Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 09.11.2015 № 851 және ҚР Білім және ғылым министрінің 25.11.2015 № 656 бірлескен бұйрығымен.
"Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 қазандағы N 1050 қаулысына сәйкес және көру қабілеті бұзылған балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру мен профилактикасын жетілдіру мақсатында БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қоса беріліп отырған медициналық ұйымдарда және бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдерде кездесетін сығырлықтың және басқа да көру патологияларының алдын алу әдістерін ұйымдастыру және енгізу жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының денсаулық сақтау департаменттері (басқармалары) (келісім бойынша):
1) балалар мен жасөспірімдердің көру қабілетінің бұзылуын ерте анықтауға бағытталған алдын алу тексерістерін жыл сайын ұйымдастыруды және өткізуді;
2) осы бұйрыққа сәйкес 20 сәуірден бастап балалар мен жасөспірімдердің көру қабілетін қорғау жөнінде жыл сайын онкүндік өткізуді;
3) осы бұйрыққа сәйкес сығырлық және басқа да көру патологияларының алдын алу әдістерін медициналық ұйымдарда практикаға енгізуді қамтамасыз етсін.
3. Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының, білім департаменттері (келісім бойынша):
1) осы бұйрыққа сәйкес медицина қызметкерлерімен бірлесе отырып, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында 20 сәуірден бастап балалар мен жасөспірімдердің көру қабілетін қорғау жөнінде жыл сайын онкүндік өткізуді;
2) осы бұйрыққа сәйкес сығырлықты және басқа да көру патологияларының алдын алу әдістерін бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында практикаға енгізуді;
3) балалар мен жасөспірімдерді оқыту кезінде олардың көру қабілеттерін қорғауға бағытталған санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті (А.А. Белоног) және облыстардың, Астана, Алматы қалаларының мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменттері (басқармалары) (келісім бойынша):
1) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарындағы балалар мен жасөспірімдердің жас ерекшеліктеріне сәйкес жарық беру, тиімді тамақтану нормаларын сақтай отырып, жиһазбен қамтамасыз етілуін санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды;
2) Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес мектеп оқушысының еңбегін ұйымдастыруға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын жүйелі түрде қадағалауды қамтамасыз етсін.
5. Емдеу-алдын алу ісі департаменті (Ж.Қ. Исмаилов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін.
6. Ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету департаменті (Б.Т. Малғаждарова) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
7. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Қ.Т. Омаровқа және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі К.Н. Шәмшидиноваға жүктелсін.
8. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрдің
міндетін атқарушы Ф. Қуанғанов
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрдің
міндетін атқарушы А. Нүсіпова
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрдің
міндетін атқарушының
2008 жылғы 6 наурыздағы
N 120
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрдің
міндетін атқарушының
2008 жылғы 7 наурыздағы
N 112
бірлескен бұйрығымен
бекітілген
Медициналық ұйымдарда және бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдерде кездесетін сығырлықтың және басқа да көру патологияларының алдын алу әдістерін ұйымдастыру және енгізу жөніндегі нұсқаулық
1. Онкүндік өткізу кезеңдері
1. Медицина қызметкерлері (окулистер мен мектептің медицина қызметкерлері) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен (мектептердің директорлары, педагогтар мен сынып жетекшілері) бірлесіп, балалар мен жасөспірімдердің көру қабілеттерін қорғау бойынша жыл сайын онкүндіктер (бұдан әрі - Онкүндік) өткізеді.
2. Онкүндік кезінде медицина қызметкерлері Онкүндіктің мақсаттары мен міндеттері, балалар мен жасөспірімдердің көру қабілеттері бұзылуын уақтылы диагностикалау мен профилактикасы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай отырып, кең ауқымды түсіндіру және ақпараттық жұмыстарын жүргізеді.
3. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында Онкүндік кезінде балалардың көру қабілеттерінің бұзылуын уақтылы анықтауға тексеру жүргізіледі. Балаларға тексеру жүргізетін күнді мектеп директоры белгілейді және барлық мектептерде бір мезгілде өтеді. Бұл күнге сынып жетекшілері өз сыныптарының оқушыларының тізімін бөлек параққа жазып, дайындайды.
Көру қабілетінің бұзылуын тексеру жүргізу үшін көздің өткірлігін шамамен анықтауға арналған кесте пайдаланылады. Қалыпты көру өткірлігін бағдарлап анықтауға арналған кесте мектептерде және басқа да балалар мекемесінде арнайы офтальмологиялық білімі жоқ қызметкерлердің бұқаралық зерттеулеріне есептелген. Кесте Қазақстан Республикасында қабылданған стандартты кестенің үш жолынан: Головин-Сивцев әріптері, Ландольт сақинасы, Орлова фигурасынан тұрады. Әрбір жолдың маңызы бірдей және көздің қалыпты көру өткірлігіне сәйкес келеді (1,0). Кесте еденнен 1,2 метр биіктікте тақтаға ілінеді, тексеруден өтетін оқушы мен кестенің арасы 5 метр болуы керек.
Кесте тексерілушінің көру қабілеті қалыпты (1,0) немесе төмен екендігін анықтайды.
Балалардың көру қабілетінің бұзылуын уақтылы анықтауға тексеруді сынып жетекшілері мектептің медицина қызметкерлерімен бірлесіп жүргізеді.
Тексеру табиғи жарық түсіп тұрған жарық үй-жайда жүргізіледі: бірінші ауысым оқушылары екінші, үшінші сабақтарда, екінші ауысым оқушылары бірінші сабақта өтеді. Белгіленген уақытта сынып жетекшісі болмаған жағдайда бұл жұмыс басқа педагогқа тапсырылуы мүмкін. Көру қабілетін тексеру нәтижелері бар тізім сынып жетекшісіне беріледі. Сынып жетекшісі оларды мектептің медицина қызметкеріне береді.
4. Тексеру нәтижесі бойынша мектептің медицина қызметкері көру қабілеті 1,0-ден төмен оқушылардың тізімін құрайды және мекен-жайына байланысты емхананың көз дәрігеріне береді және оқушының тереңдетілген тексеруден өтуге келу уақытын келіседі.
5. Мектептің медицина қызметкері сынып жетекшілерімен бірлесе отырып тексеру нәтижелері және қажетті медициналық ақпаратпен таныстыру, ата-аналарға оқушылардың көз дәрігеріне бару уақытын хабарлау үшін сынып сағаттарын және ата-аналар жиналысын өткізеді.
2. Медициналық ұйымдарда балалар мен жасөспірімдерде кездесетін сығырлық және басқа да көру патологияларының алдын алу әдістері
6. Линзамен жаттығу жасау жөніндегі әдістеме.
Алдын ала 33 сантиметр (бұдан әрі - см) қашықтықтан қандай да бір кітаптың мәтінін оқу кезінде әдеттегі ереже бойынша салыстырмалы аккомодацияның жағымды және жағымсыз бөліктері айқындалады. Оқуға болатын максимал плюс және максимал минус линзаның көлемінен 0,5 - 1,0 диоптрий алынады. Алынған мөлшерлер цилиарлы бұлшықеттер үшін субмаксимал жүктемені көрсетеді.
Миопияны (алыстан көрмеушілікті) сәйкес линзалармен түзеткеннен кейін 0,5 диоптрий минус линзамен оқи бастайды. Линзаның күшін біртіндеп 0,5-1,0 диоптрийге көбейтеді және салыстырмалы бейімделушіліктің оң бөлігінің субмаксимал мөлшеріне дейін жеткізеді. Әрбір линзамен оқу уақыты 3-5 минутқа (бұдан әрі - мин.) созылады. Содан кейін осындай линзалардың әр қайсысын шамамен 1 минутқа қалдыра отырып, соңғы минус линзаларды 1,0 диоптрийге төмендеткеннен кейін оң линзаларды қоюға көшеді. Олардың күшін салыстырмалы бейімделушіліктің оң бөлігінің субмаксимал мөлшеріне жеткенге дейін біртіндеп күшейтеді. Әрбір жаңа линзамен оқу 3 минутқа созылады. Көрсетілген рәсімді күн сайынғы сеанстың алғашқы 3 күнінде бір рет, ал қалған күндері 2 рет жасау керек. Субмаксимал жүктемені анықтау үшін салыстырмалы аккомодацияның мөлшері әр 3 күн сайын анықталады. Машықтану курсы 15-20 жаттығу сеансынан тұрады.
Машықтану жаттығуларын жасау үшін мынадай жабдықтар қажет:
1) жазу үстелі;
2) кітап қойғыш;
3) құм сағат (3-5 минуттық);
4) үстел шамдары;
5) жаттығу көзілдіріктерінің жиынтығы.
Машықтану көзілдіріктерінің бір жинағында көру қашықтығының аралығы 60 миллиметр (бұдан әрі - мм), 62мм, 64мм 7 көзілдіріктердің жақтаулары (0,5; 1,0; 2,0; 3,0; 4,0; 5,0; 6,0 диопторий) минус линзалармен және 5 көзілдіріктердің жақтаулары (1,0; 2,0; 3,0; 4,0; 5,0 диопторий) плюс линзалар болады.
7. Микротұманданумен алшақты дезаккомадация жаттығуларын жүргізу әдістемесі.
Машықтану жаттығулары көру өткірлігін тексеретін кестеден 5 метр (бұдан әрі - м) қашықтықта жүргізіледі. Көру қабілетін және миопатия деңгейі субъективті әдіспен анықталады. Әр көздің алдына (минусты әйнектермен түзетусіз) мұрынға негіздеп 0,5 призмалық диоптрий призмасы қойылады, соның салдарынан алшақты дезаккомадация пайда болады. Бірнеше минуттан кейін көру өткірлігі жоғарылай бастайды, линза күшін 2-3 призмалық диоптриге дейін көбейтеді, бірақ әр көзге 4-5 призмалық диоптрийден артық болмауы тиіс, сондай-ақ, көру өткірлігінің жоғары алынған коррекцияға sрh + 0,25 диоптрийін қосады да көру қалпына келгенге дейін күтеді. Тағы да әр бір көздің көру өткірлігі осындай үдемелі микротұманданудан кейін 1,0-ге дейін қалпына келгенше + 0,25 диоптрийді қоса береді.
Машықтану жаттығуларын жасау үшін мынадай жабдықтар қажет:
1) үлкен немесе орташа сынақ линзаларының жинағы;
2) сынақ көзілдірік жақтаулары;
3) көру қабілетін алыстан тексеретін кесте.
8. "Терезе әйнегіндегі зат - алыс зат" жаттығуларын жүргізу әдістемесі.
Алыстан көруге арналған көзілдіріктердегі машықтанушылар терезе әйнегінен 30-35 см. қашықтықта тұрады. Терезе әйнегіне көздің деңгейіндей жерге диаметрі 3-5 мм болатын дөңгелек белгі жапсырылады. Осы белгіден өтіп бара жатқанда көз назарының деңгейінде емделуші алыстан белгілеу үшін қандай да бір затты (алыс зат) талдайды, кейін біресе әйнектегі белгіге, біресе жаңағы затқа қарайды. Жаттығуды күніне 2 рет 15-20 минут жасайды. Алғашқы екі күнде жаттығудың уақыты 3 мин., келесі 2 күнде - 5 мин., ал қалған күндері - 7 мин. созылады. Бейімделушілік қабілеті тұрақты қалыптаспаған жағдайда жаттығу 10-15 күннен кейін жүйелі түрде қайталанады.
9. "Үй аккомодожаттықтырушысы" жаттығуын жүргізу әдістемесі.
Үй аккомодожаттықтырушысында жаттығу жасау үшін тығыз картон қиындысынан немесе фанерадан ракетка түріндегі 20x10 см көлеміндегі қарапайым аспап дайындау керек. Ракетканың төменгі бөлігінде тұтқаның үстінде ұзындығы 50-60см сызғыш қоятын көлбеу тесік бар. Тік орналасқан ракетка сызғыштың бойымен еркін қозғалуы керек. Ракетканың алдыңғы жағында шамамен 2 мм "с" әріпі жазылған. Машықтанушы көзілдірік киіп +3,0 диоптрий линзасын қою арқылы амертропияны түзетіп, сызғышты бір көзінің астыңғы жағына қояды (екінші көзді жабу керек) және ракетканы "с" әріпі бұлдырап "о" әрпіне ұқсағанға дейін көзге қарай бағыттап қозғалту керек. Осыдан кейін ол ракетканы көзден ақырын алыстатады. "С" әрпі алдымен анық көрінеді, кейін бұлдырап кетеді. Осыдан кейін ракетканы көзге қайта жақындатып, қайта алыстатады. Жаттығуды алғашқы үш күнде 5 мин., кейін әр көзге - 10 минут жасайды. Бір курс үшін сеанс саны 25-30 жаттығу. Егер аккомодациялық қабілет қалыптаспаса жаттығулар курсы 15-30 күннен кейін қайталанады.
Аккомодация және конвергенция бойынша бір уақытта машықтану мақсатында екі көзді ашып, сызғышты кеңсірікке қою арқылы жаттығу жасауға болады. Бұл жағдайда тек қана аккомодация мен конвергенцияға ғана жаттығу жасалмайды, сондай-ақ жаттығу жасау уақыты екі есеге азаяды (үнемделеді).
3. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында балалар мен жасөспірімдерде кездесетін сығырлық және басқа да көру патологияларының алдын алу әдістері
10. Ұйымдастырылған ұжымда көру қабілетін компьютерлік машықтандыруды өткізу әдістемесі.
Жаттығу арнайы компьютерлік бағдарламалар көмегімен информатика сыныбындағы жеке компьютерлерде жүргізіледі. Ол үшін оқушы экран дисплейінен 1 метр қашықтықта отырғызылады. Жаттығу күн сайын күніне 2 рет 2-5 минуттан жүргізіледі. Емдеу курсының ұзақтығы 10 күн. Емдеу бірінші ауысымда оқитындар үшін екінші сабақтан кейін үлкен үзіліс кезінде және сабақтан кейін, екінші жаттығу бесінші сабақтан кейін жүргізіледі. Жаттығу информатика пәні мұғалімінің басқаруымен бір уақытта барлық компьютерде орындалады. Көз дәрігері емдеудің басында және соңында екі рет бақылайды.
11. Дене жаттығулары сығырлықтың және көз шаршауының алдын алу үшін мектепте сабақ үстінде жасалады.
Жаттығуларды әр сабақтың ортасында 2-3 минуттай жасау ұсынылады.
1) 1-3 сынып оқушылары үшін:
бастапқы жағдай (бұдан әрі - б.ж.) - отыру, партаның арқасына сүйеніп терең демалу. Алға партаның қақпағына қарай еңкейіп дем шығару. 5-6 рет қайталанады;
б.ж. - отыру, партаның арқасына сүйеніп, қабақты жауып, көзді қатты жұмып, қабақты қайта ашады. 4 рет қайталанады;
б.ж. - отыру, қолды белге қойып, басты оңға бұрып, оң қолдың шынтағына қарау керек, басты солға бұрып, сол қолдың шынтағына қарап, бастапқы жағдайға қайтып келу керек. 4-5 рет қайталанады;
б.ж. - отыру, алдында тұрған сынып тақтасына 2-3 секунд қарап, саусақты көзден 15-20см қашықтыққа қойып, назарды саусақтың ұшына аударып, 3-5 секунд қараған соң саусақты түсіреді. 5-6 рет қайталанады;
б.ж. - отыру, қолды алға созып саусақтардың ұшына қарау керек, қолды жоғары көтеріп (демалу) басты көтермей қолға көз жүгіртіп, қолды түсіру керек. 4-5 рет қайталанады;
2) 4-10-сынып оқушылары үшін:
б.ж. - отыру, партаның арқасына сүйеніп терең демалу. Алға партаның қақпағына қарай еңкейіп, дем шығару. 5-6 рет қайталанады;
б.ж. - отыру, партаның арқасына сүйеніп, қабақты жауып, көзді қатты жұмып, қабақты қайта ашады. 5-6 рет қайталанады;
б.ж. - отыру, қолды белге қойып, басты оңға бұрып, оң қолдың шынтағына қарау керек, басты солға бұрып сол қолдың шынтағына қарап, бастапқы жағдайға қайтып келу. 5-6 рет қайталанады;
б.ж. - отыру, көзді жоғары көтеріп сағат тілі бағытымен дөңгелек жасап қарау, кейін сағат тілінің бағытына қарсы қарау керек. 5-6 рет қайталанады.
б.ж. - отыру, қолды алға созып саусақтардың ұшына қарау керек, қолды жоғары көтеріп (демалу) басты көтермей қолға көз жүгіртіп қолды түсіру керек. 4-5 рет қайталанады;
б.ж. - отыру, алдында тұрған сынып тақтасына 2-3 секунд қарап, назарды мұрынның ұшына аударып, 3-5 секунд қарау керек. 6-8 рет қайталанады;
б.ж. - отыру, қабақты жабады. 30 секунд бойы сұқ саусақтың ұшымен массаж жасау керек.
12. Өз бетімен дене шынықтыру үзілістерін жасау жаттығулары әдістемесі.
Көзді 10 секунд бойы жиі жыпылықтату.
Көзді 1-2 секундқа қатты жұмып қайта ашу. 8-10 секунд қайталау.
Басты түзу ұстап, жоғары-төмен кейін оңға - солға қарап, кейін жоғары - оңға, төмен - солға қарау керек. Әр бағытта 6-8 рет қайталанады.
Көзбен екі жаққа айналдыра қарау. Әр бағытта 10 рет қайталанады.
Оң жақ қолдың сұқ саусағын мұрынның алдына 25-30см қашықтыққа қояды. Сол көзді жауып оң көзбен саусаққа қарап, кейін назарды алыстағы затқа аударып (терезеге қарап) және керісінше, сол көзбен де солай істеу керек. Әр көзбен 6-8 рет қайталанады.