Түркістан қаласы бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық мәслихатының 2007 жылғы 24 желтоқсандағы N 3/19-IV шешімі. Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының Әділет басқармасында 2008 жылғы 26 қаңтарда N 14-4-45 тіркелді. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық мәслихатының 2009 жылғы 30 маусымдағы N 19/156-IV шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық мәслихатының 2009.06.30 N 19/156-IV Шешімімен.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңының 6 бабына, Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңының 97 бабына сәйкес, қала әкімдігінің 2007 жылғы 13 желтоқсандағы N 7500 қаулысын және қала әкімінің 14.12.2007 ж. N 0206/2981 хатын талқылап, Түркістан қалалық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Түркістан қаласы бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасы бекітілсін. (Қағида қоса тіркеледі)
      2. Осы шешім ресми түрде жарияланған күннен бастап 10 күнтізбелік күннен кейін қолданысқа енеді.

      Қалалық мәслихаттың кезекті
      үшінші сессиясының төрағасы                М. Ибраим

      Қалалық мәслихат хатшысы                   Ғ. Рысбеков

Қалалық мәслихатының
2007 жылғы 24 желтоқсандағы
N 3/19-IV шешімімен бекітілген.

      Түркістан қаласы бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасы

      Осы аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 маусымдағы N 553 "Қазақстан Республикасында тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытудың 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу тәртібін белгілейді.

      1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидада пайдаланатын негізгі ұғымдар:
      1) тұрғын үй көмегі - халықты әлеуметтік қорғау түрінің бірі болып табылады. Тұрғын үй көмегі аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызметтерге, қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақы, электр қуаты мен су есептегіш құралдарын орнату және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу шығындарына өтемақы ретінде беріледі;
      2) уәкілетті орган - тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асырушы қаланың (ауданның) немесе облыстық маңызы бар қаланың атқарушы органы;
      3) уәкілетті ұйым - екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымдар;
      4) отбасының жиынтық табысы - тұрғын үй көмегін тағайындау кезіндегі тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасының ақшалай да, заттай да нысанда алған табысының жалпы сомасы. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес аз қамтамасыз етілген отбасыларына көрсетілген көмектер (атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы), қайтыс болғанда жерлеуге және бала туғанда берілетін біржолғы төлемдер, төтенше жағдайлар салдарынан денсаулығына және мүлкіне келтірілген зиянды өтеу мақсатында отбасыға көрсетілген көмектерді қоспағанда, есепті кезеңде алынған табыстың барлық түрлері есепке алынады;
      5) тұрғын үй - тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын белгіленген техникалық, санитариялық және басқа да міндетті талаптарға сай келетін жеке тұрғын үй (жеке-дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме);
      6) кондоминиум - үй-жай жеке, заңды тұлғалардың, мемлекеттің бөлек (жеке-дара) меншігінде болатын, ал ортақ мүлік оларға ортақ үлесті меншік құқығымен тиесілі болатын жағдайда бірыңғай мүліктік кешен ретіндегі жылжымайтын мүлікке меншіктің ерекше нысаны;
      7) тұрғын үйді ұстауға жұмсалатын шығындар - тұрғын үйді пайдалануға, оны ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге, сондай-ақ жер учаскесін ұстауға қажет төлемдер қосындысы;
      8) коммуналдық қызметтер - тұрғын үйде (тұрғын жайда) көрсетілетін және сумен жабдықтауды, канализацияны, газбен, электрмен, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету мен лифт қызметін көрсетуді қамтитын қызметтер.

       2. Тұрғын үй көмегін алу құқығы

      1. Тұрғын үй көмегі аз қамтамасыз етілген азаматтарға, аумақта тұрақты тұратын және меншік нысанына қарамастан тұрғын үйдің меншік иесі немесе пайдаланушы (жалдаушы, жалға алушы) болып табылатын жеке тұлғаларға беріледі.
      Тұрғын үй көмегі Түркістан қаласында тұрақты тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындары (тұрғын үй алаңының әлеуметтік нормасы мен коммуналдық қызметті тұтыну нормативтері шегінде), қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтерін тұтынуға ақы, электр қуаты мен су есептегіш құралдарын орнату және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша шығын отбасы жиынтық табысының 15 пайызы үлесінен жоғары болған жағдайда тұрғын үй көмегі тағайындалады.
      Бекітілген нормадан жоғары тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеуді азаматтар жалпы негіздерде жүргізеді.
      2. Жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үйі ( пәтерлер, тұрғын үйлер) бар немесе тұрғын жайды жалға беруші (қосымша жалға беруші), сондай-ақ жалдауға беруші тұлғалар тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.
      Бірінші, екінші топтағы мүгедектердің, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалардың, сексен жастан асқан адамдардың, жеті жасқа дейінгі (бірақ кіші баласы бірінші сыныпты бітіргенге дейін) баланың күтімімен айналысатын тұлғалардан басқа, еңбекке жарамды отбасындағы тұлғалар жұмыс істемейтін, күндізгі оқу бөлімінде оқымайтын, әскерде қызметін өткермейтін және жұмыспен қамту орталығында тіркелмеген еңбекке жарамды тұлғалар болса тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      3. Өтініш беруші тұрғын үй көмегінің заңсыз тағайындалуына және төленуіне апарып соқтырған дұрыс емес мәліметтер ұсынған жағдайда отбасы алты айға тұрғын үй көмегін алу құқығынан айырылады.
      4. Тұрғын үй көмегі аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызметтерге, қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтерін тұтынуға ақы, электр қуаты мен су есептегіш құралдарын орнату және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу шығындарына есептелген сомамен салыстырғанда азайту ретінде беріледі.
      5. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша шығындарға өтемақы жүргізуге тұрғын үй көмегі ақшалай түрде тұтынушының Халық банкісінің филиалындағы есеп шотына немесе жиналыс шешіміне сәйкес алушылар тізімі бойынша кондоминиум объектісін басқарушы органның жинақ есеп шотына жіберіледі.
      6. Ұсынылған жұмыстан немесе жұмысқа орналастырудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, қоғамдық жұмыстарға қатысуды, оқуын немесе қайта оқуын өз бетімен тоқтатқан жұмыссыздардың отбасына алты айға тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.
      7. Шиеленісті, даулы немесе қалыптан тыс жағдайлар пайда болған жағдайда тұрғын үй жәрдемақысын тағайындау туралы мәселені шешу жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өкілдерінен құрылатын қала әкімі аппаратының жанындағы арнаулы комиссияның қарауына енгізілуі мүмкін.
      8. Тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтер, байланыс қызметтерін тұтынуға жеңілдіктері бар және осымен бір мезгілде тұрғын үй көмегін алу құқығы бар тұлғаларға әлеуметтік қорғау нысандарының бірін таңдау мүмкіндігі беріледі.

      3. Тұрғын үй көмегіне өтініш беру тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органға мынадай құжаттармен өтініш жасайды:
      1) тұрғын үй меншік иесі (жалға алушының) өтініші;
      2) отбасы мекен-жайы мен құрамы туралы анықтама;
      3) отбасының табысы туралы анықтамалар; (зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы, еңбекақы т.б.)
      4) пәтердің, үйдің жоспары немесе үй кітапшасы;
      5) жұмыссыз ретінде тіркелгендігі туралы анықтама (отбасындағы жұмыс істемейтін, оқымайтын және әскерде қызмет етпейтін еңбекке жарамды адамдарға);
      6) балалардың туу туралы, неке қию туралы, немесе оның бұзылғандығы туралы, әкелікті анықтайтын куәліктері, N 4 нысанды анықтама;
      7) өтініш берушінің жеке куәлігі, ӘЖК, СТН;
      Кондоминиум объектісінің қатысушылары үшін:
      1) кондоминиум объектісінің қатысушысы ретінде мемлекеттік тіркеуден өткендігі туралы куәлігі;
      2) сараптамадан өтіп, мөрмен куәландырылған көппәтерлі үйдің әрбір күрделі жөндеу жұмыстарының түріне есептік-сметалық құжат;
      3) төленген төлемі көрсетілген, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін жөндеуге өтініш берушінің жұмсаған шығындарын өтеу қажеттігі туралы кондоминиум төрағасынан анықтама - қолдаухат;
      4) кондоминиум қатысушысының үлес мөлшері көрсетілген, заңнамаларға сәйкес тіркеуден өткен кондоминиумның техникалық паспорты;
      5) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша жүргізілген жұмыстар аяқталғаннан кейін қабылдау-тапсыру актісі.
      2. Тұрғын үй көмегін алуға құқық тоқсан сайын отбасының табысы туралы мәліметтерді бере отырып расталады.
      3. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері ұсынылады, одан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      4. Уәкілетті орган көшірмелерді түпнұсқалармен салыстырып тексереді, оларды тіркейді және өтініштің бекітілген нысанына сәйкес құжаттарды қабылдағаны туралы растаманы өтініш берушіге береді.

      4. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі тұрғын үйді ұстау, коммуналдық қызметтерді, қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтерін тұтынуға ақы, электр қуаты мен су есептегіш құралдарын орнату және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша шығындарды өтеу
үшін бюджетте бөлінген қаржы шегінде ақшалай төлем түрінде беріледі.
      Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша шығын өтемақысы кондоминиум қатысушысы ретінде төлемдерді (жарналарды) төлеген жағдайда өтеледі.
      2. Тұрғын үй көмегі бекітілген әлеуметтік норма және норматив бойынша есептелінген тұрғын үйді ұстау, коммуналдық қызметтерге, қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтерін тұтынуға ақы, электр қуаты мен су есептегіш құралдарын орнату және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу шығындарына ақы төлеуге қажетті қаржы мен отбасы табысының 15 пайызы арасындағы айырма сомасында тағайындалады.
      3. Тұрғын үй көмегі өтініш берілген айдан бастап тұрғын үй көмегін алуға құқығы туындағаннан кейін ағымдағы тоқсанға тағайындалады.
      Барлық қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш берген ай өтініш жасалған ай деп саналады.
      4. Уәкілетті орган өтініш берушіден құжаттарды қабылдап алған күннен бастап он күн ішінде тұрғын үй көмегін тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
      Бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган бас тарту себебін көрсете отырып, өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      6. Тұрғын үй көмегін алушылар 15 күн мерзімде уәкілетті органды тұрғын үй көмегі мөлшерінің өзгеруі үшін негіз болатын немесе оны алу құқығына әсер ететін мән-жайлар туралы хабардар етуге міндетті.
      Тұрғын үй көмегінің мөлшеріне немесе оны алу құқығына әсер ететін мән-жайлар болған жағдайда қайта есептеу, олар анықталған кезінен бастап немесе келесі тоқсанда жүргізіледі.
      Артық төленген сомалар ерікті тәртіппен, ал бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      5. Тұрғын үй көмегін төлеу тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегін төлеу алушының таңдауы бойынша уәкілетті ұйым арқылы, өзі таңдаған ұйымдағы жеке шотының деректерін көрсете отырып берген өтініші негізінде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      2. Өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерінің бір адамға айына тұтыну нормасы: электр қуаты 45 квт/сағат, сұйық газ 4 кг, көмір (отбасына) 1 тонна, қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтерін тұтынуға ақы, тұрғын үйдің пайдалы алаңы эр адамға 18 шаршы метр, бірақ кемінде 1 бөлмелі пәтер мөлшерінде беріледі.
      3. Тұрғын үй көмегін төлеу ай сайын жүргізіледі.
      4. Тағайындалған тұрғын үй көмегі сомасын алушылардың жеке шоттарына есептеу қаражаттың түсуіне қарай жүргізіледі.

      6. Тұрғын үй көмегін көрсету үшін жауапкершілік

      1. Уәкілетті органдар мен уәкілетті ұйым тиісінше тұрғын үй көмегін тағайындаудың, төлеудің және берудің уақытылығы үшін заңнамада белгіленген тәртіппен жауапты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады