Ақмола облысының мемлекеттік коммуналдық меншік нысандарын сенім білдірілген басқаруға беру ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы әкімдігінің 2006 жылғы 30 қазандағы N А-9/368 қаулысы. Ақмола облысының әділет департаментінде 2006 жылғы 6 желтоқсанда N 3205 тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы әкімдігінің 2011 жылғы 28 маусымдағы № А-6/249 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы әкімдігінің 2011.06.28 № А-6/249 қаулысымен
      Қазақстан Республикасының Азаматтық  кодексіне , Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 23 желтоқсандағы N 2721 "Жекешелендіру туралы"» Заңына , Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 21 қыркүйектегі N 1431 "Коммуналдық меншік нысандарын жекешелендіру мәселелері" туралы  қаулысына сәйкес облысы әкімдігі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген Ақмола облысының мемлекеттік коммуналдық меншік нысандарын сенім білдірілген басқаруға беру туралы ережесі бекітілсін.
      2. Облыс әкімдігінің осы қаулысы мемлекеттік тіркеу күнінен бастап күшіне енеді және жариялау күнінен бастап іске қосылады.

      Облыс әкімі

     БЕКІТІЛГЕН          
Ақмола облысы әкімдігінің  
2006 жылғы 30 қазандағы   
N а-9/368 қаулысымен    

  Мемлекеттік коммуналдық меншік объектілерін 
сенім білдірілген басқаруға беру ережесі

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық  Кодексіне , "Жекешелендіру туралы" Қазақстан Республикасының  Заңына (бұдан әрі - Заң), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 21 қыркүйектегі N№1431 "Коммуналдық меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері туралы"  қаулысына сәйкес әзірленді, мемлекеттік коммуналдық меншік объектілерін сенім білдірілген басқаруға беру тәртібін, оның ішінде тендер өткізуді, сенім білдірген басқарушылармен шарт жасасуды және сенім білдірген басқарушылармен шарттар (өзара шарттар) талаптарының орындалуына жүргізілетін бақылаудың тетіктерін анықтайды.

1. Жалпы ережелер 

      1. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      Департамент - "Ақмола облысының қаржы департаменті" мемлекеттік мекемесі, облыс әкімдігінің коммуналдық меншікке қатысты мүдделерін қорғауға уәкілетті.
      Атқарушы орган - аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігімен коммуналдық меншікті басқаруға уәкілеттік берілген және тиісті жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы орган.
      Сенім білдірген басқарушы - Департаментпен немесе Атқарушы органмен Шарт жасасқан тұлға;
      Шарт - Департамент немесе Атқарушы орган және Сенім білдірген басқарушы арасында жасалған Объектіні сенім білдірілген басқаруға шарт (өзара шарт);
      Объект - мүлік кешені немесе мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның немесе мемлекеттік мекеменің мүлкі, акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакеті, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысу үлесі, сондай-ақ сенім білдірілген басқаруға берілетін өзге мемлекеттік мүлік;
      Басқару органы - акционерлік қоғамның акцияларының мемлекеттік пакетін, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган, сондай-ақ коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарды мемлекеттік басқару органы;
      Тендердің жеңімпазы - тендерлік комиссияның қорытындысы бойынша ең жақсы шарттарды ұсынған тендерге қатысушы;
      Ағымдағы құны - кейін сатып алу құқығымен сенім білдірілген басқаруға беру туралы шешім қабылданған жағдайда объектінің Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес тәуелсіз бағалаушы есебінің негізінде Тендерлік комиссия бекітетін құны;
      Тендер - конкурстық саудалар нысаны, онда Департамент немесе Атқарушы орган оған ұсынылған шарттардың негізінде тендер Жеңімпазымен Шарт жасасуға міндеттенеді;
      Тендерлік комиссия - Департаментпен немесе Атқарушы органмен Объектіні сенім білдірілген басқаруға беру жөнінде тендерді ұйымдастыру және өткізу үшін құрылған орган;
      Объектіні кейін сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға тапсыруда Тендерге қатысушы - тендерге қатысуға жіберілген жеке немесе заңды тұлға.
      Объектіні кейін сатып алу құқығымен сенімді басқаруға тапсыруда Тендерге қатысушы - тендерге қатысуға жіберілген жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға немесе шетелдік заңды тұлға.
      2. Объектіні кейін сатып алу құқығымен сенім білдірілген басқарудың құрылтайшысы Департамент болып табылады.
      Кейін сатып алу құқығынсыз сенім білдірілген басқарудың құрылтайшысы Атқарушы орган болып табылады.
      3. Объектіні сенім білдірілген басқару Шарт (өзара шарт) бойынша мәміле негізінде туындайды (тағайындалады).
      4. Кейін сатып алу құқығымен Объектіні сенім білдірілген басқаруды құрған жағдайда Тендерді өткізу міндетті болып табылады.
      5. Объектіні сенім білдірілген басқаруға кейін сатып алу құқығымен беру туралы шешім облыс әкімдігімен қабылданады.
      Объектіні сенім білдірген басқаруға кейін сатып алу құқығынсыз беру туралы шешім тиісті әкімшілік- аумақтық бірліктің тиісті жергілікті атқарушы органдарымен қабылданады.
      6. Объектіні сенім білдірген басқарушы сатып алу ережелері Шартпен анықталады. Шарт қандай мерзімде және қандай міндеттемелерді орындаған жағдайда Объект Сенім білдірген басқарушының меншігіне ауысатынын көздеуі керек.
      Сенім білдірген басқарушыға Объектіні сатуға ол Шартты тиісінше орындаған жағдайда ғана жол беріледі.
      7. Департамент/Атқарушы орган сенім білдірілген басқаруды құру мақсатында:
      1) Тендерді ұйымдастырады (Тендерлік комиссияның құрамы мен жұмыс регламентін бекітеді, Тендерге қатысушыларды тіркейді, ақпараттық хабарларды жариялауды қамтамасыз етеді);
      2) кепілді жарналар қабылдайды;
      3) Объектіні бағалау жөнінде қызметтер көрсетуге кеңесшілермен шарттарды жасайды;
      4) Тендер өткізу барысын бақылауды жүзеге асырады;
      5) Тендерге қатысушылармен және бағалаушылармен Тендерді өткізу рәсімдерімен байланысты есеп айырысуды жүзеге асырады;
      6) Сенім білдірген басқарушымен Шарт жасайды;
      7) Объектіні сенім білдірілген басқаруға берумен байланысты өзге функцияларды жүзеге асырады.
      8. Акциялары және жарғылық капиталындағы мемлекеттің қатысу үлесі сенім білдірілген басқаруға беру Объектісі болып табылатын мемлекеттік заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік емес заңды тұлғалардың лауазымды тұлғалары Департаменттің сұрауы бойынша Объектіні сенім білдірілген басқаруға беруге дайындау үшін қажет мәліметтерді олар анықтайтын мерзімдерде ұсынады және ұсынылып жатқан мәліметтердің растығы үшін жауап береді.
      9. Объектіні сенім білдірілген басқаруға беру шарттары Сенім білдірген басқарушының мыналарға қатысты міндеттемелері бола алады:
      Объектіге инвестициялардың көлемдеріне, түрлеріне және мерзімдеріне;
      өнімнің көлемдеріне, шығарылатын өнімнің немесе көрсетілетін қызметтердің түрлері мен номенклатурасы;
      белгілі тұтынушыларға өнімді жеткізу;
      баға белгілеуге, оның ішінде бағалардың шекті деңгейі бойынша шектеулер;
      табиғатты қорғау іс-шараларын өткізу;
      бар санын сақтап қалу немесе жаңа жұмыс орындарын құру;
      өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін пайдалану тәртібі;
      Объектінің берешектерін белгіленген мерзімдерде өтеу;
      Сенім білдірген басқарушының Объектіні кейін сатып алуы;
      мәмілелер жасау және/немесе белгілі уақыт кезеңі ішінде Объектіге қатысты белгілі қызметтерге тиым.

2. Тендерлік комиссия 

      10. Тендерді ұйымдастыру және өткізу үшін Департамент/Атқарушы орган Тендерлік комиссияны құрады, оның құрамына Департаменттің/Атқарушы органның, табиғи монополиялар және бәсекелестікті қорғау аясындағы қызметтерді реттеуші және бақылаушы уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі аумақтық органдарының, Қазақстан Республикасы әділет министрлігінің және басқа да мүдделі ведомстволардың өкілдері (келісім бойынша) кіреді. Тендерлік комиссия мүшелерінің саны 5 адамнан кем болмауы тиіс. Тендерлік комиссияның төрағасы мен хатшысы Департаменттің/Атқарушы органның бұйрығымен тағайындалады және Департаменттің/ Атқарушы органның өкілдері болып табылады. Тендерлік комиссияның хатшысы Тендерлік комиссияның мүшесі болып табылмайды.
      11. Тендерлік комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) Объектінің Ағымдағы құнын бекітеді;
      2) кепілді жарнаның мөлшерін анықтайды;
      3) Тендер шарттарын анықтайды;
      4) Тендер өткізеді;
      5) Тендер жеңімпазын хабарлайды.
      12. Тендерлік комиссияның хатшысы Тендерді ұйымдастыру және өткізу үшін қажет құжаттарды дайындайды және Тендерлік комиссияның хаттамасын ресімдейді.

3. Объектіні сенім білдірілген басқаруға беруге дайындау

      13. Объектіні сенім білдірілген басқаруға беруге дайындауды Департамент/Атқарушы орган жүзеге асырады.
      14. Басқару органы Департаментке/Атқарушы органға акциялары (үлестері) Объект болып табылатын заңды тұлғаның құрылтай құжаттарын, соңғы екі жыл ішіндегі қаржы-шаруашылық қызмет туралы толық ақпаратты, Объектіні кейін сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз сенім білдірілген басқаруға беру жөніндегі шарттарды белгілеу туралы ұсынысты ұсынады.
      15. Тендерді өткізуге дайындық кезінде Департамент/Атқарушы орган Объект туралы ақпаратты жинауды, ақпараттық хабарды уақытылы жариялауды қамтамасыз етеді, Тендерге қатысуға өтінімдерді қабылдауды және тіркеуді, бағалауды (Объектіні кейін сатып алу құқығымен сенім білдірілген басқаруға берген жағдайда) жүргізеді, келіп түскен материалдарды Тендерлік комиссияның қарауына жібереді.
      16. Тендерді өткізу туралы ақпараттық хабарлау оны өткізгенге дейін 15 күн бұрын жариялануы тиіс. Ақпараттық хабарлау республикалық ресми басылымдарда мемлекеттік және орыс тілдерінде жариялануы керек.
      Ақпараттық хабарлау Объект, Тендерді өткізу уақыты және орны, оның шарттары; Тендерге қатысу үшін өтінімдерді қабылдау орны, уақыты және мерзімі; кепілдік жарнаны салу мөлшері, мерзімі және тәртібі; Тендерді өткізу тәртібі, оның ішінде Тендер жеңімпазын анықтау критерийі туралы мәліметтерді, сондай-ақ Департаменттің/ Атқарушы органның қарауы бойынша басқа мәліметтерді қамтуы керек.
      17. Тендерлік комиссия Тендер шарттарын өзгерткен жағдайда барлық өзгерістер туралы хабарлама осы Ереженің 15-тармағымен белгіленген тәртіпте Тендерді өткізгенге дейін 5 күн бұрын жариялануы тиіс.
      Тендер шарттары өзгергендігі туралы хабарлама жарияланғанға дейін Тендерге қатысуға өтінім берген және осыған байланысты Тендерге қатысудан бас тартқан тұлғалар кепілдік жарнаны толық көлемде қайтаруды талап етуге құқылы.
      18. Акциялары (үлестері) сенім білдірілген басқару объектісі болып табылатын әрбір заңды тұлға бойынша ақпараттық хабарлама жарияланғанға дейін Департамент/ Атқарушы орган мына құжаттардың көшірмелерінен тұратын құжаттар пакетін дайындауы тиіс:
      1) жарғы;
      2) эмиссияны тіркеу туралы куәлік;
      3) есепті кезең алдындағы жылға қосымшалары бар бухгалтерлік баланстар;
      4) статистикалық карточка;
      5) заңды тұлғаны тіркеу туралы куәлік;
      6) мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер, мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалардың тізілімінен үзінді.
      Құжаттар пакетіне сондай-ақ Департаменттің/ Атқарушы органның тапсырмасы бойынша тәуелсіз кеңесшілермен өткізілген жұмыс істеудің кешенді мониторингі және Объектіні басқару тиімділігі негізінде қосымша мәліметтер қамтылуы мүмкін.
      Ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін Департамент/Атқарушы орган Тендерге қатысушы болуға ықылас білдірген үміткерлерге Объект туралы ақпаратқа және осы Ережеге қол жетімділікті қамтамасыз етеді.
      19. Тендерге қатысушылар Тендерді өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген мөлшерде, мерзімдерде және тәртіпте кепілдік жарна салады. Кепілдік жарнаның мөлшері ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейін өзгертіле алмайды. Кепілдік жарна қатысушы атынан кез-келген басқа жеке немесе заңды тұлғамен салына алады. Кепілдік жарнаны алушы Департамент/Атқарушы орган болып табылады.
      20. Тендерге қатысу үшін кепілдік жарна әрбір Объект үшін жеке оның Ағымдағы бағасының немесе баланстық құнының (объектіні кейін сатып алу құқығынсыз сенім білдірілген басқаруға берген жағдайда) 1-15 пайызы шегінде белгіленеді.
      21. Кепілдік жарна қатысушының мына міндеттемелерін қамтамасыз ететін болып табылады:
      1) жеңген жағдайда Тендер нәтижелері туралы хаттамаға қол қою;
      2) Департаментпен/Атқарушы органмен Шарт жасасу.
      22. Егер Тендерге қатысушылар осы Ереженің 17-тармағының екінші абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, Тендерге қатысудан оны өткізгенге дейін кемінде үш күн бұрын бас тартқан жағдайда Департамент/ Атқарушы орган оларға кепілдік жарнаны қайтармайды.
      23. Осы Ереженің 22 және 37 тармақтарында санамаланғандардан басқа барлық жағдайларда кепілдік жарна Тендер аяқталған күннен бастап 10 банктік күннен кешіктірмей, ал егер ақша Департамент/Атқарушы орган шотына Тендер өткізілгеннен кейін түссе, онда олар түскен күннен бастап 10 банктік күн ішінде қайтарылады.
      24. Тендерге қатысушыларды тіркеу ақпараттық хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және Тендер басталғанға дейін жиырма төрт сағат бұрын аяқталады.
      25. Тендерге қатысушы есебінде тіркеу үшін тапсыру қажет:
      1) жазбаша міндеттемесін білдіретін Тендерге қатысуға өтінімді, қатысушыны Тендер жеңімпазы деп хабарлаған жағдайда, ақпараттық хабарламада көрсетілген және Тендерге қатысушының өзімен ұсынылған Тендер ережелерінде Шарт жасасу;
      2) Тендер шарттары бойынша жазбаша түрдегі Тендермен шарттасылған құжаттаманы қоса беріп, басқа құжаттардан бөлек конвертте жапсырылған ұсыныстарды;
      3) ықтимал Тендерге қатысушының банк (банктер) алдында тендерлік өтінімдер бар конверттерді ашу күнінің алдындағы үш айдан артыққа бірінші басшы немесе қол қою құқығы бар тұлға және бас бухгалтер қол қойған банктің (банктердің) мөрі бар мерзімі өткен берешектерінің жоқтығы туралы банктің (банктердің) анықтамасын. Егер, ықтимал қатысушы екінші деңгейдегі бірнеше банктердің немесе филиалдардың, сондай-ақ шетел банкісінің клиенті болып табылған жағдайда, осы анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады;
      4) соңғы қаржы жылы үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен міндетті аудитті өткізу белгіленген заңды тұлғалардың аудиторлық есебін;
      5) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесін;
      6) статистикалық карточканың нотариалды куәландырылған көшірмесін;
      7) ықтимал тендер қатысушысының біліктілігін растайтын біліктілігі туралы мәліметтер лицензия және/немесе патенттердің, куәліктердің, басқа да құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмесін қоса;
      8) Жарғының нотариалды куәландырылған көшірмесін. Шетел заңды тұлғалары құрылтай құжаттарын мемлекеттік және орыс тілдерінде нотариалды куәландырылған көшірмесін ұсынады;
      9) ықтимал Тендерге қатысушының төлеу мерзімі қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұзартылған жағдайды алып тастағанда тендерлік өтінімдер бар конверттерді ашу күнінің алдындағы үш айдан ұзаққа бірінші басшы немесе қол қою құқығы бар тұлға қол қойған, осы салық органының мөрі бар салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу және жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару жөніндегі мерзімі өтіп кеткен берешегінің жоқтығы туралы тиісті салық органының белгіленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасын немесе нотариалды куәландырылған көшірмесін;
      10) кепілдік жарнаны Департаменттің/Атқарушы органның депозит шотына аудару туралы төлем тапсырмасының немесе түбіртектің (жеке тұлға үшін) түпнұсқасын немесе көшірмесін;
      11) ықтимал Тендерге қатысушы өкілінің өкілеттігін растайтын құжатты (сенімхатты) (жеке куәлікті, төлқұжатты (шетел азаматтары үшін) немесе ішкі істер органдарының анықтамасын ұсынған жағдайда жарамды) ұсынуы қажет.
      26. Жұмыс істеуге жарамды жеке тұлға болып табылатын ықтимал Тендерге қатысушы осы Ереженің 25-тармағының 1), 2), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсынады, сондай-ақ:
      1) шетел азаматтары үшін жеке куәліктің,төлқұжаттың немесе ішкі істер органдарының тиісті анықтамасының көшірмесі;
      2) тиісті мемлекеттік орган берген (Шарт жасау үшін азаматтық құқық қабілетінің барын растау үшін) заңды тұлғаның білімінсіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға құқық беретін құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесін;
      3) лицензияларының және/немесе патенттердің, куәліктердің, ықтимал Тендерге қатысушының біліктілігін растайтын басқа құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері қоса берілген біліктілігі туралы мәліметі.
      27. Өтінімдерді қабылдау және Тендерге қатысуға үміт білдірген тұлғаларды тіркеу талап етілетін құжаттардың толық жиынтығы бар кезде жүргізіледі.
      28. Тендерге қатысушы бола алмайды:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне немесе құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асыруы Тендер шарттары болып табылатын қызметтің сондай түрлерімен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлға;
      2) сенім білдірілген басқаруға шарт жасасу және оны орындау жөнінде тиісті міндеттемелерін орындамаған алдағы тендерлердің жеңімпазы.
      29. Департамент/Атқарушы орган Тендерге қатысушыларға қатысы бар ақпаратты Тендерді дайындау және оны өткізудің бүкіл кезеңі ішінде, қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жағдайларды қоспағанда, жариялауға құқығы жоқ.
      30. Ықтимал Тендерге қатысушылардың құжаттары тіркеу журналына тіркелгеннен кейін сейфте сақталады. Тендерді өткізу күні Тендерге қатысушылардың құжаттары Тендерлік комиссияға беріледі.

4. Тендерді өткізу

      31. Тендерлік комиссия жеңімпазды анықтау өлшемінен (өлшемдерінен) шыға отырып, Тендерге қатысушылардың ұсыныстары бар конверттерін ашады және Тендерге қатысушылардың ұсыныстарын қарайды.
      32. Тендерлік комиссияның шешімі оның мүшелерінің жай дауыстың көпшілігімен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Дауыстар тең болған жағдайда, Тендерлік комиссия тең дауыс санын алған қатысушыларды келіссөзге шақыруға құқылы және олардың келісімімен тендерлік комиссияның қарауына Объект жұмысын жақсартуға бағытталған қосымша ұсыныстарды енгізген Тендерге қатысушы жеңімпаз болып танылады.
      33. Тендерлік комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған тендерлік комиссияның мүшелері, оның төрағасы және Тендер жеңімпазы қол қояды. Тендерлік комиссияның мүшесі өзінің ерекше ойын жазбаша жазып, оны хаттамаға тіркеуге құқылы, ол туралы соңғысында белгі қойылады. Тендердің нәтижелеріне оның қатысушылары Тендер жеңімпазын хабарлаған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде наразылық білдіре алады.
      34. Тендер нәтижелері туралы хаттама нысан бойынша Тендер жеңімпазы мен Департаменттің/Атқарушы органның Тендер шарттары негізінде Шарт жасау міндеттемелерін және Тендер жеңімпазының ұсыныстарын бекітетін құжат болып табылады.
      35. Тендер нәтижелері Тендер жеңімпазын хабарлаған күннен бастап 5 күнтізбелік күн ішінде Департаментпен бекітіледі.Тендер нәтижелері Департаментпен/Атқарушы органмен бекітілгеннен кейін 10 күннен кешіктірмей объектіні басқару шартына тараптар қол қоюлары тиіс. Тараптар қол қойған, объектіні басқаруға құқықтық қабылдау-тапсыру актісі шарттың құрамды бөлігі болып табылады.
      Департамент/Атқарушы орган жаңа тендерді хабарлауға, сондай-ақ Тендерлік комиссияға тендер шарттарын мына жағдайларда өзгертуді ұсынуға құқылы:
      1)Тендерге қатысуға өтінімдер жоқ болса;
      2)Тендерлік комиссия жеңімпаздың жоқтығы туралы шешімді қабылдаса;
      3)Тендер жеңімпазы Шартқа қол қоюдан бас тартса.
      36.Тендер мына жағдайларда өтпеген болып танылады, егер:
      1) Қатысушылардың ұсыныстары Тендерлік комиссиямен Тендер шарттарын қанағаттандырмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін болып танылса;
      2) тіркелген Қатысушылардың саны екеуден кем болса.
      37. Тендердің жеңімпазы Тендердің нәтижелері туралы хаттамаға немесе Шартқа қол қоюдан жалтарса, өзі салған кепілдік жарнаны жоғалтады.
      38. Департамент /Атқарушы орган Тендерді жеңіп алған тұлғаның осы Ережесінің 28-тармағында аталған талаптарына сай келмеген жағдайдан басқа жағдайда тендерде ұтып алған тұлғамен сатып алу-сату хаттамасына  және тендер нәтижесі туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқысыз. Заңнамасымен белгіленген тәртіп бойынша Департамент/Атқарушы орган жеңімпазбен тиісті шарт жасасудан бас тартқан жағдайда тендердің жеңімпазы оған келтірілген залалдарды өтетіп құқылы.

5. Шарттың орындалуын бақылау

      39. Шарт ережелерінің орындалуын бақылауды Департамент/Атқарушы орган жүзеге асырады.
      40. Шарт тендер Жеңімпазының тендерлік ұсыныстарына сәйкес шарттарды қарастыру керек.
      41. Бақылауды жүзеге асыру үшін Департамент/ Атқарушы орган Шарттың орындалуымен байланысты құжаттармен танысуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының
заңнамасына сәйкес тәуелсіз кеңесшілерді тарта отырып, Объектіні басқару тиімділігінің жыл сайынғы мониторингін жүргізуге құқылы.
      42. Сенім білдірген басқарушы Департаментке/ Атқарушы органға және пайда алушыға өзінің қызметтері туралы есепті Шартта белгіленген мерзімде және тәртіпте ұсынады. Департаменттің/Атқарушы органның және (немесе) пайда алушының талабы бойынша Сенім білдірген басқарушының қызметі туралы есеп өзге жағдайларда да кідірмей ұсынылуы тиіс.
      43. Шарт ережелерінің орындалуын бақылау Сенім білдірген басқарушы міндеттемелерін орындау аяқталған мезгілге дейін жүргізіледі.

6. Қорытынды ережелер

      44. Осы Ережемен көзделген Сенім білдірілген басқару қатынастарына осындай қатынастарды,  Заңмен көзделген жағдайларды алып тастағанда, реттейтін азаматтық заңнаманың нормалары тарала. 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады