Егістіктің жойылған алқаптарын анықтау әдістемесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2007 жылғы 14 мамырдағы N 316 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 2 маусымда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4707 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 20 қазандағы № 321 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 20.10.2020 № 321 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.12 N 443 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Бұйрығымен.

      "Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі заңын орындау мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген:

      1) Егістіктің жойылған алқаптарын анықтау әдістемесі;

      2) алып тасталды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.12 N 443 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Бұйрығымен.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.12 N 443 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Бұйрығымен.

      2. Егіншілік және фитосанитарлық қауіпсіздік департаменті (А.А. Буць) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр



  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2007 жылғы 14 мамырдағы
N 316 бұйрығымен
бекітілген

Егістіктің жойылған алқаптарын анықтау әдістемесі
1. Жалпы ереже

      1. Егістіктің жойылған алқаптарын анықтаудың осы әдістемесі (бұдан әрі - Әдістеме) Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы "Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы" Заңының 5-бабының 2-тармағының 10) тармақшасына сәйкес әзірленген және қолайсыз табиғат құбылыстарының немесе олардың жиынтығының басталу нәтижесінде сақтандыруға жататын ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымданған немесе жойылған алқаптарын анықтау әдістерін белгілейді.

2. Ауыл шаруашылығы дақылдары егістерінің жойылған алқаптарын анықтаудың әдістері

      2. Дәнді дақылдар егістігінің (жаздық бидай, күздік бидай, жаздық арпа, күздік арпа, сұлы, тары, қарақұмық, күздік қара бидай) тар қатарлап, тұтас, қатарлап (қатарлардың ара қашықтағы 25 сантиметр), тоғыстырма және шашып себу әдістерімен сепкенде зақымданғанын немесе жойылғанын анықтау үшін көлемі 50х50 сантиметр алаңқайдағы өсімдіктердің барлық сандарын және қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктерінің сандарын есептейді. Төрт рет қайталанған барлық өсімдіктер санының қосындысы 1 шаршы метрдегі өсімдіктердің орналасу тығыздығын көрсетеді. Қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктерінің санын пайызбен көрсетуді 1 шаршы метрдегі зақымданған барлық өсімдіктердің 100-ге көбейтілген қосындысын 1 шаршы метрдегі өсімдіктердің орналасу тығыздығына бөлу арқылы айқындайды. Егістердің зақымданған немесе жойылған алқаптарын танап көлемін қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктерінің пайызына көбейту арқылы айқындайды.

      Алаңды таңдау үшін жақтарының ұзындығы 50 сантиметр болатын шаршы рама қолданылады. Раманы оның диагональдарының біреуі (қатарлап немесе тар қатарлап себуде) қатарлардың біреуінің бағытымен сәйкес келетіндей етіп орналастырады. Раманың бұрыштарына жіңішке таяқшалар қағады. Топырақ бетіндегі олардың биіктігі 15-20 сантиметрден кем болмау керек. Өсімдіктерді санауды жеңілдету үшін топырақ бетінен 2-3 сантиметр биіктікте таяқшаларға шаршы кескіндейтін кендір немесе мықты жіп кереді. Содан кейін шаршының дұрыс орналасқандығын тексереді: барлық бұрыштары тік және екі диагоналі өзара тең, әрбір жағы 50 сантиметрге тең болуы қажет.

      Шаршының таңдап алынған алаңының стандарттан сәл ауытқуына жол беріледі (0,25 шаршы метр). Шаршыны дұрыс орналастырған кезде (әрбір бұрыш 90 о -қа тең) кендірмен (жіппен) кескінделген шаршының барлық жағының қосындысы 200 + 2 сантиметрге тең болуы керек. Егер өлшеп болғаннан кейін ол 198 сантиметрден кем немесе 202 сантиметрден үлкен болатын болса, онда шаршы дұрыс орналастырылмаған болады. Таяқшаларды суырып алып, оның жақтары мен диагональдарын өлшей отырып, шаршыны қайтадан орналастырады.

      3. Дәнді дақылдарды суыртпақтап себу әдісімен, дәнді бұршақ дақылдарын (бұршақ, аңқа) егіс қатарларының ара қашықтығы 25 сантиметрден артық болатын қатарлап себу әдісімен сепкенде зақымданғанын немесе жойылғанын анықтау үшін ұзындығы 1 метр болатын қатардағы өсімдіктерді санауды төрт рет қайталау арқылы жүргізеді. Әрбір қайталаудағы қатар орналасқан екі қатардан әрқайсысы 0,5 метр болатын екі бөлікті осы Әдістеменің 1-қосымшасына сәйкес сызба бойынша таңдап алады және таяқшалармен бекітеді. Таяқшалардың ара қашықтығы 1 сантиметрге дейінгі дәлдікпен өлшенеді.

      1 метрдегі қатарлардың орташа санын есептеу үшін 10 метрлік өлшеу лентасы пайдаланылады. Оны қатарларға көлденең етіп тартады. Қатар арақашықтығының ортасынан (суыртпақтап сепкенде - кең қатар арақашықтығының ортасынан) нөлдік белгі орнатып, оны таяқшамен белгілейді. Содан кейін екінші таяқшамен лентадағы белгіге 5 метрге жақын қатар арақашықтығының ортасын (суыртпақтап сепкенде - кең қатар арақашықтығының ортасын) белгілейді және таяқшалардың ара қашықтығын 1 сантиметрге дейінгі дәлдікпен өлшенеді. Одан кейін өлшенген бөлікті қиятын қатарлардың (жолақтардың) санын есептейді. Таяқшалардың арасында орналасқан қатарлардың (жолақтардың) санын олардың арасындағы қашықтыққа бөліп, 1 метрге келетін қатарлардың санын 0,1 дәлдікпен табады. 1 метрге келетін қатарлардың санын анықтауды бақылау аумағының кез-келген жерінде жүргізеді.

      1 шаршы метрдегі өсімдіктердің тығыздық күйін 1 метрлік бөліктегі өсімдіктердің орташа санын 1 метрдегі қатарлардың санына көбейту арқылы анықтайды. Пайызбен берілген жойылған немесе қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктердің санын 100-ге көбейтілген 1 шаршы метрдегі барлық зақымданған өсімдіктердің қосындысын 1 шаршы метрдегі өсімдіктердің тығыздық күйіне бөлу арқылы анықтайды. Егістердің зақымданған немесе жойылған алқаптарын танап көлемін қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктерінің пайызына көбейту арқылы анықтайды.

      Мысал: Егер 4 метрлік бөліктердегі өсімдіктердің жалпы саны 55+45+44+56=200, ал 4,8 метрлік бөлікте 22 қатар (11 лента) болса, 3 жапырақты фазада екі қатарлап себу кезіндегі тарының орналасу тығыздығын анықтау керек.

      Метрлік бөліктегі өсімдіктердің орташа саны (200:4=50). Метрлік бөліктегі қатарлардың орташа саны 22:4,8=4,6). Орналасу тығыздығы 50х4,6 = 230 өсімдік 1 шаршы метрге.

      4. Кең қатарлап егу тәсілімен себілген дәнді (жүгері), дәнді бұршақты (қытайбұршақ), майлы (сафлор, күнбағыс, рапс), тоқыма (мақта) дақылдардың және тамыр жемістілердің (қант қызылшасы) зақымданған және жойылған егістерін анықтау ұзындығы 10 метр болатын қатарлардағы өсімдіктерді есептеу арқылы жүзеге асырылады.

      Зерттелетін танап учаскесіндегі 4 бөліктің әрқайсысында 10 метрден (5 метрден екі қатар орналасқан қатарлар бойынша) өсімдіктері бар, учаскенің үлкен бөлігінің күйіне ұқсас бөліктерді таңдап алады және оларды таяқшалармен белгілейді. Таяқшалардың ара қашықтығы 5 сантиметрден көп (500 + 5 сантиметр) болмауы керек.

      Белгіленген орындардың әрқайсысындағы өсімдіктердің санын есептейді. Әрбір қайталанған есептеулердің нәтижелерін қосады. Қосындыны қайталаудың санына бөліп 10 метрлік бөліктегі өсімдіктердің орта санын анықтайды.

      10 метрдегі қатарлардаң санын келесі тәсілмен анықтайды: 10 метрлік өлшеу лентасын қатарларға перпендикуляр қылып тартады, нөлдік бөлуді қатар аралықтың ортасына келтіреді және оны таяқшалармен белгілеп, сонымен бірге лентаның 10 метрлік бөлігін қиятын қатарларды есептейді.

      100 шаршы метрдегі өсімдіктердің тығыздық күйін 10 метрлік бөліктегі өсімдіктердің орташа санын 10 метрдегі қатарлардың санына көбейту арқылы анықтайды. Пайызбен берілген жойылған немесе қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктердің санын 100-ге көбейтілген 100 шаршы метрдегі барлық зақымданған өсімдіктердің қосындысын 100 шаршы метрдегі өсімдіктердің тығыздық күйіне бөлу арқылы анықтайды. Егістердің зақымданған немесе жойылған алқаптарын танап көлемін қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктерінің пайызына көбейту арқылы анықтайды.

      Мысал: Мақсары өсімдігінің қатардың төрт 10 метрлі бөліктерінде шоғырлар саны 44; 49; 41 және 52, ал 10 метрде 14 қатар болғандағы тығыздық күйін анықтау керек.

      Тығыздық күйі (44+49+41+52):4х14=651 шоғыр 100 шаршы метрге тең.

      5. Ауылшаруашылық дақылдарын шаршы ұялап сепкенде көлемі 5х5 метр алаңқайдағы өсімдіктерді есептейді.

      Алаңқайды бөлу кезінде қиылысып жатқан қатар аралықтың ортасына бірінші таяқшаны қағады. Одан өлшеуіш лентамен 5 метр өлшеп алып шаршының қалған бұрыштарын таяқшалармен белгілейді.

      Әрбір алаңқайдағы өсімдіктердің санын есептейді. Төрт қайталаудың қосындысы 100 шаршы метрдегі өсімдіктердің тығыздық күйін көрсетеді. Одан кейін әрбір алаңқайдағы қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктерді есептейді. Жойылған немесе қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктердің пайызын 100 шаршы метрде зақымданған барлық өсімдіктердің қосындысын 100-ге көбейтіп 100 шаршы метрдегі өсімдіктердің тығыздық күйіне бөлу арқылы табады. Егістердің зақымданған немесе жойылған алқаптарын танап көлемін қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктерінің пайызына көбейту арқылы анықтайды.

      6. Ауыл шаруашылығы дақылдары егістерінің зақымданған немесе жойылған алқаптарын анықтау жоғарыда аталған себу тәсілдеріне сәйкес гектармен жүзеге асырылады.

      Егістіктің толық жойылуы - өнімді одан әрі өсіруге және астық жинауға жұмсалатын шығындар өнім алудан түсетін болжамды кірістен асып түсетін егістікке қолайсыз табиғат құбылыстары әсерінің салдары.

      Өнімді одан әрі өсіруге және жинауға жұмсалған шығындар өнім алудан түсетін болжамды кірістен асып түсуін комиссия анықтайды және қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған алқапта егістіктердің 70 % және одан жоғары жойылған немесе зақымданған жағдайда белгіленеді.

      Қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған алқаптағы егістіктердің 70 %-дан аз зақымданған жағдайда, комиссия егістіктердің ішінара жойылғанын белгілейді.

      Мысалы: "ABC" шаруа қожалығы жалпы алқабы 1000 гектар егістікті, оның ішінде арпа егістігін 500 гектары (№ 1 танап) және бидай егістігін 500 гектары (№ 2 танап) сақтандырды. Қолайсыз табиғат құбылысының – құрғақшылықтың әсері нәтижесінде сақтандыру жағдайы орын алды.

      Комиссияның сақтандырылған егістіктердің жойылған алқаптарына зерттеу жүргізу нәтижелері бойынша қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшырағын арпа егістіктің жойылған пайызы сақтандырылған танап алқабынан (500 га) 75 % құрайтыны анықталды және одан әрі оларды өнім алу мақсатында өсіру немесе жинау бойынша әрекет жасау экономикалық мақсатты емес болып табылады, яғни арпаның 500 гектар алқабындағы № 1 танап егістігінің толық жойылуы орын алды.

      Есеп: өсімдіктердің барлық саны – 300 дана/шаршы метрде.

      Қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктердің саны – 1 шаршы метрде 225 дана.

      Зақымданған өсімдіктердің пайызы – 225 х 100 : 300 = 75 %.

      Жойылған алқабы – 500 х 75 % = 375 гектар, ол сақтандырылған алқабынан 70 % жоғары, яғни 500 га арпа алқабында егістіктің толық жойылғаны белгіленіп отыр.

      Қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған бидай егісі біркелкі зақымданған және комиссия 500 га бидай алқабында сақтандыру жағдайы болған барлық танап егістігінің (№ 2 танап) ішінара жойылғаны анықтады.

      Есеп: өсімдіктердің барлық саны – 300 дана/шаршы метрде.

      Қолайсыз табиғат құбылыстарынан зақымданған өсімдіктердердің саны – 1 шаршы метрде 170 дана.

      Зақымданған өсімдіктердің пайызы – 170 х 100 : 300 = 56,6 %.

      Жойылған алқабы – 500 х 56,6 % = 283 гектар, ол сақтандырылған алқаптың 70 % аз, яғни 500 га бидай алқабында егістік ішінара жойылған.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.12 N 443 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Бұйрығымен.

3. Сақтандыру жағдайы басталған кезде өнімнің кірісін және зиян мөлшерін есептеу

      Ескерту. Анықтау әдістемесі 3-тараумен толықтырылды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.12 N 443 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Бұйрығымен.

      7. Кірісті есептеу қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған алқапта өсімдік шаруашылығы өнімі түрін өндірудің 1 гектарынан жүзеге асырылады.

      Нақты кiрiс қолайсыз табиғат құбылыстары әсер еткен өсiмдiк шаруашылығы өнiмi түрiнiң барлық көлемi сатылғаннан кейiн есептелiп шығарылады.

      Бағаланатын кіріс қолайсыз табиғат құбылыстары әсер еткен өнiм жиналғаннан кейiн және өсiмдiк шаруашылығы өнiмi түрiнiң барлық көлемi сатылғанға дейiн есептелiп шығарылады. Бағаланатын кірісті есептегенде өнімге егін жинау кезінде қалыптасқан баға қолданылады.

      Кірісті есептеу мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      К = Б х Ө,

      мұндағы: К – қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған сақтандырылған алқаптан түскен нақты немесе бағаланған кіріс, теңге;

      Б - өнімнің бағасы, теңге/тонна;

      Ө - қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған сақтандырылған алқаптан алынған нақты жалпы жиын, тонна.

      8. Залал көлемi мiндеттi сақтандыру шартын жасасу кезiнде белгiленген өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрiн өндiрудiң бiр гектарына жұмсалған шығындар нормативiнiң мөлшерi мен қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған алқапта өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрiн өндiрудiң бiр гектарынан алынған, қолайсыз табиғат құбылыстары әсер еткен өнiмнiң осы түрiн өндiру алқабына көбейтiлген кiрiс арасындағы оң айырмасы ретiнде анықталады.

      ЗМ = (ШН – К1га) х S,

      мұндағы: ЗМ - қолайсыз табиғат құбылысы әсеріне ұшыраған алқаптан сақтандыру жағдайы болған кезде сақтандырушының шеккен зияны, теңге;

      ШН - өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартын жасасқан сәтте белгіленген шығындар нормативі, теңге/гектар;

      К1га - қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған сақтандырылған алқаптың 1 га алынған нақты немесе бағаланған кіріс, теңге/гектар;

      S - қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған барлық танаптың алқабы, гектар.

      Шығын нормативі мен кірістің арасында оң айырма болған жағдайда сақтанушыға жасалған есепке сәйкес сақтандыру төлемі төленеді.

      Теріс айырма болған кезде зиянның болмауына байланысты сақтандыру төлемі төленбейді.

      Егістік толық жойылған жағдайда зиян мөлшері өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартын жасасқан сәтте белгіленген өсімдік шаруашылығы өнімнің түрін өсірудің бір гектарына арналған шығындар нормативінің қолайсыз табиғат құбылысы әсер ететін осы өнім түрін өсіру алқабына көбейтілген мөлшері ретінде анықталады.

      ЗМ = ШН х S,

      мұндағы: ШН - өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартын жасасқан сәтте белгіленген шығындар нормативі, теңге/гектар;

      А - қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған алқап, гектар.

      Мысалы: Ақмола облысындағы "АВС" шаруа қожалығының сақтандырылған алқабы (2 далалық аймақ, оңайлатылған агротехнология) 1000 гектарға тең. Оның ішінде 500 га арпа егістігі (№ 1 танап), 500 га бидай егістігі (№ 2 танап). Комиссия 500 га алқапта арпаның толық жойылғанын, бидайдың ішінара жойылғанын белгіледі. 500 га бидайдың ішінара жойылуы бойынша шығын мөлшерін айқындаймыз. Егінді жинау кезінде 1 тонна бидайдың бағасы 35 000 теңге болды.

      Қолайсыз табиғат құбылыстарының әсеріне ұшыраған алқаптан жиналған өнімнің көлемі 15 тонна құрады.

      К = Б х Ө = 35 000 теңге х 15 тонна = 525 000 теңге.

      К1га = 525 000 теңге : 500 гектар = 1050 теңге/гектар.

      Шығын нормативі 3457 теңгеге тең.

      ШЗ = (3457 – 1050) х 500 = 1 203 500 теңге.

      500 га арпаның толық жойлуы бойынша шығын көлемін айқындаймыз.

      Шығын нормативі 3266 теңгеге тең.

      ШЗ = 3266 х 500 = 1 633 000 теңге.

      Сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесінде "АВС" шаруа қожалығы бойынша шығынның жалпы мөлшері: 1 203 500 теңге + 1 633 000 теңге = 2 836 500 теңге құрайды.

  Егістіктің жойылған
алқаптарын анықтау әдістемесіне
1-қосымша

      Егістіктің жойылған алқабын анықтаудың сызбасы

      а) б)

      ||||||||||||||| || || || || || ||

      ||||||^|||||||| || || || || || ||

      ||||||50||||||| || || |^ || || ||

      ||||||cм||||||| || || |50 || || ||

      ||||^|v|||||||| || || |см || || ||

      |||50|||||||||| || || |v || || ||

      |||cм|||||||||| || || ^| || || ||

      ||||v|||||||||| || || 50| || || ||

      ||||||||||||||| || || см| || || ||

      ||||||||||||||| || || v| || || ||

      _____4,81м ____ _________4,76 м_______


      а) қатарлап себу б) суыртпақтап себу

      Егістіктің жойылған

      алқаптарын анықтау әдістемесіне

      2-қосымша

      Өсімдіктердің жапырылуы қарқындылығын бағалау

Жапырылу қарқындылығы

Бағасы, балл

Өте күшті. Сабақтар іс жүзінде жерде жатыр.

Өнімнің едәуір шығынынсыз комбайндардың бір

бағытта жүруі арқылы да механикаландырылған

жинау мүмкін емес.

Күшті. Сабақтары қатты қисайып тұр.

Механикаландырылған жинау жапырылған егінді

жинауға арналған құрылғымен тек бір бағытта

ғана мүмкін (жапырылу бағытына қарсы).

Орташа. Сабақтар қатты қисайып тұр.

Механикаландырылған жинау жапырылған егінді

жинауға арналған арнайы құрылғылар бар

болған жағдайда мүмкін, алайда бұл ретте

өнім шығыны болуы мүмкін.

Төмен. Сабақтар төмен дәрежеде, әр жерлерде,

қисайып тұр. Механикаландырылған жинау

кезінде қиындықтар шамалы және кесілмеген

масақтар есебінен шығын болмайды.


Жапырылу жоқ. Егістер жапырылмаған

1


2



3


4


5

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2007 жылғы"14 мамырдағы
N 316 бұйрығымен
бекітілген

Өнімнен болжанатын кірісті анықтау әдістемесі

      Ескерту. Анықтау әдістемесі алып тасталды - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2010.07.12 N 443 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-т. қараңыз) Бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады