Халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдем беру жөнiндегi қосымша шаралар туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы әкімиятының 2005 жылғы 8 ақпандағы N 20 қаулысы. Ақтөбе облысының Әділет Департаментінде 2005 жылғы 14 наурызда N 3089 тіркелді. Орындалу мерзімі аяқталуына байланысты күші жойылды - "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы N 213 Заңына сәйкес

      "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27 бабына, "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдем беру жөнiндегi шараларын кеңейту мақсатында облыс әкiмдiгi қаулы етеді:
       1. Қоса берiлiп отырған халықтың мақсатты топтарындағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтiк жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыру Қағидасы бекiтiлсiн.
       2. Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкiмдерi әлеуметтiк жұмыс орындарын ұсынатын немесе ашатын кәсiпорындар мен ұйымдардың тiзбесiн бекiтсiн.
       3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкiмiнiң орынбасары Ә.Н.Қартовқа жүктелсiн.

      Облыс әкiмi

Облыс әкiмдiгiнiң
2005 жылғы 8 ақпандағы
N 20 қаулысымен
БЕКIТIЛГЕН

Халықтың мақсатты топтарындағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтiк жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыру Қағидасы

      Осы Қағида халықтың мақсатты топтарындағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған әлеуметтiк жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыру тәртiбiн айқындайды, әлеуметтiк жұмыс орындарын ұсынатын ұйымдармен (меншiк түрiне қарамастан) жасалатын негiзгi шарттар мен олармен есеп айырысу жүйесiн реттейдi.

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидада пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
      1) әлеуметтiк жұмыс орыны - халықтың мақсатты топтарындағы  жұмыссыздарды арнайы жұмысқа орналастыру үшiн жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органдарда тiркелген, жергiлiктi бюджет есебiнен жұмысқа қабылданған қызметкерлерге жұмыс берушiлер жұмысақы төлеу шығынының бiр бөлiгiне өтемақы жасайтын жұмыс берушiлердiң ашқан немесе ұсынған жұмыс орыны.
      2) мақсатты топтар - жұмысқа орналасуда қиындық көрiп жүрген және әлеуметтiк қорғауды талап ететiн адамдар ретiнде "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен белгiленген адамдар топтары.

      2 Әлеуметтiк жұмыс орнына орналасқан жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек, зейнетақымен қамсыздандыру және сақтандыру туралы заң актiлерi қолданылады.

      3. Жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органдар әлеуметтiк жұмыс орнына орналастыру үшiн жұмыссыздарға жолдама берудi жүзеге асырады.

  2. Халықтың мақсатты топтарындағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтiк жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыру тәртiбi

      4. Халықтың мақсатты топтарындағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшiн әлеуметтiк жұмыс орнын жергiлiктi (қалалық, аудандық) бюджеттер қаражаты есебiнен жұмысқа қабылданған қызметкерлерге еңбекақының бiр бөлiгiн төлеу шарты бойынша кәсiпорындар мен ұйымдар ұсынады немесе ашады.

      5. Әлеуметтiк жұмыс орнын ұсынатын немесе ашатын кәсiпорындар мен ұйымдардың тiзбесi, әлеуметтiк жұмыс орындарының саны, мерзiмi және қаржыландыру шарты қала (аудан) әкiмдiгiнiң шешiмiнде бекiтiледi.

      6. Әлеуметтiк жұмыс орындарын ұсынушы кәсiпорындарды iрiктеуді жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi жүргiзедi.

      7. Мекемелердi iрiктеу кезiнде әлеуметтiк жұмыс орнына қабылданған қызметкерлердiң одан әрi тұрақты жұмысқа орналасуына кепiлдiк беретiн кәсiпорындар мен ұйымдарға басымдылық берiледi.

      8. Аудандық, қалалық жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органдар жұмыссыздарды әлеуметтiк жұмыс орнына олардың келісiмiмен жiбередi.

      9. Кәсiпорындар мен ұйымдар арасындағы еңбек қатынасын өз бетiнше тоқтатқан (дәлелсiз себептермен) жұмыссыздар жұмыссыз ретiнде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тiркелген есептен шығарылып тасталады және уәкілетті органға қайтадан тек қана тіркелген күннен бастап үш ай өткен соң әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасу үшін қайтадан жіберілуі мүмкін.

  3. Әлеуметтiк жұмыс орындарын қаржыландыру тәртiбi мен көздерi

      10. Әлеуметтiк жұмыс орындарын қаржыландыру көздерi: жергiлiктi  бюджеттер қаражаты мен жұмыс берушiлердiң қаражаттары.

      11. Жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жұмыс берушiлермен қалалық (аудандық) бюджеттер қаражаты есебiнен әлеуметтiк жұмыс орнына қабылданған қызметкерлердiң жұмысақы төлеудiң бiр бөлiгiн өтеуге келісiм шарт жасайды.

      12. Жұмыс берушiлер әлеуметтiк жұмыс орнына жұмысқа қабылданған жұмыссыздардың еңбекақысын төлеу шығынын жергiлiктi бюджет қаражатынан қызметкерге бекiтiлген еңбекақының 50 пайызы мөлшерiнде өтейдi, бiрақ республика бойынша бекiтiлген ең төменгi еңбекақыдан артық емес және 6 айдан аспауы керек.

      13. Әлеуметтiк жұмыс орнына қабылданған қызметкерлерге еңбекақының  бiр бөлiгiн төлеу жұмыс берушiнiң есеп айырысу шотына бюджет қаражатынан аударылады.

      14. Әлеуметтiк жұмыс орнына қабылданған жұмыссыз азаматтарға еңбекақы төлеу, жұмыс берушiлермен жеке келiсiм шарт жағдайында және орындалған жұмыстың санына, сапасына және күрделiгiне сәйкес ай сайын жүзеге асырылады.

      15. Жұмыс берушiлер еңбекақы төлеу шығынын өтеу үшiн жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшiрмесiн, ай сайынғы жұмыс күнiн есепке алатын тiзiмдiк ұсынады.

      16. Әлеуметтiк жұмыс орындарына қабылданған жұмыссыздардың еңбекақысын төлеу нақты орындаған жұмыс көлемiне немесе нақты жұмыс iстеген уақытына қарап берiледi.

      17. Әлеуметтiк жұмыс орындарына жұмысқа қабылданған жұмыссыздарға төленген табысынан заңнамада белгiленген тәртiппен салық салынады.

      18. Мекеменiң есеп айырысу шотына түскен жұмыссыздардың еңбекақысының бiр бөлiгiн төлеу үшiн белгiленген бюджет қаражатын мақсатсыз пайдаланса, оған жұмыс берушiлер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес жауап бередi.

      19. Әлеуметтiк жұмыс орындарын жергiлiктi бюджеттен 002 "Жұмыспен қамту бағдарламасы" бағдарламасы бойынша, 102 "Халықты жұмыспен қамту саласында азаматтарды әлеуметтiк қорғау жөнiндегi қосымша шаралар" кiшi бағдарламасы бойынша қаржыландыру жүзеге асырылады.

  4. Әлеуметтiк жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландырудың тәртiбiн бақылау

      20. Халықтың мақсатты топтарындағы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтiк жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландырудың Қағидасын бақылауды мемлекеттiк органдар заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады