Шиелі кенті, "Көкшоқы" мөлтек ауданында орналасқан көшеге Әбілқасым Палымбетовтің есімін беру туралы

Жаңартылған

Қызылорда облысы Шиелі кенті әкімінің 2009 жылғы 09 желтоқсандағы N 789 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаменті Шиелі аудандық Әділет басқармасында 2010 жылы 21 қаңтарда N 10-9-103 тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 37-бабының 3-тармағын басшылыққа алып, Аудандық ономастикалық комиссия мәжілісінің 2009 жылғы 18 қарашадағы N 2 хаттамасына сәйкес ШЕШЕМІН:
      1. Шиелі кентінде қарасты "Айналайын" бала - бақшасы орналасқан атауы жоқ көшеге соғыс және еңбек ардагері, мемлекеттік және шаруашылық органдарында басшылық қызметте болған Әбілқасым Палымбетовтің есімі берілсін.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қызылорда облысы Шиелі ауданы әкімдігі Шиелі кенті әкімінің 2010.12.28 N 1105 шешімімен. 
      2. Осы шешім алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      3. Осы шешімнің орындалуына бақылау жасауды кент әкімінің
орынбасары Түменов Ермаханға жүктелсін.

      КЕНТ ӘКІМІ                                    M. МОЛДАБАЕВ           

Аудандық ономастикалық комиссия мәжілісінің
ХАТТАМАСЫ Шиелі кенті           N 2        18 қараша 2009 жыл

Қатысқандар:

Рүстемов Руслан Рүстемұлы       - аудан әкімінің орынбасары, комиссия                                    төрағасы
Оспанов Әшімхан Орынбасарұлы    - аудандық мәдениет және тілдерді
                                  дамыту бөлімінің меңгерушісі,
                                  комиссия төрағасының орынбасары;
Жақыпова Гүлдана Көпболсынқызы  - аудандық мәдениет және тілдерді
                                  дамыту бөлімінің жетекші маманы,
                                  комиссия хатшысы;
Шығанбаев Бауыржан              - аудан әкімі аппаратының
                                  мемлекеттік-құқықтық жұмыстар
                                  бөлімінің бас маманы;
Оразымбетов Сұлтанбек           - аудандық мәслихаттың хатшысы;
Нысанханов Рысбай               - аудандық ішкі саясат бөлімінің
                                  бастығы;
Сатаев Бегімтай                 - аудандық білім бөлімі бастығының
                                  міндетін уақытша атқарушы;
Аманжолов Ғабит                 - аудандық сәулет және құрылыс
                                  бөлімінің бастығы;
Молдабаев Марсбек               - кент әкімі;
Әбіш Елтай                      - аудандық ардагерлер кеңесінің
                                  төрағасы;

      КҮН ТӘРТІБІНДЕ:

      1. Облыстың бір топ ардагерлерінің КСРО және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Сағынтай Шүкірұлы Есеновке Шиелі ауданы орталығындағы бір көшеге есімін беру туралы ұсынысы.
      2. Шиелі ауданы, Ы.Жақаев ауылы тұрғындары мен Ш.Қодаманов ауылы тұрғындарының, Шиелі ауданы денсаулық сақтау саласы кәсіподағы мүшелерінің Шиелі ауданының белгілі азаматы, кәсіпкер болған Әбдіманап Шорабаевка Шиелі кентінің бір көшесіне есімін беру туралы ұсыныстары;
      3. Шиелі аудандық статистика басқармасы ұжымының Шиелі ауданының халық шаруашылығын көркейту жолында абыройлы еңбектер атқарған Әбілқасым Палымбетовке Шиелі кентінің бір көшесіне есімін беру туралы ұсынысы;
      4. Ш.Уәлиханов көшесі тұрғындарының өздері тұратын Ш.Уәлиханов көшесін соғыс және еңбек ардагері Әзімхан Исмаиловтың есімімен атау туралы өтініші;
      5. Аудандық балалар әуез мектебі ұжымының Шиелі кентіндегі Төле би көшесіне түйісетін атаусыз көшені "ҚР-сы Білім беру ісінің үздігі" Әлімхан Оспановтың атымен атау туралы ұсынысы;
      6. Аудандық ардагерлер кеңесінің Шиелі ауданының экономикалық-әлеуметтік өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан Қонысбек Қазантаевтын есімімен аудандағы мәдени ошақтарының бірін атау туралы ұсынысы;
      7. Алмалы ауылы тұрғындарының "СССР және Қазақ ССР білім беру үздігі", "Еңбек ардагері", "Еңбектегі ерлігі үшін", "Астана" медальдарының иегері Ж. Зермұхамедовтың есімін Алмалы ауылындағы N 181 орта мектепке беру туралы өтініші;
      8. Ортақшыл ауылдық округі әкімдігі мен N 150 қазақ орта мектебі ұжымының "Халық ағарту ісінің үздігі" Мінат Қалдыбаевтың есімін Ортақшыл ауылындағы N 150 қазақ орта мектебіне беру туралы ұсынысы;
      9. Аудандық ардагерлер кеңесінің аудандық мәдениет үйіне Сыр бойына даңқы шыққан ақын Бұдабай Қабылұлының есімін беру туралы ұсынысы;
      10. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің аудандық спорт кешеніне белгілі балуан-сері, әнші-ақын Иманжүсіп Құтпанұлынын есімін беру туралы ұсынысы;

ТЫНДАЛДЫ:

      Комиссия отырысын комиссия төрағасы Р.Рүстемов ашты. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сөз алған комиссия төрағасы ауданымыздың экономикасы мен мәдениетін өркендетуге зор үлес қосқан, өз ғұмырын туған жеріне еңбек етуге арнаған мемлекет, қоғам қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, ауданымыздағы белгілі азаматтарды кейінгі ұрпақ есінде мәңгі қалдыру мақсатында Шиелі кентінен көше беру туралы барлығы 5 ұсынысты және нысандарға /объектілерге/ атау беру туралы комиссия мүшелеріне толық таныстырды. Алдын ала зерттеу жұмыстарының жүргізілгендігін, арнайы Шиелі кенті әкімшілігінен алынған ақпаратқа сәйкес аталған ұсыныстар бойынша кенттегі көшелерге атау берілетіндігін хабарлады.
      Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша сөз алған комиссия мүшелері С.Оразымбетов, Ә.Оспановтар КСРО және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Сағынтай Шүкірұлы Есеновтың облыстың, ауданның білім беру жүйесінде өзінің білімі мен біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында елеулі із қалдырған тұлғалы азаматтың бірі екенін, оны мәңгі есте қалдыру үшін Шиелі кентінен бір көшеге С.Шүкіровке атын беруге әбден лайық екендігін, "Айналайын" балабақшасының батыс бетіндегі атаусыз көшені сол кісінің атымен атау туралы пікірлерін білдірді. Бұл пікірді барлық комиссия мүшелері толық қолдады.
      Күн тәртібіндегі екінші мәселе Шиелі ауданының белгілі азаматы, кәсіпкер болған, Әбдіманап Шорабаевка кенттен бір көше беру туралы жоғарыдағы ұсыныс берген кісілердің пікіріне косылған комиссия мүшесі М.Молдабаев "Әбдіманаптың кент орталығында жеке базарының халық игілігі үшін жақсы жұмыстар атқарғандығын, аудан халқы алдында иманды, парасатты істермен қадірі артқанын тілге тиек ете отырып, кенттегі 2008 жылы салынған ипотекалық үйлер орналасқан атауы жоқ көшеге "ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл" медалінің иегері Ә.Шорабаевтың есімі лайық екендігін жеткізді. Осы пікірді барлық комиссия мүшелері бірауыздан қолдады.
      Үшінші мәселе бойынша сөз алған комиссия мүшесі С.Оразымбетов пен Е.Әбіш Шиелі ауданының халық шаруашылығын көркейту жолындағы абыройлы еңбектер атқарған І-дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, "Ерлігі үшін және Ш-дәрежелі "Даңқ" медальдарының иегері Әбілқасым Палымбетовке "Айналайын" балалар бақшасы орналасқан атауы жоқ көшеге есімін беру әбден лайық екендігін атап өтті. Бұл пікірлер де комиссия мүшелерінен қолдау тапты.
      Ш.Уәлиханов көшесі тұрғындарының өздері тұратын Ш.Уәлиханов көшесін соғыс және еңбек ардагері Әзімхан Исмаиловтың есімімен атау туралы күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша сөз алған комиссия төрағасы Р.Рүстемов қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, географ, ағартушы, мемлекетіміздің мақтанышы Ш.Уәлихановтың есімін қай жағдайда да өзгерте алмайтындығын, бұл заңдылықтарға сай келмейтіндігін айта отырып, Шиелі кентінің шығыс жақ бетіндегі жаңа темір жол өткелі ашылған аймақтағы Әл-Фараби көшесіне перпендикуляр орналасқан атауы жоқ көшеге Әзімхан Исмаиловтың есімін беруді ұсынды. Бұл ұсынысты комиссия мүшелері толықтай қолдады.
      Күн тәртібіндегі бесінші мәселе бойынша комиссия мүшесі Ғ.Аманжолов сөз алып, көптеген әндері республикаға танымал, "ҚР-сы Білім беру ісінің үздігі" Әлімхан Оспановтың есімін халық жадында мәңгі қалдыру мақсатында Шиелі кентіндегі Төле би көшесіне түйісетін атаусыз көшеге беру орынды екендігін айтты. Комиссия мүшелеріде бұл ұсынысты толықтай мақұлдады.
      Жоғары аты аталған кісілердің аудан үшін жасаған еңбегінің өлшеусіз екендігін, аталған ұсынысқа ешқандай дау жоқ екендігін, өте орынды екендігін, аталған ұсыныстарды мақұлдайтындықтарын және кейінгі ұрпақ есінде мәңгі қалдыру мақсатында аталған азаматтардың есімдерін Шиелі кенті көшелеріне беруді комиссия мүшелері бірауыздан қолдады.
      Күн тәртібіндегі алтыншы мәселе бойынша сөз алған комиссия мүшесі Р.Нысанханов Қ.Қазантаевтың ауданда еңбек еткен 1958-1962 жылдары аудандағы күріш егісінің көлемі ұлғайып, өнімділігінің артып, мал басы барлық түлік бойынша өскендігін айта отырып, аудандық ардагерлер кеңесінің Шиелі ауданының экономикалық-әлеуметтік өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан Қонысбек Қазантаевтың есімімен аудандағы мәдени ошақтарының бірін атау туралы ұсынысына орай Көкшоқы мөлтек ауданындағы "Арман" мәдениет үйіне есімі лайық екендігін жеткізді. Бұл пікір комиссия мүшелерінен қолдау тапты.
      Күн тәртібіндегі жетінші және сегізінші мәселе бойынша сөз алған комиссия мүшелері Б.Сатаев пен Ә.Оспановтар "СССР және Қазақ ССР білім беру үздігі", "Еңбек ардагері", "Еңбектегі ерлігі үшін", "Астана" медальдарының иегері Ж. Зермұхамедов пен "Халық ағарту ісінің үздігі" Мінат Қалдыбаевтың есімін аталған мектептерге беру туралы ұсыныстарын қолдайтындығын білдірді.
      Сыр бойына даңқы шыққан атақты ақын, даналық сөздерімен ел арасын, өзі өмір сүріп отырған халықтар арасын жақындатып, оларды татулыққа тәрбиелейтін ұтымды ақындығымен халық алдында зор беделге ие болған Бұдабай Қабылұлының есімін аудандық мәдениет Үйіне беру туралы ұсынысы толықтай қолдайтындықтарын білдірген комиссия мүшелері Е.Әбіш, Ә.Оспанов, Ғ.Аманжоловтар артында аз да болса, өте құнды мұра қалдырған сыр сүлейінің есімі мәдениет үйіне берілсе аудан халқы үшін зор қуаныш екендігін жеткізді.
      "Шиелі ауданы биыл өзінің 80 жылдығын атап өтті, осы шарада жерлесіміз, белгілі балуан-сері, әнші-ақын Иманжүсіп Кұтпанұлының есімі ұлықталды. Республикалық ақындар айтысы да Иманжүсіп Кұтпанұлының 150 жылдығы қарсаңында өткен үлкен шараның бірі болды", - деп сөз алған комиссия мүшесі С.Оразымбетов "аудандық спорт кешеніне есімі берілсе игі істердің бірі болар еді"- деп сөзін түйіндеді. Комиссия мүшелерінің барлығы да бірауыздан қолдап, мақұлдады.
      Осы айтылған пікірлерді ескере келе аудандық ономастикалық комиссиясы ҰЙҒАРАДЫ:
      1. "Айналайын" балабақшасының батыс бетіндегі атаусыз көшеге Есенов Сағынтайдың есімін беру;
      2. 2008 жылы салынған жаңа ипотекалык үйлер орналасқан атауы жоқ көшеге Әбдіманап Шорабаевтын есімін беру;
      3. Шиелі кенті Көкшоқы мөлтек ауданындағы "Айналайын" балалар бақшасы орналасқан атауы жоқ көшеге Әбілқасым Палымбетовтін есімін беру;
      4. Шиелі кентінің шығыс жақ бетіндегі жаңа темір жол өткелі ашылған аймақтағы Әл-Фараби көшесіне перпендикуляр орналасқан атауы жоқ көшеге Әзімхан Исмаиловтін есімін беру;
      5. Шиелі кентіндегі Төле би көшесіне түйісетін атаусыз көшені Әлімхан Оспановтың атымен атау макұлдансын.
      6. Осы ұйғарымды кент әкіміне өз шешімімен бекіту ұсынылсын.
      7. Қонысбек Қазантаевтың есімімен "Арман" мәдениет үйін атау туралы
      8. Алмалы ауылындағы N 181 орта мектепке Ж. Зермұхамедовтын есімін беру туралы;
      9. Манат Қалдыбаевтын есімін Ортақшыл ауылындағы N 150 қазақ орта мектебіне беру туралы;
      10. Аудандық мәдениет үйіне сыр сүлейі Бұдабай Қабылұтының есімін беру туралы;
      11. Аудандық спорт кешеніне белгілі әнші-ақын, балуан-сері Иманжүсіп Кұтпанұлының есімін беру мақұлдансын.
      12. Осы ұйғарымды аудандық мәслихатқа ұсыну комиссия төрағасынын орынбасары Ә.Оспановқа жүктелсін.

      Комиссия төрағасы                                    Р.Рүстемов
      Мүшелері                                          С.Оразымбетов                                                                 Е.Әбіш                                                           Р.Нысанханов                                                               Б.Сатаев                                                            Ғ.Аманжолов                                                            М.Молдабаев
                                                          Б.Шығанбаев
      Хатшысы                                              Г.Жақыпова

      Аудан әкімі Н.Нәлібаевқа
Ономастикалық комиссиясына

Ұсыныс

      Ұлы Отан соғысынан 1945 жылы оралып, содан өмірінің соңына дейін еліміздің халық шаруашылығын көркейту жолында еңбек етті.
      Ә.Палымбетов 1949-1963 жылдары партия, кеңес органдарында нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болып жоспарлау комитетінде абыройлы қызмет атқарды. Көп жылдар аудандық кеңес атқару комитетінің хатшысы болып жұмыс істеген.
      1963-1965 жылдары аудандық тұтынушылар одағында кадрлар жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
      1965-1967 жылдары Ленин атындағы колхозда партия комитетінің хатшысы болған.
      Ал, 1967-72 жылдары аудандық ауылшаруашылығы басқармасында зоотехник, совхозда бас зоотехник қызметтерін атқарған.
      1972-88 ж Шиелі жұмысшылар кооперациясының бастығы, аудандық есептеу орталығы бастығының орынбасары қызметтерін құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін абыроймен атқарды.
      Ә.Палымбетов   өзінің   абыройлы   қызметтерінің   арқасында   өкімет тарапынан әрдайым марапатталып отырған.
      Ол кісі I - дәрежелі "Отан соғысы" орденімен, "Ерлігі үшін" III -дәрежелі "Даңқ" медальдарымен және республикалық, облыстық, аудандық құрмет грамоталарымен марапатталған.
      Осыған сәйкес, Сізден осы мәселенің оң шешімін қабылдап Шиелі кентінен Ә. Палымбетовтың атына бір көшенің есімін беру жайлы ұсыныс енгіземіз.

      Шиелі аудандық статистика
      басқармасының бастығы                              Н. Қалыбаева

      Жетекші маман                                         Қ. Өтешов

      Жетекші маман                                    Г. Пернебекова

      Туыстары                                           Б.Палымбетов                                                          Ж. Байменкеев                                                            Ә. Жұматаев                                                            А. Жұматаев

      Аудандық ардагерлер кеңесі алқасы мәжілісінің
ХАТТАМАСЫ N 7 Шйелі кенті                                  18 қараша 2009 жыл

      Қатысқандар алқа мүшелері Е. Әбішұлы, Қ. Әиімбетов, С. Аймаханов, Ө.   Исмайлов,   М.   Жұматова,   М.   Дәуренбеков,       М.Нұрымбетқожаев,О. Кемелов, А. Исмаилов.     

Күн тәртібі

      3. Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Әбілқасым Палымбетовтың атына көше беру туралы.
      Хабарлама жасаушы - Е. Әбішұлы.
      Әбілқасым Палымбетов 1921 жылы Шиелі ауданында туылған, 1941-1945 жылы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ә. Палымбетов 1949-1967 жылдары партия, совет органдарында ал одан кейінгі жылдары өмірінің соңына дейін мемлекеттік, шаруашылық органдарында басшылық қызметте болды.
      "Отан соғысы" Ш-дәрежелі "Даңқ" ордендерімен, бірнеше медальдармен және республикалық, облыстық, аудандық құрмет грамотасымен марапатталған. Алқа Ә. Палымбетовтың атына Шиелі қыстағы орталығына бір көшенің атын беруді лайық деп есептейді.

АЛҚА МӘЖІЛІСІ ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Соғыс және еңбек ардагері Әбілкасым Палымбетовтың есімін мәңгі есте қалдыру үшін оның атына Шиелі қыстағының орталығынан бір көшенің атын берілсін деп ҚАУЛЫ ЕТЕДІ.
      2. Осы қаулы аудандық ономостикалық комиссияға ұсынылсын.
 

      Алқа төрағасы                               Е. Әбішұлы



Шиелі аудандық статистика басқармасы ұжымы жиналысының
ХАТТАМАСЫ

18 қараша                                         Қатысуға тиісті: 18

2009 жыл                                                Қатысқаны: 15
 

      КҮН ТӘРТІБІНДЕ

      Шиелі кентінің бір көшесіне ардақты азамат Ә. Палымбетовтың есімін беру жайлы

(хабарламашы Н.Қалыбаева)

Тыңдалды.

      Ұжым басшысы Н.Қалыбаева Ә.Палымбетовтың өмірбаянымен таныстырды. Хабарламашы өз сөзіне ол кісінің ұжым басқарған уақыттағы еңбегін, қол жеткізген табыстарын баяндады. Ол кісінің ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығын, өте парасатты басшы екенін, мемлекет тарапынан бірнеше орден, медальдармен марапатталғанын атап көрсетті.
      Ұжым мүшелерінің сұранысын қолдай отырып, бір көшені Ә.Палымбетовтың есімімен атауға келісетіндігін білдірді.
      

Жарыс сөз.

      Ұжымда үлкеніміз Өтешов Қуандық тұрып, күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөйледі. Ол кісі Ә. Палымбетовтың көзін көргенін, бірге жұмыс істегендігін айтты. Ұжым мүшелері Г. Пернебекова, Қ. Тұрлыбек, Г. Нұрымбетова, А.Батаевтар сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ кент орталығынан бір көше беру жайлы ұжымның ұсынысы ескерілсе деген тілектерін айтты.

Аудындық статистика басқармасы ұжымы жиналысы қаулы етеді.

      1. Шиелі кентінен бір көшені Ә. Палымбетовтың есімімен атау жайлы статистика басқармасы ұжымының ұсынысы қуатталсын.
      2. Аудандық ономастикалық комиссиядан осы жиналыстың қаулысын бекітігі, ұжымның өтінішін ескеріп, Шиелі кентінің бір көшесіне Ә.Палымбетовтың есімін беру жайлы ұсынысын қуаттап, облыстық онрмастикалык комиссияға жолдауларыңызды сұраймыз.
 

      Жиналыс төрайымы                                   Н. Қалыбаева
 

      Хатшысы                                           Г. Ыдырысқызы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады