және басқалардың оқшаулау жолақтары);
      3) ауруханалар мен балалар мекемелерінің ғимараттарына тікелей іргелес аумақтар;
      4) адамгершілік-мәдени маңызы бар объектілердің, тарихи және мәдени ескерткіштердің, зираттар мен діни құрылыстардың, қорықтардың, заказниктер мен ұлттық парктердің, зиярат ету орындарының аумақтары.

      37. Мекеменің (кәсіпорынның) жауапты адамы пиротехник-маманның журналына күзеттің әзірлігі және өртке қарсы іс-шаралардың орындалғаны туралы қол қойғаннан кейін ғана фейерверкті бастауға болады.

      38. Фейерверктерді көрсету кезінде ақаусыз және белгіленген тәртіппен аттестацияланған іске қосу жабдықтарын ғана пайдалануға жол берілді. Фейерверктерді көрсету үшін қолданылатын азаматтық пиротехникалық бұйымдар мен іске қосу жабдықтары оларға қоса берілетін пайдалану жөніндегі нұсқаулықтармен қатаң сәйкестікте пайдаланылуы тиіс. Фейерверк көрсетуді жүргізуші ұйым қолданылатын бұйымдарды пайдалану жөніндегі нұсқаулықтардың орындалуы үшін жауапты болады.

      39. Азаматтық пиротехникалық бұйымдардың жоғалу немесе ұрлану фактілері туралы аумақтық ішкі істер және кен-тау-техникалық қадағалау органдарына дереу ақпарат беру қажет.

      40. Бұйымдар ұшырылатын алаңшаларда бөгде адамдардың енуін және фейерверктік құралдарды ұрлау жағдайларын болдырмайтындай тәртіп орнатылуы тиіс. 

      41. Фейерверк көрсетілетін алаңшаларда:
      1) шылым тартуға және от жағуға;
      2) мас күйінде жұмыс істеуге;
      3) фейерверктік құралдарды күзетсіз қалдыруға үзілді-кесілді тыйым салынады.

      42. Фейерверк аяқталғаннан кейін жанбаған бұйымдар мен элементтерді жинап алу мақсатында оны көрсетушілер ұшыру алаңшасын мұқият қарап шығады.

      43. Ұшыру алаңшасының аумағындағы күзет тек қана барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін фейерверк басшысының келісімімен алынады.
      Қауіпті аймақты күзету және өртке қарсы іс-шаралар фейерверк аяқталғаннан кейін және фейерверкті экспонаттауға жауапты адам тексергеннен кейін ғана тоқтатылады.

      44. Фейерверк аяқталғаннан кейін оны өткізу және оның салдарлары туралы үш данада акт жасалады, оған фейерверк басшысы және фейерверкке тапсырыс берушінің өкілі қол қояды.

  4. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды
тасымалдау тәртібі

      45. Азаматтық пиротехникалық бұйымдар қауіпті жүктерді тасымалдау, олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жүріп өту ережесіне және "Автомобиль көлігімен қауіпті жүктерді тасымалдау жөніндегі кейбір мәселелер туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 12 наурыздағы N 316 қаулысымен бекітілген Қауіпті жүктерді тасымалдайтын жүргізушілер мен автокөлік құралдарына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес автокөліктің барлық түрімен тасымалданады.
      Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды теміржол көлігімен тасымалдау Достастық елдеріне мүше мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің 15 мәжілісінде бекітілген 1996 жылғы 5 сәуірдегі Теміржол мен қауіпті жүктерді тасымалдау ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      46. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды көліктің әр түрімен тасымалдаған кезде олар сенімді күзетпен қамтамасыз етіледі.

      47. Әкелінетін жүкті жұлқып тарту мен тербелу кезінде оның құлау, үйкелу, бір-біріне және көлік бортына соғылу мүмкіндігін болдырмайтындай етіп орналастыру керек.

      48. Жүру бағытында жартылай түсірілетін өнімді тасымалдаған кезде қалған жүк одан әрі жүру кезінде өз орындарынан жылжымайтындай етіліп, әр партия басқаларынан бөлек бекітілуі тиіс.

  5. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды
жою тәртібі

      49. Іске қосылмай қалған барлық бұйымдар мен элементтер жеткізуші-зауыт әзірлеген нақты бұйымды пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жойылуы тиіс.

      50. Одан әрі пайдалануға келмейтін бұйымдарды жою мынадай себептерге:
      1) электр тұтандырғыштарының іске қосылмауына;
      2) құрамдарының тұтанбауына;
      3) бұйымдардың толық іске қосылмауына;
      4) электр тұтандырғыш сымдарының үзілуіне;
      5) жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты жүргізіледі.

      51. Жарамсыз бұйымдарды құрамында ішкі істер органдарының және мемлекеттік өртке қарсы қызмет, тау-кен-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының өкілдері бар комиссия арнайы бөлінген алаңшада жояды.
      Мүмкіндігінше азаматтық пиротехникалық бұйымдар элементтерінің шашырап ұшуын шектейтін табиғи кедергілері (жыра, сай және тағысын тағылар) бар жерлерді таңдап алу қажет.
      Алаңшаның маңайында құрылыстар, жинап алынбаған ауылшаруашылық өнімдері және тез тұтанатын материалдар, сондай-ақ электр беру және байланыс желілері болмау керек. Алаңшада бұл жұмысқа қатысы жоқ адамдардың болуына жол берілмейді.
      Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды жою кезінде қауіпті аймақ тез тұтанатын материалдардан салынған құрылыстардан және электр беру желілерінен және т.с.с. кем дегенде 500 метр қашықтықта орналасу керек.

      52. Бұйымдарды жою үшін өнеркәсіптік жолмен дайындалған электртұтандырғышы бар картонмен қапталған арнайы термиттік шашка қолданылады.

      53. Бұйымдарды сақтану шараларын орындауды ескере отырып, өндіруші әзірлеген нақты бұйымды пайдалану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген әдіс бойынша жояды.
      Термиттік шашка бұйымдардың арасына қойылады. Бұйымдар шашкамен бірге тоқыма баумен немесе жіппен байланады.
      Егер бір ғана бұйым жойылатын болса, шашка бұйымдар тобына қолданылатындай етіп бекітіледі.
      Термиттік шашканы таса жерде немесе қауіпсіз ара қашықтықта тұрып тұтандыру керек.

      54. Егер бұйым ұшырған кезде мортирадан шықпай қалса, мынадай іс-қимылдар жасалады:
      1) кемінде 15 минут өткеннен кейін мортира-түтігіне таяп келіп, іске қосылмаған бұйымды қарайды, ұшыру мортира-түтіктерін қарау және тексеру кезінде қорғану көзілдіріктерін киеді;
      2) мортираны шығарып алады және оны еңкейтіп, мортирадан өз салмағы арқылы шығатын бұйымды алады;
      3) бұйым шықпаған жағдайда мортира жою алаңшасындағы топыраққа биіктігінің  1 / -не дейін көміледі;
      4) термиттік шашканың электртұтандырғышына сымдар жалғанады, тоқыма баумен немесе жіппен байланған шашка бұйымның сыртына түскендігіне көз жеткізілгеннен соң мортираға мұқият салынады;
      5) термиттік шашка таса жерден немесе қауіпсіз ара қашықтықтан тұтандырылады. 

      55. Кез-келген бұйымды жойғаннан кейін алаңшаны қарап шығу керек. Онда жанбай қалған элементтер болмауы тиіс, табылғандары жоғарыда көрсетілген тәсілмен жойылады.

  6. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды
Қазақстан Республикасына әкелу және
Қазақстан Республикасынан әкету тәртібі

      56. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды Қазақстан Республикасына әкелу немесе Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі беретін рұқсат бойынша мынадай құжаттардың:
      әкелетін немесе әкетілетін азаматтық пиротехникалық бұйымдардың атауы мен саны (салмағы); әкелу (әкету) үшін жауапты адамның тегі, аты, әкесінің аты, жеке куәлігінің немесе паспортының сериясы және нөмірі; аталған бұйымдар әкелінетін немесе әкетілетін мемлекет; әкелу немесе әкету жүзеге асырылатын кеден бекеті көрсетілген заңды тұлға басшысының немесе жеке адамның өтінішінің;
      спецификациясы қоса берілетін азаматтық пиротехникалық бұйымдарды жеткізіп беруге келісім-шарт көшірмесінің;
      Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі берген азаматтық пиротехникалық бұйымдардың импортына немесе экспортына лицензия көшірмесінің;
      Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі берген импорттаушының (соңғы пайдаланушының) кепілдік міндеттемесі (экспорттаушы елдің заңнамасында мұндай құжатты ұсыну көзделген жағдайларда ұсынады) көшірмесінің;
      аумақтық ішкі істер органы берген азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сатып алу лицензиясы ("Азаматтық пиротехникалық заттарды және олардың қолданылуымен жасалған бұйымдарды әзірлеуге, өндіруге, жөндеуге, сатуға, сатып алуға, коллекциялауға, экспонаттауға байланысты қызметті лицензиялау жөніндегі біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 16 шілдедегі N 787 қаулысымен бекітілген Біліктілік талаптарына қосымша ) көшірмесінің; Қараныз P070000692
      аумақтық ішкі істер органы берген азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сақтауға рұқсаты көшірмесінің;
      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі берген лицензияланатын қызмет түрімен айналысу құқығына лицензия көшірмесінің;
      аумақтық мемлекеттік таутехқадағалау органы берген азаматтық пиротехникалық бұйымдарды сақтау үшін қойманы (базистік, шығыстық) пайдалану куәлігі көшірмесінің негізінде жүзеге асырылады.

      57. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды автомобиль көлігімен әкелу (әкету) кезінде аумақтық жол полициясы органы берген көлік құралын қауіпті жүктерді тасымалдауға жіберу туралы рұқсатты, тасымалдауға рұқсатты ұсыну қажет (Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2003 жылғы 1 наурыздағы N 111 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2257 болып тіркелген) бекітілген Ішкі істер органдарының лицензиялау-рұқсат ету жүйесін жүзеге асыру жөніндегі жұмысы туралы нұсқаулықтың 3-қосымшасы).

      58. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды әкелуге (әкетуге) рұқсат Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі берген тауарларды импорттау немесе экспорттау лицензиясында айқындалған мерзімге беріледі.

      59. Азаматтық пиротехникалық бұйымдарды әкелуге (әкетуге) рұқсат тауарларды жеткізу келісім-шартының және оның жарамдылық мерзімі бар болғанда Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі берген тауарларды импорттау немесе экспорттау лицензиясында көрсетілген мерзімге ұзартылады.

                                         Азаматтық пиротехникалық
                                          заттарды және олардың
                                          қолданылуымен жасалған
                                            бұйымдарды сақтау,
                                          есепке алу, пайдалану,
                                          тасымалдау, жою, әкелу,
                                              әкету ережесіне
                                                 1-қосымша

              Дайын өнімдерді және оларды құрайтын
                  жиынтықтарды есепке алу кітабы
            ____________________________________________
                    (кәсіпорынның, ұйымның атауы)

20___жылғы "___"»______________басталды
20___жылғы "___"»_____________ аяқталды


N
р/с

Келіп
түс-
кен
күні

Жиын-
тықты
немесе
дайын
өнімді
босат-
қан
ұйым-
ның
атауы

Бұйымды
сатып
алуға
беріл-
ген
лицен-
зияның
нөмірі
және
күні,
лицен-
зия
берген
ішкі
істер
органы

Бұйым-
ның
атауы

Кило-
грамм

Дана

Қо-
рап

Ес-
керт-
пе

1

2

3

4

5

6

7

8

9

      Ескертпе: Кітап нөмірленеді, бау тағылады және лицензиялық-рұқсат жүйесі»деген бедері бар аумақтық ішкі істер органының мөрімен бекітіледі

                                         Азаматтық пиротехникалық
                                          заттарды және олардың
                                          қолданылуымен жасалған
                                            бұйымдарды сақтау,
                                          есепке алу, пайдалану,
                                          тасымалдау, жою, әкелу,
                                              әкету ережесіне
                                                 2-қосымша

              Көтерме тұтынушыларға дайын өнімді жіберуді
                      есепке алу кітабы
      ________________________________________________________
                    (кәсіпорынның, ұйымның атауы)

20___жылғы "___"»______________басталды
20___жылғы "___"»_____________ аяқталды


N
р/с

Дайын
өнім-
нің
жібе-
ріл-
ген
күні

Бұй-
ымды
сатып
алуға
беріл-
ген
лицен-
зияның
нөмірі
және
күні,
лицен-
зия
берген
ішкі
істер
органы

Бұй-
ымның
атауы

Кило-
грамм

Да-
на

Қо-
рап

Бұй-
ымды
сатып
ала-
тын
заңды
тұл-
ғаның
атауы

Бұй-
ымды
алуға
жау-
апты
адам-
ның
тегі,
аты,
әке-
сінің
аты

Ес-
керт-
пе

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

      Ескертпе: Кітап нөмірленеді, бау тағылады және лицензиялық-рұқсат жүйесі»деген бедері бар аумақтық ішкі істер органының мөрімен бекітіледі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады