Тергеу және анықтау заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы нұсқаулықты бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2006 жылғы 4 қаңтардағы N 1 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 14 қаңтарда тіркелді. Тіркеу N 4016. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2008 жылғы 27 тамыздағы N 47 Бұйрығымен.

       Күші жойылды - ҚР Бас прокурорының 2008.08.27 N 47 Бұйрығымен.

      Тергеу және анықтау органдарында заңдардың қолданылуына прокурорлық қадағалау тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы "Прокуратура туралы" Заңының 11-б. 4)-тармақшасын басшылыққа алып, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Тергеу және анықтау заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы қосымша тіркелген нұсқаулық бекітілсін.
      2. Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы (Н.М.Әбдіров) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу үшін шаралар қабылдасын.
      3. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының "Тергеу және анықтау заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы нұсқаулықты бекіту туралы" 2004 жылғы 19 мамырдағы N 28 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу реестрінде тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
      4. Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Е.С.Мерзадиновке жүктелсін.
      5. Бұйрық Бас әскери прокурорға, облыстық, Алматы, Астана қалалық және оларға теңестірілген прокурорларға, қалалық, аудандық, мамандандырылған прокуратураларға, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы ғылыми және басқа мекемелерге жолдансын.
      6. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Бас Прокуроры

Қазақстан Республикасы    
Бас Прокурорының       
"04" қаңтардағы 2006 жылғы 
N 1 бұйрығымен        
БЕКІТІЛГЕН         

Тергеу және анықтау заңдылығын прокурорлық
қадағалауды ұйымдастыру туралы
НҰСҚАУЛЫҚ

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасы Конституциясының, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының , қылмыстық іс жүргізу және өзге заңнамалардың негізінде заңды бірыңғай және дәлме-дәл қолдану мақсатында тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды ұйымдастыруды және жүзеге асыруды регламенттейді.

      2. Өз құзыреті шегінде прокуратура органдары қадағалаудың осы саласында құқық қорғау және қадағалау функцияларын, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қылмыстық ізге түсу функциясы мен қызметін үйлестіруді жүзеге асырады.

      3. Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалаудың басымдық бағыттары болып мыналар белгіленген:
      1) қылмыстық іс жүргізуде адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалау;
      2) қылмыскерлікке қарсы күресте, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуда құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру;
      3) қылмыстар мен оқиғалар туралы арыздарды, хабарларды, шағымдарды және өзге ақпараттарды қабылдау, тіркеу және қарау кезінде заңдылықтың сақталуын қадағалау;
      4) терроризм мен экстремизмге, нәсіпқұмарлық, еңбек және өзге мақсатта пайдалану үшін адамдарды заңсыз әкету және сату қарсы күреске бағытталған заңдардың қолданылуын қадағалау;
      5) қылмыстың ұйымдасқан нысандарына қарсы күреске бағытталған заңдардың қолданылуын қадағалау;
      6) қасақана адам өлтіруге қарсы күреске бағытталған заңдардың қолданылуын қадағалау;
      7) есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған заңнамалардың қолданылуын қадағалау;
      8) сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күреске бағытталған заңдардың қолданылуын қадағалау;
      9) экономикалық қылмыстарға қарсы күреске бағытталған заңдардың қолданылуын қадағалау.

2-бөлім. Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды
жүзеге асырған кезде өкілеттікті шектеу

      4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының (одан ары - ҚР БП), аймақтық және арнайы прокуратуралардың функцияларын нақты шектеу, олардың қызметтерінде қайталаушылықты болдырмау мақсатында тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру мынадай тәртіпте белгіленсін:
      1) ҚР БП Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаменті (одан ары - Департамент) республика бойынша прокурорлық қадағалаудың ұйымдастырылуы мен жүзеге асырылуына бақылау жүргізеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған; Қазақстан Республикасының Парламент Палатасы тағайындаған және сайлаған; орталық атқарушы органдар мен ведомстволарды басқаратын лауазымды тұлғаларға; Парламент депутаттарына, судьяларға қатысты, сондай-ақ Бас Прокурордың және оның орынбасарларының тапсырмасымен қадағалау жүргізілетін істер бойынша тікелей қадағалау жүргізеді;
      2) Бас әскери прокуратура Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі әскери қызметшілер, әскерге шақыру немесе келісім шарт бойынша қызмет өтеушілер; әскери жиынды өтеу кезінде әскери міндетті азаматтар; әскери міндеттерін өтеуге байланысты әскери бөлімдерде, құрамдарда, мекемелерде немесе осы бөлімдердің, құрамдардың, мекемелердің орналасқан орындарында азаматтық қызметші адамдар жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істерді тергейтін қылмыстық ізге түсу органдарының орталық аппараттарының бөлімшелерінде қадағалауды жүзеге асырады.
      Осы ведомстволардың төмен тұрған құрылымдарымен тергелетін қылмыстық істер бойынша қадағалауды округтардың, гарнизондар мен әскерлердің тиісті әскери прокурорлары жүзеге асырады.
      Қылмыстық ізге түсу органдарының аталған бөлімшелерінде әскери қызметте тұрмаған адамдар жасаған қылмыстар бойынша қадағалауды аумақтық прокурорлар жүзеге асырады;
      3) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің (одан ары - ҚР ІІМ), Қазақстан Республикасы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі агенттігінің (одан ары - ҚР ЭСЖҚКА), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҚР ҰҚК), Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кеден бақылау агенттігінің (одан ары - ҚР ҚМ КБК), Қазақстан Республикасы Төтенше жағдай жөніндегі министрлігі Мемлекеттік өрт сөндіру қызметінің (одан ары - ҚР ТЖМ МӨҚ) және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (одан ары - ҚР ӘМ ҚАЖК) орталық аппаратымен, осы тармақтың 1-тармақшасында көзделген қылмыстық істерден басқа, тергеу жүргізілген кезде қадағалауды аумақтық қатыстылығы бойынша облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар жүзеге асырады.
      Бас Прокурордың, оның орынбасарларының немесе Департамент бастығының тапсырмасы бойынша Департаменттің қадағалауына қатысты қылмыстық істер бойынша тұтқындауды және өзге тергеу әрекеттерін санкциялау, тергеудің және айыпталушыны қамауда ұстаудың мерзімін ұзарту, сондай-ақ сезікті ретінде адамды ұстаудың, айып тағудың және өзге іс жүргізушілік шешімдердің заңдылығына тексеріс жүргізу міндеті облыстық және оларға теңестірілген прокурорларға жүктелген.
      Облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар аталған тапсырмалардың орындалуы туралы, сондай-ақ республикалық қылмыстық ізге түсу органдарының орталық аппараттарының тергеушілерімен қылмыстық істердің қозғалуы туралы Департаментке 24 сағат ішінде хабарлайды.
      Облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар өздеріне қадағалауына қатысты істер бойынша қылмыстық ізге түсу органдарының орталық аппарат тергеушілерінің өндірісіндегі қылмыстық істердің тергеу барысы туралы Департаментке соңғы нақты іс жүргізушілік шешім қабылданғанға дейін ай сайын 1 күнге ақпарат береді;
      4) ҚР ІІМ, ҚР ЭСЖҚКА, ҚР ҰҚК, ҚР ҚМ КБК, ҚР ТЖМ МӨҚ және ҚР ӘМ ҚАЖК облыстық аппараттары мен оларға теңестірілген департаменттерде қадағалауды облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар жүзеге асырады.
      Облыстық және оларға теңестірілген прокурорлардың жазбаша тапсырмасы бойынша облыстық аппараттардың тергеушілері мен анықтаушыларымен тергелетін қылмыстық істер бойынша қадағалауды жүзеге асыру міндеті қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорларға жүктелуі мүмкін, ол туралы қылмыстық ізге түсу органдарына мәлімет етіледі.
      Қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзушылық фактілері бойынша немесе сыбайлас жемқорлық бойынша соттылығы облыстық сотқа қатысты қозғалған қылмыстық істер бойынша қадағалау облыстық және оларға теңестірілген прокурорлардың ерекше құзыретіне жатады және қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорларға тапсырылуы мүмкін емес.
      Тапсырма беру облыстық және оларға теңестірілген прокурорларды қылмыстық ізге түсу органдарының облыстық және оларға теңестірілген аппараттарындағы тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау жағдайы үшін жауапкершіліктен босатпайды;
      5) қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар ҚР ІІМ, ҚР ЭСЖҚКА, ҚР ҰҚК, ҚР ҚМ КБК, ҚР ТЖМ МӨҚ қалалық, аудандық және оларға теңестірілген басқармаларда (бөлімдерде) қадағалауды жүзеге асырады;
      6) көлік прокурорлары көлікте жасалған қылмыстарды, сондай-ақ көлік инфрақұрылымының құрылысын жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыскерлерімен жасалған қылмыстарды тергейтін қылмыстық ізге түсу органдарының бөлімшелерінде қадағалауды жүзеге асырады;
      7) табиғатты қорғайтын прокурорлар қылмыстық ізге түсу органдарының мамандандырылған (экологиялық) бөлімшелерінде қадағалауды жүзеге асырады;
      8) түзеу мекемелерінде жазаның орындалу заңдылығын қадағалау жөнінде мамандандырылған прокурорлар ҚР ӘМ ҚАЖК органдарының бөлімшелерінде қадағалауды жүзеге асырады.

      5. Басқа әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жүргізілетін қылмыстық ізге түсу органдарының іс жүргізушілік әрекеттерін санкциялау қылмыстық іс тергелетін жергілікті орны бойынша облыстық және оларға теңестірілген прокурорлармен, не олардың орынбасарларымен жүзеге асырылады, аталған әрекеттер жүргізілетін орын бойынша облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар ол туралы 24 сағат ішінде міндетті түрде хабардар болуы тиіс.

      6. Облыс (қала) шегінде қылмыстық істі тергеудің аумақтық тергеуге қатыстылығы облыстық және оларға теңестірілген прокурорлармен, Республика көлемінде Бас Прокурормен немесе оның орынбасарларымен белгіленеді. Облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар 24 сағат ішінде Департаментке хабар беріп, қылмыстық істі тергеу үшін мемлекеттің бір аймағынан басқа аймаққа тапсыруы мүмкін. Дау туған жағдайда немесе адам әр түрлі аймақтарда қылмыс жасаған болса, қылмыстық істің тергеушілігі Департаментпен анықталады.

      7. Прокурор сол бір ведомствоның төмен тұрған органынан жоғары тұрған органға қылмыстық істі тапсыру туралы ақпаратты есепке алу құжаттарына қол қойған кезде қабылданған шешімнің негізділігі жөнінде өз пікірін білдірумен қатар бұл туралы жоғары тұрған прокурорға 24 сағат ішінде мәлімет береді.
      Бір ведомствоның өндірісінен өзге ведомствоның орталық аппаратының өндірісіне қылмыстық істі тапсыру Департамент арқылы жүргізіледі.

      8. Бірнеше прокурорлардың қадағалауына қатысты ҚР ЭСЖҚКА, ҚР ҰҚК және ҚР ҚМ КБК органдардың бөлімшелерінде тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды қылмыс жасалған аумақтың прокурорларымен өзара іс-әрекет жасау арқылы олардың орналасқан орындары бойынша прокурорлар жүзеге асырады.

3-бөлім. Тергеу және анықтау заңдылығын
қадағалауды ұйымдастыру

      9. Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру - органға жасалған не дайындалып жатқан қылмыс туралы ақпарат түскен кезден бастап қылмыстық істі сотқа жолдағанға шейін сотқа дейінгі өндірістің барлық сатысында қылмыстық ізге түсуді жүзеге асыратын лауазымды тұлғалардың іс жүргізушілік әрекеттері мен шешімдерінің заңдылығын қамтамасыз ету дегенді ұйғарады.
      Қадағалау қызметін ұйымдастыру аймақтық-нысандық принципі бойынша жүзеге асырылады.
      Қылмыстық ізге түсу органдарында қадағалауды тиімді жүзеге асыру мақсатында қылмыстық ізге түсу органдарында орналасқан "Прокурор кабинеттерінде" прокуратура қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылған.

      10. Үлкен қоғамдық жаңғырық туғызатын аса ауыр қылмыстар бойынша, сондай-ақ апаттар, күйреу, қирау және өзге төтенше жағдайлар болған жергілікті орындарға қалалық және оларға теңестірілген прокурорлардың өздері барады, не басқа қылмыстық ізге түсу органдарының қызметкерлерімен бірге баруды бағынышты қызметкерлерге тапсырады. Көлік прокуратуралары едәуір шалғай жерде болғанда, мұндай жағдайлар болған орындарға аймақтық прокурорлар барады. Оқиға болған жерді қарауға не өзге тергеу әрекеттерге прокурордың қатысқаны жөнінде тиісті хаттамаларда жазылады.

      11. Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар Департаментке 24 сағат ішінде мына қылмыстар туралы арнайы мәліметтер жолдайды: конституциялық құрылыстың негізіне және мемлекеттің қауіпсіздігіне қарсы; ұйымдасқан қылмыстық топпен немесе қылмыстық қоғамдастықпен жасалған; жалдау бойынша адам өлтіру; шетел азаматтарымен жасалған және оларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстар; терроризм мен экстремизм фактілері; нәсіпқұмарлық, еңбек және өзге мақсатта пайдалану үшін адамдарды заңсыз әкету және сату; жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын тұлғалармен, құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғаларымен, судьялармен жасалған, сондай-ақ барлық төтенше жағдайлар мен үлкен қоғамдық жаңғырық туғызған қылмыстар туралы.

      12. Қабылданған шешімнің заңдылығын тексеруді бір уақытта бастап, қылмыстық істерді қозғау туралы ақпараттық есеп құжаттарына кідіріссіз қол қойылады. Қағидат бойынша, дәлелдерін міндетті түрде мазмұндаумен қатар қаулыны ұйғарған кезден бастап 10 тәулік ішінде қылмыстық істерді қозғау туралы заңсыз қаулыларды бұзу жүргізіледі; ҚР ҚІЖК 132-бабының тәртібімен ұстаған адам болған жағдайда 24 сағат ішінде.
      Тиісті материалдарды зерттеу арқылы қылмыстық істі қозғаудың заңдылығы мен негізділігіне тексеріс жүргізгенде ҚР ҚІЖК 177-бабында көзделген себептер мен негіздердің болуына; мерзімнің және іс жүргізушілік тәртіптің сақталуына; іс бойынша өндірісті жоятын мән-жайларға баға беріледі.

      13. Қылмыстық істер бойынша қадағалау өндірісі басталады, онда ҚР ҚІЖК талаптарына сай тергеу және анықтау органдары прокурорға жолдайтын іс жүргізушілік құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ қадағалау қызметінің барысында қабылданған прокурорлық қадағалау актілері мен шешімдерінің көшірмелері міндетті түрде тіркеледі. Қадағалау өндірісінің толықтылығы үшін қылмыстық істің тергеу заңдылығын қадағалайтын прокурор жауапты болады.
      Қылмыстық іс жүргізу заңнамасының қабылданған іс жүргізушілік шешімдері туралы қаулылардың көшірмелері 24 сағат ішінде прокурорға жолдануы туралы бөлігіндегі талаптардың тергеу және анықтау органдарымен мүлтіксіз сақталуы қамтамасыз етіледі.

      14. Қылмыстық істі тергеудің толықтылығын, объективтілігі мен жан-жақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жазбаша нұсқаулар беріледі. Ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы, сондай-ақ прокурорлармен қозғалған қылмыстық істер бойынша нұсқау беру міндетті түрде.
      Орындалу мерзімін белгілеумен қатар нақты тергеу әрекеттерін атап көрсету қажет болғанда және қылмыстық істі тоқтата тұру мен қысқарту туралы шешімдерді бұзу кезінде, қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтарғанда, сондай-ақ тергеу және анықтау органдарының басшыларына ұйымдастыру-бақылау және іс жүргізушілік шаралар қабылдау туралы нұсқаулар берілуі мүмкін.
      Нұсқаулар қадағалау өндірістерде сақталады және оларды қылмыстық істердің материалдарына қоспайды.
      Нұсқаулар қылмыстық істің тергеу заңдылығын қадағалайтын прокурордың бақылауында болады. Нұсқауларды және басқа қадағалау актілерін орындамаған кезде қылмыстық ізге түсу органдарының кінәлі адамдарын заңда белгіленген жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу қажет.

      15. Қағидат бойынша, тергеу және анықтау органдарының заңсыз әрекеттері туралы шағым және өзге деректер болған жағдайда, азаматтардың бұзылған құқықтарын кідіріссіз қалпына келтіру қажет болғанда немесе нұсқаулардың орындалуын бақылау үшін тергеу жүргізіліп жатқан қылмыстық істерге сұрау салынады.
      Анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің әрекеттері мен шешімдеріне жасалған шағымдар қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес белгіленген мерзім ішінде осы қылмыстық істің тергеу заңдылығына тікелей қадағалауды жүзеге асыратын прокурормен қаралуға жатады.

      16. Прокурорлар қылмыстық ізге түсу органдарының басшыларымен шешім қабылданған кезден бастап 5 тәулік ішінде қылмыстық іс бойынша өндірісті қысқартудың және тоқтатудың негізділігі туралы қорытындының ұйғарылуын қамтамасыз етеді.
      Сыбайлас жемқорлық туралы, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына байланысты қылмыстық істер мен материалдар бойынша қабылданған іс жүргізушілік шешімдердің заңдылығына тексеріс олар прокуратураға келіп түскен күннен бастап 10 тәулік ішінде жүргізіледі.
      Іс жүргізушілік шешімдерді бұзу туралы қылмыстық ізге түсу органдарының өтініштерін қарау кезде тексеріс ол келіп түскен күннен бастап 15 тәулік ішінде жүргізіледі.
      Басқа жағдайларда тергеуге дейінгі тексерістердің материалдары бойынша, қысқартылған және тоқтатылған қылмыстық істер бойынша іс жүргізушілік шешімдердің заңдылығын тексеру мерзімдері олар прокуратураға келіп түскен күннен бастап 1 айдан аспауы тиіс.

      17. Прокурор қылмыстық істі тоқтату немесе қылмыстық істі қозғаудан бас тарту туралы шешіммен келіскен жағдайда қаулының соңғы парағына қарамен қоса қол қояды. Қарарда ҚР ҚІЖК баптары мен тармақтары көрсетілумен қатар шешім қабылдаудың негіздері; оны қабылдаған күні; прокурордың лауазымы, аты-жөні, қол қойған күні көрсетіледі.
      Прокурор қылмыстық істі қысқарту жөнінде келіскен жағдайда дәлелдейтін қорытынды жазады.
      Прокурор соңғы іс жүргізушілік шешіммен келіскен жағдайда, қылмыстық іс немесе бас тарту өндірісінің материалдары бойынша адамды тәртіптік немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін, сондай-ақ мемлекеттің материалдық мүдделерін қорғау үшін негіздер бар болса, тиісті шаралар қабылдау үшін іс жүргізушілік шешімдердің көшірмелері прокуратураның өзге бөлімшелеріне жолданады.
      Қылмыстық істі немесе бас тартылған өндірістің материалдарын ҚР БП жазбаша сұратқан жағдайда облыстық прокуратура дәлелді қорытынды жасайды. Ілеспе хатта қабылданған іс жүргізушілік шешім бойынша өз көзқарасын сипаттаумен қатар облыстық немесе оған теңестірілген прокурордың қолы қойылып, қылмыстық іс (материал) ҚР БП жолданады.
      Тергеу және анықтау органдарының ақтау емес негіздер бойынша қылмыстық істі қысқарту және қылмыстық істерді қозғаудан бас тарту туралы шешімдерінің заңдылығын тексеру кезінде адамның айыптылығы туралы дәлелдемелердің рауалылығы мен қатыстылығына баға беріледі. Күмәнданған жағдайда жәбірленушіден және айыпталушыдан (сезіктіден) түсініктеме алумен қатар қылмыстық істі қысқартудың тараптардың татуласу, рақымшылық актісін және басқа ақтау емес негіздерді қолдануға келісу фактілерінің шүбасыздығын тексеру жүргізіледі.

      18. Анықталған заңдылықты бұзушылықтар тергеу мен анықтаудың заңсыз қаулыларын бұзу арқылы, сондай-ақ жауаптылық туралы мәселені бір уақытта көтере отырып, лауазымды адамдардың әрекеттерінің заңсыздығын мойындау арқылы жойылады.
      Қылмыстық ізге түсу органдарының орталық аппараттарына енгізілген прокурорлық қадағалау актілері Департамент арқылы, облыстық аппараттарға облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар арқылы жолданады.
      Қажет болған жағдайда прокурор қылмыстық ізге түсу органдарында прокурорлық қадағалау актілерін қарауға қатысады.

      19. Тергеу және анықтау органдарының іс жүргізу әрекеттеріне (ҚР ҚІЖК 142 , 150 , 267-баптарынан басқа) санкция беруге; қабылданған іс жүргізушілік шешімдердің негізділігі туралы қорытындылар жасауға; қылмыстық іс қозғаудан бас тарту мен іс бойынша өндірісті тоқтату жөнінде келісімі туралы бұрыштама қоюға, сондай-ақ тергеушілер мен анықтаушылардың, төмен тұрған прокурорлардың қаулыларын бұзуға немесе келісу не санкциялау туралы бұрыштама қоюға; ақпараттық-есеп құжаттарына қол қоюға; қылмыстық істі талап етуге мыналар өкілетті:
      1) аудандық және оларға теңестірілген деңгейде - прокурор және оның орынбасарлары;
      2) облыстық және оларға теңестірілген деңгейде (соның ішінде Бас әскери прокуратура) - прокурор және оның орынбасарлары;
      3) Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Департамент бастығы.

      20. Прокурорлар есептен жасырылған қылмыстар бойынша, қадағалау тексерістердің қорытындылары бойынша, сондай-ақ үлкен қоғамдық жаңғырық туғызған оқиғалар мен фактілер бойынша қылмыстық істерді қозғайды.
      Қылмыс істерді қозғау тиесілі прокуратураның тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау бөлімшелерімен келісіледі.
      Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар прокурорлармен қозғалған қылмыстық істердің тергеу жағдайына тоқсан сайын талдау жасайды және олардың қозғау мен оларды қадағалауды жүзеге асырудың практикасын жылына екі реттен кем емес жинақтап қорытындылайды. Қорытулардың нәтижесі туралы Департаментке жартыжылдық аяқталғаннан кейін келесі айдың 10 күніне істердің тізімін қосымша тіркеп, ақпарат береді.
      Осы мәселе бойынша қадағалаудың жағдайын Департамент жылына екі реттен кем емес жинақтап қорытындылайды.
      Облыстық және оларға теңестірілген прокуратураларда прокурорлармен қозғалған қылмыстық істердің ішінен сотқа жолданған қылмыстық істердің тізімі соттарда қылмыстық істердің қарау заңдылығын қадағалау жөнінде тиісті басқармаларға (бөлімдерге) одан ары бақылау жүргізу үшін тапсырылады.
      ҚР БП қозғалған қылмыстық істердің ішінен сотқа жолданған қылмыстық істердің тізімі Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау департаментіне одан ары бақылау жүргізу үшін тапсырылады.

      21. Көкейкесті және ерекше маңызды қылмыстық істер бойынша қылмыстық процестің барлық сатысында тиімді бақылау жүргізу үшін прокуратура органдарының әр түрлі бөлімшелерінің оперативтік қызметкерлерінен топтар құру арқылы қадағалаудың толассыз әдісі қолданылады.

4-бөлім. Қылмыстық іс жүргізуде азаматтың және
адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарының
сақталуын қадағалауды жүзеге асыру

      22. Қылмыстық іс жүргізуде азаматтың және адамның Қазақстан Республикасының Конституциясында 1, 12 - 18, 25, 39-б.б. көзделген жеке бас бостандыққа, қадір-қасиетке, жеке өмірге қол сұғылмаушылыққа, жеке және отбасының құпиясына, жеке салымдары мен жинақтарының құпиясына, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф хабарларының немесе өзге хабарлар құпиясына, тұрғын үйге, меншікке қол сұғылмаушылыққа конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ал олар бұзылған жағдайда кідіріссіз ақтау прокуратура органдары қызметкерлерінің міндеті болып табылады.

      23. Қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар қылмыс жасаған сезікті адамды ұстау туралы анықтаушыдан немесе тергеушіден жазбаша хабар алғаннан кейін кідіріссіз оның заңдылығын және негізділігін тексереді. Ұстауды заңсыз деп таныған жағдайда, прокурор кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты қадағалау шараларын қабылдаумен қатар ұстау мерзімі аяқталғанға дейін сезікті адамды босатады.
      Кәмелетке толмағандарды, мүгедектерді, әйелдерді, шетел азаматтарын ұстаудың негізділігіне ерекше назар аударылады.

      24. Қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар журнал жүргізумен қоса, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен камералар мен уақытша ұстау изоляторларында (УҰИ), қылмыстық ізге түсу органдарының қызметтік және өзге үй-жайларда ҚР ҚІЖК 17-тарау талаптарының сақталуын тұрақты тексереді. Түнгі уақытта, мереке және демалыс күндері тексеру, соның ішінде бейнежазбаны пайдалану тәжірибеге алынған.
      Заңдылықты бұзушылық анықталған жағдайда анықтама құрастырылады, онда тексеріспен анықталған фактілер сипатталады.
      Әрбір сезіктінің ұсталу заңдылығы тексеріледі. Заңға қайшылық жағдайда сезікті адам тікелей тексеріс жүргізген прокурордың қаулысымен кідіріссіз босатылады, кінәлі лауазымды адамға қатысты қадағалау шарасын қабылдаумен қатар. Ерекше назар кәмелетке толмағандарды, мүгедектерді, әйелдерді, шетел азаматтарын ұстаудың негізділігіне аударылады.
      Аталған тексерістерді жүргізуге "Прокурорлар кабинетінде" кезекшілік атқарып отырған прокурорлар тартылады.
      УҰИ жедел іздестіру қызметі өндірісінің заңдылығын тексеру осы қадағалауды жүзеге асыруға өкілетті прокуратура қызметкерлерімен жүргізіледі.
      Қабылдау-тарату бөлімдерінде; әкімшілік қамауға алынған адамдар ұсталатын арнайы қабылдау бөлімдерінде; медициналық айықтырғыштарда адамдарды ұстаудың заңдылығына тексеріс жүргізуге мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау жөніндегі қызметкерлерді қатыстыру тәжірибеге алынған.
      Қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтерімен бірге бірлескен акт құрумен қатар УҰИ-ында сезікті адамдарды ұстау шарттарының сақталуына жылына екі реттен кем емес тексерістер жүргізеді.

      25. Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар құқық қорғау органдарының облыстық және өздеріне тиесілі аппараттарда қызметтік және өзге үй-жайларды он күн сайын тексереді, ол туралы журнал жүргізеді, заңдылықты бұзушылық анықталған жағдайда анықтама жазады.
      Олар осы Нұсқаулықтың 23-тармағында аталған қылмыстық ізге түсу органдарының үй-жайлары мен бөлімшелерінде азаматтардың ұсталуының заңдылығына бір уақытта тексеріс жүргізуді тәжірибеге алған; қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлармен ҚР ҚІЖК 152-бабының талаптарын орындау қамтамасыз етіледі.
      Тергеу изоляторларында адамдарды ұстаудың заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында жазаның орындалу және азаматтарды ақтау заңдылығын қадағалау бөлімшелерімен бірге өзара іс-әрекеттер жүзеге асырылады.

      26. Қылмыс жасаған адамды тұтқындауға санкция беру туралы мәселелер, қағида бойынша, қылмыстық ізге түсу органдарының қызметтік үй-жайларында шешіледі.
      Тұтқындауға санкция беру туралы мәселені шешу кезінде прокурор істің барлық материалдарымен мұқият танысады, қылмыстық іске тіркелетін хаттама құрастырумен қатар сезіктіден немесе айыпталушыдан жеке жауап алады. Тұтқындауға санкция беру сезіктінің немесе айыпталушының қорғаушысының (адвокатының) міндетті түрде қатысуымен жүргізіледі.

      27. Қамауға санкция беруді есепке алу прокурордың өзімен жеке журналда жүргізіледі. Журналда қылмыстық істің нөмірі, қозғалған күні, тергеу жүргізетін орган мен адам, сезіктінің немесе айыпкердің аты-жөні, туған жылы мен жері, азаматтығы, мекен-жайы мен жұмыс орны, айып тағудың немесе сезік келтірудің бабы, ұсталу күні, қамауға санкция берген адамның лауазымы мен аты-жөні, қамауға санкция берілген тәртіптің ҚР ҚІЖК ( 142 , 150 , 267-б.б. ) бабы, қамауға алынған күн, қамау мерзімі ұзартылған күн, үкімнің күшіне енгені туралы белгі соғумен қатар тергеудің және сотта қараудың қорытындысы көрсетіледі.
      Басқа іс жүргізушілік әрекеттерді санкциялауды есепке алу басқа журналға жазылады.
      Аталған журналдар тігіледі, нөмірленеді, прокурордың елтаңбалы мөрімен мөрленеді.

      28. ҚР ҚІЖК 139 , 141 , 150 , 534-баптарында мазмұндалған мән-жайларды есепке ала отырып, қамауға алу қолданылады. Қамауға алуға санкцияны ҚР ҚІЖК 150-бабының 4-бөлігіне сәйкес құқығы бар прокурорлар береді.
      Кәмелетке толмағандарға қатысты қамауға алу ҚР ҚІЖК 419-бабының 3-бөлігіне қатаң сәйкес қолданылады.

      29. Прокурорлар қамауға алу, оның мерзімін ұзарту туралы мәселенің шешімінің негізділігі мен дер кезділігі үшін, сондай-ақ санкция беруден негізсіз бас тартқаны үшін жеке жауапкершілік етеді. Санкция беруден бас тарту дәлелдерін көрсетумен қатар тергеуші мен анықтаушы жазбаша түрде мазмұндайды. Анықтау және тергеу сатысында қамауға алуды өзге бұлтартпау шарасына өзгерту кезінде ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамға қатысты қамауға алуға санкция беруден бас тартылған әр жағдайда прокурорлар үш тәулік мерзім ішінде бұл туралы Департаментке себептерін көрсетіп, жазбаша баяндайды.

      30. ҚР ҚІЖК белгіленген тергеу және қамауға алу мерзімдерін ұзарту тәртібінің мүлтіксіз сақталуы прокурорлармен қамтамасыз етіледі. Іс жүргізушілік мерзімді ұзартудың себептері шұғыл кеңестерде; айыпталушыны қамаудың мерзімі 5 айдан артық болса алқа мәжілісінде талқыланады.
      Азаматтың жеке бостандық құқығын қорғау мақсатында, адамды тұтқында ұстаудың қажеттілігі болмаған жағдайда, сондай-ақ кінәлі еместігіне дәлелдер табылғанда, оны қамаудан кідіріссіз босату шаралары қабылданады.

      31. Қылмыстық ізге түсу органдары қызметкерлерінің тарапынан азаматтарға қатысты рұқсат етілмеген ықпал ету әдістері пайдаланылғаны туралы олардың шағымдары мен арыздары мұқият тексеріске жатады.
      Қылмыстық істі тергеу барысында қылмыстық ізге түсу органдары айыпталушының (сезіктінің) дәлелдерін мынадай жолдармен ұқыпты тексеруге бағдарланады:
      хабарлаған мәліметтер бойынша одан егжей-тегжейлі жауап алу;
      заңсыз әрекеттеріне шағым түскен адамдардан жауап алу;
      мойындау себептері туралы белгілі адамдардан, соның ішінде айыпталушымен бірге тұтқында отырғандардан жауап алу;
      оның денсаулық жағдайы тексерілген немесе ол қай жерде қаралған, сол медициналық мекемелерден деректерді талап ету, қызметкерлерінен жауап алу;
      аталған адамдардың көрсетпелерінде қайшылық туған жағдайда оларды беттестіру; тану; оқиға болған орында көрсетпелерді тексеру және нақтылау;
      іс бойынша өндірістің бастапқы кезеңдерінде айыпталушыдан осыған ұқсас шағымдардың түскені не түспегені туралы мәліметтерді талап ету;
      арыз иесінің дәлелдерін объективті растайтын немесе теріске шығаратын мән-жайларды анықтауға бағытталған басқа тергеу-жедел іс-шараларын жүргізу.
      ҚР ҚІЖК талаптарын бұзушылықтармен алынған дәлелдемелер ҚР ҚІЖК 116-бабында көзделген жағдайларда олардың дұрыстығына ықпал етсе немесе ықпал етуі мүмкін болса, тергеушінің не қадағалайтын прокурордың тиісті қаулы шығаруы арқылы олардың заңды күші жоқ және пайдалануға жол берілмейді деп танылуы тиіс.

      32. Прокурордың санкциясынсыз жүргізілген тінтудің заңдылығын тексеру ҚР ҚІЖК 232-б. 3-тармағына сәйкес тиісті қаулы ұйғарумен қатар үш тәулік ішінде жүргізіледі, онда осы әрекеттің дәлелдеме ретінде пайдаланылуы туралы көрсетіледі.
      Прокурорлар қылмыстық ізге түсу органдарының әрбір санкциялаған қаулысы бойынша жүргізілген жұмыстың қорытындыларын тексерсін және талап етсін.
      Қылмыстық ізге түсу органдарының қаулыларын санкциялаудан бас тарту оның дәлелдерін көрсетумен қатар жазбаша түрде прокурорлармен мазмұндалады.

      33. Нақты адамдарға қатысты қылмыстық істерді заңсыз қозғау фактілеріне; заңсыз айып тағу және бұлтартпау шараларының және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына өзге шектеулердің заңсыз қолдану фактілеріне ерекше назар аударылады. Мұндай фактілер анықталған жағдайда кінәлі лауазымды тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселе табандылықпен көтеріледі.
      Облыстық, қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар қылмыстық жауаптылыққа заңсыз тартылған азаматтардың бұзылған құқықтарын дер кезінде қалпына келтіруді қадағалау мен үйлестіру шаралары арқылы қамтамасыз етеді.

      34. Тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын прокурорлар айыпталушы ретінде жауаптылыққа тарту туралы қаулының көшірмесін алған кезден бастап үш тәулік ішінде оның заңдылығын мына мәселелерді анықтау арқылы тексереді: айыпталушыға тағылған әрекет орынды ма, бұл әрекетте қылмыс құрамының бар-жоғын; тағылған айыптың негізді-негізсіз екенін және оның істе бар дәлелдемелермен расталатынын; айыпталушының әрекеттері дұрыс сараланғанын-сараланбағанын; айыпталушыға іс бойынша барлық анықталған және дәлелденген қылмыстық әрекеттері бойынша айып тағылғанын-тағылмағанын; қылмыс жасағаны туралы іс бойынша дәлелдемелер табылған барлық адамдардың айыпталушылар ретінде жауапқа тартылғанын-тартылмағанын.
      Айыпталушы ретінде тарту туралы заңсыз қаулыны бұзу оған мүдделі барлық адамдарға, соның ішінде жәбірленушіге, азаматтық қуынушылар мен олардың өкілдеріне ол туралы хабарлаумен қатар кідіріссіз жүргізілуі тиіс.

      35. Айыпталушыны сотқа беру туралы мәселені шешу алдында ҚР ҚІЖК 281-бабында көзделген талаптар мұқият тексеріледі. Осы талаптар орындалмаған жағдайда кінәлі адамдарға прокурорлық қадағалау шараларын қолданумен қатар қылмыстық істер қосымша тергеуге қайтарылады.
      Қылмыстық істер прокурордың дәлелденген қаулысы бойынша, қажет болған жағдайда нақты тергеу әрекеттерді жүргізу туралы нұсқауды қосымша тіркеу арқылы қосымша тергеуге қайтарылады.
      ҚР ҚІЖК 281 - 284 , 289 , 514-б.б. талаптарына сәйкес істерді сотқа жолдар алдында өзара іс-әрекеттерді қамтамасыз ету үшін қылмыстық істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын қадағалау жөнінде тиісті бөлімшелердің қызметкерлері тартылады.
      Прокурорлар істерді сотқа жолдаудың негізділігі және дер кезділігі үшін, айыптау қорытындысын, айыптау қаулысын табыс ету тәртібінің сақталуы үшін жеке жауаптылық етеді.
      36. Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар айыпталушы кінәлі болмағандықтан істің қысқартылуына байланысты тергеу барысында қамаудан босатылған, ал сотпен ақтау үкімі не ақтау емес негіздер бойынша қаулы шығарылған қылмыстық істердің дер кезінде зерттелуін қамтамасыз етеді.
      Тергеу органдарының немесе соттың көрсетілген шешімдерімен келіскен жағдайда жоғарыда аталған прокурорлардың бекітуімен қоса дәлелді қорытынды жасалады:
      тергеу органы қабылдаған шешімінің негізділігі туралы қорытындыны бір уақытта ұйғару;
      сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 30 тәулік ішінде;
      қадағалау тәртібінде наразылық келтіру кезінде - оны қабылдамаған күннен бастап 30 тәулік ішінде.
      Облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар қамауды заңсыз таңдаған және адамның заңсыз тұтқындалғанына кінәлі лауазымды тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселені дереу алқада талқылайды. Қамау ретінде бұлтартпау шарасына санкция берудің негізділігіне және адамды тұтқында ұстаудың заңдылығына баға беру кезінде азаматтың бұзылған жеке бостандық құқығын қалпына келтіру жөнінде прокурормен қабылданған шаралардың дер кезділігі есепке алынады.
      Алқаның шешімі мен қабылданған шаралармен бірге қорытынды бір ай мерзім ішінде (алқа мәжілісі өткен күннен бастап) Департаментке ұсынылады.

      37. Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар осы Нұсқаулықтың 35-тармағында көрсетілген адамдардың, сондай-ақ қамау ретінде бұлтартпау шарасы бұзылған не өзге шараға өзгертілген; ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша қамауға немесе іздестіруді келесі жариялау жағдайында санкция беруден бас тартылған; ҚР ҚІЖК 132-б. тәртібінде ұсталған, оларға қатысты ақтау негіздері бойынша қылмыстық ізге түсу қысқартылған адамдардың; қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзу фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істердің тізімдері Департаменттің Деректер қорына ай сайын 10 күні жолдайды.

      38. Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар тоқсан сайын қылмыстық ізге түсу органдарында қылмыстық іс жүргізуде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау жағдайына талдау жасайды және оларды қадағалау тәжірибесін жылына екі реттен кем емес жинақтап қорытындылайды. Қорытулардың нәтижесі туралы Департаментке жартыжылдық аяқталғаннан кейін келесі айдың 10 күні ақпарат беріледі.
      Департаментпен осы мәселе бойынша қадағалаудың жағдайы жылына екі реттен кем емес жинақталып қорытындыланады.

5-бөлім. Қылмыстар және оқиғалар туралы өтініштерді,
хабарларды шағымдар мен өзге ақпараттарды қабылдау,
тіркеу және қарау кезінде заңдылықтың сақталуын
қадағалауды жүзеге асыру

      39. Қылмыстар және оқиғалар туралы өтініштерді, хабарларды, шағымдар мен өзге ақпараттарды қабылдау, тіркеу және қарау тәртібі туралы нормативтік құқықтық актілердің қылмыстық ізге түсу органдарымен дұрыс қолданылуы; олар бойынша қабылданатын іс жүргізушілік шешімдердің заңдылығын және статистикалық мәліметтердің шүбасыздығын, толықтылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету, қылмыстар және оқиғалар туралы өтініштерді, хабарларды шағымдар мен өзге ақпараттарды қабылдау, тіркеу және қарау кезінде заңдылықтың сақталуын қадағалаудың негізгі мақсаттары болып табылады.

      40. Қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар он күн сайын жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды қабылдау, тіркеу және шешу кезінде заңдылықтың сақталуын тексереді. Қылмыстарды есептен жасыру фактілері бойынша қызметтік тергеу жүргізу, ал ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша міндетті түрде іс жүргізушілік шешім қабылдау қамтамасыз етіледі.

      41. Тағылған айыптың болмауына байланысты істерді бір өндіріске негізсіз қосу арқылы тергеу мерзімін қалпына келтіру мақсатында қылмыстық ізге түсу органдарымен пайдаланылатын жеке көріністер бойынша қылмыстық істерді қозғау тәжірибесіне жол бермеуге шаралар қабылданады.

      42. Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар облыстық және оларға теңестірілген қылмыстық ізге түсу органдарында қылмыстар және оқиғалар туралы өтініштерді, хабарларды, шағымдар мен өзге ақпараттарды қабылдау, тіркеу және қарау кезінде заңдылықтың сақталуын ай сайын тексереді.
      Департамент қылмыстық ізге түсу органдарының орталық аппараттарында аталған тексерістерді тоқсан сайын жүргізеді.

      43. Осы тексерістерді жүргізуге ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитеті (ҚР БП ҚСжАЕК) органдарының қызметкерлері, сондай-ақ прокуратураның өзге бөлімшелерінің қызметкерлері: әкімшілік материалдар бойынша - мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығын қадағалау; жедел-іздестіру материалдары бойынша - жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау; соттардың ұсыныстары мен жеке қаулылары бойынша - қылмыстық істерді соттарда қарау заңдылығын қадағалау; атқару өндірісінің материалдары бойынша - азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілерінің және атқару өндірісінің заңдылығын қадағалау бөлімшелерінің қызметкерлері де тартылуы мүмкін.
      Қылмыстар және оқиғалар туралы өтініштерді, хабарларды, шағымдар мен өзге ақпараттарды қабылдау, тіркеу және қарау кезінде заңдылықты бұзушылық жіберілгені туралы деректер болған жағдайда аталған құрылымдық бөлімшелер тиісті тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау бөлімдеріне, басқармаға не Департаментке хабар береді.

      44. Тексеріс барысында прокурорлар қылмыстық ізге түсу органдарының назарларын денсаулық сақтау, сот сараптамасы органдары мен басқа ұйымдармен бірге салыстыру жүргізуге, сондай-ақ осы салада бұзушылықтарды анықтау жөнінде өзге шаралардың қабылдануына екпін жасайды.
      Аталған мекемелер мен ұйымдарда олардың деректерін қылмыстық ізге түсу органдарының салыстыру актілерімен салғастыру мақсатында қарсы тексерістер жүргізу тәжірибеге алынған.
      Бұзушылықтар кездескен кезде кінәлі лауазымды тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселені көтерумен қатар ведомстволық комиссиялардың қызметінің тиімділігіне баға беріледі.

      45. Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар тоқсан сайын қылмыстық ізге түсу органдарында қылмыстар және оқиғалар туралы өтініштерді, хабарларды, шағымдар мен өзге ақпараттарды қабылдау, тіркеу және қарау кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жасайды және оны қадағалау тәжірибесін жылына екі реттен кем емес жинақтап қорытады. Қорытулардың нәтижесі туралы Департаментке жартыжылдықтан кейінгі келесі айдың 10 күні анықталған есептен жасырған қылмыстардың және қылмыстарды есептен жасырған фактілері бойынша қылмыстық ізге түсу органдарының қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істердің тізімін қоса ұсынады.
      Осы мәселе жөнінде прокурорлық қадағалаудың жағдайы Департаментпен жылына екі реттен кем емес жинақталып қорытылады.

6-бөлім. Құқық қорғау органдарының қылмыскерлікке
қарсы күрес жөніндегі қызметін үйлестіру және
жеке басымдық бағыттар бойынша
қадағалауды ұйымдастыру

      46. Облыстық, қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар ай сайын заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеумен қатар аймақтағы қылмыскерліктің жағдайына, қылмыстардың категориялары мен түрлері бойынша оның динамикасына талдау жасайды.

      47. ҚР ҚСжАЕК аймақтық басқармаларымен бірлесіп, қылмыстықтың, оны әшкерелеудің жағдайы туралы, тергеу жұмысы мен анықтаудың көрсеткіштері туралы статистикалық мәліметтердің шүбасыздығын тексереді және қамтамасыз етеді.

      48. Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің экстремизм мен терроризм көріністеріне, нәсіпқұмарлық, еңбек және өзге мақсатта пайдалану үшін адамдарды заңсыз әкету мен сатуға қарсы әрекеттері жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады.
      Қылмыстық ізге түсу органдары экстремистік идеологияның көріністері мен оның тарауына, конституциялық мақсаттарға қарсы ұйымдар мен бірлестіктер құруға, адамдарды заңсыз әкету мен сатуға мүмкіндік туғызатын себептер мен шарттарды анықтауға және оларды жоюға бағытталған.
      Тергеуге дейінгі және қылмыстық істердің материалдарын зерттеудің қорытындысы бойынша тергеу органымен қабылданған мынадай шаралардың толықтылығы тексерілуде: маңызы бар барлық мән-жайларды анықтау; адамдарды заңсыз әкету мен сатуға байланысты экстремистік және террористік ұйымдардың ұйымдастырушылары мен басшыларын қылмыстық жауаптылыққа тарту; экстремистік әдебиеттерді тарату арналары мен хабар көздерін, сондай-ақ осы ұйымдарды қаржыландыру және техникалық жабдықтау арналарын анықтау және оларға жол бермеу; сараптамаларды дер кезінде тағайындау.
      Осы категорияда ашылмаған қылмыстар бойынша ҚР ҰҚК, ҚР ІІМ мен ҚР ЭСЖҚКА органдарының қызметкерлерінен тергеу-оперативтік топтарын құру тәжірибеге алынған, олар шұғыл кеңестерде тыңдалады.

      49. Бас әскери прокурордың, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлардың прокурорлық қадағалау мен үйлестіру шаралары арқылы қылмыстық ізге түсу органдары қылмыстықтың ұйымдасқан нысандарына қарсы күресті күшейтуге бағытталған.
      Ұйымдасқан қылмыстық топтардың жетекшілері мен белсенді мүшелерін дер кезінде анықтау және оларды қылмыстық жауаптылыққа тарту жөніндегі басымдық бағыттарға; аймақаралық және халықаралық қылмыстық қоғамдастықтардың құқыққа қарсы қызметін әшкерелеуге ерекше екпін жасалып отыр.
      Осы категорияда қылмыстық істерді қозғаудың заңдылығы мен негізділігі мұқият тексеріске жатады.
      Қылмыстарды дәлелсіз есепке алу фактілері лауазымды тұлғалардың жауаптылығы туралы мәселені шешумен қатар шұғыл кеңесте қаралады.
      Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар тоқсан сайын ұйымдасқан қылмыстық топтармен жасалған қылмыстар туралы қылмыстық істерді тергеу практикасына талдау жасайды және оны қадағалаудың жағдайын жылына екі реттен кем емес жинақтап қорытады. Қорытулардың нәтижесі туралы Департаментке жартыжылдықтан кейінгі келесі айдың 10 күні ақпарат береді.

      50. Белгісіз жағдайда жасалған адам өлтіруді тергеудің заңдылығына қадағалау жүргізген кезде танылмаған мәйіттер мен азаматтың хабар-ошарсыз кеткен фактісі бойынша қабылданған шешімдердің заңдылығына ерекше назар аударылады.
      Айына екі реттен кем емес бірлескен кеңестерде адам өлімін ашу және тергеу жөніндегі тергеу-оперативтік топтардың басшылары мен осы істер бойынша қадағалауды жүзеге асыратын прокурорлардың есептері тыңдалады.
      Жасалған адам өлтірудің мән-жайлары бойынша сол қылмыс жасалған аумақта қызмет ететін ішкі істер органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты қызметтік тексерістер жүргізу туралы нұсқаулар беріледі.
      Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар тоқсан сайын кісі өлімін тергеу практикасына талдау жасайды және оны қадағалаудың жағдайы жылына екі реттен кем емес жинақталып қорытылады.

      51. Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар тергеу және анықтау органдарының үйлестіру шаралары арқылы есірткі бизнесімен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтауға, ал есірткі заттарды сатып алудың әр фактісі бойынша оларды сатудың мән-жайын және есірткі сатушыны анықтауға; сату туралы материалдарды жеке өндіріске бөлуге, олардың тіркелуіне және іс жүргізушілік шешімнің қабылдануына бағытталады.
      Қамауға санкция берген кезде прокурор есірткіні сатып алудың мән-жайын анықтайды, қажет болған жағдайда тергеу және анықтау органдарына тиісті нұсқау береді.
      Құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен және ұйымдасқан қылмыстық топтар (қоғамдастықтар) құрамында жасалған есірткі қылмыстары туралы қылмыстық істер ерекше бақылауға алынады.
      Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар тоқсан сайын есірткі заттардың заңсыз айналымына қарсы күрестің тәжірибесіне талдау жасайды және есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес жүргізуге бағытталған заңнаманың қолданылуын қадағалаудың жағдайы жылына екі реттен кем емес жинақталып қорытылады.
      Қорытулардың нәтижесі туралы Департаментке жартыжылдықтан кейінгі келесі айдың 10 күні ақпарат беріледі.

      52. Бас әскери прокурормен, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлармен қылмыстық ізге түсу органдары жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын тұлғалармен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтауға, сондай-ақ қылмыстардың сыбайлас жемқорлық категориясына негізді жатқызуға және олардың дұрыс саралануына, қылмыстық істерді қозғаудың заңдылығына бағытталады.
      Кінәлі адамдардың әрекеттерін сыбайлас жемқорлық емес сипатқа қайта саралау фактілері бойынша тергеу барысында, сондай-ақ сотта қылмысты сыбайлас жемқорлық ретінде дәлелсіз есепке алуға мүмкіндік туғызған себептер зерттеледі.
      Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар тоқсан сайын сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша қозғалған қылмыстық істерді тергеудің заңдылығына прокурорлық қадағалаудың практикасы жинақталып қорытылады, ол туралы осы категорияда қозғалған қылмыстық істердің тізімін қосымша тіркеумен Департаментке есеп айынан кейін келесі айдың 10 күні ақпарат жолдайды.

      53. Құқыққа қарсы қол сұғушылықпен келтірілген залалдың орнын толтыруды қылмыстық ізге түсу органдарымен қамтамасыз ету; кәсіпкерлік қызметке бөгет жасайтын жемқор мемлекеттік қызметшілерді әшкерелеу экономикалық қылмыстарға қарсы күресте заңдардың қолданылуын қадағалаудың негізгі міндеттері болып табылады.
      Аса күрделі істер бойынша тергеу топтарының басшылары мен мүшелерін шұғыл кеңестерде тыңдау тәжірибеге алынған.
      Қылмыстық ізге түсу органдары үйлестіру шаралар арқылы бақылаушы және фискальдық органдармен құқық қорғау органдарына тапсырылған, сондай-ақ бір құқық қорғау органымен басқасына тапсырылған қылмыс белгісі бар салық, кеден, қаржы, бюджет және валюта заңнамаларын бұзу туралы материалдарды салыстырып тексеру жүргізуге бағытталған.
      Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар тоқсан сайын тергеу практикасына талдау жасайды және экономикалық қылмыстыққа қарсы күреске бағытталған заңнаманың қолданылуын қадағалау жағдайын жылына екі реттен кем емес жинақтап қорытады, Департаментке қорытулардың нәтижесі туралы жартыжылдықтан кейінгі келесі айдың 10 күні ақпарат береді.

7-бөлім. Қорытынды ережелер

      54. Прокуратура органдарының тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау қызметін бағалаудың негізгі өлшемдері болып мыналар белгіленген:
      1) сотқа дейінгі өндірістің барлық сатыларында құқық қорғау функцияларын жүзеге асыру кезінде белсенділік таныту және азаматтарды кідіріссіз ақтау; қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтарын толық қамтамасыз ету;
      2) қылмыстық іс жүргізу заңнамасын бұзушылықты анықтау және оған дереу жол бермеу; заңдылық пен құқықтық тәртібін бұзушылықтар үшін жазадан құтылмаушылық принципін қамтамасыз ету;
      3) қылмыстық ізге түсу органдарының заңсыз шешімдерін дер кезінде бұзу; прокурорлық қадағалаудың нұсқаулары мен актілерінің орындалуын бақылауды қамтамасыз ету; ведомстволық бақылаудың жағдайына нақты ықпал жасау;
      4) қылмыстармен жеке және заңды тұлғаларға, сондай-ақ мемлекетке келтірілген залалдың және қылмыстық істер бойынша іс жүргізушілік шығындардың шынайы өтелуін қадағалау шаралар арқылы қамтамасыз ету;
      5) қадағалау қызметін бағалау кезінде "рейтингтік" көзқарасты болдырмау; статистикалық мәліметтердің шүбасыздығы және объективтілігі.

      55. Бас әскери прокурор, облыстық, қалалық, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар ҚР БП ҚСжАЕК аумақтық бөлімшелерімен бірге тергеу және анықтау заңдылығын прокурорлық қадағалау туралы статистикалық мәліметтер жөнінде тоқсанына бір реттен кем емес салыстыру тексерісін жүргізеді.

      56. Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар дер кезінде (ай сайын) белгіленген тәртіпке сәйкес Департаментке Деректер банкісін сапалы ұсынымдармен қамтамасыз етеді.
      Департаменттің Деректер банкісіне ұсынылатын мәліметтер ресми ақпараттар болып саналады.

      57. Департамент, Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар тергеу және анықтау заңдылығын қадағалауды ұйымдастырудың қазіргі әдістеріне бастама жасау және оларды ендіру жөнінде, қадағалау қызметінің оңтайлы тәжірибесін тарату, қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты тұрақты түрде жүргізеді; прокуратура органдарының қызметкерлерін қадағалау және тергеу жұмысының дағдыларына машықтау үшін "Прокурор кабинетін" белсенді пайдаланады.

      58. Заңдылық пен құқықтық тәртібінің, прокурорлардың қадағалау қызметінің жағдайын бұқаралық ақпарат құралдарында жария ету арқылы прокуратура органдарының беделін арттыру жөнінде мақсатты жұмыс жүргізілуде.

      59. Департамент, Бас әскери прокурор, облыстық және оларға теңестірілген прокурорлар ҚР БП жанындағы С.Есқараев атындағы Заңдылық пен құқықтық тәртібінің проблемаларын зерттеу және прокуратура органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтымен, басқа жоғары оқу орындарымен, ғылыми мекемелермен, жеке ғалым-заңгерлермен бірге өзара іс-әрекеттерді жүзеге асырады; тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау жөнінде прокуратура органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты тұрақты жүргізеді; практикалық қызметте пайдалану үшін дайындалған анықтамаларды, қорытуларды, шолуларды, прокурорлық қадағалау актілерін, әдістемелік және басқа материалдарды жолдай отырып, қадағалау практикасы туралы ақпараттармен алмасады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады