Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банк Басқармасының 27.05.2013 № 128 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстағы ақша белгілерін ретке келтіру мақсатында және "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2006 жылғы 15 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының номиналдары 1 теңге, 3 теңге, 5 теңге, 10 теңге, 20 теңге, 50 теңге, 100 теңге болатын айналыстағы банкноталары (бұдан әрі - 1993 жылғы үлгідегі банкноталар) ақша айналысынан алынсын.
2. 1993 жылғы үлгідегі банкноталарды айналыстан алудың мынадай тәртібі белгіленсін:
1) осы қаулының 1-тармағында белгіленген күннен бастап 12 (он екі) ай ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі - Ұлттық Банк) филиалдары, екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының аумағында заңды және жеке тұлғалардан 1993 жылғы үлгідегі банкноталарды қабылдайды және айналыстағы ақша белгілерінің басқа түрлеріне айырбастайды;
2) осы қаулының 1) тармақшасында белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар Қазақстан Республикасының аумағында заңды және жеке тұлғалардан 1993 жылғы үлгідегі банкноталарды одан әрі Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде белгілеген тәртіппен сараптамадан өткізу үшін Ұлттық Банктің филиалдарына тапсыру үшін ғана қабылдайды;
3) Ұлттық Банктің филиалдары осы қаулының 1) тармақшасында белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін 5 (бес) жыл ішінде заңды және жеке тұлғалардан 1993 жылғы үлгідегі банкноталарды қабылдайды және сараптамадан өткізу арқылы олардың түпнұсқалығын растағаннан кейін айналыстағы ақша белгілерінің басқа түрлеріне айырбастайды.
3. Осы қаулының 2-тармағының 3) тармақшасында белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін Ұлттық Банктің Басқармасы заңды және жеке тұлғалардан 1993 жылғы үлгідегі банкноталарды қабылдаудың және айырбастаудың белгіленген мерзімін ұзартуға құқылы.
4. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
5. Қолма-қол ақшамен жұмыс департаменті (Мәжитов Д.М.):
1) Заң департаментімен (Шәріпов С.Б.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қабылдасын;
2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күн ішінде оны Ұлттық Банктің орталық аппаратының мүдделі бөлімшелеріне, филиалдарына, екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жіберсін.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басшылығының қызметін қамтамасыз ету басқармасы (Терентьев А.Л.) Қолма-қол ақшамен жұмыс департаментінен жариялау үшін өтінім алған күннен бастап үш күндік мерзімде осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға шаралар қабылдасын.
7. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Б.А.Әлжановқа жүктелсін.
Ұлттық Банк
Төрағасы