Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы N 533 Заңы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 28 қазандағы № 268-VІ Заңымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (06.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).


      МАЗМҰНЫ

      Ескерту. Мәтіндегі сөздер алмастырылды - ҚР 2006.01.10 № 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), бүкіл мәтін бойынша "қаланың" деген сөздің алдынан "облыстық маңызы бар" деген сөздермен толықтырылды - 2007.05.07 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

      Осы Заң өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, қаржылық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) агент – жалғыз акционерi мемлекет болып табылатын, агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингтiң құрамына кiретiн, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша құрылған акционерлiк қоғам;

      2) алып тасталды - ҚР 10.01.2018 № 134-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) егiстiң толық жойылуы – егiске қолайсыз табиғат құбылыстары әсерiнiң салдары, өнiмдi одан әрi өсiруге және жинауға жұмсалатын шығындар өнiм алудан түсетiн болжамды кiрiстен асып түсетін жағдай;

      4) егістің ішінара жойылуы – егіске қолайсыз табиғат құбылыстары әсерінің салдары, бір гектардан өсімдік шаруашылығы өнімінің түрін өндірудегі бағалау кірісі немесе іс жүзіндегі кіріс міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде белгіленген бір гектарға жұмсалатын өсімдік шаруашылығы өнімінің түрін өндіру шығындары нормативінің мөлшерінен кем болатын жағдай;

      5) қолайсыз табиғат құбылысы – нәтижесінде өсiмдiк шаруашылығының өнiмi жойылған немесе бүлiнген табиғат құбылысы (ұзақ мерзiмдi – құрғақшылық, үсiп кету, жылудың жетiспеуi, топырақтың шамадан артық ылғалдануы, ауаның шамадан тыс ылғалдануы, су тасқыны, су тапшылығы, аңызақ; қысқа мерзiмдi – бұршақ соғу, нөсер жаңбыр, үсiк шалу, қатты жел, сел);

      6) қолайсыз табиғат құбылысының фактісі бойынша зерттеп-қарау актісі (бұдан әрі – зерттеп-қарау актісі) – талаптары уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша осы Заңда көзделген, егістің ішінара немесе толық жойылуы мен қолайсыз табиғат (құбылысының) құбылыстарының әсері арасындағы себеп-салдарлық байланысты растайтын құжат;

      7) өнiм алудан түсетiн болжамды кiрiс – өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен егістің жойылған алаңдарын айқындау әдістемесіне сәйкес комиссия айқындайтын кiрiс;

      8) өсiмдiк шаруашылығы – өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiрумен шұғылданатын ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлердi – жеке және заңды тұлғаларды қамтитын ауыл шаруашылығы саласының өндiрiстер кешенi;

      9) өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру шарты (бұдан әрi – міндетті сақтандыру шарты) – осы Заңда белгiленетiн талаптар бойынша сақтандырушы мен сақтанушының арасында жасалатын шарт;

      10) өсімдік шаруашылығындағы өзара сақтандыру қоғамы (бұдан әрі – қоғам) – өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру саласында өз мүшелерінің мүліктік мүдделерін өзара сақтандыруды жүзеге асыру мақсатында тұтыну кооперативінің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға;

      11) өсiмдiк шаруашылығының өнiмдерi – ауыл шаруашылығы дақылдарын (дәндi, майлы дақылдар, қант қызылшасы, мақта) өңдеу процесiнде алынған өнiм;

      12) өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган – өсiмдiк шаруашылығын дамыту саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мемлекеттiк орган;

      13) сақтандыру жағдайы – басталуына орай мiндеттi сақтандыру шарты сақтандыру төлемiн жүзеге асыруды көздейтiн оқиға;

      13-1) сақтандыру омбудсманы – "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сақтандыру нарығына қатысушылар арасындағы келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асыратын, өз қызметінде тәуелсіз жеке тұлға;

      14) сақтандыру сомасы – мiндеттi сақтандыру объектiсi сақтандырылған және сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы жауапкершiлiгiнiң шектi көлемiн бiлдiретiн ақша сомасы;

      15) сақтандыру сыйлықақысы – сақтандырушы мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жасауға мiндеттемелер қабылдағаны үшiн сақтанушы сақтандырушыға төлеуге мiндеттi ақша сомасы;

      16) сақтандыру төлемi – сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандырушы сақтанушыға (пайда алушыға) сақтандыру сомасы шегiнде төлейтiн ақша сомасы;

      17) сақтандырушы – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды жүзеге асыру құқығына лицензия алған, сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушыға немесе өзiнiң пайдасына шартта белгiленген сома (сақтандыру сомасы) шегiнде шарт жасалған өзге тұлғаға (пайда алушыға) сақтандыру төлемiн жасауға мiндеттi заңды тұлға;

      18) сақтанушы – өсiмдiк шаруашылығы өнiмiн өндiру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын және сақтандырушымен мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан тұлға;

      19) франшиза – сақтандырушыны белгiлi бiр мөлшерден аспайтын зиянды өтеуден босату;

      20) шығындар нормативi – өсiмдiк шаруашылығының өнiм түрi өндiрiсiнiң бiр гектарына шаққанда жекелеген технологиялық процестер, жұмыс түрлерi және шығыстар баптары бойынша теңгемен көрсетiлген шығындар.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 17.01.2014 № 165-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 № 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.01.2018 № 134-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, "Сақтандыру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан, "Өзара сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      3. Ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлерде өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өсiру және өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн сақтау жөнiндегi қызметке осы Заңның күшi қолданылмайды.

      Ескерту. 2-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

3-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру объектiсi

      Сақтандыру жағдайы басталған кездегi сақтанушының мөлшерi өстi Заңға сәйкес белгiленетiн залалдарын iшiнара немесе толық өтеумен байланысты сақтанушының мүлiктiк мүдделерi өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру объeктici болып табылады.

      Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.07.07 N 179 Заңымен.

4-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандырудың мақсаттары

      Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандырудың мақсаттары:

      1) өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiнiң мүлiктiк мүдделерiн осы Заңда көзделген жағдайларда, мөлшерде және тәртiппен сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру арқылы қолайсыз табиғат құбылыстарының зардаптарынан қорғауды қамтамасыз ету;

      2) өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлерге сақтандырылған егiстi кепiлге қою арқылы кредит беру үшiн жағдай жасау;

      3) өсiмдiк шаруашылығын мемлекеттiк қолдаудың тиiмдiлiгiн арттыруға жәрдемдесу болып табылады.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.07.07 N 179 Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-1-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Ескерту. 4-1-бап алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

5-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру саласындағы мемлекеттiк бақылау және қадағалау

      1. Өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлердiң осы Заңда белгiленген мiндеттi сақтандыру шартын жасасу жөнiндегi мiндеттерiнiң орындалуына мемлекеттiк бақылауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.

      2. Өсімдік шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган:

      1) өсімдік шаруашылығы саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асырады;

      2) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      4) өсімдік шаруашылығын дамыту үшін құқықтық және экономикалық жағдайларды жетілдіреді;

      5) республикадағы және шетелдердегі өсімдік шаруашылығы саласындағы жай-күй ахуалын зерделейді;

      6) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      7) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      8) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      9) алып тасталды - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi);

      10) "қойылған егiс алқаптарын айқындаудың әдiстемесiн әзiрлейдi және бекiтедi;

      11) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

      12) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға қоғамдардың атауын және орналасқан жерін көрсете отырып, олардың тізілімін ұсынады;

      12-1) өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шартының және сақтандыру төлемдерін ішінара өтеу тәртібі мен талаптары туралы шарттың үлгі нысанын әзірлейді және бекітеді;

      12-2) мiндеттi сақтандыруға жататын өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң түрлерiн өндiру үшiн егiстiк алқаптың бiр гектарына жұмсалатын шығындар нормативтерiн әзірлейді және бекітеді;

      12-3) өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды қолдау үшiн бөлiнетiн ақшаны пайдалану тәртiбiн және агент көрсететiн қызметтерге төленетiн ақының мөлшерiн әзірлейді және бекітеді;

      12-4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның ұсынуы бойынша қолайсыз табиғат құбылыстарын айқындаудың критерийлері мен сипаттамаларын әзірлейді және бекітеді;

      12-5) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органының қолайсыз табиғат құбылысының әсерiне ұшыраған егiстiк алқаптарының көлемiн айқындау үшiн комиссия құруының және оның жұмысын ұйымдастыруының тәртiбiн және зерттеп-қарау актiсiнiң нысанын әзірлейді және бекітеді;

      12-6) гидрометеорология қызметi органының және (немесе) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның қолайсыз табиғат құбылысы фактiсiн растайтын анықтамасының үлгi нысанын әзірлейді және бекітеді;

      12-7) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы бақылау функцияларын жүзеге асыруы үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды сақтанушының, сақтандырушының, агенттің және қоғамның беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      13) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2-1. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы:

      1) Қазақстан Республикасының өсімдік шаруашылығы саласындағы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      2) агенттің, қоғамның қызметін, олардың Қазақстан Республикасының өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы заңнамасын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

      3) сақтанушылардың міндетті сақтандыру шарттарын жасасудан жалтаруы туралы және қоғамның Қазақстан Республикасының өзара сақтандыру туралы заңнамасының және осы Заңның талаптарын сақтамауы туралы істерді қарайды;

      4) өздерінің бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды сақтанушыдан, сақтандырушыдан, агенттен және қоғамнан сұратады және алады;

      5) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы:

      1) шаруашылық жүргізуші субъектілерін міндетті сақтандыруды ұйымдастырады;

      2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы белгілеген нысан бойынша өздерінің бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды сақтанушыдан, сақтандырушыдан және агенттен сұратады және алады;

      3) өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруға жататын өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрлерi бойынша табиғи-климаттық аймақтар бөлiгiндегi тиiстi аумақта егiс жұмыстардың басталуы мен аяқталуының оңтайлы мерзiмдерiн белгiлейдi;

      3-1) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органына ағымдағы жылы сақтандырылуға тиіс өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің тізбесін ұсынады;

      4) осы Заңның 9-бабына сәйкес комиссиялар құрады;

      5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      4. Сақтандыру ұйымдарының қызметiне мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.01.10 N 116 (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.07.07 N 179, 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-1-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру тәртiбi

      Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы:

      1) агенттен өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан сақтанушылардың тиiстi аумақтағы сақтандырылған өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң түрлерi көрсетiлген тiзбесiн сұратады;

      2) алынып тасталды - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

      3) алынып тасталды - ҚР 2009.07.17 N 188-IV Заңымен;

      4) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасайды және Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкiмшiлiк жазалар қолданады.

      Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру саласындағы мемлекеттік бақылау тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

      Тексеру және профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 5-1-баппен толықтырылды - ҚР 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 179, 2009.07.17 N 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-2-бап. Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды жүзеге асырудың ерекшеліктері

      1. Осы Заңда қамтылған ережелер қоғамдарға олардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып қолданылады.

      Қоғам мүшелерінің мүліктік мүдделерін сақтандыру өзара сақтандыру ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Қоғам мүшелері болып табылатын өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндірушілер сақтандырушыда міндетті сақтандыруға жатпайды.

      3. Алып тасталды - ҚР 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4. Бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру шарттарын жасасу бойынша бір сақтандырушыға басқалары алдында негізсіз артықшылықтар беруге немесе алуға, сақтанушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасалуына бағытталған қызметке жол берілмейді.

      Ескерту. Заң 5-2-баппен толықтырылды - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-3-бап. Ақпараттық өзара іс-қимыл жасау

      Қолайсыз табиғат құбылыстары және олардың салдары туралы ақпаратқа ие жергілікті атқарушы органдар, өсімдік шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар осы ақпаратты сақтандырушыға және сақтандыру омбудсманына олар өтініш жасаған кезде беруге міндетті.

      Ескерту. 5-3-баппен толықтырылды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

6-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру кезiндегi сақтандыру жағдайларының түрлерi

      Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру кезiндегi сақтандыру жағдайларына зерттеу актісінде тіркелген қолайсыз табиғат құбылыстарының немесе олардың жиынтығының салдарынан сақтанушыда залалдардың туындауына әкеп соққан өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң жойылуы немесе бүлiнуi жатады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.

7-бап. Сақтандыру сомасының мөлшерiн белгiлеу және шығындар нормативтерiнiң түрлерi

      1. Сақтандыру сомасының мөлшерi осы Заңда айқындалған мiндеттi сақтандыру ерекшелiктерi ескерiле отырып жасалған шартта, сақтанушы өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң осы түрiн өсiру жөнiнде шығын жұмсаған барлық алқапқа көбейтiлiп, бiр гектарға жұмсалған шығындар нормативiне сәйкес өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң әрбiр түрi бойынша жеке-жеке белгiленедi.

      2. Сақтандыру сомасын есептеп шығару шығындар нормативінің мынадай түрлерінің бірі бойынша:

      1) ғылыми негізделген агротехнология;

      2) оңайлатылған агротехнология;

      3) шығындардың үш түрі бойынша:

      жанар-жағар май материалдары;

      тұқым;

      жалақы арқылы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 179, 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.

8-бап. Сақтандыру сыйлықақысының мөлшерiн белгiлеу және оны төлеудiң тәртiбi

      1. Өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң әрбiр түрi бойынша сақтандыру сыйлықақысының мөлшерi мiндеттi сақтандыру шартымен белгiленедi, бiрақ ол осы Заңмен белгiленген сақтандыру тарифiнiң мөлшерiнен кем болмауға тиiс.

      Сақтандыру төлемдерiн мемлекеттiк субсидиялау ескерiле отырып, мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрi бойынша сақтандыру сомасынан процентпен есептелген мынадай ең төмен және ең жоғары мөлшердегi сақтандыру тарифтерi белгiленсiн:

      1) дәндi дақылдар (облыс топтары бойынша):

Рет

Облыстардың атауы

Сақтандыру тарифi %-пен

ең төменгі

ең жоғарғы

1.

Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан

1,78

3,48

2.

Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан

3,17

5,83

3.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан

5,21

9,15

      2) майлы дақылдар (бүкiл республика бойынша) ең төмен – 2,01%, ең жоғары – 3,44%;

      3) қант қызылшасы (бүкiл республика бойынша) ең төмен – 5,76%, ең жоғары – 8,39%;

      4) мақта (бүкiл республика бойынша) ең төмен – 0,92%, ең жоғары – 1,33%.

      2. Сақтандыру сыйлықақыларын төлеудi сақтанушы жүргiзедi және ол өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң сақтандырылған түрiнiң өзiндiк құнына жатқызылады.

      3. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру жөнiндегi сақтандыру сыйлықақысын сақтанушы сақтандырушыға бiр мезгiлде немесе сақтандырушының келiсiмi бойынша мiндеттi сақтандыру шартында белгiленетiн тәртiп пен мерзiмдерде мерзiмiн ұзартып төлейдi.

      Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын, оны мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген бiр мезгiлде төлеу шартымен төлемеген жағдайда, мiндеттi сақтандыру шарты жасалмады деп есептеледi.

      Мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген сақтандыру сыйлықақысын мерзiмiн ұзартып төлеу жағдайларында сақтандыру сыйлықақысының кезектi сомасын уақтылы төлемеген жағдайда сақтанушы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде сақтандырушыға тұрақсыздық айыбын төлеуге мiндеттi.

      Егер сақтандыру жағдайы кезектi сақтандыру сыйлықақысы төленгенге дейiн не оның төлеу мерзiмi өтiп кеткенде басталса, сақтандырушы сақтандыру төлемiн азайта отырып, төленбеген сақтандыру сыйлықақысының сомасын есепке алуға құқылы.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 179, 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 28.12.2018 № 210-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн белгiлеу және оны жүзеге асырудың тәртiбi

      1. Сақтандыру төлемi франшизаны қолданбай-ақ, сақтандыру сомасы шегiнде сақтанушы залалының мөлшерiнде жүзеге асырылады.

      Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру кезiнде сақтандырушының франшизаны (шартты немесе шартсыз) белгiлеуiне жол берiлмейдi, ал ол белгiленген жағдайда жарамсыз деп есептеледi.

      2. Залал көлемi мiндеттi сақтандыру шартын жасасу кезiнде белгiленген өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрiн өндiрудiң бiр гектарына жұмсалған шығындар нормативiнiң мөлшерi мен қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған алқапта өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрiн өндiрудiң бiр гектарынан алынған, қолайсыз табиғат құбылыстары әсер еткен өнiмнiң осы түрiн өндiру алқабына көбейтiлген кiрiс арасындағы оң айырмашылық ретiнде белгiленедi.

      Қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған алқаптардың мөлшерiн сақтанушының өтiнiшi бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы құруға мiндеттi комиссия сақтанушының өтiнiшiн алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде белгiлейдi.

      Комиссияның құрамына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, агенттiң, сақтандырушының немесе қоғамның және сақтанушының өкiлдерi кiредi.

      Комиссия сақтандырушы мәлімдеген егіс алаңын өсімдік шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен апатқа ұшыраған егіс алаңын анықтау әдісі бойынша зерттейді және зерттеу нәтижелері бойынша өсімдік шаруашылығындағы өнімнің апатқа ұшырау деңгейін анықтайды: толық немесе ішінара.

      Комиссия зерттеудiң нәтижелерi бойынша зерттеу жүргiзiлген күнi, қолайсыз табиғат құбылысының әрбiр фактiсi немесе олардың жиынтығы және өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрi бойынша жеке-жеке зерттеу актісін үш дана етiп жасайды. Зерттеу актiсiне барлық комиссия мүшелерi қол қояды, содан кейiн ол агенттiң, сақтандырушының немесе қоғамның және сақтанушының өкiлдерiне берiледi. Егер комиссия мүшелерiнiң бiрi қабылданған шешiммен келiспесе және зерттеу актiсiне қол қоймаса, ол комиссияға өзiнiң бас тартуының себептерiн жазбаша түрде ұсынуға және оларды зерттеу актiсiне қоса тiркеуге мiндеттi. Комиссия мүшелерінің үштен екі бөлігінің қолдары болған кезде зерттеу актісі қабылданған болып есептеледі.

      Егiстер iшiнара жойылған жағдайда, қолайсыз табиғат құбылысының әсерiне ұшыраған алқаптардан жиналған өнiмнiң көлемi өнiмдi жинау кезiнде мiндеттi түрде бағалануға тиiс. Егiстер толық жойылған жағдайда, залал көлемi табиғат құбылысы әсер еткен өнiмнiң осы түрiн өндiру алқабына көбейтiлген, өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру шартын жасасу кезiнде белгiленген өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрiн өндiрудiң бiр гектарына жұмсалған шығындар нормативiнiң мөлшерi ретiнде белгiленедi.

      Зерттеудiң нәтижелерi бойынша комиссия қолайсыз табиғат құбылысының әрбiр фактiсi және өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң түрi бойынша жеке-жеке тиiстi зерттеу актiсiн (бұдан әрi - зерттеу актiсi) ресiмдейдi.

      Қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған алқаптардан жиналған өнiмнiң көлемi өнiмдi жинау кезiнде мiндеттi түрде бағалануға жатады.

      3. Кiрiс нақтылы, яғни оны алуға қолайсыз табиғат құбылыстары әсер еткен, өсiмдiк шаруашылығы өнiмi түрiнiң барлық көлемi сатылғаннан кейiн есептелiп шығарылатындай болуы мүмкiн.

      4. Кiрiс бағаланатындай, яғни оны алуға қолайсыз табиғат құбылыстары әсер еткен, өнiм жиналғаннан кейiн және өсiмдiк шаруашылығы өнiмi түрiнiң барлық көлемi сатылғанға дейiн есептелiп шығарылатындай болуы мүмкiн.

      Бағалау кiрiсiн сақтандырушының немесе оның өкiлiнiң өтiнiшi бойынша сақтанушы айқындайды. Келiсiмге келмеген жағдайда бағалау кiрiсiн бағалаушы айқындайды. Тараптар бағалау нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, өзгеше дәлелдеуге құқылы.

      Егiстер толық жойылған жағдайда сақтандырушы бағалау кiрiсiн айқындауды жүргiзбейдi.

      5. Өсiмдiк шаруашылығының өнiмi iшiнара ысырап болған жағдайда сақтандыру төлемi өнiм жинау аяқталған күннен бастап кемiнде бiр айдан соң, бiрақ үш айдан кешiктiрiлмей жүзеге асырылады.

      Бұл ретте кiрiс мынадай тәртiппен есептеледi:

      1) егер алынған өнiм сатылса, осы баптың 3-тармағына сәйкес;

      2) егер алынған өнiм сатылмаса, осы баптың 4-тармағына сәйкес;

      3) егер алынған өнiм iшiнара сатылса, осы баптың 3-тармағына сәйкес, ал өнiмнiң сатылмаған бөлiгiне кiрiс осы баптың 4-тармағына сәйкес есептеледi.

      6. Егістер толық жойылған жағдайда, сақтандырушы осы Заңның 10-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды сақтандырушы алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде сақтанушыға толық көлемде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға міндетті.

      7. Алынып тасталды - ҚР 2006.07.07 N 179 Заңымен.

      Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 179, 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV; 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.01.2018 № 134-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

10-бап. Сақтандыру төлемiн жүзеге асырудың жалпы шарттары

      1. Сақтандырушыға сақтандыру төлемдерi туралы талапты сақтандырушы жазбаша нысанда сақтандыру төлемiн жүзеге асыру үшiн қажеттi құжаттармен қоса ұсынады.

      2. Сақтандыру төлемi туралы өтiнiшке мынадай құжаттар:

      мiндеттi сақтандыру шартының көшiрмесi;

      егiстiк жерлердi орналастыру картасының (схемасының) көшiрмесi;

      гидрометеорологиялық қызмет органының және (немесе) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның қолайсыз табиғат құбылысы фактiсiн растайтын анықтамасы;

      тiзбесi мiндеттi сақтандыру шартында белгiленетiн, нақты кiрiстiң алынғанын растайтын құжаттар, ал олар болмаған жағдайда бағалаушының егiстер iшiнара жойылған кезде кiрiстi бағалау жөнiндегi есебi қоса тiркеледi.

      Сақтандырушының сақтанушыдан басқа да құжаттарды қосымша талап етуiне жол берiлмейдi.

      3. Құжаттарды қабылдаған сақтандырушы құжаттардың толық тізбесін және оларды қабылдаған күнді көрсете отырып, екі данада анықтама жасауға міндетті. Анықтаманың бір данасы өтініш берушіге беріледі, өтініш берушінің оны алғаны туралы белгісі бар екінші данасы сақтандырушыда қалады.

      Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.01.31 N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2006.07.07 N 179, 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.01.2018 № 134-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Сақтандырушыны сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан босатудың негiздерi

      1. Сақтандырушы, егер сақтандыру жағдайы:

      қажеттi қорғаныс және аса қажеттiлiк жағдайында жасалған iс-әрекеттердi қоспағанда, сақтанушының сақтандыру жағдайының басталуына бағытталған не оның басталуына ықпал ететiн қасақана iс-әрекеттерi;

      сақтанушының Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен сақтандыру жағдайымен себептiк байланыстағы қасақана қылмыстық немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар деп танылған әрекеттерi салдарынан болса, сақтанушы сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара төлеуден бас тартуға құқылы.

      2. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн, сондай-ақ мыналар:

      сақтанушының сақтандырушыға сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның салдары туралы көрiнеу жалған мәлiметтердi хабарлауы;

      сақтанушының сақтандыру жағдайының залалдарын азайту жөнiндегi шараларды қасақана қабылдамауы;

      сақтанушының сақтандырушыға сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайларын тексеруге және оған келтiрiлген залалдың мөлшерiн белгiлеуге кедергi жасауы;

      егер сақтандырушы сақтандыру жағдайының басталғанын уақтылы бiлгенi не сақтандырушыда бұл туралы мәлiметтердiң болмауы оның сақтандыру төлемiн жүзеге асыру мiндетiне әсер етпегенi дәлелденбеген жағдайда, сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарланбауы;

      осы Заңның 15-бабы 2-тармағының алтыншы абзацында белгiленген мерзiмдердi бұза отырып, қолайсыз табиғат құбылысының әсерiне ұшыраған алқаптардың мөлшерiн анықтау жөнiндегi комиссияны құру туралы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына өтiнiш беруi;

      Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген басқа да жағдайлар негiз болуы мүмкiн.

      3. Сақтандыру төлемiнен бас тарту туралы шешiмдi сақтандырушы қабылдайды және осы Заңның 10-бабының 2-тармағында көзделген барлық құжаттар тапсырылған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде сақтанушыға бас тарту себептерiн жазбаша нысанда дәлелдi негiздеме келтiре отырып, хабарлайды.

      4. Сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүргiзуден бас тартуына сақтанушы сотта шағым жасауы мүмкiн.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды мемлекеттiк қолдау

      1. Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды мемлекеттiк қолдау сақтандырушыларға және қоғамдарға қолайсыз табиғат құбылыстарының салдарынан туындаған сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерiнiң елу процентiн өтеу және агент көрсететiн қызметтерге ақы төлеу үшiн өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленетiн бюджет қаражатын бөлу арқылы жүзеге асырылады.

      Агент көрсететiн қызметтерге ақы төлеуге көзделген қаражат өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган мен агент арасында жасалатын шартқа сәйкес агенттiң екiншi деңгейдегi банктегi ағымдағы шотына аударылуы мүмкiн.

      2. Агентке өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган мен агент арасында жасалатын шарт негiзiнде өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган беретін қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде (бұдан әрі – Ұлттық Банк) ағымдағы шот ашылады.

      Уақытша бос қаражат Ұлттық Банктегі ағымдағы шоттан Ұлттық Банктегі депозиттерге және мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырылуы мүмкін.

      Ұлттық Банктегі ағымдағы шоттың табыс бөлiгi өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган шарт негiзiнде беретін бюджет қаражаты және уақытша бос қаражатты Ұлттық Банктегі депозиттерге және мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастырудан түсетін кiрiстер есебінен қалыптасады.

      Ұлттық Банктегі ағымдағы шоттың шығыс бөлiгiне Ұлттық Банктегі депозиттерге және мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастыру сомалары, сақтандырушыларға және қоғамдарға сақтандыру төлемiнiң бір бөлiгiн өтеу шығыстары кіреді.

      Қаржы жылының соңына есептелетін Ұлттық Банктегі ағымдағы шоттағы қаражат қалдығы өсiмдiк шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органға және тиiсiнше бюджетке қайтаруға жатпайды.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.07.07 N 179 Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

13-бап. Жүргiзiлген сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн өтеу туралы талап қою тәртiбi

      1. Агентке жүргiзiлген сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн өтеу туралы қойылатын талапты сақтандырушы немесе қоғам осы баптың 2-тармағында көзделген құжаттарды қоса тiркей отырып, жазбаша өтiнiш нысанында ұсынады.

      2. Жүргiзiлген сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн өтеу туралы өтiнiшке мынадай құжаттар:

      өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру шартының нотариат куәландырған көшiрмесi;

      жүргiзiлген сақтандыру төлемiн растайтын құжаттар (төлемдiк тапсырма - түпнұсқа, шығыс ордерінің көшірмесі немесе инкассалық өкімнің түпнұсқасы);

      сот шешiмi бойынша сақтандыру төлемi жүзеге асырылған жағдайда соттың күшiне енген шешiмiнiң көшiрмесi;

      егiстер iшiнара жойылған жағдайда сақтандырушы немесе қоғам растаған бағалау кiрiсiн бағалау туралы құжаттың көшiрмесi қоса тiркелуге тиiс.

      Осы баптың 2-тармағының бiрiншi бөлiгiнде көзделген құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес келмеуi анықталған жағдайда, аталған құжаттар сақтандырушыға немесе қоғамға ескертпелердi жою үшiн қайтарылады. Бұл ретте сақтандырушыға немесе қоғамға жүргiзiлген сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн өтеу мерзiмi құжаттарды қайта алған кезден бастап есептеледi, ол бiрақ жетi жұмыс күнiнен аспауға тиiс.

      2-1. Агент жүргізілген сақтандыру төлемін өтеуді осы Заңға сәйкес сақтандырушымен жасалған сақтандыру төлемдерін ішінара өтеу тәртібі мен талаптары туралы шарт негізінде жүзеге асырады.

      3. Сақтандырушы агентке көрiнеу жалған мәлiметтердi хабарлаған және (немесе) берген жағдайда агенттiң сақтандырушыға немесе қоғамға жүргiзiлген сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн өтеуден бас тартуға құқығы бар.

      4. Сақтандырушы немесе қоғам сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн айқындаудың дұрыстығы үшiн жауапты болады.

      Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.07.07 N 179, өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтандырушы:

      сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушымен және бағалаушымен бiрлесе отырып, қолайсыз табиғат құбылысының әсерiне ұшыраған өсiмдiк шаруашылығындағы өнiмнiң нақтылы және (немесе) бағалау кiрiсiн белгiлеу жөнiндегi жұмысты жүргiзуге;

      құзыреттi ұйымдардан сақтандыру жағдайының басталу фактiсiн растайтын құжаттарды сұратуға;

      сақтандыру жағдайының басталуы нәтижесiнде сақтандыру төлемiнiң мөлшерiн анықтау үшiн қатыстырылған жағдайда бағалаушының бағалау туралы есебін пайдалануға;

      агенттен сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiнiң өтемiн бюджет қаражатынан алуға;

      өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге және оларды агентке енгiзуге;

      бағалау кiрiсiн дербес немесе бағалаушыны қатыстыра отырып айқындауға;

      сақтанушы міндетті сақтандыру шартын жасасудың осы Заңның 17-бабының 3-тармағында көзделген мерзімін бұзған жағдайда, бұл шартты жасасудан бас тартуға құқылы.

      2. Сақтандырушы:

      сақтанушы осы Заңның 10-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарды табыс етпеген жағдайда, кідірiссiз, бiрақ үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей оны жетіспейтін құжаттар туралы жазбаша хабардар етуге;

      салдары сақтанушыға залал келтiрудi туындатқан сақтандыру жағдайының басталуы кезiнде сақтанушы өндiретiн өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң түрлерi бойынша осы Заңда және мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде, тәртiп пен мерзiмдерде сақтандыру төлемiн жүргiзуге;

      сақтанушымен осы Заңның 17-бабының 3-тармағында көзделген мерзімде міндетті сақтандыру шартын жасасқан жағдайда, қолайсыз табиғат құбылыстарының нәтижесiнде туындаған сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерiнiң бiр бөлiгiнiң өтемiн алу үшiн агентпен сақтандыру төлемдерiн iшiнара өтеу тәртiбi, талаптары және мерзiмдерi туралы шарт жасасуға;

      өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды өткiзу жөнiндегi деректерді жүргiзу мен жинақтауға және оны агентке оның талабы бойынша ұсынуға;

      күшiне енген мiндеттi сақтандыру шарттары туралы ақпаратты мiндеттi сақтандыру шарты жасалған айдан кейiнгi айдың бесiншi күнiнен кешiктiрмей, сақтанушы мен агенттiң арасында жасалған үлгi шартта көзделген тәртiппен агентке ұсынуға;

      сақтанушыны өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандырудың ережелерiмен таныстыруға;

      сақтанушыдан (пайда алушыдан) өтінішті алған кезде бес жұмыс күні ішінде сақтанушының (пайда алушының) талаптарын қарауға және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, жазбаша жауап беруге;

      сақтанушыдан (пайда алушыдан) сақтандыру омбудсманына жіберілетін өтінішті алған кезде осы өтінішті, сондай-ақ оған қоса берілетін құжаттарды алынған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде сақтандыру омбудсманына қайта жіберуге;

      сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге;

      өзi қатыстырып отырған бағалаушы көрсеткен қызметтерге ақы төлеуге;

      жүргiзiлген сақтандыру төлемi мен оның мөлшерiне қатысты барлық сот шешiмдерi және (немесе) ұйғарымдары туралы агентке солар шығарылған күннен бастап үш күн мерзiмде хабарлауға;

      қолайсыз табиғат құбылысы туындаған кезде сақтанушының өтiнiшi бойынша қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған алқаптарды айқындау жөнiнде зерттеу жүргiзу үшiн ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органы құрған комиссияның құрамына өз өкiлiн жiберуге мiндеттi.

      2-1. Сақтандырушы ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу агротехнологиясын сақтау жөнiнде талаптар қоюға құқылы емес.

      3. Сақтандырушының Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және мiндеттi сақтандыру шартында көзделген өзге құқықтары мен мiндеттерi де бар.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 179, 2007.05.07 N 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.01.2018 № 134-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-бап. Сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi

      1. Сақтанушы:

      мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мерзiмдерде сақтандыру төлемiн алуға;

      сақтандырушыдан мiндеттi сақтандыру шарты бойынша мiндеттi сақтандыру талаптарын, өзiнiң құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiрудi талап етуге;

      шеккен залал туралы жасалған бағалаудың нәтижелерiмен танысуға;

      міндетті сақтандыру шартынан туындайтын мәселелерді реттеу үшін осы Заңның 17-1-бабында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып сақтандырушыға не сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жүгінуге;

      өтінішті және қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, соның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы, соның ішінде оның филиалы, өкілдігі арқылы) жіберуге;

      сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы немесе оның мөлшерiн азайтуы туралы шешiмiне Қазақстан Республикасының заңдарында және мiндеттi сақтандыру шартында көзделген тәртiппен дау айтуға;

      қолайсыз табиғат құбылысына ұшыраған егiс алқабында өсiрiлген өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң әрбiр түрiнен алынған нақтылы немесе бағалау кiрiсiн бағалаудың нәтижесiмен келiспеген жағдайда, сотқа жүгiнуге;

      мiндеттi сақтандыру шартын жасасқан кезде сақтандыру сомасын есептеп шығару үшiн осы Заңның 7-бабында көрсетiлген шығындар нормативi түрлерiнiң бiрiн таңдауға құқылы.

      2. Сақтанушы:

      осы Заңның 17-бабының 3-тармағында белгiленген мерзiмдерде сақтандырушымен мiндеттi сақтандыру шартын жасасуға;

      сақтандыру сыйлықақыларын мiндеттi сақтандыру шартында белгiленген мөлшерде, тәртiп пен мерзiмдерде төлеуге;

      дереу, бiрақ сақтандыру жағдайының басталуына әкеп соғуы мүмкiн қолайсыз табиғат құбылысының болу фактiсi туралы өзiне белгiлi болғаннан бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей, сақтандырушыға бұл жөнiнде қолжетiмдi тәсiлмен (ауызша, жазбаша) хабарлауға мiндеттi. Ауызша нысандағы хабарлама кейiннен (жетпiс екi сағат iшiнде) жазбаша расталуға тиiс. Егер сақтанушының дәлелдi себептермен аталған iс-әрекеттердi орындау мүмкiндiгi болмаған жағдайда, ол мұны құжатпен растауға тиiс;

      агенттiң, сақтандырушының және бағалаушының өкiлдерiне қолайсыз табиғат құбылысы болған аумақты қарау үшiн жағдай жасауға, олардың өнiмдi жинау жұмыстары аяқталғанға дейiн егiстiктер мен көшеттердiң жай-күйiне бақылау жасауына кедергi келтiрмеугe;

      ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органына қолайсыз табиғат құбылысының әсерiне ұшыраған алқаптарды анықтау жөнiнде комиссия құру туралы:

      қысқа мерзiмдi табиғат құбылысы кезiнде - ол басталған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде;

      ұзақ мерзiмдi табиғат құбылысы кезiнде - гидрометеорологиялық қызмет органының және (немесе) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның өз құзыреттерiне сәйкес осындай құбылыс фактiсiн растайтын анықтамасы болған жағдайда, оның егiстерге әсерi анықталғаннан кейiн он жұмыс күнi iшiнде өтiнiш беруге;

      әрбiр жекелеген ауыспалы егiс жерлерiнде өзiнiң мүлiктiк мүдделерiн сақтандыруға;

      сақтандыру жағдайынан болған залалдарды азайту шараларын қолдануға;

      осы Заңның 10-бабының 2-тармағында аталған, сақтандыру төлемiн алу үшiн қажеттi құжаттарды сақтандырушыға ұсынуға мiндеттi.

      3. Сақтанушының Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және мiндеттi сақтандыру шартында көзделген өзге де құқықтары мен мiндеттерi бар.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 N 179; 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.01.2018 № 134-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Агенттiң құқықтары мен мiндеттерi

      1. Агенттiң:

      өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге;

      өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыруды жүргiзудiң тәжiрибесiн қорытуға;

      өзiнің құқықтары мен өзiне жүктелген міндеттерді іске асыру үшiн мiндеттi сақтандыруға қатысушылардан қажеттi ақпаратты, соңын iшiнде сақтандыру құпиясы бар мәлiметтердi сұратуға құқығы бар.

      2. Агент:

      сақтандырушылар мен сақтанушыларға өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң белгiлi бiр түрiн өндiруге арналған шығындардың бекiтiлген нормативтерi туралы ақпаратты жеткiзуге;

      қолайсыз табиғат құбылысы басталған жағдайда сақтанушының өтiнiшi бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органын құрған комиссияның құрамында қолайсыз табиғат құбылыстарының әсерiне ұшыраған өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерi өндiрiлетiн алқаптардың мөлшерiн анықтау жөнiндегi жұмысты жүргiзуге;

      осы Заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес құжаттарды алған кезден бастап, он жұмыс күнi iшiнде өндiрiлген сақтандыру төлемiнiң бiр бөлiгiн сақтандырушыға, қоғамға осы Заңда белгiленген мөлшерде өтеуге;

      қолайсыз табиғат құбылысының нәтижесiнде туындаған сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемдерiнiң бiр бөлiгiн өтеу үшiн үлгi нысанның негiзiнде сақтандыру төлемдерiн iшiнара өтеу тәртiбi мен талаптары туралы сақтандырушымен, қоғаммен шарт жасасуға мiндеттi.

      3. Агенттiң Қазақстан Республикасының заңдарымен өзiне жүктелген өзге де мiндеттерi бар.

      4. Агент сақтандырушыларға, қоғамдарға ақшаны осы баптың 2-тармағында белгiленген мерзiмде, сақтандырушы, қоғам сақтандыру төлемi бойынша өз мiндеттемелерiн толық орындағаннан кейiн ғана сақтандырушының, қоғамның агентпен шартының талаптарын мiндеттi түрде сақтау шартымен бөледi.

      5. Агенттiң қызметiн бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары, уәкiлеттi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.

      Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 № 179, 2007.05.07 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 29.09.2014 № 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

16-1-бап. Гидрометеорологиялық қызмет органының және (немесе) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның құқықтары мен мiндеттерi

      Ескерту. 16-1-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Гидрометеорологиялық қызмет органының және (немесе) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның даулы мәселелер туындаған жағдайда қолайсыз табиғат құбылысы фактiсiн растайтын анықтаманы дайындау кезiнде қолайсыз табиғат құбылысының әсерiне ұшырауы болжанып отырған жерге барып, зерттеу жүргiзуге құқығы бар.

      2. Гидрометеорологиялық қызмет органы және (немесе) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган қолайсыз табиғат құбылысының фактiсiн растайтын немесе растамайтын анықтаманы:

      1) сақтанушыға - тегiн, екi дана етiп, қысқа мерзiмдi құбылыс кезiнде - күнтiзбелiк үш күн iшiнде, ұзақ мерзiмдi құбылыс кезiнде - күнтiзбелiк бес күн iшiнде;

      2) өзге де мүдделi тұлғаларға - белгiленген тәртiппен ресми жазбаша сұрау салу бойынша беруге мiндеттi.

      Ескерту. Заң 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2006.07.07 № 179 Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

17-бап. Мiндеттi сақтандыру шарты

      1. Мiндеттi сақтандыру шартын жасасу өсiмдiк шаруашылығының өнiмiн өндiрушiлер мен сақтандырушылар үшiн мiндеттi болып табылады.

      2. Міндетті сақтандыру шарты кемінде бес ай және он екі айдан аспайтын мерзімге екі дана етіп жазбаша нысанда жасалады.

      Мазмұнына қойылатын талаптар қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленетін сақтанушының өтініші міндетті сақтандыру шартын жасасу үшін негіз болып табылады.

      3. Өсiмдiк шаруашылығы өнiмдерiнiң барлық түрлерi бойынша мiндеттi сақтандыру шартын жасасу мерзiмi егiс аяқталғаннан кейiн осы Заңның 5-бабы 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы айқындаған егіс мерзімі аяқталғаннан кейін күнтізбелік он бес күннен кешiктiрiлмейдi.

      4. Мiндеттi сақтандыру шарты мынадай жағдайларда:

      1) шарт күшiнiң мерзiмi аяқталғанда;

      2) шарттың қолданылу мерзiмi iшiнде орын алған барлық сақтандыру жағдайлары бойынша сақтандыру төлемi жүзеге асырылғанда, өзiнiң қолданылуын тоқтатады.

      5. Мiндеттi сақтандыру шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген жағдайларда мерзiмiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.

      6. Сақтанушы немесе шарт өзiнiң пайдасына жасалған өзге тұлға өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру шарты бойынша пайда алушы болып табылады.

      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.07.07 № 179, 2007.05.07 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-1-бап. Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру жөніндегі дауларды реттеу ерекшеліктері

      1. Міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дау болған кезде сақтанушы (пайда алушы):

      талаптарды көрсете отырып және өзінің талаптарын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, сақтандырушыға (оның ішінде сақтандырушының филиалы, өкілдігі, интернет-ресурстары арқылы) жазбаша өтініш жіберуге не

      міндетті сақтандыру шартынан туындайтын дауларды реттеу үшін сақтандыру омбудсманына (тікелей сақтандыру омбудсманына, соның ішінде оның интернет-ресурсы арқылы не сақтандырушы, соның ішінде оның филиалы, өкілдігі арқылы) немесе сотқа өтініш жіберуге құқылы.

      2. Сақтандырушы сақтанушыдан (пайда алушыдан) өтінішті алған кезде оны бес жұмыс күні ішінде қарайды және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, жазбаша жауап береді.

      3. Сақтанушы (пайда алушы) сақтандыру омбудсманына өтініш жасаған жағдайда, сақтандырушы сақтанушының (пайда алушының), сақтандыру омбудсманының сұрау салуы бойынша дауды қарауға және шешуге қатысы бар құжаттарды сұрау салу алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынуға міндетті.

      Ескерту. 17-1-баппен толықтырылды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

18-бап. Дауларды қараудың тәртiбi

      Өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру қатынастарынан туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.

19-бап. Қазақстан Республикасының өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының өсiмдiк шаруашылығындағы мiндеттi сақтандыру туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.

20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртiбi

      Осы Заң 2004 жылғы 1 сәуiрден бастап қолданысқа енгізiледi.

      Қазақстан Республикасының
Президентi

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады