"Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларын белгілеу туралы"

Күшін жойған

Алматы облысы Іле ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы № 12-2175 қаулысы. Алматы облысы Іле ауданының Әділет басқармасында 2010 жылғы 21 қаңтарда № 2-10-107 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Іле ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 24 ақпандағы N 1-241 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Іле ауданы әкімдігінің 2012.02.24 N 1-241 Қаулысымен.

      РҚАО ескертпесі.
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.

       Қазақстан Республикасының "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңының 5-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабының 2-тармағына сәйкес бастапқы, орта және жоғары кәсіби оқу орындарын бітіруші жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру және олардың тәжірибе жинақтау, білім, әдет-дағдыларын үйрену мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. "Жастар тәжірибесін" ұйымдастыру және өткізу жөніндегі жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларының Тәртiбi қосымшаға сәйкес белгіленсін.
      2. Жастар тәжірибесін" Іле аудан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Мемлекеттiк Мекемесi (Нұрлан Орынбасарүлы Құматаев) ұйымдастырсын.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Файль Виктор Александровичке жүктелсін
      4. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкiмi                                Н.Логутов

Іле ауданы әкімдгінің 2009 жылғы
29 желтоқсандағы № 12-2175
"Жұмыссыздықтан әлеуметтік
қорғаудың қосымша шараларын
белгілеу туралы" қаулысына
қосымша

Iле ауданында жұмыссыздықтан
әлеуметтік қорғаудың қосымша шараларының
ТӘРТIБI

      Іле ауданында жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғаудың қосымша шаралары Қазақстан Республикасының "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңының 5-бабына сәйкес жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғау шаралары) бастапқы, орта және жоғары кәсіби оқу орындарын бітірушi жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру мүмкiндiктерiн кеңейту және олардың тәжiрибе жинақтауы, бiлiм, әдет-дағдыларын алу мақсатында әзiрленген.

1. Жалпы тәртiбi

      1. Осы тәртiпте мынандай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      а) уәкiлеттi орган - Іле аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімi Мемлекеттiк Мекемесi болып саналады;
      б) "Жастар тәжірибесi"- бастапқы, орта және жоғары кәсіби оқу орындарын бітірген 18 бен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастармен жұмыс жүргiзудi білдіреді;
      в) Жұмыс берушi- "Жастар тәжірибесiн" ұйымдастырып өткiзетiн кәсіпорындар, мекемелер және ұйымдар болып табылады.
      2. Жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғаудың қосымша шаралары уәкiлеттi органның "Жастар тәжірибесiн" ұйымдастырып өткiзуi болып табылады.
      3. "Жастар тәжірибесi" Iле ауданының кәсіпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында ұйымдастырылып өткiзiледi.

2. Жастар тәжiрибесiн ұйымдастыру

      4. Уәкілетті орган қаржылық-экономикалық жағынан тұрақты, болашақта даму, өндірісін кеңейту перспективалары, қабылдау мүмкiндiктерi бар кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдармен "Жастар тәжірибесiн" өткiзу жайлы жұмыс жүргiзедi. "Жастар тәжірибесiн" ұйымдастырудың және өткiзудiң шарттары туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпарат таратады. Жоғарыда аталған жұмыстың нәтижелері бойынша кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдарға қатысу жөнінде ұсыныс білдіріп, хабарлама жібереді. Ұйымның басшысы "Жастар тәжірибесiн" өткiзу немесе қатысудан бас тартқандығы туралы жауап бередi. Жауап бермеу "Жастар тәжірибесiне" қатысудан бас тарту болып есептелiнедi.
      5. Уәкiлеттi орган үш күн iшiнде тiлек бiлдiрген ұйымдармен "Жастар тәжірибесiн" өткiзу туралы келiсiм жасайды.
      6. Уәкілетті орган "Жастар тәжірибесiне" қатысу үшiн жұмыссыз жастарға iрiктеу жүргiзедi. Үмiткерлердi iрiктеу кезiнде келесi өлшемдер ескерiледi:
      1) үмiткерлердiң жұмыссыз ретінде уәкiлеттi органда тiркелуi;
      2) үмiткерлердiң кәсiптiк бiлiмi болуы;
      3) "Жастар тәжірибесiне" жiберу кезiнде оларға уәкiлеттi органның мәлiметi бойынша лайықты жұмыстың болмауы.
      7. Жұмыссыздардың "Жастар тәжірибесiне" қатысуына 12 айлық кезеңде 6 айға дейiн бір рет рұқсат беріледі.
      8. Жұмыссыз азаматтар Уәкілетті органның шешiмі, әрекеті (әрекетсіздігі) бойынша жергілікті атқарушы органдарға, Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына немесе сотқа шағымдануға құқылы.
      9. Уәкілетті орган "Жастар тәжірибесiн" жергілікті атқару органдарымен және жастарды жұмысқа орналастыруға мүдделі басқа ұйымдармен бірлесе отырып ұйымдастырады.
      10. Жұмыссыздарды "Жастар тәжірибесiне" алға келісім берген жұмыс беруші жұмыссыз жастарды қабылдайды және олардың мамандығына (кәсібіне) сәйкес кәсіби білім, білік, дағдыларын үйретуді қамтамасыз ету туралы міндеттеме алады. Жұмыссыздармен алты айдан аспайтын мерзімге еңбек шартын бекiтеді және еңбек шартына еңбек ақы төлеу бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырылатындығы туралы норма енгізеді. Еңбек шарты Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексiне сәйкес жасалады, онда жастар тәжiрибесiне қатысушы мен жұмыс берушінің негізгі құқықтары мен міндеттері көрсетілуі керек.
      11. Уәкілетті орган жұмыссыз азаматты бекітілген нысандағы жолдамамен жұмыс берушіге жібереді.
      12. Жұмыссыздарды "Жастар тәжірибесiне" алу туралы шешімдегі Жұмыс беруші қабылдайды. Жұмыс беруші жолдаманың жыртпалы талонын толтырып, Уәкілетті органға қайтарады.
      13. Жұмыссыздарды "Жастар тәжірибесiне" алу туралы шешім қабылдау кезiнде жұмыс берушi жұмыссызды алты айдан аспайтын мерзімге "Жастар тәжiрибесiне" қабылдау туралы бұйрық шығарады. Жұмыс беруші "Жастар тәжірибесiне" қатысушыға білікті маман - тәлімгер бекітеді. Жұмыссыз еңбек міндеттерін жүзеге асыру кезінде еңбек заңдарына сәйкес барлық құқықтарға ие болады және міндеттеме алады.
      14. Жұмыссыздарды "Жастар тәжірибесiне" қабылдаған күннен бастап үш күн ішінде, Жұмыс беруші Уәкілетті органға тәжiрибеге қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жібереді және әр айдың 25-не дейін олардың жұмыс уақытын есепке алу табелін ұсынады.
      15. "Жастар тәжірибесiне" қатысушы еңбек заңын бұзған жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сәйкес шартты бұзуға құқығы бар.
      16. Жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыссызбен шарт бұзылған кезде, ол қабылдаған шешім туралы 3 күн ішінде Уәкілетті органға хабарлайды. Жұмыссыз азамат тәжiрибенi тоқтату туралы шешім қабылдай алады. Бұл туралы Жұмыс берушіге және Уәкілетті органға 3 күннің ішінде хабарлайды.
      17. Шарттың мерзімі өткеннен кейін Жұмыс беруші уәкілетті органға азаматты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың немесе тәжiрибенiң аяқталғаны туралы бұйрықтың көшірмесін оның практикадан өтуі туралы сын пікірімен ( ұсыныс) қоса жолдайды.
      18. Жұмыс берушінің шешімі бойынша жұмыссыз азамат "Жастар тәжірибесiнiң" мерзімі аяқталмай тұрып тұрақты жұмысқа орналастырылуы мүмкін. Бұл жағдайда Жұмыс беруші Уәкілетті органға "Жастар тәжірибесiне" қатысушыны жұмысқа қабылдағаны туралы бұйрықтың көшірмесін жібереді.

3. Жастар практикасын қаржыландыру

      19. "Жастар тәжірибесiн" қаржыландыру бюджет қаржысы есебінен "Жұмыспен қамту бағдарламасының" 002 бағдарламасы бойынша "Республикалық бюджеттен әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжiрибесi бағдарламасын кеңейтуге ағымдағы мақсатты трансферттерiнiң" 103 кіші бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
      20. "Жастар тәжірибесiне" қатысушыларға Уәкілетті орган нақты жұмыс атқарған уақыты үшін айына 20 мың теңгеден аспайтын мөлшерде ақы төлейді.
      21. "Жастар тәжірибесiне" қатысушылардың еңбекақысын төлеуді Уәкілетті орган олардың жеке есеп шоттарына аудару арқылы жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады