Қауiптi қалдықтарды тасымалдау, соның iшiнде тиеу-түсiру жұмыстарын орындау ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2006 жылғы 17 ақпандағы N 48 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2006 жылғы 24 ақпанда тіркелді. Тіркеу N 4103. Күші жойылды - ҚР Көлік және коммуникация министрлігiнiң 2008 жылғы 20 маусымдағы N 298 бұйрығымен.

       Ескерту: Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Көлік және  коммуникация министрлігiнiң 2008.06.20 N 298 бұйрығымен.

-------------Бұйрықтан үзінді----------------

      "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Мына бұйрықтардың:
      1) "Қауіпті қалдықтарды тасымалдау, соның ішінде тиеу-түсіру жұмыстарын орындау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2006 жылғы 17 ақпандағы N 48 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 4103 нөмірмен тіркелген, "Заң газетінің" 2006 жылғы 31 наурыздағы 56-57 (1058-1059) нөмірлерінде жарияланған);
       2) ...;
       3)   ... күші жойылды деп танылсын.
       2. ...
       3. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Министрдің міндетін атқарушы
-----------------------------  

      "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Қазақстан Республикасы  Заңының  62-4-бабының 2-тармағына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қауiптi қалдықтарды тасымалдау, соның iшiнде тиеу-түсiру жұмыстарын орындау ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация министрлiгiнiң Көлiктiк бақылау комитетi (Қ.С. Мұстафин) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Көлiк және коммуникация вице-министрі Е.Ж.Қошановқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

       Министр

      "КЕЛІСІЛГЕН"
      Қазақстан Республикасы
      Денсаулық сақтау министрі
      2006 жылғы 31 қаңтар

      "КЕЛІСІЛГЕН"
      Қазақстан Республикасы
      Қоршаған ортаны қорғау министрі
      2006 жылғы 17 ақпан

Қазақстан Республикасы     
Көлiк және коммуникация министрінің
2006 жылғы 17 ақпандағы   
N 48 бұйрығымен бекітілген  

  Қауiптi қалдықтарды тасымалдау, соның iшiнде
тиеу-түсiру жұмыстарын орындау ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қауiптi қалдықтарды тасымалдау, соның iшiнде тиеу-түсiру жұмыстарын орындау ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына  сәйкес әзірленді.

      2. Ереже Қазақстан Республикасының аумағында қауiптi қалдықтарды (радиоактивтіден басқа) тасымалдауға, соның iшiнде тиеу-түсiру жұмыстарын орындауға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қарым-қатынасын реттейді.
      Қауiптi қалдықтарды трансшекаралық тасымалдау Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Қауіпті қалдықтар деп зиянды заттарды қамтитын және қауiптi қасиеттерi бар (уыттылық, жарылыс қаупi, өрт қаупi, жоғары реакциялық қабiлетi бар) не адам денсаулығы мен қоршаған орта үшiн жеке тұрғанда немесе басқа заттармен өзара әрекетке түскен кезде қауiп төндiруi мүмкiн қалдықтар танылады.

      4. Қауiптi қалдықтарды тасымалдау, соның iшiнде тиеу-түсiру жұмыстарын орындау кезiнде қолданыстағы стандарттарға сәйкес қауiптi қалдықтардың жiктемесi қолданылады.

  2. Қауiптi қалдықтарды тасымалдауды, соның iшiнде
тиеу-түсiру жұмыстарын орындауды ұйымдастыру

      5. Қауiптi қалдықтарды тасымалдау қауiптi жүктерді көлiк құралдарымен тасымалдау мәселелері жөніндегі нормативтiк құқықтық актілермен белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      6. Қауіпті қалдықтармен бірге немесе бұрын пестицидтер тасымалдауға пайдаланылған көлік құралдарымен азық-түлік, жем және ауыз суын тасымалдауға рұқсат етілмейді.

      7. Қауіпті қалдықтарды тасымалдауға пайдаланылған көлікті, кейіннен тиімді тазартуды лабораториялық бақылау арқылы алдын-ала тазартпай және зарарсыздандырмай, басқа жүктерді тасымалдау үшін пайдалану мүмкін емес.

      8. Қауіпті қалдықтар осы мақсаттарға арналған арнайы көлік құралдарымен тасымалданады.

      9. Жүк жөнелтушінің (жүк алушының) және тасымалдаушының арасында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қауіпті қалдықтар тасымалын жүзеге асыруға шарт жасалады.
      Қауіпті қалдықтарды тасымалдау шарты айрықша ерекшеліктеріне байланысты, сондай-ақ мынадай:
      көлік құралдарын арнайы өңдеу жөніндегі іс-шаралар туралы;
      ілесіп жүруді (қажет болғанда) ұйымдастыру туралы;
      жүргізушілерді жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етудің тәртібі туралы;
      қауіптілік және қауіпті қалдықтарды бейтараптандыру туралы ақпарат жүйесінің элементтерімен қамтамасыз етудің тәртібі туралы мәліметтерді де қамтуы тиіс.

      10. Қауіпті қалдықтарды тасымалдау шартын жасасу тауар-көлік (көлік, теңіз, жүк) жүкқұжатын толтырумен расталады.

      11. Тауарлы-көлік (көлік, теңіз, жүк) жүкқұжатының нысаны және оны қолдану тәртібі Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2004 жылғы 22 желтоқсандағы N 478-I бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 3442 нөмірмен тіркелген) Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау  ережесіне , Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2004 жылғы 23 қарашадағы N 429-I бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 3294 нөмірмен тіркелген) Жүк тасымалдау  ережесіне , Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2004 жылы 6 шілдедегі N 265-I  бұйрығымен  бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2975 нөмірмен тіркелген) Қазақстан Республикасының теңіз көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының 2003 жылғы 25 сәуірдегі N 182  бұйрығымен  бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2301 нөмірмен тіркелген) Қазақстан Республикасы әуе жолдарымен жолаушыларды, багаж бен жүкті тасымалдау ережесіне сәйкес белгіленеді.

      12. Тасымалданатын қауіпті қалдықтардың санын, оларды арнайы жабдықталған және арнайы белгілермен жабдықталған көлік құралдарымен тасымалдау мақсаты мен жеткізу жерін көрсете отырып, қауіпті қалдықтар тасымалдау қауіпсіздігінің талаптарын сақтай отырып, көзделген тасымалдау құжаттары бар болған кезде қауіпті қалдықтар тасымалдауға рұқсат етіледі.

      13. Қауіпті қалдықтарды тасымалдау бағдарғысының жоспары мен кестесін жүк жөнелтушімен (жүк алушымен) келісім бойынша тасымалдаушы қалыптастырады.

      14. Қауіпті қалдықтар тасымалын жүзеге асыру кезінде жүк жөнелтуші немесе тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қауіпсіздік паспортын немесе жол жүру кезінде авариялық жағдайлардың орын алуы мүмкін болғанда осы жүкке авариялық карточканы әзірлейді.

      15. Қауіпті қалдықтарды тасымалдауға байланысты авария туындаған немесе қаупі төнген жағдайда тасымалдаушы бұл туралы құзыретті органдарды дереу хабардар етеді.

      16. Тасымалдау объектісі болып табылатын қауіпті қалдықтар буып-түйіледі, таңбаланады және Қазақстан Республикасының стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарында белгіленген талаптарға сәйкес тасымалданады.
      Осы ережелердің нормаларын бұзушылықпен қауіпті қалдықтарды тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыру, соның ішінде тиеу-түсіру жұмыстарын орындау заңнамада белгіленген жауапкершілікке соқтырады.

      17. Тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізу кезінде жүктің сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нормативтік-техникалық құжаттардың талаптары орындалады.

      18. Көлік құралдарына қауіпті қалдықтарды тиеу-түсіру операцияларына бақылауды жүкке ілесіп жүретін жүк жөнелтушінің (жүк алушының) өкілі жүргізеді.

      19. Көлік құралын толтыра тиеу оның жүк көтергіштігін толық пайдалануға дейін рұқсат етіледі. Ерекше қауіпті қалдықтарды тасымалдау кезінде көлік құралын толтыра тиеу әзірлеуші ұйымдар дайындайтын арнайы нұсқаулықтарда көрсетілген тәртіппен және көлемде жүргізіледі.

      20. Көлік құралына(нан) қауіпті қалдықтарды тиеу-түсіру және бекіту осы жұмыстарды жүргізуге рұқсаты бар (рұқсат берілген) жүк жөнелтушінің (жүк алушының) күшімен және құралдарымен, ыдысқа соққы тигізбей және шамадан тыс қысым түсірмей, жұмыс кезінде от ұшқынын шығармайтын механизмдер мен құралдарды қолдана отырып, сақтандырудың барлық шараларын орындау арқылы жүзеге асырылады.

      21. Қауіпті қалдықтармен тиеу-түсіру жұмыстары көлік құралының қозғалтқышы ажыратылған кезде жүргізіледі және жүргізуші, егер бұл жүк жөнелтушінің нұсқаулығында көрсетілген болса, тиеу-түсірудің белгіленген аймағы шегінен тыс болуы тиіс, көлікте орнатылған жүк көтеру немесе төгу механизмдерін іс әрекетке келтіру қозғалтқыштың жұмысы кезінде қамтамасыз етілетін жағдайлар айрықша жағдайлар болып табылады.

      22. Қауіпті қалдықтарды тиеу-түсіру операциялары арнайы жабдықталған посттарда жүргізілуі тиіс. Бұл ретте бір көлік құралынан аспайтын тиеу-түсіру жүзеге асырылуы мүмкін.

      23. Қауіпті қалдықтарды тиеу-түсіру үшін бөлінген посттарда бөгде тұлғалардың болуына рұқсат берілмейді.

      24. Найзағай кезінде жарылу қаупі және өрт қаупі бар қалдықтармен тиеу-түсіру жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілмейді.

      25. Қауіпті қалдықтарды тиеу-түсіру операциялары осы жұмысты орындауға тартылған персоналдың жеке қауіпсіздігінің барлық шараларын сақтай отырып қолмен жүзеге асырылады.

      26. Тиеу-түсіру механизмдерінің ыдыстың бүліну қаупін туғызатын жүк қармағыш құрылысын пайдалануға және жүктің өз бетімен құлауына жол берілмейді.

      27. Тиеу-түсіру операциялары барысында қауіпті қалдықтары бар орамдарды жылжыту және қойма жұмыстарын орындау тек арнайы орнатылған төсемдер, траптар мен төсеніштер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      28. Жәшіктерге, себеттерге, барабанға салынған немесе тор көзделген қауіпті қалдықтар тиеу-түсіру операцияларын орындау кезінде арнайы арбашаларда жылжытылуы тиіс. Қауіпті жүктер себеттерге салынған жағдайда оларды тек себеттің тұтқасының және түбінің беріктігі алдын-ала тексерілгеннен кейін ғана тұтқасынан ұстап тасымалдауға рұқсат етіледі. Орамды арқалауға, иыққа салып немесе алдыға салып тасымалдауға рұқсат етілмейді.

      29. Қауіпті қалдықтарды тиеу, түсіру және қайта тиеуге арналған орындар (посттар), сондай-ақ көлік тұрағына арналған орындар "Өндірістік нысандарды жобалауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар атты" санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларды бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 3792 нөмірмен тіркелген) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 334 бұйрығына сәйкес белгіленеді.

      30. Көктайғақ кезінде қауіпті қалдықтарды тиеу-түсіру посттарының аумағына құм себілуі тиіс.

  3. Қауіпсіздік техникасы жөніндегі талаптар

      31. Қауіпті қалдықтармен жұмыстарға алдын-ала және мерзімдік медициналық тексеруден өткен және қауіпті қалдықтармен тиеу-түсіру жұмыстары кезіндегі қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулықпен танысқан тұлғалар жіберіледі.

      32. Қауіпті қалдықтармен жұмыстарға денсаулығы бойынша шектеулері бар адамдар, 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер және жүкті әйелдер жіберілмейді.

      33. Қауіпті қалдықтармен жұмыс жасайтын тұлғалар қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі. Қауіпті қалдықтармен жұмыс жүргізу кезінде қолданылатын жеке қорғану құралдарымен жүк жөнелтуші қамтамасыз етеді.

      34. Қауіпті қалдықтармен жұмыстар кезінде:
      1) көлік құралын орнынан шұғыл қозғауға;
      2) шұғыл тежеуге;
      3) ілінісу мен қозғалтқышты өшіріп қозғалуға;
      4) қозғалыс кезінде көлік құралында темекі шегуге (тоқтаған кезде көлік тұрағынан кемінде 50 м жерде темекі шегуге рұқсат етіледі);
      5) ашық отты пайдалануға (айрықша жағдайларда ас әзірлеген кезде көлік тұрағынан кемінде 200 м қашықтықта от жағуға болады);
      6) көлік құралын қараусыз қалдыруға тыйым салынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады