Ауданда халықты жұмыспен қамту мақсатында қосымша әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасын ұйымдастыру туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 12 мамырдағы N 73 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаменті Қазалы аудандық Әділет басқармасында 2009 жылы 20 мамырда N 10-4-98 тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімдігінің 2012 жылғы 20 тамыздағы N 268 Қаулысымен

     Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімдігінің 2012.08.20 N 268 Қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңдарын басшылыққа ала отырып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын ұстап тұруға бағытталған қосымша шараларды қабылдау мақсатында Қазалы ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Ауданда халықты жұмыспен қамту мақсатында қосымша әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру жөніндегі қағида, жастар практикасын ұйымдастыру жөніндегі қағида бекітілсін.
      2. "Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды іске асыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Б.Бисембаевқа жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімдігінің 2010.01.29 N 50 Қаулысымен.

      Аудан әкімінің міндетін
      уақытша атқарушы                                А. Рыстығұл

Қазалы ауданы әкімдігінің
2009 жылғы 12 мамырдағы
N 73 қаулысымен бекітілген
1-қосымша

Ауданда халықты жұмыспен қамту мақсатында қосымша
әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру жөніндегі қағида

1. Жалпы қағида

      
      1. Осы қағида "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімдігінің 2010.01.29 N 50 Қаулысымен.
      2. Осы қағида ауданда халықтың нысаналы топтарынан жұмыссыздарды жұмыспен қамту үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландырудың тәртібін анықтайды және жұмыс берушілермен есеп айырысу жүйесі мен басты шарттарын реттейді.
      3. Қағидада пайдаланатын негізгі ұғымдар:
      1) әлеуметтік жұмыс орны - жұмыс беруші нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшiн жергiлiктi атқарушы органмен шарттық негізде құратын, жұмыс берушiнiң олардың еңбегiне ақы төлеу шығындары iшiнара өтелетiн жұмыс орны;
      2) нысаналы әлеуметтік топтар - жастар, табысы аз азаматтар, мүгедектер, оралмандар, зейнеткерлік жас алдындағы адамдар, көп балалы және жалғызілікті ата-аналар.
      3) жұмыс беруші – қызметкер еңбек қатынастарында болатын жеке немесе заңды тұлға.
      4. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа тұрған жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы, Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру туралы заңнамасы қолданылады.
      5. Әлеуметтік жұмыс орны уақытша жұмыс орындарын беру немесе құру арқылы ұйымдастырылады және оның мынадай ерекшеліктері болады:
      1) нысаналы әлеуметтік топтарға әдейі арналады;
      2) жұмыс орындарының саны шектелмейді, жұмыс уақытша сипатта болады және оны ұйымдастыру үшін тұрақты жұмыс орындары мен бос орындар пайдаланылмайды.
      6. "Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - уәкілетті орган) халықтың нысаналы топтарынан жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға көмектеседі.

2. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру мен жұмысқа орналастыру және қаржыландыру шарттары

      7. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынатын жұмыс берушілердің тізімін уәкілетті орган қалыптастырады және әлеуметтік жұмыс орнын құруды жұмыс беруші уәкілетті органмен шарттық негізде жүзеге асырады.
      8. Шартта тараптардың міндеттері, жұмыстың түрлері, көлемі, еңбекақы төлеу мөлшері мен шарттары, әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландырудың мерзімі мен көздері қамтылуға тиіс.
      9. Жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберуді жұмыссыздың келісімімен уәкілетті орган жүзеге асырады.
      10. Әлеуметтік жұмысты іске асыратын жұмыс беруші жасалған еңбек шарты негізінде жұмыссыздарды әлеуметтік жұмысқа қабылдайды, жұмыс уақытын есепке алу табелін жүргізеді және уәкілетті органға ай сайын жұмыс уақытын есепке алу табелін тапсырады.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімдігінің 2010.01.29 N 50 Қаулысымен.
      11. Әлеуметтік жұмыс орындары нысаналы әлеуметтік топтардың жұмыс істеуі үшін 6 айға дейінгі мерзімге ұйымдастырылады. Әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істеушілерге орташа айлық аударымы тиісті бюджеттен қаралған қаражаттың шегінде жұмыс берушінің 50 пайыздық салымын ескере отырып төленеді.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімдігінің 2010.01.29 N 50 Қаулысымен.
      12. Еңбек шартының ұзақтығы алты айдан асқан жағдайда, жұмыс беруші қызметкерді тұрақты жұмысқа орналастыруды қарастыруы мүмкін.
      13. Әлеуметтік жұмыс орындарына қабылданған жұмыссыздарға еңбек ақы төлеу жұмыс берушілердің еңбек шартының талаптарына сәйкес ай сайын жүзеге асырылады.
      14. Әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған жұмыссыздардың еңбекақысына қаралған тиісті бюджеттің қаржысы уәкілетті органмен жұмыссыз арасындағы келісім-шартқа сәйкес жұмыссыздардың жеке есеп шотына ай сайын аударылады.
      15. Жұмыссыз тұрақты жұмысқа орналасқан жағдайда тараптар арасындағы жасалған шарттар бұзылуға тиіс және бұл туралы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңмаларында көзделген мерзім ішінде уәкілетті органға себептері көрсетіліп ескертіледі.

      
       3. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыру шарттарына бақылау жасау      

      16. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру мен жұмысқа орналастыру және қаржыландыру шарттарының сақталуына бақылау жасау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларымен белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

Қазалы ауданы әкімдігінің
2009 жылғы 12 мамырдағы
N 73 қаулысымен бекітілген
2-қосымша

Жастар практикасын ұйымдастыру жөніндегі қағида

      
1. Жалпы қағида

      
      1. Осы қағида "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 6 наурыздағы N 264 Қаулысымен бекітілген Мемлекет Басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы "Дағдарыстан жаңару мен дамуға" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылға арналған іс-қимыл жоспарына (Жол картасы) сәйкес әзірленді.
      2. Осы қағида жоғары оқу орындарын, колледждер мен кәсіптік лицейлерді бітірген жастарды (бұдан әрі – жастар) мамандығы бойынша еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және қажет деңгейде тәжірибе алу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын реттейді.
      3. Қағидада пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) жастар практикасы - бюджет есебінен қаржыландырып, жұмыссыз жастарды (алған мамандығы, кәсібі бойынша) әлеуметтік қолдау үшін қосымша шара. Оны уәкілетті орган жұмыссыз жастар алғашқы жұмыс тәжірибесін алу және еңбек нарығындағы бәсекелестікті арттыру үшін жұмыс берушілер арқылы ұйымдастырады;
      2) жастар практикасына қатысушылар – уәкілетті органда жұмыссыз ретінде тіркеліп, уәкілетті органмен еңбек шартын бекіткен, жоғары оқу орындарын, колледждер мен кәсіптік лицейлерді бітірген түлектер;
      3) уәкілетті орган - "Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
      4) жұмыс беруші - жастар практикасын ұйымдастыру үшін уәкілетті органмен шарт жасасқан тұлға.

2. Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру шарттары

      
      4. Уәкілетті орган аймақтық еңбек нарығында жастардың жұмыспен қамтылу жағдайына жасаған талдауының негізінде олардың санын анықтайды және жастар практикасын өткізуді ұйымдастырады.
      5. Жастар практикасының ең жоғары мерзімі 6 айдан аспауы тиіс және жастар практикасын ұйымдастыру кезінде жұмыссыз жастардың еңбек өтілінің және алған мамандығы бойынша ешқандай дағдысының болмауы салдарынан жұмысқа орналасу мүмкіндігінің аз болуы ескеріледі.
      6. Уәкілетті орган қаржы-экономикалық даму тұрақтылығы, ұдайы өндірісін кеңейу және жастар практикасына қабылдау мүмкіндіктері бар жұмыс берушілер туралы мәліметтерді жинақтайды.
      7. Жұмыс берушілер туралы мәліметті жинақтап қорыту және талдау негізінде уәкілетті орган жастар практикасына қатысу үшін жұмыссыз жастарды іріктеуді жүргізеді. Жастарды іріктеу кезінде келесі өлшемдер ескеріледі:
      1) жастардың уәкілетті органға жұмыссыз ретінде тіркелуі;
      2) кәсіби білімінің болуы.
      8. Уәкілетті орган жастар практикасын өткізуге сұраныс алғаннан кейін жұмыс берушілермен шарт жасасады. Шартта негізінен қабылданатын жастар саны, мамандықтар тізімі, қаржыландыру көзі, төлем мерзімі көрсетіледі.
      9. Уәкілетті орган жасалған шартқа сәйкес жастарды жолдама арқылы жұмыс берушіге жібереді.
      10. Жұмыс беруші жолдама бойынша жіберілген жастарды жастар практикасынан өткізуге шешім қабылдайды және жолдаманың екінші түбіртегін уәкілетті органға жолдайды.
      11. Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыларға еңбек қауіпсіздігін сақтау, тараптардың құқықтары мен міндеттері және практикадан өту тәртібі жөнінде тиісті нұсқаулар береді. Егер, белгіленген өндірістік тәжірибеден өту немесе өткізу жөніндегі талаптар бұзылған жағдайда тараптар бұл туралы дереу уәкілетті органға себептерін көрсетіп ескертеді.
      12. Жұмыс беруші жастар практикасына қатысушыны шарттың аяқталу мерзіміне қарамастан тұрақты жұмысқа қабылдай алады. Тұрақты жұмысқа қабылдаған жағдайда дереу уәкілетті органды хабардар етуі тиіс.
      13. Жұмыс беруші шарттың мерзімі аяқталғаннан кейін жастар практикасына қатысушыға оның атқарған жұмыстары туралы мінездеме береді.
      14. Жастар практикасына қатысушы азаматтар тұрақты жұмысқа орналасқан жағдайда жұмыс іздеуші есебінен шығарылады.
      15. Жастар практикасын өткізу тиісті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен қаржыландырылады және жастар практикасына қатысушыға тиісті есептеулерге сәйкес бөлінген қаражаттар шегінде төленеді.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімдігінің 2010.01.29 N 50 Қаулысымен.
      16. Жастар практикасына қатысушыларға бөлінген қаражат уәкілетті орган арқылы олардың жеке есеп шоттарына аударылады.

3. Жастар практикасын ұйымдастыру мен қаржыландыру шарттарына бақылау жасау      

      17. Жастар практикасын ұйымдастыру мен қаржыландыру шарттарының сақталуына бақылау жасау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларымен белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады