Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі жөніндегі үлгі ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2007 жылғы 22 тамыздағы N 200-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2007 жылғы 17 қыркүйекте Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 4934 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2011 жылғы 25 қарашадағы № 418-ө бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2011.11.25 № 418-ө (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қолданушылардың назарына!!!
      Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек кодексінің 339-бабы 2-тармағына сәйкес, өндірістік ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі жөніндегі үлгі ереже бекітілсін.

      2. Еңбек және халықты жұмыспен қамту департаменті
(С. Әбденов) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр А.М. Құрмановқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр

Қазақстан Республикасы  
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің   
2007 жылғы 22 тамыздағы 
N 200-ө бұйрығымен бекітілген

Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау
қызметі туралы үлгі ереже 1. Жалпы ережелер

      1. Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі туралы үлгі ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 15 мамырдағы Еңбек Кодексінің 339-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және жұмыс берушілердің жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі бекітілген талаптарды орындауына және анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдауына бағытталған.

      2. Жұмыс беруші қызметкерлерінің саны 50-ден асатын өндірістік ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының сақталуын ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсатында қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметін (бұдан әрі - Қызмет) құрады.

      3. Ішкі бақылау еңбек жағдайларының жай-күйін қадағалауды ұйымдастыру, өндірістік бақылау деректеріне жедел талдауды жүргізу, қауіп-қатерді бағалау және анықталған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша талаптарға сәйкессіздіктерді жою жөніндегі шараларды қабылдаудан тұрады.

      4. Қызмет өз жұмысында мемлекеттік еңбек инспекциясымен, басқа да мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарымен, ұйым қызметкерлерінің өкілдері және еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторларымен өзара бірлесіп әрекет жасайды.

2. Қызметтің негізгі міндеттері

      5. Қызметтің негізгі міндеттері:
      1) өндірісте қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларын жасау және қамтамасыз ету бойынша құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдық-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық, оңалту, емдеу алдын-алу және өндірістік жарақаттану және кәсіптік аурулардың алдын-алу жөніндегі іс-шаралар кешенін әзірлеу және жүзеге асыру;
      2) өндірістік телімдердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау бөлігінде нормативтік құжаттарды әзірлеуді ұйымдастыру;
      3) ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды, қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарын орындауын ішкі бақылауды жүзеге асыру болып табылады.

3. Қызметтің жұмыстары

      6. Қызметтің:
      1) ұйымдардың бөлімшелеріне кедергісіз кіруге, өндірістік, қызметтік және тұрмыстық бөлмелерді қарауға, есептермен, статистикалық және басқа да еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі құжаттармен танысуға;
      2) жұмыс берушінің атынан өндірісте қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларын жасау жөніндегі алдын-алу, ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінде өндірістік жарақаттану мен кәсіптік ауруларды болдырмау жөніндегі алдын-алу іс-шараларының әзірленуіне және орындалуына, сондай-ақ ұжымдық шартқа сәйкес жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы міндеттемелерінің орындалуына ішкі бақылауды жүзеге асыруға;
      3) ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің барлық қызметкерлеріне
анықталған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын
бұзушылықтарды жою жөнінде шара қолдану туралы орындалуы міндетті
нұсқаулар (1-қосымша) беруге және оларға жауап алуға;
      4) өндірістегі жазатайым оқиғаларды зерттеудің, есепке алудың және оларға жол бермеу жөніндегі іс-шараларды орындаудың белгіленген тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
      5) ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінен қызметтің құзырына
жататын мәселелер жөніндегі ақпаратты және материалдарды белгіленген
тәртіппен сұратуға және алуға;
      6) ұйымда еңбек қауіпсіздігі жағдайының жай-күйін бақылауға, еңбекті қорғауды басқару жүйесін әзірлеуді, енгізуді және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
      7) өндірістік учаскелерде еңбек жағдайларына жедел талдау жүргізуге, қатерлерді бағалауға және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға анықталған сәйкессіздіктерді жою жөнінде шаралар қабылдауға;
      8) ұйым басшыларына салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау бойынша жұмысын ұйымдастырылуын жақсарту жөніндегі ұсыныстар әзірлеуге және енгізуге;
      9) ай сайын ұйымдарда өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың жай-күйі мен себептерін талдауды жүргізуге және олардың алдын-алу іс-шараларын әзірлеуге;
      10) қолданыстағы Ережелердің талаптарына сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша ұйымның қызметкерлерін оқытуды, олардың білімдерін тексеруді ұйымдастыруға;
      11) ұйымның еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды және қызметкерлердің денсаулықтарына келтірілген өзге де зақымдарды зерттеудің және есепке алудың тәртібін сақтауын қамтамасыз етуге;
      12) оқу бағдарламаларын келісуге және ережелер мен нормативтердің талаптарына сәйкес қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша, оның ішінде жаңа жабдықтарды және жаңа технологиялық процестерді енгізу кезінде оқытуға қатысуға;
      13) еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, салауатты және қауіпсіз еңбек пен тұрмыс жағдайларын жасау туралы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру көлемі туралы, денсаулық сақтауды жақсарту туралы мәселелерін талқылау кезінде ұжымдық шарт жасасу жөніндегі келіссөздерге қатысуға;
      14) қабылдау комиссиясының өндірістік мақсаттағы салынған объектіні пайдалануға қабылдап алу жөніндегі жұмысына қатысуға;
      15) ұйымды еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік-техникалық әдебиетпен қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау кабинеттерін қажетті оқу құралдарымен, макеттермен, анықтамалық әдебиетпен, плакаттармен, техникалық құралдармен жабдықтау жөнінде шаралар қабылдауға;
      16) кәсіпорын жетекшісінің тапсырмасы бойынша қызметтің құзырына жататын мәселелер жөніндегі қызметкерлердің хаттарын, өтініштерін және шағымдарын қарауға;
      17) өндірісте кәсіптік аурулар мен жазатайым оқиғалардың алдын-алу жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ мүгедектерге арналған оңалту іс-шараларын әзірлеуге қатысуға;
      18) құрылымдардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі жұмысында әдістемелік көмек көрсетуге;
      19) мемлекеттік еңбек инспекциясының және өзге де мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарының еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бөлігіндегі шешімдерінің орындалуын;
      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі ережелердің, нормалардың, стандарттардың енгізілуін;
      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі ұйымның бұйрықтары мен өкімдерінің орындалуын;
      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау кабинеттері жұмысының ұйымдастырылуын және де жұмыстың озық тәжірибесі енгізілуін;
      арнайы киім, арнайы аяқ киім және басқа жеке қорғану құралдарын сатып алудың, сақтаудың, жуудың, химиялық тазалаудың, кептірудің, шаңнан арылтудың, зиянсыздандыру мен жөндеудің ұйымдастырылуын;
      тиісті қызметтердің құрал-жабдықтарды, машиналар мен механизмдерді қажетті сынақтардан және техникалық куәландырулардан уақытында өткізуін, қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың параметрлерін өлшеу кестесінің сақталуын;
      еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі қолданыстағы нормалардың, ережелер мен нұсқаулықтардың, өндіріс процесінде еңбек қауіпсіздігі стандарттарының, сондай-ақ қайта құрылған өндірістік объектілердің жобаларының сақталуын ішкі бақылауды жүзеге асыруға;
      20) жұмыс берушінің келісімі бойынша (немесе оның рұқсаты бойынша) ақпараттарды, мәліметтерді, бекітілген есептер немесе өзге де құжаттарды қағаз және электронды түрде немесе олардың міндеттеріне сәйкес көшірмелерін мемлекеттің еңбек инспекциясына ұсынуға; P070000720
      21) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен еңбек жағдайлары зиянды және ауыр жұмыстарда істейтін қызметкерлерді кезекті медициналық байқаулардан және тексерулерден өткізуді ұйымдастыру үшін кәсіптер мен лауазымдардың тізімін құрастыруда ұйымдардың бөлімшелеріне әдістемелік көмек көрсетуге;
      22) еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын аттестациялауды өткізуді басқа қызметтермен бірлесіп ұйымдастыруға міндетті.

4. Қызметті ұйымдастыру

      7. Қауіпсіздік қызметі мәртебесі бойынша негізгі өндірістік қызметтерге теңестіріледі және жұмыс берушіге тікелей бағынады. Қызметті ұйымдағы еңбекті қорғау жөніндегі бас техникалық жетекші басқарады.

      8. Қызметтің құрылымы мен санын жұмыс беруші осы ұйымда жұмыс істейтіндер санына және өндірістің қауіптілігі мен зияндылығына қарай айқындайды.

                                          Қазақстан Республикасы
                                      Еңбек және халықты әлеуметтік
                                            қорғау министрінің
                                          2007 жылғы 22»тамыздағы
                                       200-ө бұйрығымен бекітілген
                                       Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі
                                   мен еңбекті қорғау қызметі туралы
                                            үлгі ережеге 1-қосымша

                                          Кімге ____________________
                                                 (Т.А.Ә., лауазымы)
                                                ____________________
                                                 (бөлімшенің атауы)

            Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметінің
                             НҰСҚАУЛАРЫ
                      2007 жылғы "___" ________ N

      Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 339-бабы 4-тармағына сәйкес еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының мынадай бұзушылықтарын жоюды талап етемін:

N р/с

Анықталған бұзушылықтар мен
оларды жою жөніндегі
талаптар

Орындау мерзімі

Ескертулер









        Ұйғарымды орындау туралы жазбаша хабарды онда көрсетілген мерзімнен 3 күн өткеннен кейін Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметіне ұсыну керек.

Еңбекті қорғау жөніндегі ұйымның
бас техникалық жетекшісі              ___________    ____________
                                        (қолы)         (Т.А.Ә.)

Нұсқауды алдым:                        ___________    ____________
                                         (қолы)         (Т.А.Ә.)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады