Қалпына келтіру емін көрсету және медициналық оңалту ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 19 қазандағы N 542 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2009 жылғы 11 қарашада Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5853 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2012 жылғы 6 маусымдағы № 394 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2012.06.06 № 394 (қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексінің 25-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қалпына келтіру емін көрсету және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту ережесі бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2010.12.09 № 954 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегия және денсаулық сақтауды дамыту депаратменті (А.Т. Айдарханов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге жіберсін.
      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік-құқықтық қызмет департаменті (Ф.Б. Бисмилдин) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарына ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      4. "Қалпына келтіріп емдеудің және медициналық оңалтудың түрлері мен көлемдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2003 жылғы 20 қарашадағы N 856 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 2601 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Т.А. Вощенковаға жүктелсін.
      6. Осы бұйрық оны алғаш ресми жариялаған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                            Ж. Досқалиев

Қазақстан Республикасы  
Денсаулық сақтау министрінің
2009 жылғы 19 қазандағы 
N 542 бұйрығымен бекітілген

Қалпына келтіру емін көрсету және медициналық
оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту ережесі

      Ескерту. Ереженің атауына өзгерту енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2010.12.09 № 954 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      1. Осы Ереже қалпына келтіру емін және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту көмегін көрсету тәртібін және оны ұйымдастыруға қойылатын жалпы талаптарды айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда жазылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2010.12.09 № 954 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      2. Қалпына келтіру емі – науқас организмінің функциялық іс-әрекетке қаблеттілігін қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған іс-шаралар кешені.
      3. Қалпына келтіру емінің мақсаты аурудың, жарақаттың немесе мертігудің салдарын толық немесе жартылай қалпына келгенге дейін жою немесе бәсеңдету немесе науқастың психикалық, физиологиялық және анатомиялық жағдайының бұзылуының орнын толтыру болып табылады.
      4. Медициналық оңалту – науқастар мен мүгедектер организмінің бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешені.
      5. Медициналық оңалтудың мақсаты денсаулықты, еңбекке жарамдылықты, жеке және әлеуметтік мәртебені қалпына келтіру, материалдық және әлеуметтік тәуелсіздікке жету, қоғам өмірінің қарапайым жағдайына ықпалдасу, қайта ықпалдасу болып табылады.
      6. Қалпына келтіру емі және медициналық оңалтудың, оның ішінде балаларды медициналық оңалтудың негізгі түрлеріне:
      1) дәрі-дәрмектік (патогенетикалық, симптомдық, саногенетикалық) емдеу;
      2) реконструктивтік хирургия (шұғыл реконструктивтік-қалпына келтіру, пластикалық операция және басқалар);
      3) физикалық емдеу әдістері, оларға: электрмен емдеу (гальванизация, электрофорез, электрұйқы, диадинамотермия, амплипульстерапия, электростимуляция, жоғары жиіліктегі ультра терапия, микротолқынды терапия, кванттық терапия, магнитотерапия), сәулемен емдеу (инфрақызыл сәулелендіру, ультракүлгін сәулелендіру, лазерлік сәулелендіру), ультрадыбыспен емдеу, сумен емдеу, бальнеотерапия (ванна, душ, гидрокинезотерапия, шомылу, минералды сулармен емдеу), жылумен-балшықпен емдеу (парафинді-озокеритпен емдеу, балшықпен емдеу, аппликация және емдік-балшық ваннасы), ингаляциялық терапия (аэрозоль және аэроионотерапия, галотерапия), баротерапия, оксигенотерапия жатады;
      4) емдік дене шынықтыру (кинезотерапия), оған: емдік гимнастика (жеке және топтық), таңғы гигиеналық гимнастика, мөлшерлі серуен және өрлеу (терренкур), спорттық ойындар, "тәртіппен" емдеу, арнайы тренажерді, позиционерлерді, көмекші құрылғыларды және қатынас құралдарын пайдалану арқылы организмнің бұзылған функцияларын қалпына келтіру үшін арнайы таңдап алынған физикалық жаттығулар кешені жатады;
      5) моторландырылған механотерапия, механотерапия, тракциондық емдеу, роботталған, компьютерленген жаңа технологиялар;
      6) массаж (классикалық, сегментті, нүктелі, перкуссионды, вибромассаж);
      7) еңбек терапиясы жалпы нығайтатын (сергіту), қалпына келтіретін, нысаналы және нәтижелі (бұрынғыларды қалпына келтіруге және жаңа кәсіби сапаны және тәсілдерді, сондай-ақ еңбек дағдыларын қалыптастыруға бағытталған);
      8) психотерапия;
      9) диетотерапия;
      10) дәстүрлі емдеу әдістері (гомеопатия, гирудотерапия, мануалды терапия, рефлексотерапия, фитотерапия және табиғи заттармен емдеу);
      11) әлеуметтік-психологиялық емдеу әдістері (агро-ландшафтотерапия, интерактивтік сенсорлық бөлмелерді пайдалану арқылы сөйлеуді қалпына келтіру терапиясы);
      12) протездік-ортездік және ортопедиялық көмек, оларға: қалпына келтіру, консервативтік және хирургиялық емдеу кешені жатады;
      13) науқастарды медициналық оңалтуға арналған техникалық жабдықтарды пайдалануды үйрету.
      Ескерту. 6-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2010.12.09 № 954 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      7. Кезеңдік, сабақтастық, кешендік және даралық қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтудың, оның ішінде балаларды медициналық оңалтудың негізгі принциптері болып табылады.
      Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2010.12.09 № 954 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      8. Оңалту проблемалары барлық аспектілерімен бірге кешенді шешіледі және оны қажет ететіндердің барлығына қолжетімді болуы тиіс, аурудың тұрақты ауысып отыратын құрылымына бейімделуі керек, сондай-ақ техникалық өрлеуді және әлеуметтік құрылымның өзгеруін есепке алған жөн.
      9. Қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуға, оның ішінде балаларды медициналық оңалтуға:
      1) жіті ауруды, жарақаттарды, жітілеу ауру кезеңіндегі улануды қарқынды (консервативтік, шұғыл) емдеуден кейін азаматқа қалпына келтіру емін жүргізу;
      2) туа біткен және жүре пайда болған аурулардан, сондай-ақ жіті, созылмалы аурумен және жарақаттан зардап шегетін азаматтарды, науқастың физикалық, психологиялық және әлеуметтік әлеуетін қолайлы іске асыру кезінде ауруы сақталған кезеңде медициналық оңалту және оның қоғамға бейімделуіне көмек беру жатады.
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2010.12.09 № 954 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      10. Қалпына келтіру емі мен медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту көмегі:
      1) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін, оның ішінде балаларға көмек көрсететін ұйымдарда;
      2) стационарлық көмек (жалпы бейіндегі қалпына келтіру емін жүргізетін бөлімшелер, мамандандырылған бөлімшелер) көрсететін, оның ішінде балаларға көмек көрсететін ұйымдарда;
      3) қалпына келтіру емі мен медициналық оңалту қызметін көрсететін ұйымдарында;
      4) санаториялық-курорттық ұйымдарда жүргізіледі.
      Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2010.12.09 № 954 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      11. Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін, оның ішінде балаларға көмек көрсететін ұйымдарда қалпына келтіру емі мен медициналық оңалту науқас қаралған күннен басталып, диспансерлік бақылау, айғақтары бойынша дәрі-дәрмекпен емдеу жүргізіледі, маман дәрігерлер консультация береді, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық айғақтары бойынша 18 жасқа дейінгі балаларға (электрмен емдеу, сәулемен емдеу, ультрадыбыспен емдеу, сумен емдеу, бальнеотерапия, жылумен-балшықпен емдеу, ингаляциялық терапия, баротерапия, оксигенотерапия), емдік дене шынықтыру, механотерапия, тракциондық емдеу, ортопедиялық емдеу әдісі, массаж, еңбек терапиясы, психотерапия, дәстүрлі және әлеуметтік-психологиялық емдеу әдістері жүргізіледі. Науқасты динамикалық бақылауды емдеуші дәрігер мен маман дәрігер жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2010.12.09 № 954 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      12. Стационарлық көмек (жалпы бейіндегі қалпына келтіру емін жүргізетін бөлімшелер, мамандандырылған бөлімшелер) көрсететін, соның ішінде балаларға көмек көрсететін ұйымдарда дәрі-дәрмекпен емдеу жүргізіледі, маман дәрігерлер консультация береді, физикалық емдеу әдістері (электрмен емдеу, сәулемен емдеу, ультрадыбыспен емдеу, бальнеотерапия, ингаляциялық терапия, баротерапия, оксигенотерапия), емдік дене шынықтыру, механотерапия, тракциондық емдеу, ортопедиялық емдеу әдісі, массаж, еңбек терапиясы, психотерапия, диетотерапия, дәстүрлі, әлеуметтік-психологиялық және хирургиялық емдеу әдістері (шұғыл реконструктивті-қалпына келтіру, пластикалық операция және басқалар) жүргізіледі. Науқасты динамикалық бақылауды емдеуші дәрігер мен маман дәрігер жүзеге асырады.
      13. Қалпына келтіру емі мен медициналық оңалту қызметін көрсететін, оның ішінде балаларға көмек көрсететін ұйымдарында дәрі-дәрмекпен емдеу жүргізіледі, маман дәрігерлер консультация береді, физикалық емдеу әдістері (электрмен емдеу, сәулемен емдеу, ультрадыбыспен емдеу, бальнеотерапия, ингаляциялық терапия, баротерапия, оксигенотерапия), емдік дене шынықтыру, моторландырылған механотерапия, механотерапия, тракциондық емдеу, роботталған, компьютерленген жаңа технологиялар, массаж еңбек терапиясы, психотерапия, диетотерапия, дәстүрлі, әлеуметтік-психологиялық және хирургиялық емдеу әдістері (шұғыл реконструктивті-қалпына келтіру, пластикалық операция және басқалар) жүргізіледі. Науқасты динамикалық бақылауды емдеуші дәрігер мен маман дәрігер жүзеге асырады.
      14. Санаториялық-курорттық ұйым жағдайында науқастарға қалпына келтіру емі мен оңалту жүргізу табиғи заттарды және табиғи емдік факторларды пайдалану арқылы емдеуге негізделген.
      15. Қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтудың, оның ішінде балаларды медициналық оңалтудың барлық кезеңінде жүргізілген оңалту іс-шараларының көлемі бұзылған организм функцияларының айқындылық дәрежесінен, денсаулықтан және шектеулі тіршілік әрекетінен, сондай-ақ аурудың нозологиялық нысанына (ауырлық дәрежесі, сатысы) және оңалту көмегінің деңгейіне байланысты болады. Оңалтудың әрбір келесі деңгейі күрделі оңалту іс-шараларын жүргізуге арналады.
      Ескерту. 15-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2010.12.09 № 954 (ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады