Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010.06.30 N 476 бұйрығымен.
"Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 10) тармақшасына, 17-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған "Жуу-буландыру станцияларын және вагондарды жуу пункттерін жобалауға, пайдалануға және күтіп-ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық-эпидемиологиялық ережесі мен нормалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті (Белоног А.А.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуге жіберсін.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету департаменті (Мұхамеджанов Ж.М.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ресми жариялауға жіберсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрағасы - Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері А.А. Белоногқа жүктелсін.
5. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министрдің
міндетін атқарушы
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Көлік және коммуникация
министрі
_________________С. Ахметов
2007 жылғы 31 мамыр
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің м.а.
2007 жылғы 15 мамырдағы
N 306 бұйрығымен бекітілген
"Жуу-буландыру станцияларын және вагондарды жуу пункттерін жобалауға, пайдалануға және күтіп-ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық-эпидемиологиялық ережесі мен нормалары 1. Жалпы ережелер
1. Осы санитарлық-эпидемиологиялық ереже мен нормалар (бұдан әрі - санитарлық ереже) қызметі жуу-буландыру станцияларын (бұдан әрі - ЖБС) және жүк вагондарын жуу пункттерін (бұдан әрі - ВЖП) жобалауға, пайдалануға және күтіп-ұстауға байланысты жеке және заңды тұлғаларға арналған.
2. Жуу-буландыру станцияларын және жүк вагондарын жуу пункттерін жобалауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар
2. ЖБС және ВЖП жобалау Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3792 болып тіркелген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 334 бұйрығымен (бұдан әрі - N 334 бұйрық) бекітілген "Өндірістік объектілерді жобалауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық-эпидемиологиялық ережесі мен нормаларының (бұдан әрі - СанЕжН) талаптарына сай жүргізілуі тиіс.
3. Құрылыс жобаларына, жаңа жабдықтарды орнатуға, жаңа технологияны енгізуге, суды пайдалану жағдайына және жиналған суды сыртқа жіберуге, атмосфера ауасына зиянды заттарды жіберуге, қалдықтарды жоюға санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысы берілуге тиіс.
3. Өндірістік үй-жайларды, аумақтарды күтіп-ұстауға қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар
4. ЖБС және ВЖП шаруашылық-ауыз су және технологиялық мақсатта орталықтанған су құбырының суымен қамтамасыз етілуі қажет.
5. Судың сапасы Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2999 болып тіркелген "Шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау және мәдени-тұрмыстық суды пайдалану орындары жөніндегі санитарлық-эпидемиологиялық ереже мен нормаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушының 2004 жылғы 28 маусымдағы N 506 бұйрығының талаптарына сәйкес болуы тиіс.
6. ЖБС және ВЖП N 334 бұйрықтың талаптарына сәйкес орталықтанған жылу және кәріз, жарық және желдеткіш болуға тиіс.
7. ЖБС және ВЖП арналған санитарлық қорғау аймағы N 334 бұйрықтың талаптарына сәйкес белгіленеді.
8. Цистерналарға және вагондарға өңдеу жүргізілетін учаскедегі аумақ қатты жамылғымен жабылуы тиіс.
9. Цистерналарды жөндеуге және құюға дайындау кезінде оларды өңдеу эстакадаларда жүргізілуі тиіс.
10. Цистерна қазандықтарын булау және жуудан кейін салқындату, кептіру және желдету ауа алмасудың 100 жиілігінен кем емес ауаның сағатына 3600-5000 текше метр (бұдан әрі - м 3 /сағ) өнімділігімен арнайы желдеткіш қондырғыларынан ауаны сыртқа таратумен жүргізілуі тиіс.
11. Эстакадалардың металл элементтері жерлендірілуге тиіс.
12. Цистерналарды толтыру жүргізілетін жолдар мұнай өнімдері қалдықтарын сыртқа шығаруға арналған науалармен және басқа да құралдармен жабдықталуы тиіс. Тұндырғыдағы және труба құбырындағы люктер және ұяшықтар қақпақпен жабылуға тиіс.
13. ЖБС және ВЖП аумақтарындағы жер асты коммуникацияларына түсуді қамтамасыз ететін барлық люктер жабық болуы, ор және жыралар қоршалуы және 1 м-ден кем емес биіктіктегі ұстап өтетін жақтауы бар өту көпірінің болуы тиіс.
14. Жуынды суларды шығаруға арналған рельсаралық жыралар алынып-салынатын қалқанмен, цистерналардан мұнай өнімдерінің қалдықтарын және жуынды суларды төгу жерлері - металл торлармен берік жабылуға тиіс. Жабық деполарда орналасқан эстакадалардың рельсаралық жыралары сыртқа тарату желдеткішімен жабдықталуға тиіс.
15. Жылдың қысқы кезеңінде жылжымалы құрамды өткізуге арналған қақпаны ашқан соң ғимараттың жылу жүйесі қысқа уақыт ішінде үй-жайдағы ауа температурасын қалыпқа келтіруді қамтамасыз етуі тиіс.
16. Ауа-жылыту пердесі дарбазамен блоктанған болуы, ашу және жабу механикаландырылған болуы тиіс.
17. Өндірістік үй-жайларда, ЖБС және ВЖП эстакадалары мен аумақтарында табиғи және жасанды жарық болуы тиіс. Жабық үй-жайлардағы табиғи жарықтың коэффициенті жанама жарығы кезінде 1,0-1,5 пайызға (бұдан әрі - %) тең болуы, жоғары және құрама жарық кезінде - 3,0-5,0%-ға тең болуы тиіс. Буландыру цехтарында оларды ашу және жабу үшін механикаландырылған жетегі бар фрамугпен жабдықталған тұтас таспа әйнектелу орнатылуға тиіс.
18. Цистернаның қазандығына берілетін ауаны шығару төрт осьті бір цистерна есебімен 10000 м 3 /сағ шығару көлемімен жергілікті сору-шатырымен жүргізілуі тиіс. Ауаны тазарту құрылғысы бар жергілікті сору желдеткішінің шатыры олардан 1,5 м кем емес биіктікте цистерна люгінің үстіне орналасуы тиіс.
19. Цистерналардың қазандықтарын желдетуге арналған желдеткіш қондырғылары үй-жайлардағы негізгі цехтардан оқшау орнатылуы тиіс. Жабық үй-жайларда цистерналарды сыртқа тарату желдеткішімен газсыздандыру үшін қондырғыларды біріктіруге рұқсат етілмейді.
20. Жабық цехтарда орналасқан эстакадалардағы цистерна қазандықтарын желдетуге арналған желдеткіш қондырғыларында шиберлер немесе дроссель-клапандар болуға тиіс. Желдеткіш камералары, қорап және ауа тартқыш жанбайтын материалдардан дайындалуы, желдеткіш агрегаттары жарылудан қауіпсіз болуы тиіс. Цистерналарды газсыздандыру үшін желдеткіш агрегаттарын ауыстырып қосуға болмайды.
21. Цистерналардың қазандықтарын желдетуге арналған қондырғылар өнеркәсіптік алаңшаның неғұрлым ластанған аймақтарындағы үй-жайлардың негізгі цехтарынан оқшау орналасуы тиіс. Эстакадаларда прожекторларды орнатуға рұқсат етілмейді. Шу және дірілді тудыратын агрегат қашықтықтан басқарылуы тиіс.
22. Тыныс алу аспаптарына ауаны жіберу 0,03 МегаПаскальдан (бұдан әрі - МПа) кем емес қысымда минутына берілетін ауаның 200 литр шығынын қамтамасыз ететін арнайы қондырғылармен жүзеге асырылуы тиіс.
23. Әрбір желдеткіш қондырғысына әр үй-жай немесе жұмыс орны бойынша ауа ортасының жағдайы жазылатын сынақ паспорты болуы тиіс.
24. Ашық эстакада алаңшалары жұмыс істейіндердің қысқа мерзімдік демалысына және жылдың салқын мезгілінде оларды жылындыруға арналған жылытылған кабиналармен жабдықталуы тиіс. Кабиналар 1 адамға 30 м 3 /сағ кем емес көлемде таза ауа жіберетін ауа тарату желдеткішімен жабдықталуы тиіс. Кабинаға жіберілетін ауа қысқы мезгілде жылытылуы, ал жазда - салқындатылуы тиіс.
25. Негізгі және қосалқы үй-жайларда, мұнай өнімдерінен бу және газ бөлінуі мүмкін алаңшаларда қорғаныш арматурасы бар шырақтар пайдаланылуы тиіс. Шырақтар және терезе жақтауларының әйнегі ластануына байланысты тазартылуы тиіс.
26. Эстакада орналасқан ғимараттар сыртқа тарату желдеткішімен жабдықталуы тиіс. Сору желдеткіші жалпы айналымда механикалық болуы, тарату желдеткіші - механикалық түрткі және цистерналардан жергілікті сору көмегімен сору шахталары арқылы жалпы айналымда болуы тиіс.
27. Эстакадаларда ұзын барьер, биіктігі 1 м-ден кем емес жақтау, өту көпірлері және жұмыс алаңшалары болуы тиіс. Цистерналарды өңдеуге арналған эстакадалар жайып-созылған болаттан жасалған тегіс төсенішпен және цистернаға көтерілуге арналған басқышпен жабдықталуы жүйелі түрде тазартылуы тиіс.
28. Жұмыс орындарына сору ауасын жіберу ластанбаған аймақта жүзеге асырылуы тиіс.
29. Кезекші оператордың үй-жайларында, эстакадаларда, қысқа мерзімдік демалу кабиналарында, жоларалықта және жұмыс орындарда жарық және дыбыс дабылы қарастырылуы тиіс.
30. Дабыл қағу құрылғылары бар жерлерде белгіленген дабыл тізбесі бар кесте тұруы тиіс.
31. Тасымалданатын мұнай өнімдері қалдықтарын құю үшін жуынды суларды тұйық (ағыссыз) пайдалану арқылы тазарту имараттармен жабдықталған алаңшаларда болуы қажет резервуарлар бөлінуі тиіс. Алаңшалар қатты жамылғымен жабылуы тиіс.
32. Жуынды сулар тұндырмаларға келіп құйылуы тиіс. Мұнай қабылдағыштағы мұнай өнімдері қабатының қалыңдығы 100-150 мм-ден аспауы тиіс. Мұнай қабылдағыштарды және тұндырмаларды пайдалану барысында 5-7 күнде бір реттен кем емес тұрақты тазартылуы тиіс.
33. Ашық мұнай қабылдағышты қолдану кезінде өндірістік ғимараттардан, имараттардан, резервуарлардан 50 м-ден кем емес қашықтықта болуы, ал қызмет ететін сору мұнай қабылдағышына және резервуарға дейін 30 м-ден кем емес қашықтықта болуы тиіс. Сүзгілі-бейтараптандырушыдағы сүзетін материал сүзгіден өткен су мен жуу ерітінділерінің сынамаларын талдау нәтижесінің негізінде орнатылып, ағымдық ауыстырылуы тиіс.
34. ЖБС және ВЖП жолдары мен аумақтарынан жиналатын мұнай өнімдерімен ластанған балласт, сүрту материалдары және цистернадан шығарылатын қоқыс, зарарсызданған улы заттар, ерітінділер, жуынды сулар N 334 бұйрықтың талаптарына сәйкес арнайы бөлінген жерге шығарылуы тиіс.
4. Құятын цистерналарды салқын өңдеуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар
35. ЖБС және ВЖП-де цистерналарды және вагондарды өңдеу тасымалданатын жүкті және жүк тізіміне сәйкестігін анықтаған соң жүргізілуі тиіс.
36. Темір жолдың электрлендірілген учаскелерінде цистерналардың қазандықтарын ішкі қарау, бөлшектерді, жоғарғы алаңшаларда ағымдық жөндеу жүргізу және цистерналарда басқа да жұмыстарды жүргізуге рұқсат етілмейді.
37. Цистерналар өңделу үшін жалын сөндірумен жабдықталған (мотовозбен) тепловозбен берілуі тиіс. Цистерналарды беру кезінде екі немесе төрт осьті вагоннан тұратын қалқамен қамтамасыз етілуі тиіс. Тепловоздарды тазалау орындарына 20 м-ден кем емес қашықтықтан жақындатуға рұқсат етілмейді.
38. ЖБС және ВЖП-на жіберілетін цистерналардың тиеу люктерінің төгу аспаптары жабық болуы тиіс.
39. Салқын өңдеу кезінде цистерналардың ішіндегі мұнай өнімдерінің қалдықтары механикаландырылған әдіспен немесе өздігінен төгу аспаптары арқылы, қажет болған кезде - арнайы құйғыш арқылы төгу жыраларына шығарылуы тиіс.
40. Механикалық әдіспен шығарылатын түсті мұнай өнімдерінің қалдықтары осы мақсатқа арнап бөлінген резервуарға төгілуі, қара мұнай өнімдерінің қалдықтары және жуынды сулар - рельсаралық ағынды жыраларға және тазарту имараттарына төгілуі тиіс.
5. Құятын цистерналарды ыстықпен өңдеу және жөндеу кезінде қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар
41. Өз ағысымен шығарылуға келмейтін шөгінді мұнай өнімдерінің қалдықтарын жұмсарту үшін жуу заттары қосылған ыстық су қысымымен жуылуы тиіс. Эстакададағы барлық жабдықтар мен өту жолына қолайсыздық тудырмайтындай орналасуы тиіс.
42. Ауа температурасы минус 20 о С-тан төмен болған жағдайда, сондай-ақ жуар алдында цистерна қазандықтарынан жоғары тұтқырлы шөгінді мұнай өнімдерінің қалдықтарын немесе қалыңдығы 20 мм қалдықтарды шығару кезінде буландыру жүргізілуі тиіс. Буланғаннан кейін цистерна қазандықтары жуылуы, газсыздануы және салқындатылуы тиіс. Салқын және ыстық өңдеулерден кейінгі цистерна қазандықтарының ішіндегі жұмысқа тек желдетілген (газсызданған) және салқындатылған соң ғана рұқсат етіледі.
43. Бункерлі жартылай вагондардан мұнайбитум қалдықтарын шығару газды жылыту камерасында жылытылған соң жүргізілуі тиіс. Камера жұмысын басқару және ондағы температураны бақылау қашықтықтан болуға тиіс. Жылыту камерасы операторының үй-жайы 10 жиіліктен кем емес ауа алмасуды қамтамасыз ететін сыртқа тарату механикалық желдеткішімен жабдықталуға тиіс.
44. Мұнай битумының қалдықтарын механикалық әдіспен немесе өздігінен жинау кезінде жұмысшылардың ыстық битуммен байланысын болдырмауға тиіс. Су ағатан жыралар алынып салынатын металл тормен немесе қалқанмен жабылуға тиіс.
6. Цистерна қазандықтарының ішкі жұмыстарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар
45. Цистерналарды құюға және жөндеуге дайындау кезіндегі қазандықтардың ішкі жұмыстары цистерналардағы жүк қалдықтары төгілген, буланған, жуылған сору ауасымен желдетілген және оларды газды ауа ортасының жарылу қауіпсіздігіне тексерген соң жүргізілуі тиіс.
46. Қазандықтағы газ ауа ортасының жарылыс қауіпсіздігін тексеру екі табанындағы төрт нүктеден ауа сынамасын алу жолымен газға талдау жүргізуші жүзеге асыруға тиіс: екеуі қазандықтың төменгі бөлігінен 10-15 сантиметр биіктікте және екеуі осындай қашықтықта жоғары бөліктен алынады. Сынама алатын зертханашы арнайы киімді пайдалануы және онда құтқару құралдарының толық кешені және жеке қорғаныш құралы болуға тиіс.
47. Тасымалданатын жүк қалдықтарынан цистерна қазандықтарын тазалау механикаландырылған әдіспен жүргізілуі тиіс. Цистернаның ішін жуушы-буландырушыларға ішінің температурасы 35 о С-тан жоғары болған кезде пневматикалық костюмсыз жұмыс істеуге рұқсат етілмейді.
48. Цистерна қазандықтарының ішкі жұмыстары кезінде жуушы-буландырушы (қысқы мезгілде) сүзгіден өткізілген және плюс 14-18 о С-қа дейін жылытылған ауаны белсенді жеткізетін тыныс алу органдарының қорғаныш құралдарын пайдалануы тиіс. Тыныс алу құралының маскісіне енетін ауаның қысымы 0,03 МПа-дан аспауы тиіс. Берілетін ауаның мөлшері 200 л/мин болуы тиіс. Ауа белсенді берілмеген тыныс алу құралдарын қолдануға рұқсат етілмейді.
49. Цистерна қазандықтарының ішін жарықтандыру 12 вольттан көп емес кернеуліктегі аккумулятор шамымен қамтамасыз етілуі тиіс. Ажыратқыш цистернаның сыртында болуы тиіс.
50. Жуушы-буландырушының және темір ұстасының барлық қажетті жеке қорғаныш құралын пайдалану арқылы құю құралының клапандарын толтыруға байланысты цистерна ішіндегі үзіліссіз жұмыс 15 минуттан артық болмауы тиіс. Цистерна қазандығына қайта кіруге 30 минуттық уақыттан кем емес демалыстан кейін рұқсат етіледі.
7. Цистерналардың және бункерлі жартылай вагондардың сыртын тазалау және жөндеу кезінде қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар
51. Цистерналардың сыртын тазалау және жуу одан әрі ыстық сумен жуу үшін каустикалық тұз ерітіндісімен аңғарларда жабдықталған механикалық әдіспен жүргізілуі тиіс. Аңғарларда жуу сұйықтығын жинауға және қайта пайдалануға арналған тазарту имараттары және сыйымдылық ыдыстары болуға тиіс.
52. Вагондарды тазалау жабдықталған қыздыру камераларында жүргізілуі тиіс. Бункерлерді жылумен өңдеуді және камерадағы температуралық режимді бақылау қашықтықтан жүгізілуі тиіс.
53. Операторлардың үй-жайында, аңғарларда, қыздыру камераларында 10 жиіліктегі ауа алмасуы бар сыртқа тарату механикалық желдеткіші қарастырылуға тиіс.
54. Цистерналардың жөндеу жұмыстары қазандықтарды газды ауа ортасына жарылыс қауіпсіздігін тексерген соң жүргізілуге тиіс.
55. Ағымдық жөндеу жүргізілер алдында цистернадан, бункерлі жартылай вагондардан жүк қалдықтары төгіледі. Цистерна, бункерлі жартылай вагондар буланады, жуылады және сырты жуылады.
56. ЖБС және ВЖП жұмыс аймағының ауасында және цистерна қазандықтарының ішінде зиянды заттардың болуына өндірістік зертханалық бақылау жүзеге асырылуға тиіс.
57. Дала жұмысы кезінде қысқы мезгілде әр бір сағаттық жұмыстан кейін қысқа мерзімдік үзіліс беріледі.
58. Жұмыс аяқталған соң зат қауіптілігінің 1 және 2 сыныптағы зиянды заттарымен жанасатын барлық заттар, жабдықтар және учаскелер Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген жуу құралдарын пайдалану арқылы механикалық мұқият тазалануы және жуылуы тиіс.
59. Жұмыс орындарында адам денесінің улы заттармен зақымданған жағдайда жедел жуу үшін қатты ағысы бар гидрант және су колонкалары орнатылуы тиіс.
60. ЖБС және ВЖП-ның жұмыс орындарында Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 3358 болып тіркелген "Халыққа алғашқы медициналық көмек көрсетудегі дәрі қобдишасының құрамын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 20 желтоқсандағы N 876 бұйрығына сәйкес толықтырылған, алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмектер салынған дәрі қобдишасы болуға тиіс.
61. ЖБС операторының үй-жайында:
1) оттегі толтырылған оттегі жастығы;
2) қысым редукторымен толықтырылған оттегісі бар баллон;
3) ықшам оттегі аппараты болуға тиіс.
62. Кезекші оператордың үй-жайында, эстакадада немесе цистерна қазандықтарының ішкі жұмыстары жүргізілетін жерлердегі жоларалықта (ауаны белсенді жеткізетін) шлангілі тыныс алу құралының артық бір жиыны, сақтандыру арқандары бар екі қорғаныш белдігі, тораптары бар ұзындығы 12 м және 17 м жеке артық арқандары және медициналық зембілдер болуға тиіс.
63. ЖБС және ВЖП-ның арнайы киімдері және жеке қорғаныш құралдары аптасына бір реттен кем емес механикалық химиялық тазартылуы тиіс. Арнайы киімдерді және жеке қорғаныш құралдарын үйде сақтауға, жөндеуге және жууға рұқсат етілмейді.