Қазығұрт ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін беру Қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық мәслихатының 2009 жылғы 3 сәуірдегі N 18/129-IV шешімі. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының Әділет басқармасында 2009 жылғы 12 мамырда N 14-6-72 тіркелді. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық мәслихатының 2009 жылғы 30 маусымдағы N 20/160-IV шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық мәслихатының 2009.06.30 N 20/160-IV шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабының 2 тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына сәйкес, аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Қосымша тіркелген Қазығұрт ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін беру Қағидасы бекітілсін.
      2. "Қазығұрт ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін беру Қағидасын бекіту туралы" Қазығұрт аудандық мәслихаттың 2007 жылғы 25 желтоқсандағы N 5/34-ІV (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде N 14-6-55 санымен тіркелген, 2008 жылғы 7 наурызда "Қазығұрт тынысы" газетінде жарияланған) шешімнің күші жойылсын.
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.      

      Аудандық мәслихат
      сессиясының төрағасы                       М. Есіркепов     

      Аудандық мәслихат хатшысы                  А. Омаров

Қазығұрт аудандық
      мәслихаттың 2009 жылғы
      03 сәуірдегі N 18/129-ІV
      шешімімен бекітілген

Қазығұрт ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін беру
      Қ А Ғ И Д А С Ы

      Осы аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін беру Қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2008 жылғы 18 желтоқсандағы "Оңтүстік Қазақстан облысында халықты әлеуметтік қолдау жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы" N 446 қаулысына сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу тәртібін белгілейді.

1. Негізгі ұғымдар

      1. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) тұрғын үй көмегі - халықты әлеуметтік қорғау түрінің бірі болып табылады. Тұрғын үй көмегі аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуға, телекоммуникациялар желілеріне қосылған телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы (бұдан әрі – телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы) және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу шығындарын төлеуге беріледі;
      2) отбасының жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындау кезіндегі тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасының ақшалай да, заттай да нысанда алған табысының жалпы сомасы. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес аз қамтамасыз етілген отбасыларына көрсетілген көмектер (атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы), қайтыс болғанда жерлеуге, бала туғанда берілетін біржолғы төлемдер, төтенше жағдайлар салдарынан денсаулығына және мүлкіне келтірілген зиянды өтеу мақсатында отбасыға көрсетілген көмектер мен жер үлесінен, жеке қосалқы шаруашылықтан алынған табысты қоспағанда, есепті кезеңде алынған табыстың барлық түрлері есепке алынады;
      3) өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй алаңының нормасы тұрғын үй заңнамасымен белгіленген отбасының әрбір мүшесіне тұрғын үй беру нормасымен баламды және коммуналдық қызметтерге тұрғын үй көмегін есептеу үшін қолданылады;
      4) уәкілетті орган – тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асырушы ауданның атқарушы органы;
      5) уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымдар;
      6) өтініш беруші – тұрғын үй көмегін тағайындату үшін отбасы атынан өтініш беретін адам.

2. Тұрғын үй көмегін алу құқығы

      2. Тұрғын үй көмегі ауданда (қала) тұрақты тұратын және меншік нысанына қарамастан тұрғын үйдің меншік иесі немесе пайдаланушы (жалдаушы, жалға алушы) болып табылатын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (жеке тұлғаларға) беріледі.
      Егер, тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуға және телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына өтемақы төлеу шығындары (тұрғын үй алаңының әлеуметтік нормасы мен коммуналдық қызметті тұтыну нормативтері шегіндегі) отбасы жиынтық табысының 20 пайызы үлесінен жоғары болған жағдайда тұрғын үй көмегі тағайындалады.
      3. Жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үйі
(пәтерлер, тұрғын үйлер) бар немесе тұрғын жайды жалға беруші (қосымша жалға беруші), сондай-ақ жалдауға беруші тұлғалар тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.
      Бірінші, екінші топтағы мүгедектердің, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалардың, сексен жастан асқан адамдардың, үш жасқа дейінгі баланың күтімімен айналысатын тұлғаларды қоспағанда, еңбекке жарамды отбасындағы тұлғалар жұмыс істемейтін, күндізгі оқу бөлімінде оқымайтын, әскерде қызметін өткермейтін және жұмыспен қамту қызметінде тіркелмеген кезеңге тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      4. Өтініш беруші тұрғын үй көмегінің заңсыз тағайындалуына және төленуіне апарып соқтырған дұрыс емес мәліметтер ұсынған жағдайда отбасы алты айға тұрғын үй көмегін алу құқығынан айырылады.
      5. Ұсынылған жұмыстан немесе жұмысқа орналастырудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, қоғамдық жұмыстарға қатысуды, оқуын немесе қайта оқуын өз бетімен тоқтатқан жұмыссыздардың отбасылары алты айға тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.
      6. Тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтер, байланыс қызметтерін тұтынуға ақы төлеуге жеңілдіктері бар және осымен бір мезгілде тұрғын үй көмегін алу құқығы бар тұлғаларға әлеуметтік қорғау нысандарының бірін таңдау мүмкіндігі беріледі.

3. Тұрғын үй көмегіне өтініш беру тәртібі

      7. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша уәкілетті органға мынадай құжаттармен өтініш жасайды:
      1) тұрғын үй меншік иесі (жалға алушының) өтініші;
      2) отбасы мүшелерінің тұрғылықты жерін растайтын құжаттың көшірмесі (жаңа үлгідегі азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі не мекен-жай бюросының анықтамасы, не ауылдық (селолық) округ әкімінің анықтамасы);
      3) табысы туралы анықтамалар;
      өзін-өзі жұмыспен қамтудан түскен табыс азаматтардың жазбаша өтінішімен расталады.
      4) тұрғын үйдің құжаты (жаңа үлгідегі үй кітабы, үйдің жоспары(төлқұжаты), жекешелендіру, сатып алу-сату, сыйға тарту, мұраға қалдыру, жалға алу туралы шарт және т.б.);
      5) телекоммуникациялар желісінің абоненттері екендігін растайтын құжат;
      6) отбасында еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтылғанын растайтын анықтамалар (құжаттар);
      7) балалардың туу туралы, неке қию туралы, немесе оның бұзылғандығы туралы, N 4 үлгі, әкелігін анықтайтын куәліктері;
      8) өтініш берушінің жеке куәлігі, әлеуметтік жеке код (ӘЖК), салық төлеушінің тіркеу нөмірі (СТН);
      кондоминиум объектісінің қатысушылары үшін:
      9) кондоминиум объектісінің қатысушысы ретінде мемлекеттік тіркеуден өткендігі туралы куәлігі;
      10) сараптамадан өтіп, мөрмен куәландырылған көппәтерлі үйдің әрбір күрделі жөндеу жұмыстарының түріне есептік-сметалық құжат;
      11) төленген төлемі көрсетілген, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін жөндеуге өтініш берушінің жұмсаған шығындарын өтеу қажеттігі туралы кондоминиум төрағасынан анықтама – қолдаухат;
      12) кондоминиум қатысушысының үлес мөлшері көрсетілген, заңнамаларға сәйкес тіркеуден өткен кондоминиумның техникалық паспорты;
      13) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша жүргізілген жұмыстар аяқталғаннан кейін қабылдау-тапсыру актісі.
      8. Тұрғын үй көмегін алуға құқық тоқсан сайын отбасының табысы туралы мәліметтерді бере отырып расталады.
      9. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың түпнұсқалары мен көшірмелері ұсынылады, одан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      10. Уәкілетті орган көшірмелерді түпнұсқалармен салыстырып тексереді, оларды тіркейді және өтініштің бекітілген нысанына сәйкес құжаттарды қабылдағаны туралы растаманы өтініш берушіге береді.

4. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      11. Тұрғын үй көмегі тұрғын үйді ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуға, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақы тарифтері арттырылуының сомасын төлеуге және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша алдыңғы тоқсандағы шығындарды өтеу үшін бюджетте бөлінген қаржы шегінде ақшалай төлем түрінде беріледі.
      Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша шығын өтемақысы кондоминиум қатысушысы ретінде төлемдерді (жарналарды) төлеген жағдайда өтеледі.
      Коммуналдық қызметтерді тұтынудың нормативтері (орта мөлшері) коммуналдық қызметтер ұсынатын деректері негізінде айқындалады, қатты отынды тұтынудың мөлшерін уәкілетті орган белгілейді.
      12. Тұрғын үй көмегі осы Қағидаға сәйкес бекітілген әлеуметтік норма және норматив бойынша есептелінген тұрғын үйді ұстау, коммуналдық қызметтерге, телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақы тарифтерінің арттырылуына және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу шығындарына ақы төлеуге қажетті қаржы мен отбасы табысының 20 пайызы арасындағы айырма сомасында тағайындалады.
      13. Тұрғын үй көмегі өтініш берілген айдан бастап тұрғын үй көмегін алуға құқығы туындағаннан кейін ағымдағы тоқсанға тағайындалады.
      Барлық қажетті құжаттарды қоса бере отырып, өтініш берген ай өтініш жасалған ай деп саналады.
      14. Белгіленген нормадан жоғары тұрғын үйді ұстау, коммуналдық қызметтерге, байланыс қызметтеріне және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеу бойынша шығындарына ақы төлеу азаматтарға жалпы негіздерде жүргізіледі.
      15. Уәкілетті орган өтініш берушіден құжаттарды қабылдап алған күнен бастап он күн ішінде тұрғын үй көмегін тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
      Бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган бас тарту себебін көрсете отырып, өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      16. Тұрғын үй көмегін алушылар 15 күн мерзімде уәкілетті органды тұрғын үй көмегі мөлшерінің өзгеруі үшін негіз болатын немесе оны алу құқығына әсер ететін мән-жайлар туралы хабардар етуге міндетті.
      Тұрғын үй көмегінің мөлшеріне немесе оны алу құқығына әсер ететін мән-жайлар болған жағдайда, қайта есептеу олар анықталған кезінен бастап немесе келесі тоқсанда жүргізіледі.
      Артық төленген сомалар ерікті тәртіппен, ал бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

5. Тұрғын үй көмегін төлеу тәртібі

      17. Тұрғын үй көмегін төлеу алушының таңдауы бойынша уәкілетті ұйым арқылы, өзі таңдаған ұйымдағы жеке шотының деректерін көрсете отырып берген өтініші негізінде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      18. Тұрғын үй көмегін төлеу өткен ай үшін ай сайын жүргізіледі.
      19. Тағайындалған тұрғын үй көмегі сомасын алушылардың жеке шоттарына есептеу қаражаттың түсуіне қарай жүргізіледі.

6. Тұрғын үй көмегін көрсету үшін жауапкершілік

      20. Уәкілетті органдар мен уәкілетті ұйым тиісінше тұрғын үй көмегін тағайындаудың, төлеудің және берудің уақытылығы үшін заңнамада белгіленген тәртіппен жауапты болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады