Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 30.05.2013 N 150 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексіне және "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қолайсыз сыртқы әсерлерден ерекше күзету мен қорғауды қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің "Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорық" мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - қорық) айналасында жалпы көлемі - 46309,34 гектар, соның ішінде "Барсакелмес" учаскесінде 19638,77 гектар және "Қасқақұлан" учаскесінде 26670,57 гектар жер учаскесін қамтитын қорғау аймағы белгіленсін.
2. Белгіленген қорғау аймағы шегінде қорықтың экологиялық жүйелері мен оның аумағында орналасқан объектілерінің жай-күйіне және оларды қалпына келтіруге теріс әсер ететін кез келген қызметке тыйым салынсын.
3. Осы қаулының қосымшасына сәйкес қорықтың қорғау аймағының аумағында табиғатты пайдаланудың тәртібі мен режимін айқындау Қағидасы бекітілсін.
4. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау облыс әкімінің орынбасары Б.Еламановқа жүктелсін.
5. Осы қаулы алғаш ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі М. Құл-Мұхаммед
Қызылорда облысы әкімдігінің
2008 жылғы 7 сәуірдегі N 473
қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман
және аңшылық шаруашылығы комитетінің "Барсакелмес мемлекеттік
табиғи қорық" мемлекеттік мекемесінің қорғау аймағы аумағында
табиғатты пайдаланудың тәртібі мен режимін айқындау
қағидасы 1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағида Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің "Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорық" мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - қорық) қорғау аймағы аумағында табиғатты пайдаланудың тәртібі мен режимін айқындау мақсатында дайындалды.
2. Қорғау аймағы қорықтың шекарасы бойымен табиғи географиялық шептер бойынша ерекшеленеді және жер бетiнде арнайы белгiлермен белгіленеді.
2. Қорықтың қорғау аймағының режимі
3. Қорықтың қорғау аймағының барлық аумағында күзет режимі белгіленеді.
3. Қорықтың қорғау аймағы аумағында табиғатты пайдалану тәртібі
4. Қорықтың қорғау аймағының аумағында оның экологиялық жүйелерiнiң жай-күйiне терiс әсер етпейтiн шаруашылық қызметтiң мынадай әртүрлi нысандары жүзеге асырылуы мүмкін:
1) орман шаруашылығы қызметi;
2) мал жайылымы және шөп шабуды қоса алғанда, дәстүрлi жер пайдалану, сондай-ақ биологиялық саналуандықты ұзақ мерзiмдi сақтау мен оның берiктiгiн қамтамасыз ету шеңберiндегi өзге де қызмет;
3) туристiк және рекреациялық қызмет;
4) минералды суларды, жер астының жылы суларын және климаттық ресурстарды пайдалану;
5) орман және дала өрттерiн сөндiру жөнiнде жердегi және авиациялық жұмыстарды жүргiзу;
6) бүлiнген жерлердi қалпына келтіру және фитомелиорациялау;
7) орман және өзге де өсiмдiк қауымдастықтарын қалпына келтiру;
8) жабайы жануарлардың мекендеу ортасы мен санын қалпына келтiру;
9) жер учаскелерiнде туристер болатын жерлердi жайластыру, өсiмдiктер мен жануарлардың эндемикалық, сирек кездесетiн және құрып бара жатқан түрлерiн жасанды жолмен көбейту, өсiру, өндiру үшiн питомниктер салу, мемлекеттiк табиғи қорық қызметкерлерiнiң тұруы үшiн қызметтiк үй-жайлар (кордондар) салу, оларға қызмет бабындағы жер үлестерiн беру үшiн пайдалану;
10) кәсіпшілік және әуесқойлық (спорттық) балық аулау.
5. Қорықтың қорғау аймағында жоғарыда аталған қызмет түрлерiн жүзеге асыру кезiнде жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi объектiлерiнiң мекендеу ортасын және көбею жағдайларын, жануарлардың қоныс аудару жолдары мен шоғырлану орындарын сақтау жөнiндегi iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, жабайы жануарлардың мекендеу ортасы ретiнде ерекше құнды учаскелерге, сондай-ақ мемлекеттiк табиғи қорық қорының өзге объектiлерiне қол сұғылмауы қамтамасыз етiлуге тиiс.
6. Белгіленген қорғау аймағы шегінде қорықтың экологиялық жүйелері мен оның аумағында орналасқан объектілерінің жай-күйіне және оларды қалпына келтіруге теріс әсер ететін кез келген қызметке тыйым салынады, оның ішінде:
1) жаңа елдi мекендер құруға және бар елдi мекендердi кеңейтуге;
2) қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер ететiн объектiлердi орналастыруға, жобалауға, салуға және пайдалануға, жаңа технологиялар енгiзуге;
3) жануарлар мен өсiмдiктер дүниесi үшiн зәрлi улы химикаттар, тыңайтқыштар мен гербицидтер қолданылатын ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығының интенсивтi нысандарын енгiзуге;
4) атмосфераға және ашық су көздерi мен рельефке ластаушы заттар шығаруға және сарқынды суларды төгуге, қалдықтарды орналастыруға;
5) пайдалы қазбалар өндiруге;
6) радиоактивтi материалдар мен өнеркәсiп қалдықтарын көмуге;
7) қорықтың экологиялық жүйелерiнiң гидрологиялық режимiн өзгертетiн қызметке (бөгеттер, дамбалар, гидротехникалық құрылыстар және табиғи су ағынын тоқтатуға немесе азайтуға әкеп соғатын басқа да объектiлер салуға);
8) жабайы жануарлар мен жабайы өсiмдiктердiң бөтен түрлерiн жерсiндiруге;
9) әуесқойлық (спорттық) және кәсіпшілік аң аулауға;
10) қорықтың экологиялық жүйелерiне зиянды әсер ететiн басқа да қызмет.