Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 2005 жылғы 31 тамыздағы N 12/26 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2005 жылғы 5 қыркүйекте тіркелді. Тіркеу N 3820

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабы 2-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 54-бабына, «Қазақстан Республикасы Конституциясы 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1998 жылғы 9 қазандағы № 9/2 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 09.12.2014 № 23-251 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның (бұдан әрі - лингвистикалық комиссия) қорытындысымен, азамат өзін-өзі ұсыну туралы өтініш берген не республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғарғы органы отырысының кандидатты ұсыну туралы хаттамасының үзіндісі кандидаттың дауысқа түсуге келісімі туралы өтінішімен қоса тапсырылған сәттен бастап бес күнтізбелік күн ішінде айқындалады.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 09.12.2014 № 23-251 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін тексеруді лингвистикалық комиссия бір күнтізбелік күн ішінде жүргізеді. Отырысты өткізу күні мен уақытын лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатпен келісім бойынша айқындайды.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 09.12.2014 № 23-251 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      3. Мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін:
      1) лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырма жазу;
      2) лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді оқу;
      3) лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып бойынша көпшілік алдында он бес минуттан кем емес сөз сөйлеу талап етіледі.

      4. Осы қаулының 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жазбаша тапсырманы дайындау үшін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа бір сағаттан кем емес уақыт беріледі.
      Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың қалауы бойынша жазбаша тапсырманы дайындау уақыты ұлғайтылуы мүмкін, бірақ ол отыз минуттан аспауға тиіс.

      5. Осы қаулының 3-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген көпшілік алдында сөз сөйлеуге дайындалу үшін Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа оның қалауы бойынша бір сағаттан кем емес уақыт беріледі.

      6. Лингвистикалық комиссияның отырыстары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының үй-жайында өткізіледі. Лингвистикалық комиссияның отырысына оның мүшелері мен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттан басқа Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері байқаушылар ретінде қатысуға құқылы.

      7. Лингвистикалық комиссияның отырысы оның барлық мүшелері қатысқан болса, құқықты болып саналады.

      8. Лингвистикалық комиссияның төрағасы оның отырысында лингвистикалық комиссия мүшелерінің арасынан көпшілік дауыспен ашық дауыс беру арқылы сайланады.

      9. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат осы қаулының 3-тармағында аталған тапсырмаларды орындағаннан және тапсырғаннан кейін лингвистикалық комиссия мүшелері шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.
      Лингвистикалық комиссияның шешімі комиссия мүшелері санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады және отырыс хаттамасымен ресімделеді. Дауыстар тең болған жағдайда, шешім Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың пайдасына қабылданады. Қабылданған шешіммен келіспеген комиссия мүшесі өзінің ерекше пікірін айтуға құқылы.

      10. Лингвистикалық комиссияның шешімі мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:
      1) отырыс күні, оның басталуы мен кеңесу бөлмесіне кету уақыты;
      2) отырыс өткізілген орын;
      3) қатысқан адамдардың тізімі;
      4) Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа орындау үшін ұсынылған тапсырмалар, олардың тақырыптары;
      5) Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілді меңгергені немесе меңгермегені туралы қорытынды.
      Лингвистикалық комиссияның шешіміне тексерілген тапсырмалардың мәтіндері және лингвистикалық комиссия мүшелерінің ерекше пікірі (бар болса) қоса беріледі.

      11. Лингвистикалық комиссияның шешімі дереу отырысқа қатысқан Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесіне беріледі.

      12. Осы қаулы оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасы
      Орталық сайлау комиссиясының
      Төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады